Нұрлан Әділханов, «Шымкент-цирк» мекемесінің директоры: «Цирк өнерпаздарын батырға теңеймін» Избранное

Пятница, 01 Октябрь 2021 03:56 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 920 раз

Қос тойы қатар келсе, қуанатын қазақпыз ғой. Биыл «Шымкент-цирк» осындай елеулі қуанышқа кенеліп отыр. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында цирк ұжымы 10 жылдығын атап өтпек. Жас өнер ұжымы биыл жаңа бастаманы қолға алып отыр. Яғни, франциялық «Cirque du Soleil» циркінің бағытында аңсыз қойылымдарға бетбұрыс жасауда. Цирк өнеріндегі жаңалықтармен бөлісу мақсатында «Шымкент-цирк» мекемесінің директоры Нұрлан ӘДІЛХАНОВПЕН сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

903

 

– Нұрлан Ыдырысұлы, биыл мегаполис циркінің ашылғанына 10 жыл. Мекеменің алғашқы мерейтойын қандай жаңалықпен қарсы алмақсыздар?
– Мерейтойға жылдың басынан қамдандық. Алайда, цирк ұжымының жұмысына пандемияның да салдары тиді. Өзім өнерден алыс емеспін ғой. Мәселен, әнші концертке үйінде де дайындала алады. Ол сахнада әнін шырқап, көрерменге жеткізсе болғаны. Ал, цирк өнерпаздары жаттығып, шынығып тұрмаса, формасынан айырыла бастайды. 2020 жылы орын алған карантин шектеулеріне байланысты жұмыс жүрмей, мамандарымыздың машықтануына кедергі келген. Біразы ауырып тұрған. Әр қадамы тәуекелмен жасалатын болған соң, карантин шектеулері жеңілдетіле бастаған тұста әр труппаны кестемен манежге шығардық. Әрқайсысы өз нөмірлерін қайталап, қайта жандандыруға кірісті. Себебі, он жылдыққа көрермендерімізге жаңа қойылым ұсынатын боламыз. Сондай-ақ, жылдың басты жаңалығы – «Cirque du Soleil» циркінің бағытында аңсыз қойылымдар жасау. Бұл – эксперименттік жоба. Дегенмен, бұл шешімді қабылдамас бұрын, Алматыдан, елордадан цирк мамандарын, эксперттерді шақырып, талқыладық. Біздің цирк Алматы, Нұр-Сұлтан қаласының цирктеріне қарағанда шағындау. Сондықтан арыстан, аю тұратын орындардың иісі аренаға дейін тарап жататын. Манеж бен көрермендер орнының жақындығы да қауіпсіздік шараларына кері ықпал етеді екен. Сондай-ақ, оларды асыраудың өзі қаржылық жағынан тиімсіздеу болды. Еуропаның 40 елінде аңсыз цирк қалыптасқан. Біздің ұжым осылай жан-жақты саралай келе, елдегі 3 цирктің ішінде аңсыз бағытты қалыптастыруға шешім қабылдады. Сонымен қатар, желтоқсан айында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен цирктің 10 жылдығына арналған арнайы қойылымға дайындық жүруде. Оған Алматы мен елордадан, Орта Азия елдерінен өнерпаздар қонаққа келеді.

902

 

– Енді циркте клоунада, шапито, джигитовка, жонглерлік және әуе гимнастикасы сынды бағыттар дамымақ. Эксперименттік жобаға бейімделу цирк әртістеріне қиындық туғызбады ма?
– Жалпы циркте 200-ге жуық қызметкер бар. Оның 87-сі шығармашылық топ мүшелері. Жыл басында аңсыз бағытқа өтетін тұста, мұндағы 12 бөлімді 8 бөлімге ыңғайластырдық. Ал, енді әртістердің жаңа бағытқа бейімделуіне келсек, ешқандай жетістік еңбексіз келмейді. Жалпы, цирк өнерпаздары әмбебап жандар. Олар топтық қойылымдар кезінде бір бағытта өнер көрсетіп жүрсе, кейін жеке басқа трюкпен манежге шығуы ғажап емес. Мәселен, қазір Сергей Мұстафиннің жетекшілігінде 8 акробат, манеж инспекторы Мақсат Бегалиевтің жетекшілігінде 7 жонглер, Ильхам Исмаиловтың жетекшілігінде 6-7 өнерпаз әткеншекте өнер көрсетіп жүр. Әуе гимнасты Надежда Ефименконың шәкірті, 9 жасар Алина жақында Ташкентте өткен «Ұлы Жібек жолы» фестивалінде гран-при иеленіп келді. Бұл қыз, біздің цирктің өнерпазы екенін де айта кеткен жөн. Ата-анасы, мектеп әкімшілігі мен цирк арасында үшжақты келісім бар. Сондай-ақ, Надежданың одан өзге понимен арнайы қойылымы бар. Ал, арыстандарды жаттықтырып жүрген Жанат Қалметова ұлы Жандармен бірге мотоциклмен арнайы нөмір дайындады. Закира Намазбаеваның жетекшілігінде 3 биші матамен билесе, Мадина Калилаева сабын көпіршіктерімен көрермендерді таңғалдыруда. Ал, Ұлықбек Медешов бастаған жігіттер батутта өнер көрсетсе, Қалқаман Дүйсеқұловтың жетекшілігімен ат спортынан қойылымдар қойылуда.

– Көрерменнің көкейіндегі ең жиі қойылатын сауал — цирктегі аңдар қазір қайда? Жалпы, келешекте «Шымкент– цирк» манежіне аңдар шығуы мүмкін бе?
– Еуропа елдерінде аңсыз цирк өте жоғары дамып кеткен. Онда аң іздейтін көрермендерге галограммалар арқылы қойылымдар көрсетіледі. Ал, біз сол деңгейге жеткенше іздене береміз. Жалпы, эксперименттік жоба 3-5 жыл аралығында жүргізіледі. Осы уақыт ішінде біз аңсыз бағытты ерекше деңгейге көтерсек, ары қарай да дамытып кете береміз. Аңдарға келсек, цирк балансында 2 арыстан бар еді. Бүгінде оларды толық құжатымен қалалық зообаққа өткіздік. Ал, аюлардың өз иесі бар. Цирк ол азаматтармен келісімшарт негізінде жұмыс істеп келген. Қазір бізде жылқы, ит сынды үй жануарлары ғана бар. Гастрольдік сапармен аңды цирктер келіп жатса, олар өз өнерлерін көрсете береді. «Шымкент-Цирктің» өз аңдары бола ма дегенге нақты жауап беру қиын. Ол уақыт еншісіндегі дүние. Себебі, қайтадан аң алу, оны жаттықтыру, күтім жасау ұзақ мерзімді, көп еңбекті қажет етеді.

– Цирк — ептілік пен күштілікті талап ететін ерекше өнер. Әртістер күн сайын қаншама қиындықпен бетпе-бет келеді. Бұл өнерге келгісі келетін әрбір өнерпаз не нәрсеге дайын болуы керек? Бір трюкті меңгеріп, оны сахналауға қанша уақыт кетеді? Циркке керек реквизиттерді қайдан аласыздар, елімізде бар ма?
– Мәселен, әншіні даусына, актерді образды сомдау шеберлігіне қарап, жұмысқа қабылдайды. Алғаш циркке келгенде дәл осы сауалды өзіме қойдым. «Циркте кімдер жұмыс істеуі керек? Оларды қандай критерий бойынша қабылдаймыз?» деп. Сосын ұжыммен біте қайнасып, түсінісіп кету үшін өзім де осы өнердің қыр-сырын меңгеріп, бір түрін үйренуге ден қойдым. Қазір аздап жонглерлік әдістерді үйреніп келем. Мүмкін, Алла нәсіп қылса, цирк манежінде де өнер көрсетіп қалармын (күліп алды- ред.) Мен цирк өнерпаздарын көзсіз батырларға теңер едім. Олар бір нөмірді дайындап, оны көрерменге ұсыну үшін кемі 6 ай, 1 жыл уақытын жоғалтады. Себебі, оларға «сен мына трюкті былай жаса» деп үйретіп отырған ешкім жоқ. Әлем елдерінің қойылымдарын көріп, гастрольдік сапарға шыққанда немесе бізге келген қонақтардан өзара тәжірибе алмасып, сондағы көрген іс-әрекетін дамытып, өзінше жаңалықтар жасайды. Ол кезде түрлі дене жарақаттарын алуы да мүмкін. Сондықтан бұл салаға келетін әрбір маман епті, кез келген нәрсені үйренуге құмар, ізденімпаз, тәуекелшіл, батыл, цирктің «фанаты» болу керек. Сол кезде ғана сіз бен бізді таңғалдыратын қойылымдар дүниеге келіп, сол кезде ғана көрерменді қуанта аламыз. Ал, реквизит мәселесіне келетін болсақ, әр қойылым – өнерпаздың төл баласы. Яғни, әр өнерпаз өзі бір трюкті ойлап табады, оған машықтанады, қажетті реквизиттерін ұсталармен бірге жүріп дайындайды. Реквизит материалын таңдауда ұстамен кеңесіп отырамыз. Себебі, реквизиттің мықтылығы – өнерпаздардың өміріне берілген кепілдік. Әр дайындықта, әр манежге шығар алдында әрбір темір, әрбір ағаш, тростың беріктігі, орнында тұруы міндетті түрде тексеріледі. Мәселен, өткен қойылымда екі акробат жігіт манежде вертикальді орналасқан қадамен жұмыс жасады. Екеуі қауіпсіздік белбеуінсіз қаданың ұшына дейін өрмелеп, төменге ішпен сырғиды, аяғымен ілініп, баспен түседі. Жерге санаулы сантиметрлер қалғанда тұрып қалады. Осы трюкті дайындау барысында сол өнерпаздарымыз дұрыс есептемей, басымен құлап жатқан, талып қалған кездері де болды. Қазан айындағы қойылымда акробаттар батутпен өнер көрсетеді. Қазір осы нөмірдің реквизиттері дайындалып, іс-қимылдары пысықталып жатыр.

— Цирк өнері басқа театр қойылымдарына қарағанда өте қауіпті. Қателесуге болмайды… Жалпы цирк өнерпаздарының өмірі сақтандырылған ба? Олар жарақат алып қалғанда емделіп, оңалту үшін қаражат қарастырылған ба?
— Иә, міндетті түрде. Сақтандыру қызметінің әр адамға белгіленген шкаласы бар. Сол көлемде қаржы аударылып отырады. Яғни, барлық өнерпаздарымыздың өмірі сақтандырылған. Лайым аман болсын, дегенмен, дайындық барысында жазатайым жағдайлар орын алып, жарақаттанып жататын азаматтарымыз бар. Оларға сақтандыру полисінен бөлек, салалық кәсіподақ ұйымы арқылы алғашқы материалдық көмек көрсету мәселесін де жолға қойғанбыз.

904

 

– Кез келген салада өзін-өзі дамыту үшін өзгелермен тәжірибе алмасып жатады. Шетел мамандарымен әріптестік бар ма?
– Жоғарыда айтып кеткендей, ешкім цирк маманын жетектеп жүріп үйретпейді. Дегенмен, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы цирк ұжымдарымен байланыстамыз. Қойылымдарға қатысып, өзара тәжірибе алмасып жатамыз. Мәселен, біздің 3 азаматымыз бірнеше ай Қытайда өнер көрсетіп келді. Олар өз өнерлерін көрсете жүріп, бізге келе қоймаған бірқатар трюктердің әдіс-тәсілін меңгерген. Сондай-ақ, жақында ат спортындағы бірнеше азамат Дубайда өтетін EXPO көрмесінде өнер көрсетпек. Олар да жүрген жерлерінен бізге қажетті дүниелерді меңгеріп, жаңалықпен келеді деген үміттеміз.

– Цирк мамандары балет бишілері сынды 40 жасқа таяғанда біршама қиындықтарға тап болады. Цирк мамандары зейнет жасына жеткенге дейін немен шұғылданады?
– Өте орынды сұрақ. Балет, цирк жас мамандармен, жастық күш-қуатпен жасалатын өнер. Әлемдік сахналарға 40-50 жас аралығындағы балеринаның шыққанын көрмейміз ғой. Дәл сол сияқты, жерде, қауіпсіз аймақта жасалатын қойылымдар болмаса, әуеде, ременьмен, троспен жасалатын қауіпті трюктермен орта жастан асқан азаматтар айналыспайды. Олар бұл жасқа келгенде көбіне басқа бір бағытқа бейімделуі немесе шәкірт тәрбиелеуі, яғни өз бағыты бойынша жетекшілік жасауы мүмкін. Десек те, бұл мәселе өзектілігін жойған емес. Биыл 5 қазанда Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен еліміздегі цирк ұжымдарымен кеңес өткізілмек. Осы кездесуде цирк саласындағы бірқатар мәселелерді талқылап, ұсыныстарымызды жеткіземіз деген ойдамыз. Оның ішінде цирк мамандарының зейнет жасына қатысты және көрермендеріміз оқушылар болғандықтан, қойылымдарға жасөспірімдерді қатыстыру үшін білім мекемелерімен заң аясында өзара байланыс орнату мәселелерін көтермекпіз.

— Естуімізше, мекеме базасында «Circus Star» үйірмесі ашылды. Үйірменің ұйымдастыру жұмыстары туралы айтып өтсеңіз.
— Бізге әр қойылымнан кейін «Шәкірт тәрбиелейсіздер ме? Үйірмелер бар ма?» деген сауалмен келетін көрермендер көп. Сондай-ақ, цирк өнерпаздарының басым көпшілігі 25 жасқа дейінгі азаматтар. Осы жағдайларды ескере келе, біз цирк мамандарының жаңа, жас буынын қалыптастыру үшін «Circus Star» үйірмесін ашуды жөн санадық. Мамандар күндікке цирк манежінде жүреді. Енді олар осы уақыт ішінде цирк жұмысы мен шәкірт тәрбиелеу ісін үйлестіретін болады. Үйірмелер кестесі мамандар мен үйірме қатысушыларының уақытына қолайлы етіп жасалған. Мәселен, ат спортын алайық. Ат — өте ақылды жануар. Мамандар онда 7 жасар баланың ақылы бар деп жатады. Жылқы бойын үрей билеген, өзін басқара алмайтын адамды өзіне жолатпайды. Ал, оның сезімталдығы сонша, өнерпаздарымыз үстіне мінгенде оқыстан тайып, сүрініп жатса да, ешқашан адамға қауіп төндірмейді. Яғни, құлаған адамның үстінен аттап немесе шетке аунап кетуі мүмкін. Осы мағлұматтың бәрін мамандар өз ізбасарларына нөлден бастап үйретеді. Аттың құлағында ойнайтын азамат болу үшін оның қыр-сырын толық меңгеруі тиіс. Сондай-ақ, дәрігерлердің нұсқаулығы бар кішкентай бүлдіршіндеріміз иппотерапия алуға да келеді. Олар алғашқыда аттан қорқып, жылағанымен, бірер айналымнан кейін түспеймізге басады. Бұл да болса, мамандардың ептілігі мен жылқылардың адамға рух беретін қасиетінен деп ойлаймын. Сондай-ақ, жоғарыда есімдері аталған цирктің жетекші мамандары өжет, цирк өнеріне ебі бар жасөспірімдерді өз өнерлеріне баулиды.
— Әңгімеңізге рақмет.