Нұрсәт БЕЙСЕҚОЖАЕВ: Әртістердің өмірі сахнада сұлу Избранное

Среда, 07 Февраль 2018 04:16 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 629 раз

Ән-жырдың қара шаңырағы – Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның құрылғанына биыл 88 жыл толады. Ғасырға жуыр тарихы бар өнер ошағынан осы уақыт аралығында талай күміс көмей әншілер мен әйгілі әртістер шықты. Олардың қатарында ұлттық өнерімізді шетелдерде насихаттап жүрген мәдениет майталманы Ақмарал Биназарова, ҚР мәдениет қайраткерлері Сүндет Миралиев пен Айжан Тәшенова, Айнұр Нұрашова сынды сахна саңлақтары бар. Халқымыздың ән-қазынасын насихаттап, рухани өмірімізге нәр беріп келе жатқан өңіріміздегі бірден-бір өнер ордасының директоры Нұрсәт Бейсеқожаевпен әңгімеміз де осы қарашаңырақтың қазынасын ақтарудан басталды.

– Нұрсәт Саттарұлы, өнер адамдарының өмірі сырт көзге өте қызық көрінеді. Олардың ортасы – сауық-думан, мереке-шаттық. Сахна, гастрольдер, шетелдік сапарлар... Сіз басқарып отырған өнер ұжымы да осы арнаның ағысымен өткен жылда өзіндік із қалдырған болар?

– Әрине. Бірақ сырт көзге қызық көрінетін өмірдің тасасында қаншама еңбек, қажыр-қайрат, ізденіс жататынын, бәлки, былайғы жұрт аңғара бермес. Әртістердің өмірі сахнада сұлу. Сахна сыртындағы тіршілігі– бейнет. Әйткенмен сол бейнет жеміспен қуантып жатса, одан артық ләззат жоқ. Біз үшін өткен жыл дәл сондай табысымен тамсантқан жыл болды. Жыл басында «Қазына» би ансамблі Ресейдегі «Розы России – 2017» байқауында бәйгенің басын қанжығаларына байлап келді. Онда жеке би номинациясы бойынша бас жүлдеге қол жеткізсе, жекелеген бишілер 2-3-орындармен оралды. Сонымен қатар бұл би ұжымы Елбасы қоры сыйлығының иегері атанды. Сондай-ақ өткен жылы Түркияның Бурса қаласында өткен халықаралық ХХХІ «Алтын қаракөз» фольклорлық би байқауында «Қазынамыз» 26 мемлекеттің бишілері арасынан Қазақстанның мәртебесін асырып, алғаш рет жүлделі орынды жеңіп алды. 

ҚР еңбек сіңірген қайраткері Құрманбай Шойынбаев, ҚР мәдениет қайраткері Зәуре Бекембаева, «Өркен» Рысдәулетовтер отбасылық ансамблі өткен жылы мәдениет күні аясында облыс әкімінің стипендиясына, ал Оңтүстіктің дүлдүл әншісі Наркенже Серікбаева «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды. Сондай-ақ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сабира Әбдірайымова «Құрмет» орденімен марапатталды. Филармония мақтанышы Гүлбала Әбуова Елбасының арнайы алғыс хатын алды.

2017 жылы филармонияның Сүгір атындағы ұлт аспаптар оркестрінің 15 жылдық мерейтойы өтті. Осы айтулы шараға байланысты бірнеше өнерпазымыз мәдениет және спорт министрінен, «Ауыл» партиясынан, Қазақстан халқы Ассамблеясынан, еңбек және әлеуметтік қорғау министрінен алғыс хаттар алды. Бір жылда осыншама марапат пен құрметке ие болу біз үшін үлкен мәртебе ғана емес, филармония тарихындағы елеулі жаңалық десем де болады.

Біз, сондай-ақ, төл өнерімізді дәріптеу мақсатында Ресей, Түркияда гастрольдік сапарда болып қайттық. 25 өнерпазымыз Анкараның Кечиөрен ауданындағы көшеге жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың есімі берілген шарада өнер көрсетуге барды. Жаңа көше айтыс өнерінің дүлдүлі, ақиық ақын Сүйінбай Аронұлы саябағының жанынан ашылған еді. Сол 10 күнде өнерпаздарымыз 6 қаланы аралап, ұлттық өнерімізді насихаттады. Бұл әртістеріміз үшін тәжірибе толықтырумен қатар, шетелде қазақтың туын жоғары ұстап, өнер көрсетуіне үлкен мүмкіндік болды.

– Гастрольдік сапар деп айтып қалдыңыз, тек шетелдерде ғана болып қайттыңыздар ма?

– Әрине, өнердің үлкен ордасы болғандықтан біз еліміздің басқа өңірлеріндегі облыстық филармониялармен әріптестік қарым-қатынас орнатқанбыз. Тәжірибе алмасу мақсатында Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония, Алматы облыстық Сүйінбай Аронұлы атындағы, Батыс Қазақстандағы Ғарифолла Құрманалиев атындағы, Ақтөбе қаласындағы Ғазиза Жұбанов атындағы филармониялармен екі жақты меморандум аясында өнер көрсетіп келдік. Биыл Қызылорда мен Жамбыл облысы жоспарда тұр. Ол жақтан шақыртулар да келген. Филармония деген үлкен ұғым ғой. Мұнда академиялық музыка мен эстрадалық жанрдағы әншілер, бишілер құрамы бар. Сондай-ақ, өткен жылы Алматы облысынан Қазақстандағы ең үлкен өнер ұжымы Б. Байқадамов атындағы мемлекеттік хор каппеласы тұңғыш рет өңірімізге келіп, екі концертін берген болатын.

 

– Еліміздегі айтулы мерекелерде де өнер көрсетуден де шет қалмайтын боларсыздар? 

– Баршаға аян, былтыр еліміз үшін тарихи, айтулы жыл болды. 2017 жылдың 10 маусымында «АСТАНА ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі есігін айқара ашты. 3 айға созылған осынау көрме аясында Оңтүстік Қазақстанның мәдени күндері өтті. Этно ауылдағы Мюзик-холлда біздің Сүгір атындағы оркестр мен әншілеріміздің, бишілеріміздің жеке-жеке концерттері болды. Яғни, ашық автобуста қаланы аралап, шаһардағы ірі ойын-сауық орталықтары мен халық тығыз шоғырлаған орындарға барып өнер көрсеттік, "Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында флэшмоб өткіздік. Сондай-ақ, Қазақ концерттік бірлестігінде берген концертімізде Наркенже  Серікбаева, Сүгір атындағы ұлттық аспаптар оркестрі, Айнұр Нұрашова, Құралай Қасымова, «Өркен» Рысдаулетовтер отбасылық ансамблі, басқа да солистеріміз Оңтүстіктің атынан өнер көрсетті. Бұл біздің филармония өнерпаздарының кәсіби шеберлігін танытқан үлкен сын болды. Түркістанның ТҮРКСОЙ аясындағы Түркі әлемінің мәдени астана жылында әз-Наурыз мерекесінен қараша айындағы жабылуына дейін барлық іс-шараларына қатыстық.

– Сөз басында жылды табысты аяқтағандарыңызды айтып қалдыңыз. Құпия болмаса, жылдық табыстарыңыз қанша соманы құрады?

– Әрине, жасыратыны жоқ, тауық жылы табысты болды. Бірақ айтып өтейін, мемлекет қаржыландырып отырғандықтан біз сол жұмсалған қаражатты ақтай алдық па деген сауал туындайды. Мекемеде жұмыс істеп жатқан 229 қызметкердің жалақысы да мемлекет есебінен. Жыл басында алдымызға 17,5 млн теңге табыс табуды меже етіп қойсақ, жоспар артығымен орындалды, 26 млн теңге пайда түсті.

 

– Пайдаға кенеліп жатқандарыңыз өңіріміздің өнер сүйер қауымы көбеймесе, азаймағанынан болар. Жалпы көрермен пікірі қаншалықты маңызды?

– Біз былтыр Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында 20-29 қараша аралығында апталық толыққанды концерт берген болатынбыз. Мұндай іс-шара филармонияның ұйымдастыруымен алғаш рет қолға алынып, сәтті өтті. Біздің ұжым дарынды өнерпаздармен мәртебелі. Әйткенмен ұлт аспаптар оркестірінің деңгейі Батыс Қазақстанмен, Арқамен салыстырғанда кішкене кенжелеу екенін жасыра алмаймыз. Дегенмен шәкірт тәрбиелеу, ізбасар іздеу мақсатына да мән берудеміз. Осы мақсатпен №1,2,3 саз мектептерінің оқушыларымен бірлесе отырып, оркестрдің 3 концертін қойдық. Бұл – дәстүрге айналған «Жаңғырық» деп аталатын концерт. Осы саз мектептерінде білім алатын 25 оқушы кәсіби солистермен бір сахнада өнер көрсетті. Ал екінші концертіміз Кеңестік кезеңдегі кино туындыларының саунд-трэктерін қазақ оркестрімен жанды орындау еді. Сахнаның LED-экранында киноны дыбыссыз қойып, музыкалық сүйемелдеу ретінде оркестрді қосып орындады. Біз оны эксперимент ретінде, көрермендерді оркестрге тарту мақсатында ұйымдастырған едік. Сүйініштісі сол, залдағы көрермен 1 сағат 20 минутқа ұласқан концертімізді тапжылмай отырып тамашалады. Соңында орындарынан тұрып, тағы өнер көрсетуімізді сұрады. Ал үшінші ресми концертіміз қазақтың күй өнерін насихаттау мақсатында өтті. Сондай-ақ, үлкен алаңдарға, халық көп шоғырланатын ірі ойын-сауық орталықтарында өнер көрсетіп тұрамыз. Әрине, көрермен осындай демалыс сәттерінен ләззат алса, шынайы өнерді түсіне бастайды.

 

– Өнерсүйер жұртшылықты қуантарлық жаңалықтарыңызбен бөлісіп, алға қойған жоспарларыңыз жайында айтып өтсеңіз?

– Жоспар көп. Міне, алдағы 9 ақпан күнге «Тұғыры биік өнерім» атты концерттік бағдарламамызды дайындап жатырмыз. Ал жылда өтетін Шәмші Қалдаяқовты еске алу концертін биыл өзгеше бағытта берсек деген жоспар бар. Оны ауызбен айтып жеткізгенше, өнерімізбен көрсетсек деймін. Әрине, қызықтан қалмай, келіңіздер дер едім көрермен қауымға!

 

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан
Азамат ЖАППАР