Астанадан қанат қаққан Избранное

Пятница, 02 Июль 2021 04:31 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5367 раз

Еңселі елорда қаншама жасқа жарқын өмір сыйлады. Жиырма үш жылдық тарихы бар ел астанасын дамытып, жас қаланы гүлдендіруде еліміздің түкпір-түкпірінен ағылған жастардың үлесі зор. Бір кездері мұнда арман қуып келген жас мамандар қазір түрлі салада жемісті еңбек етіп жүр. Бұл ретте Шымкенттен шыққан замандастарды да ерекше атап өткеніміз жөн. Осы мақсатта Бас шаһардың туған күні қарсаңында елордада оқып, отбасын құрып, еңбек жолын бастаған Президенттік жастар кадрлық резервінің жеңімпазы Бекжан ӘЛІМҚҰЛОВПЕН сұхбаттасқан едік.

362

 

– Астаналықтардың басым көпшілігі «Елорда жастардың қаласы», «Армандар шындыққа айналатын мүмкіндіктер ордасы» деп айтып жатады. Еліміздің бас қаласына әуелде қандай мақсатпен барған едіңіз?!
– Мектеп жастағы кез-келген жас арманшыл болып келеді емес пе?! Жоғары білімді Алматыда алдым. Ол кезде елордамыз енді гүлденіп, дамып жатқан кезі еді. Үлкендердің ақылына құлақ асып, мүмкіндіктер қаласы Нұр-Сұлтанға арман қуып келдім. 2011 жылы Евразия ұлттық университетіне магистратураға оқуға түсіп, қоныс аудардым десем де болады. Оқып жүріп, 3 жылдай ұлттық компанияларда заңгер болып жұмыс істедім. Сонан соң өз жеке кәсібімді ашуға ниеттендім. Сол мақсатта Оңтүстік Кореяның кәсіпкерлерімен бірлесе Нұр-Сұлтан қаласында бетон өнімдерін шығаратын зауыт ашып, 5 жылға жуық уақыт сонда қызмет атқардым. Осы жылдар ішінде біздің зауыттан 200 мың шаршы метрден астам тас төсеніш (брусчатка) шықты. Осыншама қаланған әрбір тасты қаланың дамуына қосқан үлесіміз деп білемін. Жалпы, 10 жылға жуық елордада тұрақтап, шаһармен бірге дамып, өсіп-жетілдік десем артық болмас. Сөйтіп, Президенттік кадрлық резервқа өтіп, Түркістан облысына өткен жылы жұмыс барысымен қоныс аудардым.

363


–Нұр-Сұлтан қаласы Тәуелсіз Қазақстаның жетістігі деп мойындалып, халықтың мақтанышына айналды. Сізге елорда несімен ұнайды?!
– Жайма-жазық, кең даладан керемет қала тұрғызу – үлкен ерлік пен еңбектің нәтижесі. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы көптің көңілінен шыққан, көз тартар сұлулығына айналған әсем қала болды. Бұл сарабдал саясатты ұстанған Елбасымыздың ерен еңбегі. Бүкіл әлем мойындаған қалаға келіп, әсемдігіне тамсану кез-келген қазақстандықтың ғана емес әлем азаматтарының арманы десек те болады. Бұл қалада дамимын, жетілемін, өсемін деген азаматтарға үлкен жол ашылатын, мол мүмкіндіктер берілетін дүниелер бар. Халқы көп, мәдениеті мен инфрақұрылымы өте жоғары деңгейде дамыған қала. Сол себепті де Нұр-Сұлтан мен үшін үлкен махабатқа ие қала. Осында оқып, өсіп, отбасылы болған соң, аурасы да жаныма жақын. Жетістікке толы 23 жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласы ертегідегідей сәулетті шаһарға айналып қана қоймай, еліміздің мәдени-рухани саласында да елеулі өзгерістер енгізіп, әлем мемлекеттері үшін татулық пен бірліктің символы болды. Қалай айтсақ та, ерке Есілдің жағасынан орын тепкен елордамыздың бүгінгі кескін-келбеті мен әлем алдындағы атақ-абыройы кез келген қазақстандық үшін мақтан етерлік жайт.
– Әңгімемізді Президенттік жастар кадрлық резервіне ойыстырсақ. Топ 300-дің бірі болу. Бұл нені білдіреді және ол сізге не береді?!
– Президенттік жастар кадрлық резерві мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының кезекті керемет жобаларының бірі деп білемін. Бұл жобаға еліміз бойынша 13 мыңдай жас құжат тапсырып, 7 кезең бойынша 300 жас іріктелініп алынды. Аталған жоба аясында білікті, басшылық қабілеттері жоғары, еңбек тәжірибелері мол азаматтар жиналды. Сол азаматтармен тіл табысып, достасып кеттік. Бұл мен үшін үлкен абырой. Сөйтіп, бұл жобадан өтіп, Энергетика министрлігінің атомдық және энергетика қадағалау мен бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша өңірлік департаментінің басшысы болып тағайындалдым. Кәсіпте жүріп, тікелей мемлекеттік қызметке өтуіме себепкер болған бұл президенттік жобаға айтар алғысым шексіз.
– Қателеспесем Президенттік жастар кадрлық резервіне жас кәсіпкер ретінде қатыстыңыз ғой? Кәсіпкерліктен мемлекеттік қызметке келу қиынға соқпады ма?!
– Жеке кәсіпкер болумен мемлекеттік қызметтің айырмашылығы жер мен көктей екен. Жеке кәсіпкердің арнайы белгіленген жұмыс уақыты, кестесі болмайтыны белгілі ғой. Ал, мемлекеттік қызметте ел алдында жауапкершілігің бар. Атқаратын межелі жұмысың болған соң бәріне мұқият болу қажет.
–Бас қаланың туған күніне арналған жылы лебізіңіз болса, мархабат.
– Нұр-Сұлтан – менің өмірімнің ең қызық шақтарына, ең бақытты кездеріне куә болған қала. Отбасымызбен асыға күтетін мерекенің бірі еді. Достарымызбен көрікті қаланың көркем жерлерін аралап қыдыратынбыз. Бұл – біз үшін дәстүрлі демалыс болатын. Ал, қазір қызмет барысымен оңтүстік өңірде болғандықтан, карантин режимі әлі сақталып тұрғандықтан бұл жолы түскей өңірде атап өтетін боламыз. Бас шаһар көркейіп, дами берсін! Елордалықтарды мерекемен құттықтаймын!
– Әңгімеңізге рақмет.