Версия для печати

ШАЛҒАЙДАҒЫ АУРУХАНА ОТА ЖАСАУДЫҢ ЖАҢА ӘДІСТЕРІНЕ КӨШТІ Избранное

Среда, 22 Июнь 2022 06:40 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3929 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қалалық №3 аурухана жаңа орталықпен толығып, заманауи медициналық құрал-жабдықтар және қондырғылармен қамтылуда. Қаладан шалғай орналасқан қырық жылға жуық тарихы бар мекеменің ағымдағы жөндеу жұмыстарынан кейін жаңа тынысы ашылғандай. Медициналық ұйымдағы өзгерістер мен тың жаңалықтар жайында аурухананың бас дәрігері Сәрсен ПЕРНЕБЕКОВПЕН сұхбаттастық.

78

 

– Сәрсен Махамбетұлы, мекеменің жөндеу жұмыстарынан кейін екінші бір тынысы ашылғаны сезіледі. Ғимарат ауласының кіре берісінен-ақ мұнда үлкен өзгерістердің орын алып жатқаны байқалады?

–Иә, Шымкент қалалық №3 ауруханада соңғы бір-екі жылда үлкен өзгерістер орын алды. Қаладан шеткері орналасқан бұл мекеме кезінде Сайрам ауданының орталық ауруханасы болған. 2018 жылы Шымкент республикада үшінші мегаполис мәртебесін алып, территориясы кеңейгенде медициналық ұйым қалалық денсаулық сақтау басқармасының құзырына өтті.
Аурухана мегаполистегі 210 төсек-орынды көпсалалы медициналық қызмет көрсететін бірден бір мекеме. Көпсалалы деп айтуымызға негіз бар, себебі мұнда хирургия, терапия, балалар, неврология, жан сақтау, босану бөлімшелері және инсульт орталығы (2021 жылы ашылды) жұмыс істейді. Жылына 10 мыңға жуық науқасқа тәуліктік стационарлық көмек көрсетіледі. Босану бөлімшесінің өзінде жылына 2500-ден аса сәби өмірге келеді.
Осы тұста атап өтерлігі, мегаполистің денсаулық сақтау саласы соңғы онжылдықтарда қарқынды дамып, медициналық қызмет сапасы жоғары деңгейге көтерілді. Бұл – заңдылық. Өйткені, Шымкент медицинасы жаңа заманауи бағытқа ілесе бастады. Біз де аурухананың медициналық қызмет көрсету сапасын республикадағы үшінші қала деңгейіне жеткізуге бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Ол үшін бірінші кезекте материалдық-техникалық базаны жаңарту жұмыстары қолға алынды. Техникалық база денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен тіліксіз ота жасайтын эндоскопиялық «Карл Шторц» аппараты, компьютерлік томография, УДЗ, цифрлық рентген, фиброгастроскоп, лапароскопиялық хирургияға арналған бейне эндоскопиялық кешен аппараттарымен толықты. Мәселен, емдеу ұйымында соңғы үш жылда компьютерлік томография кабинеті тәулік бойы жұмыс істейді.

80


Заманауи жаңа құрылғылар көмегімен дәрігерлер де науқастарды дер кезінде диагностикадан өткізіп, медициналық көмек беріп, ем-домын жүргізіп, өлім-жітімнің азаюына септігін тигізуде.

–Соңғы уақыттары елімізде инсульттан көз жұмғандар саны азаймай тұр. Сіздерде ашылған инсульт орталығының мүмкіндігі қандай?

– Қазіргі таңда әлемде кең тараған әрі қауіпті дерттің бірі – инсульт. Жыл сайын дүниежүзінде бұл дертке шамамен 15 миллион адам шалдығады. Салдарынан 3-5 миллионы қайтыс болады. Қазақстанда жылына 40 мыңға жуық адам инсультқа шалдығып, ауырғандардың 80 пайызы мүгедек болып қалады. Миллионнан астам халқы бар Шымкентке негізінен 4 инсульт орталығы қажет. Яғни, 250 мың халыққа бір инсульт орталық болу қажет. Аурухана қала аумағынан шет жерде халқы өте тығыз Сайрам тұрғын алабында орналасқан және 150 мың халыққа стационарлық медициналық көмек көрсетеді.
Саладағы өзекті мәселені шешуде Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен өткен жылы 1 сәуірде 15 төсек-орынды инсульт орталығы ашылды. Орталықтың басты мақсаты – бас ми қан айналымы бұзылыстарымен түскен науқастарға дер кезінде сапалы, арнайы жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету арқылы өлім-жітімді және мүгедектікті азайту.
Ашылғаннан бері инсульт бөлімшесінде 700-ден астам науқас емделіп шықты, оның ішінде 12 науқасқа ота жасалды. Амбулаторлық деңгейде 2020 жылмен салыстырғанда инсульттан болатын өлім жағдайы 2,5 есеге төмендеді. Қаладағы инсульт орталықтары арасында өлім деңгейі жағынан ең төменгі көрсеткіш бізде - 3,2 пайызды құрап отыр. Енді алдымызда дәрігерлердің біліктілігі мен жоғары технологиялардың мүмкіндігін пайдаланып, әрбір науқастың өмірін сақтау міндеті тұр. Осы мақсатта ауруханадағы медициналық көмектің сапасын жақсартуда Шымкент қаласы мен Түркістан облысының үздік мамандары мен білікті дәрігерлерін жұмысқа тарттық.
Бүгінгі таңда аурухананың көрсеткіші жаман емес. Қазір мамандарымыз жаңа технологиялық медициналық көмек көрсетудің жаңа әдістерімен жұмыс істеуде.

–Сөзіңізде хирургияның жаңа әдісімен операция жасалғанын атап өттіңіз. Отаны жергілікті дәрігерлер жасады ма?

–Жалпы лапароскопиялық хирургия – науқастың ішкі ағзаларына отаны тілік жасамай емдейтін хирургияның жаңа әдістерінің бірі. Бұл тәсілмен ота жасалған емделуші екі-үш күн ішінде аяққа тұрып кете алады. Аурухана тарихында алғаш рет лапароскопиялық әдіспен ота жасалды. Тың әдіспен жасалған операция жаңа «Карл Шторц» аппараты арқылы Алматы мен Қарағандының жетекші хирургтарының қатысуымен өтті.

79


Алдағы уақытта да бұл тәсілмен бүйрек, бауыр, өт жолдары ауруларының көптеген түрін емдеу жоспарлануда. Ендігі тіліксіз отаны біліктіліктерін арттырып, тәжірибе алмасқан дәрігерлеріміз өздері жасауға дайын.
Өздеріңіз білесіздер, сапалы кадрсыз жұмыс жүрмейді. Мекемемізде 350-ге жуық қызметкер бар болса, оның 39-ы дәрігер, 160-ы орта буын қызметкерлер. Біздің ұйымның басты ұстанымы – кәсіби мамандардың ынтымақты ұжымдық жұмысы, заманауи технологиялық ресурстармен әлемдік медицина ғылымы мен тәжірибесінің озық жетістіктерін алу, корпоративтік мәдениетпен және этикамен үйлесетін отандық медицинаның үздік дәстүрлерін негізге алу. Осының барлығы көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жоғары деңгейде ұстап тұруға және қоғам игілігі үшін жұмыс істеуге ынталандырады, жұмылдырады. Осы себепті білікті дәрігерлеріміз – Ердан Каратаев, Орипжон Тойчибаев, Бахадур Аблатаев, Гавриков Валерий Иванович, Назира Шатаева, Тохиржон Хасанов, Ирисали Эрназаров, Мукаддас Нурметова, Гүлжахан Бердалиева, Шухрат Ибрагимов, Расим Ризаевтың еңбектерін ерекше атап өткім келеді.

–Перзентхана бөлімшесінде күніне 10-15, жылына 2500-ден астам сәби өмірге келеді екен. Бұған материалдық-техникалық база дайын ба?

81

– Сайрам тұрғын алабы қаладағы елді мекендер арасында туу көрсеткіші жағынан алда келеді. Одан бөлек, емдеу мекемесі №12, №7 емханалар, «Хаят» жеке емханасы, ЖШС «Чапаевка» ЖШС, «Дария Медикус», «Саби Мед», «Рай Мед» медицина орталықтары аумақтары, темір жол ауруханасының емханасынан әйелдер мен жүкті әйелдерге тәулік бойы I деңгейдегі перинаталдық көмек көрсетеді. Қаладан медициналық ұйым 20 шақырым шалғайда және екі темір жол бекетінен басып өтеді. Жылдың соңына дейін босану бөлімшесін перинаталдық-техникалық базасын нығайтқаннан кейін II деңгейлі қызметке көшіру жоспарлануда. Қазіргі таңда аурухананың босану бөлімшесінің қажетті материалдық-техникалық қамтылу деңгейі 51,37 пайызды құрайды. Бірнеше рет басқармаға екінші деңгейге өту үшін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету туралы хатпен шықтық. Өйткені санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға байланысты жаңа перзентхана ғимаратын кезек күттірмей салу және перинаталдық көмек көрсету сапасын күшейту кезек күттірмейтін мәселенің бірі болып тұр.

– Медициналық құрылғылар жаңарғанымен, ғимараттың тозығы жетіп тұрғыны көрініп тұр...

–Сөзіңіздің жаны бар. Шымкент қалалық №3 аурухананың негізі 1986 жылы қаланған. Соңғы 15 жылда емдеу мекемесінде ешқандай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Ауыр экономикалық жағдайларға қарамастан сапалы медициналық қызмет көрсету – күн тәртібіндегі мәселеміз. Бүгінгі таңда ішкі ресурстарды пайдалана отырып, барлық бөлімшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Төсек-орындар жаңартылып, медициналық жиһаздармен қамтамасыз етілуде. Дәл қазіргі күні демеушілердің көмегімен аурухананың ішкі жолдары асфальтталып, айналасын көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыс 70 пайызға орындалды. Бұған көмек қолын созған патриот азаматтар – Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, жеке кәсіпкер Сулайманов Лазиз Низамханұлы, «Корпорация Алтын Май» ЖШС директоры Режабалиев Ихтиер Мамадалиұлы, «Құрылыс» ЖШС директоры Тұрлыбек Қилыбек Арапбайұлыны алғысым шексіз.

–Нейрохирургия саласында тәжірибелі дәрігерсіз. Жаңа Қазақстанның медицинасы қандай болу қажет?

– Алдымен, әріптестерімді маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтетін медицина қызметкерлері күнімен құттықтаймын. Президентіміз медицина қызметкерлерін арнайы құттықтап, «Мемлекет медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, денсаулық сақтау саласын дамытуға баса назар аударады. Ұлт саулығы – Жаңа Әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекеттік саясатымыздың аса маңызды бағыты» деп атап өтті. Бұдан бөлек бекітілген 10 Ұлттық жобаның алғашқысы – «Дені сау ұлт» сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» жобасы. Онда Қасым-Жомарт Кемелұлы қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсету, жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту, кадрлық әлеуетті нығайту секілді айқын тапсырмаларын берді. Мемлекет басшысының тапсырмасын өз деңгейінде орындап, Шымкент қалалық №3 аурухана ұлт саулығын жақсартуға үлесін қосады деп сеніммен айта аламын.

–Сұқбатыңызға рахмет!

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.