Среда, 01 Март 2017 05:35

Байқауда бақ сына, студент!

Студенттер арасындағы инновациялық идеялардың байқауы жарияланды. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдіраxымов М. Әуезов атындағы ОҚМУ студенттерімен кездесу барысында айтты.

akim

Байқау дарынды да талантты жастардың қабілетін арттырып, студенттерді ғылыммен шұғылдануға, сонымен қатар, өздерінің жобалары мен жаңа идеяларын іске асыруына мүмкіндік береді. Әрбір студент бұл байқаудың қатысушысы бола алады. 

Байқау 5 бағыт бойынша өткізіледі. Комиссия мүшелері әрбір бағыт бойынша үздік үш жобаны таңдап, әлеуметтік желілерде жариялайды. Ал жеңімпаздар дауыс беру арқылы анықталады. Байқау соңында олар өз жобаларын іске асыруға басшылық жасайтын болады. 

Байқау 2017 жылы 1 наурыз бен 1 сәуір аралығында келесі тақырыптар бойынша өткізіледі:

  • 1. ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауын қала xалқына түсіндіру бойынша үздік жоба;
  • 2. Қоғамдық көліктердің жұмысын ұйымдастыру;
  • 3. Шымкент қаласы туралы үздік бейнеролик;
  • 4. Шымкент қаласындағы парктерді, шатқалдар мен жағалауларды тиімді пайдалануды ұйымдастыру;
  • 5. Бұқаралық спортты ұйымдастыру бойынша тиімді жоба.

Айта кетейік, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың бас ғимаратында «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығында оқитын студент жастарға мемлекеттік қызмет, басқару жүйелері мен қағидалары жайында дәріс беріп, студент жастардың сұрақтарына жауап берген болатын.

Опубликовано в Білім

Ақпан айының алғашқы жұлдызынан бастап елімізде мемлекеттік қызметкерлерді кешенді тестілеу жүргізілуде. Бұл жолғы аттестация барысында мемлекеттік қызметкерлердің жүктелген жұмыстарды орындау қабілеті тексеріледі.

Мемлекеттік қызметкерлердің сынағынан алдымен департамент басшылары мен олардың орынбасарлары өтті. Емтихан екі кезеңнен тұрады. 2 сағаттың ішінде сынақ тапсырушылар 220 сұраққа жауап беруі тиіс. 

Жалпы, облыс бойынша 8 700-ге жуық мемлекет қызметкер болса, оның 6000-нан астамы кешенді аттестациядан өтеді. Сынақ арнайы автоматтандырылған бағдарлама арқылы тапсырылуда. Қорытындысы бойынша комиссия мүшелері қызметкердің лауазымын жоғарылату туралы шешім қабылдауға да құқылы.

Осылайша Елбасы жариялаған Ұлт Жоспарының 15-қадамында көзделген мақсат-міндеттер іске асырылмақ. Тест наурыздың соңына дейін жалғасады. Бірінші кезекте орталық аппарат қызметкерлері сынақтан өтсе, одан кейін облыстық және аудандық деңгейдегі «Б» корпусының өкілдері аттестация тапсырады.

Опубликовано в Қоғам
Среда, 07 Сентябрь 2016 05:16

Ұқыптылық – басты ұстанымы

zhnboҚұрметті оқырмандар!

Елбасымыздың «Мемлекеттік қызметші болу – зор құрмет, сондықтан да, кәсібилікпен бірге жоғары адамгершілік қасиеттерге ие болған абзал» деген сөзі бар. Қазіргі таңда Шымкент қаласының әкімдігінде 500-ден астам мемлекеттік қызметкер бар. Халыққа қызмет ететін әкімдік қызметкерлерінің кеңседен тыс өмірі, өзіндік болмысы қандай? Бұл туралы газетіміздің «Халық қызметшісі» атты жаңа айдарынан біле аласыздар.

Айдарымыздың алғашқы қонағы – Шымкент қаласы əкімінің орынбасары Бейсенбек Kерімбекұлы Жанбосынов. Ол – 1964 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Алғабас (қазіргі Бәйдібек) ауданының Шалдар ауылында дүниеге келген. Б.Жанбосынов өмірінің басым бөлігін мемлекеттік саладағы қызметке арнаған.

1992 жылдан мемлекеттік қызметті тізгіндеген Б.Жанбосынов 2013 жылдан бері қала әкімінің орынбасары. Мұнда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, тұрғын үй инспекциясы бөліміне жетекшілік етеді. Қызметте тиянақтылықты талап ете біледі. Б. Жанбосынов әрбір уақытын тиімді пайдаланады. Өз ісін жетік меңгерген халық қызметшісін қала тұрғындары «білікті, ұқыпты маман» деп таниды. Жары Сара Мырзахамидқызымен 1 қыз 3 ұл өсіріп, олардан үш немере сүйіп отыр.

Бейсенбек Kерімбекұлы «дүниедегі ең қымбат қазынам» деп өзін тәрбиелеп өсірген ата-анасымен мақтанады. Бала күнінен спортты серік етіп, футболға әуестенген ол қызметтен тыс уақытын әлі күнге ала допқа арнайды. Бүгінде қала және облыс чемпионы атанып үлгерген жергілікті «Арғымақ» футбол клубын басқарады. Б.Керімбекұлының бұл саладағы басты жетістігі – «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 25 жыл» толуына орай ұйымдастырылған жарыста ТМД құрама командасында ойнап, гол соққан.

Қызметте әріптестерінен шынайылықты және адал еңбек етуді талап етеді.

Опубликовано в Қоғам

Биылдан бастап мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңа жүйесі енгізілгені белгілі. Тестілеу ережесі де өзгерді. Тест тапсыру қаншалықты жетілдірілді және мемлекеттік қызметке келушілерге қойылатын басты талаптар қандай? Мемлекеттік қызмет саласындағы осы және өзге де мәселелер төңірегінде ҚР мемлекеттiк қызмет iстерi министрлiгiнiң ОҚО бойынша департаментiнiң басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Берік Бекжановпен сұхбаттасқан едік.

2169 oko– Берік Айдарбекұлы, мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңа жүйесі жайлы толығырақ айтып өтсеңіз. Жаңа түзетудің артықшылығы қандай?

– Жаңа заң Елбасымыздың «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» бастамасын, оның ішінде кәсіби мемлекеттік аппарат құру саясатын жүзеге асырудың негізгі алғышарты болып отыр. Бұл – төменгі лауазымдардан бастап, мемлекеттік қызметте сатылап өсу. Яғни, биыл жыл басынан мемлекеттік қызметке кіру тек конкурс негізінде жүзеге асырылуда. Конкурстың бірінші кезеңінде мемлекеттік органның қызметшілері арасындағы ішкі конкурс өтеді. Сонымен қатар, ішкі конкурстан жеңімпаздар анықталмаған жағдайда барлық мемлекеттік органдар арасында ішкі конкурс ұйымдастырылады. Бұл ретте де лайықты азамат табылмаса, онда барлық мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі заңнамаларды білуге арналған тестілеуді тапсырмай-ақ, «Б» корпусының бос немесе уақытша бос лауазымына конкурсқа қатыса алады.

– Мемлекеттік қызметші атанғысы келетін азаматтарға қандай талаптар қойылады?

– Ол – «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда көрсетілген. ЖОО-нын бітіріп, мемлекеттік қызметкер боламын дейтін әрбір азамат патриот болуы тиіс. Олар мемлекеттік қызметке шын мәнінде халыққа қызмет ету үшін және халықтан жоғары емес екенін түсініп келуі қажет. Өйткені, олар ертең мемлекеттік саясатты жүргізудегі ең басты және қозғаушы күш. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қаншама реформалар жүзеге асты. Соның бәрін алға жүргізуші – мемлекеттік қызметкерлер. Олар елдің өсуі мен дамуы үшін өз үлестерін қосып келеді. Бұл – үлкен абырой. Мен мемлекеттік қызметті адами қасиетті қатар алып жүретін қызмет деп түсінемін. Тәуелсіздік алғалы бері мемлекеттік қызмет туралы заңға 3 рет өзгерістер енгізілді. Бұл – қоғамның өсіп-дамуына байланысты процестерден туындаған. Мемлкеттік қызметшілерге талап қойып, олардың міндетін айтқан кезде, олардың құқықтарын да ұмытпағанымыз абзал. Кейде мемлекеттік қызметкерлер күні-түні жұмыс басында жүреді. Біз осыны елей бермейміз. Керісінше, аз ғана кемшілігін, заңсыз әрекетін байқай қалсақ, байбалам салып шығамыз. Мен қазақ қоғамындағы оң өзгерістердің барлығын мемлекеттік қызметшілер жасап жатыр дегеннен аулақпын. Бірақ сол саясаттың басы-қасында жүрген мемлекеттік қызметші екені жасырын емес. Оны қоғам да, халық та түсінеді деп ойлаймын.

– Қазір жастар арасында мемлекеттік қызметке келуге ниет білдіргендер қатары көп. Тіпті кейбірі бұл қызметті «өсудің тамаша жолы» деп есептейді. Тестілеу қорытындысына зер салсақ, әлі де көп оқу, еңбектену қажеттігі байқалады. Сіздің пікіріңіз қандай?

– Өздеріңізге мәлім, облысымызда білім алып жүрген жастарды өңіріміздегі мемлекеттік қызметке көптеп тарту мақсатында «Алтын қор» кадрлар резерві жасақталды. Осыған орай, биыл жоғары оқу орнын үздік бітіретін 70 студентпен кездестік. Оларды ОҚО әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлерді даярлау орталығында кадрлар резервіне іріктейміз. Мұнан соң олар арнайы комиссия іріктеуінен өтіп, мемлекеттік қызметке дайындықпен баруға мүмкіндік алады. Бағдарлама нәтижесінде, жас мамандар аудан, қала мен ауыл әкімдіктеріне жіберіліп, «Меритократия» қағидасы негізінде сатылай жұмысқа қабылданады. Қазіргі жастар тәуелсіз елдің ұрпақтары, олардың болашаққа деген нық сенімі айқын байқалады. Дегенмен, олардың мемлекеттік қызметке атүсті қарауы алаңдатады. Өткен жылы тест тапсырған 4 мыңға жуық үміткерлердің 65 пайызы шектік мәннен төмен баға алды. Тест тапсыруды патриоттық міндет деп түсініп, оған дайындалу үлкен жауапкершілік екенін сезінсе екен. Өз басым тесттен өткен және конкурсқа қатысатын үміткерлерді құрметтеймін. Мемлекеттік қызметті күнкөрістің көзі деп қарамауымыз керек. Жас маман қызметке келгенде түрлі сатылардан өтіп, өсуі, үйренуі, тәжірибе жинауы тиіс. Өкінішке қарай, бізде көп жағдайда бірден «креслоға» жайғасқылары келеді.

– Қазір мемлекеттік қызметте бос лауазымдар мен бос орындар бар ма? Облысымызда мемлекеттік қызметкерлердің саны қанша?

– Бүгінгі таңда облысымызда мемлекеттік органдарда 638 бос лауазымдар бар. Ол 3 миллионға жуық халқы бар Оңтүстік үшін көп деп есептеймін. Керісінше, бос орындар емес, үміткерлер қатары басым болу керек. Қазір біз осы мәселемен айналысудамыз. Алдағы уақытта шешімін табады деген ойдамыз. Ал мемлекеттік қызметшілер санына келер болсақ, облысымызда 8092 маман жұмыс істейді. Жалпы штаттық саны – 8730 бірлікті құрайды.

– Өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейі қандай?

– Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін мақтанышпен айтуға болады. Өйткені, олардың арасында ғылыми дәрежелері бар қызметшілер де бар. Мәселен, 7526-сы жоғары білімді, оның ішінде 5 ғылым докторы және 30 ғылым кандидаттары бар. Сонымен қатар, жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілерді даярлау орталығы арқылы 391 мемлекеттік қызметші біліктілігін арттырса, мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған 238 қызметші қайта даярлаудан өткен. Оның 38-і басшы лауазымына тағайындалды.

– Осыған дейін мемлекеттік қызметшілердің білім деңгейі аттестация жүйесі арқылы бағаланатын еді. Ал қазір қалай бағаланады?

– Иә, үш жыл бұрын мемлекеттік қызметшілер аттестация тапсыратын. Қазір ол мемлекеттік қызметкерлердің еңбегін бағалау жүйесімен алмастырылды. Яғни, мемлекеттік қызметкердің жұмысын сол мекеменің басшысы бағалайды. Егер екі жылда оң баға алып жүрсе, ол аттестацияға қатыспайды. Ал екі жыл ішінде оның жұмысы теріс бағаланса, аттестация тапсыруға жіберіледі. Демек, бұл жерде мемлекеттік қызметшіге тағы бір мүмкіндік беріледі деген сөз. Ал аттестациядан өтпеген жағдайда, маман жұмыстан кетуге мәжбүр болады.

– Бүгінгі таңда ел арасында «Мемлекеттік қызметші көкесінің арқасында креслоға жайғасады және өседі» деген пікір қалыптасқан. Бұл ретте айтар уәжіңіз қандай?

– Өкінішке қарай, ондай пікір бар. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, кезінде кейбір жерлерде мұндай келеңсіз көріністің орын алғаны рас. Ал жаңадан қабылданған мемлекеттік қызмет туралы заң бойынша, мемлекеттік қызметші меритократия қағидатымен білім, біліктілігі мен қызмет өтілі ескеріле отырып, төменнен жоғары қарай, яғни, өз еңбегімен қызметте жоғарылайды. Мен ештеңені жасырмаймын, маған келіп, «Тесттен өтуім керек, маған қызмет дайын, бір ауданның лауазымды қызметкері жақсы жұмысқа орналастыратынын айтып, уәде берді» деп келетіндер жоқ емес. Осындайда, «Айналайын, тест деген бір мезетте аттап өте салатын арық емес. Санаң дайын болмай, білім деңгейіңді сынамай қызметке қалай барасың?» деймін. Меніңше, жақсы қызметке орналастыратын оның «көкесі» мемлекеттік қызметке орналасудың тәртібін білмейтін болып отыр ғой. Былтырға қарағанда биыл тест тапсыру кезінде жоғары балл алатындар 10 пайызға өсті. Бұл – жақсы көрсеткіш. Біреуге емес, өзіңе, біліміңе сену керектігіне көздері жеткен секілді. Мен ешкімге көмектеспеймін. Көмектесуге құқығым да жоқ. Туыстарымды да қолдамаймын. Еңбектің наны тәтті болады ғой. Сол үшін еңбектенсін, оқысын, дайындалсын.

– Жастардың еңбек жолын төменгі қызметтен бастап, тәжірибе жинау қажеттігін айтып өттіңіз. Өзіңіз алғаш еңбек жолыңызды қара жұмыстан бастаған екенсіз. Ол сізді шыңдай алды ма?

– Әрине. Әр адамның өмір жолы сан қилы ғой. Оның мамандық таңдауына ата-ананың, қоғамның әсері мол. Мектеп бітірген соң бірден оқуға түсе алмадым. Сондықтан автобазада слесарь болып жұмыс істедім. Сосын бағым жанып, сол кездегі ҚазМУ-дың заң факультетінің студенті атандым. ЖОО-нын тәмамдаған соң, прокуратура, сот саласында жұмыс істедім. Парламент Мәжілісінің депутаты болдым. Туған өлкеме оралып, бірнеше жылдан бері осы департаментті басқарып отырмын. Қара жұмыс уақытты, қолда барды бағалауға және жасымауға үйретті.

– Берік Айдарбекұлы, сіз департамент басшысы қызметімен қатар, облысымыздың Әдеп жөніндегі, яғни бұрынғы тәртіптік кеңестің төрағасы қызметін қатар атқарасыз. Ол кеңесте қандай мәселелер жиі қаралады? Мемлекеттік қызметке қатысты «Ар-намыс» кодексіне байланысты шенеуніктер тарапынан көбінесе қандай тәртіп бұзушылық орын алады?

– Әдеп жөніндегі кеңестің мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің арасында сыбайлас жемқорлықты болдырмау. Әр мемлекеттік органда өзінің тәртіптік комиссиясы бар. Жауапкершіліктің қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік түрлері болса, тәртіптік жауапкершілік қалған екеуін болдырмайтын сүзгі секілді. Біз мемлекеттік органдардың есебін тыңдау жүйесін қалыптастырдық. Қазір аудан әкімдерінің есептерін тыңдап жатырмыз. Ал биылдан бастап облыс әкімдігінде Әдеп жөніндегі уәкіл лауазымы енгізілді. Кеңестің келесі отырысында уәкілдің есебін тыңдаймыз. Мемлекеттік органдар арасындағы тәртіп пен заң бұзушылық бойынша уәкілге барып арызданса болады.

Өткен жылы тәртіптік кеңесте 129 тәртіптік іс қаралса, соның 52-сі сол кезде қолданыста болған ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексіндегі талаптардың сақталмауы бойынша орын алды. Тәртіптік істер негізінен лауазымды тұлғалар тарапынан ҚР-ның «Мемлекеттік қызмет туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы», «ҚР-ғы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы», «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңдары мен Жер Кодексінің талаптарының бұзылуы бойынша қозғалған. Соның нәтижесінде 46 мемлекеттік қызметші түрлі дәрежедегі тәртіптік жазаға тартылған. Ал биыл қаңтар-мамыр айлары аралығында Әдеп жөніндегі кеңестің 3 отырысы өтіп, онда 24 тәртіптік іс қаралса, оның 17-сі «ҚР-ның мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» талаптарының бұзылуы бойынша қаралған. Біздің мақсатымыз – жазалау, болмаса біреудің тағдырына кері әсер ету емес, мейлінше, заң бұзушылықты болдырмау, оның алдын алу.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Опубликовано в Сұхбат
Страница 3 из 3