«Мемлекет пайдасына 261 миллион теңге айыппұл өндiрiлдi»

Понедельник, 08 Сентябрь 2014 04:51 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4475 раз

Бауыржан СЕЛТАНОВ, ОҚО ІІД Шымкент ҚІІБ бастығы:

– Бауыржан Сапарұлы, бүгінде қоғамды алаңдатқан тәртіп бұзушылықтың алдын алуда мақсат-міндеттер қаншалықты деңгейде орындалып отыр?
– Ресми деректерді сөйлетер болсақ, жалпы, тіркелген барлық қылмыстардың саны жыл өткен сайын арта түскені байқалады. Мәселен, тек осы жылдың 7 айында 10 257 қылмыс дерегі тіркеліпті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 400-ге дейін ұлғайғанын көрсетеді. Мұның ішінде, әсіресе, орта және жеңіл дәрежелі қылмыстар, алаяқтық және жол-көлік оқиғаларының көрсеткіштері біршама артқан. Керісінше, ауыр қылмыстар, мал ұрлығы, тонау, қарақшылық және бұзақылық деректері азая түскен. Бұл ретте, қылмыс жасаған, яғни, ісі сотқа жолданған азаматтардың әлеуметтік тегіне талдау жасап көретін болсақ, бұрын сотты болған, яғни, қайта қылмыс жасаған адамдардың, топтасып жасалған қылмыстар санының төмендемей отырғаны баршамызды алаңдатады. Ал, жасөспірімдер мен мас халде жасалған қылмыстар саны біршама кеміп отыр.
Жалпы, Мемлекет басшысы ұсынған «Қазақстан – 2050» Стратегиясында мемлекеттің ұсақ тәртіп бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстану қажеттілігі күн тәртібіне шығарылғаны белгілі. Бұл тұрғыда, қалалық ішкі істер бөлімінің басшылығы мен жеке құрамы осы мақсаттағы шараларды ілкімді түрде іске асырып келеді.
Қажетті қағидатты тұрғындар санасында қалыптастыруды межелей отырып, жер-жерлерде «Біз, таза қала үшін» акциясы өткізілуде. Соның аясында, ішкі істер бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесі учаскелік полиция инспекторларының күшімен өздері қызмет атқаратын аумақтарда түсіндіру және насихат жұмыстары жүргізіліп, тақырыптық жадынамалар таратылды. Жалпы үгіттеу және бағыт беру шараларын ұйымдастыруға қала әкімдігінің, қалалық мәслихаттың депутаттар корпусының, қалалық прокуратураның, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы мен қалалық жастар ісі жөніндегі орталықтың өкілдері ынталы болғанын айрықша атап өткен жөн. Мақсатты жұмыстардың жүйелі әрі пәрменді жүргізілуіне бұқаралық ақпарат құралдарына ұсынылып, жарияланған мақалалар да айтарлықтай септігін тигізуде.
– Есеп беру жиынында түйткілді мәселенің бірі ретінде азаматтарға салынған айыппұлдың дер кезінде өндірілмеуі, яғни, мөлшерлі қаржының мемлекет қазынасына түспегені айтылған еді...
– Ол рас. Жалпы, бүгінгі ахуалға тоқтала кетер болсақ, ағымдағы жылдың 7 айында 31 812 азаматтың үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы көлемі 261 миллион 134 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Соның күні бүгінге дейін 33 пайызы, нақтырақ айтқанда, 86 миллион 700 мың теңгесі өндірілді. Осы көрсеткішке сүйене отырып, есептік жиында 185 миллион теңге айыппұлдың өндірілмегені айтылды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 708 және 709 бабына сәйкес, сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіруге жіберілген айыппұл мөлшері біздің құзырымызға жатпайды, яғни, ондағы өндіріліп алынған айыппұлдың көлемі тікелей сот орындаушыларының есебіне жазылады. Сол себептен де, салынған айыппұлдарды мемлекет қазынасына қайтару бағытындағы жұмыстар тиісті деңгейде орындалмаған деген сын-ескертпелер түсініспеушілік жағдайда айтылды деуге негіз бар.
Сонымен қоса, айта кететін бір жайт, Заңға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде, бұрын жол ережесін бұзған жүргізушінің куәлігі алынатын болса, қазір хаттама толтырылып, айыппұл белгіленеді. Айыппұл екі ай уақыт көлемінде төленуі тиіс. Өз кезегінде куәлігі қалтасында қалған жүргізуші көп ретте, айыппұлды төлеуге немқұрайлылық танытып жатады. Қазір бұл мәселе бойынша учаскелік инспекторлар да жұмылдырылып, салынған айыппұлдар сот орындаушылар арқылы мәжбүрлеп өндірілуде.
– Сіздіңше, қарапайым тұрғындардың қауіпсіздігі қандай деңгейде қорғалып отыр?
– Мемлекет басшысы Жолдауда «біздің еліміз әр адамға өмір сүру үшін әлемдегі ең қауіпсіз және қолайлы елдердің бірі болуы керек» деп атап өтті. Бұл мақсатқа жету тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның парызы болып табылады. Қазіргі таңда, бүкіл әлемде 100 мың халыққа шаққанда кісі өлімі деңгейінің көрсеткіші халықтың жеке қауіпсіздігінің жалпы деңгейін бағалауға негіз болып табылады. Біздің еліміз мұндай сараптаманың тізімінде бел ортада тұр.
Өкінішке қарай, тек биылғы жылы қала аумағында 1128 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 50 адам қаза тапқан. 1500-ге таяу азамат түрлі дене жарақатын алды. Осындай келеңсіз жайтке тікелей қатысы бар 19 жүргізуші оқиғаның барысына кінәлі деп танылып, ісі сотқа жолданды. Осындай олқылықтардың алдын алуда бар жауапкершілікті тек полиция қызметіне артып қоймай, баршамыз бірлесе қызмет атқара білсек, үлкен жетістіктерге жеткен болар едік деп ойлаймын.
– Жуырда ғана қабылданған «Жол қозғалысы туралы» жаңа заң келеңсіздіктердің алдын алуда қаншалықты септігін тигізіп отыр?
– Елімізде жол ережесін бұзушыларға қатысты қолданылатын жазаны күшейту туралы толықтырылған заң талабы әлі де болса былайғы көпшілікті өзгерістермен толық таныстырып өтуді қажет етеді. Нақты айтар болсақ, онда басқа да әкімшілік жауапқа тартылатын заң бұзушылықтармен қатар, жол ережелеріне бағынбаушыларға, автокөлік жүргізушілері мен көлікті мас күйінде басқарғандарға жазаны қатаңдату мәселесі қарастырылған. Атап айтқанда, жүргізушілік куәлігінен айыру жазасын қолдану жиілейді және айыппұл санкциялары екі есеге дейін өсірілген. Бұрын мас күйінде көлік жүргізген азаматтар жүргізушілік құқығынан екі жылға дейін айырылатын. Қазір бұл жаза 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзім аралығында белгіленеді. Бірінші рет ұсталған жағдайда жүргізушілік құқығынан үш жылға айырылады, екінші жолы алты жылға дейін жаза қолданылады, сондай-ақ 15 тәулік әкімшілік қамауға алынады. Үшінші ретте 10 жылға дейін көлік жүргізуден шеттетіледі. Отыз тәулікке қамау жазасы тағы бар. Сонымен қатар, көлік жылдамдығы белгіленген шектік мөлшерден 10-нан 20 шақырымға дейін артып кетсе - 10, ал 40 шақырымға дейін асса - 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ, мемлекеттік техникалық байқаудан өтпеген көлікті басқарса - 3, тежегіші, басқару рулі, тіркемесінің ақауы бар көлікті басқарса - 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. 2014 жылға белгіленген айлық есептік көрсеткіштің мөлшері – 1852 теңгені құрайды. Егер жүргізуші 10 айлық есептік көрсеткішке тең мөлшерде айыппұл арқалайтын болса, 18520 теңгені қалтасынан төлеуіне тура келеді. Осылайша, жазаны күшейту ең алдымен азаматтардың санасына әсер етіп, қалтасына да салмақ түсіреді. Рейдтік шаралар өткізу барысында жол-көлік оқиғасына аталған заң бұзушылықтар жиі себеп болатынын көріп жүрміз. Бір рет мас күйінде көлік жүргізіп қолға түскен азамат кейін үш жылға куәлігінен айырылған соң кәдімгідей ойға қалатыны анық. Осы мерзім ішінде еш құқықсыз қайтадан көліктің тізгінін ұстаған жағдайда 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынатын болады.
 Осы орайда, көлік жүргізушілеріне айтар құлаққағыс, алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап «темір тұлпар» иелеріне салынған айыппұл сол күні төленсе - 50, бір апта ішінде төленсе - 30 пайыздық жеңілдік жасалмақ.
– Жаяу жүргіншілерге қатысты қандай жазалар қарастырылған?
– Рұқсат етілмеген жерлерден өту - жиі кездесетін заң бұзушылық. Ендігі жерде ережені бұзған жаяу адамға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл жағдайда ескерту жасалмайды.
Заңға енгізілген барлық өзгерістер мен толықтырулар жолдағы апатты жағдайды жеңілдетуге бағытталып отыр. Жазаны күшейту арқылы заң бұзушылықтың санын азайту көзделеді. Дәл осы заң бұзушылық оқиғалары жол-көлік апатына себепші болып жатады. Мұны тәжірибе де анық көрсетіп отыр.
– Тәртіп сақшыларының қызметіне қандай нақты талап қойылады?
– Құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қойылатын қатаң талаптар көп. Заңдылық пен қызметтік тәртіпті ең әуелі полиция қызметкерінің өзі қатаң сақтауы тиіс. Ішкі істер органы қызметін жанға жайлы жұмыс деп білетін жалған түсініктегі азаматтар да арамызда табылып жатады. Шындығында, кәсіптің жеңілі жоқ. Ал, тұрғындардың тыныштығына тікелей жауапты полиция қызметкерлері тәуліктің әрбір сәтін дабылсыз өткізген емес. Ендеше, бұрынғының сөзімен айтсақ, «ат үстінде күн көрген», сонымен қатар, ұстанымы берік, ар-ұяты таза, денсаулығы мықты, қиындықтарға төтеп беретін табанды азаматтар ғана осындай жауапты орында қызмет етуі тиіс.
Қоғамдық тәртіптің берік орнығуына, жеке адамның қауіпсіздігі мен тыныштығына тікелей жауапты құқық қорғау органы саласының қызметкерлері қай кезде де жоғары талаптың үдесінен көрініп, жауапкершілік міндетінен жаңылмауға тиіс. Қиындығы мен қауіп-қатері мол мамандықтың иелері бұл ретте өз міндетін сандық есеппен емес, ең алдымен сапалық көрсеткіштермен айқындауды басты мұрат етеді. Күн-түн демей, ыстық пен суықта тұрғындардың тыныштығын қорғау жолында қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан тәртіп сақшылары бұл ретте, мойнына артылған сенім мен жауапкершіліктің үдесінен көрінеді деп білемін.
Өз кезегінде, тәртіп сақшылары қала аумағында орын алып жатқан қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қойып, алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін аянбай еңбек етіп келеді. Қашан да қауырт іс-әрекет үстінде жүретін Шымкент ҚІІБ-ның жеке құрамының кәсіби және әскери дайындық деңгейі жоғары деп бағалаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.