Әйелдер қылмысы көбейіп барады

Четверг, 07 Август 2014 06:21 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 10518 раз

Қоғамымызда  әйел  қолымен жасалатын қылмыс түрлері артып отыр. Оның ішінде адам өлтіру немесе тапсырыс беру,  ұрлық жасау, есірткі затын тасымалдау  секілді аса ауыр қылмыстарға барған нәзік жандылар көп.  Жыл басынан бері  ОҚО  қылмыстың істер  жөніндегі мамандандырылған  ауданаралық сотының өндірісінде  145 қылмыстық іс қаралған. 153  адамға қатысты  101 үкім шығарылған. Оның ішінде әйелдерге қатысты 11 үкім бар. Әйелдерді  аса ауыр қылмыс жасауға не итермелейді? Осы және басқа да  сұрақтарға  жауап алу мақсатында  ОҚО қылмыстық  істер жөніндегі мамандандырылған  ауданаралық сотының төрағасы Жәнібек  Сейтжапбаровтан  сұхбат алған болатынбыз. 

-– Жәнібек Әлібекұлы, әйелдердің аса ауыр қылмыс жасауына не себеп деп ойлайсыз? 

– Қазіргі кезде әйелдер қылмыс көп жасайтын болған.  Оны  бір себеппен  шектеп қоя алмаймын. Өмірде түрлі жағдайлар болады. Неше түрлі отбасы бар. Ондағы қарым-қатынас пен  тәрбие, әлеуметтік жағдай да сан қилы. Біреуі  баюды көздесе,  екіншісі, қайтсем, тұрмысымды түзеймін дейді, енді бірі  Абай атамыз айтқандай, «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын». Демек, қалай қылмыс жасағанын білмей қалатындар  баршылық. Тағы бір нәрсені баса айтар едім мен.  Арақ – қазақтың  тамырына балта шауып жатыр. Соның салдарынан  сүттей ұйып отырған әп-әдем отбасының шаңырағы ойран болып жатады. Отағасы күн сайын арақ ішіп келіп,  әйелін ұрып, бала-шағасының берекесін қашыра берсе, әйел не кетіп тынады, не қылмыс жасайды. Оның психикасына айтарлықтай  зақым келетіні  айдан анық нәрсе. Тіпті,  күйеуімен қосылып ішіп, қылмыс жасағандар бар.   Жүкті әйелдер де именбейтін болған. Есірткі заттарын  түрлі айламен шекара асырады. 

– Неге аса ауыр қылмыс деп бөлесіздер? Қандай қылмыс болмасын, оның жазасы да ауыр болу керек қой?

– Дұрыс айтасыз, біз  тек аса ауыр қылмыс жасағандардың ісін қараймыз. Бұл жерде жазасына байланысты. Мысалы, қандай да бір қылмысы үшін 5 жылға дейін  бас бостандығынан айырылып жатса, мұны орта дәрежелі қылмыс дейміз. Жан күйзелісі жағдайында адам өлтіріп қойса, оны орта дәрежеге жатқызамыз. Ал қасақана адам өлтірсе, оған жеңілдік жоқ.  Бас бостандығынан  5 жылдан жоғары айырылып жатса,  аса ауыр қылмысқа жатқызамыз. Демек, қасақана адам өлтіру. Ұрыс керіс салдарынан адам өлтірсе 6-15 жылға дейін жаза қолданады. ҚР Қылмыстық Кодексінің 96 бабының  2 бөлігінде ұйымдасқан топ, жасөспірімдер тобы қылмыс жасаса,  өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделген.  Ал, мораторийге дейін өлім жазасына кесілетін. 

– Жыл басынан бері  әйелдерге қатысты 11 үкім шығарылған. Олардың арасында  жүкті әйелдер де бар екен.  

– Ер, әйел немесе аяғы ауыр екен деп біз шешімді жеңілдетпейміз. Заңға  жүгінеміз.  Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің  72 бабында  жүкті әйелдерге, жас балалары бар әйелдерге және  жас балаларын  жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ер азаматтардың жазасы кейінге  қалдырылады.  Сотталған жүкті әйелдердің жазаны өтеуін сот бір жылға дейін кейінге қалдыруы мүмкін. Жас балалары бар сотталған әйелдер мен жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелейтін еркектердің жазасын орындауды сот бес жылға дейін, бірақ бала он төрт жасқа толғаннан асырмай кейінге қалдыруы мүмкін. Жеке адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған жүкті әйелдердің және жас балалары бар әйелдер мен жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелейтін еркектердің жазаны өтеуі кейінге қалдырылмайды. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде  сотталған адам баладан бас тартса немесе баланы тәрбиелеуден жалтаруды жалғастырса немесе сотталып, жазасын өтеу кейiнге қалдырылған адамды бақылауды жүзеге асыратын орган екi рет жазбаша түрде ескерту жасағаннан кейiн қоғамдық тәртiптi бұзса, сот сол органның ұсынысы бойынша жазаны өтеу мерзiмiн кейiнге қалдыруды тоқтатып, сотталған адамды сот үкiмiне сәйкес тағайындалған жерге жазасын өтеуге жiбере алады. Жазаны өтеуін кейінге қалдыру мерзімі аяқталғаннан кейін немесе бала шетінеген жағдайда не жүктiлiгi үзiлген жағдайда сот сотталған адамның мiнез-құлқына қарай оны жазаны өтеуден босатуы, оны неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыруы немесе сотталған адамды жазаны өтеу үшiн тиiстi мекемеге жiберу туралы шешiм қабылдауы мүмкiн. Егер сотталған адам жазаны өтеуден босату кезеңiнде жаңа қылмыс жасаса, сот оған осы Кодекстiң 60-бабында көзделген ережелер бойынша жаза тағайындайды.

– Жүкті бола тұра, небір қулық жолдармен шекарадан  есірткі алып өтпек болған әйелдер бар дедіңіз.  Оларға қандай үкім шығарылды? Дүниеге келген сәбилерінің тағдыры не болмақ? 

– 1995 жылы  туған Мақтарал ауданының  тумасы шекарадан 50 грамға жуық героинды Өзбекстаннан Қазақстанға   алып өтпекші болған. Сарыағаш ауданына қарасты  «Үкібай»  елді-мекенінің  маңында  автокөлікпен «Қонысбаев»  шекара және кедендік бекеттері арқылы   өту кезінде  оған тінту жүргізілген.  Алайда,  оның өзінен және қол сөмкесінен айғақты зат табылмағандықтан,  Мақтарал ауданы  Асықата кентіндегі  орталық ауруханада  рентген аппараты арқылы тексерунәтижесінде   тік ішегінен медициналық  қолғаптардың саусақ жақ бөліктерінен жасалған 10 дана  резеңке  кесінділерінен   жалпы салмағы 43,1349 грамм  героин және  12,8452 грамм  апиын табылған. Ұсталған азаматшаның айтуынша, оның есірткі затын тасымалдауына  3 адам көмектескен.  Сот  оны кінәлі деп тауып,  дүние мүлкі тәркіленіп, 10 жылға бас бостандығынан  айырды. Айта кетейін, бұл азаматша  тұрмыста болмаған және аяғы ауыр еді. Сәбиін түрмеде босанып алды. 

1992 жылы туған Сайрам ауданының тұрғыны да  салмағы 1, 6611 грамды құрайтын  есірткі затын сатқан. Үйін тінту барысында салмағы 2,52 грамм  полиэтиленге оралған  есірткі заты табылды. Соттың шешімімен  дүние мүлкі тәркіленіп, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Қазір ол жазасын жалпы режимдегі  түзеу коллониясында өтеуде. Сот шешім шығарған кезде бұл азаматшаның қолында жаңа туған бірнеше күндік сәбиі болатын.  Екі әйелдің  нәрестелері 3 жасқа толғанша қасында болады. 

Көп ретте, қылмысқа барған әйелдер жүкті болсақ,  кешіріммен қарайды немесе жазаны жеңілдетеді деп сенеді. Біз тек заң жүзінде ғана үкім шығарамыз. 

Әйелдер қатігезденіп барады. Мысалы, биыл   ішімдік ішіп алып, «әкеме барамын»  дегені үшін қыздарын сабап, екіншісін өлімші еткен  әйелдің де ісі қаралды.  Көңілдесін өлтіруге тапсырыс берген  кәсіпкер әйел 20 жылға сотталып кетті. Ашу, ыза, кек оларды  түрмеге жетелеп апарды. 

– Елімізде судьялардың  үкімді сауатсыз жазатыны, орысшадан қазақ тіліне қате аударатыны  туралы  сын айтылғаны есімізде. Содан бері қандай өзгеріс бар? 

– «Сын түзелмей, мін түзелмейді» ғой. Ол сынды біз дұрыс қабылдадық. Судьялардың барлығы да қазір сот үкіміне жауапкершілікпен қарайтын болды. Грамматикалық қателерді жібермеуге тырысады.  Тіл мамандарынан кеңес аламыз. Түсінбеген жерлер болса, сол кісілерден сұраймыз. Бірақ,  біз газет бетіндегідей немесе әдеби тілмен жаза бермейміз ғой. Біздің де  өзіндік стиліміз бар, заң тілі бар дегендей. Ол жағы да ескерусіз қалмайды. Жыл басында 1 судья үкімінде көп қателер жібергені үшін  ескерту алып, шара көрілген  болатын. Алайда, қазір ол  мұнда жұмыс істемейді. Біздің сотта қателік жіберетін судья жоқ. 

– Судьялардың жұмысына көңіліңіз тола ма?

– Әрине. ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған  ауданаралық сотында  штат бойынша 4 судья қызмет атқаруы керек. Қазір 3 судьямыз бар.  Олар ай сайын 5-6 қылмыстық іс қарайды. Ал, Республикалық мамандандырылған  қылмыстық соттың судьялары   ай сайын 2 іс қарайды екен.  Сонда біздің судьялардың жүктемесі  көп деген қорытындыға келуге болады. Мұның өзі қылмыстың да азаймай отырғанының бір дәлелі. 

– Аса ауыр қылмыстарды қарайсыз, үкім шығарасыз.  Өмірде орын алған небір  сұмдықтың куәсі боласыздар. Осыдан кейін  ұл-қыздарыңызға деген тәртіп  темірдей беки түсетін шығар?

– Менің қызым жоқ.  Бірақ, 3 ұлым бар.  Ел қатары жоғары білім алды. Заң, экономика саласында еңбектеніп жүр. Ұл екен деп оларды босаңсытып қойған кезім болған жоқ.  Олардың тәрбиесіне  әрқашан қатал қараған адаммын. Мен ұлдарыма тәрбие бере алмасам, олар бұзақылық жасаса, онда менің төрелігіме жол болсын! Сондықтан да, « тәрбие отбасынан басталады» демекші,  ең әуелі мен  перзенттерімнің , сосын өзімнің жүріс- тұрысыма аса мән беремін. Өзге ата-аналарға да айтарым осы.  

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

 Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.