Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері Динара ЖҰМАДІЛОВА: БІЗ ҮШІН ӘР БАЛАНЫҢ АМАНДЫҒЫ ҚЫМБАТ Избранное

Среда, 01 Июнь 2022 04:54 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 1635 раз

Ұрпақ саулығы — ұлт саулығы. Келешекке нық қадам жасайтын іргесі мықты ел қалыптастыру жолында білім, тарих, мемлекеттіліктен бір мысқал да кем емес жауапкершілікті талап ететін ұрпақ саулығы тұр. 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының жұмысымен танысып, аурухананың бас дәрігері Динара ЖҰМАДІЛОВАМЕН сұхбаттасқан едік.

726

 

— Динара Ағаділқызы, Сіз басшылық етіп отырған мекемеге үлкен міндет – ұрпақ саулығын сақтау жүктеліп отыр. Қалалық балалар ауруханасының мүмкіндіктері, тыныс-тіршілігіне тоқталып өтсеңіз.

— Өткен жылы Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының 20 жылдығын атап өттік. 2001 жылы сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен оңалту орталығы қалалық балалар ауруханасы болып құрылған. Аурухананың жаңа ғимараты 270 орындық еді, қазіргі төсек қоры 315 орынға жетті. Балалар ауруханасының жұмысын ары қарай ширатып, оны дамытуға, жаңа бейіндік бөлімдер ашуға Түркістан облысы мен Шымкент қаласының әкімшілік бөлінісі серпін берді. Шымкент республикалық маңызы бар қала ретінде өз алдына бөлінген соң, бюджеті артып, қалалық денсаулық сақтау басқармасы құрылды. Міне, осылайша, қалалық балалар ауруханасының даму үдерісі 2018-2019 жылдардан бері қарай арта түсті.

727

 

— Яғни, бюджеттің қолдауы артып, заманауи құрал-жабдықтар алуға мүмкіндік туған болар...

— Шымкентте бізден бөлек, тағы бір үлкен мекеме — облыстық балалар ауруханасы бар. Әкімшілік бөлініске сәйкес, ол аурухана тек облысқа қарасты аудандардан келген балаларды қабылдайды. Ал, қалалық аурухананың алдында жедел жәрдеммен келетін, жоспарлы медициналық көмекке жүгінетін Шымкенттегі балалардың барлығын қабылдау міндеті тұрды. Алайда, кез келген істі бастар кезде мықты жоспар құру маңызды. Біз «қандай бейіндік салаға басымдық береміз, қандай мамандар қажет?» деп сараладық. 2019 жылдың соңғы тоқсанында осы қалалық ауруханаға басшылық қызметке ауысып келдім. Келгеннен кейін барлық бөлім меңгерушілері мен дәрігерлердің басын қосып, қаладағы педиатриялық-медициналық көмекті балалар ауруханасына орталықтандыру керек деген тұжырымға келдік. Алғашқы кезеңде ауруханаға келген балалардың нозологиясы (диагнозы) бойынша, яғни қандай науқастар көп, қай дәрігерге сұраныс көп екенін зерделедік. Зерделеу нәтижесінде нейрохирургия, комбустиология (күйікті емдеу бөлімі), торакальді хирургия, неонатальді хирургия, эндокринология сынды жиі сұралатын бейіндерді дамытуды бірінші кезеңде жолға қойдық. Жоспарға сәйкес, аталған бейіндік бөлімдер ұйымдастырылып, мамандар даярланды. Ал, екінші кезеңде интервенционді кардиология, ангиохирургия, онкогемотология, нефрология сынды бөлімшелер ашылды. Бұл кезеңде бейіндік бағыттарды дамыту үшін медициналық ауыр техникаларға қажеттілік туындады. Мақсатымыз науқас бала алғашқы көмекті, медициналық сараптаманы, тиісті емді, барлығын бір жерден алатын орталықтандырылған жүйе қалыптастыру еді. Ол диагнозды жедел әрі дұрыс анықтауға, баланың, ата-ананың жан-жаққа шапқылап қиналмауына, тіптен емделушілер тарапынан түсетін арыз-шағымды азайтуға септігін тигізеді. Біз жұмысты оңтайландыру үшін қалалық денсаулық сақтау басқармасына өз талап-ұсынысымызды айтып, ұрпақ саулығын сақтауда қажетті медициналық құрал-жабдықтарға тапсырыс бердік. Қала басшылығы біздің ұсынысымызды қолдап, мемлекет қазынасынан 2 миллиард теңгеге медициналық жабдықтар алынды. Оның бірі — қалалық балалар ауруханасында бұрын-соңды болмаған МРТ аппаратының 1,5 теслалық нұсқасы.

— Бала жаны — жұмбақ әлем. Кішкентай сәбидің саулығын білу үшін білімнен бөлек, сезімталдық қасиет те керек. Яғни, екінің бірі балалар дәрігері бола бермейтіні анық. Аурухананың қазіргі кадрлық әлеуеті, яғни дәрігерлердің мүмкіндігі қандай? Әкелініп жатқан заманауи технология «тілін» жетік білетін мамандар жеткілікті ме?

— Бүгінгі таңда маман дайындау оңай шаруа емес. Әрине, бейіндік бөлімдерді құру үшін алдын ала мамандарды дайындадық, өзге ауруханалардан мамандар шақырдық. Мәселен, нейрохирургия, нейро-травматология бөлімдерін ашу үшін Ақтөбе қаласынан маман шақыруға тура келді. Ол дәрігер баспаналы болғанға дейін, аурухана есебінен 1 жылдай пәтерақысына төлем жасадық. Сондай-ақ, бала өлімінің алдын алу, оның шетінеу себебін анықтау үшін ауруханаға қажетті реаниматолог, неонатолог, анестезиолог, неонатальді хирург мамандарын Санкт-Петербург қаласына командалық жүйемен 2 аптаға біліктілік жетілдіру курсына жібердік. Себебі, туа бітті дерттің салдарымен күресіп, сәбидің өмірін сақтап қалу үшін мамандардың білікті, медициналық жабдықтардың түгел болуы өте маңызды. Енді биыл медбикелерді біліктілік жетілдіруге жолдауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ана мен бала денсаулығы ұлттық ғылыми орталығының дәрігерлері еліміздегі балалар ауруханаларының, яғни біздің жетекші мамандарымыз болып келеді. Мәселен, өткен жылы онкогемотология бөлімі құрылды. Себебі, онкологиялық аурулар ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Бұл бөлімге қажетті маманды Түркістан облыстық балалар ауруханасынан шақырттық.
Балалар ауруханасында жалпы 82 дәрігер бар. Оған цифрландыру жұмысымен айналысатын әдістемелік дәрігерлер де кіреді. Бүгінде 9 клиникалық, 6 параклиникалық бөлім жұмыс істейді. Параклиникалық бөлімдерге қабылдау, жарақат бөлімі, зертхана, реанимация, сәулелі-диагностикалық орталық кіреді. 2019 жылы аурухана 19 бейін бойынша қызмет көрсетсе, бүгінде бұл көрсеткіш 28 бейінге жетті. Мұны да аурухананың жетістігінің бірі ретінде атап өтуге болады.

— Онкогемотология бөліміне қажеттілік туындады дедіңіз. Бұл қатерлі дерттің «жасарғанын» көрсете ме?

— Онкологиялық аурулар ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Баласының дертіне дауа іздеген ата-аналар үшін медициналық көмек қолжетімді, яғни өз қаламызда көрсетілсе деген мақсатта қолға алынды. Әрі мамандардың бақылауына да қолайлы.
Иә, қатерлі дерттің жасарып жатқаны қынжылтады. Қазір нанотехнология дәуірі, яғни ұялы телефон сынды түрлі техникаларды пайдалану өсіп келе жатқан бала ағзасына кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондай-ақ, бүгінде туа бітті түрлі ауыр дертке шалдыққан науқастар да бар. Бұл, ең әуелі, ата-ананың денсаулығынан бастау алады, яғни отбасын жоспарлау мәселесі туындайды. Себебі, отбасын құрып, ата-ана болуды армандаған жұп денсаулығына күтім жасауы керек және әр баланың арасында кемі 3 жыл үзіліс жасағаны абзал. Бұл аралықта әйелдің ағзасы қайта қалпына келе бастайды. Иә, кейде ата-ананың да, медицинаның да қауқарсыз тұстары бар. Бірақ, басым жағдайда дүниеге сау ұрпақ келу үшін ата-ананың денсаулығы мықты болуы тиіс.

— Мемлекет басшысы «2022 жыл — Балалар жылы» деп бекіткені белгілі. Биыл балалар жылына орай қандай жобалар қолға алынып отыр? Жуырда аурухана жанынан сәулелі-диагностикалық орталық құрылды. Орталықтың ашылуы аурухана жұмысының ілгерілеуіне әсер етті ме?

— Бұл жылға жаңалығымыз көп. Алматыдағы №2 қалалық балалар ауруханасында нейрохирургия саласы өте жақсы дамыған. Тәжірибе алмаса отырып, ауруханаға күрделі отаға қажетті нейромониторинг, нейрохирургиялық микроскоп сынды түрлі аппараттар алынды. Әуелі, алматылық мамандар біздің аурухананың қабырғасында шеберлік сағатын өткізіп, тәжірибе алмасса, биыл мамандарымыз Алматыдағы орталықта біліктіліктерін жетілдіріп келді. Ең үлкен жаңалығымыз, жыл басында церебральді сал ауруына шалдыққан 8 балаға күрделі ота жасалды. Бұған дейін мұндай дорсальді ризотомия операциясы тек Алматы қалалық №2 балалар ауруханасында жасалып келген болатын. Церебральді сал ауруына шалдыққан балалардың орталық жүйке жүйесі зақымданған соң, олардың тірек-қимыл қозғалысы нашарлайды, буындары жұмыс істемей жатады. Бұл отаның күрделілігі сол, ота кезінде омыртқаның бойы ретімен толық ашылады. Нейрохирургиялық микроскоп арқылы бақылап, зақымданған жүйке талшықтарының арасын ажыратып, науқастың қимыл-қозғалыс функциясын қалпына келтіреді. Алғашқы ота мемлекет есебінен 7 жастан асқан 2 балаға тегін жасалды. Отаның ұзақтығы 10-12 сағатқа дейін жалғасты. Операция алдында дәрігерлер баланың барлық талдамаларын қарап шығады. Кейбір церебральді сал ауруына шалдыққан балалардың денсаулығы мұндай ота жасайтын кезеңнен өтіп кеткен болып жатады. Отадан кейін бала жүгіріп кетпесе де, аяқ-қолының тырысқаны жазылып, буындары қалпына келген. Мұндай дерт біреулерде туа бітті, яғни жатырішілік инфекциялық аурулардың салдарынан болса, енді біреулерде түрлі оқыс оқиға, апаттан пайда болып жатады. Ал, жүйке жүйесі бұзылған соң, баланың ағзасындағы өзге де органдардың қызметіне кері әсерін тигізеді. Міне, дәл осы жағдай баланың тірек-қимыл аппаратының жұмысын тежейді. Себебі, зақымданған жүйке талшықтар өз қызметін атқара алмайды. Орталық жүйке жүйесі зақымданған соң адамның қалыпты өмір сүруі қиындайды. Қалыпты жүріп, тұрмайтын баланың жүйке жүйесі, бұлшықеттің инервациясы әлсіз болған соң, бұлшықеттері семіп, кішірейе бастайды. Ал, өзге 6 балаға да дәл осы ота жоспарлы түрде, ата-анасының рұқсатымен жасалды. Отаны арнайы білім жетілдіріп келген соң, өзіміздің дәрігерлер өткізді. Нейрохирургтер Самат Көкшебаев пен Таңсық Абдуллаевтың, нейрофизиолог Рүстем Әлібекұлы мен анестезиолог Бауыржан Әлменовтің еңбегін ерекше атап өту керек. Мәселен, нейрофизиолог арнайы нейромониторинг құрылғысы арқылы қай омыртқада қандай талшық зақымданғанын нақты әрі дәл сипаттап отырса, нейрохирургтер сол бағытпен ашық ота жасайды. Ал, анестезиолог науқастың жағдайын бақылай отырып, ота барысында бірқалыпты ұйықтауына жауапты. 10-12 сағат бойы баланы наркозда ұстау, 12 сағат тік тұрып ота жасау оңай шаруа емес.
Сәулелі-диагностикалық орталықтың құрылуына келсек, бұл жоба жұмысты оңтайландыру мақсатында қолға алынды. Орталықта рентген, КТ, УДЗ, МРТ аппараттары бар. Мұнда алынған 1,5 теслалық МРТ аппаратының мүмкіндігі зор. Түсірілуі тиіс органның түріне қарай әрқайсысы 20-30 минуттай түсіріледі. Естияр бала мұнша уақыт тыныш жатуы мүмкін, ал 3-5 жас аралығындағы балаларға түсірілетін органның түріне қарай наркоз беріледі. Эпилепсия ауруы бар баланы МРТ-ға түсірген кезде біздегі құрылғы түкпір-түкпіріне дейін анық көрсетеді. Сәулелі-диагностикалық орталыққа келушілер үшін арнайы кесте бекітіліп, емханаларға жолданған. Себебі, МРТ-ға наркозбен түсіру үшін алдын ала жазылып, дәрігер қабылдауына келуі тиіс. Әуелі, емханалардан жолдамамен келгендерге, сосын стационарда ем қабылдап жатқандарға белгілі кезекпен 3 мамырдан бастап қызмет көрсетіп келеміз. Бір айға жуық мерзімде бұл орталықтың қызметіне 70-ке жуық бала жүгінген.
Балалар ауруханасының тағы бір жетістігі — консультативті-диагностикалық блоктың жұмысы. Мұнда көптеген емханаларда табыла бермейтін бейіндік дәрігерлер қызмет көрсетеді. Себебі, көптеген емханаларда отбасылық дәрігерлер бүлдіршіндерге қабылдау өткізеді және бейіндік дәрігерлер болса да, тек ересек азаматтарды ғана емдейді. Міне, осындай сұранысқа орай консультативті-диагностикалық блок ұйымдастырылды. Онда бейіндік мамандар емханалардан жолдама арқылы келген науқастарға күндізгі сағат 11.00-15.00 аралығында кеңес береді.
Жалпы, Мемлекет басшысы «Балалар жылы» деп жариялағаннан бастап-ақ, біз түрлі іс-шараларды қолға ала бастадық. Мәселен, әр айдың соңғы жұмасында ашық есік күні өтіп тұрады. Ол күні мен де науқастарды қабылдап, кеңес беремін. Сондай-ақ, баланың денсаулығын сақтау және сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында дәрігерлеріміздің білімін жетілдіріп отыру, тәжірибе алмасу мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Сондай-ақ, 1 маусым — халықаралық балалар күніне орай аурухана дәрігерлері емделушілерге тосынсый ұйымдастырып жатыр. Пандемияға байланысты емделуші балалардың сыртқа шығуына шектеу қойылған болатын. Енді мереке күні жағдайы қалыпты емделуші балақайлар аурухана ауласындағы ертегілер еліне саяхаттайтын болады.

— Дәрігерлер біліктілігінің нәтижесі болар, бұған дейін республикада, яғни, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында ғана жасалып жүрген күрделі оталар Шымкентте жасалып жүр. Жасөспірім балаға, тіптен, жаңа туған сәбиге де күрделі ота жасалғанын естіп қалдық. Жалпы, ауруханада қандай күрделі операцияларды жасауға мүмкіндік бар?

— Балаларда сколиоз ауруы жиі кездесіп жүр. Әсіресе, оңтүстік өңірде көп дерт ағзадағы йод, темір тапшылығына байланысты туындайды. Себебі, бұл өңірдің климаттық жағдайына да байланысты. Мәселен, Қызылордада йод тапшылық дерті сирек. Анемиясы, йод тапшылығы кездесетін әлжуаз бала мектепке барған кезде иығына ауыр салмақты сөмкені асып қоямыз. Бір оқу жылында, яғни он ай бойы ауыр сөмке баланың иығынан түспейді. Салдарынан дәл осы сколиоз ауруы көбейіп отыр. Бүгінде сколиозға шалдыққан 2 балаға ота жасалды. Алғашқы отаны астанадағы ғылыми орталықтың меңгерушісі Болат Әбікенұлы жасап, шеберлік сағатын өткізді. Себебі, елімізде бұл отаны тек осы кісі жасайтын. Екінші отаны біздің дәрігерлеріміз өткізді. Мұндай күрделі ота кезінде де омыртқа бойына ашық ота жасалып, оған темір орнатылады. Бұл темір бала өсіп-жетіліп, омыртқа түзелгенге дейін бойында қалады. Дәл осы операцияны жүргізу үшін дәрігерлеріміз Минск қаласында білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасып келді.

— Яғни, шетел асып, дәрігер іздеудің қажеті жоқ қой.

— Елімізде емделетін ауру түрі болса, ол науқас шетелге жіберілмейді. Яғни, отандық медицинаның мүмкіндіктерін пайдаланамыз. Мәселен, науқас Шымкенттен тыс жерден, яғни Алматыда, Нұр-Сұлтан қаласындағы бір дәрігер туралы естіп, сол кісінің емдегенін қаласа, портал арқылы тегін ем түріне жолдама беріледі. Яғни, емделуші дәрігерді таңдай алады. Учаскелік немесе емдеуші дәрігер науқастың тиісті талдамаларын электронды түрде порталға енгізіп, жоспарлы ем қабылдауға жібереді. Сонымен қатар, өңірлік, аймақтық ауруханаларда және республикалық орталықтарда жасалатын оталардың түрлері бар. Жергілікті ауруханада жасалмайтын ота түрі болса, біз республикалық орталықтағы дәрігерлермен байланысып, сонда жолдаймыз. Ал, халі өте мүшкіл, реанимациядағы науқас болса, санавиация арқылы республикалық орталықтарға жеткізу мәселесі де қаралған. Жоспарлы ем болса, қалалық аурухана да, жергілікті емхана да республикалық орталықтарға жолдай алады. Республикалық орталықта ем қабылдап келген соң, ата-ана мен балаға жергілікті бюджеттен жол шығынын төлеу қарастырылған.
Шамамен осыдан 5 жыл бұрынғы медицина мен бүгінгі жағдайды мүлде салыстыруға келмейді. Көптеген күрделі, сирек оталар, тіптен жүрек, бауыр, бүйрек трансплантациясы да елімізде жасалып жатыр. Иә, Қазақстанда мүлде жасалмайтын ота болса, шетелдің көмегіне жүгінетін кездер болады. Дейтұрғанмен, медицинаның дамып келе жатқаны шығар, бүгінде шетелге емге баратындар қатары сиреген. Салыстырмалы түрде алсақ, Америка Құрама Штаттары медицина саласын цифрландыруға 2006 жылы көшіп, мемлекеттік салық түсімінің 15 пайызын осы салаға бағыттаған. Ал, Түркия 2014 жылы цифрландыру мәселесін қолға алған. Қазақстанда бұл жұмыс 4-5 жылдың төңірегінде жүргізіліп отыр. Бұл дәрігерлерді қағазбастылықтан босатты. Барлық талдама, қабылдаулар бір орталықтан қаралып жүр.

— Бүгінде педиатрлардың алдында қандай проблемалар тұр? Ел медицинасындағы өзгерістерге көңіліңіз тола ма?

— Медицина күн сайын дамып отыр. Дегенмен, сирек кездесетін ауру түрлері, туа бітті ақаулар көбейіп келеді. Оның алдын алу мақсатында қалада перинаталды консилиум құрылған. Оның құрамында қалалық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс мамандары, яғни әр ауруханадағы білікті дәрігерлер бар. Олар әр сәрсенбі күні Шымкент қалалық перинаталдық орталықта қабылдау жүргізеді. Жүктілік кезеңіндегі УДЗ-нің 2-3 скринингінде баланың дамуында туа бітті ақаулар анықталатын болса, перинатальді консилиумға жолданады. Егерде баланың бірнеше органының дамуында ақау болып, оны операциямен емдеу мүмкіндігі төмен болса, жүктілікті тоқтатуға ұсыныс беріледі. Ал, ота жасап, емдеуге болатын туа бітті ақаулар анықталса, жүктілік дәрігерлердің бақылауымен жалғаса береді. Мәселен, гастрашезис дертімен туылған балалар бар. Бұл аурумен туылған баланың ішек-қарны дене бітімінен тыс, сыртына шығып кетеді. Жыл басынан бері гастрашезис диагнозымен 4 бала дүниеге келді. Дәрігерлер 2-3 мәрте ота жасап, ішек-қарынды ретімен орнына келтірді. Сондай-ақ, көтеншек атрезиясы дертімен, яғни сәби көтеншексіз туылатын жағдайлар да бар. Тік ішек шеті жақын орналасса, бір отамен реттеуге келеді. Ал, алыс орналасқан жағдайда баланың өскенін күтеміз және белгілі бір уақытқа дейін тік ішекті сыртқа шығарып қоямыз. Баланың өсуін күтіп, ішек өскен соң қайта жалғап, ішек жолын қалпына келтіреміз. Жыл басында жаңа туған сәбиге өңеш жолының бітеу туылуы ақауына ота жасалды. Бұл да күрделі оталардың бірі. Бала туылғанда жұтқыншақтан кейінгі өңеш бітеу болады. Ота арқылы өңеш пен асқазан жолын қосамыз. Жоғарыда айтылған перинатальді консилиум арқылы біз сәбидің қандай дертпен, қашан туылатынын алдын-ала біліп, оған ем жасауға дайын отырамыз. Гастрашезиспен туылған нәрестені біздің дәрігерлер перзентханаға барып, 3-6 сағат аралығында арнайы жедел жәрдемде сәби күймесімен жеткізіп, отаға дайындайды. Жыл басынан бері гастрашезис диагнозымен 4 сәбиге, өңеші бітеу 2 нәрестеге, диафрагмалық грыжасы бар 1 және көтеншек атрезиясы бар 1 балаға ота жасалды. 2019 жылға дейін ауруханамызда диафрагмалық грыжаға ғана ота жасалса, бүгінде туа бітті ақаулардың барлық түріне ота жасау мүмкіндігі бар. Туа бітті ақауларға операцияны неонатальді хирург, клиникалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ержан Байдуллаев жасап жүр. Ол жуырда Санкт-Петербургке барып, тәжірибе алмасып келді.
Ал, проблемаға келсек, туа бітті ақаулардың алдын алу үшін ата-ана болуды жоспарлаған азаматтарымыз денсаулығына күтім жасаса дейміз. Дені сау ұрпақ денсаулығы мықты ата-анадан туады. Екінші мәселе — ата-ана мен медицина қызметкерлерінің арасындағы байланыс мәселесі. Көптеген арыз-шағым «дәрігер маған дұрыс қарамады», «менің ғана балама қарасын» деген мағынада түседі. Иә, түсінеміз, ата-ана бала ауырғанда ашушаң болады, күйзеліске түседі. Бірақ, емдеуші дәрігер барлығын өз қызметтік өкілеттігіне сай атқарады, себебі біз үшін әр баланың амандығы қымбат. Мәселен, кеше келіп түскен науқастың жағдайы қалыпты болса, бүгін жедел жәрдеммен келген баланың дертін жан-жақты зерделейді. Дәрігерлерден көмек аламын деп емес, ол көмек беруге міндетті деп келетін ата-аналар көбейген. Мұндай агрессивті әрекеттер дәрігердің жұмысына едәуір кедергі келтіреді. Уақытын алады. Балаға ем қонып, алға жылжу үшін ата-ана мен дәрігер арасындағы қарым-қатынас нығаюы тиіс, емделуші кәсіби маманның сөзіне құлақ асуы керек.

— Әңгімеңізге рақмет!

Последнее изменение Среда, 15 Июнь 2022 20:51