Версия для печати

Сапаркүл ӘДІЛБЕКОВА: «Құрақ көрпешені мың «Махаббат көрпесі» де алмастыра алмайды» Избранное

Понедельник, 12 Март 2018 04:47 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 13747 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

«Қыз жасауына қажет еді» деп құрақ көрпе іздесеңіз, базардан дап-дайын дүниені тез табасыз. Қолдан тіктіремін деушілерге де әлеуметтік желілерден тапсырыс алатындарды табу оп-оңай. «Құрақ көрпе», «қыз жасауы» деп жазсаңыз болғаны. Алайда, бүгінгі қыз жасауынан қазақтың бұрынғы төл өнерінің болмысын сезіне алмайтынымыз анық. Көздің жауын алатын керемет оюмен өрнектелген көрпешелерден қолөнердің, «ай», «шаршы», «тұмарша», «ботакөз», «сегіз жапырақ», «тырна» атты құрақ түрлерінің ізі өшіп бара жатқандай. 

Десек те, техникаға дес бермей, қидаланған матаны бір-біріне жалықпай жалғап, құрақ құрайтын еңбексүйгіш нәзікжандыларымыз аз емес. 

Біз бұл тақырыпты 74 жастағы Сапаркүл апа Әділбековамен жалғастырғанды жөн көрдік.

DSC 5806

– Сапаркүл апа, әңгімені әріден бастайықшы. Тігіс тігуді қанша жасыңызда және кімнен үйрендіңіз?

– Тігін машинасымен жұмыс істеуді 6 жаста меңгердім.

 

– 6 жаста?! Апа-ау, бұл біздің ойын баласының жасы ғой. Бірдеңені бүлдіріп алмадыңыз ба?

– «Ойын баласы» деген бүгінгі бақытты балалардың жасы, бізде балалық шақ болмады ғой, қызым. Мен туғанда әкем бір аяғын сұрапыл соғыс майданында қалдырып келген кез екен. Тамақ та, киім де тапшы. Ол кезде ел-жұрт күн-түн демей, масаққа баратын, мақта шиттейтін. Қойдан қырқып алған жүнді жуып, бояп, тарап, жіп иіріп отыратын. Әкем жарықтық жалғыз аяғымен мәшинеге отырып, тігіс тігетін. Көзімді ашқаннан көргенім – әкем мен әжемнің күпәйке, мақталы шалбар, киім-кешек, көрпе-төсек тіккені. Әжем «бұзып қоясың» деп, тігін машинасына жолатпайтын. Түнде құлыптап, кілтін өрілген шашының шолпысына қоса тағып ұйықтайды. Бір жолы әжем ұйықтаған соң кілтті жемелегінен қырқып алдым да, көптен ықыласым ауған тігіс машинасын әп-сәтте игеріп алдым. Сол 6 жасымнан бастап тігіншілікті қолға алып, әжем мен әкемнің қолқанаты болдым.

DSC 5736

– Ол кезде мектеп жоқ шығар, әріпті қалай таныдыңыз?

– Бізге қара танытқан кісі де аты өшкір соғыстан мүгедек болып оралған ағай еді. Ал бізде, мектеп тұрмақ, далаға киетін аяқ киім болмаған ол заманда. Қиын-қыстау күннің әсері шығар, үлкендер жағы «балалардың көзі ашық болсын» деп тілейтін. Әкем жарықтық батпақты кешіп, мектепке арқалап алып баратын. Құрқылтайдың ұясындай тар бөлмеде сабанның үстінде отырып қаріп таныдық. Қалам-қағаздың орнына жазуға болатын заттың бәрін қолдандық. Есепті «Сыдықтың он қойы бар еді, түнде екеуін қасқыр жеп кетті. Таңертең қорасында қанша қой қалды» деп үйрететін (күлді).

 

– Есейген соң өзіңіз де тігіс тігуді кәсіп еткен шығарсыз?

– Жолдасым Шабденбекке 18 жасымда тұрмысқа шықтым. Тігіс тігуге тапсырыс жоқтың қасы. Орта жасқа келгенде жолдасым 12 жыл ауырып, 5 баланы қатарға қосу жалғыз өзіме жүк болды. Сонда Шымкенттің текстилінде Юлдаш деген кісі болатын. Күндіз слесарь, қараушы, оператор болып жүріп, түнде үйде де қарап отырмадым. Таңға дейін 4-6 көрпеше тігіп, Юлдашқа беремін. Ол 200-400 сом ақша төлейді. Балаларға тапқан қосымша табысым сол болды. Бірақ, кәсіп ретінде қолға алуға қаражат жетпеді. Жақсы мата алып, қолөнерге бет бұру үшін де қор керек.

DSC 5742

– Кәсіп етпесеңіз, бүгінге дейін қалай ұмыт қалдырмай алып жүрсіз?

– Әбден жұмысбасты болып қалған соң зейнетке шыққанымен де қол қусырып отыра алмадым, жаным. Содан тігіс тігуді, тоқыма тоқуды ермек еттім. Туған-туыс, таныс, көршілер қыз ұзатып жатса, жасауын тігіп бер деп қолқа салады. Қарап отырмайын деп мен де келісемін. Қолдан тігілген соң бұлардың сапасы жақсы болады. Мына үйде төсеулі жатқан құрақ көрпешелерді 1998 жылы тіккенмін, содан бері мақтасы да ыдырамаған.

 

– Осы, құрақ құраудың мәні неде? Неге «қыз жасауына» дәл осы құрақ көрпешені іздейміз?

– Құрақ – түрлі матаның қиындысынан құралған көрпе емес, ананың қызына деген тілеуінің жиынтығы. Ана – бойжеткен қызының орын тапқанын, барған жерде бағы ашылып, басы құралғанын, бай-қуатты, үбірлі-шүбірлі болғанын және тіл-көзден аман жүргенін тілейді. Таңды таңға жалғап тілеген арман-тілегін титтей ғана шүберекке орап, құрақ құрайды. Жақсы ниетке балап, қыз жасауына бір-бір жұп көрпеше мен бас жастығын қосады. Ал бақуатты болса, екі жұптан. Мысалы, жасауда кемі 6 көрпеше болса, оның екеуі құрақпен қапталады. Ал 12 көрпеше болса, оның 4-ін құрақтан қосады. Қызға қанша жасау берсең де аз емес. Бастысы, жұп болуы керек. Қазір «Махаббат көрпесі» деп жаңа үрдіс шығарып жүр. Қыздың жүгіне оны қоса санаса тақ болып шығады. Астармен жапсарлана, ананың ақ тілегін ішіне орап жатқан құрақ көрпешені мың «Махаббат көрпесі» де алмастыра алмайды.

 

– Демек, құрақтың атаулары да тегін емес...

– Әрине, қызым. Мына «ботакөз» көз тиюден сақтайды деген сенімді білдірсе, «сегіз жапырақ» ұлды, қызды болып, ұрпағы жалғассын, өрісі кеңейсін деген тілекке саяды. «Тырна» құрақ – «бірінің ізін бірі жалғайтын бір ізді болсын», «шаршы» құрақ – «үйелмелі-сүйелмелі қорасы болсын» «ай» құрақ – «түні тыныш әрі қайырлы болсын» деген ниетке саяды. «Тұмаршаны» бір-біріне жалғап, құрақ көрпешенің жиегіне жағалай жол тәрізді түсіреді. Яғни, қыздың өмірде жолы ашылып, кедергіге кездеспесін, жамандықтан қорғайтын бойтұмары болсын деген тілек.

DSC 5844

– Көз майын тауыса құрақ құраудың артықшылығын айшықтап, бұл өнерді насихаттаушылар, іздеушілер аз емес. Дегенмен, техниканың дамыған заманында қолөнердің тұралап қалғанын да жасырмаймыз. Тігіс тігудің, әсіресе құрақ құраудың тағы бір артықшылығы сабырлылыққа үйретеді дейді үлкендер...

– Рас. Құрақ – «теңіз тамшыдан құралатынын» ұқтырады. Майдалап жинасаң, тозбайтын құнды дүниеге ие боласың. Әр алуан матаның қиындысын кәдеге жаратып, ысырапшылдықтан тыяды. Әліптің артын бағуға, еңбегіңнің нәтижесін көруге деген төзімділікті қалыптастырады. Жүйкені тынықтырады. Бойды, ойды сергітеді. Еңбекке ынта-жігермен ден қоюға және белгілі бір қиындықтан өтуге шыдамдылықты шыңдайды.

 

– Сапаркүл апа, өзіңіз тіккен бір «қыз жасауын» қаншаға бағаладыңыз? 

– «Қыз жасауы» үшін ақы алған емеспін. Бұрын екі рет инсульт алған едім. Сол сырқатты осы еңбектің күшімен жеңдім. Туған-туысқа қызметім деймін. Ал көрші-қолаң ризашылығы ретінде бір көйлек-орамалын беріп жатады. Жағдайым көтерсе, үйренем деген қыздарға тегін-ақ үйрететін қолөнер мектебін да ашып алар едім ғой. Қаражат жағы қолбайлау болған өнерімді қыздарымның кенжесі үйренді. Болашақта сол қызым мен қара шаңырақтағы келінім алып кетсе деген тілегім бар.

 

– Апа, көктемгі мереке қарсаңында өзіңіздей ақ жаулықты әжелерімізге, ардақты аналар мен қыз-келіншектерге айтар тілегіңізді де тыңдасақ?..

– Бейбіт елімізде ойын ойнайтын бақытты балалар, алтын-күміс алқалы, еңбексүйгіш аналар, мінезі жібектей, инабатты қыздар, ұрпағына өнегелі, көрнекті әжелеріміз көп болсын! Дәстүрді қастерлейтін халқымыз бір-бірімен сыйластықта, татулықта ғұмыр кешсін.

– Әумин, апа! Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.