Бақдәулет ӘБДІРАХМАНОВ: «Сынақ сәтінде сауапқа кенелейік!» Избранное

Среда, 29 Июль 2020 04:06 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 340 раз

566

Ақиқатында адамзат баласының ғұмыры сынаққа толы. Халқымызда «Ауру айтып келмейді» деген тәмсіл бар. Жалпы, әрбір адам басқа келер түрлі қиындықтар мен кесел-кесапаттарға дайын жүруі керек. Ал қиын жағдайдан алып шығар сабыр мен төзім, ынтымақ пен бірлік қана. Карантин жағдайында қаламыздың мешіттерінде бірқатар игілікті жұмыстар атқарылуда. Ақпараттық-насихаттық жұмыстар тоқтаған емес.
Имамдар қауіпті індет жағдайында елдің амандығы үшін ауызбіршілікте, күні-түні қажырлы еңбек етуде. Сондай-ақ, ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақдәулет қажы Әбдірахманов карантин кезінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алда келе жатқан Құрбан айт мерекесіне дайындық мәселесіне байланысты сауалдарымызға жауап берді.

– Бақдәулет Нұрматұлы, қалада індеттің бетін қайтаруда қолға алынған негізгі жұмыстарды атап өтсеңіз…

– Әуелі Алла Тағалаға барлық мақтаулар болсын. Пайғамбарымызға Алланың салауаты мен сәлемі болсын. Жалпы, бүгінгі эпидемиологиялық жағдайда ҚМДБ тарапынан нақты тапсырмалар берілуде. Қалада көптеген қайырымдылық іс-шаралары, ақпараттық-насихаттық жұмыстар қолға алынды. Шымкенттің бас мешітінде осы мақсатта тігін бөлімі жұмыс істейді. Әр аптада мың данадан бетперде шығарып отырмыз. Ол бұйымдар қаладағы мешіттерге, одан қалса әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға таратылуда. Таяуда Мақтаарал ауданында қайырымдылық іс-шарасын өткіздік. Сондай-ақ, «Өмірге үміт сыйла» деген акция аясында ИВЛ аппараттарына тапсырыс бердік. Қазір қалаға 33 данасы келе жатыр. Соны ауруханаларға таратып берсек деп отырмыз.
Шаһарда он сегіз имамнан тұратын жергілікті ақпараттық-насихаттық топ бар. Білікті мамандарымыз күнделікті кестеге сәйкес, әлеуметтік желілерде онлайн сабақтар, сұрақ-жауаптар өткізуде. Әлеуметтік желіде «Шымкент имамдары» деген парақша, iman.kz сайты және ютуб каналымыз арқылы уағыз-насихат толастаған емес. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын таба бермек.
Індетке байланысты ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің жалпы 12 пәтуәсы шықты. Соның бірі, жаназа пәтуасы. Жаназа намазына және қабір басында барлық қатысушыларды қосқанда 10 кісіден артық жиналмау қажет. Карантин аяқталғанша жетісі, қырқы, Құдайы ас сынды жиындарды өткізбеу туралы талаптар бар.
Бізде имамдар жеткілікті. Коронавирус дертінен қайтыс болғандардың жаназасын шығаруға арнайы 20 имамды бекіттік. Мешіт-медреселерде қарантин талаптары сақталуда. Жағдайға көз жеткізу үшін ғибадат орындарын өзім аралап шықтым.

– Мешіт жамағаттары ұйымдасып немесе қала тұрғындары Құдай жолына құрбандық шалу рәсімдерін атқаруда. Бұл жұмыстардың барысы қалай?

– Иә, бұл шариғатымызда құпталған амал. Пәлекеттің бетін қайтаруда, құрғақшылық, қиыншылық болғанда бұрынғы ата-бабаларымыз Алла Тағаладан кешірім сұрап, мінәжатын жасайтын. Құрбандыққа мал шалатын. Тасаттық дейтін рәсіміміз бар. Алла Елшісінің (с.а.с) заманында да адамдар тәубеге келу үшін истиғфар жасап, құрбандық шалған. Біздің есебіміз бойынша қала мешіттерінде бүгінге дейін 9 сиыр, 17 қой құрбандық шалыныпты. Және ол құрбандық еттерінің бәрі мұқтаж жандарға таратылды. Ал бұл рәсімді үйлерінде атқарып жатқан азаматтар қаншама.

– Шариғатта оқшауланудың маңыздылығы жөнінде айтып өтсеңіз. Карантин талаптарын сақтау жөнінде дініміз не дейді?

– Науқасты оқшаулау – шариғат талабы дер едім. Ислам – адам баласының өміріне, денсаулығына, сеніміне, отбасына және абыройына қасиетті, ең құнды дүние ретінде қарайтын дін. Алла Тағала Құран кәрімде: «…өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп қатерге салмаңдар…», дейді. Яғни бұл «Бақара» сүресінің 195-аятының бір бөлігі. Мағынасы өкініші бар қатерден қайтаруды және денсаулыққа қауіп төндіретін, жұқпалы кесірі бар аурулардың таралуының алдын алуды білдіреді. Хадис шәріпте Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандарға зиян көруден және өзгелерге зиян келтіруден сақтануды ескерткен.
Әбу Мұса әл-Әшғариден (р.а) риуаят етілген бір хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үмбетіме қатер қылыш пен обадан келеді» деген кезде бір сахаба: «Уа, Расулалла, қылышты білеміз, ал оба деген не нәрсе?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Көзге көрінбейтін жын секілді дұшпандарымыздың астыртын зиянкестігі. Бұлардың бәріне де шейіт сауабы жазылады», – деп айтты (Әбу Дәуд, Мүснәд). Ислам тұжырымдамасында «Жақсы амалды істеуден зиянды істі қайтару бұрын тұрады» немесе «Қиын іс жеңілдікті талап етеді» деген қағидалар бар.
Және мына хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Обадан қашқан адам соғыстан қашқан адамдай күнә жасаған саналады. Ал сабыр етіп, оба шыққан жерден кетпей, ажал тапқан адамға шәйіт сауабы жазылады», — деген (Әбу Дәуд, Мүснәд). Жалпы, шариғат талаптарына сәйкес науқасты оқшаулау яғни, карантинде ұстау, оқшаулау – Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті болып есептеледі.

– Келе жатқан Құрбан айт мерекесіне дайындығымыз қалай?

– Құрбан айт мерекесі дүние жүзі мұсылмандарын ынтымаққа, бірлікке шақыратын ұлық мереке. Ағайын-туысқандарды бір-бірімен жақындататын жақсы мереке. Індетке байланысты биыл Құрбан айт намазы оқылмайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мерекеге орай Qurban2020.kz сайтын іске қосты. Яғни, сайттың көмегімен ел тұрғындары онлайн түрде құрбандық малын таңдап, төлем жасап, кейін қаласа фото және бейне есебін сұрата алады. Бұл өте пайдалы және қолжетімді ресурс.
Қазір қалада құрбандық шаламын деген азаматтар онлайн құрбандыққа тапсырыс беріп жатыр. Бұл мерекеге орай 100 имам, 50 ерікті іріктеліп алынды. Ал онлайн тапсырыс берушілерге арнайы 2 қасапхана дайындалды.
Жаратқан Алла ниеттерімізді қабыл етсін. Індетпен күресіп жатқан азаматтарға, мемлекеттік қызметкерлерге, баршасына Алла күш-қуат берсін. Бұрынғы қалыпты тіршілігімізге қайтуды Алла нәсіп етсін. Осы жағдайға байланысты шариғатымызда қиын уақыттарда азық-түлік пен дәрі-дәрмектердің бағасын өсіріп тапқан мал-дүние адал болмайтыны айтылады. Керісінше, мұндай кезде көмекке мұқтаж кісілерге қол ұшын беріп, қолдан келгенше көмек беру – үлкен сауап. Сынақ сәтінде жақындарымызға жанашыр болайық! Жаратқан Жаббар Иеміз жер бетінен жұқпалы індетті жойып, барша адамзатқа амандық бергей.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « Тірі энциклопедия