Пятница, 12 Август 2016 08:31

Сүт бағасы 20 пайызға төмендемек

Қазақстанда келесі үш жылда ауыл шаруашылығы кооперативтері негізінде шамамен 400 сүт жинау пункттері құрылатын болады. Бұл сүт бағасын кем дегенде 20 пайызға төмендетеді. Бұл туралы ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов мәлім етті.

– Қазіргі уақытта сүт зауыттарының барлығы толық қуаттарын пайдалана алмай отыр, соның кесірінен оларда амортизациялық шығынның үлесі басым, ол өз кезегінде сүттің өзіндік құнына әсер етеді. Сондықтан біз олардың қуатын қамтамасыз ететін болсақ, біз сүттің бағасын 20 пайызға дейін төмендете аламыз, – деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде ет пен сүттің 70-80%-ы жеке шаруашылықтармен шығарылады. Ал өңдеуші кәсіпорындар тек 60%-ға ғана шикізат өнімдермен қамтамасыз етілген.
– Сүтті жинау және оны сүт зауыттарына жеткізу инфрақұрылымы бізде кемшін. Сондықтан біз сүтті жинау және оны өңдеуші кәсіпорындарға жеткізу үшін жағдайлар жасаймыз, – деді департамент басшысы.
Айта кетсек, осы мақсатта «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында шағын несиелер берілмек. Аталмыш несиелер 3-7 жылға 3-7 млн теңге көлемінде 6% үстемемен мал шаруашылығына, сүт жинау пункттерін құруға бөлінеді.

Опубликовано в Экономика

Жаз мезгілі – үй жөндеп, көптен бері жоспарлап жүрген жұмыстарды жүзеге асыруға қолайлы уақыт. Бұл кезде үйін ретке келтірушілерден бөлек, құрылыс материалдарын сатушылар үшін де сауданың қызатын шағы. Жөндеу жұмыстарын жүргіземін десеңіз, базар мен дүкендерде қажеттінің барлығы табылады. Тек, қалтаңызға қарай көсілсеңіз болғаны. Олай болса, құрылыс материалдарының бағасын бағамдап көрелік...

DSC 4935

Шымкенттің ауа райы жылдың кез келген маусымында жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қолайлы. Бірақ көп ретте бұл іске ерте көктемнен кірісіп, қара күзге дейін жалғасатыны мәлім.
Жөндеу кезінде қабырғаларды сылау, еден мен есік-терезелерді ауыстыру, тұсқағазды жаңалау, жаңа сантехника алу секілді машақаты көп жұмыстардың басталатыны белгілі. Қала тұрғыны Рақымжан Бибосынов үй құрылысын бітіріп, енді қажетті құрылыс материалдарын сатып алмақ екен.
– Қазір асхана мен шомылатын бөлмелерге «қандай сантехника алсам екен?» деп қарап жүрмін. Қымбаттары өте әдемі екен. Бірақ мен қолымдағы ақшаға қарай есеп жасаймын, – дейді Р.Бибосынов.

DSC 5020

Қазіргі кезде нарықта ванна бөлмесіне керекті неше түрлі бұйымдар бар. Оның түр-түсі, қай елде шығарылғаны мен үлкенді-кішілігіне қарай өзіңізге қажеттіні таңдай аласыз. Сонымен қатар, зәулім үйлер мен шағын пәтерлерге арналған сантехника бұйымдары да арнайы шығарылады. Бұл ретте тәжірибелі мамандардың көмегі зор. Солардың бірі – Әкім Жолшиев. Ол үш жылдан бері дүкенде сатушы болып жұмыс істейді. Сатып алушыларға не керектігін жақсы біледі.
– Мен ең алдымен клиенттердің қанша сомаға жоспар жасағанын және жеке үйде немесе пәтерде тұратынын анықтап аламын. Сатып алушылардың дені әрине, өз үйлеріне көрінісі әдемі, сапалы және люкс модельдерді алғысы келеді. Нәтижесінде қалтасына қарай көсіледі. Бізде Ресей, Қытай, Иран, Украина мен Малайзияда шығарылған сантехникалық бұйымдар бар. Өткен жылға қарағанда олардың бағасы біршама қымбаттады. Ірі заттарды алатын болсақ, шамамен 10-20 мың теңге аралығында айырмашылық бар. Мәселен, джакузи жеткізіп, оны орнатып беруі 275 мың теңге. Бұл былтыр 250 мың теңге еді. Ваннаға арналған қол жуғыштар 10 мың теңгеден басталады.

DSC 4987

Ресейлік тауарлар қытайлыққа қарағанда әлдеқайда арзан. Сапасы да кем түспейді. Тек дизайн жағынан кішкене ұтылатыны бар. Байқасаңыздар, Қытай кез келген бұйымның әдемілігіне көп көңіл бөледі. Қол жуатын арнайы шкафтардың бағасы – 60 мыңнан 255 мың теңгеге дейін. Тым қымбат заттар тек бір данадан ғана әкелінеді, – дейді сатушы.
Дүкендерден отандық өнімдер де төрден орын алып тұр. Мәселен, «Аквалюкс» фирмасы шығарған ванналар сұранысқа ие. Бағасы 53 мың теңгеден басталады. Сапалы жасалған және ішіндегі су тез суымайды. Өзге ванналарға қарағанда артықшылығы осында. Көп ретте пәтерде тұратындар сатып алады екен.

Жуынатын бөлмеге қажетті кафельдердің бір шаршы метрі 900-1200 теңгеден басталады. Оның да бағасы қай елде шығарылғанына, дизайны мен сапасына қарай қымбаттай береді. Ал еденге төселетін ламинаттың бағасы 2000-4500 теңге аралығында. Есіктер 25 мың теңгеден жоғары. Тұсқағаздардың сан алуан түрі бар. Бағалары да әртүрлі. Ең арзаны, яғни қағаз тұсқағаздардың бір бумасы 800 теңге. Оның кір көтермейтін және ұзаққа шыдамайтын кемшілігі бар. Біз көрген дүкенде кірлесе жуып-тазалап алатын және ұзақ жылдар бойы үйіңізге сән беретін тұсқағаздардың ең қымбаты – 10 мың теңге. Оның ою-өрнегі мен түсіне қарап таңдап алып жатқандар көп. Кейбір дүкендерде тұсқағаздардың бір бумасы бұдан да қымбат болуы мүмкін. Соңғы кезде сұйық тұсқағаз сұранысқа ие. Сатушы Акрам Хаттамовтың айтуынша, экологиялық жағынан таза, әрі арзан өнім. Мақтадан жасалған сұйық тұсқағаздың артықшылығы – қыста жылы болса, жазда салқын болады екен. Оның бір келісі – 2100-2300 теңге аралығында және бір келісі үш шаршы метрге жетеді. Сатушының сөзіне қарағанда күніне 20-30 келі сұйық тұсқағаз сатылады.

DSC 4978

Осылайша, үй жөндеуге қажеттінің барлығының құнын бағамдап, қолда бар ақшаны жоспарлауға болады. Өкінішке қарай, еліміздегі құрылыс материалдары нарығында шетелдік өнімдер тым көп. Тіпті, ұсақ-түйек материалдардың ішінде тұсқағаз, сантехника, еденге арналған линолеум, шеге, бұрандалы шегеге дейін шетелден әкелінеді екен. Бұл ретте Ресей, Қытай, Түркия елдерінің өнімдері сұранысқа ие болып отыр.
Еліміздің Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің www.stat.gov.kz сайтындағы мәлімет бойынша, 2015 жылдың желтоқсан айы мен биылғы жылдың шілде айын қосқанда облысымызда нарықтағы құрылыс материалдарының бағасы 104,2 пайызды құрады. Яғни соңғы жеті айда құрылыс материалдарының бағасы 4,2 пайызға қымбаттаған.
Айта кетейік, 2016 жылғы қаңтар-шілдеде Қазақстан Республикасында инфляция 5,6 пайызды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы биылғы жеті айда 5,6 пайыз, азық-түлік емес тауарлары – 5,2 пайыз, ақылы қызметтер – 4,7 пайызға өскен.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 29 Июль 2016 09:13

Мұнай өндiру көлемi азайтылмақ

Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 75,5 млн тоннаға дейін азайтылмақ. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мәлімдеді.

Оның сөзіне қарағанда, былтыр 61 компанияның 36-сы қаржылық жылды теріс көрсеткіштермен аяқтаған.
Вице-министрдің айтуынша, 2015 жылы бұрғылау көлемі 2,5 мың метрден, 1,5 мың метрге дейін қысқарған. Болжам бойынша, биыл жаңа ұңғымаларды бұрғылау көлемі де 50 пайызға төмендемек.
«2014 жылы біз 8,5 млн. тонна өндірсек, 2015 жылы 79,5 млн. тонна алдық. Болжам бойынша, ағымдағы жылы 75,5 млн тонна мұнай өндіреміз. Көріп отырғанымыздай, мұнай өндіру саласы құлдырап барады. Себебі мұнай өндірушілер жақсы бағамен өнім сата алмауда, сондықтан жаңа көлем түгілі ағымдағы деңгейге тапсырыс бере алмайды», – деп атап өтті вице-министр.

Опубликовано в Экономика
Пятница, 29 Июль 2016 07:02

Базардағы баға қандай?

Тапқан табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайтындар аз емес. Ай сайын алатын жалақымыз қолға тиісімен-ақ, үйдегі бар-жоқты түгелдеуге кірісеміз. Қазақстандық сарапшылардың есептеуінше, азық-түлікке айлықтың 60 пайыздан астамы жұмсалады екен. Ал жыл сайын азық-түлік бағасының өсуін ескерсек, бұл соманың көлемі артқан сияқты. ОҚО статистика департаменті мамандары берген мәлімет бойынша, биыл бірінші жартыжылдықта азық-түлік тауарларының бағасы 4,5 пайызға өскен. Ал өткен жылдың бірінші жартыжылдығында баға өсімі 0,7 пайызды құраған.

ЕТ БАҒАСЫ ТҰРАҚТЫ

DSC 2942

Тұрғындардың баcым бөлігі азық-түлік алу үшін базарға келеді. Өйткені, мұнда ас мәзіріне қажеттінің бәрін таңдап алуға мүмкіндік көп. Әрі саудаласып, жоспарлағаныңыздан да көбірек себетіңізді толтырып шығасыз. Табысы орта халық ең алдымен аса қажеттісін сатып алады. Оның ішінде ұн, макарон өнімдері, май, сары май, қант, жарма өнімдері, картоп пен ет бар. Ал қалғанын отбасылық бюджеттің ырқына қарай жоспарлайсыз. Шымкенттегі базарларды аралап шығар болсаңыз, баға жағынан әжептеуір айырмашылықты байқайсыз. Халық арасында «қымбат базар, арзан базар» деп айтылуы тегін емес. Сол арзан сауда орындарының бірі – «Қырғы базар».

Онда тек қалалықтар ғана емес, сонымен қатар, жақын маңдағы елдімекендерден да халық көптеп келіп, азық-түлігі мен қажетті заттарын қарыштайды.
Мәселен, басқа етке қарағанда арзан әрі көпшіліктің сұранысына ие сиыр етінің бір келісі – 1200 теңге. Жылқы еті – 1400-1700 теңге болса, қой еті – 1050-1150 теңге аралығында. Ал тартылғын еттің бір келісі – 950-1000 теңге. Тауық еті – 700 теңге. Базар зертханасының басшысы Перизат Заманханның айтуынша, ет бағасы тұрақты және әкелінген еттің барлығы да күн сайын зертханалық тексеруден өтеді.
– Бізде етке деген талап қатаң. Қазір елімізде еттен «сібір жарасы» шығып жатқандықтан, оны барлық микроскопиялық тексеруден өткізіп, сатушыға тиісті анықтамасын береміз. Әзірге ауру малдың еті анықталған жоқ. Ет көп ретте Сайрам, Ордабасы және Бәйдібек аудандарындағы шаруа қожалықтарынан әкелінеді. Базарға күніне 5 бас сиыр еті, 30-40 бас қой еті, 5-6 бас жылқы еті әкелінеді, – дейді зертхана басшысы.

ЖЕРГIЛIКТI ДИҚАНДАРДЫҢ ӨНIМI ДӘМДI ӘРI АРЗАН

DSC 3016

Жаз мезгілінде қызанақ пен қиярға деген сұраныс артады. Оған қоса әрбір үйде осы уақытта қысқы маусымға әзірлік басталады. Қызанақтан түрлі салаттар қайнату және қиярды маринадтау секілді жұмыстардың қызатын сәті. Бірақ баға жағы көңіл көншітпейді. Өйткені, қызанақты сатушылар 60 теңгеден бастап, 130 теңгеге дейін саудалап тұр. Олардың арасында жергілікті диқандардың өнімі мен көрші Өзбекстаннан әкелінген қызанақтарды таңдап жүріп аласыз. Бұл жерде бағасы өнімнің сапасына қарай да қойылған. Мәселен, етті әрі таза піскен қызанақ 130 теңгеден сатылуда. Қалтаңызға қарай көсіле беріңіз. Ал болгар бұрышын 50-60 теңгеге, баялдының бір келісін 40-70 теңгеден алуға болады. Сәбіз 80, ал қырыққабат – 150 теңгеден сатылып жатыр. Картоптың майдасы – 65-80 теңге болса, ірілері 110 теңге. Сатып алушылардың біразымен сөйлесіп көріп едік, былтырғыға қарағанда бағада айырмашылық барын айтады. Жаз мезгілінің аяқталуына бір ай қалса да, әлі де көкөністер мен жеміс-жидектердің бағасы қалтаға салмақ салады.
Жеміс-жидектердің де бағасы әртүрлі. Әкелінетін аймаққа байланысты. Өзбекстан, Қырғызстан мен Қытайдан жеткізілетіндері әжептеуір қымбат. Базар сатушысы Айгүл Ешанқұлова жүзімнің бір келісін 200-350 теңгеден сатуда. Оның айтуынша, биыл жүзім бағасы арзандамаған. Өткен жылы осы уақытта жүзімнің бір келісін 150-250 теңгеден саудалаған екен.

ЖАРМА ӨНIМДЕРI ҚЫМБАТТАҒАН

DSC 3030

Осылайша, базар нарқында бағаның өткен жылға қарағанда аздап өскенін байқауға болады. Облыстық статистика департаментінің баға статистикасы басқармасының бас маманы Айнұр Қадырбекова жыл басынан бері азық-түлік бағасының 4,5 пайызға қымбаттағанын мәлімдеді. Соның ішінде жарма өнімдері 22,8 пайызға өскен. Әсіресе, қарақұмық – 41,9 пайызға көтерілген. Айта кетейік, базарда оның бір келісі – 550 теңгеден сатылуда. Сұлы жармасы – 7,4 пайызға, ал арпа жармасы 5,8 пайызға қымбаттаған. Сұлы жармасының нарықтағы бағасы – 250 теңге. Нан бағасы да 18,1 пайызға көтерілген. Бірінші сұрыпты ұннан жасалған, яғни әлеуметтік нан – 19,1 пайызға, қара бидай наны – 19,9 қымбаттаса, жоғары сұрыптан пісірілген нан 14,2 пайызға қымбаттап отыр. Бұршақ бағасы болса 28,6 пайызға көтерілген. Керісінше, күріш – 1,7 пайызға төмендепті. Базарда күріш сұрыпына қарай, 250-350 теңге аралығында бағалануда. Сондай-ақ, картоп 20,8, ал шай 13,8 пайызға өскен. Жаңа піскен көкөністер 15,8 пайызға, жұмыртқа – 11,5 пайызға қымбаттапты. Ал қант пен құмшекер бағасының өсімі облыс бойынша 16,4 пайызды құрады.

ОҢТҮСТIКТЕ ҚАНТ ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОҚ

Ел ішінде «қант пен құмшекердің бағасы қымбаттайды екен» деген қауесет айтылуда. Оған қоса, тосап пен компот жабу науқаны басталған кезде қант бағасының қымбаттауы үйреншікті жағдайға айналған. Ал соңғы екі-үш апта көлемінде елімізде қант тапшылығы едәуір байқалғанымен, Оңтүстік халқы оны сезіне қойған жоқ. «Біз әрдайым бағаларға мониторинг жасап, қадағалаймыз, – дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау Комитетінің ОҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Таштанов. – Облысымызға көтерме бағамен қант жеткізетін саудагерлердің әрекеті бақылауға алынған. Мамандарымыз облыс көлемінде сатылып жатқан қант бағасының қаншалықты негізді екенін зерттеуде. Ірі кәсіпкерлер «Ортаазиялық қант корпорациясы» ЖШС-нен қанттың келісін 245 теңгеден сатып алса, базарда оның бағасы – 260 теңгеден саудаланып жатыр. Ал супермаркеттердегі бағасы – 290 теңге. Жалпы, оңтүстікте қант тапшылығы жоқ».
Зерделеп қарайтын болсақ, биыл өткен жылмен салыстырғанда азық-түлік бағасында айтарлықтай айырмашылық бар. Оған статистикалық көрсеткіштер дәлел. Бір ғана 2016 жыл мен 2015 жылдың маусым айларын салыстырар болсақ, азық-түлік бағасы 14,4 пайызға қымбаттап отыр.

Опубликовано в Әлеумет
Среда, 27 Июль 2016 05:07

Қант бағасы өстi

ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев «Орталық Азия Қант Корпорациясы» ЖШС («ОАҚК» ЖШС) өндіруші зауытының «Беларусь аграрлық компаниясы» ЖШС («БАК» ЖШС) импорттаушысының және «Ас-Ан» компаниясының (ірі көтерме саудада өткізушісі) өкілдерімен кездесті.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесудің мақсаты қант нарығындағы жағдайды зерделеу болды. Республика өңірлерінде орта есеппен алғандағы қанттың бөлшек сауда бағасы 2015 жылғы желтоқсанға қарағанда 2016 жылғы 25 шілдеде 25,5%-ға артты.

«ОАҚК» ЖШС деректері бойынша бағаның өсуі бірқатар обьективті себептерге байланысты - олардың ішінде шикізаттың қымбаттауы, коммуналдық қызметтер мен жүктерді тасымалдау бойынша тарифтер құнының өсуі бар. Компания қант бағасының көтерілуі халықтың сұранысы артатын жазғы маусымда жыл сайын көтерілетіндігіне ерекше назар аударды.
Монополияға қарсы органның алдын ала деректері бойынша, бүгінгі күні қант нарығында қантты негізсіз шектеу және орта және шағын көтерме нарық деңгейінде өңірлерде қант бағасының алыпсатарлық өсуі байқалады. Осыған орай, монополияға қарсы орган қантты бөлшек және көтерме өткізушілердің қызметінде монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтардың болуы тұрғысынан егжей-тегжейлі талдау жүргізуде.

Опубликовано в Қоғам
Среда, 27 Июль 2016 04:29

Жанармай қымбаттамайды

ҚР Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Асқар Жалдинов бензин мен дизель отыны бағасының қымбаттайтыны туралы қауесеттерді жоққа шығарды. Бұл туралы ол өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында хабарлады.

«Әлеуметтік желілерде бензиннің барлық маркалары мен дизель отыны бағаларының қымбаттайтыны туралы ақпараттар жариялана бастады. Мұның барлығы жалған. ҚР Энергетика министрлігі бағаны өсірейін деп жатқан жоқ. Өйткені, АИ-92, 95 бензинінің бағасы нарық арқылы сұраныс пен ұсыныс негізінде реттеледі. Бүгінгі таңда АИ-92 бензинінің бір литрі – 125 теңге тұрады», – деп жазады А. Жалдинов.
Сонымен қатар, оның айтуынша Энергетика министрлігі дизель отынының бағасына қатысты мемлекеттік реттеу жүйесін алып тастауды ұсынып жатыр. Әйтпесе, тағы да дизель тапшылығы орын алуы мүмкін. Айта кетелік, Қазақстанда қазіргі таңда дизель отынының бір литрі – 97-99 теңгеден сатылуда.

Опубликовано в Экономика
Страница 3 из 3