Версия для печати

Баламалы энергия аясында 6 жобаны іске асырдық

Среда, 31 Январь 2018 08:57 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 8256 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Елбасы Н. Назарбаев биылғы Жолдауында «Біз 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 процентке жеткізу үлесін қойдық. Қазір бізде жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 55 нысаны жұмыс істейді. Соларда 2017 жылы 1,1 миллиард киловатт-сағат «жасыл энергия» өндірілді. «Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды» деді.
Шымкентте бұл саланың қыр-сырын меңгеріп, игілікке жаратып жүрген «Су ресурстары маркетинг» ЖШС директоры Мұрат Ормановпен әңгімеміз жасыл энергия тақырыбында былай өрбіді.

IMG-20180129-WA0001

– Мұрат Анарбекұлы, «Су ресурстары маркетинг» Оңтүстіктегі баламалы энергия көзін пайдаға асыруды дер кезінде қолға алған мекемелердің бірі. Өңірдің климаттық жағдайын тиімді пайдалану қандай қажеттіліктен туындады?

– Кез келген өндіріс және қызмет көрсету салаларында озық технологияларды пайдалану, сапаны арттыра отырып бағаны төмендету – басты мақсат болып табылады. Еліміз егемендікке қол жеткізген жылдан бастап жаңа технологияны пайдалану, табиғи байлықты тиімді жұмсау үшін «Жасыл экономика» аясында өндірісте баламалы энергия көзін қолдану қажеттілігі туындады. Мекеменің техникалық процестерінің ерекшеліктеріне қарай энергияны тиімді қолдану кезінде бұған тағы да бір рет көз жеткіздік. 

Соңғы уақытта электр энергиясы тарифінің өсуіне байланысты баламалы қуат көзін пайдалануды уақыт талап етті. Біздің мекеме де бұл мәселеден тыс қалмады, өйткені халықты үздіксіз таза ауыз сумен қамтамасыз етуде едәуір энергия жұмсалады. 

Табиғаттың өзі адамзатқа технологиялық міндеттерді шешудің амалдарын көрсетіп отырады. Біз оны дер кезінде ұғынып, оны уақыт өткізбей іске асыру қажет екенін түсіндік. 

Президент Н. Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясында «Көмірсутегі шикізатының нарығында ірі ойыншы болып қала отырып, біз энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуға, күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге тиіспіз. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар» деп атап көрсетті.

Біздің өңірдің климаттық жағдайында күн, судың және желдің энергияларын пайдалану мүмкіндігі зор. Осы мүмкіндікті қолдан жібермей, күннің және судың энергиясын пайдалана отырып, баламалы энергия аясында 6 жобаны іске асырып отырмыз.

Бұл жобалардың ең алғашқысы 2014-2015 жылдары қолға алынды. Құрылғылар «Ақбай-Қарасу» су қабылдағышы және шайынды суларды тазарту кешенінің аумағында, сосын мекемеміздің әкімшілік ғимаратында орнатылған. Күн нұрынан баламалы энергия өндіретін стансаның қуаттылығы жалпы 2,1МВт құрайды. 

Сонымен бірге, 2016-2017 жылдары Ақсу өзенінің бойында қуаттылығы 2,5 МВт шағын гидроэлектростанция және шайынды сулар негізінде биогаз алатын, одан электр энергиясын өндіретін қуаттылығы 0,4 МВт құрылғы, Ақбай-Қарасу су қабылдағышының аумағында қуаттылығы 0,1МВт геотермалдық жылу сорғылары, шайынды су құбырының қуатымен жұмыс істейтін қуаттылығы 0,125МВт шағын су электр станциясы іске қосылды.

– Жуырда іске қосылған биогаз қондырғылар кешенінің жұмысына тоқталсаңыз...

– 2014-2017 жылдар аралығында Европалық Қайта құру және Даму Банкісімен несиелік келісімшартқа қол қойылып, осы несие есебінен шайынды суларды тазарту қондырғыларын жаңғырту және биогаз қондырғысын орнату құрылысының жобасын қолға алдық. Бұл тек елімізде ғана емес, Орта Азия елдері ішінде алғашқы жоба болып саналады.
Шайынды сулар негізінде алынатын биогаздан өндірілетін электр энергиясының қуаттылығы 400 мың кВт/сағ. Өндірілетін қуат шайынды суларды тазарту кешенінің электр энергияға қажеттілігінің 40% қамтиды. Жұмсалған инвестицияның өзін-өзі ақтау мерзімі 7 жыл. Осы жоба аясында, қаламыздың кәріз құбырларынан ағатын шайынды суды сүзіп, қоқысты қайта өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетерлігі, тазарту алаңына тәулігіне 100-150 мың текше метр шайынды су ағып келеді. Механикалық тазартқыш қондырғыларынан өткен қалдық су мемлекеттік стандарттарға сай тазаланып, ауыл шаруашылығында егін суғаруға пайдаланылады. Ал арнайы тазалағыш торларынан алынған яғни, жуылып, кептірілген құм құрылыста таптырмас пайда. Тағы да шайынды судан жылына 34 мың тонна органикалық тынайтқыштар алуға болады.
Жаңа бастама энергияға қол жеткізіп қана қоймай, өз кезегінде атмосфераға зиянды элементердің таралуына жол бермейді. Әрі бұл қалдықтардың азаюына, экологияның ластанбауына мүмкіндік жасайды.

– Дәл қазіргі уақытта биогаз өндіретін кешеннің шамалап айтқанда қанша елдімекенді (немесе түтінді) энергиямен қамтуға күші жетеді? Болашақта бұл жобалар Оңтүстіктің көрші мемлекеттерге энергияға деген тәуелділіктен құтқара ала ма?

– Қазіргі таңда, биогаз өндіретін кешеннің энергиялық қуаты, өзінің жалпы электр энергия тұтынуының 40%-ын ғана қамтып отыр. Өндірілген энергия тек кешеннің өзін қамтамасыз етуге жұмсалады.
Елбасы Н. Назарбаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауында 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 пайызға жеткізу міндетін қойған болатын. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш болжам бойынша 80 пайызға жетуі айтылды.
Өңірде электр қуаты тапшы. Алайда, саланы дамыту бойынша мүмкіндік мол. Басты мақсат – «Жасыл экономика» бағытында қолға алынған жобаларды іске асыру, қосымша қаржы көздерін тарту. Осы бағытта мекеме жаңа және озық технологияларды пайдалана отырып, баламалы энергия көздерінен қолданатын жобаларды іздеуде.

 

– Жоба демекші, энергетика саласына инновациялық жаңалық қажет екендігі жиі айтылады. Бұған ғалымдардың жаңалығы қажет пе, технология ма? Осы тұста, өңірімізде қуат көзін алуда түрлі жаңалықтар ашып жүрген азаматтар да баршылық. Олардың идеясын пайдаға жаратып көрдіңіздер ме?

– Біздің мекеме ғалымдардың жаңалығын да, жаңа технологияларды да назардан тыс қалдырмайды. Бұл үшін серіктестігіміз ҚР Су арнасы қауымдастығының барлық форумдарында, елімізде өтіп жатқан барлық «Жасыл энергия» көрмелерінде, халықаралық «EXPO», «ЭКВАТЕК» секілді маңызды көрмелерге қатысып келеді. Электронды түрде өзге елдердің мамандарымен тәжірибе алмасамыз.
Еліміздің және басқа мемлекеттердің мамандары жылына 10 шақты пилоттық жобаларын да ұсынады. Олардың қажетін жүзеге асыру – уақыт еншісінде.

– Табиғаттан баламалы энергия көзін алуды тиісінше пайдаға жаратуда тәжірибеңіз бар. Шет мемлекеттерге шығып, бұл тұрғыдан жұмыстарымен танысқан да боларсыз? Олардың технологияларын да кәдеге жаратып келесіз. Қай елдің бұл саладағы жетістіктерін үйренуге болады?

– Иә, әсіресе, мамандарымызды баламалы энергия өндіру саласында жұмыстармен танысуда бірнеше рет шет елдерге жібердік. Табиғаттан баламалы энергия көзін алуды тиісінше пайдаға жаратуда АҚШ, Германия, Қытай, Малайзия, Ресей, Жапония, Түркия, Венгрия, Польша мемлекеттерінің ірі кәсіпорындары және компаниялары көшбасшы болып саналады. Олардың басым бөлігі жел, күн сәулесінен қуат алатын электр станциялары мен мембрандық су тазартқыштарды пайдаланады.
Осы бағытты дамытуда шет елдік мамандармен бізде жиі халқаралық жиындар өткізіледі. Тәжірибе алмасу мақсатында кәсіпорынға 2016 жылы Германия, Венгрия, Польша, 2017 жылы Жапония, Үндістан, Түркия, Қытай елінен делегациялар келді.

 

– Аталған жобалардың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық жағынан келтірген пайдасын тарқатып айтып берсеңіз...

– Ең бастысы, серіктестіктің оңтайлы техникалық шешімдер мен жаңа технологияларды қолдану нәтижесінде 1996-2017 жылдар аралығында су шығынын қысқарттық. Тұтынушылардың орташа жан басына есептегенде су тұтынуы тәулігіне 456 литрден 120 литрге төмендеткенін айтуымыз керек. Себебі, таза су біздің басты байлығымыз. Осы бағытта жерасты таза су қорының 25 жылға жететін қорын үнемдеуге қол жеткізіп отырмыз. Бұған қоса, тұтынушылардың да суды үнемдеп пайдалану арқылы өздерінің отбасылық бюджетін тиімді жұмсаудың маңыздылығын да ескеруіміз керек.
Ал енді электр энергиясын үнемдеуді айтар болсақ, Грундфос, Одесса, Флюгт сияқты әлемнің таңдамалы өндірушілерінің үздік технологияларын енгізе отырып, электр энергиясының шығынын 10 есеге азайттық. Ал, бұл азайтылған шығынның қаржылай тиімділігі 9,7 млрд. теңгені құрайды. Оған қоса, атмосфераға 62,9 мың СО2 зиянды элементінің таралуының алды алынды.
Бұдан бөлек, жоғарыда айтып өткен ағынды сулар негізінде биогаз қондырғылар көмегімен алынатын электр энергия кешені жобасы бар. Осы жоба аясында, қаламыздың кәріз құбырларынан тазарту алаңына ағатын қалдық суды сүзіп, тәулігіне 100-150 мың текше метр қалдық су қайта өңделеді.

 

– Жаңғырмалы энергия саласын дамыту үшін қандай қолдау қажет?

– Қазіргі таңда жаңа технологияларды қолдану, баламалы энергия көзін пайдалану, «Жасыл энергияны» өңдеу үшін барлық мүмкіндік бар. Бұл мәселе жөнінде «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бар. Сондай-ақ, Елбасының өзі соңғы Жолдауында ел адындағы 10 міндеттің ішіне ендіргені белгілі.
Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, объектілерін жобалау, салу кезіндегі, өндірілген энергияны сату немесе қосу кезінде мемлекеттен қолдау және қаражат та қажет. Ең бастысы бұл салаға елімізде бетбұрыс бар.
Біз «Жасыл энергияны» барынша пайдалана отырып экологиялық таза, жоғары технологиялы елді жас ұрпаққа қалдыруға тиіспіз. Бұл бізге жүктелген басты міндет деп білеміз.

Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.