Пятница, 09 Февраль 2018 05:44

Абу-Дабиден жеңіспен оралды

Шымкент қаласындағы Жамал Омарова атындағы №1 балалар саз мектебінің оқушысы Даниал Бектай жуырда Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Даби қаласында өткен «ABU DHABI MUSIC COMPETITION» атты халықаралық байқауда 1-ші орынды иеленіп, туған елге лауреат атанып оралды.

IMG-20180208-WA0005

Италия, Ұлыбритания, Мальта, Ресей, Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірліктері секілді бірнеше мемлекеттен жиналған үміткерлер арасында «Аспаптық музыка» номинациясы бойынша сынға түскен Даниал фортепиано аспабында Аустриялық ұлы композитор Фридерик Шопеннің «Вальсі» мен қазақтың дарынды қызы, композитор Ғазиза Жұбанованың «Прелюдиясын» аса жоғары деңгейде орындап, өзгелерден озық шықты. 

Мектебімізде ұзақ жылдардан бері ұстаздық қызмет жасайтын белгілі педагог Қожайсақова Раушан Аманқызының сыныбында дәріс алатын Даниалдың шығар биігі әлі алда. Арманы асқақ жас музыкант қазіргі таңда жаңа бағдарламаларды игеру үшін қызу дайындық жұмысын бастап кетті.

 

Қалмахан ОМАР,
Жамал Омарова атындағы №1 балалар саз мектебі
директорының орынбасары, Шымкент қаласы

Опубликовано в Мәдениет

Ән-жырдың қара шаңырағы – Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның құрылғанына биыл 88 жыл толады. Ғасырға жуыр тарихы бар өнер ошағынан осы уақыт аралығында талай күміс көмей әншілер мен әйгілі әртістер шықты. Олардың қатарында ұлттық өнерімізді шетелдерде насихаттап жүрген мәдениет майталманы Ақмарал Биназарова, ҚР мәдениет қайраткерлері Сүндет Миралиев пен Айжан Тәшенова, Айнұр Нұрашова сынды сахна саңлақтары бар. Халқымыздың ән-қазынасын насихаттап, рухани өмірімізге нәр беріп келе жатқан өңіріміздегі бірден-бір өнер ордасының директоры Нұрсәт Бейсеқожаевпен әңгімеміз де осы қарашаңырақтың қазынасын ақтарудан басталды.

– Нұрсәт Саттарұлы, өнер адамдарының өмірі сырт көзге өте қызық көрінеді. Олардың ортасы – сауық-думан, мереке-шаттық. Сахна, гастрольдер, шетелдік сапарлар... Сіз басқарып отырған өнер ұжымы да осы арнаның ағысымен өткен жылда өзіндік із қалдырған болар?

– Әрине. Бірақ сырт көзге қызық көрінетін өмірдің тасасында қаншама еңбек, қажыр-қайрат, ізденіс жататынын, бәлки, былайғы жұрт аңғара бермес. Әртістердің өмірі сахнада сұлу. Сахна сыртындағы тіршілігі– бейнет. Әйткенмен сол бейнет жеміспен қуантып жатса, одан артық ләззат жоқ. Біз үшін өткен жыл дәл сондай табысымен тамсантқан жыл болды. Жыл басында «Қазына» би ансамблі Ресейдегі «Розы России – 2017» байқауында бәйгенің басын қанжығаларына байлап келді. Онда жеке би номинациясы бойынша бас жүлдеге қол жеткізсе, жекелеген бишілер 2-3-орындармен оралды. Сонымен қатар бұл би ұжымы Елбасы қоры сыйлығының иегері атанды. Сондай-ақ өткен жылы Түркияның Бурса қаласында өткен халықаралық ХХХІ «Алтын қаракөз» фольклорлық би байқауында «Қазынамыз» 26 мемлекеттің бишілері арасынан Қазақстанның мәртебесін асырып, алғаш рет жүлделі орынды жеңіп алды. 

ҚР еңбек сіңірген қайраткері Құрманбай Шойынбаев, ҚР мәдениет қайраткері Зәуре Бекембаева, «Өркен» Рысдәулетовтер отбасылық ансамблі өткен жылы мәдениет күні аясында облыс әкімінің стипендиясына, ал Оңтүстіктің дүлдүл әншісі Наркенже Серікбаева «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды. Сондай-ақ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сабира Әбдірайымова «Құрмет» орденімен марапатталды. Филармония мақтанышы Гүлбала Әбуова Елбасының арнайы алғыс хатын алды.

2017 жылы филармонияның Сүгір атындағы ұлт аспаптар оркестрінің 15 жылдық мерейтойы өтті. Осы айтулы шараға байланысты бірнеше өнерпазымыз мәдениет және спорт министрінен, «Ауыл» партиясынан, Қазақстан халқы Ассамблеясынан, еңбек және әлеуметтік қорғау министрінен алғыс хаттар алды. Бір жылда осыншама марапат пен құрметке ие болу біз үшін үлкен мәртебе ғана емес, филармония тарихындағы елеулі жаңалық десем де болады.

Біз, сондай-ақ, төл өнерімізді дәріптеу мақсатында Ресей, Түркияда гастрольдік сапарда болып қайттық. 25 өнерпазымыз Анкараның Кечиөрен ауданындағы көшеге жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың есімі берілген шарада өнер көрсетуге барды. Жаңа көше айтыс өнерінің дүлдүлі, ақиық ақын Сүйінбай Аронұлы саябағының жанынан ашылған еді. Сол 10 күнде өнерпаздарымыз 6 қаланы аралап, ұлттық өнерімізді насихаттады. Бұл әртістеріміз үшін тәжірибе толықтырумен қатар, шетелде қазақтың туын жоғары ұстап, өнер көрсетуіне үлкен мүмкіндік болды.

– Гастрольдік сапар деп айтып қалдыңыз, тек шетелдерде ғана болып қайттыңыздар ма?

– Әрине, өнердің үлкен ордасы болғандықтан біз еліміздің басқа өңірлеріндегі облыстық филармониялармен әріптестік қарым-қатынас орнатқанбыз. Тәжірибе алмасу мақсатында Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония, Алматы облыстық Сүйінбай Аронұлы атындағы, Батыс Қазақстандағы Ғарифолла Құрманалиев атындағы, Ақтөбе қаласындағы Ғазиза Жұбанов атындағы филармониялармен екі жақты меморандум аясында өнер көрсетіп келдік. Биыл Қызылорда мен Жамбыл облысы жоспарда тұр. Ол жақтан шақыртулар да келген. Филармония деген үлкен ұғым ғой. Мұнда академиялық музыка мен эстрадалық жанрдағы әншілер, бишілер құрамы бар. Сондай-ақ, өткен жылы Алматы облысынан Қазақстандағы ең үлкен өнер ұжымы Б. Байқадамов атындағы мемлекеттік хор каппеласы тұңғыш рет өңірімізге келіп, екі концертін берген болатын.

 

– Еліміздегі айтулы мерекелерде де өнер көрсетуден де шет қалмайтын боларсыздар? 

– Баршаға аян, былтыр еліміз үшін тарихи, айтулы жыл болды. 2017 жылдың 10 маусымында «АСТАНА ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі есігін айқара ашты. 3 айға созылған осынау көрме аясында Оңтүстік Қазақстанның мәдени күндері өтті. Этно ауылдағы Мюзик-холлда біздің Сүгір атындағы оркестр мен әншілеріміздің, бишілеріміздің жеке-жеке концерттері болды. Яғни, ашық автобуста қаланы аралап, шаһардағы ірі ойын-сауық орталықтары мен халық тығыз шоғырлаған орындарға барып өнер көрсеттік, "Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында флэшмоб өткіздік. Сондай-ақ, Қазақ концерттік бірлестігінде берген концертімізде Наркенже  Серікбаева, Сүгір атындағы ұлттық аспаптар оркестрі, Айнұр Нұрашова, Құралай Қасымова, «Өркен» Рысдаулетовтер отбасылық ансамблі, басқа да солистеріміз Оңтүстіктің атынан өнер көрсетті. Бұл біздің филармония өнерпаздарының кәсіби шеберлігін танытқан үлкен сын болды. Түркістанның ТҮРКСОЙ аясындағы Түркі әлемінің мәдени астана жылында әз-Наурыз мерекесінен қараша айындағы жабылуына дейін барлық іс-шараларына қатыстық.

– Сөз басында жылды табысты аяқтағандарыңызды айтып қалдыңыз. Құпия болмаса, жылдық табыстарыңыз қанша соманы құрады?

– Әрине, жасыратыны жоқ, тауық жылы табысты болды. Бірақ айтып өтейін, мемлекет қаржыландырып отырғандықтан біз сол жұмсалған қаражатты ақтай алдық па деген сауал туындайды. Мекемеде жұмыс істеп жатқан 229 қызметкердің жалақысы да мемлекет есебінен. Жыл басында алдымызға 17,5 млн теңге табыс табуды меже етіп қойсақ, жоспар артығымен орындалды, 26 млн теңге пайда түсті.

 

– Пайдаға кенеліп жатқандарыңыз өңіріміздің өнер сүйер қауымы көбеймесе, азаймағанынан болар. Жалпы көрермен пікірі қаншалықты маңызды?

– Біз былтыр Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында 20-29 қараша аралығында апталық толыққанды концерт берген болатынбыз. Мұндай іс-шара филармонияның ұйымдастыруымен алғаш рет қолға алынып, сәтті өтті. Біздің ұжым дарынды өнерпаздармен мәртебелі. Әйткенмен ұлт аспаптар оркестірінің деңгейі Батыс Қазақстанмен, Арқамен салыстырғанда кішкене кенжелеу екенін жасыра алмаймыз. Дегенмен шәкірт тәрбиелеу, ізбасар іздеу мақсатына да мән берудеміз. Осы мақсатпен №1,2,3 саз мектептерінің оқушыларымен бірлесе отырып, оркестрдің 3 концертін қойдық. Бұл – дәстүрге айналған «Жаңғырық» деп аталатын концерт. Осы саз мектептерінде білім алатын 25 оқушы кәсіби солистермен бір сахнада өнер көрсетті. Ал екінші концертіміз Кеңестік кезеңдегі кино туындыларының саунд-трэктерін қазақ оркестрімен жанды орындау еді. Сахнаның LED-экранында киноны дыбыссыз қойып, музыкалық сүйемелдеу ретінде оркестрді қосып орындады. Біз оны эксперимент ретінде, көрермендерді оркестрге тарту мақсатында ұйымдастырған едік. Сүйініштісі сол, залдағы көрермен 1 сағат 20 минутқа ұласқан концертімізді тапжылмай отырып тамашалады. Соңында орындарынан тұрып, тағы өнер көрсетуімізді сұрады. Ал үшінші ресми концертіміз қазақтың күй өнерін насихаттау мақсатында өтті. Сондай-ақ, үлкен алаңдарға, халық көп шоғырланатын ірі ойын-сауық орталықтарында өнер көрсетіп тұрамыз. Әрине, көрермен осындай демалыс сәттерінен ләззат алса, шынайы өнерді түсіне бастайды.

 

– Өнерсүйер жұртшылықты қуантарлық жаңалықтарыңызбен бөлісіп, алға қойған жоспарларыңыз жайында айтып өтсеңіз?

– Жоспар көп. Міне, алдағы 9 ақпан күнге «Тұғыры биік өнерім» атты концерттік бағдарламамызды дайындап жатырмыз. Ал жылда өтетін Шәмші Қалдаяқовты еске алу концертін биыл өзгеше бағытта берсек деген жоспар бар. Оны ауызбен айтып жеткізгенше, өнерімізбен көрсетсек деймін. Әрине, қызықтан қалмай, келіңіздер дер едім көрермен қауымға!

 

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан
Азамат ЖАППАР

Опубликовано в Сұхбат

Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Көркем» әжелер тобының «Әнім саған туған ел» бағдарламасы бойынша концерт өтті.

27605514 2032576820332220 1112693979 o

Концерттік бағдарламада «Көркем» әжелер тобының орындауында Ш. Қалдаяқовтың және қазіргі замандас компазиторлардың патриоттық әндері, халық әндері, ұлттық салт-дәстүрімізден көріністер көрермен назарына ұсынылды. 

Елбасының Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда «Көркем» ақ жаулықты әжелерден құралған топ жастармен өздерінің өмірлік тәжірибесін бөлісіп, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды насихаттап келеді. 2013 жылы Сайрам ауданында құрылған бұл ұжым «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігінің құрамында облыстық, республикалық байқауларға қатысып, «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өткен І-Халықаралық экономикалық әйелдер форумының мәдени іс-шарасында ұлттық салт-дәстүрімізді көрсетіп, арнайы марапатқа ие болған. 

«Қазақстан-Шымкент» телеарнасы және облыстық салт-дәстүр, әдет-ғұрып орталығының 20-дан астам бейнероликтерінің түсіріліміне қатысып, шаһарымыздың орталық көшелеріндегі ЛЭД экрандар мен облыстық телеарналар арқылы ұмытылып бара жатқан дәстүрлерімізді жаңғыртып келеді.

 

Бибайша
НҰРЖАНҚЫЗЫ

Опубликовано в Мәдениет

Түркияда халықаралық деңгейдегі «Таланттар шоуы» байқауы өтіп жатыр.


Осы халықаралық сайыста Оңтүстіктің цирк өнерпазы Қазақстанның намысын қорғауда. Бес елдің 40-қа жуық үздік әртісі бас қосқан сайыста «Оңтүстік цирк» мекемесінің өнерпазы Зоя Гладкова бақ сынауда.

shymkala 5-1

Жерлесіміз «Әуе шеңбері» нөмірін сәтті орындап, биікте арқанмен күрделі өнер көрсеткен. Осылайша әділқазылардың жоғары бағасына ие болып, алғашқы сыннан сүрінбей өтіп, келесі кезеңге жолдама алды. Жартылай финал 25 қаңтар күні басталады. Оған 15 өнерпаз қатысады.

shymkala 5-2

Жартылай финалға дейін Зоя Шымкентке келіп, дайындығын пысықтауда. Өнерпаз қазір «Оңтүстік циркте» жаттығып жүр. Жас өнерпаз цирк өнерімен 5 жылдан бері айналысады. Айта кетейік, өнерпаздың халықаралық сайысқа қатысуға қажетті қаржысы жарысты ұйымдастырушылар тарапынан қарастырылған.

Опубликовано в Мәдениет

Шаһарымыздағы сәулеті келіскен мәдени орындар қатары «Оңтүстік қолөнершілер» орталығымен толықты. Елбасының «Болашақққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында ашылған орталықта қолынан іс келетін шеберлеріміздің туындылары көпшілік назарына ұсынылды.

Көрмеге көздің жауын алатын алаша, кілем, тері, зергерлік әшекейлер, керамика, тоқыма, басқа да қолөнер бұйымдары қойылған.

Сонымен қатар, облыста қолға алынған «Оңтүстік қолөнершісі» пилоттық жобасы бойынша жас ерекшелігіне қарамастан 300 қолөнершіні қысқа мерзімді оқыту жағы қарастырылған. Шәкірт даярлайтын қолөнер шеберханаларына әр оқушыны оқытқаны үшін ай сайын 30 мың теңгеден төленбек. Жұмыссыз жүрген дипломы бар қолөнер шеберлері сабақ беруге немесе тәжірибелік тәлімгер ретінде жұмысқа тартылады. Бейсбековтердің отбасылық «Алтын Орда» галериясының жұмысымен танысу барысында облыс басшысы Жансейіт Түймебаев осылай деп мәлімдеді.

– Биыл 7 мың облыс тұрғынын қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдауды жоспарлап отырмыз. Соның ішіндегі маңыздысы – «Оңтүстік қолөнершісі» курсы болмақ. Аталған курс қатысушыларына ай сайын 16 759 теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалады. Сондай-ақ, басқа өңірлерден келушілерге жол қаражаты есебінде 9 620 теңге, тұрғын үй жалдау үшін 12 025 теңге төленетін болады. Курсты үздік бітірген 20 түлекке облыс әкімінің арнайы гранты ретінде 240 мың теңге тағайындап отырмыз. Осындай орталықтар облыстағы барлық аудан, қалаларда салынуы тиіс», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Облыс әкімімен кездесуінде Қазақстан Қолөнер шеберлері одағының облыстық филиалының төрағасы Болатбек Бейсбеков өңіріміздегі қолөнердің жай-күйін баяндай отырып, «Қолөнер шеберлері орталығы» жобасын таныстырды. Орталықты ашудағы мақсат қолөнер шеберлерінің қоғамдағы мәртебесін көтерумен қатар, салт-дәстүріміз бен ата-баба өнерін жаңғырта отырып, жастарға үйрету екенін атап өтті.

Атап өтсек, бүгінде облыста қазақ қолөнерін шетелдерге дәріптеп жүрген Қазақстан Қолөнершілері Одағының 23 мүшесі бар. Әр туындысында ұлттық нақышта салт-дәстүріміз бен қазақи болмысымызды бейнелей білген шеберлер бұған дейін Үндістан, Малайзия, Түркия, Түрікменстан, Непал, Қытай, Тайланд елдерінде болып қайтты.

 

Азамат ЖАППАР

Опубликовано в Мәдениет

«Қазақстан деген қандай ел?», «Табиғаты қандай?», «Салты мен санасы қандай?»... Мұхиттың арғы жағындағы елдер Қазақ елі туралы бұдан былай АҚШ-та жүріп те біле алады. Шымкенттік белгілі фотограф Мақсат Шағырбаевтан Нью-Йоркке барған сапары жайлы сұрап білдік.

– Елордамыз Астана қаласында «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі аясында әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең мықты фотографтар бас қосқан болатын. Олар Көрмедегі көріністен бөлек, бірнеше күн Қазақстанды аралап, көрікті жерлерінен, салт-дәстүрінен, еліміздің тыныс-тіршілігінен алған фотокадрлармен жеке мұрағаттарын байытты. ҚР Мәдениет және спорт минстрлігінің бастамасымен сол әр елден келген фотосуретшілердің Қазақстанда түсірген ең таңдаулы суреттерінен Нью-Йорк қаласында көрме ашылды. “PHOTO FEST KZ” халықаралық фотофестивалі ҚР Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылды, – дейді Мақсат.

Нью-Йорктегі фотокөрмеге АҚШ, Жапония, Түркия, Ресей, Италия, Франция және еліміздің әлемдік деңгейдегі қазақстандық фотографтардың 100-ден астам жұмысы қойылды.

– Әр елден келген дипломаттар, елшілер көрмені тамашалап, қазақ халқының мәдениеті мен ұлттық құндылықтарына зер салды. Біз де көптеген ой түйіп қайттық. Әсіресе, «кешіріңіз» деп күлімсіреп тұратын халықтың жоғары мәдениеті біздің салт-санамызға жақын. Дегенмен, көз қызықтыра алған Нью-Йорк Шымкент сияқты көңілімді қызықтыра алмады. Небәрі бір аптада елді сағындым, – дейді М. Шағырбаев.

7

Фото: tengrinews.kz

Опубликовано в Мәдениет
Среда, 01 Ноябрь 2017 08:22

Шәмші әндері шарықтады

Ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әндері білім ордасында шырқалды.


«Рухани жаңғыру: «100 кітап, 100 ән» жобасы аясында №129 орта мектепте сазгердің әндерін оқушылар арасында насихаттауда концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. 

Шараға Әл-Фараби ауданның әкімі Бауыржан Қалжанов, ата-аналар мен қариялар қатысып, білім ордасында қолға алынған ізгі жұмыстарға сәттілік тіледі. 

shymkala-2222

– Бүгінде жас ұрпақ даңғаза, мән-мағынасыз әндерге үйірсек. Рухани жаңғыру аясындағы бұл шарада оқушыларға композитор жайында кеңірек мәлімет бердік, әндерін тыңдап өсуге үйреткіміз келеді, – дейді мектеп директоры Ғалымжан Алматов. 

Мерекелік кеште Шәмші әндерін мектеп оқушыларымен қатар облыстық филармония әншілері де орындады. Сазгердің патриоттық, туған жер, ана туралы әндерін оқушылар қосылады шырқады. 

shymkala-111111

Айта кетейік, «Сәуле» шағынауданында бой көтерген №129 мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға берілген болатын. Қазір мұнда 1400-ге жуық оқушы білім алып жатыр.

Опубликовано в Мәдениет
Среда, 25 Октябрь 2017 05:25

Туған жерге тағзым

Белгілі ақын, қоғам қайраткері
Мұхтар Шаханов – 75 жаста

22780503 296268467554513 3799465697844311263 n

Қазақ поэзиясында дара қолтаңбасымен айшықталған ақын, аудармашы, қоғам қайраткері Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов биыл мерейлі 75 жасқа толып отыр. Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ақынмен арнайы кездесу ұйымдастырып, мерейлі мерекесімен құттықтады.


Кездесу барысында өңір басшысы халық жазушысының қазақ әдебиетіне қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтті. 

– Біз сіздің өлеңдеріңізді оқып өстік. Әлі есімде, 1986 жылы Мәскеуде өткен шығармашылық кешіңізге де куә болған едім. Сол жылдары Мәскеу төрінде жеке кеш өткізуіңіз үлкен ерлік еді. Одан кейінгі жылдары Желтоқсан оқиғасына байланысты бастама көтеріп, билікке халықтың өзекті мәселелерін жеткізе білдіңіз. Бұл сіздің отансүйгіштік қасиетіңіздің айқын көрінісі. Сіз Оңтүстіктің мақтанышысыз, біз сізбен мақтанамыз. Қазақ әдебиетінің абызы ретінде ел игілігі үшін әлі де еселі еңбек ете беріңіз, – деді Жансейіт Қансейітұлы. 

22729231 296268630887830 168528546308096013 n

Мұнан кейін ақын облыстық «Отырар» кітапханасының құрметті қонағы болды. Мұнда мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан мерейтой иесі өзіне жəне белгілі қаламгерлерге арналған бұрыштарды аралап, мекеме ұжымына шынайы алғыс сезімін жеткізді. «Ақерке» балалар бөлмесінің де жай-күйін назардан тыс қалдырмай, кішкентай оқырмандарымен тілдесті.

22730592 296268260887867 8483036968537257917 nКешкісін сөз құдіретіне бас иген қауым Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында мерейтой иесінің «Әлем таныған ақын» атты шығармашылық кешіне көптеп жиналды. Театр дәлізінде Мұхтар Шахановтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Әлем таныған ақын» атты көрмесі ұйымдастырылып, ақынның кітаптары мен ол жөніндегі зерттеулер мен естелік мақалалар қойылды. Кеш Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылды. Өнерсүйер қауым мұнда ақынның берік шумақ, өрімі бөлек, бейнелі сөзге бөленген өлеңдерін айызы қанып тыңдады. Ақиық ақынға қол соғып, құрмет көрсетті.

Салтанатты кеште облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков ақынды мерейлі мерекесімен құттықтап, арнайы сый-сияпатын табыс етті. Шығармашылық кеште М. Шахановтың сөзіне жазылған Ш. Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең», «Ақ бантик», «Қайдасың» сынды бірқатар əндері орындалды. Сондай-ақ, жуырда ғана Отырар ауданы əкімдігінің арнайы тапсырысымен «САҚ» киностудиясында М. Шахановтың «Отырар дастаны» поэмасы негізінде дайындалған анимациялық фильмі көрермен назарына ұсынылды.

VIVI14P71F3 3436222F1 23641 20130403142453 HE10 20130410

Шараға арнайы келген əнші Тамара Асар ақынның сөзі мен əніне жазылған «Отан анаға тағзым», ал Хадиша Шалабаева «Отырар кітапханасы» әнін орындап, елдің ыстық ықыласына бөленді.

 

Суретті түсірген
А. ӘССАНДИ

Төрт ана

Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мәңгі астана,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана:
Туған жері – түп қазығы, айбыны,
Туған тілі – мәңгі өнеге айдыны,
Жан байлығы, салт-дәстүрі – тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі.
Және туған тарихы.
Еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болса да.
Құдірет жоқ төрт анаға тең келер
Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.
Өзге ананың ұлылығын танымас,
Төрт анасын менсінбеген пенделер.
Төрт анадан сенім таба алмаған
Тамырсыздың басы қайда қалмаған?!
Төрт анасын сыйламаған халықтың
Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.
Қасиетті бұл төрт ана – тағдырыңның тынысы,
Төрт ана үшін болған күрес – күрестердің ұлысы.

Опубликовано в Мәдениет

Қазақ өнерін әйгілеп жүрген белгілі әнші Ернар Айдар Оңтүстікке жиі келеді. Бұған дейін Шымкентте жеке концертін берген болатын. Жуырда әншіні сұхбатқа шақырғанбыз. Қашанда сабырлы қалпынан айнымайтын ақжүрек жігіт «Асықпай отырып әңгімелескеніміз дұрыс еді» деп, арнайы уақытын бөлді. Сұхбат барысында байқағанымыздай, сырбаз жігіттің сөз саптасы да салмақты екен.

shymkala-83-15

– Ернар, бүгінде сіздің өнеріңіз ел-жұртқа кеңінен танымал. Өнер саласына қалай келдіңіз? 

– Мектеп қабырғасында «Жігіт сұлтаны» байқауында, басқа да шараларда ән айтып жүрдім. Үлкен сахнаға осы Алматыға келіп, ұстазым Б.Есебаевтың «Ағаларым» деген әнімен шыққан болатынмын. Әкем Жаңабай алғашқыда заңгер мамандығына оқуға түс деп кеңес берді, әскерге барып кел деді. Бірақ өнерге келуіме қарсы болған жоқ. Кішкентайымнан әжемнің қолында өстім. Сондықтан ба, қазақ әндерін сүйсініп тыңдайтынмын. «Жігіт сұлтанына» қатысқанда таныстыру өлеңді өзім жазғам. Қазақ сатирасының белді өкілі Уәлибек Әбдірайымов ағамыз мені алғаш рет «Республика сарайына» шығарды. Ташкентте, Қырғызстан сахналарында ән айтуыма көмек берді. Қолдады. Оған алғысым шексіз.

 

– Әншілік табиғаттан берілетін қасиет пе? Жалпы осы өнер жұғысты болатындай әулеттеріңізде әнші болғандар бар ма? 

– Бұл негізі қанда болуы керек, мүмкін Құдайдан берілген шығар деп ойлаймын. Дегенмен, отбасымда анам Күлмәннің ептеп ән салатыны бар. Бұл өнердің қуанышы да бар, қуанышымен қатар қиыншылығы да бар. Өсіп-өнудің басы – еңбек деп жатамыз. Алдымызда талмай еңбектеніп жүрген аға-әпкелерімізден үлгі аламыз. Кім де болсын жетістікке еңбек пен үлкен ізденіспен жетеді. Олай болмайынша, істің бәрі бос әурешілік. Мен де осы жолда талаптанып келемін. Сол еңбектенудің арқасында мақсаттарым орындалып келеді. Еңбектенген, талпынған адамға Алла өзі жол көрсетеді.

 

– Ағаларым, ұстазым деп айтып жатырсыз. Өнердегі ұстазыңыз кім? Сізге қолдау көрсетіп жүрген кімдер?

– Өнердегі, өмірдегі ұстазым деп әкем Жаңабайды айтар едім. «Адамнан әнші жасау оңай, әншіден адам жасау қиын» деп айтып жатады, сол себептен мені өзінің баласы емес, елдің баласы ете білген әкеме рахмет, анама рахмет осы әлемнің жарығын сыйлаған. Өнер жолында қолдап-қуаттаған ұстаздарым – Бауыржан Есебаев пен Қуаныш Құрманбаев. Көпшілікке танылуыма үлкен еңбек сіңірген сол ағаларыма алғыс айтамын. Сонымен қатар менің барлық жағдайымды жасап жүретін ағам Талғатқа шексіз ризамын.

 

– «Ернардың бағын ашқан әні жоқ, оның әндерінің басым бөлігі тойдың әндері» деген пікірмен келісесіз бе?

– Бұл пікірмен келісе қоймаймын. Мен Бауыржан Есебаев ағамызға келгенге дейін де қаншама ән айттым. Көрерменнің алғысын алып жүрдім. Бір ақын ағамыздың айтқаны бар: «Әр өлеңім бір балам» деп, сол себепті мен әндерімнің арқайсысының өз тыңдарманы бар. Басым көпшілігі той өлеңі деп айта алмаймын, себебі менің ән кешіме барсаңыз бір бөлімінде қазақи әндер бар, сосын патриоттық әндер де жеткілікті.

 

– Қазіргі әншілер көшірме шоуға үйір болып барады. Бір-бірін қайталайды, еліктеу басым деген пікірлер айтылып жатады. Бұған қандай пікір айтасыз?

– Аға буынға еліктегенде тұрған не бар екен? Жақсылыққа еліктемеген, соған ұмтылмаған адам өз-өзін дамыта алмайды. Мысалы, мен Мейрамбек Бесбаевқа еліктегенімді ашық айтқым келеді. Сосын Сәкен Майғазиевтың өз-өзін ұстауы, сөйлеу мәнеріне еліктеймін. 

Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, МузАРТ-тағы ағаларымыз бар, біздің буын, соларға еліктеп өстік, солардың ізін басып келе жатырмыз. Еліктеу арқылы өз жолыңды тауып, елдің ықыласына ие болып жатқанның несі айып?

 

– Көп адам сізді Қайрат Нұртаспен салыстырып жатады...

– Қайрат – қазақ эстрадасының мақтанышы. Өте еңбекқор, талантты әнші. Өз тыңдарманы бар. Мен мұны барлық сұхбаттарымда айтып жүрмін. Қайратпен салыстырып жатқан санаулы адамдар шығар. Десе де, біреуге біреу толықтай ұқсауы мүмкін емес. Егер мен Қайратқа ұқсайтын болсам, оның даусымен ән айтып жүретін болсам концертіме халық жиналмайтын еді. Мысалы, Шымкентте жеке концертім өтті. 1500 адамдық залға көрермен көп келді. Тыңдарманым болмаса, жұрт осылайша жиналар ма еді? Бір жағынан, тыңдармандардың Қазақстандағы тамаша жұлдызға ұқсатып жатқанына қуанамын. Қайрат үлкен аренада концерттер қойып жатыр, сондай жетістіктерге жеткізсін бізді де, ізін басып келе жатқан інілеріміз ғой. Ұқсастық жағы бізде бар, біз қазақпыз, болмысымыз, тәрбиеміз де бір-бірімізге жақын. 

 

– Жаңа заман ағымымен келіп, кейіннен ұмытылып кететін әншілер санатынан болмаймын ба деген қауіп сізді мазаламай ма?

Шымкент – мен үшін сүйікті қала. «Сен маған ұнадың» деген әніме Шымкентте бейнебаян түсірдім. Мұнда жиі келем. Әр сапарымда жылы шуақты күйге бөленемін. Ауа райы қандай жылы болса, халқы да сондай жаныма жақын, әңгімешіл.

– Адам өз-өзін еңбектеніп, өз-өзін биікке шығуы үшін өзін қамшылап тұру керек. «Менің мына әнім жақсы шықты», «Мына әнім хит болып жатыр», «Менің мына жақта екі концертім, мына жақта үш концертім болып жатыр» деген нәрсені ойлай берсең, демек сен құлдырап, төмендей бастайсың. Менің қасымда ылғи ақылшы ағаларым, ұстаздарым жүреді. Егер де олардың сабырлы да салиқалы ақыл-кеңестері болмаса мен шалқып кетуім де ғажап емес еді. Әйтпесе, жаспыз, алып-ұшып тұрған көңіл бар. Менің ұстанымым мынадай – артыңда үкілеп, үміт күтіп отырған халқың бар, соған қызмет істеу керек. Сол үшін еңбектенемін.

 

– Ұсқынсыз киім киіп, құлақтарына сырға тағып, шашын бояп ән айтып жүрген жігіттердің өнерін қалай бағалайсыз? 

– Аллаға шүкір, қазақ эстрадасында өнерлі әрі үлгі болып жүрген әншілер жетерлік. Олардың қатарында Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі, Серік Ибрагимов, Қайрат Үмбетов сынды замандастарым бар. Сондай қазақи әншілер көбейе берсе, қазаққа жат қылығымен танылып жүргендер ығысып, сахнадан сырт қалады деп ойлаймын. Егер маған Дима Билан келіп, дуэт болып ән айтайық десе оған келіспес едім. Мен анау Джокер дегенді танымайды да екенмін. Ал танымаған соң, білмеген соң оны қайдан тыңдаймын? Өз басым шетелге еліктегенді аса ұната бермеймін. Болмысым да келмейді.

 

– Қолыңыз қалт еткенде немен айналысасыз? Хоббиіңіз не? 

– Менде нақты бір хобби жоқ, қолым тисе кітап оқимын, оны кейде өзіммен алып жүрем. Қазір мен «Абай жолы» романын оқып жатырмын, 2-ші томын аяқтап қалдым. Одан кейін тарихи кітаптарды оқысам ба деп жүрмін. Шыны керек, уақытымның көбін өнерге жұмсаймын, ән таңдаймын, терме жаттаймын. Қазір домбыраны да қолға алып жатырмын.

 

– Өзіңізден кейін де қаншама жас әншілер шығып жатыр. Оларға қаншалықты көңіліңіз толады? 

– Сахнаны менің алдымда да ешкім қызғанбаған, мен де ешкімнен қызғанбаймын. Халықтан асқан сыншы жоқ. Кімнің қандай әнші екенін тыңдарман өзі таңдап алады. Мағынасыз, жеңіл әуен еленбей қала береді. Ол әркімнің еңбегіне байланысты деп ойлаймын.

 

– Жалпы, өміріңіздегі арманыңыз қандай?

– Арман дейсіз бе? Әрине, кез келген әншінің арманы – халықтың ықыласына, шынайы қошеметіне бөлену. Өнерде одан өзге арманым жоқ. Өнер саласында жүргесін, еліме әлі талай жақсы әндер сыйлағым келеді. Ал елімнің қатардағы азаматы ретінде өз арманымды айтар болсам, елімнің рухы әркез көк тіресе екен деп армандаймын. Тіліміз, дініміз, жалпы айтқанда Қазақ елі мәңгілік болса екен деймін. Менің басты арманым осы.

 

– Туған жеріңіз бен отбасыңыз жайлы баяндай кетсеңіз...

– Менің туған жерім – Өзбекстан. Сондағы Науаи облысы, Кеннимех ауданы, Сұркөл ауылында 1991 жылдың 13 наурызында дүниеге келгенмін. 2001 жылы Қазақстанға қоныс аударып, содан бері Тараз қаласында тұрамын. Әкемнің аты – Жаңабай, анамның аты – Күлмән. Берік, Талғат,  Бейбіт деген үш ағам және Жазира есімді қарындасым бар. 

Жұбайымның аты Мадина. Өзі Шымкент қаласының тумасы.

 

– Енді «Шымкент келбеті» газетінің оқырмандарына деген ізгі ниетіңізді білдірсеңіз...

– Шымкент – мен үшін сүйікті қала. «Сен маған ұнадың» деген әніме Шымкентте бейнебаян түсірдім. Мұнда жиі келем. Әр сапарымда жылы шуақты күйге бөленемін. Ауа райы қандай жылы болса, халқы да сондай жаныма жақын, әңгімешіл. Оқырмандарға айтар тілегім, Қазақ елі аман болсын, осындай бейбіт өмірімізге шүкіршілік етіп, әрбіріміз өз саламызда биік жетістікке жете берейік! Істеріңіз қашанда берекеге бастасын дегім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
А. АБИБУЛЛАҚЫЗЫ

Опубликовано в Сұхбат
Пятница, 08 Сентябрь 2017 06:53

Қылқалам ұшындағы өмір

DSC 2465

Суретші-кескіндемеші, фотосуретші - Бейбіт Бертаев Шардара қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Балалық шағы Түлкібас ауданының Шақпақ баба елдімекенінде өткен ол оқушы кезінен-ақ тылсым табиғаттың сұлулығын, тау-тастың әсем көрінісін қағаз бетіне өрнектеп, сабақ үстінде мұғалімнің портреттік бейнесін салуға қызықты.

DSC 2407

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын оқи жүріп бірнеше көрмелерге қатысып, Астанада өткен Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты атанды. 2008 жылы «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығының кескіндеме саласы бойынша «Шақпақ баба өңірі» тақырыбында диплом қорғап, аталған оқу орнын аяқтады.

Одан соң Шымкенттегі Академиялық инновациялық университетінің «Өнер» кафедрасында оқытушы қызметін атқарып, осы оқу орнында «Дизайн» мамандығы бойынша магистратураны аяқтады.

DSC 2409

2015 жылы облыстық Бейнелеу өнері музейіне бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындалған талантты жас көптеген көрмелер ұйымдастырып, халық назарына ұсынып жүр. Сонымен қатар, Финляндия, Эстония сияқты шетелдерде, облыстық өнер ұяларында шеберлік кластарын өткізіп, кескіндеме өнеріндегі шеберлігін танытуда. Сұлулықты қылқаламымен өрнектеген суретші бүгінде жеке шығармашылық көрмесін өткізуге дайындалуда.

Сондай-ақ соңғы жылдары әлеуметтік желі парақшаларында оңтүстік өңірінің көрікті орындары мен киелі жерлерін насихаттауда 100-ден аса мақала жазып, фотоөнерде де өзінің белсенділігін байқатып, 5000 - нан аса фотосуреттер жариялады. Осындай бір-бірімен өзектес өнерді өн бойына тұтастырған суретші өнер әлемінен қысқа уақыттың ішінде өз орнын таба білді. Мемлекеттік қызметпен қатар өнердің де көшін өрге сүйреген суретшінің мақсат еткен маңызды жоспарлары көп.

Опубликовано в Мәдениет
Страница 1 из 6