Версия для печати

Кенжехан ТӨЛЕБАЕВ, Шымкент қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы: БҮГІНГІ ҚАРИЯЛАР – ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМІЗДІҢ ДАМУЫНА ӨЛШЕУСІЗ ҮЛЕС ҚОСҚАН ҚАЙРАТКЕР ҰРПАҚ Избранное

Пятница, 01 Октябрь 2021 04:25 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 7163 раз
Оцените материал
(0 голосов)

—Кенжехан Атақұлұлы, қалалық ардагерлер ұйымының бүгінгі тыныс-тіршілігі, атқарып отырған қызметі туралы айтып берсеңіз...

—Бұл ұйым әу баста Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің басын құрап, олардың мүддесін қорғау үшін құрылған. Алайда, қазір Шымкент қаласында 15 соғыс ардагері ғана қалып отыр. Сондай-ақ, 3 мыңға тарта тыл ардагері мен 300-дей соғыс ардагеріне теңестірілген азамат бар. Сондықтан, бүгінде ардагерлер ұйымының ауқымы кеңіп, атқаратын міндеттері де көбейді. Бүгінде ол Шымкенттегі 82 мыңдай еңбек ардагері мен зейнеткерлерінің басын қосып отыр. Қаладағы төрт ауданда да осындай ұйымдар бар. Қала берді 280 бастауыш ұйым белсенді қызмет атқарып келеді.

912

 

Жұмысымыз негізгі екі бағыттан тұрады. Біріншіден, қаладағы 82 мыңдай ардагердің әрбіріне көңіл бөліп, олармен қоян-қолтық жұмыс істеуге, олардың мүдделерін қорғауға ұмтылып келеміз. Екінші жағынан аға буынды жас ұрпаққа адамгершілік және патриоттық тәрбие беру ісіне тартып отырамыз. Халқымыз «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деген сөзді текке айтпаған ғой. Ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңесін айтып келеді. Олар кейінгі ұрпақты ізгілік пен мейірбандыққа, Отанға адал қызмет етуге тәрбиелеп, айналадағы адамдардың өмірге, қоғамға деген оң көзқарасы мен ертеңгі күнге деген сенімін қалыптастыруға атсалысып келеді.
Құдайға шүкір, бүгінде жастардың көпшілігі білімді, ізденімпаз, еңбекқор әрі жаңалыққа бейім. Дегенмен, олардың арасында ұлттық дәстүр мен қазақы тәрбиеден алшақтап бара жатқандары да кездесіп қалады. Жастардың бір бөлігі жаһанданудың ұйығына жұтылып, тым еуропаланып бара жатса, екінші бір топ бағыты күмәнді діни ағымдардың жетегінде кетіп жатқанын көргенде ел ағаларының жүрегі сыздамай тұрмайды. Сол себепті ардагерлер ұйымында, оның ішінде көптеген бастауыш ұйымдарда да «Әкелер мектебін» құрдық. Мақсатымыз – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ата-әжені, ата-ананы қадірлеу, уәдеде тұрып, сертке берік болу, бөтеннің ала жібін аттамау секілді қарапайым құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру. Жастарды бүкіл қоғам болып ұлттық дәстүріміз бен салт-санамызға сай, ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі дінімізге сүйене отырып тәрбиелесек, ел ішіндегі қылмыстың, ажырасудың көбеюі мен жемқорлықтың дендеп кетуі секілді рухани проблемалар біртіндеп шешілері сөзсіз. Шымкент қалалық ардагерлер ұйымы мен оның белсенді мүшелері бүгінде осынау ауқымды жұмыстың, күнделікті жалғасып жатқан ымырасыз күрестің басы-қасынан табылып жүр.

—Жақында Шымкент қалалық ардагерлер ұйымы мен қалалық соттың арасында арнайы меморандум түзілді. Ол қандай меморандум? Мұнан бөлек тағы қандай жаңалықтарыңыз бар?

—Ел іші болған соң дау-жанжал мен келіспеушілік болмай тұрмайды. Алайда, дәстүрлі қазақ қоғамында дау туа қалса, бітімге ақсақал мен биге келіп, іс тез-ақ тынып кетіп отырған. Хәкім Абай өзінің отыз тоғызыншы қара сөзінде осы мәселені қозғап, бұрынғы қазақтың ел басы, топ басы ақсақалдардың айтқан сөзіне тақ тұрып, қарсы келмейтін дәстүрін «жақсы мінезге» деп дәріптейді. Осының өзі ақсақалдар институтының ол заманда қандай маңызға ие болғанын көрсетеді.
Иә, қазір заман басқа. Құқықтық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан барлық мәселелердің заң шеңберінде шешілгені дұрыс. Бірақ, ақсақалдар институтын қайта аяққа тұрғызып, қадірменді қарияларды ел ісіне араластырып отырсақ, одан ұтпасақ ұтылмасымыз анық. Мәселен, азаматтардың арасындағы кейбір дау-жанжалдар мен келіспеушіліктерді сотқа жетпей-ақ келісім жолымен, ымыраласу жолымен шешсек ғанибет емес пе? Бабаларымызша айтқанда «өлетұғын тай үшін, көшетұғын сай үшін» дауласып жатқан тараптарды сабырға шақырып, татуластырып жіберсек, оның несі артық?! Кейде болмайтын келіспеушілікке бола ашуға булығып бір-бірімен ажыраспақ болған жастарға ақсақалдарымыз ақылын айтып, сабыр мен кешірімділікке үйретсе, нұр үстіне нұр емес пе?! Бір шаңырақ шайқалмай, іргесі берік болып сақталса, ол отбасының балалары әкесі мен шешесінің мейірімін қатар көріп өсіп жатса, бұдан асқан қандай сауапты іс бар?!
Осының бәрін ескере отырып, өзіңіз айтқандай, қалалық сотпен меморандумға қол қойдық. Сөйтіп, «Дәнекер» атты медиатор-ардагерлердің тобын жасақтадық. Оның құрамына елге қадірлі, сөзі өтімді, өмірде көргені мен түйгені көп, өзінің шешендігімен, даналығымен жастарды тура жолға бастай білетін беделді ақсақалдарды іріктеп алдық. Олар дауласушы тараптарды мәмілеге шақырып, біраз істі сотқа жеткізбей бітіреді деген ойдамыз.
Мұнан бөлек тағы бір жақсы жаңалығымыз – Шымкент қалалық ардагерлер ұйымы қаланың орталығындағы жаңа, жайлы, зәулім ғимаратқа көшті. Дәлірек айтсақ, қаладағы Мұхамед Хайдар Дулати көшесінің бойындағы қарттарға арналған «Асыл жүрек» атты сауықтыру орталығының ғимаратына жайғастық. Мұнда белсенді ардагерлеріміздің жұмыс істеуіне, бас қосуына барлық жағдай жасалған. Ардагерлер ұйымына осылай көңіл бөліп, қамқорлық танытқаны үшін қала әкімдігіне алғысымызды білдіреміз.
Жоғарыда айтқанымыздай, ұйым еңбек ардагерлерінің жағдайын жасап, мүддесін қорғау үшін көп шаруа атқарып жатыр. Бір ғана мысал айтайын, жақында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басшылығымен келісім жасадық. Университеттің мамандары аға буын өкілдерін компьютерлік сауаттылыққа оқытатын болды. Ақпараттық технологиялар қарыштап дамып бара жатқан қазіргі заманда ақсақалдар тым болмаса, компьютермен мәтін теріп, интернеттен керегін іздеп тауып, электронды поштаны пайдаланып үйренсе, мұның артықтығы жоқ деп ойлаймын. Қазан айында алғашқы лекпен 15-20 қария осындай оқуға барады деп жоспарлап отырмыз.

—1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай аға буын өкілдеріне айтар тілегіңіз қандай?

—Бүгінгі зейнеткерлердің балалық шағы сонау соғыс жылдары мен одан берідегі қиын кезеңдермен тұспа-тұс келген. Соған қарамай біздің замандастарымыз – еңбекқорлығымен, жоғары адамгершілік қасиеттерімен танылған буын.
Бұл кісілер өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы қиындықтарды да еңсеріп, Тәуелсіз еліміздің дамуына үлкен үлес қосқан қайраткер ұрпақ. Шымкенттің бүгінгідей әсем қалаға айналуында да осы ұрпақтың көп еңбегі сіңген. Сондықтан бүгінгі ел ағаларына, ақ жаулықты әжелерге қандай құрмет көрсетілсе де жарасымды деп ойлаймын.
Еңбек ардагерлеріне зор денсаулық пен ұзақ та мағыналы ғұмыр тілейміз. Ол кісілерге балалардың бақыты мен елдің дамуына тілекші болып, ортамызда аман-есен жүре беріңіздер дейміз.

—Әңгімеңізге рахмет!