«МәслихатТЫҢ қызметі кеңейтіліп, міндеті арта түседі» Избранное

Среда, 16 Сентябрь 2020 06:20 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 12001 раз

Қыркүйек айының басында ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына кезекті Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы онда жергілікті мәслихаттардың да жұмысына тоқталып, «...мәслихаттардың ревизиялық комиссияларын күшейту керек. Үкімет пен Есеп комитетіне заңнамаға тиісті түзетулер пакетін даярлауды тапсырамын», – деп мәлімдеді. Осыған орай біз Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараевтан Жолдау жүктеген міндеттер туралы пікірін білген едік.

2020-08-21 15.45.23– Ғани Әбдіғаниұлы, жуырда Мемлекет басшысы Жолдауда «Мәслихаттар өкілді орган ретінде өңір қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауға жауапты. Бірақ, көп жағдайда олардың пікірі ескерусіз қалады. Бұл – барып тұрған саяси анахронизм» деп атап өтті. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?

– Әрине, келісемін. Мемлекет басшысы өз Жолдауында 11 негізгі басымдықты айқындап, әр басымдық бойынша тыңғылықты пысықтап, ойластырылған міндеттер мен тапсырмаларды белгілеген еді. Президент, ең алдымен, мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден бастау қажеттігін атап өтті. Жолдаудағы аса маңызды мәселенің бірі – азаматтарды мемлекеттік басқару процесіне неғұрлым белсенді жұмылдыру арқылы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуды жеделдету. Бұл тұрғыда мәслихаттар ерекше маңызды рөл атқарады. Өйткені мәслихат депутаттары сайлаушылардың тыныс-тіршілігімен етене танысып, кез келген мәселелері бойынша мұң-мұқтажын шешуге ықпал етіп, қолдан келген көмегін көрсетіп келеді. Жолдауда ел Президенті жергілікті мәслихаттарға ерекше тоқталып, үлкен міндеттер жүктеді. Өзекті мәселені көтерді. Өз кезегінде біздерге, жергілікті мәслихаттарға үлкен жауапкершілік жүктеліп, сенім артылып отыр деп ойлаймын.

– Президенттің Жолдаудағы «мәслихаттарға жергілікті түйткілді мәселелерді шешу үшін қол жинау және петиция жасау құзыретін беруге болады» деген тапсырмасы сіздердің жұмыстарыңызға қаншалықты әсер ете алар еді?

– Өз басым жергілікті өкілетті орган қызметкері ретінде ел Президентінің мәслихаттардың жұмысын жетілдіруге, оңтайландыруға назарын аударуы қоғамды демократияландыруға бағытталған нақты қадам деп білемін. Жылдар бойы шешімін таппай келген, қордаланған мәселелерді шешуге депутаттардың араласуы үшін қосымша құзырет берілсе, әрине, бұл халық қалаулылары үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік болар еді.

– Мемлекет басшысы айтқан тағы бір жаңалық мәслихат отырыстарының міндетті онлайн-көрсетілімдерін енгізу болмақ. Сіздіңше, бұл өзгеріс депутаттар мен сайлаушылардың өзара байланысын жаңа деңгейге көтере ала ма?

– Халықпен тиімді кері байланыс орнатуы үшін Шымкент қаласы мәслихаты жыл басынан бері қағазсыз жұмыс істеп, цифрландыру процесіне өткен. Яғни, тұрғындардың қандай да бір өтініші, ұсыныстары болса, бұрынғыдай мәслихатқа келіп немесе қағаз жүзінде хат жазып әуре болмайды. Әр депутаттың өз атына тіркелген жұмыс планшетіне өз округіне қарасты тұрғындардан ресми сайтқа жолданған хаттар түсіп отырады. Яғни, Шымкент қаласы мәслихатының ресми сайтында тікелей депутатқа сауал жолдау үшін «Ұсыныс қалдыру, өтінім қалдыру» қосымшалары іске қосылған. Осы арқылы депутат тұрақты комиссия немесе сессия отырысы барысында тұрғындардан келіп түскен мәселені қарай отырып, бірлесе талқылайды. Әлеуметтік желі арқылы да депутаттарға сұрақ қойып, жауап алып, өздерінің ұсыныстары мен көзқарастарын білдіретін аккаунттар жұмыс істеп тұр. Бүгінде карантин бола тұра халықтың көптеген өтініштері ескеріліп, оң шешімін тапқан мәселелер бар десем, артық айтпаймын. Алдағы уақытта да мәслихатта тұрғындармен қарым-қатынасты тығыз орнатып, өзекті мәселелер тез шешімін тауып отырады деп сенемін. Сондықтан, мәслихат отырыстарының онлайн-көрсетілімдерін енгізу бізге қиын болмайды. Меніңше, бұл әдіс халық қалаулыларының жұмысын ашық көрсетіп, бір жағынан депутаттардың жеке жауапкершілігін арттырып, олардың халықпен тығыз байланыс орнатуына жол ашады деп ойлаймын. Әрі мәслихаттың рөлін нығайтуға да үлкен үлесімізді қосамыз.

– Жалпы, ел өмірінде биыл үлкен өзгерістер болуда. Жаппай індетпен көпшілік болып күресіп, денсаулық сақтау алғашқы орынға шықты. Осы төтенше жағдай мен карантин кезінде Шымкент қаласы мәслихатының жұмысы қалай жүрді?

– Шымкент қаласы карантинге жабылса да қалалық мәслихаттың жұмысы тоқтаған жоқ. Өйткені сессияға келіп түсетін мәселелердің заңдылығын қарап, төтенше жағдайға байланысты шұғыл маңызды шешімдер қабылдау керек болды. Тұңғыш Президент –
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын жүзеге асыру мақсатында әріптестеріміз мәслихат аппаратының қабырғасында жүрмесе де жоспарлы жұмыстарын атқарып келеді. Сессия отырыстарын қашықтан өткізіп отырдық. Өздеріңізге белгілі, пандемия жағдайында медициналық аппараттардың жетіспеушілігі, азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, білім саласын қамтамасыз ету сияқты мәселелер туындады. Бұл проблемалардың оң шешілуіне қосымша қаржы қарастырдық. Одан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған дағдарысқа қарсы шараларға қала мәслихатының депутаттары толықтай қолдау білдіріп, пандемия кезінде жеке қаржысынан да материалдық көмек көрсетті.
Бүгінде жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Біз халық пен биліктің ортасындағы көпір болғандықтан, халықтың мұқтажын ескеріп, билікке ұсыныс жасай отырып, азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін мәселені шешуге бірлесе атсалысып келеміз. Індетпен күрес кезінде өзгеге қол ұшын созып, тілеулес болу, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды. Сондықтан қазіргі күрделі жағдайда бізге, ең бастысы, бірлік керек. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, жауапкершілікті таныта білуіміз керек.Сол бірліктің арқасында біз әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қала аламыз.

– Бірлік демекші, карантин кезінде жергілікті атқарушы биліктен бастап түрлі ұйымдар, еріктілер, жекелеген адамдар мұқтаж жандарға көмектесті. Мәслихат та осы игі істен шет қалмаған болар?

– Халық қалаулысы үшін «бөтен біреудің мәселесі» деген түсінік жоқ. Сондықтан, біздер – депутаттар, пандемия жағдайында да, Арыс қаласындағы төтенше жағдай кезінде де зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіп, эвакуация және орналастыру жұмыстарына белсенді араластық. Биыл да пандемия кезінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» қайырымдылық қоры аясында қаржы жинап, 200-ге жуық мұқтаж отбасыға азық-түлік, медициналық маскалар, антисептиктер, ауруханаларға 30-дан астам тыныс алу аппаратын алып бердік.
Жалпы, депутаттар қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастырады. Халық қалаулылары көпбалалы аналар, осал топтағы отбасылар, қариялар, ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды қажет заттармен қамтып отырады. Жастарды қолдау, спортшылар, ардагерлерді қолдау мақсатында сый-сияпаттар жасап тұрамыз. Білім және денсаулық сақтау мекемелері де көмектен тыс қалмайды. Одан бөлек, тек қала емес, жалпы елімізде болып жатқан түрлі төтенше жағдайларда да көмек қолын созуда депутаттар алдыңғы қатарда жүрді. Тек халық қалаулылары көрсеткен көмектерін өз еліне деген сүйіспеншілік пен борышы деп білгендіктен, БАҚ беттеріне жариялай бермейді.

– Жалпы, осы карантин жыл басында жоспарланған жұмыстарыңызға әсерін тигізді ме?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, сессия отырысы мен басқа жиындар да онлайн режимде жүргізіліп отырды. Карантин жоспарлы жұмысымызға айтарлықтай кері әсерін тигізген жоқ. Жыл басында Шымкентті дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру туралы, әлеуметтік-экономикалық жағдай, инфрақұрылымдық құрылыс, электр және газбен жабдықтау, қала аумағындағы мәдениет, дене тәрбиесін дамыту және спорт салаларындағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуы, жол мәселелері мен қоғамдық көлік, әлеуметтік саланы дамыту секілді мәселелер қаралған болатын. Бүгінде бұл мәселелер жоспарлы түрде рет-ретімен орындалып келеді. Республикалық маңызы бар қала болғандықтан, мәслихат жұмысының ауқымы да әлдеқайда артты. Мегаполис мәртебесін алғалы қаланы дамыту жоспарларын құру және олардың бекітілген мерзімде жүзеге асуын қадағалап, қаланың әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығын қамтамасыз етуде ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Бүгінде қаланың бюджетінің көлемі үш есеге артып, 450 млрд теңгеден асты. Биыл қаланың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған кешенді шаралардың қабылдануына ықпал ету, мемлекеттің қаржысын тиімді жұмсалуын қадағалап, оны дұрыс бағытқа бөлу, миллион тұрғынға уақтылы мемлекеттік қызмет көрсету, қала аумағына кіретін аймақтарды сумен қамтамасыз ету және кәріз мәселесін шешу, медициналық қызметтің сапасын арттыру, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, білім сапасын және жастарды қолдау сияқты мәселелерді көп көтердік. Барлығы да кезегімен шешімін тауып келеді.

– Соңғы сұрақ. Алдағы жоспарларыңыз жайлы айтсаңыз?

– Алдағы жоспарымыз, ел азаматы және партиясының белсенді мүшесі ретіндегі ел дамуының жаңа кезеңіндегі негізгі міндетіміз – қала тұрғындары тұрмысының сапасын жақсартуға күш салу. Әріптестеріммен бірлесе отырып ауқымды істер атқардық. Бүгінгі таңда бүкіл әлемге таралған пандемия салдарынан мемлекетіміз барлық елдермен бірге күтпеген қиындықты бастан өткеруде. Індеттің өршуіне байланысты біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде экономикалық даму бәсеңдеп, дүниежүзі аса күрделі дағдарыспен бетпе-бет келді. Мұндай жағдайда кез келген мемлекеттің басты мақсаты халықтың әлеуметтік жағдайын құлдыратпай, қалыпты деңгейде ұстап тұруға бағытталары сөзсіз. Пандемия партия доктринасында белгіленген негізгі құндылықтардың бірі – Адам өмірі айрықша маңызға ие екенін дәлелдей түсті. Сол себепті «Nur Otan» партиясының сапында Елбасының және
Президенттің бастамаларын жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысамыз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.