Нұрлан Қабыштаев: «Пандемия кезінде экономиканы әлсіретіп алмауымыз керек» Избранное

Пятница, 25 Сентябрь 2020 04:31 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 367 раз

Ел Президенті Қ.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Жолдауында кәсіпкерлерді қолдап қана қоймай, қорғауды да сөз етті. Үкіметтен бастап Бас прокуратура, жергілікті құқық қорғау органдарына да үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Осы орайда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының да үлесі көп. Себебі, кәсіпкерлікке баулитын да, олардың құқығын қорғайтын да, бизнес-жобаларды сүйемелдейтін де осы мекеме. Мәселен, кәсіпкерлердің заңды құқығы қорғалуы нәтижесінде биылғы 8 айдың ішінде 3,8 миллиард теңге үнемделген. Бір қызығы, бұл – мемлекеттік қызметкерлердің қателігімен салынған заңсыз өсімпұл мен айыппұлдар екен.
Сенсеңіз, бір кәсіпкер өз ісін дамытуы үшін орта есеппен 54 қызмет түрін пайдаланады. Қағазбастылық, бюрократия деген осы жерден басталмай ма?! Бірақ, Кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған «Бизнеске арналған үкімет» кеңсесінде «бір терезе» қағидасының жұмыс істеуі нәтижесінде кәсіпкерлер бұл өткелден де әупірімдеп өтіп келеді.
Ал құрылғанына 1,5 жыл болған Палата жанындағы Жобалық кеңсе немен айналысуда? Әрине, бетін аулақ қылсын, бірақ, індеттің ықтимал келесі толқындары бола қалған жағдайда кәсіпкерлер тағы да абдырап қалмай ма? Кәсіпкерлікке қатысты осы және өзге де көкейтесті сауалдарды
Шымкент қаласы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаевқа қойған болатынбыз.

d85130b2-e7db-4b90-b85a-f10e18c9c1d2–Нұрлан Орынбасарұлы, дәл қазір ел аумағында «Бастау бизнес» мемлекеттік бағдарламасы бойынша берілетін грант туралы гу-гу әңгіме көп. Білгіміз келетіні, биыл грант үлестірілгенде қай бағыттарға басымдық беріп жатырсыздар?

– «Еңбек» бағдарламасының аясында «Жас кәсіпкер», «Бастау бизнес» жобалары осымен екінші жыл республикалық дәрежесі бар қалаларда іске асып келеді. Былтыр біз 4000-нан астам азаматты оқытқан болатынбыз. Оның екі түрі бар. Біріншісі – 555 мың теңгелік қайтарымсыз грант. Екіншісі – «Еңбек» бағдарламасының аясында 6 пайызбен берілетін 20 миллион теңгеге дейінгі қаржыландыру. Биыл қазіргі күнге дейін 2820 адам «Бастау бизнес» бойынша оқудан өтіп, сертификат алды. Оның бірнешеуі микроқаржы ұйымдары және ауыл шаруашылығын қолдау қорымен жұмыс істеуде. Осы бағдарламаларды әлеуметтік желілерде сынап жатқандар да жетерлік. Биыл бұл гранттарды Жұмыспен қамту орталығы береді. Яғни, біздің тікелей құзыретіміз жоқ. Біз тек кәсіпкерлікке оқытамыз. Палата жанындағы Өңірлік кеңеспен бірігіп, кәсіпкерлерге бағыт-бағдар береміз.
Мемлекеттік бағдарламаларға грант саны әркез шектеулі. Ал өтінім берушілер жылдан жылға көбейіп келеді. Грант байқауының мақсаты да сол – ең үздік жоба өзін көрсетуі керек. Екінің біріне беріле берсе, бәйгенің мәнісі қала ма?! Біздің өңірде халық саны көп, кәсіп бастауға ынталы азаматтарды да санап үлгермейсіз. Осыған орай жылда грант көп беріледі. Дегенмен, барлық адамның көңілінен шығу мүмкін емес. Қайсыбір мемлекеттік бағдарлама болсын, ең басты мақсат – азаматтардың өзін-өзі жұмыспен қамтып, кәсіпкерлікпен айналысуына ықпал ету.

– Палата жанындағы Жобалық кеңсенің жұмысына тоқталсаңыз. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қанша жоба мақұлданды?

– Жобалық кеңсе жергілікті өндірушілерге ұзақ мерзімді келісімшарттар беру, мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру және жобаларды іріктеу, сондай-ақ, заманауи технологиялар негізінде өндірісті ұйымдастыру бойынша көмек көрсетеді. Бұған қоса Жобалық кеңсе импортты алмастыруды ғана емес, отандық тауар өндірушілердің экспорт нарығына шығуын да көздейді.
Мысал келтірер болсам, мемлекеттің экономикада үлесі өте көп. Инфрақұрылымы ауқымды жобалар жүзеге асуда. Жол, мектеп, аурухана, т.б. Бұның бәрі біздің кәсіпкерлерге сату көзі болып табылады. Әр өңірде 6 сала бойынша белгілі КРА көрсеткіші бар. 9 айдың қорытындысына сәйкес 6 саланың бесеуі бойынша КРА орындап келе жатқанымызды атап өткім келеді. Дегенмен, проблемалар да баршылық. Мемлекеттік тапсырыс берушілер отандық емес, шетелдік заттарға өтінім беріп жатады. Әрине, кей тұстарда отандық өнімдер қымбаттау болуы мүмкін. Алайда, өзімізді өзіміз қолдамасақ, отандық нарық ешқашан көтерілмейді.
Бір жыл алты ай бойына жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Жалпы Қазақстан бойынша 500 миллиард теңгенің жобалары іске асып жатыр. Кейбірі енді мақұлданды.
Шымкент қаласы бойынша нақты айтатын болсақ, 32 миллиард теңгеге жуық 50 жоба жүзеге аспақ. Тағы 30 миллиард теңгеге 20 жоба қарастырылу үстінде. Әр өңірдің «Өңірлерді дамыту жоспары» деген бар. Бұл – бес жылдық жоспар. Ал мемлекеттік бағдарламалардың жоспары өз алдына бөлек. Соның бәрін біріктіріп, нақты көрсеткішке қол жеткізуіміз керек. Қазіргі таңда әр өңір осы жоспарды әзірлеуде. Палата ретінде біз белсенді атсалысудамыз. Қажет сауалнама, анкеталардың қорытындысын тұрақты беріп отырмыз. Бұл, ең алдымен, кәсіпкерлерге керек. Мәселен, «Бес жылдың ішінде мектептің жетіспеушілігін жоюымыз керек» деген бағдарлама болса, кәсіпкер соған қатысу мүмкіндігін біле алады. Көп өңірлерде пайдаланылмаған жерлер мен активтер, ғимараттар бос тұрған болуы мүмкін. Сол ресурстарды кәсіпкерлерге жеңілдікпен ұсынуға мүмкіндік бар.
Бүгінде Жобалық кеңсе «Бизнестің жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары бойынша да жұмыс істеуде. Коронавирус пандемиясы кәсіпкерлік саласына да қырын қарап тұр. Әсілі, жобаларға жұмсалған әр тиын мемлекетке салық не әлеуметтік төлем түрінде қайтатынына көзіміз жетуі тиіс. Қаншама жылдан бергі көптеген мемлекеттік бағдарламалардың табысын 4-5 айлық карантин кезінде жоғалтып алдық. Біраз өңірлерде қысқару көп. Қаламызда да шағын және орта бизнес саласындағы көптеген азамат жұмыссыз қалды. Екінші жағынан, жаңа жобалардың саны артуда. Ұғынықты болу үшін Шымкенттің сауда нарығының өте үлкен екенін айтуымыз қажет. Мыңдаған азамат базарларда жұмыс істейді. Бізде басқа өңірлерге қарағанда шағын және орта бизнес өкілдері көбейіп келеді. Жалпы айтқанда, жобалық кеңсенің жұмысы осындай.

– Коронадағдарыс кезінде мақұлданған тәуекелшіл 51 жобаның бір-екеуін айта аласыз ба? ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде жыл басынан бері мақұлдануға тиіс 160 жобаның 4-еуі ғана іске асыпты. Ал бір ғана Шымкентте – 50 жоба. Көзсіз тәуекел ғой...

– Оның бәрі былтырдан бері мақұлданған жобалар. 4-5 ай карантин кезінде жұмыс тоқтап қалды. Бұл кезеңде банктер де, инвесторлар да қаржы құюға тәуекел ете алмады. Биыл 50 жобаның оны ғана іске асты. Былтыр 7 жоба жүзеге асырылады деп, банктен мақұлдама алып тұрған жерінен кейінге шегерілді. Әлде де карантин шектеулері ақырындап алынуда. Банктер карантин кезінде тек кейінге шегерумен айналысып отырды. Жаңа жобаларды қарастыруға олардың мүмкіндіктері болмады. Қазір бұл бағыттағы жұмыс қайта жанданып келеді. Жобалық банктермен бірігіп жұмыс істеу құзыретіміз бар. Екі айда бір рет банктердің директорларын шақырып, барлық мәселені талқылаймыз. Қай жоба қиындау болып жатыр, қай банкте төмен көрсеткіш бар, қайсысы өте белсенді – соларды анықтап, сараптама жасаймыз. Яғни, банктерге көп нәрсе байланысты. Сондықтан қаржыгерлермен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Олардың кәсіпкерлердің жобасын мақұлдауы бізге өте маңызды.
Сүйемелденген жобалар күнделікті қолданыстағы заттарды импортпен алмастыратын тамақ, жиһаз, жеңіл өнеркәсібі саласын қамтиды. 7 млн мен 24 млрд теңгеге дейінгі жобалар бар. Бұрын-соңды өндірілмеген сағыз, алюминий банкілерін, шыны ыдыстар шығаратын зауыттарды айрықша атап айтуға болады.

– Өзіңіз «Шымкентте жасалған» бренді бар отандық өнім тұтынасыз ба?

– Біздің әрқайсымыз елімізде, өңірімізде не шығып жатқанын білуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, патриот болуымыз керек. Мәселен, өз басым супермаркетке барғанда өнімдердің сыртқы мұқабасын мұқият қараймын. Сырты жылтыраған өнімнің орнына өзімізде өндірілетін «Шымкент сүт», «Шымкент құс» фирмаларының ағарғандарын аламын. Біздегі киім-кешектің де сапасы ешкімнен қалыспайды. Гардеробымда отандық тігіншілердің қолынан шыққан киімдерім жетерлік. Шымкентте тігілген «LUX Shoes» ЖШС аяқ киімі де өте керемет. Түркияның мақтаулы аяқ киімдерінен кем түспейді.

– Президент Қазақстан халқына Жолдауында «Кәсіпкерлер заңсыз тексерістен арылсын, құқығы қорғалсын» деді. Кәсіпкерлер палатасы құрылған күнінен бастап кәсіпкерлерді қолдаудан да бұрын олардың құқығын қорғаумен айналысатын орган. Осы орайда проблемаларға да тоқталсақ...

–Шынтуайтында, кәсіпкерлер күнделікті көптеген әкімшілік кедергілерге, бюрократияға тап болып жатады. Кейде оларды заңсыз әрекеттерге мәжбүрлеу орын алады. Дұрыс айтасыз, Палата жұмысының басты қағидаты да осы кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Осы жылдың 8 айының ішінде жергілікті кәсіпкерлер 3,8 миллиард теңге үнемдеді. Яғни, оларға мемлекеттік қызметкерлердің қателігімен салынған заңсыз өсімпұл, айыппұлдар алынып, кәсіпкерлердің құқығы Заңға сәйкес қорғалды. Мәселен, білім, денсаулық сақтау, сәулет және құрылыс саласындағы мамандарға сөгіс беріліп жатады. Олар жойылмайынша кәсіпкерлікті қолдауға жұмсалып жатқан қаражат ойдағыдай нәтиже бермейді. Бұл мақсатта нақты ұсыныстар беріп, жұмысты күшейту керек. Ең басты жақтасымыз – прокуратура. Енді кәсіпкерлердің құқығын қорғаудан бұрын соған жеткізбейтін орта қалыптастыруымыз керек.
Әкімдіктің қолдауымен «Бизнеске арналған үкімет» кеңсесі құрылып, «бір терезе» қағидасымен фронт-офис ашқан болатынбыз. Бұл жерде де кәсіпкерлерге кеңес беру үшін бірнеше мекеме отыр. Қаржылай емес қызмет көрсету бойынша 12 адам, «Shymkent» ӘКК» АҚ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ бар – бәріміз бір терезеден ашық түрде қызмет көрсетеміз. Енді VPN каналдарды қосып, ХҚКО көрсететін қызметтерді осы жерден алатындай етсек дейміз.
Негізі кәсібін жандандырғысы келген әр кәсіпкер шамамен 54 қызмет түрін алады. Басты мақсатымыз – кедергілерді жойып, сапалы әрі жылдам қызмет көрсету.

– Карантин басталғанда, әсіресе, кәсіпкерлер не істерін білмей абдырап қалды. Алда не болатынын ешкім де дөп басып айта алмайды. Дегенмен, қандай жоспарларыңыз бар?

–Құдайға шүкір, қазір карантиннен ақырындап шығып жатырмыз ғой. Дейтұрғанмен, індеттің ықтимал келесі толқындары болу қаупі бар. Дүние жүзі бойынша әлі нақты бір вакцина ойлап табылмады. Сондықтан, ешкім ешнәрсе болжай алмайды. Карантин кезінде көптеген азамат жұмыссыз қалды. Бұл мақсатта жаңа жобаларды ашумен бірге арзан ақша көздерін табуымыз керек. Микроқаржы ұйымын ашу қарастырылған болатын. Биыл карантиннің кесірінен оны ашып үлгермедік. Банктерден бөлек микроқаржы ұйымдарының жұмысын жандандырамыз деп ойлаймын. Көп өңірлерде мұндай ұйымдар өте жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуде. Арзан пайызбен кішігірім несилердің қайтарымы да тез болады. «Нишалық жобалар» деген ұсыныс бергенбіз. Бұның бәрінің мақсаты – жұмыспен қамтамасыз ету. Жұмыспен қамтамасыз етілмесе, экономикамыз бен халықтың әл-ауқаты қиындай береді. Одан кейін карантинге әрқашан дайын болуымыз керек. Бірінші рет жабылғанда бәріміз не істерімізді білмей қалдық. Бірде өндіріске рұқсат берілсе, кейіннен шағын және орта бизнеске қатаң шектеулер қойылды. Екінші карантинде де бейберекет болды. Санитарлық сала мамандары оларға айыппұл салды, ал рұқсат берілген кәсіпкер жұмысын бастамай отырды. Осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін InfoKazakhstan деген платформа ұсынылған болатын. Бұл – онлайн қызмет. Статистика комитетімен мәліметтер базасы біріктірілген. Кез келген адам ЭЦҚ-мен кіріп, өз саласына рұқсат етілгенін-етілмегенін, басқа да барлық жаңалықтарды біле алады. Жабық тұрған бизнес нысандары ашылу үшін осы портал арқылы ережелермен танысуы тиіс. Әр саланың өзіне қатысты санитарлық нормалары бар. Егер сол сақтық шараларын қабылдаса, сәйкестік сертификаты шығады. Соны өзінің нысанына іліп қояды. Бұл келушілерге сенімділік ұялатады. Мәселен, қазір мейрамханаға тамақтануға барғыңыз келсе, міндетті түрде сондай заңнамалық құжаттарға мән беретініңіз анық. Бәрі де денсаулық үшін. Аталған порталға 14500 азамат тіркелді. Тіркелу үдерісі ары қарай да жалғаса береді. Осылайша карантин болып қалған жағдайда алдыңғы кезеңдерге қарағанда кәсіпкерлер дайын деп айта аламыз. Әлгі порталда ұсыныс беру функциясы іске қосылған. Көп азаматтар «неліктен кәсіпкерлерді ғана қорғай береді, тұтынушылардың құқығын неге қорғамайды?» деп сұрақ қойып жатады. Дұрыс сауал. Порталда тұтынушының да арыз-шағымын қалдыратын қызметі бар. Кез келген бизнес нысанына барып, ол жердің санитарлық нормасына көңіліңіз толмаса, сол жерде тұрып-ақ мекенжайын жазып, мекемеге шағым жазуға болады. Яғни, кәсіпкерлер де, азаматтар да әлеуметтік жауапкершілігін арттыруы тиіс. Жапония мен Корея халқы 20 жылдан бері маска, қолғаппен жүреді. Біз бұған енді келіп жатырмыз. Олардың сана-сезімі соған үйреніп қалған. Бұның бәрі кәсіпкерлікті азайту үшін емес, азаматтардың денсаулығын сақтау үшін істелінуде. Таразының бір жағында экономикамыз, екінші жағында азаматтардың денсаулығы тұр. Біреуін қорғаймыз деп, екіншісін әлсіретіп алмауымыз керек. Екеуінің ортасындағы алтын көпір болуға тиіспіз. Тепе-теңдікті сақтау үшін екі тарапты да түсіну керек. Жауапкершілік екі тарапта да болуы керек.

–Қызу жұмыс арасынан уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет! Істеріңізге сәттілік!

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.