Бiз құранды бiлемiз бе?

Вторник, 16 Сентябрь 2014 08:50 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4024 раз

Рамазан айының басталуымен орайласа жергілікті «Қазақстан-Шымкент» телеарнасынан «Біз Құранды білеміз бе?» айдарымен қысқаметражды фильм көпшіліктің назарына ұсынылды. Жалпыға ортақ, кең ауқымда түсірілген аталмыш фильм көрермен қауымның көңілінен шығып, жоғары бағаға ие болды. Осы орайда, біз тағылымы мол, тәрбиелік мәні жоғары тың туындының бүгінгі қоғамдағы көтерер жүгін таразылап, бірқатар дінтанушы мамандардың пікірін білген едік.

Ғаппар МАЙМАҚОВ,
М.Әуезов атындағы
ОҚМУ-нің
Дінтану зерттеулер
орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының
кандидаты:

– Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей бастамасымен қолға алынған аталмыш идея шын мәнінде ақиқат діннің бүкпесіз сырларын баяндайтын шоқтығы биік дүние болды. 12 бөлімнен тұратын фильмнің әр алуан тақырыбы да егжей-тегжейлі сұрыпталғаны байқалады. Құрандағы неке және отбасы мәселелері, сауда-саттық, ата-анаға деген құрмет,  дұғаның маңыздылығы көрерменнің танымын молайтып, ерекше мағлұмат береді. Осындай көрсетілімдері арқылы қазақ телевизиясы жас ұрпақты тәрбиелеуде жаңа бір сатыға көтерілгені анық.

 

Нұржан ТҰРСЫНБАЙ,
ОҚО Ішкі саясат басқармасы «Әлеуметтік бастамалар
орталығының» директоры:

– Имандылық тақырыбында телебағдарлама әзірлеу жөнінде облыс басшысының тапсырмасын орындауға арнайы жұмысшы тобы құрылып, екі ай бойы жұмыс атқарған болатын. Оған тиісті басқарма басшылығы, дінтанушы-теологтар және дін өкілдері белсене қатысты. Нәтижесі де көңіл қуантады. Бағдарлама «Қазақстан-Шымкент» телеарнасынан аптасына екі мәрте эфирге шығып отырды. Қалың аудиторияның талғамынан шыққан көрсетілім қазіргі таңда өзінің жоғары бағасына ие болып та келеді. Осы ретте, бағдарламаның биік дәрежеде әзірленуіне айтарлықтай үлес қосқан Ұлықбек Алиакбарұлы, Дәлелхан Оспанов, Мәди Беспаев сынды белгілі дінтанушы-теологтардың есімін айрықша айта кеткен жөн. Жалпы, фильм көңілге қонымды, тілі жатық, ұғынықты мәнерде дайындалған.

 

Амантай СӘДИЕВ,
«Абдул Хамид Хаттани» қалалық мешітінің найб имамы:

– Алланы тану үшін де білім керек. Өкінішке қарай, қазіргі кезде Ислам дінін ұстандым деп, теріс жолға кетіп қалғандар да кездеседі. Аты, шыққан жері, білімі, мақсаты белгісіз бір адамдардың уағызын тыңдап, адасып жатқан жастар да бар. Осындайларды көріп, өзгелер де намаз оқитын, мешітке баратын адамдарға жатсына қарайтыны да шындық. Бұл іс ислам дініне күйе жағып, адамдарды шошындырып жүрген топтардың әрекеті екені даусыз. Діни жолға түскен жастардың ішінде жиһад, ақида сенімі, мазһаб дегендерді дұрыс түсінбей ақиқатын іздемей жүргендер де бар. Осы орайда, тек жақсылыққа, бірлікке, татулыққа, жақсы өмір сүруге шақыратын Ислам дінінің ақиқаты мен мән-маңыздылығын барша көрермен қауымға ұғындыра білген аталмыш фильм дер шағында және көрерменнің бүгінгі талғамына сай дайындалған бағдарлама болды деп есептеймін. 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.