Версия для печати

Сiз қалай тойлап жүрсiз?

Пятница, 10 Октябрь 2014 08:41 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4478 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Той өткізудің өзіндік талғамы мен әдеп-жоралғысы қандай болуы керек? Бүгінгі тойдың басталуы мен оны ұйымдастыру мәдениеті, той қарсаңындағы жастардың қала көшелерінде жасайтын шеруі ұлттық құндылықтарға қаншалықты сай келеді? Қазіргі тойлау мәдениеті талғам-дәстүрге сай ма? Осы және өзге де түйткілді мәселелерге жауап іздеген қалалық ардагерлер кеңесі «дөңгелек үстел» мәжілісін өткізді. Қаланың зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым жетекшілері қатысқан жиынды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Өмірәлиев ашып, жүргізіп отырды. Басқосу барысында талқыланған мәселе бойынша зиялы қауым өкілдерінің пікірлерін газет оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдік.

Әлібек ӨМІРӘЛИЕВ,
қалалық ардагерлер кеңесінің
төрағасы:

- Жалпы, қазіргі тойлау жүйесіне талдау жасап көретін болсақ, бүгінгі ахуал байырғы дәстүр ағымынан біршама алшақтап бара жатқаны аңғарылады. Мәселен, қазақта жақсы сөз бар: «Отыңыз өшпесін» - деген. Жаңа шаңырақ құрып отырған жастар кейде той барысында салтанатты түрде жеткізілген торттың шамдарын үрлеп өшіріп, өз ата-аналарына кесіп беріп жатады. Бұл қалай сонда? Бұл мәселеде ұлттық ғұрпымыз аяқ асты тапталып жатқан жоқ па? Осы секілді мәселелерді біз бүгінгі шара арқылы облыстық деңгейде БАҚ беттерінде көрсете отырып, көпшілікті ұлттық құндылықтарды қастерлеп сақтауға үндегелі отырмыз. Яғни, тым ондаған тұрғынның тарапынан қолдау болып, азаматтарымыз мәдениетке айқын бет бұрып жатса, мақсатымыздың орындалғаны болмақ.

Өмірзақ МЕЛДЕХАНОВ,
«Нұр Отан» партиясының
Шымкент қалалық филиалының
төрағасы:

- Той дегеніміздің өзі тоқшылықтың, берекенің өлшемін көрсететін ұлағатты дүниенің бірі ғой. Әйтсе де, осы орайда айта кетерім, той салтанатын бірнеше сағатқа кешіктіріп, өзді-өзімізді әбігерге түсірместен, ақсақалдардың келісімімен, уақытымен бастау дәсүрін қалыптастырсақ. Екіншіден, той басталған сәтте сақал қойған жастар да бата беріп жатады. Бұл да орынсыз жәйт. Үшіншіден, қазір тойды ер мен әйел адамның бірге басқаруы кең етек алып барады. Әйел адамның той басқарғаны меніңше, орынсыз секілді. Кездесіп жататын және бір олқылық – музыка ырғағы, сөйленген сөз зал ішінде жаңғырып, дұрыс естілмейді. Әрі-беріден соң жиналған көпшіліктің жүйкесін жұқартып, басын ауыртып жататын сәттер күнделікті өмірімізде жиі кездеседі. Осы аталған кемшіліктерді дұрыс жолға қойсақ деген ойым бар.

Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Айтылып жатқан бұл мәселелерге бір кісідей үн қату арқылы көпшілік арасына қозғау сала алсақ, көнеден келе жатқан ұлттық салт-санамызды бұзбай сақтап қалар едік. Қазір бесік, тұсаукесер, сүндет, ұзату, үйлену, туған күн секілді атап өтілетін тойлардың барлығы да бір сарынға түсіп кеткені байқалады. Әр атаудың қадір қасиеті, жоба-жоралғысы болады емес пе? Бізде оның өзіндік қадір-қасиеті әлі күнге ескерілмей келеді.

Мархабат БАЙҒҰТ,
облыстық «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық бірлестігінің
төрағасы:

- Шын мәнінде, бүгінгі бастама өте орынды көтеріліп отыр. Жастардың қала көшелерінде жасайтын шеруіне шектеу қою, тойды уақтылы бастап, асабалардың сөз мәдениетін, ұйымдастырушылық қабілетін, қала берді, кештің сценариін дайындауға дейінгі мәселелерге қоғам болып атсалыспасақ кеш қалатынымыз бүгінгі талқылау барысында айқын көрініп тұр. Меніңше, асабалардың өзін ішкі мәдениеттілікке тәрбиелеп шығаратын арнайы семинар-дәрістер өткізген де жөн шығар?!. Сонымен қатар, айта кететін бір жәйт, бір кездері біз облыстық тілдерді дамыту басқармасы тарапынан «Сіз қалай тойлап жүрсіз?» атауымен оқу құралын дайындаған болатынбыз. Онда тойдың сценариінен бастап, құттықтау лебіздеріне дейін қағаз бетінде көрсетілген. Қаржылық мүмкіндігімізге қарай, кітапшаның таралымын көптеп шығара алмадық. Егер сұраныс түссе, кітап таралымын қайта көбейтуге болар еді.

Аманғали ӘБДІРАМАНОВ,
еңбек ардагері:

- Кешкі той қарсаңындағы жастардың қаланың орталық көшелерінде жасайтын шеруіне құзырлы органдар тарапынан шектеу қойған дұрыс. Желіккен жастардың іс-әрекетінен шошынып, кейде, еркін тыныс ала алмайтынымыз бар көше бойында. Заң шеңберінде осындай бірқатар жөнсіз ысқырықтар мен өзге де іс-әрекеттеріне тиісті көлемде айыппұл салынса, бәлкім, өзгелері ойланар?
Құда күту дәстүріне сай, шектен шыққан олқылықтарды да кездестіріп жүрміз. Яғни, жаңа құдаларды мейрамханаларда күтіп, сол орыннан шығарып салып жатады. Сонда үй көрсету, табалдырық аттату салтымыз қайда қалды?!.

Ағабек СҮГІРӘЛИЕВ,
еңбек ардагері:

- Қазақтың той жасау салты керемет дәстүр ғой. Әйтсе де, той мәдениеті бізде өз деңгейінде қалыптаса алмай келеді. Күткен құда жағы кеш келеді. Музыка айғайға басып, есіңді алады. Үстел-үстелді жағалаған кішкене бүлдіршіндер де байыз таппайды. Біреулер кіріп, біреулер шығып жатады. Бұл тұрғыда өзге өңірлердің, қала берді, көршілес елдердің тойлау жүйесін зерделеп, басшылыққа алып көрген дұрыс болар деймін...

Досыбай ШЕРІМҚҰЛОВ,
облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы:

- Сөз жоқ, Өзбекстан, Тәжікстан сынды көршілес елдерде той салтына қатысты бүгінде арнайы Жарлық бекітілген. Онда байырғы салт-дәстүрді ұстану, ысырапшылыққа жол бермеу, тойды өз уақытымен бастап, аяқтауға дейін мұқият қадағаланады. Шынында да, бізге осындай механизмді жүзеге асыру дұрыс шығар?

Шәріпбек ЖАМАЛБЕК,
 «Азаматтық альянс» қоғамдық бірлестігінің
төрағасы:

- Бұрынғы мен қазіргі тойдың арасында үлкен алшақтық бары аңғарылады. Бүгінде, ағайын арасында бір-бірімен бәсекеге түсіп, ысырапшылыққа жол беріп жатқаны рас. Бұл мәселені шешіп тастау бір күндік не бір жылдың шаруасы емес. Бұған да қоғамдық үлкен пікірталас, үнқосу қажет. Осы орайда, айтарым, бүгінгі көтерілген тақырып бұқаралық ақпарат құралдарында өткір айтылып, тұрақты түрде арнайы айдармен беріліп отырса, көпшілікке айтарлықтай ой салғандай болар едік.

Болатбек ТӨЛЕГЕН,
 қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

- Қазақтың тойы бүгінде бір өлшемге келмейтін, өзекті мәселеге айналып бара жатқаны рас. Қызықшылығын тойлаймын деп түрлі келеңсіздіктерге жол беріп жататын жәйттердің көптігі жанымызға батады кейде. Той жасаймын деп, алған несиесін жаба алмай жататын отбасыларды да көріп отырмыз. Осыдан келіп, өзара жанжалдасып жатқан отбасы мүшелерін де, бірін-бірі жазғырып шыға келген ағайын арасындағы келіспеушіліктерді де байқаймыз. Бұл мәселеге қазір көп болып жұмыла қарап, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен арнайы жобалар дайындау ісін қолға алып, жандандырсақ, ілкімді тірліктің бірі болар еді.

«Дөңгелек үстел» мәжілісіне қатысушылар ұсыныстар мен сын-ескертпелерді жинақтап, өңір тұрғындарына Үндеу жарияламақ.

Дайындаған
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ.

Последнее изменение Пятница, 10 Октябрь 2014 11:08
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.