Жасөспiрiмдер қылмысы: кiнәлi кiм, қайтсек азаяды?

Пятница, 14 Ноябрь 2014 06:03 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 12430 раз

Қоғамымыздағы өзекті мәселелердің бірі – кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыстық оқиғалар. Елдің болашағы бүгінгі жастар екенін ескерсек, балалар арасындағы қылмыстың көбеюі мемлекетіміз үшін, ұлтымыз үшін өте алаңдатарлық жағдай. Бұл қауіпті кеселмен күрес жүйелі түрде жүруі тиіс. Оңтүстік Қазақстан облысының Ішкі істер департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, 2014 жылдың 9 айы көлемінде Шымкент қаласының аумағында кәмелетке толмағандарға қатысты 161 қылмыс тіркелген.

Ең көп қылмыс түрі – ұрлық-қарлық

1376314157 pubertat«Бес саусақ бірдей емес» дегендей, мінез-құлқы әр түрлі, білім деңгейі әрқалай қаншама балалар бар. Олардың ішінде өкінішке қарай, әлдекімге соқтықпаса ішкен асы бойына сіңбейтін желіккен жасөспірімдер жетерлік. Соның кесірінен жас жеткіншектер арасында суық қару қолдану, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық жасау, маскүнемдік тағы басқа заңға қайшы әрекеттер орын алуда. Шыны керек, ол қылмыстардың бірі ашылса, екіншісі жабулы қазан күйінде тасада қалып жататыны рас. Кей жағдайларда жәбірленушілер тарапы «басымыз аман болса болды» деп полицияға шағымдана бермейтіні де жасырын емес.
Осы тұста қаламызда
«Жасөспірімдер арасында ең көп орын алатын қылмыс түрі қайсы?» деген заңды сұрақтың ұшы қылтияды. ОҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасының деректеріне назар аударсақ, кәмелетке толмағандармен орын алатын қала аумағындағы қылмыстардың басым көпшілігі ұрлық-қарлық екен. Мәселен, 2014 жылдың 9 айы көлемінде Шымкент қаласында орын алған қылмыстардың 65-і қылмыс ұрлық әрекеттері болған.
Статистикаға көз жүгіртсек, өткен жылы Шымкент қаласында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 261 (2012 жылы – 342) қылмыс орын алған. Ал, 2014 жылдың 9 айы көлемінде Шымкент қаласының аумағында кәмелетке толмағандарға қатысты 161 қылмыс тіркеліп отыр. Оның ішінде, Абай ауданында – 86 (2013 жылы – 86), Әл-Фараби ауданында – 31 (2013 жылы – 53), Еңбекші ауданында – 44 (2013 жылы – 80).  

Қауіптің бір ошағы – атыс-шабысқа толы фильмдер

Мамандардың айтуынша, қылмыстардың көпшілігі түнгі мезгілдерде орын алады. Түн ортасында көше-көшені кезіп, қарақшылық жасап, адамдарды торуылдап жүретін жеткіншектің көп қатерге ұшырайтыны айтпаса да түсінікті. Жасөспірімдер арасындағы көңілге кірбің түсіретін қылмыстық оқиғаларды қайтсек азайтамыз? Қауіпті дертпен қалай күресеміз? Осы мәселе бойынша бірнеше маманның пікірін білген едік. Ұлағатты ұстаз, ақын, аудармашы Айбек Қабылша балалардың тәртібі мен мәдениетіне немқұрайды қарамау керектігін айтады.
– Қазіргі жасөспірімдердің барлығы бұзақы, оңбаған деп ойламаймын. Мен керісінше, Мағжан болмасам да, осылардан үлкен үміт күтемін. Мен жастарға сенемін! Дегенмен, балалардың тәртібін түзейміз десек, ең алдымен, теледидардағы мултфильмдер мен киноны реттеу керек. Ол туралы айтудың өзі күлкілі. Оларға күнде бұзақылық пен айуандықты насихаттап отырып, жастарды қалай бұзақылық пен айуандықтан тыймақпыз. Бар кілтипан осы атыс-шабысы тыйылмайтын шетелдік фильмдерден келіп жатыр. Жаман қылықтарды көріп өскен балалар бұзылмағанда қайтеді? Ондай безбүйрек бала еліне қорған, отбасына пана болып жарыта ма?  – дейді педагог.
Айтса, айтқандай-ақ, қазіргі теледүниенің талай жасөсіпірімнің «ақылшысына», «дос-сырласына» айналғанын аңғару қиын емес. АҚШ-тың Стендфорд университетінің ғалымы Альберт Бандураның жүргізген зерттеуіне үңілсек, агрессиялық әрекеттері бар кинофильм көрсетілгеннен кейін жасөспірімдердің 90%-ға жуығы сол әрекеттерді қайталайтынын дәлелдеп берген. Демек,
жасөспірімдер арасындағы қылмыстың зауалы «көк жәшіктен» келіп жатқанын бір фактор деп қарастыруымыз керек. Шымкенттегі Жаңа технологиялар колледжінің Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Жасұлан Ілиясов қоғамды алаңдатқан жасөсіпірімдер тәрбиесі төңірегінде төмендегідей пікірін білдірді.
– Біз жасөспірімдердің өтпелі кезең жасындағы мінез-құлқына үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Өйткені, бұл ауыспалы кезеңде бой жетіп немесе ер жеткен жасөспірімдердің өмірге деген көзқарасы да өзгеріске ұшырап жатады. Соның әсерінен жеткіншектер қылмыстық әрекеттерге немесе теріс діни ағымдардың жетегіне ілесуі ғажап емес. Біздің колледже жасөспірімдер арасындағы қылмыстарды алдын алып, олардың тәртібін қадағалау мақсатында «Бәйтерек» клубы жұмыс істейді. Клуб мамандарының ұйымдастыруымен колледжімізде құқық саласының мамандары, заңгерлер, ата-аналар, теологтармен бірігіп тұрақты жиындар өткізіп тұрады. Мұндай іс-шаралардың пайдасы өте мол. Осындай жұмыстардың нәтижесінде бізде биыл жасөсіпірімдер арасында ешқандай тәртіп бұзушылық тіркелген жоқ, – дейді Ж. Ілиясов.

Бейнекамералар қылмысты азайтты

Шымкент қалалық білім бөлімі, Жалпы орта білім беру және тәрбие жұмысын дамыту секторының бас маманы Сәуле Сапарбекованың айтуынша, бүгінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда қала мектептерінде нақты іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Әсіресе, білім шаңырақтарына орнатылған бейнекамералардың тиімділігі өз нәтижесін беруде.
– Қылмыстың санын азайтуда мектептердегі бейнекамералар үлкен көмегін тигізіп отыр. Қазір қаладағы 102 мектепте 6-дан 14-ке дейін бейнекамералар орнатылған. Ол камералар оқушылар жиі шоғырланатын жерге, кіребестерге қойылған. Бейнебақылауды директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен инспектор арнайы бақылап отырады. Бұл қондырғылар орнатылғалы бері қылмыс саны азайып, тиісінше тәртіп бұзу оқиғалары төмендеді, – дейді С. Сапарбекова.
Білім бөлімі өкілінің мәлімдеуінше, қазіргі таңда қала әкімдігі мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері бірігіп, түнгі уақытта қаланы аралап тұрақты рейдке шығады. Нәтижесінде көшеде жүрген жеткіншектерден жауап алынады, ата-аналарын да шақыртады. «Біз бұл орайда орын алған кемшіліктер бойынша педкеңесте талқылап, жедел шаралар қабылдаймыз. Жалпы, жас жеткіншектердің тәрбиесіне ата-ана мен мектеп мұғалімдері ғана жауапты емес. Бұған қоғам болып атсалысуымыз қажет», – дейді маман.
Ал, әлеуметтанушы Жаннұр Әлібекқызы қоғамдық дертке айналып отырған бұл кеселдің тамыры қайдан шығып жатқанына назар аударып, заң шеңберінде талапты күшейту керектігін айтады.
– «Ауруын жасырған өледі» демекші, бұл мәселеде талқыланатын тақырыптар көп. Себебі, бесіктен белі енді шыққан кейбір бозбалалар жауыздықтың неше түрін меңгеріп жатыр, адамды қой құрлы көрмей ата салатын жеткіншектер де солардың ішінен шығуда. Кім кінәлі? Бұл сұраққа жауап іздесек әйтеуір кінәлінің табылары анық. Үйдегі ата-ана мектептегі ұстаздарды, ал мұғалім үй ішіндегі жағдайды немесе баланың өзін кінәлай салады. Ал шындығында қоғамдық дертке айналып отырған мәселенің тамыры қайдан шығып жатқанына, балалардың не себепті қылмыс жасағанына бас қатырып жатпайтын секілді, – дейді әлеуметтанушы.

Қайдасың, қазақы тәрбие?!

Қалай десек те, жасөсіпірімдер арасындағы бұл түйткіл қоғамымызда өте өзекті мәселе болып отырғаны анық. Жергілікті атқарушы билік пен ішкі істер органдарының біріккен алдын алу шараларының арқасында қазіргі таңда бұл қауіпке тосқауыл қойылуда. Жыл басынан бері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында, облыстық ішкі істер департаменті және оның қала, аудандардағы құрылымдарымен мақсатты 8 жедел-профилактикалық іс-шарасы, сонымен қатар «ПАЗ» автобусы негізінде жасақталған жылжымалы полиция пункттерін қолдана отырып 57 рейдтік іс-шара өткізілген.  Атқарылған іс-шаралар нәтижесінде 2014 жылдың 9 айы көлемінде Шымкент қаласында жасөспірімдермен жасалған қылмыстар 19,7 пайызға (178-ден 143-ке), сонымен қатар, мектеп оқушыларының қылмысқа қатысулары 48,8 пайызға (82-ден 42-ге) төмендеген. ОҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Сапар Ботабековтің айтуынша, жыл басынан бері Шымкент қаласының мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларымен төменгі сынып оқушыларына әлімжеттік жасау және ақша жинау фактілері орын алмаған.
Рас, тәрбиесіз, талғаусыз берілген білім мен рухани қуаты жоқ дүниенің болашағы қашанда бұлыңғыр. «Баланы жастан...» деген тағылымды сөз қалдырған ата-бабаларымыз бұрын иманнан безген, өз ортасында бүлік шығарғандарды бір-ақ ауыз сөзбен тоқтатып, тентегін тезге салып отырған. Сол қазақы тәрбиенің тізгінін босатпау – бүгінгі әрбір ата-анаға, әрбір отбасыға үлкен сын. Жас ұрпақ тәрбиесіне сергек көңілмен, биік талғаммен қарасақ қана, көңілімізді қауіп билемесі анық.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.