Олжас МЫРЗАБЕК: «Талантты адамдардың ортасы болуы керек» Избранное

Пятница, 16 Март 2018 04:18 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 1194 раз

Олжас МЫРЗАБЕК, IT маман, «Hydro Tech» ЖШС басшысы:

Цифрландыру – бұл ақылды технологиялар. Ақпараттарды жедел түрде өңдеу үрдісі. Мемлекет басшысы цифрландыру мәселелері бойынша өткен республикалық кеңесте «Мен әркімнің цифрландыру мақсат емес екенін түсінуін қалаймын, ол жаһандық бәсекелестікке әкелетін біздің абсолюттік артықшылығымызға қол жеткізудің құралы» деп еді. Шымкент қаласында да болашақта жаңа технологиялардың, IТ орталықтардың үлкен базасы болуы тиіс. Әлбетте, оған үлкен күш қажет. Уақыт сәтімен оған да жетеміз. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, IТ саласының маманы Олжас Мырзабек үшінші мегаполисте де жаңа ақпараттық технологияларды енгізу уақыт күттірмейтінін айтады. Өзі қалада коммуналдық жүйелерді автоматтандыру саласы бойынша жұмыс істейтін «Hydro Tech» ЖШС-ін басқарады. Жас та болса білім-білігімен көзге түскен маман. 

Жалпы, цифрландыру не үшін қажет? Қазір елдегі бұл саланың дамуы қалай? Біз жас маманнан осы сауалдарымызға нақты жауап алдық.

14117701 10206749587887575 6764199923585693154 n


– Қай сала болса да, сандық жүйемен жұмыс істеудің артықшылығы көп-ақ. Уақытты үнемдейміз, екіншіден, заман көшіне ілесеміз, тағы басқалар дегендей. Елбасы биылғы Жолдауда алдымен жаңа технологияларды жедел енгізу қажеттігін баса айтып өтті. Яғни, бұл саланың басты тиімді жақтары қандай болатынын айтып берсең... 

– Цифрлық жүйе ең алдымен ашықтықты қамтамасыз ететінін атап өткім келеді. Кез келген салада ақпарат барлық жағдайда қолжетімді болады. Бұл бағытта бізде ең алдымен ХҚКО (халыққа қызмет көрсету орталықтары) ашылды. Онда жұмыс ашық түрде. Бұрынғыға қарағанда қазір барлық жұмыс бақылауда тұр. Жемқорлық жойылады. Деректер бойынша қазіргі уақытта бұл дерттің азайғаны да мәлім болып отыр. Бірінші талап осы. Екіншіден, еңбек өнімділігі артады. Бүгінде осы жүйенің арқасында әр адамның атқарып жатқан жұмысын бақылап отыра аласыз. Қаншалықты өнімді жұмыс істейтінін біліп отыруға мүмкіндік бар. Жаңа технологияны енгізудің үшінші артықшылығы, ол шығынды азайтады. Қазіргі уақытта кез келген салада негізгі мақсат шығынды төмендетуге бағытталып отыр. Бұл технологияның бізге жүктеп отырған негізгі үш талабы осындай.
Жалпы, айтқанда, цифрландыруды деректер экономикасы десе де әбден жарасымды. Қазір ақпарат тасқындаған заман. Бұл саланың дамуы адамзат баласына деректердің жылдам әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етіп отыр. Яғни, әлем елдері ақпараттарды жедел түрде өңдеу үрдісі бойынша бәсекеге түсіп жатқандай әсер қалдырады. Дегенмен, бұл орайда автоматтандыру мен цифрландырудың айырмашылығын айта кеткен жөн. Автоматтандыру – жаңа технологияларды енгізудің төменгі бөлігі. Жұмысты автоматтандырудан кейінгі сатысы – ол ақпараттың тіркеліп отыруы. Міне, бұл - цифрландыру. Мұнда жұмысты талдаудың мүмкіндігі пайда болады. Мұны Батыс елдерінде «Ақылды бизнес» деп те атайды. Біз түбінде осыған жетуіміз керек.

 

– Бұл саланың дамуы үшін де мамандар бәсекеге қабілетті болуы керек. Қазір елдегі ЖОО-да жаңа технологиялар саласының мамандарын даярлауға қаншалықты көңіл бөлуде?

– Мемлекет ақпараттық технологияға өткеннен кейін ол жерде халық та сауатты болуы керек. Жастар бұл жаңалықтарға тез бейімделіп кетеді деп ойлаймын. Ендігі мақсат – сауатты маман даярлау. Біздегі ЖОО-да оқу-практикалық базасын, оқу бағдарламаларын қайтадан қарастырып шыққан дұрыс. Себебі, көптеген маңызы ерек пәндерге өзгеріс енгізетін сәт келді. Қажет емес пәндерді оқытып жатқанымыз да рас. Меніңше, қазір шетелдік жоғары оқу орындарында оқытылатын пәндердің оқыту жүйесін де зерттеп, керегін алсақ артықтық етпейді.
Әрине, қалай болғанда да мұғалімдердің білімін күшейтпек ләзім. Олардың әлеуметтік жағдайын көтеруді де ұмытпайық. Мамандардың басын біріктіріп, өнімді еңбек етуі үшін де жағдай жасау керек қой. Түптеп келгенде, талантты адамдардың ортасы болуы керек. Сонда ғана мамандарымыз өз-өзін дамытып, алға қарай ұмтылар еді.
Жалпы, жұмыс басталды. Елбасы Жолдауының арқасында көптеген бағдарламалар қолға алынып жатыр. Бұл мәселелердің бәрі уақыт сәтімен шешімін табуы тиіс.
Жүйені басқаратын адамдар ғана жұмыс істейді

 

Жүйені басқаратын адамдар ғана жұмыс істейді

– «Ақылды қалалар» тұжырымдамасын енгізу өзекті мәселенің бірі. Шымкент қаласының жылдан-жылға әлеуеті артып келеді. Жалпы, бізде ақылды технологияларды енгізудегі негізгі басымдықтар қандай? 

– Бұл – бүкіл әлем бойынша басталып жатқан тренд. Рас, қоғамдық көліктегі мәдениетті дамыту, көлік кептелісін шешу, экологиялық мәселелерді оңтайландыру, халықтың миграциясы, қызмет көрсету, коммуналдық қызмет түрлерін тиімді басқару...тізе берсек көп. Бұл бағытта қазір жұмыстар қолға алынуда. Бәрі де бастапқы үш принципке негізделген. Өнімділік артқан сайын шығын азаяды. Өнімділіктің ішінде сапасы да артады. 

Қазір «ақылды көше шамдарына» көшіп жатырмыз. Бұл да энергия үнемдеу ғой. Жарық шамдары LED технологияларға, диодты шамдарға ауыстырылуда. Бұл шығынды елу пайызға дейін үнемдейді. Яғни, мұндай жағдайда бүкіл қаланың жарықтандыру жүйесі бір орталықтан басқарылады. Шамдардың жұмыс істеп тұрған ахуалына, қажетті мөлшерде жанып, өшуіне назар аударылады. Әрі бақылаушы адам саны да азаяды. Бұрын он адам қажет болса, қазір екі адам жеткілікті. 

Транспорт саласында да ашықтықтық болуы өзекті мәселеге айналған. Тариф не үшін қымбаттады? Қоғамдық көлік компанияларына субсидия берудің жөні қандай? Міне, осы мәселерде ашықтық болғаны жөн. Талдау жүргізілу керек. Халық қай уақытта қоғамдық көлікке көп мінеді? Маршрутты қай бағытта өзгерткен дұрыс? Міне, бұл жағдайлар да талдауды қажет етеді.
Біз мына жағдайды дұрыс ұғынуымыз керек. Келешекте жүйені басқаратын адамдар ғана жұмыс істейді. Ол жұмыс күшін азайтқанмен, онда жұмыс жоғалып кетпейді. Дамуға ұласады. Мәселен, ертеде Еуропада халыққа суды көлікпен жеткізетін болған. Кейін су құбырлары тартылғаннан бастап, оған қажеттілік азайды. Қызмет көрсететін жаңа жұмыс орны келді. Олардың істейтін кәсібінің түр сипаты өзгерді, яғни, оған да мамандар қажет қой. Бұл жерде мамандардың білімін арттыру керек болады. Басты мәселе - бизнестегі шығынды азайту.
Шымкент қаласын айтар болсақ, бізде қазба байлықтарымыз жоқ. Есесіне адами ресурстардың, IТ орталықтардың үлкен базасы болуы керек. Ол өте үлкен күш.

 

– Өзіңнің осы саладағы жұмыстарыңның басты бағытын таныстырып өтсең... 

– Біз коммуналдық жүйелерді автоматтандыру бойынша жұмыс істейміз. Нақтырақ айтқанда, халыққа сапалы су жеткізу мәселесін түбегейлі шешу мақсатында еңбек етіп келеміз. Алдағы жоспарларымыз да көп. Басты мақсатымыз – бүкіл коммуналдық мекемелерге, жеке тұрғындарға коммуналдық шығындарды есептеуді оңтайландыру жүйесін ұсыну. Мұның бәрі де «ақылды қаланың» негізгі құрамдарының бірі деп айтсақ болады.

 

Замандастарымның талпынысы қуантады

– Өзің шетелде білім алдың. Ол жақтан не нәрселерді үйренуге болады? Жалпы, бұл сала несімен қызықтырды? 

– Біріншіден, мен бұл саланы перспективасы мол мамандықтардың бірі ретінде таңдадым. Болашақ осы IT сферасында. Автоматтандыру әрі ақпараттық технологиялармен тікелей байланысы бар болғандықтан мені бағдарламалау саласы қызықтырды. Бұл мамандыққа алда сұраныс көп болатынын білдік. Әуелі мемлекеттік грант бойынша оқуға түстім. Кейіннен ары қарай оқуды «Болашақ» бағдарламасы бойынша жалғастырдым. 

Үш жыл Малайзия еліндегі Staffordshire университетінде «Инженер бағдарламаушы» мамандығы бойынша білім алдым. Сол жақтан алған тәжірибемді өз елімде іске асырып, қазіргі қолға алынып жатқан цифрландыру саласына үлесімізді қосу – басты мақсат. Жұмысты бастап та кеттік.
Жалпы, малай елінің білім беру жүйесі мүлдем бөлек. Онда сабақ ағылшындық жүйемен оқытылады. Пәндерінің бәрі де қазіргі уақытта сұранысқа қажетті.

 

– Жастарды осы салаға қалай қызықтыруға болады?

– Қазір бұл салаға қызықтыруда түрлі бағдарламалар жүріп жатыр. Оның да үлесі болуы тиіс. Негізінен, Астана, Алматы қаласында мамандарға жақсы еңбекақы төленеді. Ал Батыс елдерінде IТ мамандарға деген құрмет өте жоғары. 

Бұл салада өнімді еңбек етіп жүрген замандас-әріптестерімнің талпынысын көріп, қуанамын. Мәселен, қазір әлемде «Фейсбук», «Твиттер» компанияларында жұмыс істейтін қазақ жігіттері өте көп. Олардың басым бөлігі 1989-95 жыл аралығында туған жастар. Өз замандастарымнан Ербол Серікбай, Асхат Мырзабаев деген дарынды, еңбекқор азаматтарды атап өтер едім. Асхат «Твиттер» компаниясында жұмыс істеген. Ербол «Сұрақ-жауап» сайтын дамытты. Қанша дегенмен таланттарды бағалау керек. 

Қорыта айтқанда, адами ресурс ең үлкен байлықтың түрі. Мәселен, Сингапурда 70-80 жылдары мынадай қағида болған екен. «Дипломды, оқыған ер адам үйленетін болса, өзі секілді оқыған әйел алсын» деген ұстаным. Оны орындамаса, айыппұл салғанға дейін барған. Олар тек адами ресурсты пайдаланған. Міне, осының арқасында шағын ғана ел қандай дамыған елге айналды. Біз де адам ресурсынсыз, жаңа технологияларды дамытпай, алға қойған мақсаттарға жете алмаймыз.

– Әңгімеңе рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Т. ҚАСЫМ

Последнее изменение Пятница, 27 Июль 2018 09:40
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.