Версия для печати

«Вакцина адам өмірін қауіпті аурулардан сақтайды» Избранное

Среда, 24 Август 2022 04:26 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4643 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Соңғы деректерге сүйенсек, дүниежүзінде коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастар саны азайып келеді. Дегенмен ғалымдар жер-жаһан дерттен құлан-таза айықты деп айтуға әлі ерте деп отыр. Өйткені уақыт өткен сайын коронавирустың жаңа штаммдары пайда болып, осыған байланысты вирустың адам ағзасына әсер етуі де басқаша өтуде. Індет инфекциясы ағзада бұрынғы жылдарға қарағанда жеңіл өтіп жатқанымен қауіптілігі де жоқ емес. Вакцинаның қорғаншылық қасиеті және ковидке қарсы күрес жұмыстары жайында Шымкент қалалық №2 аурухананың бас дәрігері Асқар РАХМАТАЛИЕВПЕН сұқбатымыз былай өрбіді.

403

 

–Қазіргі таңда коронавируспен күрес шараларының ұдайы жүргізілуіне байланысты елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақталды. Оның бір дәлелі індетпен аурушаңдық бәсеңдеп келеді. КВИ-мен сырқаттанудың қазіргі сипаты науқастарда аурудың жеңіл түрде өтуімен ерекшеленеді. Дәл қазіргі уақытта науқастардың 94%-дан астамы амбулаториялық жағдайда ем алуда. Сырқаттанушылық жеңіл түрде өткенімен, қауіпті топтарға жүкті әйелдер, 60 жастан асқан адамдар, созылмалы қоса жүретін аурулары бар науқастар, КВИ-ге қарсы егілмегендер жататындығын еске салғым келеді.
Медициналық ұйымдарда медициналық қызметкерлер тарапынан халық арасында тұрақты түрде санитарлық-ағарту жұмыстарының жүргізілуі тиімділігін көрсетті. Дәрігерлеріміз әлеуметтік желілерде (Facebook, Instagram) «Коронавирус инфекциясының алдын алу және вакцинаның тиімділігі» бойынша ақпарат береді. Оның ішінде тікелей эфирге шығады, бейнесюжеттер ұсынып, санбюллетень арқылы түсіндірме береді.

– Асқар Мұратұлы, ел арасында вакцинацияға деген сенімсіздік әлі де бар секілді?

–Иә, вакцина жайындағы фейк ақпараттар әлі күнге дейін халықтың арасында тарап, тіпті үрей туғызып жатқанынын естіп-көріп жүрміз. Медицина саласында қанша жылдардан бері еңбек етіп келемін. Жалпы вакцина қазіргі медицинаның ең үлкен жетістіктерінің бірі деуге негіз бар. Оған бір ғана мысал, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, екпелер жыл сайын өмірге қауіпті деген 20-дан астам аурудан 2-3 миллион адамның өмірін сақтайды екен. Иммундық жүйе ағзаны түрлі инфекциядан қорғайтын механизм десек, ал, вакцина – инфекцияны модельдеу арқылы иммунитетті дамытуға көмектеседі.

404

 

–Тұрғындар екпе алсақ та ковидпен ауырып қалдық деп жатады...

–Бұл сөздің жаны бар. Бір сөзбен айтқанда екпе алғаннан кейін инфекциямен күресетін қан құрамындағы Т және В-лимфоциттерін жасау үшін ағзаға әдетте бірнеше апта қажет. Сондықтан вакцинациядан кейін аз уақыт бұрын немесе вакцинациядан кейін вирус жұқтырған адам ауырып қалуы мүмкін. Өйткені вакцинаның қорғаныс жасауға жеткілікті уақыты болмайды. Сондықтан екпені дер кезінде жасау өте маңызды. Екпеден кейін ағза инъекция орнының қызаруы, ісіну, ауырсыну қалыпты жағдай екенін атап өткім келеді. Вакцинациядан кейінгі алғашқы 3 күнде адамда әлсіздік, дене қызуы көтеріліп, басы, буындары ауыруы мүмкін. Ол бірнеше күннен кейін басылады. Аталмыш белгілер вакцинаның жұмыс істейтінін көрсетеді және иммундық жүйені ынталандырады.

–Ауруханада ковидтің алдын алу және күресуде нақты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

–Жоғарыда атап өткенімдей, ақпараттық жұмыстарға басымдылық берілген. Коронавирусқа қарсы егілу, ұжымдық иммунитет қалыптастыру, ревакцинацияның маңыздылығын түсіндіру жұмыстары тұрақты қолға алынған. Аурухананы «лас» және «таза» аймақтарға бөлу, сүзгі, изолятор қарастырылған. Қызметкерлеріміз жеткілікті жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Мамандар сүзгі кабинеттерінде күнделікті 08:00-20:00 аралығында ЖРВИ және оның асқынулары (пневмония) белгілерімен келген науқастарды қабылдайды.
Емдеу ұйымында ЖРВИ және оның асқынулары, пневмониямен ауырған науқастардың үйлеріне бару үшін мобильді топтардың жұмысы тоқтаған жоқ. Олардың жұмыс кестесі 8:00-20:00 аралығында. Бригадалар «ересек» және «балалар» деп бөлініп, жұмыс жасауда. Тұрғындар арасында коронавирус індетінің аурушаңдығы ұлғайған жағдайда емханаларда қосымша мобильді бригадаларды іске қосуға әзірміз. Ауруханада КВИ-мен ауыратын науқастар үшін дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті.
Сонымен қатар, емханада «Ситуациялық орталықтар» құрылған. Күнделікті орталықтың жауапты мамандары тұрғындардан қоңыраулар қабылдайды, науқастарға телефон соғып, хал-жағдайларын, шағымдарын сұрайды. Туындаған мәселелерде тез шешім қабылдайды.

–КВИ-ге шалдыққан науқастарға ем жүргізуде нендей өзгерістер бар?

– КВИ расталған симптомды науқастар 10 күнге медициналық бақылауға алынып, үй жағдайында оқшауланады. Күнделікті екі реттік дене қызуын өлшеу бақылауға алынған. Клиникалық көріністері байқалмаған жағдайда үй жағдайында оқшауланады. Ковид расталған симптомсыз науқастар 7 күнге медициналық бақылауға алынып, лабораториялық тексеру оң мәнді көрсетсе, ары қарай 10 күнге оқшаулау жалғастырылады. Егер теріс мәнді жағдай болса, оқшаулау 7 күннен кейін аяқталады. Қатынаста болғандар оқшаулауға алынбайды, клиникалық көріністері байқалмаса лабораториялық тексерулер жүргізілмейді.

–Медициналық ұйымда вакцинаның қай түрі қолжетімді?

– Бүгінгі таңда 18 жастан асқан ересектерге екпе Қазақстанда қолдануға рұқсат етілген «Sinopharm», «Vero Cell», « KazVac» вакциналарымен жүргізіліп жатыр. Вакцинация, ревакцинация азаматтардың жазбаша келісімімен жүргізіледі. Тұрғындардың КВИ-ге қарсы вакцинаны қабылдау белсенділігі жоғары.

–Өзге медициналық ұйымдарға қарағанда №2 қалалық аурухана дәрігерлері ковидке шалдыққан науқастарға, соның ішінде жүкті аналарымызға ем-дом жүргізу бойынша жанкештілікпен еңбек етті. «Ковид орталық» жұмыс істеді. Маман ретінде сәт сайын түрленіп жатқан вирустан сақтануда қандай кеңес айтар едіңіз?

–«Адамның басты байлығы – денсаулық» деген қағиданы ұстанудан артық кеңес айта алмаймын. COVID-19 бүкіл адамзаттың тіршілігіне өзгеріс әкелді. Әркімнің денсаулығына өзі ғана жауапты екенін түсіндірді. Айналадағы адамдарға жанашыр болуды үйретті. Коронавирусты инфекцияның алдын алу жұмыстары – ол әрине, вакцинация. Санитарлық дезинфекциялық тәртіпті сақтауды дағдыға айналдыруымыз қажет. Ауыр асқынулардың алдын алу үшін адам уақыт өткізіп жүріп алмай, дереу дәрігерге қаралу керек. Уақытылы ем жүргізілмесе, вирус асқынып, ағзаны әлсіретіп жібереді. Мерзімінде дұрыс тағайындалған ем-шара – тез сауығудың кепілі.

–Әңгімеңізге рахмет!

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.