Версия для печати

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Дария Пернешқызы: «Бәсекеге қабілетті ел болу үшін әмбебап мамандар дайындау аса маңызды» Избранное

Среда, 20 Октябрь 2021 04:19 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 7897 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Соңғы жылдары еліміздегі білім беру жүйесі көптеген өзгерістерге ұшырап, жаңа мақсаттарға жету үшін соны соқпақтарға түсті. Әсіресе, жер бетін жайлаған пандемия салдарынан күтпеген өзгерістер орын алып, білім саласы біраз сынақтан өтті. Осы орайда еліміздегі іргелі жоғарғы оқу орнының бірі – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Қожамжарова Дария Пернешқызын сөзге тартқан едік.

106

 

– Дария Пернешқызы, сіз басқаратын М.Әуезов университеті жаңа оқу жылын жақсы жаңалықтармен бастады. Шәкірттеріңіздің бірі олимпиада шыңын бағындырса, енді біреуі әлем біріншіліктерінің жеңімпазы атанып жатыр. Бағалай білгенге бұл үлкен жетістік қой. Айтыңызшы, дәстүрлі форматта басталған жаңа оқу жылында ойлы оқырманмен бөлісер тағы қандай жағымды жаңалықтарыңыз бар? Биыл оқуға қанша студент қабылданды? Қандай да бір жаңа мамандықтар ашылды ма?

– Сөзімді 2021-2022 оқу жылына дайындық барысында университетте ауқымды ұйымдастыру жұмыстары жүргізілгенінен бастағым келіп отыр. Алдымен ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің коронавирусқа қарсы қаулысының талаптарын, сонымен қатар «2020-2021 оқу жылына дайындықты ұйымдастыру алгоритмін» ескере отырып, 2021-2022 оқу жылының күзгі семестрін аралас форматта оқыту бойынша сабақ кестесі дайындалды. Қазір барлық курстар бойынша дәріс сабақтары аптасына екі рет онлайн форматта, ал практикалық, семинар және зертханалық сабақтар оффлайн форматында өтіп жатыр. Студенттер жылжымалы кестемен екі ауысымда оқып, әр сабақ 40, ал үзілістер 20-30 минутқа созылып жатыр. Сабақ кестесін түзу барысында дәрісханалардың сыйымдылығы ескеріліп, сабақ өту барысында білім алушылар арасындағы әлеуметтік арақашықтық сақталып отыр. Яғни сабақта 1 адамға 1 шаршы метр және зертханалық сабақта 5 шаршы метр қарастырылған. Сондай-ақ, спорт залдарында да әр адамға шаршы метрден есептеліп, залдың толымдылығы 40 пайыздан асырылмайды.
Оқу жылы бастала салысымен барлық курстардың сабақ кестесі түзіліп, университеттің https://auezov.edu.kz. сайты мен ISVUZ порталына жүктелді. Оффлайн сабақтар бетпердемен, санитарлық нормалар сақтала отырып жүргізілуде. Оқу ғимаратына кіреберісте дене температурасы тексерілсе, ғимараттардың ішіне антисептик құралдары, санитайзерлер орналастырылған. Одан бөлек ауа желдеткіш жүйелері тоқтаусыз жұмыс істеп, бөлмелерді бактерицидті лампалармен жабдықтау, ылғалды тазалау, желдету сынды жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді.
Оқу үрдісіне қажет барлық ішкі нормативтік құжаттар, атап айтсақ, университеттің аралас оқу форматына лайықталған академиялық саясат, білім алушылардың оқу үлгерімін ағымдағы және межелік бақылау, барлық дайындау бағыттары бойынша аралық және қорытынды аттестаттау, сонымен қатар, іс-тәжірибеден өту, жаңа оқу жылына дайындықты ұйымдастыру жол картасы, оқу үрдісінің дайындығы бойынша әдістемелік нұсқаулық, оқу контенттерін әзірлеу және әзірленген контенттердің сапасын бағалау процедурасы туралы әдістемелік нұсқаулық әзірленіп, толықтай жаңартылған. Сонымен бірге, пәндердің оқу-әдістемелік кешендері, оның ішінде силлабустар, курстар дизайны ҚР БжҒМ чек-парағына сәйкес қарастырылып, бекітілді. Университетте заманауи ІТ-инфрақұрылымды дамыту бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілді. Қазіргі таңда университет заманауи компьютерлік техникамен жабдықталып, 2500 компьютер және моноблок, 200 ноутбук, 200 интерактивті тақта, 24 серверлік жабдық және 67 компьютер сыныбымен қамтамасыз етілген. Ал оқу үрдісін басқару университеттің ИС ВУЗ, «Платонус» және «Прометей» платформалары арқылы ашықтық қағидасын сақтай отырып жүзеге асырылуда.
Бүгінде оқу ордасында бакалавриаттың – 34, магистратураның – 24 және докторантураның 13 бағыты бойынша мамандар оқытылуда. Өткен 2020-2021 оқу жылында ҚР БжҒМ тарапынан 400-ден астам білім бағдарламасы тіркелген болатын. Осыған байланысты университет 2021-2022 оқу жылына үш деңгейлі білім беру жүйесі бойынша жалпы 4351 талапкер қабылдады. Оның ішінде 124 бакалавриат білім бағдарламаларына – 3853 студент, 117 магистратура білім бағдарламаларына – 443 магистрант және 24 докторантура білім бағдарламаларына 55 докторант қабылданды. Ол студенттердің арасында Қытай, Түркменстан, Өзбекстан елдерінің азаматтары және шетелдегі 90 қандасымыз бар. Талапкерлердің 104-і «Алтын белгі» иегері болса, 319-ы тұл жетім, толық емес және көпбалалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ мүгедектер санатына жататын жеңілдік квотасымен оқуға қабылданған балалар. Ал Түркістан облысы және Шымкент қаласы әкімінің жолдамасымен 10 талапкер оқуға қабылданды.

– Халықаралық сарапшылар «Қазақстан пандемия кезінде үздіксіз білім беру үрдісін тиімді ұйымдастыра алды» деген пікір білдіріп жатыр. Енді пандемиядан кейінгі білім беру процесін қалпына келтіру және сын-қатерлерге төтеп бере алатын білім жүйесін құру үшін қандай жағдай жасау қажет деп ойлайсыз? Еліміздегі іргелі оқу ордаларының үздік үштігінен түспейтін университеттің ректоры ретінде осы мәселеге қатысты қандай пікір айта аласыз?

– Пандемия білім беру саласына ғана емес, барлық экономикалық, әлеуметтік салаларға да кері әсерін тигізді. Ал білім саласын алатын болсақ, жарияланған төтенше жағдай бастапқыда бәрімізге оңай болмады. Дегенмен сын сағаттарында сыр бермей, біртіндеп қашықтықтан оқыту форматына көше білдік. Оқытушыларымыз кәсіби жұмыстарына жаңа амал-тәсілдерді енгізіп, көзқарастары өзгерді. Әрине, қашықтықтан оқыту студент пен оқытушы арасындағы тікелей қарым-қатынасты алмастыра алмайды. Бірақ, қаншама жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі әдістерді алмастыру уақыт талабы болған-тын.
Өзіңіз білесіз, қазір ақпараттық технологияның ғасыры. Білім саласында көптеген өзгеріс болуда. Ал Қазақстандағы білім беру жүйесін цифрландыру реформалау процесінің жетекші тенденцияларының бірі саналады. Осы орайда пандемия «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда тиімді катализатор болды десек, қателеспейміз. Яғни пандемия кезеңінде осы уақытқа дейін білім беру жүйесінің елеусіз бөлігі болып келген қашықтықтан оқыту форматын, онлайн, аралас оқыту формаларын жетік меңгердік, бейімделдік және дұрыс жолға қоя білдік. Осыған орай университетіміз онлайн оқулықтар мен виртуалды зертханалар жасақтауда. Оның ішіне видеодәрістер, видеонұсқаулықтар секілді оқыту контенттері кіреді.
Кейбір білім беру бағдарламалары, атап айтар болсақ, ақпаратты технологиялар бағытындағы БББ ауқымды өзгерістерді қажет етеді. Білім беру барысында студеттердің өзіндік дамуына ерекше көңіл бөлу қажет. Яғни оқытушы негізгі күш болмай, тек білім алушыны бағыттап отыруы керек. Cонымен қатар, сын-қатерлерге жауап бере алатын білім жүйесін құрудың алғышарттарының бірі – білім алушы мен білім берушілердің «академиялық адалдық» ережелерін сақтау. Аралық, межелік және қорытынды аттестаттау үрдістері «адалдық» принциптері негізінде жүзеге асырылғаны құба-құп.
Білім беру жүйесі қажет шараларды қазіргі ахуалдан сабақ ала отырып қабылдауы тиіс. Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында білім беру процесін толыққанды ұйымдастыру үшін барлық функциялары бар бірыңғай білім беру платформасын әзірлеу қажеттігін айтқан болатын. Осы орайда ел Президенті айтқан осы және басқа да маңызды міндеттерді шешу үшін мынандай өзгерістер қажет деп ойлаймын: заңнамаға «қашықтықтан білім беру» түсінігін енгізу және бұл процесті одан әрі реттеу; отандық цифрлық білім беру платформаларын, оның ішінде стримингтік қосылуларды ұйымдастыруға дайындау; мұғалімдердің қашықтықтан оқыту жағдайында жұмыс істеу құзыреттілігін арттыру; қашықтықтан оқыту бойынша оқу процесінің құрылымы мен мазмұнына өзгерістер енгізу; университеттердің академиялық саясатын дәстүрлі және қашықтықтан оқыту әдістерімен оқытудың жоспарланған нәтижелеріне қол жеткізу мүмкіндігін ескере отырып жаңарту; академиялық дербестікті одан әрі ырықтандыру және нығайту. Жалпы, бізге әлі де көптеген дүниелерді ойластырып, қорытынды жасау және жаңа стратегиялар әзірлеу керек. Өйткені, бұрынғы тәжірибеде қолданылған әдістермен жаңа қиындықтарды түбегейлі жеңу мүмкін болмай отыр. Демек, біздің міндет – жаңа, стандартты емес шешімдерді іздеу. Осы орайда біздің ұжым отандық және шетелдік оң тәжірибелерді жинақтап, оларды оқу үдерісіне енгізуді жоспарлап отыр.

– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында заманауи инновациялық технологияның маңызына да тоқталды. Осы орайда еліміздің білікті IT-мамандарын даярлауға университеттің қосар үлесі қандай болмақ?

– Президент жүктеген тапсырманы орындауға М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың профессор-оқытушылары аса жауапкершілікпен атсалысуда. Жаңа оқу жылында IT-мамандарын даярлау бағыты бойынша оқуға 459 студент қабылданса, оның 235-і мемлекеттік грант бойынша білім алушы, 183-і ақылы негізде оқыса, 41-і тыңдаушы болып отыр. Университет 2021 жылы бакалавриаттың «Жасанды интелект құралдары» және «Виртуалды шындықты моделдеу және құру» білім беру бағдарламаларын құрастырылып, реестрге енгізді. IT-мамандарын даярлау үшін университет профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға айрықша көңіл бөлуде. Осыған орай 2021-2022 оқу жылының соңына дейін «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағыты бойынша докторантура білім беру бағдарламасын, ал 2022-2023 оқу жылы «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және қауіпсіздік» бағыты бойынша магистратура білім беру бағдарламасын ашуды жоспарлап отырмыз.
Бүгінгі таңда білім алушыларға виртуалды зертханалар және лицензияланған бағдарламалармен қамтамасыз етілген IT-полигонда дәрістер өткізіліп, олар жасанды интеллект және робототехника негіздері бойынша IT-coworking орталығында зертханалық жұмыстар орындайды. Ал жоғарғы мектеп кафедраларының материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылып келеді. Мысалы, 2020-2021 оқу жылында кафедралардың компьютерлік паркі 30 пайызға жаңартылған. Оқу процесінде Python 3.9, C#, Java, C/C++, Javascript, PHP, Mysql сынды заманауи бағдарламалау тілдері және берілген қорды басқару жүйелері оқытылады. Сондай-ақ, студенттер лицензияланған код редакторларын, Photoshop, Proteus, 3DMax, 1DVisualstudio, PyCharm орталықтандырылған ортасын, Webstorm, виртуалды 3D құрылғысын және т.б. құралдарды қолдана алады.
Экономикаға негізделген, жоғарғы бәсекеге төтеп беретін ел болу үшін ұлттық стратегияның міндеттерін орындауға қабілетті
компьютерлік техника саласындағы әмбебап мамандарды дайындау аса маңызды. Болашақта робот техникасы және мехатроника, сымсыз байланыс пен баламалы энергияны пайдалану арқылы компьютерлік технологиялар, жасанды интеллект, бұлтты есептеу, жоғары технологиялық өндірісті енгізу саласындағы білікті мамандармен толығып, дамыған инновациялық ғылыми мектепке айналады деп сенемін.

– Дария Пернешқызы, сіз басқарып отырған, 80 жылға жуық тарихы бар жоғары оқу орны Орта Азия елдерінде филиалдарын ашып, өңірдегі жоғары білім берудің хабына айналуды көздеп отыр. Мақсатқа жету үшін қандай жұмыстар жүргізілуде? Университеттің алыс-жақын шетелдердегі оқу орындарымен байланысы қандай дәрежеде?

– «Білім беру хабының дамуы – жаңа экономиканың драйвері» жобасын іске асыру аясында М.Әуезов атындағы ОҚУ Өзбекстан Республикасының Жоғары және орта кәсіби білім министрлігі және инвестиция бойынша мемлекеттік комитетімен тығыз байланыс орнатты. Министрліктер деңгейінде ресми хат алмасулардан кейін, Ташкент қаласынан университет филиалын ашу үшін директорлар кеңесінің қолдауына ие болдық. Бүгінге дейін сол филиалды ашуға байланысты барлық қажет құжаттар, яғни Ереже және қаржы-экономикалық негіздеме мен Жол картасы әзірленді. Қазір өзбекстандық жастар арасында біздің университетте оқуға деген қызығушылықтың артуына байланысты талапкерлерге оқу-әдістемелік көмек көрсету мақсатында Ташкент қаласында «Оқу консультациялық пункті» жұмыс істеуде. Мемлекетаралық келісім-шарт жасалғаннан кейін, университеттің филиалды ашуына толықтай мүмкіндік туындамақ.
Университетіміздің негізгі міндеттерінің бірі – жетекші жоғары оқу орындары және ұйымдармен стратегиялық әріптестік пен желілік өзара іс-қимылды дамыту. Бүгінге дейін университет Германия, Австрия, Болгария, Испания, Италия, Бельгия, Румыния, Латвия, Қытай, Түркия, Малайзия және т.б. 27 шетелдің жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу ұйымдарымен бірлесіп, ынтымақтастық туралы 179 келісім-шарт пен меморандумдар орнатты. Оның ішіндегі 29 шетелдік оқу орны стратегиялық әріптестер болып саналады. Серіктестік шеңберінде білім алушылар, оқытушылар және жас ғалымдардың академиялық ұтқырлығы мен шетелдік тағылымдамаларын ұйымдастыру, шетелдік ғалымдар мен мамандарды оқытушылық және ғылыми қызметке тарту, халықаралық бағдарламалар мен жобалар шеңберіндегі бірлескен жобалар, соның ішінде халықаралық стипендия «Болашақ», «Эразмус+» бағдарламалары, бірлескен білім беру бағдарламалары және қос диплом бағдарламалары аясындағы бағыттар жүзеге асырылады. Мәселен, шетелдік ғалымдарды оқытушылық қызметке тарту бойынша ынтымақтастықты жалғастыру мақсатында пандемия жағдайында университетте алғаш рет ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қамтитын виртуалды бағдарлама жүзеге асырылды. Бұл бағдарлама аясында университет бюджетінен тыс қаражат есебінен 20 шетелдік ғалым мен маман оқу және ғылыми үдеріске виртуалды түрде тартылды. Шақырылған шетелдік ғалымдар бір семестр бойы бакалавриат, магистратура және PhD докторантураның білім беру бағдарламаларының оқу жоспарына сәйкес дәрістер өткізді. Бағдарлама шеңберінде виртуалды форматта шетелдік білім берудегі жаңа технологиялар мен әдістемелер, шетел тәжірибесі аясында ұсынылған мастер-кластар, тренингтер мен бастамашылық кездесулер өткізілді. Міне, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде осындай жаңалықтар мен өзгерістер орын алуда. Біздің мақсатымыз – ел игілігіне еңбек ететін мықты мамандар дайындау.

– Әңгімеңізге рақмет!