Версия для печати

Баспасөз хатшысы журналист пе, мемқызметкер ме?

Пятница, 26 Июнь 2020 04:04 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5426 раз
Оцените материал
(0 голосов)

f7deb5fc-e65e-4838-95a5-87be81a994f3

Қазіргі кезде шаһардағы эпидемиологиялық ахуал көңілді ала-құла күйге түсіріп тұр. Науқастар саны күн санап көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Дәрігерлеріміз коронавирус пандемиясымен күресте аянбай тер төгуде. Билік пен халық ақ халатты абзал жандарды бүгінгі күннің қаһарманына балап, алғыстарын жеткізіп келеді. Індет өршіп тұрған кезде жұртшылыққа шынайы ақпарат таратудың маңызы зор. Ал аурудың ошағында жүрген қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысының еңбегі елеуге тұрарлық. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында осы мекеменің баспасөз хатшысы Лаура Нақыпқызымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Лаура Нақыпқызы, биыл дәрігерлер үшін үлкен жауапты кезең десек болады. Коронавирус инфекциясымен алдыңғы шепте күресіп жүріп дәрігерлердің вирус жұқтырып алып жатқанын естіп, жазып та жүрміз. Қауіптің ортасынан ақпарат тарату оңайға соқпаған болар?

–Иә, қазір дәрігерлер үшін әрбір минут пен секунд бағалы. Науқастар саны күрт көбейгендіктен, көптеген медицина қызметкерлері ауруханада түнеп, күн-түн демей қалтықсыз еңбек етуде. Оларға жүктелген міндет қаншалықты ауыр екенін жандарында жүрген соң түсінемін. Адам өміріне араша түсіп, аурумен күресу оңай шаруа емес. Ол үшін алтын қолды дәрігерлерге мың алғыс. Адамдар жаппай ауырып, ауруханада жатқандар көбейген сайын халыққа дер кезінде сақтық шараларын ескертіп, шынайы ақпарат таратуға тура келеді. Мұндайда дәрігерлердің алтын уақытын босқа өткізбеуге тырысамыз. Тиісті мәліметтерді алып, дер кезінде бұқаралық ақпарат құралдарына жеткізіп отырамыз.

– Сіздің атыңыз аталғанда журналистен гөрі, дәрігердің бейнесі көз алдымызға елестейді. Журналистикаға қалай келдіңіз?

– Әрбір адамның бала күнгі арманы мен мақсаты болады. Газет, журналдар мен телеарналардан ақпарат таратып, халықтың мұң-мұқтажын жеткізген журналистерге қарап қызығатынмын. Өскенде журналист боламын деп өзіме мақсат қойдым. Арманыма қол жеткізіп, жоғары оқу орнына оқуға түскеннен бастап ақпарат саласында жұмыс істеп келемін. 19 жасымда «Сайрам» телеарнасына жұмысқа орналастым. Қолыма микрофон ұстап, алғаш түсірілімге барғаным әлі есімде. Тұрғындар ауылдың ауыз су, жол мәселесімен шақырған болатын. Телеарна арқылы халықтың үнін билікке жеткізіп, мәселелері шешімін тапқанда, іштей қатты қуандым. Кейін келе, тележүргізуші ретінде өз мүмкіндігімді сынап көрдім. Осылай қолыма диплом алып, маман атанғанымша тілшілік тіршілікті қатар алып жүрдім. Кейін «Отырар» телеарнасына ауыстым. Сол кездері медиахолдинг басшысы Валентина Куликова маған денсаулық туралы материалдар жасауға тапсырма беретін. «Сен денсаулықтың адамысың» деп жиі айтатын. Телеарнада дәрігерлердің қызметі туралы жазып жүріп медицина саласына деген қызығушылығым оянды. Сол қызығушылық осы салаға алып келді.

– Баспасөз хатшысы—журналист па, мемлекеттік қызметші ме?

–Шынын айтқанда бұл – екі мамандықты да бір-бірімен ұштастырып жүрген маман дер едім. Журналист халық пен биліктің арасындағы көпір болса, баспасөз хатшысының жұмысы соған ұқсайды. Біз тұрғындарды медицина саласында болып жатқан жаңалықтардан құлағдар етіп, халықтың мәселесін тиісті жауапты мамандарға жеткіземіз. Бұрындары тек бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көпшілік шұғыл хабарламалар мен маңызды жаңалықтарды хабарланса, қазір әлеуметтік желі арқылы да жүйелі түрде жаңалықтармен бөлісіп келеміз. Біздің міндет тек ақпарат тарату деп айтудан аулақпын, сол көтерілген мәселелердің де оңтайлы шешілуіне атсалысамыз.
– 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні. Осыған орай ақ тілегіңіз болса...
Журналистер қауымы бастарына қанша қауіп пен қатер төніп тұрса да, оқиға орнынан табылып, шынайы ақпарат жеткізіп жатады. Қаламы қарымды әріптестеріме ең алдымен денсаулық тілеген болар едім. Әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдары дамыған тұста төртінші билік өкілдері көтерген кез келген мәлесе шешімін табады деп сенемін. Түйткілді проблемаларды шешіп, халықтың алғысына бөлене беріңіздер.