Шыңғыс МҰҚАН: "Елдің дамуы әр азаматтың тұлға ретіндегі дамуына байланысты" Избранное

Пятница, 06 Ноябрь 2020 04:08 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 639 раз

 DSC1962

—Шыңғыс Жұмабекұлы, Шымкент қаласына қызметке келгеніңізге де жүз күннің жүзі болды. Сұхбатымызды білім саласынан бастасақ. Бір сөзіңізде «Оңтүстіктің оқушылары сапалы білім алмаса, Қазақстан дамымайды» деп қалдыңыз. Білім берудің сапасын жақсарту үшін қандай жұмыс істеліп жатыр?

—Білім саласының екі жағы бар: ішкі мазмұны және сыртқы формасы. Сырты – бұл инфрақұрылым мен құрал-жабдықтар. Іші – оқу бағдарламасының сапасы. Сыртын тез өзгертуге болады. Мектеп апатты болса, бір-екі жылда орнына жаңа мектеп салуға болады. Мектепке балалар сыймай жатса, қосымша құрылыс салып шешуге болады. Ал білім саласының іші, яғни мәні бұлай жылдам өзгере салуы қиын. Мәселеге осы тұрғыдан келсек, Шымкент қаласының білім саласының сырты әлі бүтін емес. Екі апатты, 19 үш ауысымды мектеп бар. Сонымен бірге, тағы 12 мектеп үш ауысымды мектепке айналып кетудің сәл-ақ алдында тұр.
Мұны мемлекет екі жолмен шешуде: мемлекеттік бюджет есебінен және жекеменшік инвестиция есебінен. Жыл соңына дейін Самал-3, Асар-2 шағынаудандары мен Абдулабад тұрғын үй алабында 4 жалпы орта мектептің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, №№17, 23, 63, 84 мектептердің жанында қосымша 4 ғимарат беріледі. Оған қоса, тағы екі өнер мектебі ашылады.
Келер жылы Тұран мен Сайрамда бір-бір мектептен пайдалануға беріледі. Сайрам мектеп-интернаты мен Тоғыстағы №120 мектептің қасындағы қосымша ғимараттың құрылысы аяқталады.
2020-2021 жылдары салынатын жаңа мектеп пен қосымша ғимараттардың барлығын қоса есептегенде небары 7 020 орын ашылады. Яғни, мұнымен мәселе шешілмейді.
Үш ауысымды мектептер негізінен қаланың орталығында орналасқан. Соны ескеріп, бала саны көп мектептерге қосымша ғимарат салуды қарастырып жатырмыз. Атап айтқанда, №№45, 46, 47, 65, 38, 80 мектептер мен №8 лицейге қосымша ғимарат салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Дегенмен, бұл да мәселені түбегейлі шешпейді. Биыл бір жылда мектеп оқушылары 12 мың балаға көбейіп, мектеп оқушылары 224 мыңнан асты. Шымкент қаласы мен Түркістан облысында демографиялық өсім жоғары екенін ескерсек, оқушылар саны жылдан жылға көбейе береді.
Осы жағдайды ескеріп, білім саласына жеке инвесторларды тартып отырмыз. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасымен, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін іс-шара жоспары жасалды. Барлығы 31 мектеп қамтылды. Биыл жыл соңына дейін үш ауысымды 7 мектеп, 2021 жылы 7 мектеп, 2022 – 2023 жылдары 8 және 9 мектептің мәселесі шешіледі.
Осылардың ішінде 14 мектептің проблемасы жеке инвестиция арқылы шешілмек. Кәсіпкерлер жаңа мектеп салуда немесе бұрын салынған ғимаратты білім беру стандарттарына бейімдеп жатыр. Атап айтсақ, қазіргі таңда 4 тойхананы иесі мектеп етіп ашпақшы.
Білім саласындағы инфрақұрылымды күтіп ұстау да маңызды жұмыс. Биыл 7 мектеп жөндеуден өтті және спорттық 17 ойын алаңы салынды.
Биылғы пандемияға байланысты мектептерге біршама компьютер алынды. Жыл басында 16 оқушыға 1 компьютерден келсе, күні бүгінде 4 оқушыға 1 компьютер келеді.

—Кез келген саланың сырты көзге түседі. Адамдар көбіне сыртына қарап бағалап жатады. Ал ішіне қатысты не айтасыз?

—Ішкі мазмұнын жақсарту бойынша да біраз бастама қолға алынды. Солардың бірқатарына тоқтала кетсем. Білім берудің сапасын арттыратын бірден бір адам – мұғалім. Сондықтан мұғалімдердің біліктілігі — білім саласының сапасын айқындаушы фактор. Лайықты мұғалімдер бәсекелестік жағдайда таңдалады. Тамыз айында hr-process.kz порталы іске қосылды. Осы уақыт ішінде жарияланған 511 конкурсқа 692 үміткер қатысып, 349 мұғалім таңдап алдынды. Олардың 133-і ЖОО-ын қызыл дипломмен бітіргендер болса, 17 мұғалім шетелде білім алған. Бұл жүйеге балабақша тәрбиешілері мен колледж мұғалімдерін іріктеуді қостық. Келер жылы педагогтардың біліктілік санаты осы портал арқылы аттестацияланады.
Жалпы, білім саласында 38 қызмет түрі бар (Оның ішінде мемлекеттік қызмет саны – 34). Цифрландырылғаны – 21. Биыл жыл соңына дейін білім саласындағы 13 қызмет цифрланады. Қалған 4 қызмет 2021 жылға жоспарланған. (Мұғалімдерді аттестаттаудан өткізу, директорлыққа құжаттар қабылдау, қорғаншылық, қамқоршылық).
Сонымен бірге білім беру ұйымдарының басшыларын таңдау да қатаң талапқа сәйкес өтіп жатыр. Айталық, 10 ұйымға 38 үміткер құжат тапсырып, 18-і ғана тесттен шекті балды жинай алды. Қамқоршылық кеңес 3 мекемеге басшы болуға талаптанған үміткерді лайықсыз деп таныды. Сөйтіп 7 мекемеге басшы болғысы келген 9 үміткерді конкурстың әңгімелесу кезеңіне жіберді. Комиссия оның ішінен тек 4-еуін ғана «басшысы болуға лайық» деп таныды.
Бүгінгі таңда тағы да Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты 8 мекемеге конкурс жарияланды. 38 үміткердің біліктілігін бағалау және тест нәтижесі бойынша 15-і ғана қамқоршылық кеңесте перспективалық жоспарларын қорғауға мүмкіндік алды. Конкурстың қорытындысы келесі аптада белгілі болады.
Биылғы оқу жылындағы екінші жаңалық – бастауыш сыныптарда аптасына бір сағат шахмат сабағы енгізілді. Шахматтың баланың интеллектуалды дамуына тигізетін пайдасы туралы айтпай-ақ қояйын. Қазіргі таңда қаладағы 104 мемлекеттік мектепте шахмат сабағы өтіп жатыр. Мектептерде 1 421 дене шынықтыру мұғалімі бар. Олардың 320-сы бастауыш сыныпқа сабақ береді. Солардың біразы 72 сағаттық курстан өтіп, сертификат алды. 300 мұғалім Қазақстан шахмат федерациясының курсынан өтті.
Мұндай ауқымды жұмысты білікті басшы Жанат Тәжиева бастаған білім саласының 27 мыңнан астам қызметкері күнделікті атқарып келеді.

—Денсаулық саласы коронавирустың ықтимал толқынына әзір ме?

—Денсаулық саласындағы үлкен сынақ – коронавируспен күрес. Таңғы 07-30-да коронавирус жұқтырған бойынша ақпарат келеді. Таңым коронавируспен басталады десем артық айтқаным емес. Өткен аптада 14 жағдай тіркелді. Шымкентте апта сайын 10 мыңнан астам адам тест тапсырады. Жұқтырған адам анықталса, СЭҚ мамандары онымен байланыста болған адамдарды анықтап, оларды карантинге алады.
Соңғы айларда мемлекет коронавируспен күреске біршама дайындалды. Қалада өкпені жасанды желдеткіштің саны 310-нан 612-ге жетті. ПТР тапсыратын 4 зертхана болатын, қазір күніне
3 350 тест қабылдайтын 9 зертхана бар. Үш оттегі станциясы орнатылды, 9 сұйық оттегі резервуары орнатылуда. Біршама құрал-жабдықтар алынды. Былтыр медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасына 1 млрд. теңге бөлінсе, биыл 6,5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Одан бөлек 7 нысан күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Олардың ішінде Кардиоорталық пен №3 аурухана жөнделді. №2 аурухана, қалалық перзентхана,
1 және 9 емхана, сонымен бірге Ана мен бала орталығы жөнделіп жатыр.
Дәрі-дәрмектерге арналған тұрақтандыру қоры құрылды. 659 млн. теңге қаралып, коронавирусқа арналған дәрі-дәрмек қоры жасақталып жатыр. Егер кейбір дәрі-дәрмек түрлері тапшы болса, нарыққа шығарамыз.

—Ковид жұқтырған дәрігерлерге өтемақы толық төленді ме?

—Шымкент қаласында 674 медицина қызметкері коронавирус жұқтырды. Төлем бойынша 9 рет комиссия отырысы өтті. Әр жағдай жеке-жеке қаралды. Олардың ішінде 411 қызметкерге 2 миллион теңгеден төленді, қалғаны коронавируспен күреске тартылмаған.
Өздеріңізге белгілі, пандемия басталған кезде Президенттің тапсырмасымен коронавирусты емдеуге тартылған медицина қызметкерлеріне үстемақы тағайындалған болатын. Инфекциялық стационарларда істегендер 1-тәуекел тобы жатқызылып, айына қосымша 850 мың теңге үстемақы төленіп отыр. Провизорлық орталықтарда істейтіндер мен жедел жәрдем дәрігерлері 2-тәуекел тобында. Олар 425 мың теңге алды. Ал, карантин орталықтарында істегендер 3-тәуекел тобы болып белгіленді. Бұл топтағылар 212,5 мың теңге үстемақы алып отырды.
Менің ойымша, үстемақы мөлшері белгіленген кезде тәуекел деңгейі де қарастырылған. Әр медицина қызметкері коронавируспен күреске қатысуға келісім берген кезде жұқтырып алу қауіпі бар екені ескертіледі. Одан бөлек, медицина ұйымдары қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Бұдан былай, егер медицина қызметкері жұмыс кезінде коронавирус жұқтырғаны расталса, оған бас дәрігер жауапты болады.
Жеке медицина секторында әбден шыңдалған Бақытжан Позилов бастаған денсаулық сақтау саласының мамандары төтеннен келген вирустан қорғап, халықты қапы қалдырмайды деп ойлаймын.

—Шымкентте біраз дәрігер эпидемия кезінде қайтыс болды. Олардың отбасылары өтемақы алуы тиіс еді. Қаншасы алды?

–Өкінішке қарай, Шымкентте коронавирус пен пневмониядан 21 медицина қызметкері қайтыс болды. Имандары саламат болсын.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов көпшілігінің үйіне барып, өзі көңіл айтып шықты. Демеушілер есебінен көмек көрсетілді. Комиссияда марқұм болғандардың құжаттарын қарап шықтық. Олардың ішінде тек бір ғана адам коронавируспен күреске тартылған болып шықты. Дегенмен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ол кісілер жоғарыда айтылған үш түрлі тәуекел тобында істемесе де әрқайсысының отбасына 10 млн. теңгеден беру туралы шешім қабылданды. Бұл дұрыс шешім болды деп ойлаймын.

—Сіздің қарауыңызда мәдениет саласы да бар. Қандай өзгеріс күтеміз?

—Шымкенттің мәдениет саласының инфрақұрылымы қалыптасқан. Қалада 6 театр бар. Мұнша театры бар қала кемде-кем. Мәселен, сатира театры, меніңше, басқа өңірлерде жоқ. Қазақстандағы жалғыз өзбек театры да Шымкентте орналасқан. Сонымен бірге, қалада цирк бар. Менің білуімше, елімізде үш-ақ қалада цирк бар.
Ендігі мәселе осы мәдени ұйымдардың ішін мәнге толтыру. Мәдениет саласына Ханзада Есенова жетекшілік ете бастады. Ханзада Әзімханқызы Алматы қалалық мәслихатында екі шақырылымда депутат болған, Алматы қаласының мәдениет саласын және ЮНЕСКО-ның еліміздегі материалдық емес құндылықтар комитетін басқарады.
Зерттеу көрсеткендей, театрлардың репертуарларын қайта қарап, қойылымдардың сапасын жақсарту үшін жұмыс істелуі тиіс. Мені қатты ойландырған факт: Шымкентте қазақ театрының көрермендері орыс театрымен салыстырғанда төрт есе аз. Оның себеп-салдары зерделеніп, тиісті жұмыс қолға алынады.
Қала әкімі алдымызға қойып отырған тағы бір тапсырма: мәдениет мекемелерін табысты ұйымдарға айналдыру. Қай мекеме қанша табыс тапты – бұл басты өлшем болмақ. Табыс өздігінен түспейді. Қызмет сапасын арттырасыз, яғни, көпшілікке мазмұнды әрі қызықты туынды ұсынасыз, сонда ғана көрермен келеді. Көрермен қанша көп келсе, соншалықты кіріс кіреді.

—Биыл Шымкент – ТМД-ның мәдени астанасы. Жыл қашан және қалай жабылады?

—Пандемияға байланысты көптеген іс-шаралар онлайн режимде өтті. 21-22 қарашада эстафетаны Душанбеге береміз. Оны қалай өткіземіз деп көп ойландық. Бір жағынан эпидталаптар бар, екінші жағынан мәдени іс-шаралар тұр. Онлайн өтсе, қызығы аздау болады, офлайн өтсе, кісі көп жиналып қалады. Соны ескеріп, қалада 5 локацияны таңдап алдық. Біріншісі – поэзия және әдебиет, Абай саябағында екі күн өтеді. Екіншісі – театр және кино Шәмші Қалдаяқов гүлзарында өтеді. «Сақ» киностудиясы түсірген кинолар көрсетіледі. Үшіншісі – хореография және музыка. Қаланың бес жеріне пианино орнатылып, музыканттар ойнап отырады. Төртіншісі – бейнелеу өнері Қызғалдақ алаңында ашық аспан астында көрме өтпек. Бесіншісі – Дәстүрлі өнер мен қолөнер шеберлері Жібек жолы алаңында өнер көрсетеді.

—Әр сенбіде «EcoSana» деп жастармен қоқыс тазалап жүрсіз. «Қоқыс тазалаудан санамыз өзгеріп кете ме?» деп ойлайтын адамдар да болуы мүмкін ғой...

—Сананы өзгерту оңай емес. Адам бойындағы көп әдет пен ой-сана бала күнімізде қалыптасады. Дегенмен, кез келген өзгеріс үйренуден басталады. Үйренудің екі жолы бар: теория және практика. Қоқыс тастауға болмайды деп күнде ақыл айтуға болады, онсыз да айтылып жатыр. Бұл – теория. Ал, практикада қалай болады? Өз қолымен қоқыс жинаған адамдар енді қайтып белгіленбеген орынға қоқыс тастамайды. Бұл – бір. Екіншіден, бұл — жастар үшін кездесу, сөйлесу, әлеуметтенудің таптырмас жолы. Таза ауада, игілікті істің басында бас қосқанға не жетсін?!
Сондықтан экологиялық сана тазалықтан басталады. EcoSana қозғалысының мақсаты – тазалау емес, ластамау. Оны үйрету үшін тазалықтан бастауымыз қажет. Қозғалысты 3 қазанда бастап едік. Күні ертең алтыншы рет тазалыққа шығамыз.
EcoSana қозғалысының басты ұстанымы мынадай: әр адам аптасына кемінде бір сағат табиғатқа қызмет етуі тиіс. Табиғат бізге сәт сайын қызмет етеді. Саф ауасын жұтамыз, кәусар суын ішеміз, қоректенеміз. Адам баласынан да бір алғыс болуы керек қой. Өз ісімізбен алғыс айтудың орнына қоқыс тастап, қарғыс айтамыз. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Экосаналылар түбінде осыны түсінеді.
Тазалық күндеріне 17 командадан 350-ге жуық белсенді жас қатысуда. Бұл бастамамызды көршілес Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының жастары жалғастырып жатыр. Баршасына рақмет айтамын. Бұдан былай әрқайсысы өз көшелерінде тұратын адамдарды ұйымдастырып, өздері тұратын жерді аптасына бір рет тазалап, #EcoSana деп әлеуметтік желілерге жариялап отырады. EcoSana орталығы барлығын ескереді.
Ішкі саясат және жастар, сонымен бірге Дін басқармаларының басшылары Жанар Бектаева мен Әлжан Тұяқбаев бастаған ұжымдар жастармен жұмысты жаңа деңгейге көтеретініне сенімім мол.

—Шымкент республикалық маңызы бар қала. Шын мәнінде республикалық қала ма?

—Қағаз жүзінде республикалық маңыздағы қала, ал, іс жүзінде олай айта алмаймын. Шымкент қайткенде шын мәніндегі республикалық маңыздағы қала бола алады? Егер Батыс пен Шығыстан, Орталық пен Солтүстіктен түлектер Шымкентке келіп, осы қалада орналасқан жоғары оқу орындарына түсіп жатса солай айтуға болады. Ол үшін Шымкенттің оқу орындары мықты болуы керек. Бүкіл Қазақстаннан емделу үшін Шымкентке науқастар келіп жатса, солай айтуға болады. Өнерсүйер қауым еліміздің түпкір-түпкірінен Шымкенттің театрларына келіп жатса, солай айтуға болады.
Шымкент мықты қала болу үшін бұл жерде мықты адамдар жұмыс істеуі керек. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы әр сала бойынша қазір мықты мамандарды шақыртып жатыр. Енді осы жерде тағы бір дилемма туады. Басқа жақтан мықты кадрлар келіп жатса, «неге Шымкенттен емес, неге жергілікті кадрлар тартылмайды» деген әңгіме пайда болуы мүмкін. Бұл – облыстық маңыздағы қалаға тән әңгіме. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жұмыс істедік. Бірақ, ешкім «Неге алматылық емессің, астаналық емессің, Шымкенттен келіп мұнда неге қызмет істейсің деп айтқан» емес. Республикалық маңызға ие қала болған соң, мұнда еліміздің кез келген түкпірінен келіп адамдар жұмыс істеуі мүмкін.

—Шыңғыс Жұмабекұлы, сұхбатта бір жеке сұрақ қойсақ деп отырмыз. Бір сұхбатыңызда «өмірлік миссиям – адам дамуы мен ана тіліміздің мәртебесін көтеру» деген екенсіз. Оны қалай түсінуге болады?

—Өткен ғасырда Виктор Франкл деген ғажап ғалым өмір сүрген. Логотерапия ілімінің атасы. Сол өзінің «Өмірден мән іздеген жан» деген кітабында әлеуметтік зерттеуге сүйене отырып, Еуропа жастарының 25 пайызы, ал Америка жастарының 60 пайызы экзистенциялық вакуумда жүреді екен, яғни өмірден аса мән көрмейді. Мәнсіздік кез келген тағдырды тәлкек етеді. Мәннің болмауы адам өмірін мазмұнсыз әрі мақсатсыз етеді. Сондықтан ғұмырлық мақсат-миссияңды қанша ертерек анықтап алсаң, өмір сүру соншалықты жеңіл болады.
Өмір деген не? Өмір – бұл сапар. Бастауы бар, соңы бар. А нүктесінен Я нүктесіне дейінгі жол. Ал, енді біз сапарға шықсақ, қайда және қашан баратынымызды жобалап білеміз. Нұр-Сұлтан қаласына, Алматыға немесе Түркістанға бара жатырмыз дейміз. Бұл – бірер сағат немесе күнге созылатын бір ғана сапар. Оның өз мақсаты бар. Ал, кейбір кісілер ғұмырлық уақытта не істеп, қайда барарын білмейді. Бүкіл бақытсыздық осы өмірлік мақсаттың жоқтығынан бастау алады.
Өмірлік мақсатымды қалай табам деген сұрақтар туып жатады. Бір ғұлама «Не істеріңді білмесең, адамдарға қызмет ет, сонда өміріңде мән пайда болады» деген екен. Меніңше, адам өзі қалаған іспен айналысқаннан мән табады. Франклдың айтуынша, адам өмірде үш нәрседен мән табады: біріншісі, өмірде із қалдыру, яғни жетістікке жету; екіншісі, мәнді қарым-қатынас, яғни сүйген жар, ұлағатты ұрпақ; үшіншісі, қиындықпен күрес.
Сондықтан менің өмірлік мақсат-миссиям – қазақ тіліне қызмет ету. Осы уақытта көзім жеткен қарапайым шындақ бар. Елдің дамуы әр азаматтың дамуына байланысты десек, әр адамның дамуы сол адам сөлейтін тілде бар өзекті ақпараттың көлеміне тәуелді. Демек, Қазақстанның дамуы түптеп келгенде қазақ тіліндегі контенттің, яғни мазмұнға байланысты. Еліміз дамысын десек, ең алдымен қазақша мазмұнды арттыруымыз қажет.

Последнее изменение Пятница, 06 Ноябрь 2020 05:05