Баршагүл ИСАБЕК: «Тәуелсіздік – ұлтымыздың ұлы мерекесі»

Пятница, 15 Декабрь 2017 10:40 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 1691 раз

Қазақ елінің Тәуелсіздігіне биыл 26 жыл толды. Бостандықты аңсаған халқымыз бүгінде әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуді мақсат етіп отыр. Қиындықтарды дер кезінде болжай алған Мемлекет басшысының сарабдал саясаты өз жемісін берді. Осындай аз ғана уақытта Қазақ Елін бүкіл әлем таныды. Жастардың шетелде білім алуына жағдай жасалды. Сондай-ақ, талай жыл құпия болып келген қазақ тарихының жаңа беттері ашылды. Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек жайлы тарихи кино және анимациялық мультфильм көрерменге жол тартты. Тәуелсіздік атты ұлы жеңіс қазақ халқына еркіндік алып келумен қатар шабыт алып келді.

Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының бірінші әрі оқу ісі жөніндегі проректоры Баршагүл Исабек тәуелсіз елдің кешегісі мен бүгіні жайлы, басқа да тарихи маңызы бар оқиғалар төңірегінде «Шымкент келбеті» газетіне сұхбат берді.

barshagul

Мерекені қалай атап өтеміз?

– Баршагүл Қашқынқызы, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесі құтты болсын! Тарихшы әрі студент жастармен жұмыс істейтін маман ретінде айтулы мерекенің мәні мен маңызына тоқталсаңыз...

– 1991 жылы 16 желтоқсанда ҚР Тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заңын қабылдағаннан бастап біз бұл күнді мемлекеттік мереке ретінде атап өтеміз. Алайда, еліміздің мерейлі мерекесін 17 – желтоқсан күнгі оқиғаға байланысты Тәуелсіздік жолында күрескен ардақтыларымызды еске алу күнімен шатастырмауымыз керек. Бұл екеуі егемен ел тарихындағы екі түрлі тарихи күн. 16-сы – Тәуелсіздік күні, 17-сі – Желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алу күні.
Шынында осы екі күнді атап өту аясында көптеген пікірлер айтылады. Біз алдымен ата-бабамыз аңсаған еркіндікке қол жетіп, көк туымызды желбіретіп, егемендік алғанымызға қуанамыз да, екінші күні Желтоқсан оқиғасын айтып күңіренеміз. Қазақ тарихында 300-ден астам ірілі-ұсақты ұлт-азаттық көтеріліс болды. Қазақ халқы аштықты да, басқыншылықты да, қоныс аударуды да көрді, етігімен қан кешкен замандар өтті. Желтоқсан оқиғасы сол қаралы күндердің соңғысы еді. Сондықтан, бұл күнді қазақ батырлары жайлы естеліктерге арнап, содан нәр алып, отансүйгіштік сезімді арттырып, бойды кернеген мақтанышты елдің жарқын болашағына бағыттаған дұрыс.

 

Қазақ мектебін 1841 жылы Жәңгір хан салдырған

– Тәуелсіздік берген ұлы мүмкіндіктерді атап өтіңізші...

– Тәуелсіздіктің арқасында біз ой еркіндігі мен сөз бостандығына қол жеткіздік. Бұл әсіресе, Патша үкіметі кезінде де, Кеңес дәуірінде де цензурадан көз ашпаған қазақ тарихшылары үшін зор мүмкіндік. Егемендік алғанша бұрмаланған тарихтың кей тұстарының шындығы ашылды. Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек хандарды ел таныды. Бүгінгі қолда бар деректерге сүйенсек, қазақтың ең алғашқы мектебін 1841 жылы Жасқұста хан Жәңгір салдырғаны белгілі болды. Елдің отырықшылыққа бет бұруы да осы тұста басталған. Кеңестің салқынымен қазақ өз ардақтыларын ажырата білмеді. Тарихи деректердің көбі құпия болып қалды, тіпті жоғалып кетті. Тәуелсіздіктің ақ таңы атқалы қазақ тарихшылары мұрағаттарды ашып, бұған дейін білмеген тарихи шындықтарды жарыққа шығаруда. Елбасымыз Н. Назарбаевтың қолдауымен «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» бағдарламалары аясында сонау алыс шетелдерде жатқан тарихи мұраларымызды алып келдік. 17-18 ғасырлардағы Қазақ хандығы туралы деректердің барлығы іске қосылды. Биыл Алаш Орданың 100 жылдығын атап өттік. «Алаш қозғалысы», «Алаш жолы» сынды еңбектер жарыққа шықты. Қазақ зиялыларының қамауға алынған кездердегі суреттері, жазған хаттары, басқа да осы күнге дейін мұрағатта сақталған қолжазбаларының жарық көруі бәрі-бәрі – Тәуелсіздіктің жемісі.

 

– Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл-масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес» деді. Жалпы, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға қандай баға бересіз?

– Тәуелсіздік алғаннан кейін біз экономикалық жағдайымызды түзеуге бет алдық та, рухани жағынан ақсап қалдық. Бертін келе жаңа дәуір жаңалықтарын қабылдаймыз деп дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды шатастырып алдық. Осындай кемшін түскен тұстарды толықтыруға Елбасымыздың бастамалары, тапсырмалары идеология саласының жұмысын ілгерілете бастады. Елбасы «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» дейді мақаласында. Қазақ құндылықтары мен ұлттық кодты жандандырып, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын қайта жаңғырту бағытындағы жұмыстарды мақсатты түрде жалғастыруды қолдаймын. Біз ел болып «бір мақсат, бір мүддемен» тер төгуге тиіспіз. Сонда бүгінгі қазақ идеологиясы өз жемісін береді.

 

– Жастардың отансүйгіштігі қай деңгейде?

– Отансүйгіштік бұл өзің жүрген ортаны қорғауға, қадірлеуге, бағалауға деген жауапкершілік. Біздің Тәуелсіздік құрбандарына деген құрметіміз оларды еске алумен ғана шектелмеуі қажет. Ата-бабамыздың жан беріп қорғаған жерін сүю, қадірлеу, қастерлеу бізге парыз. Айналамызға жасаған әрбір жанашырлық әрекетімізбен білдіре аламыз. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл – өз үйіңдегілермен жақсы қарым-қатынас жасау, үлкенге құрмет көрсету, сыйлап орын беру, әдеп сақтап сөйлеу, білім алу, туған қалаңды, көшеңді, аулаңды таза ұстау, табиғатты аялау. Сондай-ақ, қазақ тарихын жақсы білетін әр азамат өз Отанының патриоты бола алады. Әсіресе, бүгінгі тарихи деректермен қайта сусындаса, бұның өзі идеология бағытындағы жұмыстарды жеңілдетеді. Жастардың отансүйгіштігін тарихын жақсы біліп, сондай қиындықтармен келген Тәуелсіздіктің қадірін білуімен және елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосуға деген биік мақсатымен бағалаймын.

 

– Алдағы жылдары Шымкент қаласының 2000 жылдық тарихи шаһар болғанын атап өту жоспары бар. Тарихшы ретінде сіздің көзқарасыңызды білсек...

– 2002 жылы еліміз Тараз қаласының 2000 жылдығын атап өтті. Бүгінде ғалым Бауыржан Байтанаев та түрлі тарихи деректер мен археологиялық зерттеулер жүргізуде. Яғни, Шымкенттің көне қала екенін айғақтайтын жәдігерлер жетерлік. Бұл салада еліміздің ең мықты тарихшылары да еңбек етуде. Егер қазба жұмыстарының нәтижесіне қарай Шымшаһардың тарихи жасы нақты белгілі болса, оны ресми түрде атап өту әрбіріміз үшін үлкен қуаныш. Зор мақтаныш.

 

Мақсат – ана тіліміздің өрісін кеңейту

– Латын әліпбиіне көшетін болдық. Дегенмен, әліпби әлі бекітілген жоқ. Бұл тұрғыда өз тарапыңыздан қандай ұсыныс немесе ой қоса аласыз?

– Мемлекет басшысы қол қойды. Жарлық шықты. Енді «латынға көшеміз бе?» деген сұрақтан өттік. Көшетініміз айдан анық. Бұдан былай қазақтың латын әліпбиі қалай жасалатынын ойласуымыз қажет. Апострофты азайту керек және бір әріпті жазу үшін пернетақта түймесін екі рет басып отырмай, бір таңбамен белгілеген дұрыс. Қазақ тілінің сингормонизм заңына бағынбайтын сөздер бар. Сондықтан латын әліпбиін әлі жетілдіру керек. Тағы бір ескеретін мәселе – латын әліпбиін тек қазақ мектептеріне емес, бүкіл қазақстандық мектептерге енгізу керек. Себебі, біздің мақсат қазақ тілін сақтап, кеңістігін кеңейту. Ал ертең орыс мектебі кирилицамен қалатын болса, латын әліпбиінен жерігендер қазақ тілінен де бас тартып, орыс мектебіне өтеді.

 

– Биыл еліміз үшін елеулі оқиғаның бірі ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтті. Қазақстанның дамуы, өсіп өркендеуі жолында аталған Көрмеден сізді қызықтырған ғылыми жаңалықтарды атаңызшы?

– Көрмеге бір емес, үш рет барудың сәті түсті. Соның өзінде түгел аралап бітпедім. Жапондықтар биоэнергия, яғни, адамның қимыл-қозғалысынан энергия өндіруге болатынын дәлелдеп отыр. Ал күні ыстық, әрқашан аспаны ашық біздің Оңтүстік аймақ үшін ең сәтті ғылыми жетістіктің бірі – күн энергиясын өндіру. Біздің Шардара, Сарыағаш, Мақтарал аудандары қандай ыстық?! Күн энергиясын тұтыну жобасы осы аудандарда сәтті болады деп ойлаймын. Сонымен қатар, көрмеде суды тиімді пайдалану, қоқысты қайта өңдеу арқылы экологияны жақсартып әрі табыс табу жайлы ғылыми жаңалықтар да ұнады. Бұл жаңалықтарды қолданысқа ендіру туралы Мемлекет басшысы арнайы тапсырма берді. Осы бағытта облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен бүгінде жақсы жобалар қолға алына бастады.

 

– Тәуелсіздік күнін қалай атап өтіп жүрсіз?

– Бүгінгі бейбіт заманға шүкір етіп, арқаны кеңге салып рухани тыныққанды жақсы көремін. Теледидардан тарихи танымдық бағдарламаларды, патриоттық кино, әсіресе айтысты тамашалаймын. Бүгінде айтысты мүлде көрмейтіндер көп. Біз қазақтың төл өнері айтыс туралы өзгелерден жақсы білуге міндеттіміз. Сондай-ақ, үйдегі балаларға, жастарға тарих тереңінен сыр шертіп, бұл күннің маңызы мен бүгінгі мақсатымыз жайлы әңгімелеп отырамын. Мұндай демалыстан соң өзім де бір сергіп, жігерленіп қаламын.

 

– Тәуелсіздік күніне орай қала тұрғындарына, «Шымкент келбеті» газетінің оқырмандарына айтар ойыңыз, тілегіңіз.

– «Шымкент келбеті» газеті – қаламыздың айнасы, басылымда жаңашылдық пен ізденіс бар. Көп мәселелерді көтереді, жанашырлықпен жұмыс істейді. Сондықтан бұл газетті сүйіп оқимын. Тәуелсіздік күні қарсаңында ұжымға шығармашылық табыс тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Тәуелсіздіктің қадіріне жетіп, ел үшін қызмет етейік. Рухты, салт-дәстүрді сақтаған ұл-қыз тәрбиелеп, ішкі бірлігіміз бен саяси тұрақтылығымызды сақтай білейік!

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

Последнее изменение Пятница, 15 Декабрь 2017 10:50
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.