«Пандемия өзімізді өзгертуге мүмкіндік беріп отыр»

Пятница, 22 Май 2020 03:13 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3673 раз

unnamed

Бүгінгі әлемдік экономикалық дағдарыс бір бүйірден қысып тұр. Коронавирус індеті әлем елдерін алаңдатып отыр. Тығырықтан шығар жол қандай? Кезекті әлемдік дағдарыстың тигізер зардаптары қандай болмақ? Міне, бұл көпшілікті алаңдатқан сауал.
М. Әуезов атындағы ОҚМУ «Басқару және бизнес» жоғары мектебінің деканы Марат Сейдахметовпен осы тұрғыда сұхбаттасқан едік. Экономика саласының маманы әлем елдері енді өзгеше бағытта дамитынын айтады.

IMG 20200519 160730– Марат Қанымбекұлы, бүкіл әлемді дүрліктірген пандемияның қаупі әлі толық сейілген жоқ. Әлем елдері бұл тығырықтан қалай жол тауып шықпақ?

– Жалпы, экономикалық дағдарыстар әр қилы жағдайда өрбиді. Кейде циклдық кезеңдерге созылады. Әлем халқы күрделі жағдайларды бастан кешіп жатқан уақытта COVID-2019 індеті шықты.
Бұрынғы пандемиялар тек локальді жағдайда ғана таралған еді. Ары кетсе төрт-бес елді ғана шарпитын. Ал бұл пандемия әлемге таралып кетті. Оның қауіптілігі де сонда.
Әлемдік экономикалық және қаржылық дағдарыстың кең етек алуына бірқатар факторлар әсер етті: Соның бірі, Қытай мен АҚШ-тың экономикалық сауда соғысының тым ұзақ уақытқа созылып кетуі және COVID-19 пандемиясының дүние жүзі мемлекеттеріне таралуына байланысты экономикада кері төмендеу қауіпінің төніп тұруы.
Grant Thornton стратегиялық талдау Институтының болжамына сәйкес, биылғы әлемдік экономика өткен жылмен салыстырғанда ЖІӨ (Жалпы ішкі өнім) 3-5%, - ға құлдырайды. Пандемиядан кейін экономиканың өзі де, оның құрылымы да өзгереді. Бұл өзгерістерден Қазақстан да тыс қалмайды. Коронавирустық пандемия және мұнай бағасының құлдырауы жаңа әлемдік дағдарысқа алып келді, оны экономистер «ерекше» және «терең» деп атайды.
Пандемия бірінші кезекте экономикада тұтынушылардың сатып алу қабілетінің төмендеуіне әсер етеді. Мысал ретінде Қытай тауар өндірушілерін айтсақ болады: Олар аз уақыт ішінде тауар өндіру көлемін 80% дейін қалпына келтіргенімен, оларға деген сұраныстың төмендігі өндіріс көлемін арттыруға шектеу қоюда. Бұл тенденция мамандар тарапынан барлық елдерде де болжануда. Аталған институттың зерттеулерінің нәтижесі бойынша еңбекке жарамды тұрғындардың 68 % короновируске қарсы шаралардың салдарынан табыстарының төмендегенін атап көрсеткен. Олардың басым бөлігі қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндер. 29% табыстарының бұрынғы мөлшерде сақталғанын айтқан – олар негізінен мемлекеттік қызмет, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, медицина, энергетика салаларында жұмыс істейтіндер. Ал 2% пандемия басталғаннан өздерінің табыстарының артқанын көрсеткен.

– Дағдарысқа тойтарыс беру үшін қандай шаралар қабылдау керек?

– Дағдарыстан көп елдер қиналып жатыр. Жалпы, саясат пен экономиканы бөліп қарастыруға болмайды. Қай жерде саяси стратегиялар мықты болса, ол жерде экономика қарыштап дамиды. Бізге қазір дағдарыстан шығудың нақты кешенді шаралары қажет.
Жалпы, ел экономикасын қалпына келтіру мәселесі бойынша бірінші кезектегі жұмыс тұтынушылардың сатып алу қабілетін қалпына келтіруге бағытталуы керек. Мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асуы тиіс. Яғни, тұрғындарға несиелерді төлеу мерзімін созу; қажет болған жағдайда қосымша несиелер беру мүмкіндігін қарастыру қажет. ШОБ субъектілері үшін несиелердің қолжетімділігін қамтамасыз ету; бизнесті жүргізуді сервистік қолдау және субсидиялау және кадрларды сақтап қалу және дамытуды қаржыландыру міндеті тұр.
Пандемия елдің, бизнестің және қарапайым халықтың өмірінде телекоммуникациялық саланың үлесі жоғары екенін көрсетіп берді. Үкімет отырыстарында соңғы жылдары цифрлық экономикаға көшу мәселесі жиі көтерілді. Жаңа індеттің келуіне байланысты бұл үрдісті одан әрі тездетуге тура келді.
Төтенше жағдай енгізілгеннен кейінгі 2 апта ішінде онлайн режимде көрсетілетін қызметтердің көлемі Қазақстанда 6 есеге артты. Олар білім, жұмыс, тұтыну және демалыс салаларын қамтыды. Бұл жағдай қазіргі экономиканың және әлеуметтік өмірдің цифрландырылу деңгейі мен проблемаларын ашып көрсетті.
Пандемияның салдарын жеңу үшін әлемдік банктің болжамы бойынша экономиканы қолдау шараларына әр ел ЖІӨ-нен 10−20% мөлшерінде қаржы жұмсауы қажет. Мәселе – осы қаржыларды қайдан алуда. Әрине бюджет тапшылығын азайтудың бірден-бір жолы – салықты көтеру.
Қазақстан Үкіметі СOVID-19 індетінің таралуына байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде экономиканы қолдау бойынша бірқатар дағдарысқа қарсы шаралар қабылдауда.
Әлемдік дағдарыс дүние жүзі мемлекеттерін қамтуына байланысты бұл жағдай біздің экономикаға, саяси-әлеуметтік дамуымызға да өз әсерін тигізетінін ұмытпайық.

– Ендігі бағыт – дағдарыстан кейінгі дамуға көңіл бөлу. Дағдарыстан кейінгі экономикалық шараларды қабылдауда не нәрсеге мән беру керек?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемді алаңдатып отырған індетке қарсы күресуде нақты шаралар қабылдау керектігін айтты. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 200 млрд. теңге қаржы бөлініп отыр, сол қаражатты шағын және орта кәсіпкерлерді қолдауда тиімді пайдалану қажет. Өз кезегінде кәсіпорын басшылары мен жергілікті билік өздеріне толық жауапкершілік алып, барлық санитарлық нормалардың сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ, Үкімет пен Ұлттық банк Экономикалық дамуды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды дайындауы тиіс. Бұл да дер кезінде қабылданған шешім.
Қазір коронавирус инфекциясының залалын азайту және экономиканы тұрақтандыру жөніндегі арнаулы штаб жұмыс істеп жатыр. Азық-түлік пен ең қажетті тауарлардың, медициналық мақсатқа арналған заттардың тапшылығына жол бермеу үшін барлық жағдай жасалуда.
Отандық кәсіпкерлерге, шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Жұмыс орындарын сақтауға барынша күш салынуда.
Яғни, бүгінде экономикада негізінен құрылымдық өзгерістер қажеттігі туындап тұр. Соның бірі, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау. Ауылшаруашылық өнімдерін қоймаларда дұрыс сақтау, оның инфрақұрылымын жасау өте өзекті. 2 миллионға жуық тұрғында қосалқы шаруашылық бары айтылды. Міне, ауылшаруашылық өнімдері далада қалмас үшін оны қайта өңдеуге бет бұруымыз керек. Бұл орайда агросекторды цифрлық технологиямен толық қамтамасыз ету мәселесін шешіп алу тиімді.
Жалпы, «жасыл экономикаға» қарай бағыт алу уақыт күттірмейді. Яғни, цифрлық экономиканы дамыту, электронды сауда алдыңғы шепке шықты.
Елімізде пандемияның салдарын жою және алдын алуға арналған көп функионалды ауруханалар салынып жатыр. Бұл дұрыс қадам. Өйткені, профилактиканы ойлауымыз керек. Соны жете түсінетін уақыт жетті. Бізге әлі де болса, эпидемиолог, санитар дәрігерлердің көптеп қажет екенін сезініп отырмыз.

– Коронавирус індеті өз өміріңізге қалай әсер етті?

– Қазір өмірімізде мынадай сөздер тенденцияға айналды ғой. «Әлемнің коронавирустан кейінгі дамуы басқаша болады» деген. Расында солай сияқты. Өзім 60 жасқа келсем де компьютерлік бағдарламаларды үйреніп жүрмін. Бұл заман талабы десек те, қауіпті індеттен кейін үйренуге тура келді. Адамның жақсы жағына қарай өзгеруіне де мүмкіндік беріп отыр. Әлемде экономикалық соғыс жүріп жатқанда, қол қусырып қарап отыруға болмайды.
Әлемде әлі індеттің беті қайта қойған жоқ. Сол себепті сақтық шараларын одан әрі жалғастыра берген жөн. Өз кезегінде біз де, яғни қарапайым халық, Covid 19 бен экономикалық дағдарысты жеңу үшін бостан-босқа үрейленіп дүрлікпей, тәртіп пен сабырлық сақтағанымыз жөн. Сонда ғана қауіптің бетін қайтара аламыз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.