«Жаңарған ұлт – жаңа жетістіктер кепілі» Избранное

Среда, 09 Сентябрь 2020 05:18 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 10550 раз

Мұсатулла Тоқанов-1

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы көпшіліктің қызу талқысына түсуде. Қоғамды қарқынды бетбұрыстарға бастауға негіз болатын құжатты қуаттаушылар көп.
Солардың бірі шымкенттік ғалым, М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың ауылшаруашылығы зертханасының меңгерушісі, биофизик Мұсатілла Тоқанов. «Жолдауды оқып өз ойымды ортаға салуға асықтым» деген ғалымды сөзге тартқан едік.

– Мұсатілла аға, Президент Жолдауында ұлттың жаңа болмысы жайлы көптің көкейіндегі бірқатар мәселе тарқатыла айтылған. «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру» деген Мемлекет басшысының бұл идеясын ғалым ретінде сіз қалай түсінесіз?

–Жалпы бұл жолғы Жолдау ұлттың күйін күйттеп жүрген азаматтарға үлкен серпін берген, елді дамытуға күш салушыларға ой салған дүние болғанын жасырмаймын. Мемлекет басшысы «Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр» деп атап өтті. Бірнеше жобаның авторы ретінде айтарым, ғалымдарымыз жаңалық табудан, ғылыми негізі дәлелденген жоба жасаудан аянып қалып жатқан жоқ. Ендігі кезекте оны тез арада өндіріске ендіріп, күнделікті тұрмыста пайдалануға жол ашуымыз керек. Себебі олардың ішінде ұлтты сақтауға, ұлттың дамуына негіз болатын жобалар аз емес.

–Мысалы, өзіңіз нақты қай жобаны ұсынар едіңіз?

–Еліміздің басты байлығы адам денсаулығы. Тұрғындардың денсаулығына қауіп-қатер төндіретін мәселенің бәріне де бей-жай қарамауымыз керек. Бұл жайында Мемлекет басшысы бұған дейін де ұдайы айтып келеді. Олай болса, ең алдымен адам ағзасын улайтын, денсаулығымызға зиянын келтіретін астан бас тартуымыз қажет.

–Ол қандай ас?

–Кептірілген жеміс-жидек, базардағы мейіз, өрік...

–Апыр-ай, оны дәрумен (витамин) деп, ағзаға пайдалы ас деп білеміз ғой.

–Дұрыс, жалпы кептірілген жеміс жеу керек, оның ағзаға берер пайдасы мол. Бірақ, ол қалай кептіріліп жатыр? Қайдан әкелінген? Міне, мәселе осы жерден басталады. Шымкент базарларындағы жеміс-жидектің барлығы дерлік шетелдерден тасымалданады. Олай болса, ғалымдардың зерттеулері анықтағандай кептірілген өрік, мейіздің басым көпшілігі күкіртті ангидридпен, күкірт қышқылымен кептірілген. Ал, бұл дегеніңіз ағзаны улайды, адам денсаулығына өте зиян. Әсері бірден білінбесе де біртіндеп уланған ағза ауыр дертке ұрындырары анық. Базардағы кептірілген жемісті кампот етіп қайнатсаңыз күкірттің қалай бөлініп шыққанын көруге болады.
Қыстың ортасында базардан жүзім сақтарын алып жейміз. Ал, ол жаңа піскендей қалай сақталды? Сағынан ажырамай тұрған жүзімдердің сақталу технологиясына мән бермейміз, дәмі жоқ болса да көздің жауын алар түріне қызығып аламыз. Ағзаға зиян жемісттің бірі – осы Себебі оны рентген сәулесі арқылы өткізіп сақтайды. Өзіңіз білесіз бұл ультракүлгін сәуле адам өміріне өте қауіпті.

–Өзімізде жеміс ағаштары мол болғанымен, өнімді қайта өңдеу, кептіру технологиясы дамымаған соң, амал жоқ базардағы сырттан тасымалданған түрін тұтынатынымыз жасырын емес. Ғалым ретінде бұл тығырықтан шығатын жолды нұсқасаңыз...

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауында «Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады» деді. Ал бізде бұл тапсырманы жүзеге асыруға барлық мүмкіндік бар. Менің жетекшілігіммен бір топ ғалым жеміс-жидектерді химиялық қоспаларсыз кептіру технологиясын ойлап тапқанбыз. Арнайы авторлық құқық мәселесі де шешілген. Тек осыны енді өндіріске енгізетін кәсіпкер табылса болғаны. Өз жобамның өндірісте кең таралуына мүдделімін.

–Сонда мейіз-өрікті өзіміз-ақ кептіріп алуға мүмкіндік бар ғой...

–Бар болғанда қандай, ешқандай химиясыз, таза табиғи жолмен кептіру технологиясын ойлап тапқанымызға біраз болды. Тек соған қызығушылық танытып, кәсіпкерлер осы бағытта жұмыс істеуге мойын бұрса, пайдадан кенде болмас еді. Азаматтарымыздың денсаулығын сақтауға да көп әсер етер едік. Қазір жеп жатқан жемістердің тауарлық түрі керемет болғанымен, бойындағы химия ағзамызға түсіп улап жатыр. Бұл ұлт саулығына төніп тұрған қауіп.
Президенттің өзі «Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек» деді. Олай болса өзгеретін, жаңа бетбұрыс жасайтын уақыт жетті. Ғылыми жобаларымыз пісіп-жетілгелі қашан. Ендігі жерде соны өндіріске енгізуге көңіл бөлу керек.

– Расында да Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Ірі бизнес өкілдері өңірлік университеттердің ғылыми қызметін қамқорлыққа алса, нұр үстіне нұр болар еді» деді. Бәлкім бұдан былайғы уақытта сіз айтқан жобалар жүзеге асатын болар. Үміт үзбейік.
Ал, енді ауру демекші, сіз сусамырмен ауыратындар, инсульт алғандар үшін Ақмешіт үңгіріндегі таза ауа ағымының шарапаты мол дегенді жиі айтып жүрсіз. Сол жерден емдеу орталығын ашу жөніндегі идеяңыздан да хабардармыз. Бұл мәселе қалай шешілуде?

– Ақмешіт үңгірі жоғарғы күш-қуатты, таза энергетикалық ауа ағымдары шоғырланғанын, бұл аймақты экотуризмге айналдыру, іргесінен сауықтыру кешенін ашу туралы жобамды кезінде өңір басшыларына ұсынғанмын. 2018 жылдың 17 тамызында біздің университеттің басшысы Ұлттық академияның академигі, профессор Дария Пернешқызы Қожамжарованың қабылдауында болғанымда бұл ғылыми жобаны толығымен қолдап киелі Ақмешіт үңгірінің қасиетін түсініп, жоба жетекшісі ретінде оны іске асыруға атсалысты.
Әрине, билік тарапынан д қолдаушылар көп болды. Әзірге бұл аймақты экотуризмге айналдыру жобам біртіндеп жүзеге асып келеді. Менің ғылыми зерттеуімнен хабардар, айтқан ақылымды құлаққа ілгендер соңғы кезде Ақмешіт үңгіріне жиі баруда.
Қазақ «жаман жерді баспа, жаман жерге жатпа» деп жатады. Ал, сол жаман жерді абайсызда басып кетіп, болмаса тұрмыстағы түйткілдерден бойымызға лас, кір энергияны жинап алған шақта міндетті түрде Ақмешіт үңгіріне барып, тазарып қайтуға болады. Ол ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Үңгірге барғанға дейінгі адамның денсаулығы мен үңгірге түсіп шыққан соңғы ағзадағы өзгерісті талай рет тексеріп, зерттедім. Біздің ғана емес, өзге өңірлерден осы үңгірге келген адамдардың да бойындағы бұл өзгерісті тексеріп, бақылап отырдым.
Болашақта үңгірдің іргесінен демалыс-сауықтыру шипажайын салып, оған қымыз, шұбат жеткізіп отыратын етсек, қан қысымының салдарынан болатын талай дертті жанның шипа табуына көмектесер едік.
Ал, жаман энергияны, бойымызға біз қайдан жұқтырып аламыз? Әсілінде геомагнитті толқынның бағыты солтүстіктен оңтүстікке, шығыстан батысқа қарай жүреді. Олардың қиылысу нүктелері де адам ағзасына қауіпті. Міне, осы бағыттың бойында болу, осы қиылысу нүктесінде орналасу адамның жиі шаршауына, еңсесі езіліп, үнемі көңіл күйі болмай жүруіне тікелей әсер етеді. Бұл біртіндеп жүйкеге әсер етіп, түрлі аурудың бас көтеруіне негіз болмақ.
Ашығын айтқанда жұмыс орныңыз немесе жаттатын жеріңіз осы жолақ бойында орналасатын болса, қан-тамыр, буын ауруларына және қатерлі ісік ауруларына бейімдік артады. Жаман энергия: тіл, көз, қарғыс сөз арқылы да ағзаға жиналады. Қазақтың кейде «кірленіп қалыпсың» деп жататыны осыдан. Осындай жағдайды сезінген шақта Ақмешіт үңгіріне барып келсеңіз иммундық күш – қуатыңыз көтерілетіні айқын.

– Мұсатілла аға, әңгімеңізге көп рақмет. Қолға алған жобаларыңыз жемісті болсын.


Жәмила МАМЫРӘЛІ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.