«Өлеңге айтып қойыппын өмірдің айтпа дегенін»

Среда, 13 Май 2020 03:17 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 213 раз

789

Қадыр Мырза Әлі...Қазақ поэзиясының пайғамбарының бірі атанған айтулы ақын. Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, «Тарлан» сыйлығының иегері Қадыр ағамыз көзі тірісінде Оңтүстікке, соның ішінде Шымкент шаһарына жиі ат ізін салатын. Түрлі кездесулерге келетін, айтысқа келетін, тойға келетін, құдаларына келетін... Жұртшылық ол кісімен әр жүздескенінде бірінші рет көріп тұрғандай ынтызар көңілмен қарсы алып, ыстық ықыласпен шығарып салатын. Сол арда ақын көзі тірі болғанда бұл жаққа талай-талай сапарлайтыны кәдік еді... Әттең, қалың қазақ қадір тұтқан Қадыр ақынмен мәңгіге қоштасқанымызға алдағы аз айда 10 жыл болады екен. Ал жауһар жырларымен халқы үшін поэзия күмбезін тұрғызып кеткен Қадыр Мырза Әлінің туғанына биыл 85 жыл толып отыр. «Шымкент екінші Оралым секілді» деп өткен ақынның тойы бұл өлкеде де өз өрнегін табар ма еді мынадай төтенше жағдай болмағанда...
Әйтсе де арғымақ ақынды еске алып, ол кісімен өмірінің соңғы жылдарында сұхбат құрған бір әңгімемізді оқырманға ұсынсақ дедік.

– Қадыр аға, күллі қазақтың, соның ішінде Оңтүстік жұртының Сізге деген пейіл-ізеті ерекше екенін түсінеміз. Сіздің өзіңіз де Шымкент жақты туған жеріңіздей көретін секілдісіз, мен егер қателеспесем?..

– Қателескен жоқсың, қарағым. Оңтүстік – бар қазақтың қарашаңырағы. Ал Шымкент соның шырайы. Оған келгің келіп тұратыны да содан болар. Күннің нұры көбірек түсетіндіктен бе, бұл жақтың адамдарының да жаны жайдары, шуақты ғой, шіркін. Мына сенің өзіңнен де соны көріп тұрмын.

– Мені артық мақтап тұрсыз –ау, мен негізі Жамбыл облысының қызымын.

–Түһ, сен де айтасың!? Жамбылыңның жамбасы тиіп тұр емес пе осы жерге. Қазақылықтың қаны сіңген өлке ғой бұл жерлер. Жәннатқа кіргендей күй кешесің! Жас кезімнің өзінде-ақ солай сезінетінмін. Мынаны айтайын... Мен 58-ші жылы «Балдырған» журналына жұмысқа орналастым. Жаспын ғой онда. Облыстарға командировкаға жібереді. Сонда өңшең Шымкент, Қызылорда, Атырау облыстарына барғым келіп тұрады. Басқа аймақтарға көңілім көп шаппайды. Өйткені қазақ облыстарына барғанда адам өзін еркін сезінеді.

Бір жолы Қызылордаға бардым. Түскі кез. Қарным аш. Өтіп бара жатып «Ресторан» деген жазуы бар еңселі үйдің тұсына тоқтадым. Үзіліс кезі болғандықтан есігі жабық екен. Терезесін қағып ем, ар жақтан егделеу бір әйел көрініп, есікті ашты.
– Жеңеше, менің қарным аш...—дедім.
– Ой, айналайын-ай, кіре ғой,–деді. Тамақ әкеліп берді.
Егер басқа орыстанған облыс болса, «айналайын» демек түгілі, «у нас перерыв» деп есігінен де қаратпас еді.
Дәл осындай кеңқолтық пейіл Оңтүстікке де тән. 1956 жылы Мақтааралға мақта теруге келдік. Қарнымыз ашса, кез-келген қазақтың үйіне «Апа, айран бар ма?» немесе «үйдің тамағын сағынып кеттік» деп емін-еркін кіріп кетуші ек. Мен өзім ауылда туған, қазақ мектебін бітірген адаммын. Орысшаны сүрініп-қабынып зорға сөйлейтін едім. Әрине, кейін үйрендік қой. Бірақ өзімнің ана тіліме деген құмарым өмір бойы қанбайтын секілді. Алматыда өз үйімде жүріп қазақ тілін сағынам. Сондайда Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлкесін» дауыстап оқимын. Елге деген сағынышты, тілге деген іңкәрлігімді сонымен басқым келеді кейде. Адам бір құмар асын сағынғанда бар тәбетімен ішеді ғой, сондай ықылас болады.
Қайбір жылы Алматыда республикалық ақындар айтысы өтті. Соған мен төраға болдым. Әселхан Бекарысты алып келді. Сол жолы қаршадай осы балаға ерекше ықыласым түсті. Тілінен өрнек төгілген ақынға көңілің қалай құламайды! Сол айтыста оған машина алып бердім. Бірінші машинасы еді ол.
1999 жылы болса керек, бір күні Әселхан телефон соғады. «Шымкентте «Наурыз» айтыс өткізетін едік, соған қазылар алқасының төрағасы болыңызшы» дейді. «Жарайды» дедім. Келдім. Облысқа жаңадан әкім болып Бердібек Сапарбаев келіп жатыр екен. Өзінің қолы тимей, орынбасар қызын жіберіпті. «Жаңадан келіп жатырмын, бара алмағаныма кешірім өтінем. Қандай өтініш-бұйымтайыңыз бар?» деп жатыр» деді келген қыз. «Рахмет, ешқандай өтінішім жоқ. Жұмысына табыс тілеймін» дедім. Міне, содан бері осы облыста жыл сайын өтетін айтыстың қазылар алқасы құрамынан мені өзгерткен жоқ. Содан да болар Оңтүстік өз облысым секілді болып кетті. Әрине, айтыста жұртшылықтың бәрінің көңілінен шығу оңай емес. Қазылардың төрелегінде кейде бір жағына бұрып кететіндігі де болады.Ал мен араағайын секілдімін. Бір рет те обал жасадыңдар деген әңгіме болған жоқ. 2006 жылы болса керек, Бекарыс пен Серік Құсанбаевтың айтысында мен Серікке бір балды кем бердім. Сонда жұрт сонау Арқаның – Павлодардың жігітіне бола шулап кетті. Демек, тыңдаушы – әділетті.
Кейінгі бір айтыста да бір-екі кейуана келіп «Өте әділ шешім жасадыңдар» деп қолымнан сүйіп жатыр. Халықтың осындай пейіл-ықыласынан артық қандай сый керек?

– Аға туған еліңіз Оралға жиі барып тұрасыз ба?

– Әрине, туған жердің жөні бөлек қой. Көбіне жаз шыққаннан кейін барамын. Оралда үйім бар. Үлкен ұлым тұрады. Ол жақ та қазір қазақшаланды. Қазақ мектептері көбейді. Үйге барғанда демаламын. Оралдың екі әйдік өзені – Жайығы мен Шағаны бар. Ол өлке тұнып тұрған орман ғой. Жайыққа үлкен көпір салды. Облыстың әкімі Қырымбек Көшербаев әкімдік жанынан театр ашты. Республикалық театр фестивалін өткізді.
Оралдың ауасы таза, көшелері тақтайдай тегіс. Көңілдеріңізге келмесін, Шымкенттің жолдары нашар. Бұл сынымды басшыларыңа да айттым.
Елге барғанда бас алмай жұмыс істеймін. Мен негізі жұмыс істемесем, отыра алмайтын адаммын. Телефон көтермеймін. Бала-шағама айтам: «Оралға звондаса, Алматыға кетті, Алматыда Оралға кетті деңдер» деймін.

–Өтірікті көп айтасыз ба?

–Амал жоқ, кейде айтуға тура келеді. Өйтпесең жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Сөйтіп қашып жүріп жазу жазамын.
– Өткенде кездесуде «уақытым жоқ» дедіңіз...
–Ия, менде бәрі бар. Тек уақытым жоқ. Биыл (2007 жылы) қалың афоризмдерім шықты. Осындай 2 том жаздым. Қазір белім ауырады, жазу столында көп отыра алмаймын. Сондықтан үлкен, ұзақ мақалалар жазуға жоқпын. Шағын өлеңдер, әлгіндей қанатты сөздер, сол сияқты қысқа дүниелер жазам. Соның бәрін төсекке шалқалап жатып жасаймын. Қаламмен жазылмайды. Сондықтан қарындашпен жазам.
Орыстарда осы заманға тән «убить время» деген тіркес бар. Сол «уақытты өлтіру» деген ұғым кісі өлтіруден да жаман сөз. Менің бір өлеңімде:
«Уақыт өтіп барады, оны қойшы,
Сәттер өтіп барады—осы жаман»,– деген жолдар бар. Тегінде бәрін сәттер шешеді. Уақыт деген үлкен ұғым ғой. Ол қоғамды да, адамды да, тарихты да өзгертеді. Ал сәттердің өзі адамға, адамның тағдырына қатты әсер етеді. Сосын кез-келген шаруаны шешетін уақыт, кім уақытты үнемдей біледі, қадірлей біледі, сол табысқа жетеді.
Қазір таңдамалы шығармаларымның 16 томы шықты. 2001 жылы 12 томым, 2006 жылы 4 томым жарық көрді. Тағы 4 томым дайын тұр. Бүгінде кітабыңды өзің ақша тауып бастыратын заман болды ғой. 12 томды Орал шығарып берді.
– Кітапты шығарудан гөрі тарату қиын-ау сірә? Бірақ Сіз беделіңіз бар адамсыз. Әкімдер арқылы өткізіп жіберетін шығарсыз?
– Таратудың қиын екені рас. Кітаптарын екі-үшеуден сатып жүрген ақын-жазушылар да аз емес. Менің осы таңдамалыларымды бастырып, таратуымның өзі қызық болды. Бірде «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали келді.
– Аға, мен баспа аштым. Кітап шығарғым келеді. Қандай кітаптарыңыз бар?—деді.
– Менде кітап көп. Етек-жеңімді жинап, соларды қаттап жатырмын. 10 томын құрап қойдым. 2 томын тағы дайындап жатырмын,– дедім.
–Соны маған берсеңізші,–деді.
–Әй, айналайын, кітапты бере салу қиын емес. Оны шығаратын ақшаң бар ма?
–Жоқ.
–Онда қалай шығармақсың?
–Бір мәнісін табармын. Осы іске бел шешіп кіріспекпін,–деді.
Сосын ойланып отырдым да Оралға телефон соқтым. Облыстың әкімі бұдан бұрын да жиі хабарласып, «үй береміз, көшіп келіңіз» деп жүр еді. Беретін үйін көрсетіп те қойған. Еңселі коттедж, үлкен жері, кең ауласы бар. Екі қақпасы екі көшеге қараған, төрт қорасы, ас үйі бөлек үлкен шаңырақ. Әкімге «10 томдай кітабым шығып жатыр. Соны аласыңдар ма?» деп айта салдым. Тиражын сұрады.
– Үш мыңын да аламын,– деді.
– Ойбай-ау, айналайын, сенен басқа облыстарда оқырманым жоқ па? Оларға не қалды? – деймін. Мың данасын беретін болып келістім. Сосын Темірғалиға кететін шығынның есебін жасаттым. 7 миллион теңге қажет екен. Оралдың әкімі облыстық мәслихаттың қаулысымен 7 миллион теңгені аударып жіберді. Бұл – Темірғалиға жақсы болды. Сол ақшаның арқасында ол өзіне офис алды, көлікті болды. Алғашқы 12 томдықты да, кейінгі 4 томдықты да өте жақсы шығарды. Ағалы-інілі болып кеткен осы азамат та Оңтүстіктің жігіті.
– Қадыр аға, жалпы Сізді Оңтүстікпен көп нәрсе байланыстыратынын білеміз. Сіз осы өңірге құда да емессіз бе?
– Оның рас. Бір балам осы елдің қызын алды. Және құдалыққа өзім түстім. Оңтүстікке көңілімнің құлап тұратынын осыдан-ақ біл.
– Осы өңірдегі қаламгерлерден, өнер адамдарынан кімдермен жақын араласып тұрасыз?
– Е-е-ей, қарағым-ай, қайсы бірін санап айтып берейін. Шәмшіден бастап әлгі Темірғалиға дейін жақын тартып кеткен адамдарым аз емес. Мархабат бар, Нармахан бар, Ханбибіні қос, Бақытжан Алдияр деген сұрапыл жас ақын бар. Аян Нысаналының творчествосын сыйлаймын. Көпен Әмірбек інім болып кеткен. Абай Балажан деген ақын жігітке сабақ бергем. Өлеңдеріне алғысөз жазғанмын. Өзің де жақсы бір қарындасыма айналғансың.
– Аға, Шәмшімен қарым-қатынасыңыз жөнінде айтыңызшы.
– Мен «Балдырған» журналында істейтінмін. Шәмші Әбләхат Еспаев екеуі журналдың редакторы Мұзафар Әлімбаевқа келіп тұратын. Ол кісіге «Ақмаңдайлым» мен «Ақсұңқарымның» сөзін жазғызды. Бірде мен Шәкеңе «Шәмші аға, мен сізді сыйлаймын. Сіз ән патшасына айналып келесіз. Мен де біраз кітап шығардым. Адам сайтан емес, түбінде дүниеден өтеді. Бізді де зерттейтін кезең туар. Сонда «бір ғасырда, бір кезеңде қатар өмір сүріп, осы Шәмші мен Қадыр қалай творчестволық байланыста болмаған. Тегі аралары дұрыс болмаған-ау?» дейді ғой»,– дедім.
– Мұның да бір жөн сөз екен, Қадыржан,–деп күлді Шәкең. Содан былай біз жақын араласып кеттік. Мен ол кісінің бірнеше әніне сөз жаздым. Алғаш «Наз» деген әнінің сөзін жаздым. Бірде Шәуірдірден телефон соқты. «Қадыржан, «Шалқыған Шәуілдір» деген ән шығардым. Соған сөз керек. Келсеңші мұнда» дейді. Мен әрине жұмысымды тастап кетіп қала алмаймын ғой. «Онда сөзін жазып, телефонмен маған хабарлас» деді. Әннің формасын түсіріп алып, сөзін жазып бердім.
«Сыған серенадасы» да осындай өтінішімен туды. Әрине әннің бағының ашылуы үш нәрсеге байланысты. Бірінші әні, екінші сөзі жақсы болуы керек. Үшінші, ол орындаушысын табуы керек. Сонау 70-ші жылдары жазылған «Сыған серенадасының» бағы да бертінде жанды ғой. Жаңылыспасам, 2000 жылы Шымкентте өткен «Шәмші фестивалінде» Тоқтар Серіков орындап, жұрттың айызын қандырды.
Тағы бірде Шәкең телефон соғып, «үйге келші» деді. Қарсы алды, былқытып ет асып қойыпты. Тоңазытқыштан сырты қырау бір бөтелкесін алды.
– Таяуда Өзбекстан жақта болып қайттым. Тамды деген ауданы бар екен. Сол жерде кеш ұйымдастырылды. Кеште «Тамды аруы» деген ән жазамын» деп уәде бердім. Сонда бір бозбала «Шәмші аға, сол әніңіздің сөзін Қадыр Мырзалиев жазсыншы» деп өтінді, – деді.
– Көкетай, – дедім күліп,— Тамдыға сіз барасыз, Тамдының аруына сіз ғашық боласы. Қызығын сіз көресіз, шыжығын маған тапсырасыз, білмейтін адам туралы қалай жазам?
–Е-е, Қадыржан, елдің бәрі тек көргенін жазып жүр дейсің бе? Өнер сүйген еліңнің көңілі сені қалап тұр ғой,–деді ақаңның аузын ашып жатып.
Әннің формасын алып, шығып кеттім. Шәмші сол жердің картасын сызып, қандай жерлер барын жазып қойыпты. Сондағы Мыңбұлақ деген жер атына көзім түсті. Троллейбуста келе жатып-ақ:
«Бұрымың Мыңбұлақта туған ару,
Сол жердің мың бірінші бұлағындай» деген шумақ орала кетті. Қайырмасы да бірден туды.
«Ебелектей жел аңсаған,
Көбелектей көл аңсаған
Келем саған».
Бұл Шәкеңе қатты ұнады.
Соңғы жылдары Шәкең ащы суды қойды. Бірақ жазуы азайды. «Жигулиі» бар еді. Сонымен Жамбылға келеді. Сол кездері Жамбылда бір дүңген қызына ғашық болды. Соған арнаған әнінің сөзін жаздым. Ғашық болу – Шәкеңнің жұмысы, Өлең жазу—менің міндетім болып кетті.

–Қадыр аға, осы Сіз соңғы кездері өлеңнен гөрі прозаға ойысып барасыз. «Жазмыш» пен «Иіріміңізде» елге белгілі қаламгерлердің пендеуи әрекеттерін жаздыңыз. Соныңыз ол кісілердің беделіне көлеңке түсіреді деп ойламайсыз ба?

–Мен жазған дәстүр бізде жоқ. Сондықтан ол оқырманға басқаша әсер етті. Мен бұл дүниені бөтен ниетпен жазған сияқты көрінуім мүмкін. Бұл екі кітапты да жазам деген ойым жоқ еді. Менің кітапханам өте үлкен. Бір әдетім, қандай кітап оқысам да әсер еткен жерлерін сызып отырамын. Және сол сызған жерлерім есімде тұрады. Түрлі мақалалар жазасың ғой, сонда соған керек цитатаны әлгі жерлерден тез тауып аламын.
Бір күні сол сызған жерлерімнің бәрін қағазға түсірдім. Одан соң оларды тақырып-тақырып етіп сұрыптадым. Сөйтсем, кітап дайын тұр. Оны 12 тарауға бөлдім. Осылайша үш айда кітапты жазып шықтым. Түк те қиналғаным жоқ. Мұны «шетелдің көшірмесі» дегендер де болды.
Ең бірінші басылымда Иса Байзақов жайлы Сәбит Мұқановтың «Есею жылдарынан» алып, тиіп-қашып қана жаздым. Өйткені отбасы бар, біреулерге тиіп кете ме деп ойлағам. Соның өзінде Баянауылдан «Қайтесіз сол кісілердің өмірбаянын қозғап, ішсе, ішкен шығар» деген хат келді. Ал Мұқағалидың отбасынан біреуі де ренжіген жоқ.
«Сіз неге шетелдің мысалдарынан ала бересіз?» деген пікірлер жиі айтылған соң «Иірімді» жаздым. «Иірімнің» мақсаты – біреуді жамандау емес, жақсыны – жақсы, көлеңкесін – көлеңке, шуағын – шуақ деп көрсету. Біз шындықты бүркемелеуден не ұтамыз? Мәселен мен Ілияс Омаровтың қарамағында істедім. Ол кісіні сыйлаймын. Өйткені, қандай керемет тақырыптарды қозғады. Кенесары туралы жазу ол кезде мүмкін емес еді.
Бір күні сол Ілекеңнің Қайран деген ұйғыр шофері:
–Ілеке, шешем қайтыс болды. Соған Талдықорғанға баруға рұқсат сұрап келдім,–деді мұңлы жүзбен.
–Ойбай, бара ғой, мұндайда қалай рұқсат етпессің?—деді ол кісі.
–Тағы бір өтінішім – ол жаққа қалай жаяу барамын, машинаны алуға рұқсат етсеңіз, – деді шопыр бала.
–Ала ғой, шеше деген күнде өліп жатқан жоқ қой,– деді Ілекең. Бірақ анау шығып кете салысымен хатшы қызды шақырып алып:
–Ана машинаны берме, біреудің әкесі өледі, біреудің шешесі өледі. Соның бәріне машинаны беріп, мен жаяу жүруім керек пе?!—деді.
Ал осыны жазғанда тұрған не бар? Шындықта айтсаң, аузың күйеді. Болған нәрсені боямасыз жеткізгенді біздің оқырман әлі қабылдай алмай жатқан сияқты. Бар болғаны осы ғана.

–Қадыр аға, Сіз айтыстың басы-қасында көбірек жүрген адамның бірісіз. Ұлтымыз шөлдеп жеткен айтыс бүгінде шоуға айналып кеткен жоқ па?

–Оның рас, шоуға айналып барады. Кейде артықтау, кейде кемдеу түсіп жататын жерлері көп. Айтыс—қазақтың жоғалтып алған қазынасы еді ғой. Соны қалпына келтірдік. Қуанатынымыз – осы Шымкентте өткен тағы бір айтыста бір жас ақынға машина бердік. Бұл – қолдаудың бір түрі.
Дегенмен жұрттың бәрі өнер үшін қызмет етпейді. Сол арқылы табыс табуды да көздейді. Сондықтан шоуға айналып бара жатқаны рас. Бірақ заманына қарай бейімделеді ғой. Қалай дегенде де өз басым айтысқа оң көзіммен қараймын. Шымкент жақтың қадау-қадау бірнеше тірлігі бар десек, соның бірі – осы айтыс. Жылда Наурыз айтыс өткізуді дәстүрге айналдырғаны ұлттық өнерімізге үлкен мән беріп жатқанын аңғартады. Оңтүстік қашаннан да айтыстың мектебіне айналған өлке. Қайсы айтыста да сан жағынан ғана басымдық танытып қоймай, өзге облыстардан келген ақындардан мықтылығы жағынан да өздерін көрсете білуде.

– Аға, соңғы кезде өлең жазуды сиретіп бара жатқан сияқтысыз...

– Мен енді өлеңнен кете берем-ау деймін. Жанр – жасқа байланысты. Өлең – жастық кезеңнің өнері. Пушкиннің «Что то возраст клонет к прозе» деп бастайтын өлеңі бар. Сол сөз негізі дұрыс. Ақындар өлеңнен бастап, одан кейін прозаға түседі. Содан соң драматургияға ойысады.Драматургия адамның піскен кезінде жазылатын жанр деп ұғам. Мысалы менің бірнеше драмалық шығармам бар екенін театр көрермендері білсе керек. Түркістан театры «Әмір Темір» деген пьесамды сахналап жүр. Оралда екі комедиям орысша-қазақша қойылды.

– Аға, бір сөзіңізде «Батырлық деген ұлы ұғым Бауыржанның есімінің синонимі секілді» деген едіңіз. Момышұлымен байланысыңыз болды ма?

– Ол кісімен жақын араластым деп айта алмаймын. Бірақ Баукеңнің батырлығы, адалдығы жайлы аңызға бергісіз шындық көп. Мына бір оқиғаны айтайын:
Москвада Жазушылардың бүкілодақтық сьезі өтіп жатқан. Үзілісте қазақстандықтар өзімізше жиналып, тамақтандық. Сонда Баукеңнің «рыцарлығы» ғой. «Біздің әскери уставта столдың басында отырғандардың ішінде кімнің шені үлкен болса, ақшаны сол төлейді. Сондықтан басқаларың қолдарыңды қалталарыңа салмаңдар. Бұл жерде менен шені үлкен ешқайсың жоқ!» деді. Не деген «демократичный» адам!
Тағы бір қызық әңгіме... «Жұлдызда» істейтін кезіміз. Бір күні түстікке шығайын деп тұрғанымызда телефон шырылдады. Жақын тұрған Зейнолла Серікқалиев телефон тұтқасын көтеріп «Ия, ия» деп тұрды да бір кезде «Өзіңнің де әкеңнің аузы...» деп тұтқаны тарс еткізіп қоя салды. Өмірі кісі боқтамайтын жігіт еді. «Ей, не болды? Кім?» деп шу ете қалдық. Бірақ ол кім екенін айтпады.
Арада 15-20 минут өткенде есік сарт етіп шалқасынан ашылды да қабырғаға соғылып, қайта жабылды. Үстінде шинель, түймесі салынбаған, папахасы қолында, Баукең кіріп келді.
–Кім жаңа менімен сөйлескен?—деді.
–Мен!—деді Зейнолла. Біз әлгіндегі «әкеңнің» кімге бағытталғанын енді ұғып, «ойпырмай, бір сұмдық болатын болды ғой» деп үрпиісіп қалғанбыз. Ситуацияның ең керемет жері—Баукең Зейнолланың қолын алды да «Ма-ла-де-ес!» деді. Сөйтті де кілт бұрылып шығып кетті. Батырлықты бағалайтын кісі ғой, шіркін!

–Аға дейм, сіз, Мұхтар Әуезов сияқты ғұламалардан сабақ алған адамсыз. Сол кезеңдерде Сәбит Мұқанов та студенттерге дәріс берген дейді. Қызық эпизодтар болған ба еді?

– Әуезов КазГУ-де Абайтанудан лекция оқыды. Ол кісінің лекциясының өзін жұрт аңыз ғып айтады. Бір күні сөзден сөз шығып кетіп Сәбит Мұқановқа біреу:
–Оу, Сәбе, осы Сіз неге лекция оқымайсыз? Әуезов оқиды ғой,–депті әдейі. Әуезовты айтқаннан кейін ана кісінің делебесі қозады.
–Ой, мен де оқимын, несі бар?—депті. Содан ол кісі үш күн лекция оқыпты да, төртінші күні келмей қойыпты. Студенттер күтеді, сабақ өтілмейді. Деканнан ол кісіге қоңырау соғып:
–Бүгін неге келмедіңіз?—десе,
–Неменеге барам?—депті.
–Ойбай-ау, лекцияңыз бар емес пе?
–Ой, мен бар лекциямды үш күнде оқып бітірдім ғой,–депті. Ал, Мұхаң дария ғұлама ғой. Бір бастың өзінен бір жыл лекция оқи алатын адам еді. Бізге ұлттар әдебиетінен сабақ берді ол кісі. Лениндік сыйлықты алғаннан кейін лекциясының берекесі кетті. Өйткені көбінесе шетелде жүреді. Бір күні келді. Мен ІІІ курста оқитын кезім. Өңі өзгеше нұрланып, бұрынғысынан да сымбаттанып кеткендей. Шашының әрбір талы кемеңгер келбетін айшықтап тұрған сияқты. Менің сурет салатын әдетім бар еді. Мұхаңның осы бір келбеті еріксіз тартты. Ең соңғы партаға отырып алып, Мұхаңа қарап қойып, суретін сала бастадым. Менің басқа нәрсемен айналысып отырғанымды сезіп қойды да, кенет лекциясын кілт үзіп:
–Осы бір студенттер бар. Олар мына дүниедегінің бәрін білемін деп ойлайды. Олар сенің не айтып жатқаныңмен шаруасы жоқ. Ол сол адамның кішкентай бір сөз айту үшін қаншама томдар ақтаратынында, көз майын тауысып ізденетінінде, оның ішінде бір тарау, бір абзац үшін қаншама тер төгетінінде шаруасы жоқ,–деп маңғаздана сөйлеп, маған қарай жақындап келе жатты. Бұл әңгіменің кімге тиесілі айтылып тұрғанын сезе қойдым. Бір бұлт үйіріліп келе жатты. «Әй, жауады-ау қазір, найзағай ойнайды-ау» деп қипақтап, қағазымды жасыра алмай отырып қалдым. Бірақ суретімді бітіруге таяп қалған едім. Мұхаң қасыма келді де, суретке сырбаздана қарап, сәл кідіріп тұрып қалды. Манағыдай емес, жүзіне аздап жылу жүгірді. Аты-жөнімді сұрады.
– Әкең кім болады?—деді.
– Жәй қарапайым интеллигент,–дедім мен.
– Неге Қадыр деп қойған?
– Білмеймін.
– Ол кісінің молдалығы болған болуы керек,–деді. Осыны айтты да кері қарай бұрылды. Сосын: «Енді бір студенттер бар, –деді даусын жұмсартып,– Олар өнерді өлең екен, проза екен, музыка екен, сурет екен деп бөліп-жарып жатпайды. Олар соның бәріне ғашық. Сондай балалар жақсы ғой,–деді.
Сөйтіп мен аяқ астынан сөгіс естимін-ау деп тұрғанымда мақтауға ілігіп кеттім.
Мұхаң жаны өте нәзік, өте бипаз, тез ренжіп, тез мәз болатын кісі еді. Сол ғұламалардың дәрісінің өзі бүкіл ғұмырымызға азық болғандай.

– Қадыр аға, Сізге Мұхаң сияқты ғұламалар дәріс берсе, Сіз Назарбаев сияқты кемеңгерді оқытқан екенсіз ғой.

– Ой, қу журналистер-ай, қай –қайдағыны біліп аласыңдар. (Қадыр аға күліп алды). Мен 57-ші жылы Қаскелеңдегі Абай мектебіне өндірістік практикаға бардым. Менің әйелім осы мектепте оқыды. Ал,
Нұрсұлтан Әбішұлы олардан бір класс төмен оқитын. Мен практикадан өтіп сабақ бергенімде Нұрсұлтан 9-кластың оқушысы еді. Зерек екендігі көрініп тұратын. Бірақ мен өндірістік тәжірибеде жүргендіктен ұзақ уақыт сабақ бергем жоқ қой. Дегенмен аз уақыт болса да оған ұстаздық еткенімді іштей мақтаныш етем.
Бірде Жоғарға Советтің сесиясында Президент қағазсыз өте керемет сөйледі. Үзіліске шыққанда депутаттармен әңгімелесіп тұрдық. Қасымдағы жігіттер Назарбаевтың шешендігін мақтап ала жөнелді.
–Ой, несіне мақтай бересіңдер. Ол кісінің нашар сөйлеуге хақысы жоқ қой,–дедім мен.
–Неге?—деді әлгілер.
–Ол кісінің үш ұстазын білем,–дедім мен.
–Кім?
–Біріншісі, қазір мүмкін келіспессіңдер, ол – Қонаев. Екіншісімен тіпті келіспейсіңдер, ол – Колбин. Адам жамандықтан да сабақ алып, үйренеді. Ал үшіншісін айтпаймын.
– Өй, неге айтпайсың, айтшы, ол кім? –деп мен бәлденген сайын олар ынтыға түсті. Сәлден соң:
– Ол – мына тұрған мен, Назарбаевқа қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бергем,– дедім. Депутат достарымның бірі таңданды, бірі тамсанды. Бірақ мен мұны көп жерде айтқан емеспін. Сен қайдан біліп жүрсің, қу қыз?
–Білемін, бірақ мен де айтпаймын қайдан естігенімді,–дедім күліп.

—Аға, Сіз аузы уәлі, сөзі дуалы , беделіңіз бір басыңызға жетіп артылатын айтулы ақынсыз. Сіз сияқты адамдардың біреу жайлы бір ауыз мақтау сөзінің өзі үлкен пікір туғызып жатады. Басшыларды мақтап, мәселеңізді шешіп алған кезіңіз болды ма?

– Баяғы Компартияның кезіндегі мына бір оқиғаны айтайын. 8 наурыз қарсаңында қалалық партия комитеті «Қазақ интеллигенциясы атынан Димекең жайлы, ол кісінің халыққа істеп жатқан істері жайлы айтып, әйелдерге әңгіме арнаңыз» деді. «Мен біреуді мақтай алмайтын едім. Әйелдер жайлы Тұманбай майын тамызып айтады, сол кісі сөйлесін»,–дедім бір жағы қалжыңға сүйеп. Қалалық партия комитетінің хатшысы Шәріп Омаров мұныма көнбей, қолқалап қоймаған соң бір парақ сөз дайындадым. Сол бір парақ менің тағдырымды шешті.
«Димекең халқына қызмет істеп жатыр. Оның бірі көзге түссе, бірі көзге түспеуі де мүмкін. Бірақ түбінде Димекеңнің мықты қолтаңбасы—жаңарған Алматы болып қалады»,–дедім орысша дайындаған сөзімде. Одан әйелдерге түстім. Хафиздің түрік қызына арнаған «бір меңіңе бір қаланы айырбастар едім» деген өлеңін мысалға келтіре отырып, тарихта есімі қалған мықты әйелдерге тоқталдым. Мұса Жәлелдің әйелі Шолпанды бұған дәлел етіп айттым. Мұса Жәлелді ұлтшыл деп орнынан алған ғой. Одан әскерге кеткен. Сосын тұтқынға түскен. Сол кезде Шолпан Мұса Жәлелдің қолжазбаларын алып, орманның ішіне апарып жасырып қойған. «Біздің әйелдер солай, жарлары үшін жанын қиюға даяр» дегендей әңгіме айттым. Бұл Зухра жеңгемізге ( Д. Қонаевтың әйелі) ұнапты. Нұрсұлтан Әбішұлы ол кезде СовМиннің төрағасы.
Үзіліс кезінде екі-үш адам қолымды алып:
–Құдай біледі, сен жақында өсесің,– деді.
–Неге? – деймін ғой.
–Жаңа сен сөйлегенде екеуі сондай ақылдасып отырды,–дейді әлгілер.
Айтқандарындай-ақ бір ай өткен жоқ, Президиумның мүшесі болып шыға келдім. Әрине, мен әдейі мақтайын дегенім жоқ, зорлап сөйлетті, бірақ реті жақсы шықты.

–Аға, жасыңыз 70-тен асты, аз дүние жазған жоқсыз. Әдебиетке бар үлесімді қосып біттім деп ойлайсыз ба?

– Қырық пен елудегідей болу қайда? 70 оңай жас емес. Бірақ қаламгердің қазынасы шығармасының санымен емес, сапасымен өлшенсе керек. Әлемдік әдебиетте ең көп дүние жазған жазушы Жорж Сименон. Ол кісінің 400-дей романы бар. Бір интервьюінде жазушы «70-тен кейін жазбаймын» деген екен. Шаршаған ғой. Жазуын тоқтатып, 90-дағы шешесін колякаға салып, серуендетіп жүреді екен. Өзі сонда 70-те. Шешесінің тамағын, дәрі-дәрмегін береді. Сөйтіп уақытын өткізеді. Екі жылдан соң шешесі қайтыс болады. Енді бұрынғыдай ермегі жоқ, іші пысады. Сөйтеді де қайтадан жазып кетеді.
Мен осы жазушыны көп жазғаны үшін жек көретін едім. Әлгі интерьвюін оқыған соң жақсы көріп кеттім.Сол сияқты жас ұлғайған соң жамбастап жәй жата алмайды екенсің.

–Қадыр аға, Шерағамыз айтқандай, нағыз жетіліп, піскен шақта тұрсыз. Шаршамаңыз. Оқырмандарыңыз Сізді іздейтінін ұмытпаңыз! – деген едік осы сұхбатта.

Әттең, бірақ арада төрт жыл өткенде мұзарт ақынды мәңгіге жоғалтатынымызды, оны іздеп күллі қазақ елінің көкірегі қарс айырылатынын сонда біліппіз бе? Ақынды мәңгілік сапарға аттандырғанда азынаған көңілдің мұңын төгіп жоқтау жазып ек. Бұл 2011 жылдың 24 қаңтары болатын.

Қазақтың Құлагер Қадыры еді

Өлең-өмір өксігін баса алмай жылап жатыр. Арсыз ажал қазақтың Құлагер қаламгерін құлаттым деп қуыстан қутыңдап сығалайтын сықылды ма?
Жо-Жоқ... Ол құлаған жоқ. Ол әне, әдеттегідей әзілге әуес әлпетімен әдемі жымиып, желкесін жапқан ақ бурыл шаштарын саусақтарымен салалай сипап қойып, самғау биікке қалықтап ұшып барады. Поэзия атты пырақты ерттеп, мінген маңғаз ақын мына ғұсыл дүниеге ту-у ғарыштан көз салып, жақұт жырларымен жалпақ жұртына нұрын шашып тұруға аттанып бара жатқандай. Ал әбиүрсіз ажал оның табанының астында тапталып, жасын жырларының жарқылынан жасқанып, лезде көзден ғайып болды. Өлең-өмір әлгіндегі солығын басқан сыңайлы. Енді ол Қадыр ақынның жанды тербеген, жүректі емдеген сұлу, сиқырлы шумақтарымен шырайланып, шұғылаға шомылғандай рабат реңге еніп келеді.
Қазақтың Құлагер ақыны соңғы демін алды. Осыдан 76 жыл бұрын қаңтарда өлең-өмірдің есігін іңгәлап ашқан Ол дәл қаңтарда сол есікті еппен жауып, елімен үнсіз қоштасып кете барды. Зерделі ойдың зергері, кестелі сөздің шебері, поэзия әлемінің Пайғамбары пәни дүниеден бақи дүниеге бет бұрды. Оны жоқтап, күңіренген қалың қазағын жұбатып, өзегінен құдіретті сөздің сөлі тамған өлмес өлеңдері қалды.
Ол Оңтүстікке жиі келетін. «Оңтүстік менің Оралым секілді» дейтін ақын енді Оралға да, Оңтүстікке де оралмайды. Оның елге келген әрбір сапары енді ертегідей елес болып қалатыны қабырғаны қайыстырады, әттең...
Азалы Алматы әппақ қарға оранған қазалы қаңтарда арда ақынды ақ киімге орап, әппақ дүниеге әкетіп барады. Қазақтың Құлагер ақынын оны шексіз сүйген халқы мәңгі мекеніне—жер бесікке тапсырады.
Ұйқың тыныш болсын, тынымсыз ақын! Топырағың қауырсындай жеңіл, жібектей жұмсақ, мақтадай мамық болсын, қазақтың қадірлі Қадыры!
...деп қоштасқанымызға 10 жылға жуықтапты. Тірі жүргенде биыл 85 жасын тойлар еді жырын сүйген жұрты.

Последнее изменение Среда, 13 Май 2020 03:28
Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.