Мұхтар МҰХАМБЕТЖАН: «Бізді тәуелсіздік рухы біріктірді» Избранное

Пятница, 15 Декабрь 2017 06:29 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 144 раз

Биыл тәуелсіз-діктің 26 жылдығын қарсы алып отырмыз. Ел егемендігінің орнауына сонау желтоқсаншылардан бөлек жер-жерде белсенді жастар да үлес қосты. Солардың бірі – Шымкенттегі Қазақ тәуелсіз жастар одағы. Мереке қарсаңында аталған ұйымның жетекшісі Мұхтар Мұхамбетжанмен тілдескен едік.

mukhtar-99-1

– Мұхтар Дауылқожаұлы, Қазақ тәуелсіз жастар одағы қалай құрылды? Ондағы мақсат не еді?

– Әрине, бұл ұйымның тәуелсіздікке қосқан үлесі аз емес. 1986 жылдың тамызында әскерден, Ауғанстан соғысынан келдім. Желтоқсанда Алматыда көтеріліс болды. Ол кезде технологиялық институттың студентімін. Желтоқсан оқиғасын алыстан естіп жүрдік. Әлі есімде, №1 жатақханада жиналыс ұйымдастырдық. Оған декан, институттың комсомол комитетінің хатшысы, оқу орнының партиялық кабинетінің меңгерушісі де қатысты. Алғашқы жиналыста көтерілген мәселе – тіл мәселесі болды. Ол кездегі жатақханадағы «Қызыл бұрыштағы» ұран, хабарландыру мен қабырға газеттерінің барлығы орысша жазылатын. Тек әнұранымыз ғана қазақша болды. Неге біз, қазақтар, өз жерімізде тұрып қазақша жазбаймыз, оқымаймыз? Міне, осы мәселені көтердік. Осылайша 1987 жылдан бастап оқу орнындағы барлық үгіт және көрнекі құралдарының жартысы қазақша жазылсын деген шешім қабылдадық. Әрине, мені жақтырмағандар, жолдан тайдырғысы келгендер болды. Бірақ, айта кету керек, мен сол кездегі облыстағы «Қызыл жұлдыз» орденінің жалғыз кавалері едім. Үкіметке қарсы дейін десе, кеудемде орденім тұр. Қалай соғыс батыры өз үкіметіне қарсы болады? Осылайша майданда алған орденім саяси күресте өз көмегін берді.

 

– Ұйымның құрамында кімдер бар еді?

– Жанымда негізінен ауған соғысының ардагерлері болды. Одаққа мүше жастар саны 200-ге жетіп қалды. 1989 жылы құрылтай өткіздік. «Жасасын Тәуелсіз Қазақ Республикасы», «Біз – Желтоқсанның жалғасымыз», «Біз Одақтан бөлініп шығуымыз керек» деген ұрандарымызды жазып қойдық. «Қазақстан тәуелсіздік алған күні біз тарқаймыз» деген жарғымыз болды. Қазір Желтоқсан оқиғасы, тәуелсіздік туралы сөз қозғалғанда сол кездегі басшылар не қарап отырды деп сыбайтындар кездесіп жатады. Мен олай демес едім. Ол кездегі басшылардың барлығы бізге қарсы болды деуге болмайды. Арасында бізге көмектесіп, қолдап жүрген азаматтар болды. Тек, қызмет бабына байланысты жария ете алмайтын.

Осы тұста айта кетейін, бізді тәуелсіздіктің жолында тек қазақтар ғана емес, өзге ұлттардың сауатты өкілдері де қолдады. Олардың көзі ашық, көкірегі ояу жастары демократия, әділеттілік дегенді жақсы түсінді. Олардың қазақ жастарының тәуелсіздік күресін қолдағанын ашып айту керек. Қиын сәтте азат күн үшін күрескен белсенді өңірлер де болды. Мысалы, сол кездегі Целиноград облысының жастары «Парасат» ұйымын құрды. Жетекшісі – Ұласбек Сәдібеков еді (қазіргі ОҚО әкімінің орынбасары – ред). Олар Қазақстанның тәуелсіздігін, сондай-ақ, мемлекеттік тіл қазақ тілі болсын деп талап етті, Целиноградты Ақмола деп атайық деді. Батыл талаптар еді. Ол жақтың тұрғындарының 90 пайызы өзге ұлт өкілдері болатын. Сондай ортада жүріп күресті «Парасаттың» қыз-жігіттері.

 

– Шымкентте Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың ескерткіші мен оның атында көше бар. Ол да тәуелсіздік батырына деген құрметтің бірі ғой...

– Иә, студенттер көшесі сол тұста Вишневский көшесі деп аталатын. Сол кездегі қаланың басшысы Қуаныш Төлеметов еді. Қуаныш аға қолғабыс жасап, қалалық кеңестің әр мүшесімен жұмыс істеп, көздерін жеткізіп, қалалық кеңестің шешімімен көшеге Қайрат Рысқұлбековтың аты берілді. Кейін біз елден қомақты ақша жинадық. Сол қаржыға Қайраттың бюстін орнаттық.

 

– Тәуелсіздік мерекесі қарсаңындағы тілегіңіз?

...Жалпы, мемлекет деген не? Ол – бір-біріне көмекке келуге әзір, бірін-бірін қолдауға дайын, ұйымшыл азаматтар. Отбасын, ұрпағын ойлайтын, қорғайтын азаматтардың мемлекеті. Ендеше, кейінгі ұрпақты рухы мықты етіп тәрбиелеуіміз керек! Ұлтжанды, ұйымшыл, патриот етіп білім беруге тиіспіз. Сонда ғана Тәуелсіз Қазақ елі мәңгі дами береді!

 

Сұхбаттасқан
Нұрлан БЕКТАЕВ

Последнее изменение Пятница, 15 Декабрь 2017 10:39
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. "Отырар" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі