Мұғалiмнiң мәртебесi...

Понедельник, 06 Октябрь 2014 04:59 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4476 раз

Білім ұяларының бүгінгі ахуалы көпшіліктің көңілінен шыға ма? Білім берудің сапасы, мұғалімдердің біліктілік деңгейі қандай? Жалпы, бүгінде мұғалімнің еңбегі лайықты бағаға ие болуда ма? Осы тақырып төңірегінде біз қаладағы бірқатар орта мектеп басшыларымен хабарласқан едік.

Орынкүл АЛШЫНБЕКОВА,  №7 Қ.Сыпатаев атындағы  орта мектебінің директоры: – Мұғалімнің мәртебесі бүгінде жоғары бағаланып отыр десек, асыра айтқанымыз болар. Себебі, ертеңгі қоғам үшін ұрпақ тәрбиесіне тікелей жауапты мамандық иелерінің «арқалағаны алтын» болғанымен де, бұл саланың қажеттілігі мен мұқтаждығына дендеп көңіл бөлу жайы әлі кемшіндеу секілді. Себебі, қарапайым сабақ барысындағы көрнекіліктерді дайындаудан бастап, әдістемелік оқу құралдарын шығаруға дейінгі кететін қаржылық қажеттіліктер арнайы зерделеніп, тиісті жәрдем көрсету жайы мүлдем ескерілмей келеді. Бұдан бөлек, жалпы, заман талабына сай педагогтарды дайындаймыз десек, оқытушыларды даярлайтын жоғары оқу орындарына аса үлкен жауапкершілік жүктеген ләзім. Бұл орайда, ұстаз деген ұлы есімді иеленуді қалаған әрбір жастың бойында, ең алдымен еселі ынта, мамандығына деген аса зор сүйіспеншілік қалыптасуы тиіс. Сол себептен де, қоғамға қажетті осы мамандықты қалаған мектеп түлектері үшін жоғары оқу орнына түсерде, шектік баллды мейлінше жоғарылатып, онымен қоса, арнайы әңгімелесуден өткізген дұрыс. Сонда ғана жас кадрларды дайындауда саннан сапаға көшуге мүмкіндік болады. Бүгінде педагогика саласында тәлім алған түлектердің басым көпшілігі, өзге салаларда қызмет етуге бейім. Себебі, сан қуалаудың нәтижесінде, педагогтар көптеп дайындалғанмен де, оның жауапкершілігін түйсініп, бар қиындығына төзе білу мәселесі бүгінгі жастар үшін үлкен тәуекелділікті талап етіп отырған жайы бар.
Мектеп ұжымы жөнінде айта кетсем, бүгінде оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп отырған Әсемкүл Әбжанова, Қыздархан Нашенова, Базаркүл Тілеубергенова, Гүлзада Дабыс сынды әріптестерімнің есімін ерекше атағым келеді.

 

Құрманкүл САРЖАНОВА,  А.Байтұрсынов атындағы  №50 мектеп гимназиясының  директоры:– «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық», – деген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың сөзі оны іске асырушы болашақ мамандарға бағдарламалық сілтеме іспетті. Мұғалімнің мәртебесі сөз болған жағдайда, оның қоғамдағы атқаратын қызметі мен өзіндік орнын салмақтап, бағыт-бағдарын анықтап алған жөн секілді. Қазіргі Қазақстан мектебіндегі жаңа өзгерістер әлемдік білім беру жүйесін пайдалана отырып, баланың жеке дара дамуын қамтамасыз ететін жаңа ақпараттық технологияларды іздестіруге және оларды қолдануға бағытталған. Яғни, аталмыш мамандық иелерінен талмай ізденіп, өз ісіне жауапкершілікпен қарауды талап етеді.
Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке толастамайды. Еліміздің кемел келешегі – білімді ұрпақ десек, ол ұрпақты тәлімді тәрбиемен, терең біліммен сусындататын киелі шаңырақ - мектеп. Бүгінгі ұрпаққа сапалы білім беру үшін педагог кадрлардың біліктілігін арттыру мен кәсіби дағдыларын жетілдірудің түбегейлі жаңа жүйесі құрылып, мектепке шығармашылық ізденіс қабілеті дамыған, жаңа педагогикалық технологияларды жете меңгерген, мамандық шеберлігі қалыптасқан мұғалім қажет. Ел ертеңі болып табылатын ұландардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда мұғалімнің үлесі орасан мол.
Осы орайда, Елбасы бізді әркез «өздігімізден үздіксіз жұмыс істеуге, өзіміздің білімімізді, кәсіби біліктілігімізді арттыруға» шақыруда. Бұл алға қойылған ауқымды міндеттерді іске асырудағы педагогикалық білім беру мазмұнын жан-жақты жаңғырту, оның сапасын арттыру болып отыр. Мұғалімдер көшбасшылығы оқушылардың нәтижелеріне оң ықпал етері сөзсіз. Мұғалімнің кәсіби дамуы үшін тәжірибелік дағдыларды қалыптастыруға  ерекше көңіл бөлудің  маңызы зор. Бұл бағытта үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүретін мектептің мақтаныштары – Кенже Әбен, Сауле Оспанова, Жанат Сартаева, Қалдықыз Баратова сынды мұғалімдерді бүгінгі күннің үлгілі адамдары ретінде атаған болар едім.

Сауалнаманы дайындаған – Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ.

Последнее изменение Понедельник, 06 Октябрь 2014 05:08
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.