АИТВ: ауру анадан сау бала тууда Избранное

Среда, 31 Октябрь 2018 04:57 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 8887 раз

Бүгінгі таңда ғасыр тажалы саналатын ЖИТС/АИТВ инфекциясымен күрес мәселесі өзекті болып отыр. Эпидемия бүгінге дейін 30 миллионнан астам адамның өмірін жалмаса, күніне 5 мыңнан астам осы ауруды жұқтырады екен. АИТВ таралу көрсеткіші бойынша өңіріміз Павлодар, Қарағанды, ШҚО, СҚО, Қостанай облыстары мен Алматы қаласынан кейін жетінші орында тұр. Дертті емдеудегі жаңашылдықтар, инфекцияны жедел анықтайтын аппараттардың жайы қалай? Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың» бас дәрігері Талғарбек Мейірхановпен осы сауалдар төңірегінде әңгіме жүргіздік.

18

 

– Талғарбек Мейріханұлы, Сіз басқаратын орталық вирусты жедел анықтайтын заманауи жабдықтармен толығыпты. Алдымен әңгімемізді жақсы жаңалықтардан бастасақ...
– Қандай дерт болмасын, дер кезінде анықтау - аса маңызды жайт. Бұл бойдағы кеселмен дер кезінде күресуге көмектеседі. Осы мақсатта орталығымыз замануи медициналық жабдықтармен толықты. Зертханалық «Пима» цитометрі және «Джин-эксперт» молекулярлық-генетикалық анализаторы демушілердің көмегімен әкелінді. Зертханалық жабдықтар науқастың иммун жүйесінің зақымдану деңгейі мен вирустық жүктемені жедел анықтайды. Сонымен бірге АИТВ-инфекциясын емдеуде жаңа препараттар қосылуда, бұрын науқастар тәулігіне 2 рет қабылдайтын дәрілердің орнына қазір 1 реттен 1 таблетка қабылдап жүр. Тағы бір жаңалығымыз, АИТВ-инфекциясына скринингтік тексеруде заманауи, төртінші деңгейлі тест-жүйелері қолданылуда. Бұған дейін тесттер адам ағзасындағы АИТВ ½ антиденелерді ғана анықтайтын болса, соңғы жүйелер оған қоса антигендерді де анықтайды. Нәтижесінде диагностикалаудың сезімталдығы жоғарылап, «терезе» кезеңін 3 айдан 1 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
– Жыл басынан бері Шымкентте вирусты жұқтырғандары саны қанша адамды құрады?
– Шымкент қаласының өзінде АИТВ-инфекциясымен тіркелген науқастар саны 1896 адамды құрайды. Ал жыл басынан бері (9 айда) АИТВ-инфекциясымен 85 адам анықталды. Өткен жылмен салыстырсақ (95) 10 жағдайға төмендегенін айтқым келеді. Жас ерекшеліктері бойынша талдауда 30-39 жастағы науқастар үлесі - 34,3%, 20-29 жастағылар - 32,7%, 40-49 жас - 18,2%, 50-59 - 6,7% және 15-19 жастағылардың үлесі 2,6% көрсеттті.
Әлеуметтік-кәсіби мәртебесіне қарай талдағанда анықталғаны: тұрақты жұмысы жоқ адамдар үлесі - 60,3%, жұмысшылар - 15,3%, қамауда жатқандар - 17,5%, студенттер - 1,2%. Жыныстық тұрғыда бөлгенде еркектердің үлесі басым - 62%, әйелдер - 38%, бірақ соңғы жылдары әйелдердің үлесі жылдан жылға артуда.
– Осыдан 10-15 жыл бұрын АИТВ инфекциясын таратушылар есірткі қолданушылардың үлесінде көбірек болғаны белгілі. Бүгінде өзгеріс бар ма?
– 2001 жылы анықталған жағдайлардың ішінде инемен есірткі тұтынушылар үлесі 94,4% болса, алдын алу шараларының нәтижесінде есірткі тұтыну барысында жұқтырғандар үлесі жылдан жылға төмендеп, 2018 жылы 13,3% құрап отыр. Бүгінде АИТВ-ның таралу жолдары үшеу, олар: жыныстық қатынас, қан арқылы және анадан балаға жұғуда.
АИТВ-инфекциясының негізгі (табиғи) таралу жолы – қорғалмаған (мүшеқапсыз) жыныстық қатынас, оның үлесі 86,7%. АИТВ-жұқтырған әйелдерден 17 бала туды, олардың барлығы бақылауда ұсталып, анадан балаға жұғу жағдайы анықталмады.
– Сіздерде емге қажет препараттар қоры жеткілікті ме? Себебі, жыл соңында дәрінің жеткіліксіздігін айтып шағымданатындар көбейетіні тағы бар.
– Орталықта ретровирусқа қарсы препараттардың кемінде 3 айлық төмендетілмейтін қоры құрылады. Препарат жетіспеушілігінен емнің үзілу немесе тоқтату жағдайлары болмаған. Емнің тиімділігі адам ағзасындағы вирус мөлшері анықталмайтын деңгейге дейін төмендетумен бағаланады. Бүгінгі күнде емделушілердің 81% вирусологиялық тиімділікке қол жеткізілді, қалған 19% емнің тиімсіздігі пациенттің емді қолдамауы, препараттарды уақытында қабылдамауы немесе бас тартуы салдарынан болғаны анықталды.
– Қазіргі таңда дерттің таралуының үштігінде анадан балаға жұғу жағдайы тұр екен. Сондай ананың балаларын ғасыр дертінен сақтаудың мүмкіндігі қай деңгейде?
– АИТВ-инфекциясымен тіркелген арасында дискорданттық жұптар да бар (жұбайлардің бірі АИТВ+, екіншісі АИТВ-жұқтырмаған). Белсенді ретровирусқа қарсы терапия нәтижесінде осы жұптарда дертті жұқтырмауға қол жеткізілді. 2005 жылдан бері АИТВ-жұқтырған әйелдерден туылған 531 балаға профилактикалық ем жүргізілді, нәтижесінде 516 балаға (97%) вирус жұқпағаны анықталды. 2006-2007 жылдары облыстағы медициналық ұйымдарда балаларға АИТВ-жұқтырылғаны анықталған болатын. Тиімді ем нәтижесінде сол балалардың алды ер жетті, екі ұл, екі қыз тұрмыс құрып, олардан да дені сау нәрестелер дүниеге келді.
– Кез келген адам АИТВ-инфекциясынан сақтануда жадында қандай жәйттерді сақтаған жөн?
– Дерттің негізгі таралу жолы - жыныстық қатынас, сондықтан бейберекет, некеден тыс жыныстық қатынастан аулақ болу қажет. Үй жағдайында жеке бас гигиенасын қатаң сақтап, бөгде адамдардың ұстарасын, шприцтерін және басқа да теріні зақымдайтын құралдарын қолданбау керек.
Анадан балаға жұқтырудың алдын алу үшін жүкті әйелдерді міндетті түрде АИТВ-ға 2-3 рет тестілеу ұйымдастырылған. Өкінішке қарай, жүктілік кезінде 3 рет тексерілген аналардан туылған балаларда АИТВ-инфекциясы анықталған болатын. Эпидемиологиялық тексерулер барысында вирус оларға баланы емізу кезінде жұқтырылғаны дәлелденді. Сондықтан жүктілікті жоспарлаған отбасында ер-азаматтар АИТВ-ға тексерілсе, олар жұбайларын және жаңа туылған нәрестелерін де сақтандырар еді.
– Мегаполис қалада көптеген жаңалықтар орын алуда. Алдағы уақытты орталықты қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Орталық Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының құзырына өтті, бірақ Түркістан облыстық ЖИТС орталығы ашылғанға дейін медициналық көмек көрсетуде ешқандай өзгеріс болмайды.
Бүгінгі күнде жыл сайын халықтың тек 15% АИТВ-ға тестіленетіні анықталды, негізгі бөлігі – міндетті тексеруден өткендер. Алдағы жылдары АИТВ-ға тестілеуді одан әрі кеңейту, тұрғындардың өз еркімен тексерілуге ынталандыру, емдеумен қамту және оның тиімділігін арттыру жұмыстары қолға алынады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Последнее изменение Среда, 31 Октябрь 2018 11:33
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.