Версия для печати

Мұхтар ШЕРІМ: «САТИРА САРАЙЫН САЛАР ЕДІМ!»

Среда, 01 Апрель 2020 06:56 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5077 раз
Оцените материал
(0 голосов)

75485215 742000519634692 5749754632771469312 oМұхтар Шерім- қазақ сатирасындағы танымал тұлғалардың бірі. Оқырман оның әдемі әзіл, уытты әжуә, өткір қалжыңмен шымшылайтын шығармаларын іздеп жүріп оқиды. Көңілді күлкісін көмкеретін сатира снайперінің тілі семсер. Қаламы қуатты. Қай кезде де әзіл-сықақтың сағын сындырмайды. Нысанаға алған дүниесіне дөп тиеді. Интермедиялары әзілдің әрін, сахнаның сәнін келтіріп жүрген сықақшымен сұхбатымыз күлкі күніне орайлас келіпті.

– Мұхтар аға, бүгін – Күлкі күні. Сатираның сардары ретінде осы мерекенің тойланбауына ренішіңіз бар сияқты?

– Шынымды шымшылап айтсам, біздің елде мереке көп. Тойшыл қазақпыз ғой. Энергетиктер, мұнайшылар күні дейміз бе, осындай мейрамдардан көзіміз сүрініп, кірпігіміз жер тірейді. Ал, жылына бір келетін Күлкі күні ресмиленбеген. Десек те, бұл күнге қолдау көрсетіліп, сатириктер марапатталып, әр түрлі іс-шаралар өткізіліп жатса, оның несі айып?
Сатира да халыққа қызмет етеді. Кемшіліктерді кеңірдектен алып, оны келемеждейді, әшкерелейді. Астары бар әзіл-қалжың ойсыздарға ой салады, жетесіздерді желпіндіреді, сіркесі су көтермей жүргендерге қуаныш, шаттық сыйлайды. Олай болса, «жай Күлкі күні ғой» деп елеусіз, ескерусіз қалдырмай, күлкінің де қуатты қару екенін ескерген жөн дер едім. Мәселен, ақындар айтысы қалаған уақытында өтеді. Ал, жыл он екі айдың басқа күндерінде сатириктерді бәрі ұмытып кетеді. Осы жағы мені қынжылтады. Оларды «сынағыш, мінегіш» ретінде бағалап, көлеңкеде қалдыра салатындары да жасырын емес.

– Әлемді жайлаған, елімізді де алаңдатқан коронавирус кезінде немен айналысып жүрсіз?

– Тәртіпке бағынған оқушыдай үйде отырмын. Аты өшкір індетке деген ызамды сықақ арқылы білдіріп жатырмын. «Қорықпа қатын!» «Коронавирус, кетші әрі!» сияқты сарказм уытына суарылған дүниелерімді әлеуметтік желілерге жариялап қоямын. Уайымға салынған оқырмандарымның көңілін көтерсем деймін ғой. Біреулер: «Мынадай қиын жағдайда күлудің керегі не?» деп тыржиюы мүмкін. Тыржиғандарға ыржиямын. «Екінші дүниежүзілік соғыста да, окопта да күлкі болған. Небір анекдоттар айтылған. Солдаттар әзіл-қалжыңмен бірін-бірі қағытып, көңіл көтерген басылымдарда фашистерге арналған сатиралар, карикатуралар жарық көрген. Демек, коронавирусты келемеждеуге, сойып, іреп, бәйтеректің бір бұтағына іліп қоюға қақым бар. Құдай алапаттың бетін ары әкетсін, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!

– Шымкент күлкісі бренд деп едіңіз? Өзіңіз мұрындық болған «Күлкі жәрмеңкесі» соңғы жылдары саябырсып қалды...

– Оның рас. «Күлкі жәрмеңкесін» сонау 1986 жылы ұйымдастырдым. Әрине, менде қаражат қайдан болсын, облыстық мәдениет басқармасының қанаты астында зыр жүгірдім. Халықаралық әзіл-сықақ фестивальдерін өткіздік. Ол кезде жалындаған жас едім. Сатира үшін тиынсыз тегін жұмыс істедім. «Шаншардың» Уәлибегі бірде: «Күлкі жәрмеңкесін» 20 жыл сүйреледім» дегенде, көзінше: «Інім-ау, «Күлкі жәрмеңкесінің» әкесі мен ғой, сен кейін келген шешесісің! Осы сенің ішің бір бөлмелі пәтер сияқты, ішің тар, сәл кеңейтсеңші? Жүсіп екеуіңді Алматыға апарып, «Тамашаға» танытқанымды міндетсінбеймін, бірақ пойызда келе жатып, «Шаншар» бола ма, басқа бола ма, театр ашайық, сендер ойнайсыңдар» деп қол алысқан едік. Кейін ұмытып кеттің, театрыңның 25 жылдығында атымды атауға да қорықтың, өйткені, шындықтан қорқасың, ә?» деп әзілмен әрлеп, назымды жеткізгенім бар. Менің жаман әдетім, бетке былш еткізіп айта саламын. Уәлибекке рахмет, ағалап, арқамнан қағып, әңгіменің ауанын басқаға бұрып жіберді. Қасында отырған жас жігіт түкке түсінбей қалды. Шынында, «Күлкі жәрмеңкесі» соңғы жылдары өтпей қалды. Оған кінәлі әр жылдары басқарған мәдениет басқармасының басшылары, олардың күлкіге күңкілмен қарайтындығында болса керек.

– Сатира – күрделі жанр. Бұл салаға келуіңізге не себеп болды?

– Ақындар айтады ғой: «Анамнан туыла сала өлең жазып кеткендеймін» деп. Осылай әзілдесем де, сегізінші класта оқып жүргенімде тұңғыш рет «Әлиманың әлегі» атты әзіл әңгіме жаздым. Ол аудандық газетке жарияланғанда, қуанғанымды көрсеңіз! Ауылға аудан орталығынан Әлима есімді жынды кемпір келіп тұратын. Әжемнің көйлегін, камзолын киіп, сол кемпірдің кейпіне түсіп, ауылдасымыз Зебершенің үйіне барайын. Даусымды өзгертіп: «Зеберше қайда? Ол мені тастап кетті. Менің аяғым болса ауыр, күйеуің ұятсыз екен!» дегенімде, әйелінің түрі бұзылып кетті. Сол күні Зеберше көкем әйелін үйді айналдыра қуып жүргені есімде. Сол күні марқұм әкемнің «Бұлай әзілдеуге бола ма? Қонаққа шақырып, түсіндірейік!» деп ренжігені бар. Қой сойып, Зеберше көкемді әйелімен шақырдық. Мен кемпір киімін киіп келгенде ғана, Зеберше көкем тістерін ақсита күлгені. Осы күлкісі санамды сызғылап, шабытымды шарықтатып жіберді. Етпетімнен жата қалып, «Әлиманың әлегін» жазып шықтым.

– Айтқандай-ақ, жеке театр аштыңыз, құтты болсын! Идея неден туындап еді?

– Ойымда театр ашу болған жоқ. Ақтөбе қаласында «Екі езу» сатира театрының жетекшісі, сатирик Нұрлыбек Жұбатқанмен шығармашылық байланыстамын. Бірде ол: «Аға сатираңызды театрлар жиі орындайды. Мәселен «Шаншар» Үбәнді алып шықты. Алдараспан «Еуро моланы» бұрқыратты. Неге өзіңіз театр ашпайсыз?» деді. Күтпеген ұсынысқа ойланып қалдым. Нұрлыбек менің шабытымды қамшылады. Шынында да интермедиялар іздемеймін. Біреуге жазшы деп жалынбаймын. Мұның бәрі қиялымдағы қызықты жобалар ғой. Күн сайын сатиралық әңгімелер жазамын. Сонан идеяның июін қандырып, театр аштым. Алғашқыда атауы «Сүзеген сөз» еді. Кейін «Мистер Мұхтар» деп өзгерттім.
Бұл айтуға оңай болғанымен, қиын шаруа екен. «Ойбай, талантым таудай, тас шайнап, құм түкіремін!» дейтін қыз–жігіттер келіп, бағын сынап жатты. Бірақ әзілге ебі, сатираға себі жоқтар көп екен. Жыл бойы кастинг жариялаумен келдім. Биыл қаймақтарын сүзіп алдым. Қиындыққа төзе алмағандары, ойнай білмейтіндері ойланбастан өздері хош айтысты. Әрине, «Көш жүре түзеледі» деген бар. Бізде әлі жарнама жоқ. Енді етек жеңімізді жинап жатырмыз. Сосын, сатира театры тек күлдіре беру керек деген ұстанымға қарсымын. Сатиралық театр от басы, ошақ қасын айналшақтамай, әлеуметтік мәселелерді қаужау керек, көрерменін ойландыруы тиіс. Бекжан Тұрдыбаев, Рахат Батырхан, Нұрзат Керім, Дана Сұлтан, Оралхан Бектұрғанов Ермаханұлы, Мэлс Сейіткәрімовтер осы талаптарыма құлақ асып жүрген талантты жастар. «Айран жалайық», «Жемқордың басын шабамыз!», «Қойыңызшы, ағай!», «Құдық», «Шындық қайтыс болып кетті», «Коронавирус» қойылымдары бүгінгі күннің өзекті тақырыптары деп білемін. Сценарийдің бәрін өзім жазамын. Олар шығарма іздеп, шаңдатып жатпайды. Коронавирус та келмеске кетер, сол кезде «Мистер Мұхтар» театры еліміздегі қалаларға гастрольді бастамақ.

– Саяси сатираны жиі жазып жүрсіз. Қорықпайсыз ба?

– Неге қорқам? Біздің жазып жүргеніміз нақты фактілерге құрылған памфлет немесе фельетон емес. Шығармаларым абстрактілі дүниелер. Мақтанғаным емес, әлеуметтік желілерде сықақтарым жиі жарияланып, оқырмандарым жылы лебіздерін білдіріп жатады. Сондай пікірлердің бірқатарын ұсынайын:

Aigul Torebekova:

–Сізді шенді-шекпенділер ғана емес, қараша халық, қалың бұхара жақсы біледі, мойындайды, сүйіп оқиды.
Шынтуайтына келгенде, қазақ сатирасында сіз секілді еңбек сіңіріп, өскелең ұрпаққа өшпес мұра қалдырып жүрген сатирик жазушылар ауыз толтырып айтарлықтай соншалықты көп емес қой. Сіздің астары саясатқа толы садағы мықты сатираларыңыздың жебесі шекпенділердің шекесіне тигендіктен, атақты қалтасынан берердей пейілдері тарылып, тыжырынып қалғаны бар шығар....
Ол үшін сіздің бас ауырып, балтырыңыз сыздай қояр деп ойламаймын. Десек те, Тəңір ием жар болып, халқы бағалап жатса шығармашыл жандар үшін одан асқан бақ жоқ. Сіз халықтың сүйікті жазушысы екеніңізге дау жоқ. Зайырлы еліміздің өркениетінің гүлденуі жолында жазғаныздан жазарыңыз, бергеніңізден береріңіз, көрген қызығыңыздан көреріңіз көп болсын!

Әміржан Қосанов, саясаткер:

– Мына заманда шенділер сатириктерді марапаттай қоймас... Ода жазыңыз!

Мырзан Кенжебай:

– Соңғы 20-30 жыл көлемінде қазақ сатирасында өз басым осы Мұхтар Шерімнің алдына түсетін ешкімді көрген емен. Әрине, извините за категоричность.

Қыдыр Байдүйсенов:

– КЕРЕМЕТ жазылған, оқи бергім келеді-ау, оқи бергім...Әй, мәладес! жарайсың, Мұхтар Шерім! Көз алдымнан елестеп кетер емес!

Худияр Хусанов:

– Ассалаумағалайкум, аға! Сіздің «Құдағи құшақтай береді» атты кітабыңыздан талай рет сахнаға сатиралық көрініс қойдық, солай жұлдыз болдық, сіз өте тапқыр жан екенсіз, қазір сізді интернеттен көріп отырғаным мен үшін өте бақытты шақ, мың жасаңыз, Мұхтар аға, мың жасаңыз!

Гүлнәр Сиқымбаева, белгілі әнші:

– Мұха!!!! Ішегім түйіліп қалды. Сенің жазғаныңа да, саған берген жауаптарға да!!! Көптен бері бұлай күлген жоқ едім. Рахмет барлығыңызға! Қазақ тілім Жасасын!!!!!!

Жолдасбек Дуанабай:

– Мұхтар Шерім қазақ сатирасының классигі! Әттең, дер кезінде бағалай алмай келеміз...

Қадірбек Демесін, Републикаға танымал әртіс:

– Мұхтар Шерімнің сатирасы – саяси, оны сахналай алмаймыз.

Алкайдар Лашкерұлы, әлеуметтік желі белсендісі:

– Жалпы Мұқа, сатира арқылы көптеген тақырыпты қамтып жүрсіз. Ел қандай мəселе бойынша даурығып жатса сол бойынша қалам сермейсіз. Сөзбен батыл түйрейсіз. Күлдіріп отырып жылатудың шебері деп сізді айтса болады. Бұрын Оспанхан Əубəкіровты оқысақ, қазір сізді оқитын болдық! Жасай беріңіз, жаза беріңіз.

Тасбике Сүлейменқұлова:

– Ұтқыр əзілмен жазылған. Мұхтар бауырым кейде Сізді жоғалтып алам. Жоғалып кетпеңізші, өтініш. Дүниелеріңізді оқысам, бір сергіп қалам. Қөңіл– күйім көтеріліп қалады.

Әрине, осындай жылы лебіздер көңіліме қуат, сатирама шуақ береді.

– Сатирик ретінде қоғамның дамуына қаншалықты үлес қостым деп ойлайсыз?

– Оны килограмдап, таразыға тартып кім көріпті? Дегенмен, оқырмандарымның ой-пікірлеріне қарағанда, сатирамның да өзіндік үлесі бар деп ойлаймын. Заман көшіне ілесіп жазу керек. Біздің көп сатириктеріміз заман көшіне ілесе алмай қалды. Кеңестік дәуір стилімен жазады. Ал мұндай сатира қоғамға қозғау сала алмайды.

– Әдетте сатириктер қалжыңбас, әзілқой келеді. Ал, сіз салмақтысыз?

– Қылжақбас болғым келмейтіндігімнен шығар? Оның үстіне қария болдық. Салиқалы әңгіме айтуымыз керек. Болмайтын жерде ыржалақтап, болмайтын жерде әзілдей беру де жөн емес. Әзілің өтетін жерде әзілдегенге не жетсін.!

– Әзіл-сықақ театрларында қазақы қалжың азайып бара жатыр. Неге?

– Оның бір ғана себебі бар, – авторларды тарта білмейді. Естіген–көргендерін шимайлап жазып шығады. Содан барып, дөрекіліктің басы қылтияды. Ал, Ресейде актерлер тек авторлармен жұмыс жасайды. Сосын, авторларды қалай насихаттайды десеңізші? Қаламақыларын да төлеп, ренжіте қоймайды. Ал бізде басқаша.

– Плагиаттар туралы не дейсіз?

– Шынында сатира жазу кім көрінгеннің қолынан келмейді. «Әу» дегеннің бәрі ақын ғой қазір. Бірақ сатираның жүгін сүйреу, оны арқалау, діттеген жеріне жеткізу қиынның қиыны. Бұл – талант арқылы келетін нәрсе, жазған дүниеңді белгісіз адам пайдаланса, әрине көңілің құлазиды. Жаның жабырқайды. Өйткені ол сенің «бір балаң». Бүгінде идеяңды ұрлағанымен қоймай, интермедияға өзінің атын қоятындар көп. Кейбір театрлардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, сатираларымның идеясын ұрлап, өңін өзгертіп, басын аяғына, аяғын басына шығарып, қайта жазып шығады да, сахналайды. Бірақ, бәрібір одан менің стилімнің «исі» шығып тұрады. Оның үстіне, авторлық құқықтарым қорғалған. Әзірге кешіріммен қарап жүрмін. Алдағы уақытта кім білген?

– Сізді қазақстандықтар жақсы біледі. Республикалық басылымдар сатираңызды қолдан қолға тигізбей басады. Бірақ өзіңіз тұратын жергілікті өңірдің жергілікті газет-журналдарынан сіздің дүниелеріңізді, сұхбатыңызды көре бермейміз. Осы шымқалалықтар сізді неге тосырқайды?

– Оның рас. Павлодар, Жезқазған, Қызылорда облысының газеттері сықақтарымды сұрап, басып жатады. Сұрамай-ақ жариялап жатқандары қаншама?! Авторлық құқымды бұзбаса мейлі. Қайта қуанамын. Ал, жергілікті газеттердегі әріптестерім «Өзіміздің Мұқаң ғой!» деп жүрсе керек, үндемейді. Олар үндемеген соң, мен де үндемеймін.

– Нені армандайсыз?

– Қолымда билік болса, сатира сарайын салып, сатира көшесін қалар едім!

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Последнее изменение Среда, 01 Апрель 2020 07:17
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.