Күн тәртібінде - әлеуметтік мәселе

Понедельник, 25 Август 2014 04:23 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5919 раз

Шымкент қаласы әкімінің 2013 жылдың қорытындысы бойынша қала тұрғындарына  есеп беру барысында айтылған ұсыныстары мен ескертулер бойынша берілген жауаптар

1.Қалқабаев Серік, «Қазығұрт» ш/а тұрғыны:
Сұрақ: - «Қазығұрт» ш/а емхананы кеңейтіп, қосымша мамандар бөлінсе.
Жауап: - Қалада орналасқан денсаулық сақтау мекемелері облыстық денсаулық сақтау басқармасының құзыретіне жатады. Осыған орай, 2013 жылдың 22 ақпан күні №5/23-806 хатпен облыстық денсаулық сақтау басқармасына ұсыныстар жолданды. Жалпы 2010 жылы «Қазығұрт» шағынауданында №1 Шымкент қалалық отбасылық дәрігерлік амбулаториясының құрылысы салынып, пайдалануға берілген. Аталған амбулаторияның жанындағы ескі ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ағымдағы жылы №11 емхана болып қайта тіркеуден өтіп отыр. Емхананы білікті мамандармен қамту шаралары қолға алынған. Сонымен қатар, 2013 жылғы мамыр айында қаланың әлеуметтік экономикалық картасына 500 ауысымды емхана ғимараты құрылысын салу мәселесі енгізілді. Жоспарға сәйкес емхананың құрылысы 2015 жылы жүргізілетін болады.
2. Құрасбек Еркебұлан, Саз колледжінің 3-ші курс студенті:
Сұрақ: - Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, мәдениеттілігін арттыру мақсатында қандай шаралар атқарылуда?
Жауап: - Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мен жастарға көңіл бөлу жылдан жылға ұлғайып келеді. Өткен жылдың соңында Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы ашылды. Қазіргі кезде облыстық жастар орталығы және «Шымкент жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемелері, сондай-ақ, қалалық ішкі саясат, білім, спорт және денешынықтыру бөлімдері мен барлық деңгейдегі оқу орындары жастар мәселелері бойынша жұмыстарды үйлестіреді.
Жастар қаланың қоғамдық өміріне белсене араласуын қамтамасыз ету мақсатында қала көлемінде өткізіліп отырған мәдени-көпшілік іс-шараларға кеңінен тартылып келеді. Атап айтқанда, 1-мамыр «Қазақстан халқы бірлігі күні», 7-мамыр «Отан қорғаушылар күні», 9-мамыр «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні», 4-маусым «Мемлекеттік рәміздер күні», 6- шілде Астана күні, Конституция күні мерекелеріне орай қала көлемінде өткізілген іс-шараларға қатыстырылды.
Жас қазақстандықтарды өз еліне, Отанға деген патриоттық сезімін ояту, Қазақстан халқының мәдениетін, тарихын және дәстүрін құрметтеуге баулу мақсатында «Бірлігімізі жарасқан», «Елімнің тағдыры-менің тағдырым», «Рәміздерім мақтанышым!», «Берік отбасы – күшті мемлекет», «Шымкент-жастар мақтанышы!» атты іс-шаралар мен конференциялар, «Таза қала» айлық тазалық акциялары өткізілді.
Сонымен қатар, облыстық және қалалық «Ырыс алды-ынтымақ» қоғамдық форумдарының отырыстары жас ұрпақ тәрбиесі, патриоттық тәрбие беру  мәселелері қаралып, форум аясында бірқатар іс-шаралар атқарылуда.
Атап айтқанда, жоғары оқу орындары мен орта арнаулы оқу орындарында оқитын жастардың аға буын өкілдерімен кездесу өткізу кестесі бекітілді. Кестеге сәйкес әрбір оқу орнында патриоттық тәрбие беру, жастар жастардың аға буын өкілдерімен сұхбаттасу, қоғам қайраткерлері кездесулер ұйымдастырылып өткізілуде.
Сонымен қатар, жастарды отансүйгіштікке баулу, мәдениеттілігін арттыруда көрнекі үгіт құралдарының мүмкіндігін пайдалану жоспарлануда. Биылғы жылы бұл мақсатта қаланың негізгі көшелеріне                 93 баннер (отансүйгіштікке баулитын халық мақалдары, ұлы ғұламалардың ой-пікірлері, нақыл сөздері және т.б.) орнату жұмыстары жүргізілді.    
3. Мирсиева Диана, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 2 курс студенті:
Сұрақ: - Қаланың тазалығын, тұрғындардың мәдениеттілігін арттыру мақсатында қандай шаралар атқарылуда? Неге қоғамдық орындарды, көшені ластаған, қоқыс тастаған азаматтарға құқық қорғау қызметкерлері қатаң шара қолданбайды? Қолданған шараны БАҚ арқылы кеңінен насихаттасақ жастарға тәрбие болар еді.      
Жауап: - Қоғамдық орындарда тәртіп пен тазалықты сақтау, тұрғындардың мәдениеттілігін арттыруда телеарналардың рөлі жоғары екендігі белгілі. Бұл мақсатта 2013 жылы 18 млн. 87 мың теңге қаралып, қалалық ішкі істер бөлімімен бірлесе отырып, қала тазалығы мен белгіленбеген жерлерде сауда жасаушыларға көрілетін шаралар, қала тұрғындарының қаланы таза ұстау, мәдениетін көтеру бойынша арнайы 6  бейнеролик пен 1 бейнефильм дайындалып, жергілікті «Қазақстан - Шымкент», «Айғақ» және «Отырар» телеарналары арқылы көрсетілді.
2013 жылғы 21 қыркүйек күні жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылып өткізілді. Сенбілікке 10 000-нан астам жастар мен қала тұрғындары белсене атсалысты. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарымен бірлескен тұрақты рейдтер өткізіліп, қоғамдық орындарды ластаған 6265 азаматқа хаттама түзіліп, тиісті шаралар қолдану ұйымдастырылып келеді. Оның ішінде белгіленбеген орында темекі шегу бойынша 3653 хаттама, қала көркін ластау бойынша 932 хаттама, ұсақ құқық бұзушылық бойынша  1680 хаттама толтырылып отыр. Ағымдағы жылы қала тазалығы мен белгіленбеген жерлерде сауда жасаушыларға көрілетін шара жөніндегі бейнеролик 12-22 сәуір аралығында күніне 10 реттен, 31 мамыр мен  4 маусым аралығында күніне  3 реттен көрсетілсе, 28 тамыз бен  6 қыркүйек, 14-20 қараша, 26 қараша мен 6 желтоқсан, 9-15 желтоқсан аралығында күніне 10 рет жиілігімен көрсетілуі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қала тазалығы және қала тұрғындарының қаланы таза ұстау, мәдениетін көтеру көтеру бойынша дайындалған бейнефильм ағымдағы жылғы 28-30 тамыз аралығында «Қазақстан-Шымкент», «Айғақ», «Отырар» телеарналары арқылы көрсетілді.
4. Ли Людмила Анатольевна, Халықтар достығы университетінің  студенті:
Сұрақ- Жасөспірімдер арасында қылмыс санын  азайту мақсатында әкімдік тарапынан насихат жұмыстары қаншалықты  жүргізілуде?
Жауап: - Оқушыларды бақылаудан тыс қалдырмау үшін, қаладағы барлық мектептерге жүз пайыз бейнекамералар орнатылып,  барлық 87 мектеп пен   52 жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының алдына әлеуметтік баннерлер орнатылды. Оқушыларды ата-аналарының келісімімен сот процестеріне қатыстыру, жабық түзету колонияларын аралату жұмыстары жүргізілді. Сенім телефондары мен жәшіктерін орнату - 100 пайыз қамтылды. 2012 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында жастар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Қазақстан-Шымкент» телеарнасынан айына екі реттен эфирге шығатын 20 минуттық «Заңнама» бағдарламасы ұйымдастырылды. Тұрғындар үшін қаладағы барлық учаскелік полициялардың суреті мен телефондары жазылған «Мен сіздің учаскелік полицейіңізбін» деген  4 мың дана парақша қаладағы барлық аулаларға жапсырылды. Сондай-ақ, қаладағы жалпы білім беретін мектеп оқушылары мен жоғары және орта оқу орындарының студенттері арасында қылмыстың алдын алу бойынша 70-тен астам көпшілік іс-шаралар мен кездесулер, 80-нен астам құқықтық оқулар өткізілді.
Жастардың кешкі беймезгіл уақытта жүрулерінің алдын алу мақсатында құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдар мүшелерінің қатысуымен 36-дан астам рейдтік тексерулер жүргізілді.  Ағымдағы жылы маусым айында қала бюджетінен қаржы қарастырылып Шымкент қаласында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында 4000 астам ақпараттық парақшалар шығарып, орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.
2013 жылғы 13 қыркүйек күні қаламыздағы 14-29 аралығындағы тәрбиесі қиын жастарға қылмыс пен құқықбұзушылық нәтижесін, жауапкершілік мәселелерін түсіндіру мақсатында ИЧ 167/4 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтармен кездесу өткізілді. Іс-шара барысында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының м.у.а, Әділет полковнигі Б.Куандықов  жастарды түрменің ішкі-сыртқы тәртібімен таныстырып, сотталушылардың өмір тіршілігі туралы жастарға баяндап, қылмысқа бой алдырмау қажеттігі жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
5.Байғұт Мархабат - жазушы, журналист, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы:
Сұрақ: - Біздің Шымкенттің жасы  нешеде? 2200-де деп жатыр. Осыған байланысты үлкен халықаралық конференция өткізсек, дұрыс болар еді.
Жауап: - Қаламыздың 2200 жылдығын атап өту бойынша Ә.Марғұлан атындағы археология институтының зерттеуші археологтары, ғалымдарымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда қаланың 2200 жылдығын дәлелдейтін құжаттар зерттеліп, рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда белгілі отандық тарихшылар, археологтартар ЮНЕСКО және т.б. халықаралық беделді ұйымдар мен ғалымдар тарапынан пікірлер жинақталуда. Шымкент қаласының 2200 жылдығын кең көлемде атап өтуді 2014 жылы Қала күні мерекесі қарсаңында ұйымдастыру  жоспарланып отыр.  
6.Әмірбеков Қ. –17 ш/а, №11 үй, 56 пәтер 17 шағынауданы:
Сұрақ: - Жандарбеков гүлзарында күнделікті Иегова дініндегілер үгіт жүргізеді, соларға тиым салуға бола ма?    
Жауап: - Діни бірлестік тарапынан заңсыз үгіт-насихат жұмыстарына бақылау жүргізу мақсатында 17 шағынауданы, Жандарбеков гүлзарына Еңбекші аудандық ішкі істер бөлімі тарапынан  бақылау  ұйымдастырылды. Дегенмен, көрсетілген орында заңбұзушылық фактілері тіркелмеді.
Жалпы, заңсыз үгіт-насихат жүргізген азаматтар анықталған жағдайда қолданыстағы заңға сәйкес тиісті жауапкершілікке тартылатын болады.    
7.Нұрбаев Ермекбай, «Ақжайық» шағынауданы көше биі:
Сұрақ: - «Ақжайық» ш/а шағын емхана ашу мәселесі қашан шешіледі?
Жауап: - Сіздің сұрағыңыз Шымкент қаласы әкімдігінің назарына алынды.
Осыған орай, 2013 жылғы мамыр айында Шымкент қаласының әлеуметтік экономикалық картасына «Ақжайық» шағынауданында  2014 жылы дәрігерлік амбулатория ғимараты құрылысын салу мәселесі енгізілді. Биылғы жылы аталған дәрігерлік амбулатория құрылысын жүргізу үшін облыстық бюджеттен қаржы қаралып, бүгінгі таңда жобалық сметалық қуатын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, мемлекет пен жекеменшік ұйымдар серіктестігі жобасы аясында 2014 жылы «Қайтпас-1» елдімекені халқының саны көбеюіне байланысты жаңа 500 ауысымды емхана ғимараты құрылысын салу жоспарланып отыр. Жоспарға сәйкес емхананың құрылысы 2015 жылы жүргізілетін болады.   

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.