Вакцина вирустың таралуына жол бермейді Избранное

Пятница, 09 Апрель 2021 03:42 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 10794 раз

Алаңдаулы әлемнің әл-қуатын сынaғандай болған COVID–19 індетінің кезекті толқыны еліміздің бірқатар аймақтарын қатаң карантин режиміне толық өтуге мәжбүр етіп отыр. Шымкент қаласының аумағында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына аса мән беріліп, дерттің дендеп кетпеуіне алдын алу шаралары жіті қолға алынған. Десек те, соңғы күндерде індет жұқтырғандардың саны артып, нақты деректер қала тұрғындарын алаңдатып-ақ отыр. Алайда, мәселенің мәнісін маманнан артық кім білген?! Осы мақсатта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап ТӨЛЕБАЕВПЕН сұхбаттастық.

602

 

– Әбдіманап Қошқарұлы, инфекцияға шалдыққандар саны Шымкентте соңғы күндері күрт көбейіп кетті. Бұған ең алдымен не нәрсе себеп болды деп ойлайсыз?
– Расында бүгінгі таңға Шымкент қаласында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай қолайсыз болуда. Жағдайдың күрделенуіне тұрғындардың карантин шараларын сақтамауы себебін тигізуде. Қаланың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері ретінде айтарым, мәселеге бей-жай қарамай, дәрігерлердің ескертуіне құлақ асып, барынша сақтық шараларын ұстану қажет.
Әсіресе, адамдар көп шоғырланатын жерге бармау, жиын-той өткізбеу, ұдайы қолды сабынмен жуып, антисептик пайдаланып, маска тағып жүруді ұмытпасақ екен. Қарапайым бұл қағидалар күнделікті тұрмысымызда қолдануға тиіс әдетімізге айналуы керек.

596

 

–Шымкентте мектептердің көбі төртінші тоқсаннан бастап оқушыларға есігін айқара ашты. Бұл қазіргідей індет өршіп тұрған шақта мұғалімдермен қатар ата-аналарды да алаңдатып тұр. Әрине, баланың сапалы білім алғанын, өз ортасында жүріп оқып үйренгенін бәріміз де қалаймыз. Дегенмен, басты байлық денсаулық екенін ескерсек, алаңдаушылық негізсіз емес. Баланың аты бала. Көшеге шыққанда тазалықты сақтай бермеуі мүмкін ғой. Бұл орайда мектептердің санитарлық талапқа сай екеніне толық сенімдісіз бе? Білім беру мекемелері эпидемиологтар тарапынан тексеріліп тұра ма? Мектепте білім алуға қандай жағдайда рұқсат етіледі?
– Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің биылғы 3 наурыз күнгі «Шымкент қаласының аумағында карантиндік, шектеу шараларын ұзарту туралы» №7 Қаулысының 3-тармағының 3.34-тармақшасына сәйкес, 2020-2021 оқу жылының төртінші тоқсанында жалпы білім беретін мектептерде барлық сыныптардың оқушылары үшін сыныптардағы балалар санын 25 адамнан асырмай аралас форматта оқытуға рұқсат етілген. Бұл ретте мына талаптарды қатаң сақтау қажет:
- барлық қызметкерлер мен балаларды медицина қызметкерлерінің күнделікті таңертеңгі тексеруінен өткізуі (термометрия, ғимаратқа кіре берісте қолды антисептикпен өңдеу;
- әлеуметтік қашықтық;
- оқушылар мен қызметкерлерге арналған санитариялық тораптардағы дозаторларда сабынның, қолға арналған дезинфекциялық құралдардың болуы;
- оқушылардың, персоналдың қолдарын өңдеуге арналған тері антисептигі бар санитайзерлерді орнату және оларды тұрақты пайдалану;
- дезинфекциялық режимді қатаң сақтау;
- термометрлердің және дезинфекциялау және жуу құралдарының, антисептиктердің, жеке қорғаныш құралдарының (бетперделер, қолғаптар) азаймайтын қорының болуы;
- жіті респираторлық инфекциялардың (жоғары температура, жөтел, мұрынның бітелуі) және басқа да инфекциялық аурулардың белгілері анықталған кезде қызметкерлер жұмысқа жіберілмейді, балалар үйлеріне қайтарылады.
Осы талаптарды сақтау оқушылар арасында КВИ таралу қаупін болдырмайды. Осы аталған қосымшада жазылған барлық санитариялық талаптарды қатаң сақтаған жағдайда мектептердің жұмысына рұқсат етілді.
Аумақтық басқармалардың мамандары тұрақты негізде қала мектептерінде санитариялық-эпидемияға қарсы талаптарды сақтау бойынша коронавирус инфекциясының таралуын болдырмауға бағытталған санитариялық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Бұдан басқа, мектептерге ерекше тәртіппен тексерулер жүргізіледі, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бері ерекше тәртіппен 22 мектеп тексерілді. Тексеру нәтижелері бойынша анықталған санитариялық талаптарды сақтамағаны үшін мектептердің лауазымды және жауапты тұлғаларына жалпы 4798465 теңгеге 23 айыппұл салынды. Сондай-ақ, 22 мектепті жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша анықталған санитариялық талаптарды сақтамағаны үшін мектептердің лауазымды және жауапты тұлғаларына 22 айыппұл салынды, жалпы сомасы – 2421110 теңге.
Айтайын дегенім, жалпы білім беру объектілері күшейтілген санитариялық-эпидемиологиялық бақылауда.

– Әбдіманап Қошқарұлы, кеше ғана сіз қол қойған 26 сәуірге дейінгі карантин шаралары туралы тағы бір қаулы жарияланды. Онда «Мемлекеттік органдар, меншік иесіне қарамастан ұйымдар мен кәсіпорындар, заңды тұлғалар және кәсіпкерлік субъектілер Шымкент қаласында карантин кезеңінде кеңсе қызметкерлерінің 50%-ын қашықтықтан жұмыс істеуге көшірілсін» делінген. Бұл өзгеріс қауіптің әлі де болса сейілмей отырғанын аңғартуда. Алайда, жасыратыны жоқ, тойханалардың артқы есіктерінен кіріп, жасырын өткелдерінен өтіп, той-томалақ жасап жүргендер жоқ емес. Тәртіпке бағынбағандарға шара көріп жатырсыздар ма?
–Өкінішке қарай, өзіңіз айтқандай, тәртіпке бағынбай көпшілікті жинап, той-томалақ өткізуге әрекеттенгендер баршылық. Қала аумағында департаменттің аудандық басқарма мамандары тарапынан карантиндік шараларды сақтау бойынша нысандарда санитариялық ағарту және түсіндіру жұмыстарын жүргізуге 16 мониторинг тобы құрылған. Осы топ мүшелері күн сайын тәртіпсіздікке бой алдырғандармен жұмыс жүргізуде.
Мысалы, жыл басынан бері топ мүшелері 371 рейдтік түсіндіру жұмысын жүргізіп, 10171 нысанда болды. Оның ішінде 6003-і – тағам нысаны. Яғни, тойхана, дәмханалар. 3258 коммуналды, 592 өнеркәсіптік, 318 балалар және жасөспірімдер нысаны бар.
Сәуірдің 5-іне дейінгі жұмыс нәтижесін айтатын болсам, құрамында аудан әкімдігі, жергілікті полиция, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасының мамандары бар мониторинг топтары карантин режимі талаптарын бұзды деген 156 шұғыл хабарламаны қаладағы төрт аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына жеткізіп отырған. Басқарма мамандары 133 нысанды тексерді.
Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметінің баянатымен ҚР ӘҚБтК-нің 802-бап 1-бөлігі негізінде карантин шараларын сақтамай (нысандарда жұмыс істеу режимін бұзғаны, мерекелік жиындар, туған күн, бесік той, қыз ұзату, құдалық және басқа да жиындар өткізілгені, бетперде мен қолғапсыз жұмыс істегені, санитайзерлері жоқ, нысанда әлеументтік ара қашықтық пен дезинфекциялық режим сақталмағаны), бұзғаны үшін 334 қоғамдық тамақтану орнына (кафе, мейрамхана, тойханалар, асханалар) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар (11 жеке кәсіпкер, 323 жеке тұлға) толтырылды.
Тексерулер барысында анықталған кемшіліктер бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігімен 1156 жауапты тұлғаға (1088 жеке тұлға, 34 жеке кәсіпкер, 6 заңды тұлға, 28 лауазымды тұлға) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Жалпы 71 962 975 теңгеге айыппұл салынды.
Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабы 3-бөлігімен 17 нысанның құжаттары әкімшілік сотқа өткізілді. Әкімшілік соттың қаулысы 12 нысанға шықты. Сот қаулысымен 11 нысанға айыппұл салынды және жұмысы уақытша бір айға тоқтатылды, 1 нысанға тек айыппұл салынды. Қалған 5 іс әкімшілік соттың өндірісінде.

– Дәрігерлер «Індеттен сақтанудың бірден бірі жолы – вакцина қабылдау» деп жатыр. Ел болған соң түрлі пікірдің болатыны да ақиқат. Вакцинаның зияны туралы әңгіме де аз емес. Сіз өзіңіз салдырдыңыз ба? Нәтижесі қандай? «Вакцина салдырамын» деген тұрғындарға қойылатын талап қандай?
– Мен өзіме ақпан айында вакцинаның 2 компонентін де салдырдым. Вакцина салдырудың нәтижесінде КВИ инфекциясымен ауырмайтыныма, ауыра қалған жағдайда жеңіл өтетініне сенімдімін. Ең басты пайдасы – ұжымдық иммунитет түзіп, пандемияны жеңіп, қалыпты өмірге ораламыз.
Шымкент қаласына 1 ақпаннан бастап вакцинаның I компонентінің жалпы 14 700 дозасы әкелінді. II компоненттен 13 100 доза қабылданды. Вакцинация қазір ҚР БМСД №3 қаулысына сәйкес арнайы топтарға жүргізілуде. Вакцинаның жеткілікті болуына байланысты бұл тізімге халықтың қосымша топтары тағы қосылады. Шымкент қаласына қосымша вакцина 9 сәуір күні тағы да жеткізіледі. Вакцина салдырамын деуші тұрғындардың өтініші вакцинаның жеткізілуіне қарай 9 сәуірден бастап
қанағаттандырылады.
Өзіңіз де білесіз, елімізде вакцина алғандардың «Антиковидтік паспорт» базасы әзірленіп отыр. Осы арқылы алдағы кезде кімнің вакцина алғаны, алмағаны мамандарға белгілі болады. Вакцинадан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, өз денсалығын ойлап, туыстарына, жақындарына жаны ашыған адам вакцина алып, ауруды таратпаудың жолын қарастырады деп ойлаймын.
Қазір Шымкентте 36 екпе егу пункті жұмыс істейді. Өтініш білдірген тұрғынның денсаулығы тексеріліп, дәрігерлік тест алынады.
«Спутник V» вакцинасы иық бұлшық етіне 2 кезеңде салынады. Бірінші және екінші кезеңнің арасында 21 күн өтуі керек. Ал белгілі бір жағдаймен 21 күннен асырып алсаңыз, 60 күнге дейін уақытыңыз бар. Яғни, екі кезеңнің арасында 60 күнге дейін аралыққа жол беріледі.
Амбулаториялық картадағы мәліметтер вакцина алушының бүгінгі күніндегі жағдайына сай келуі қажет. Медбике 3 мл-лік бір құтыны 5 адамға 0,5 мл дозадан егеді. Ең бірінші келген адамның көзінше құтының сыртына қабырға сағаттағы уақыт пен дата жазылады. -18 градус суықтан шығарылған вакцина медбикенің алақанында 2-3 минуттың ішінде ериді.
Екіншіден бастап бесінші адам келгенге дейін құтының сыртындағы уақыт пен қабырға сағатындағы уақыт салыстырылып отырылады.
Екі сағаттан бір минут та асып кеткен болса, екпе алушы жаңа құты әкелуді талап етуге құқылы. Өйткені құты ашылғаннан кейін 2 сағат ішінде вакцина салынып бітуі керек.
Вакцина алушыдан өз еркімен екпе салынып жатқаны туралы қолхат алынады. Яғни, екпе алушы бір құжатқа ғана қол қояды. Екпе алуға барған адамның сол сәтте денсаулығында кінәрат болмауы керек. Вакцина алуға келген адамдарға қойылатын арнайы сұрақтардың тізімі бар. Бұл сұрақтар міндетті түрде қойылады және оған шынайы жауап беру керегін ескертемін.
Амбулаторлық картада келген азаматқа көрсетілген уақыт пен датасы және «Вакцина жасауға рұқсат етіледі» деген жазу болуы міндетті. Егуші медбике осы картаға қарауы керек. Медициналық тексеру қорытындысы бір күнге ғана жарамды.
Тұрғын екпеден кейін 30 минут күтіп барып, сыртқа шығады. Одан ерте кетуге рұқсат берілмейді.
Мамандар екпе алған адамды 3 күн бойы қашықтан бақылайды. Хабарласып, жағдайыңызды сұрап отырады.

– Айтыңызшы, әр екі апта сайын созылып отырған карантин шектеулерінің таяуда шегі бола ма?
– Карантиндік шектеу шараларының созылуы немесе тоқтатылуы қаладағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Яғни, әр тұрғын өз денсауылығына салғырт қарамауы керек. Ал вирустың кең таралып кетпеуіне тосқауыл болатын бірден бір шара – ол вакцина салу болып тұр. Сонымен қатар, халық карантин шараларын сақтап, індетке қарсы іс шаралардың жүзеге асырылуына атсалысса, шектеу шараларының жеңілдетуіне әкелері сөзсіз!

–Әңгімеңізге рақмет.