Түсімде де соғыс көрем

Вторник, 05 Май 2020 23:25 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5700 раз

546

Ұлы Жеңіс бізге оңай келген жоқ. 1418 күнге созылған екінші дүниежүзілік соғыс – тарихы қанмен жазылған қасірет. 20 миллион адамның өмірін қиған сұрапыл майданға елімізден 1 миллион 400 мыңға жуық адам аттанып, 600 мыңға жуық отандасымыз опат болды. Бүгінде майдангерлер қатары сиреді. Қиян-кескі шайқастан аман оралған майдангерлер елге қалтқысыз қызмет етті. Сондай жандардың бірі – Төрегелді Сұлтанбеков. Майдангер қарт сұрапыл жылдарды күрсіне отырып еске алды.

– Төрегелді ата, Сіздер соғыстан бұрын да тағдырдың тауқыметін аз тартпаған ұрпақсыздар...

– Ия, қарағым, ес білген шағымыздан қиындықпен жұлқысып өстік. Ашаршылық, таршылық пен жоқшылық, ауыр еңбек... Бала болып ойнауды да білмедік. Аштықтан бұратылып, қырылған адамдарды да көрдік. Ішерге ас, киерге киім таппай, қабырғамыз майысып, колхоз жұмысына жегілдік. Тағдыр тауқыметі мұнымен біткен жоқ. 1941 жылы соғыс басталды. Мамыражай бейбіт өмірдің астан-кестені шықты. Қанды жылдар қаншама боздақты жалмады. Бала әкесінен, ана баласынан, жарынан айырылып, талай шаңырақтың түңдігі біржола жабылды Майданға аттанған азаматтардың көбісі елге оралмады.

– Соғыс басталғанда тым жас боларсыз. Әскерге шақырту алғанда бойыңызда қандай сезім болды?

– Соғыс өрті тұтанғанда 18-дегі жас жігіт едім ғой. 1942 жылы 19 жасымда Қызыл Армия қатарына қабылданып, соғысқа аттандым. Грузияның Батуми қаласында бір жыл әскери дайындықтан өттік. Жастықпен ешнәрседен қорыққаным жоқ. Польшаның Львов қаласын жаудан азат етуге қатыстым. Атқыштар дивизиясының полкінде болдым. Шабуылға команда берілгенде, соғысамыз. Жау да оңай емес еді. Ұрыстың әдіс-тәсілін жақсы біледі. Неміс әскерлері жойқын күшімен жеріміздің астан-кестенін шығарды. Жарылған снаряд, жыландай ысқырған оқ, толассыз атқылау, аптап ыстық, азапты сағаттар есеңгіретіп жіберді. Жанымдағы қарулас жігіттердің қатары бастапқыда көп еді. Қиян-кескі ұрыста олардың талайы оқ құшты, жарылған бомбаның астында қалды. Өліп жатқан достарымды көріп, нағыз соғыстың осы екенін білдім. Жүрегім жүрісінен жаңылғандай қатты-қатты соқты. Боздақтардың қаны үшін кек алуға ұмтылып, намысымызды оққа жаныдық.

– Майдан шебінде жүргенде көбіне не ойладыңыз?

– Жарығым-ау, соғыста жүріп, не ойлап үлгересің? Не жеңеміз, не жеңілеміз. Әйтеуір бір үміттің жетегімен алға қарай ұмтыла бересің. Бірақ әр шабуылдың алдында іштей өмірмен қоштасасың. Соғыста оқтан бой тасаламайсың ғой. Белгіленген аумақты жаудан тазартудан басқа ештеңе ойламайсың. Ажал жетпесе, оқ өтпейді деген рас екен. Ешқандай жарақат алған жоқпын. Мені құдай сақтады.

– Алапат қанның ортасынан аман келдіңіз. Соғыстың жарасы жазылды ма, ата?

– Е-е-й, қарағым-ай, ол жара қалай жазылады? Әр Жеңіс күні жақындағанда көз алдыма майдан даласы келеді. Мереке алдында түс көремін. Қару ұстап, жаумен жас күнімдей алысып, атысып жатамын. Енді жараланамын ау деп ойлағанымша, оянып кетемін.

– Жеңіс туралы хабарды естігендегі әсеріңіз де ұмытылмаған болар?

– Бұл – өмірімдегі ең бақытты сәтім. «Соғыс аяқталды» дегенде қуаныштан бір-бірімізді құшақтап, бас киімімізді аспанға атып, ебіл-дебіл жылағанымызды несіне жасырайын, айналайын. Жеңіс күнінің құрметіне үш күн демалдық. Мұнан соң, елге қайтпадым. 4 жыл Вильнюс қаласын қалпына келтіру үшін еңбек еттік. Кейін бір ай ауылға демалысқа жіберді. Майданда жүргенімде анам өмірден өтіпті. Ауылдың жағдайы тіптен қиын еді. Сөйтіп 1949 жылы аман-есен туған жерге табаным тиді.

– Соғыс туралы кітап оқып, кино көргеннің өзінде қанымыз мұздап кетеді. Сіздер сол соғыстың ортасында жанкештілікпен ел қорғадыңыздар. Еңбегіңіз еленді ме?

– Қан майдандағы көрсеткен ерлігіміз ескерусіз қалған жоқ. Қазір анау-мынау деп ренжудің жөні болмас. Соғыс ардагерлері мемлекетіміздің қамқорлығын ұдайы сезініп келеміз. Пәтер берді, қаржылай қолдау көрсетіп отырады. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, тегін емделеміз.

– Ордабасыдан Шымкентке қалай келдіңіз?

– Елге оралған соң, Шымкент педагогикалық институтына сырттай оқуға түсіп, ауыл мектебінде 40 жыл ұстаздық қызмет атқардым. Серігім Сәндігүлмен өмірдің ащы-тұщысын бірге көрдім. Кейін балалар қалаға қоныс аударды. «Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей, жолдасым өмірден өтіп кетті. 3 ұл, бір қызымнан 15 немере, 10 шөберем бар.

– Жеңістің 75 жылдығын көріп отырған өзіңізді нағыз бақытты адам дейміз. Мереке құтты болсын, ата!

– Рақмет, қызым! Бүгінде 98-ге таядым. Балалар қазір жақсы заманда өмір сүріп жатыр. Тек еңбек етіп, Отанға адал қызмет етуі керек. Құдай соғыстың бетін әрі қылсын. Жатсақ та, тұрсақ та, ең бастысы – елімізде бейбітшілік болса екен деп тілейміз.

– Өзіңіз де аман болыңыз!

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.