Версия для печати

Мұхамеджан ТАЗАБЕК: Ұлттық кодымыздың тамырын тани білуіміз керек Избранное

Среда, 16 Май 2018 06:21 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 9290 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мұхамеджан ТАЗАБЕК, «Асыл арна» телерадиокомпаниясының бас директоры:

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл толды. Осы аралықта нендей шаралар жүзеге асты? Бүгінде жастарымызды дәстүріміздің құндылықтарына тәрбиелеуде, санасын сергек етуде қолға алынған іс-шаралар көңілден шыға ма? «Асыл арна» рухани-ағартушылық телеарнасының көздеген мақсаты, атқарылып жатқан насихатының негізі міне, осы рухани құндылықта жатыр. Таяуда Оңтүстікке келген сапарында телерадиокомпанияның бас директоры, ҚР мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Мұхамеджан Тазабек мырзамен жастар тәрбиесі, Астананың 20 жылдығын тойлау мәселесіне орай сұхбат құрған едік.

М.Тазабек

– Мұхамеджан аға, Ораза айының басталуы қарсаңында Оңтүстікке қош келіпсіз! Бұл ай да рухани тазару, рухани жаңғыру сипатындағы салауатты, сауапты ай екені белгілі. Осы орайда әңгімемізді «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен сабақтастыра бастасақ қалай қарайсыз? Өзіңіз білесіз, бұл бағдараламаның қабылданғанына да бір жыл толды. Жастарымыз рухани жаңғыру дегенді қалай түсініп-түйсініп жүр?

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы санаға соны серпіліс, халыққа үлкен серпін бергені анық. Оның сипаты елдің түкпір-түкпірінде әр түрлі жағдайда көрініс беруде. Рухани жаңғыру деген ұлттық болмысымыздың нәрлі тамырларының өзегін тану. Десек те, әйтеуір «рух» деген сөзді қосып, құрғақ ұрандап жүрген адамдар да бар. Ал негізінен рухани жетілдіретін, елге, жұртқа пайда келтіретін ауқымды іс-шаралар атқарылып жатқанын да айта кеткен жөн. Оның ішінде Оңтүстік өңірінде де бірқатар игі істер қолға алынуда. Жетістіктерді ел көріп, жұрт куә боп отыр. Бұл жерде рухани тамырларымыз, тарихымыз бар. Яғни, рухани құндылықтарымыз бастауынан тұнып, ел-жұртқа жолданып жатыр. Өзім жетекшілік ететін «Асыл арна» телеарнасы рухани ағартушылық әрі отбасылық құндылықтарды насихаттайтын арна болғандықтан, бұл мәселе біздің оң жамбасымызға келді деп айтуға болады. Бағдарламаларымыздың 99 пайызы осы рухани жаңғырумен үндеседі. 

Жақында «Ұлттық аударма бюросы» шет тілдерден жүз кітапты тәржімалап шықты ғой. Аллаға шүкір, Тәуелсіздіктің арқасында, ауызбіршілікпен өсіп-өркендеудің арқасында бүкіл әлемнің даналықтары мен ғылымның жинақталаған тұжырымдары ана тілімізде, біздің алақанымызда тұр. Мұны рухани жаңғыру емес деп кім айтады? Рухани жаңғыру деген шартты сөз ғой. Оның астары, өзегі, тамыры бар. Тасырламай-ақ терең ағатын өзендердей өрнегі бар. Осы нәрселерге әрқайсымыз шама келгенше қызмет етіп, Елбасының бізге ұран етіп, темірқазық етіп көрсеткен бағытын дұрыс бағамдай алсақ, ұлтқа да, ұрпаққа да пайдасы мол іс болмақ.
Мұндағы үлкен шаруаның бірі – тарихты таразылау. Тарихи сананы ояту мақсатындағы іс-шараларға бөлінген қаражат өз орнында жұмсалған секілді. Ұлттық арна «Алаш» қайраткерлерінің өмірінен сериал түсірді. Сол арқылы әрбір алаш қайраткерінің тұлғасы, оның өмірі және мақсат-мүддесімен танысуға бүгінгі ұрпақ жаңа мүмкіндік алды. Және біздің шетелдегі қандастарымызбен байланыстарымыз биік деңгейге жетіп, солардың мүмкіндіктері арқылы Еуропамен, түркі тілдес мемлекеттермен байланысымыз жаңа деңгейге шықты.

 

– Таяуда белгілі қаламгер Мархабат Байғұт ағамыз «Шоу мен шуларға көбірек бой алдырып бара жатқандаймыз» деген пікірін айтқан-тын...

– Ол да өте орынды айтылған сөз. Түрлі жұлдыздың онсыз да өтіп жатқан концертінің сахнасына төлтаңбаны іліп немесе онсыз да шығып бара жатқан кітаптың бірінші бетіне жаңғыруды жазып қоюмен шаруа бітті деп жүргендер бар. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» дейді. Сол сияқты қазіргі уақытта кемшілік те бар, жетістіктер де жоқ емес. Солардың барлығын тұтас қарайтын болсақ, түпкілікті нәтиже дұрыс болады деп ойлаймын.

 

«Дәстүр деген өмірдің өзі»

 

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2014-2018 жыл аралығын «Дін мен дәстүр жылы» деп жариялады. Осы аралықта нендей шаруалар жүзеге асты?

– Меніңше, ауқымды жұмыстар аталған жылдар аяқталғанмен, шаруа тоқтамайды, жалғаса береді. Осы төрт жылдың ішінде ең басты атқарылған нәрсе – ұйықтап жатқан көптеген рухани клеткалар оянды. Ескі тарих еске алынды. Жаңа тарих жаңғырды. Біздің дініміз не нәрсеге басымдық береді? Дәстүріміздің бастауы қайда жатыр? Дін қай жерден бастап дәстүрге айналады? Дәстүр қай жерден бастап дінге кірігеді? Осы мәселелерге байланысты кітаптар шықты. Кездесулер өтті. Теледидарда қаншама сұхбаттар берілді. «Асыл арнаның» өзінде бірнеше бағдарламалар осы дәстүр мен дінге тұтастай арналды. Сондықтан, бұл бағдарлама да өз дәрежесінде, өз нәтижесін берді деп айта аламын. Бірақ адам тәрбиесі оның өмірден өткенше жүретіні секілді, дін мен дәстүр насихаты да сондай. Әрдайым естен шығарылмай, айтылып тұруы тиіс.
Теріс ағымның жетегінде жүргендердің қателесуінің бастауына қарайтын болсақ, дәстүрлі тәрбиеден алыс адамдар екенін байқайсың. Дәстүрлі ортадан алыстағандар. Себебі, дұрыс сенім мен дәстүрлі тәрбие бар жерде радикализм мен экстремизмге орын жоқ. Өйткені, дәстүріміз бізді төңірегімізбен санасуға, әрбір нәрсенің астарына үңілуге тәрбиелейді. Дәстүр сол дінді ұстанған ұлттың өмірлік тәжірибесінің жемісі. Ұстанған көзқарастары мен өмірлік тәжірибесінің жемісі. Содан келіп дәстүр шығады. Дәстүр қалыптасумен, өмір сүру дағдысымен пайда болады. Сондықтан, дәстүр деген ол – өмірдің өзі.

 

– Таяуда ғана Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаевпен кездестіңіз...

– Дін істері және азаматтық қоғам министрімен біраз мәселені талқыладық. Өздеріңіз білесіздер, біздің арна мен ҚМДБ, министрлік арасында өзара меморандум түзілген. Осындай келісімшарт аясында Дархан Аманұлына өз өтінішімізді айттық. Рухани-ағартушылық бағыттағы арнамыздан көбіне қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, дін қызметкерлері эфирге көп шығады. Ал мемлекеттік қызметкерлер, ресми адамдардың халыққа мемлекеттің діни саясаты жайында эфирге қонақ болуы өте сирек. Сол себепті, көптеген ресми адамдар, депутаттар дін заңы жайында, діннің төңірегіндегі көптеген мәселелер жайында біздің арнамыздан халыққа өз пікірлерін білдірсе деген өтінішімізді жеткіздік. Өйткені біздің рухани аудиториямыз әрдайым бізден осыны сұрайды. Осы талабымызды орындауға министр уәде берді. Бірінші болып өзі «Асыл арнадан» тікелей эфирде мемлекеттің дін саясаты жөніндегі сұрақтарға жауап бермек. 

Ақпарат айдыны жыл сайын кеңейіп жатыр. Адамдардың талғамы да өсті. Соған сәйкес, халықаралық байланыстарды күшейтіп, өзге де озық елдердің үлгісін жұмыс үрдісімізде пайдалануға тырысып жатырмыз. Соның нәтижесінде Түркияның мемлекеттік «ТРТ» арнасымен келісімшартқа қол қойдық. Олардың тәжірибе алаңында біздің техникалық мамандарымыз, журналистеріміз, жүргізушілеріміз іс-тәжірибеден өтіп бастады. Контент алмасу процесі басталды. Екіншіден, Малайзияның «Хижрет» деген телеарнасымен екі жақты ынтымақтастық орнаттық. Мұның бәрі де мемлекеттің қолдауымен, ҚМДБ-ның ұйытқы болуымен, Бас мүфтидің батасымен іске асқан шаруалар. Жұмысымыздың аясын кеңейтіп, кеңістігін ұлғайтып жатырмыз. Бұл – сыртқы жағдай. Ал ішіміздегі жұмыстарға келер болсақ, өзіміздің аудиториямызды ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып қалыптастырудамыз. Яғни, хабарларымызды дінтанушылар, исламтанушылар, әлеуметтанушылардың статистикаларына, солардың күнделікті зерттеулері мен талдауларына әрдайым зер сала отырып дайындауға мүмкіндік алдық. Көрерменге бірінші кезекте не қажет? Мінеки, биылдан бастап бағдарламаларымызды ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, жаңаша түрде түзіп жатырмыз. Ол да біздің қол жеткізген үлкен жетістіктеріміздің бірі.

 

Астананың тойын дүркіретіп өткізудің сөкеттігі жоқ

– Өзіңіз бүгінде «Тәлім-тренд» деген бағдарламаны жүргізесіз. Көрермендердің қызығушылығы артып жатқаны байқалады. Жалпы, бұл хабар кімнің бастамасы?

Бұл – бір сұмдық сұңғыла идея емес. Көзге көрініп тұрған, істелінуі керек жұмыс қой. Одан кейін қазір қазаққа бір пайдаңды тигізу үшін үлкен қабілеттің немесе қисапсыз қаржының иесі болуың шарт емес. Біз рухани-ағартушылық отбасылық құндылықтарды насихаттайтын арна болған соң халықпен тікелей байланысқа түсіп, жұрттың сұрақтарын естіп-көріп жүргеннен кейін осындай бағдарлама ашуды жөн санадық. Әрі күрделендірмей, қарапайым қағидаларға сүйене отырып, жұрт ішінде елеусіз көрінгенмен, оның арт жағында қаншама проблема жатқан тақырыптарды көтеруді дұрыс деп таптық. Отбасының кикілжіңі бір қарапайым болмашы нәрседен бастау алады. Ұсақ бір кикілжің, қабақтың қатаюы, жүректің сууынан шаңырақтар шайқалып жатады. Біз осы нәрселерді қарапайым тілмен түсіндіруге тырысамыз. Ол нәтиже беріп жатыр. «Менің басымдағы кемшілік осы екен ғой» деп күнделікті бір анықтамалық немесе бір нұсқамалықты оқыған секілді жақсы қабылдап жатқан көрермендер көп. Бір атап өтерлігі, осы бағдарламамызды Түркияның «ТРТ» арнасы да түрік тілінде өздерінен көрсетуге шешім қабылдап отыр. Міне, бұл да бір жұмысымыздың аз да болса жемісі ғой.

 М.Тазабек

– Биыл – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы. Мерекені тойлау басталып та кетті. Осыдан екі жыл бұрын «Тәуелсіздіктің 25 жылдығын қалай тойлауымыз керек?» деп өзіңізден сұраған едік. Енді Елорда тойын тойлау жөнінде пікіріңізді білсек.

– Сөз жоқ, бұл тойдың жөні бөлек. Біріншіден, әрине, мазмұндық жағына мән беріледі ғой. Ал мерейтойды аста-төк дүркіретіп атап өтуді де құптаймын. Өз құндылығыңды – егемен еліңнің елордасының мерейтойын мақтанышпен мерекелеудің қандай сөкеттігі бар? Жаңадан ел болып қалыптасып, астана салып, Тәуелсіздікті нығайтып жатқан кезде шығын да шығатын, кішкене пафос та болатын дүниелер керек сияқты. Ол – заңды. Біз бір күнде Еуропа, екінші күні Жапония болып кете алмаймыз. Қазақтың өзінің менталиеті бар, санаспаса болмайтын сабақтасып келе жатқан дәстүрі бар.
Әрине, екінші жағынан мазмұнды, тәрбиеге, ұлттық идеологияға құрылған дүниелер болса, тіптен тамаша. Бірақ, біз бір нәрсені анық білуіміз керек. Астана – бұл Тәуелсіздіктің символы. Елдігіміздің белгісі, сол себептен Астананың тойы елдің, ұлтымыздың тойы. Тәуелсіздігіміздің, мемлекеттігіміздің нышаны. Сол себепті тойды қай жағынан болса да жарқыратып насихаттап, жалпақ жұрт танитындай етіп жарнамалап жатса, оның ерсілігі жоқ деп ойлаймын. Өйткені, Астанаға құйылған қаржы біздің болашағымызға құйылған қаржы. Ол біздің идеологиямызға тұғыр болатын идеялар. Сол себепті ұлттық спорт тұрғысынан болса да, шығармашылық өкілдері тұрғысынан болса да, саясаткерлер мен экономистерді шақырып, әлемдік деңгейдегі идеяларды паш ету болса да өте құптарлық іс. Себебі, Астана әлі толысып көркейе беретін идея. Оған біз бәріміз үлес қосуымыз керек. Өңірлер де Астананың дамуына атсалысуы тиіс.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Т. ҚАСЫМ

Последнее изменение Среда, 16 Май 2018 06:44
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.