Версия для печати

Психологиялық салон: отбасы татулығын сақтауға көмектеседі Избранное

Пятница, 30 Июль 2021 04:10 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 6778 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте дағдарыс орталықтарынан «Психологиялық салон» ашылды. Салондағы психологтар отбасындағы зорлық-зомбылық, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасын жақсартуға, ата-ана мен бала арасындағы түсінбеушілікті жоюға көмектеседі. Тұрмыстық түйткілдердің түйінін тарқатуға тырысқандар көкейдегі көп сұраққа психологиялық салоннан жауап табуда.
Орайы келгенде осы жобаның авторы – Қазақстан Кәсіби психологтар лигасының мүшесі, «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының президенті, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Лимана ҚОЙШИЕВАМЕН сұхбаттасқан едік.

605

 

–Лимана Құттыбекқызы, өзіңіз бастап, Нұр-Сұлтан қаласынан білікті мамандар да арнайы келіпті. Психологиялық салон жобасын Шымкенттен ашуыңызға не түрткі болды?

–Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі ретінде өңірлердегі отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты жағдайларға назар аударып отырамыз. Өкінішке қарай, жасөспірімдерді зорлау, суицид сияқты оқиғалардың көбі Оңтүстік өңірлерде орын алып жатуы қатты толғандырды. Өзім осы өңірдің қызы болғандықтан білімім мен біліктілігімді жерлестеріме көмектесуге арнасам деймін.
Осы оймен Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқармасына «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қоры атынан жоба ұсындық. Жобамыз құпталған соң бірден іске кірістік. Миллионнан астам халқы бар Шымкенттің өзіне тән ерекшелігі де жоқ емес.

– Отбасындағы зорлық-зомбылық дегенді жиі айтатын болдық. Зорлық-зомбылық дегеніміз не? Бұл категорияға сіз нені жатқызасыз?

–Жалпы отбасында кездесетін зорлық-зомбылықтың 4 түрі бар:
- Физикалық (ұру, соғу, күш көрсету);
- Сексуалдық (еріксіз жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу);
- Моральдық (психологиялық қысым көрсету, намысқа тию, балағаттау);
- Материалдық (қаржылық қысым көрсету, банк картасын алып қою, несие алдыру, мүлкін иемдену).
Несін жасырамыз, отбасындағы зорлық-зомбылыққа көп ретте әйелдің өзі кінәлі болады. Әйелдің «диванды өзім жылжыта саламын», «10-20 келі картопты өзім көтеріп әкеле саламын» деп еркектің алдына түсіп кетуінен қорқу керек. Әйел бұл әрекетін «Ол тұрып, істеймін дегенше, өзім тындыра салғаным дұрыс қой» деп түсіндіреді. Осылайша «өзім істей саламын» арқылы күйеуін әлеуметтік мүгедек етеді. Күйеуінде әйелін сыйламау, құрметтемеу, жаны ашымау басталады. Әйелдің тек қонаққа барарда әдемі киінуі, қонақ келгенде ғана дәмді ас пісіруі... қалған уақытта салпы етек болып жүру, шаш тарамау осының бәрі де ұсақ-түйек болғаныммен күйеуінің әйеліне деген көзқарасын өзгертеді. Еркекке әйелдің «мен сенен ақылдымын» деуі үлкен қателік. Әйелдерден «Мені сыйламайды, төркініме жібермейді, ақша таппайды» деген шағымды жиі естимін. Отбасы – шағын мемлекет. Оның ішкі ережелерін әйелі мен күйеуі бірлесіп отырып жасайды. Олай болса отбасын сақтап қалу, нығайту да екеуіне бірдей міндет. «Менікі, сенікі» деген түсініктен арылып, «біздікі» деген ереже құрып, оны қатаң сақтау басталған кезде отбасының берекесі кіре бастайды. «Мен, сен» дей берген үйден береке кетеді. Өз ережесін тықпалаған ердің де, әйелдің де бір-біріне құрметі қалмайды.
Тәжірибе көрсеткендей, ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушіліктің басты себебі бірін-бірі қабылдамаудан пайда болады. Күйеуі әйелін «менің меншігім» деп есептеуі, ал, әйелдің ерін өз ыңғайына қарай өзгертуге талпынуы түсіне алмаудың бастамасы.
Естеріңізде болсын, әр адам өзін ғана өзгерте алады. Әйел алдымен өзі өзгеріп, өсіп дамуы арқылы ғана күйеуіне ықпал жасайды. Тәрбиесі бөлек, түсінік, танымы бөлек екі жанның 100% келісімге келуі мүмкін емес. Әр жағдайды жеке саралап, дұрыс-бұрысын ажыратып алу керек.

–Яғни кей құрбыларымыздың «психологқа күйеуіміз екеуміз бірдей бармаған соң түк шықпайды» деп налуы бекер десеңізші?

–Дәл солай. Отбасы берекесін сақтап қалғысы келген адам алдымен өзі өзгерсе болғаны. Ықпал ету арқылы жұбын да өзгерте алады.

– Бірнеше айдан бері Шымкенттесіздер. Сіз ашқан психологиялық салонға әсіресе, кімдер көп келуде?

–Біздің салонның есігі 7 жасар баладан 70-80-нен асқан қарияға дейін ашық. Кез-келген мәселеде білікті мамандар психологиялық көмек көрсетуге дайын.
Шынын айтқанда өздігінен келетіндер тым аз. Проблемалардан шығудың жолын таппай қиналғанда не әйелі (күйеуі), досы, туысқаны ертіп келуде.
Жалпы, салонның мақсаты, отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды насихаттау. Психологиялық салон әлеуметтік осал топтарға тегін алғашқы көмек көрсетеді. Сондай-ақ, орталықта заңгер кеңесіне де жүгінуге болады.

–Сіз психологиялық басқа да жобалармен еліміздің өзге өңірлерінде де қызмет жасап жүрсіз. Салыстырмалы түрде алып қарағанда біздегі жағдай қалай?

–Иә, әр өңірдің өзіне тән ерекшелігі бары. Мысалы үшін Солтүстік өңірлерде жасөспірімдер арасында қара киіну, шашты, тырнақты қараға бояу сияқты субмәдениеттілік үрдіс басымдау болса, Шымкентте қыздар арасында ерте жастағы жүктілік мәселесі күн тәртібінде тұр.

–Соңғы кезде «баламды (қызымды) түсінуден қалдым» дейтін ата-ана көбейді. Бұл ненің салдары? Осы тұрғыда мектеп психологының рөлі қандай? Олардың жұмысына көңіліңіз тола ма?

–Бір нәрсе айтайын. Мектептегі психологтарының баламен ғана емес, олардың ата-анасымен де жұмыс істей алуы керек. Алғашқы қадамдардан байқағанымыз: мектепке психолог қызметіне кездейсоқ келгендер көп екен. Мысалы, мамандығы физика пәнінің, не бастауыш сынып оқытушысы. «Орын болған соң психолог болып тұрып алдым» дейді. Егер, дағдарыс орталықтарындағы, қоғамдық ұйымдардағы психологтар жиі-жиі семинар тренингтерге қатысып, өз білімдерін шыңдайтын курстарға баратын болса, мектептегі педагог-психологтарда ондай мүмкіндік өте аз. Сондықтан, олардың біліктілігін көтеруге көмектесуді басты міндет санап отырмыз.
Байқағанымыздай, мектепте психологтің кеңесіне жүгіну оқушы үшін ұят нәрсе саналады екен! Яғни сыныптастары арасында «анаған бірдеңе болып қалған. Анау психологқа барып жүр» деген талқылаудан қорқады. «Біздің сыныпта бәрі жақсы болуы керек!» деген сынып жетекшісінің тапсырмасы да мұқият орындалуы қажет сияқты. Тест сұрақтарын таратқанда да байқайтынымыз жауаптың бір сиямен толтырылуы, сұраққа бірдей жауап берілуі әлі де оқушыға шынайы жауап беруге мүмкіндік берілмейтінін, мектептегі кемшілікті ұстаздар жабуға тырысатынын байқаймыз. Мысалы, өз проблемасын айтып келген қыздың мәселесін мектеп психологі тәрбие «завучына», ал ол оны сынып жетекшісіне айтуы, сынып жетекшісі ата-анасын шақыртуы арқылы істің насырға шауып кеткенін де аңғардық. Бұл дұрыс емес. Жектеп психологы мектеп директорына емес, қалалық білім басқармасындағы арнайы бөлімге бағынышты болуы қажет-ау деген ой түйдік. Сонда ғана білім саласындағы, бала тәрбиесіндегі қордаланған көптеген мәселені шеше аламыз.
Әйтпесе, «Қандай психологтардың еңбегін білесіз? Біліктілікті арттыратын қандай маманның тренингтеріне қатыстыңыздар?» деген сұраққа мектеп психологтарының көпшілігі «Құралай ханымды, Айнұр Тұрсынбаеваны тыңдаймыз» деп жауап берді. Есімдері аталған азаматтар белсенді блогер, коуч маман. Айтатын кеңестерінде жамандық жоқ та шығар. Меніңше, олар өз өмірлерінен көрген, түйгенін мысал ретінде айтады. Бірақ, психолог маман емес қой. Мектеп психологы бала мен ата-ананың, әріптестерінің психологиясын зерттеу, баламен қалай жұмыс істеу керектігін, озат оқушының не себепті сабағы төмендеп кеткеніне, тәрбиелі қыздың не себепті аяқ астынан агрессивті мінез-құлық танытып жүргеніне мән беруі керек сияқты. Ол үшін біліктілігі жоғары болғаны ләзім.

–Әдетте, отбасында ұл-қызына «үйдегіні сыртқа шығармаңдар» деп өсіреді. Тәрбиенің бұл түрін дұрыс емес дей алмаймын. Дегенмен, қиындыққа тап болғанда бала өз проблемасын ата-анасынан гөрі бөгде адамға, психологқа сеніп айтуының себебі неде деп ойлайсыз?

–Арт-терапия арқылы, сурет салып отырып, бала жан сырын ақтарады. 13 жасар қызбен біз мәселені осылай шештік. «Кіші дәретін ұстай алмайды» деген анасы дәрігерлерге көрсеткенін, ендігі кезекте операция жасатқалы жатқанын айтқан. Ал біз 2 сағат сурет салып отырып, ол қыздың бірде бір рет әжетханаға жүгірмегенін аңғардық. Мұның сырын сұрағанымызда қыз «мен ютубтан әйел мен ердің жыныстық қарым-қатынасы туралы фильмдердім. Маған осы тақырып қызық болды, баланың қалай пайда болатыны, жүкті әйелдің босану процесі қандай екенін білгім келіп еді» дейді. Яғни, жасөспірімнің санасында үрей, қорқыныш, босанған әйелдің қиналысы жағымсыз ақпарат ретінде сақталған. Осыдан барып, қыз жиі-жиі зәр шығаратын күйге түскен. Анасына «ондай видеоны көру керек. Бірақ, қызға түсіндіре отырып, оның жақсы, дұрыс жолы қайсы екенін айта отырып, бірге көріңіздер» деген кеңес бергеніміз де, «Сол-ақ па? Оны өзіме айтса да болатын еді ғой...» деп қызына ренжігенін байқадық. Яғни, мәселе қызда ғана емес, отбасындағы қатал тәрбие, мәселені ашық айтып, талқылаудан қашу, «бөтен адамдарға сырымызды ашпайық» деген талап баланың өз ойын ашық білдіруіне тосқауыл болған.
Оқушыларға «Бақытты отбасы дегеніміз не?» деген сұрақ қойғанымызда бір баладан «мен үшін бақытты отбасы деген мамама көйлек әперу» деген жауап естідік. Мәселенің байыбына барсақ, анасы көйлек сатып алғаны үшін әкесінен таяқ жеген екен. Анасының сол бір аянышты хәлін көрген 8 жасар баланың санасында бақытты отбасының өлшемі қарапайым көйлекпен өлшеніп тұр. Көрдіңіз бе, ересектер көп нәрсеге мән бермейміз. Біздің әрбір теріс әрекетімізден бала-шағамыздың жаны жараланып, өмірлік өкінішін іште сақтап жүретінін ойламаймыз.
Біз осы жобамыз арқылы бірқатар отбасылар мен аналардың тұлғалық дамуына үлкен өзгеріс әкелеміз деп ойлаймын. Баланың жасөспірім шағында айналасымен араласқысы келмейтін, тіпті ата-анасымен сөйлесуге құлқы жоқ кезең болады. Бұл сәтте «балам менімен сөйлескісі келмейді» деп алаңсыз жүруге болмайды. Баламен қарым-қатынаста ата-ана ерекше рөл ойнайды.

–Сіз адамдардың ой-пікірін оқуда арт-терапиямен қатар «шимай-шатпақ» әдістемесін де қолданамын деп қалдыңыз. Бұл әдістің ерекшелігі қандай? Расымен де шимай-шатпақтан адамның ойын білуге бола ма?

–12 кестеден тұратын «Шимай-шатпақ» терапиясы пісіп-жетілу үстінде. Жақын арада оның да тұсауы кесілмек. Ал, арт-терапия арқылы адамдардың ішкі ой дағдарысының себебін анықтауда бірқатар жетістікке жеткенім рас. Бұл тұйықталған сананың ашылуына көп септігін беретін терапия.
Арт-терапия – «өнермен емдеу» мағынасын береді. Алғашқыда терапияның бұл түрін тек сырқат, ауру, немесе демалыс үйіндегі емделушілерге ғана қолданады деген түсінік болды. Қазіргі кезде бұл терапия шығармашылық жағдайын дамытып қана қоймай, адамның бойындағы қасиеттердің мүмкіндігін түсініп ашуға да жағдай жасайтыны дәлелденген.
Арт терапия – бұл емдеу ғана емес, сонымен қатар креативтің, тұлғаның дамуы мен үйлесімділігі, кез-келген жағдайды шешуге көмек. Бейнелік өнер арқылы жанның дамуы мен емдеудің табиғи және қолайлы әдісі.
Қорқыныш, ішкі шиеленістер, балалық шақтағы елестер, негативті естеліктер, жағымсыз түс көру және тағы басқа көріністерден арылуға көмектеседі.

–Мидағы артық ақпараттан дер кезінде арылып отыру керек дейсіз. Оның қайсысы керек, қайсысы керек емес екенін қалай анықтаймыз? Біз үшін бәрі де керек ақпарат сияқты ғой...

–Бізде қазір ақпарат тасқыны орасан көп. Керекті де керек еместі де миға жинап аламыз. Санадағы қажетсіз ақпараттан арылып отыру керек. Реті келгенде оқырмандарыңызға мынадай кеңесті ұсынар едім:
Бұл өміріңізге қажет болар 5 қағида.
- Егер ішкі жан дүниеңізде қорқыныш болса, өмір бізге қорқынышты әкеледі;
- Егер ішкі жан дүниеңізде агрессия болса, өмір Сізге шабуыл жасайды;
- Егер ішкі жан дүниеңізде күресу тілегіңіз болса, өзіңізге қарсыластарды көбейтесіз;
- Егер ішкі жан дүниеңізде кінәлі сезім болса, өмір Сізді жазалауға себеп табады;
- Егер ішкі жан дүниеңізде реніш болса, өмір ренішіңізді одан әрі ұлғайтады.
Осылардың бір ғана мақсаты: Сіздің ішкі әлеміңізде не бар, өміріңіз соған қарай бет алады. Сондықтан іштегі өкпе-реніштен, мидағы қажет емес ақпараттан арылыңыз. Сіздің ішкі әлеміңіз өміріңіздің айнасы. Жан дүниеңізге көңіл бөліңіз!

–Лимана Құттыбекқызы, жасыратыны жоқ, қазір әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз психологтан көп маман жоқ. Көбі 2-3 айлық курстан өтіп сертификат алып, психологиялық тренинг өткізіп жатқаны...

–Сұрағыңызды түсіндім. Қазіргі уақытта, көпшіліктің пихологиясын игеру, санасына әсер ету белең алғандықтан, бізде әлі де топтық психология түсінігі өршіп тұр. Тобырлық менталитет десек те болады. Бүгінде осы тобырлық/топтық санадан арылуға көмек беретін мамандар көбеюі қажет. Өз даралығын, тұлғалық қасиетінен арылған адамның өмір жолында өзі қалағанына қол жеткізуі қиын. Себеп, өзіндік ойы мен мақсаты, жеке пікірі жоқ, өзіндік энергетикасы әлсіз. Өзі «өзін жоғалтқан».
Ашынғаннан шығады ащы дауысым демей ме, жан айқайдың өзегін тауып, онымен жұмыс істейтін мамандар көбейгенін қалаймын. Қазір дәл осы тобырлық/топтық санадан арылуға көмектесе алатын кәсіби мамандар жоқтың қасы. Өйткені, қаржылық жағынан тиімсіз. Сондықтан да, бұндай мамандардың кәсібилігін көтеру үшін мемлекеттік тапсырыс қажет-ақ.
Психологтың алдына келген әр адамның өз тағдыры бар. Маман ретінде ұстанымым адамды адастырмай оған тиімді жолды нұсқау. Біздің салада әдіс-тәсілдер көп. Оны дайын шаблон ретінде қолдану, тұлғаның негізгі «менің»жоғалтуына алып келеді. Ондай дайын шаблонды ұсыну керісінше адасу немесе жай көп ақпараттың бірі ғана болып қалады. Психолог адамның жан саулығына жауапты екенін сезіну керек. Жалпыға бірдей бір кеңесті беріп, нәтижесінде тұлғаның даралығын жоғалтуға болмайды.
Индивид өзін жоғалтқанда ғана, біреудің идеясының құрбаны болады. Осындай жағдайларға дұрыс аналитика жасап, әр адамның ішкі сұранысын жеке қанағаттандыру арқылы, олардың өзін-өзі тануына, табуына үлес қосқанымыз жөн.
Керісінше оны өзіндік бас пайдасына пайдаланатын адамдарда кездеседі. Манипуляцияға берілгіш болады. Мұндай адамды игеру оңай.
Бірақ, осындай жағдайды қалт жібермей кей «мамандардың» халықты пайдалануы ұят. Тіпті авторлық әдісті келген клиентке ұсынбас бұрын, жан-жақты анализ жасап алған дұрыс. Мысалы, шетелдік маманның әдіс тәсілін қазақ мәдениетіне тықпалап сананы улау қаншалықты сіңімді?! Керегін ғана берген жөн. Олай болмаған жағдайда жаны уланған жандар қатары көбейе бермек.

–Әңгімеңізге көп рақмет.