"Әлеуметтiк мәселелер – басты назарда"

Пятница, 19 Сентябрь 2014 09:08 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3686 раз

Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің солтүстік аймақтарында күн суытып, жаңбырдың соңы қарға ұласады. Сол суықтың ызғары оңтүстікке де жетпек. Сондай-ақ, қыстың ерте түсетіні айтылуда. Қалай болғанда да «қыс қыр астында», яғни қазір шаруа адамы есік-терезелерін қымтап, отынын дайындап, пешін тазалап дайын отыратын шақ. Қала тұрғындарының жөні бөлек. Жылумен қамтамасыз ететін мекемелерге тәуелді. Қыстың күнгі жағдайы құбырмен келетін жылудың сапасына байланысты. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновпен әңгімеміз де осы жылу беру маусымына дайындық барысы жөнінде басталған еді.

– Жылу беру маусымы басталуға жақын. Шымкент қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі жылу жүйесі үшін қай мекеме жауапты? Жалпы дайындық барысы қалай?
– Жылу беру маусымына дайындық кестеге сәйкес жүргізілуде. Осы бағытта іс-шаралар жоспары жасалып, арнайы штаб құрылды. Қыстың қамына қатысты бірнеше рет отырыс өткізіліп, атқарылған істер, шешімін күткен мәселелер талқыланды. Үйішілік жүйеге келсек, 2013 жылдан бастап, төлемақының уақытылы жиналмауы себебінен «3-Жылуэнергоорталығы» үйшілік жылу жүйелері күтімінен бас тартқан болатын. Осыған байланысты, қала әкімінің тапсырмасымен бірыңғай тетік дайындалып, қалада 14 тұрғын үй пайдалану бөлімшелері құрылды. Олар тұрғындармен келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Бүгінгі таңда ол бөлімшелердің 19 бригадасы көпқабатты үйлерде сығымдау жұмыстарын жүргізіп, жылу қабылдауға дайындауда. Осы арада айта кетейін, өткен жылы жылудың сапасына қатысты тұрғындар тарапынан шағым күрт азайды. Дегенмен, бұл төлемақының жиналуына оң әсерін тигізбеді. Бұл көрсеткіш 15-20 пайыз көлемінде қалып отыр. Әрине, бұл бағытта жұмыс жүргізілуде, яғни көрсетілген қызметке төлемегендердің мәселесі сот арқылы шешімін табатын болады. Жылу сапасын жақсарту мақсатында бюджеттен 83,0 млн.теңге бөлініп, қаланың оңтүстік бөлігіндегі 1,92 шақырым магистралдық жылу жүйелері қайта құрудан өтті. Сонымен қатар, коммуналдық меншіктегі 29,6 шақырым ішкі орамдық, 0,2 шақырым магистралдық жылу жүйелері ағымдағы жөндеуден өтті. 
– Қала тұрғындарын сапалы ауызсумен толық қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға, солтүстік және оңтүстік су таратқыштарының жағдайына тоқталсаңыз?
– Ішкі орамдық ауыз су құбырын тарту бойынша  2,7 млрд. теңгеге 7 елдімекенде ауызсу құбырларының құрылысы жүргізілуде және солтүстік су таратқышы құрылысын аяқтау жоспарланған.   Қаламыздың оңтүстік және солтүстік бөлігін қамтамасыз ететін ірі су таратқыш жүйесі бар. Солтүстік бөлігіне «Бозарық 1, 2, 3», «Асар», «Тұран», «Достық» және басқа, ал оңтүстік аумаққа «Бадам», «Сәуле», «Қазығұрт», «Құрсай», «Ақтас» шағынаудандары жатады. Солтүстік және оңтүстік сутаратқыштар 90-шы жылдары дами бастаған жаңа елдімекендерді сумен қамту үшін салынған. Ол елдімекендердің көбі облыс орталығына қосылған аудандар аумағында. Олардың бірқатары орталықтандырылған сумен қамтуға мұқтаж. Магистралді сутаратқыштар осы мәселені шешуге ықпал етуі тиіс.
– Сөзіңізді бөлейін, «Бадам», «Сәуле», «Құрсай», «Ақтас», «Қазығұрт» шағынаудандарын ауызсумен қамту мәселесі қалай шешімін таппақ?
– Өткен жылдың желтоқсан айында оңтүстік су таратқыш жүйесі пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда жоғарыдағы аудандар осы жүйеге қосылып отыр. Әйткенмен, бірқатар техникалық себептерге байланысты тұрғындардың әлі суға қолы жетпей тұр. Бірінші кезекте бұл сапаның талапқа сай болмауына байланысты болып отыр. Берілетін судың құрамын тиісті көрсеткіштер нормасына сай ету үшін оны тазалау хлорлау мәселесі қаралуда. Екінші мәселе «Бадам», «Сәуле» елдімекендеріндегі ішкіорамдық су құбырлары оңтүстік су таратқышынан бұрын салынған. Ондағы құбырлар 2-3 жыл қаңсып босқа жатты, нәтижесінде біріктірілген жерлеріндегі резеңкелі аралық қабаттар кеуіп, бүлінген. Тексеру кезінде су жіберілгенде ағып кетіп жатты.  Қысқасы, бұл елді мекендерді ауызсумен қамту мақсатындағы жұмыстар жалғасуда.
– Ал, «Бозарық 1-2-3», «Тұран», «Қайнарбұлақ» шағынаудандарындағы су таратқыш жүйесі қашан іске қосылады?
– Айта кету керек, солтүстік су таратқыш жүйесі толықтай пайдалануға берілген жоқ. Бұл аумақтағы жұмыстар екі кезең бойынша атқарылуда: біріншісі – суды жеткізу, екіншісі – судың бағытын реттеу (кәріз жүйесі). Су жеткізуге келсек, жүйе толық дайын, алайда кәріздендіру жүйесі жабдықтарының жетіспеушілігінен нысан пайдалануға берілмеді. Мердігер мекеме осы айда жұмыстарды толықтай аяқтап, 15 қазанға дейін солтүстік су таратқыш жүйесін іске қосуды міндетіне алып отыр. Ал, «Бозарық 1-2-3» шағынаудандарындағы ішкіорамдық жүйелер 2012 жылы жүргізілген, яғни солтүстік су таратқыш желісі салынғанға дейін. Нәтижесінде оңтүстік су таратқышындағыдай жағдай орын алды. Яғни, ішкіорамдық жүйелер бойынша қосымша жұмыстар жүргізу қажет. Сығымдау және шаю жұмыстары барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Тексеру үшін жүйелерді сумен толтырған кезде тұрғындар оны бау-бақшаларын суғаруға алып қояды, бұл өз кезегінде су құбырларын толық тексеруге мүмкіндік бермеуде. Нақтырақ айтсақ, тұрғындардың бұл әрекеті су құбыры жүйесін пайдалануға беруде кері әсерін тигізуде. Бұған қарамастан «Бозарық 1,2,3» елдімекендері бойынша кешенді іс-шаралар атқару қаралған, егер тұрғындар түсіністікпен қарап кедергі болмаса, су құбыры пайдалануға беріледі.
Бұрынғы «Қайнарбұлақ» саяжай алқабында да жұмыс екі кезең бойынша жүргізілуде. Бірінші – жалпы ұзындығы шамамен 320 шақырым ішкі орамдық және реттегіш су құбырлары жүйесінің құрылысы. Бұл жұмыс 2013 жылы басталды, 2015 жылы аяқталуы тиіс. Екінші – елдімекендерге жеткізілетін жалпы ұзындығы 4,5 шақырым магистралді су таратқышын жүргізу жұмыстары ағымдағы жылдың қараша айында аяқталып, пайдалануға берілмек. Яғни, «Қайнарбұлақтағы» су құбыры, жобаға сәйкес 2015 жылы іске қосылады.
– «Қайтпас-1,2» елдімекен тұрғындарын «көгілдір отын» мәселесі мазалауда, яғни олар қайта қосу жұмыстары қашан аяқталатынын сұрауда?
– Алғашқы жоба бойынша «Қайтпас – 1» газ-тарату пункті, қазіргі таңда салынған жаңа әкімшілік орталықтағы көпқабатты үйлердің аумағында орналасуы тиіс болатын. Техникалық талаптарға сәйкес, газ-тарату пункттерін көпқабатты тұрғын үй секторында орналастыруға болмайды. Сондықтан барлық газ жүйелері жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтан ауыстырылды, осыған байланысты қазір қайта қосу жұмыстары жүргізілуде. «Қайтпас-1» шағынауданының «Метро» СО маңындағы бөлігі әзірге көгілдір отын ала алмайды. Бұл тұрғын алабындағы жұмыстар жалғасуда.
«Қайтпас-2-ге» келсек, бірінші кезекте біз өткен жылы газқұбыры құрылысын бастадық. Биылғы тамызда жүйені «көгілдір отынмен» толтырып, қыркүйектің басында тұтынушыларға бердік. Бұл шағындауданның тұрғындары, егер үйлері газға қосуға толық дайын деп есептесе, «ҚазТрансГаз-ға» өтінім жасауларына болады.
– Ал, «Достық», «Достық-2», «Самал-3», «Тараз», «Солтүстік – Шығыс», «Шапағат-2» елдімекен тұрғындарына «көгілдір отын» қашан беріледі?
– «Достық», «Достық-2» елді мекен тұрғындарына газ берілді. Сондай-ақ, «Самал-3» биыл газға қосылатын болады. Ал, «Таразда» барлық жүйе газбен толтырылған, «Солтүстік – Шығыс» және «Шапағат-2» шағынаударында барлығы жаңа желіге қосуға дайын. Бұл шағынаудандардың тұрғындары «Қаз-ТрансГазда» неғұрлым тезірек абонент ретінде тіркелсе, соғұрлы тез «көгілдір отын» алады. «Қазығұрт» шағынауданының бір бөлігі газ алуда және «Құрсай» шағынауданымен бірге толық қосылатын болады.
– Қала әкімдігіндегі отырыстардың бірінде бірқатар қызметтерді орталықсыздандыру туралы айтылды. Осы жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз?
– Қаламыздағы аудандық аумақтарды абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстарына қатысты мәселелерді шешу биыл аудан әкімдіктеріне берілді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі енді қаланың орталық көшелерін күтумен және облыс орталығы тұрғындарын коммуналдық қызметпен қамтамасыз етудің ауқымды мәселелерімен айналысатын болады. Демек, аудан әкімдіктерінің балалар және спорт алаңшалары құрылысына, санитарлық тазалау жұмыстары секілді басқа да мәселелер бойынша өз бюджеттері бар.

Марат НАЗАРОВ.

Последнее изменение Пятница, 19 Сентябрь 2014 09:14
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.