Пятница, 22 Сентябрь 2017 08:25

Ирригация жүйелері жаңартылуда

Жұмыстар қазан айында толық аяқталады

Күздің қоңыр салқын сызы біліне бастағаннан-ақ, қала тазалығына жауапты мекеме қызметкерлерінің жұмысы қауырт-қарбаласқа ұласып жатады. Себебі, сарғайған ағаш жапырақтары мен сынған ағаш бұталары көше бойындағы арық-атыздарды бекітіп, түрлі қиындықтарды туындатуы бек мүмкін. Бұл ретте, толассыз жауған жауын-шашын салдарынан жүргіншілер жолы мен ғимараттарды су басу қаупі де жоғарыламақ.

DSC 7956

Климаттық жағдайы ылғалды болып келетін Шымкент қаласының көшелерінде биыл тозығы жеткен ирригациялық жүйелерді толығымен қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған болатын. Жұмыс ауқымын арнайы зерделеген сала мамандары ирригация жүйесін жаңғыртудың арнайы бағдарламасын дайындаған. Бағдарлама шеңберінде шаһардағы көне арық-атыздардың орны сақталып, жүйе қайта жаңартылуда.

– Ирригация жүйелерін жаңарту жұмыстары қаланың орталық көшелерінде жүргізілуде, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің көріктендіру секторының бас маманы Алмас Житенов. 

Атап айтқанда, Бейбітшілік көшесінің Желтоқсан көшесінен бастап Әл-Фараби алаңына дейінгі аралығы, Ілияев көшесінің Бейбітшілік пен Тәшенов көшелеріне дейінгі аралығы,Түркістан көшесінің Әл Фараби алаңынан бастап Қонаев даңғылына дейінгі аралығы, Рысқұлбеков көшесінің Іляевтан Мәделі қожаға дейінгі аралығы, Желтоқсан көшесінің Бейбітшілік пен Момышұлыға дейінгі, Жангелдин көшесінің Әл Фараби даңғылы мен Молдағұлова көшесіне дейінгі, сондай-ақ, Қалдаяқов көшесінің Жангелдиннен бастап Абай даңғылына дейінгі, Тәшенов көшесінің Майлы қожадан Түркістан көшесіне дейінгі және Асқаров көшесінің Республика даңғылынан Мамытов көшесіне дейінгі аралығы толық жаңартылуда. Аталған жұмыстар қазан айының 31 жұлдызына дейін толығымен аяқталады. Тапсырылған міндетті «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-нің қызметкерлері жүзеге асыруда. Сонымен қатар, Темірлан тас жолының бойында қазіргі таңда жол құрылысымен қатар, ирригациялық жүйелер де ауыстырылуда. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты бұл жұмыстарды «Береке» мердігер мекемесі атқарып келеді.

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес, орталық санатындағы көшелерде ирригация жүйелерін жаңарту үшін жергілікті қазынадан 182 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұдан бөлек, қаланың шалғай аймақтарында орналасқан Мелдіқожа, Оңдасынов, Амангелді, Тұлпар, Сапарбаев, Жамбыл көшелерінде де арық-атыздар қазылды. Және бұған дейін күл-қоқысқа «тұншығып» қалған бірқатар көшелерде арық-атыздар қалпына келтірілді. Мамандардың айтуынша, соңғы 25-50 жыл аралығында жаңарту жұмыстары жүргізілмеген жүйелер әбден тозған. Нәтижесінде, тиісті деңгейінде су өткізуге қауқарсыз. Оған жергілікті тұрғындар да «өз үлесін қосып», арық-атыздарды күл-қоқыспен көмкеріп-ақ жатыр. 

Ендігі жерде, орталық көшелерден жиналған жауын суы Қошқар ата мен Қарасу өзендеріне, ал Қорғасын зауыты мен «Самал» шағынауданында жиналған су Бадам өзеніне жіберіледі. Ал «Нұрсәт» пен «Әкімшілік-іскерлік орталығынан» келген су Дендросаябақ маңындағы арықпен бойлай келіп, «Самал» шатқалына бұрылмақ.

Сондай-ақ, «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-гі тарапынан Қошқар ата, Қарасу өзендері мен Шымкент, Жаңашек, Ақсай, Қарабастау арналарын тазарту жұмыстары да жүйелі түрде атқарылуда. Ондағы өзен арналарының жалпы ұзындығы 146,3 шақырымды құрайды. Бұдан бөлек, аталмыш мекеме тарапынан ұзындығы 566 шақырымнан асатын арық жүйелерін күтіп ұстау, жаңадан қосылған елдімекендердің аумағындағы каналдар мен ауылшаруашылығы мақсатындағы атыз-арықтарды тазалау және су бұру жұмыстары жүргізілуде.

Опубликовано в Қала
Пятница, 15 Сентябрь 2017 12:32

Басқа мекенжайға ауысты

Шымкент қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жаңа орынға көшті. Қазіргі мекенжайы – Орынбаев көшесіндегі нөмірсіз үй.

Бұл – Адырбеков аялдамасы маңайындағы Тәуке хан даңғылы мен Ғани Ілияев көшелерін қиып өтетін қысқа ғана жол. Тәшенов көшесінен кейінгі қатарда орналасқан.

– Шымкенттіктер және басқа да заңды тұлғалар мен мекеме қызметкерлері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қатысты сұрақтар бойынша қабылдау бөліміне 39-31-80, ұйымдастыру секторына 39-31-35 нөмірі арқылы байланысқа шыға алады, – дейді сектор меңгерушісі Д.Жақсылықов.

Опубликовано в Қала
Среда, 13 Сентябрь 2017 04:31

Қаланың қысқа дайындығы қалай?

Шымкентте жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары қазан айына дейін аяқталады

Синоптиктердің болжауынша, Шымкент қаласында биылғы күз айлары ылғалды болмақ және жауын-шашын мөлшерінің артуына қарамастан, жылы ауа райы сақталмақ. Дегенмен, «жаз шанасын түгендеген» қалалықтар алдағы жылу маусымына айтарлықтай алаңдаушылық білдіруде. Себебі, қаланың бірқатар шағынаудандарында негізгі және ішкі орамдағы жылу жүйелерін ауыстыру, жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін жалғасуда.

DSC 7211

Осы орайда, салаға жауапты қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары жылу маусымына дайындық жұмыстары белгіленген кесте аясында жүргізіліп жатқанын айтады. Яғни, бүгінде орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген 1 811 көпқабатты тұрғын үйдің 1 307-сі жылу маусымына толығымен дайын.

Қаладағы орталықтандырылған жүйеге қосылған 1 811 көпқабатты тұрғын үйге 13 сервистік компания қызмет көрсетеді. Күні бүгінге дейін 1 130 тұрғын үймен келісім шарт жасалған. Бұл көрсеткіш қаладағы жалпы тұрғын үй қорының 62 пайызын құрайды. Ендігі жерде аталмыш көпқабатты ғимараттарда қызмет сапасы бойынша ешбір қиындық туындамауы тиіс.

Қаланың солтүстік бөлігіндегі тозығы жеткен жалпы ұзындығы 139 шақырымды құрайтын жылу құбырының 38% жаңартылмақ.  Сондай-ақ, қаланың оңтүстік бөлігінде 13 шақырымдық ішкі орамдық жылу жүйелері ағымдағы жөндеуден өтті.

– Жалпы алғанда, көпқабатты тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу және сапалы қызмет түрін пайдалану орайында өзекті мәселелер жыл өткен сайын өз шешімін тауып келеді, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөз. – Әзірге 1 307 көпқабатты тұрғын үй (қала аумағындағы жалпы көпқабатты тұрғын үй қорының 72 пайызы) жылу қабылдауға дайын. Қала аудандары бойынша дайындық көрсеткіштерін саралайтын болсақ: Абай ауданында – 304 үй (71%), Әл-Фараби ауданында – 444 (72%), Еңбекші ауданында – 380 (72%) және Қаратау ауданында – 179 (72%) көпқабатты үйде дайындық жұмыстары аяқталды.

Сала маманының айтуынша, негізгі жылу желілерін қайта құру жұмыстары бойынша биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қажетті қаражат бөлініпті. Нәтижесінде, жалпы ұзындығы 5,2 шақырымды құрайтын жылу жүйелері жаңартылған. 

Бұл қатарда, Байтұрсынов көшесінің бойында Рысқұлов – Желтоқсан көшесіне дейінгі аралықта магистралдық жылу құбырын қайта құру жұмыстары жүргізілді. Ауыстырылған құбырлардың диаметрі 219-530 милиметрлік қалыңдықты құрайды. Сонымен қатар, жылу шығынын едәуір төмендететін соңғы үлгідегі құбырлар пайдаланылған. Жобаны «3-Қуат жылу орталығы» мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асыруда. Қазіргі кезде жаңа құбырларды орналастыру жұмыстары аяқталған. Енді тек жылу камералары орнатылуда. Аталмыш көше қазан айына дейін толық қалпына келтірілмек. Бұл бағытта мекеме қызметкерлері екі ауысымда еңбек етуде.

Абай ауданында – 304 үй (71%), Әл-Фараби ауданында – 444 (72%), Еңбекші ауданында – 380 (72%) және Қаратау ауданында – 179 (72%) көпқабатты үйде дайындық жұмыстары аяқталды

Ал ішкі орамдық жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджет есебінен қаражат бөлінген. Қаланың оңтүстік аймағында аталмыш жұмыстар 70, ал солтүстік аймағында 85 пайызға аяқталды. Қазан айының алғашқы жұлдызына дейін жұмыстар толық тапсырылуы тиіс. Осы жұмыстардың нәтижесінде, қаланың солтүстік бөлігіндегі тозығы жеткен жалпы ұзындығы 139 шақырымды құрайтын жылу құбырының 38 пайызы жаңартылмақ. Сондай-ақ, қаланың оңтүстік бөлігінде 13 шақырымдық ішкі орамдық жылу жүйелері ағымдағы жөндеуден өтті. 

Сала мамандары кестеге сәйкес, қазан айының 15-жұлдызында орталықтандырылған жылу жүйесіне қажетті судың толық қуатында жіберілетінін айтады. Жылуды жеткізу міндетін «3-Энергоорталық» АҚ-ы, ал оған дайындық жұмыстарын жүргізу «3-Қуат жылу орталығы» мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асырады. 

Сондай-ақ, қала аумағындағы 352 бюджеттік нысан жылу қабылдауға толығымен дайын. Бұл қатарда, автономды қазандықтары бар 172 бюджеттік мекемеге қажетті 5 058 тонна көмір, 353 мың литр сұйық отын жеткізілген.

Опубликовано в Қала
Вторник, 29 Август 2017 00:00

Табиғи газға қаражат бөлінді

Шымкент қаласының аумағына Абай ауданынан енген шағынауданның бірі – «Жаңа Тұрлан». Жақында жаңатұрландықтарды газбен қамтамасыз ету құрылысына 38 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл туралы осы аумақтан сайланған қалалық мәслихат депутаты Ерболат Нұрмаханов мәлімдеді.

DSC 4939

– Орташа қысымды газ құбырлары жердің астымен жүргізіледі. Қандай да бір ақау шыққан жағдайда жерасты газ құбырын ретке келтіруді оңайлату әдісі қолданылмақ. Жобалық-сметалық құжаттар соңғы техникалық мүмкіндіктер негізінде әзірленді. Қазір бұл лот бойынша конкурс өтіп жатыр. Мердігер анықталған соң құрылыс жұмыстары келісімшарт жасаған күннен бастап 4 айдың ішінде атқарылуы тиіс, – дейді Е. Нұрмаханов.

«Жаңа Тұрлан» шағынауданында нақты мекенжай бойынша тіркелген халық саны әзірге 900-ге жетті. Ал құжаттары заңдастырылған 110 үй бар. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында орналасқан шағынауданның келешегі зор. Жаңатұрландық жолаушылардың қуанышына орай, шағынауданға №38 бағыттағы маршрут қатынайды. Аялдамаға қатысты сұрақтар шешімін тапқан. 

Әзірге «Жаңа Тұрланда» ауызсу мен сапалы электр жарығы мәселесі өзекті болып қала бермек. Шағынаудан тұрғыны Шахида Саипова:

– Үйіміздің алдында жекеменшік сусорғыш орналасқан. Ауызсуды содан алып тұтынамыз. Әбден ескірген сусорғыш істен шығып қалса, әбігерге түсеміз. Дегенмен, шағынауданның «жаңа құрылыс» бөлігінде көше атауы жоқ. «Жедел жәрдем» қызметін шақырғанда осы сусорғыш мұнарасынан күтіп аламыз, – дейді.

DSC 4932

Бір қуантатыны, шағынауданның ішкі көшелерінің бәріне тас төселген. Ал су мәселесі 2019 жылы ғана шешімін табуы мүмкін. Өйткені, «Достық» шағынауданынан Темірлан тасжолына дейін магистральді су құбырының трассасы тартылуда. Бұл жұмыстар жоспар бойынша 2018 жылдың соңында аяқталады. 

– Су құбырының трассасы «Жаңа Тұрланмен» қатар, Абай ауданына қарасты «Ынтымақ», «Жиделі», «Қызылжар» елдімекендерін де ауызсумен қамти алады. Дегенмен, жазы ыстық Оңтүстік аймағында су тапшылығына шыдай алмаған тұрғындар жиі арызданады. Биыл жаз маусымынан өттік. Ал келесі жылдың жазында ауызсу мәселесі тағы да көтеріледі. Сондықтан, мердігер мекемелер, жауапты қызметкерлер халықтың жайын ескеріп, жұмыстарды сапалы әрі ерте тапсырады деп үміттенеміз, – дейді Ерболат Жақыпұлы.

DSC 4974

Ауыл биі Құттыбек Шынболатов электр бағаналары тұрғындардың күшімен тартылғанын айтса, халық қалаулысы мұнда коммуналдық қызметтен мүлде мақұрым қалған 13 отбасы барын алға тартты.

– Мегаполистің басты критериі – инфрақұрылым жүйесінде тұрғындарға бірдей жағдай жасау. Мұндайда қаланың орталығы мен шеткі аумағында ешқандай айырмашылық болмауы шарт. Сондықтан, біз үшін қала аумағына енген елдімекендерде толығымен коммуникация тартылып, медициналық, әлеуметтік қызметтерді пайдалану ыңғайлы болуы маңызды. Көшелерге асфальт төсеу, транспорттық жолдар мен аяқжол және жарықтандыру жұмыстары тұрғындарды толық қамтымайынша өзектілігін жоғалпайды, – дейді Е. Нұрмаханов.

Опубликовано в Қала
Пятница, 18 Август 2017 05:24

Шырайы артқан шаһар

18765679 1924006274512397 6249111839438146980 n-1

Шымкент – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан үш ірі мегаполистің бірі. Соңғы жылдардың бедерінде қаламызда халық саны едәуір артып, миллионға жуықтады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мамыр айында Оңтүстікке жасаған сапары кезінде: «Биыл Шымкенттi миллион тұрғыны бар қала деп жариялаймыз. Миллионды шаһар осылайша өңiрдiң дамуына тың серпiн береді», – деген болатын. Халқы еңбекқор құтты қала жыл санап түрленіп, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсіп, өркендеп келеді.

 

«Шымкент СИТИ»-ге шетелдіктер де қызыға бастады

Көпшілікке мәлім, Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Осы Тұжырымдама аясында Елбасының қолдауымен қаламызда жүзеге асып жатқан ерекше жобаның бірі – «Шымкент СИТИ» жаңа іскерлік және тұрғын үй кешені. Қаланың солтүстік бөлігінде, Бәйдібек би ескерткішінің жанында 427 гектарды алып жатқан ол аумақта бүгінгі таңда жол салынып, инфрақұрылым жұмыстары қарқын алған. 

3c0df91f-7afa-4a1b-b023-3d4c9cb7688d-1024x640

Жоба құрылысына республикалық бюджеттен 15 млрд теңге қарастырылған. Инженерлік-коммуникациялық жұмыстары келесі жылы аяқталады. Яғни, асфальт салу жұмыстары толық бітеді. Жоба толықтай аяқталғанда жаңа қалашықта 70 мың адам қоныстанады.

– «Шымкент СИТИ»-ді бүгінде қаланың басты құрылыс алаңы деп айтсақ та болады. Себебі, бұл кешен заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, өмір сүруге және кәсіп жүргізуге қолайлы, ең жоғары стандарттарға жауап береді. Бұған Елбасымыз да ерекше көңіл бөліп, қадағалап отыр. Қазір мұнда 10 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Бірінші бөлікте 25 гектарды игереміз деп жатырмыз. Сосын 75 гектар болатын саябақтың жобасы жасалуда. Биыл онда жұмыстар басталады. Қазіргі таңда жобаға елімізден және шетелден көптеген инвесторлар қызығушылық танытуда. Атап айтқанда, олар – «Отау групп», «Базис», BI Group компаниялары. Сондай-ақ Қытай, Түркия және Малайзиядан көптеген инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде, – дейді қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров.

DSC 1008

Шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов: «Шымкент СИТИ»-дің жай ғана кешен емес, ол ең алдымен қала тұрғындарының өмір сүруі үшін бар жағдай жасалған, жаңа стандарттардың үлгілі көрсеткіші болатынын айтқан еді. Шын мәнінде, «Шымкент-сити» – қаламызды үшінші мегаполиске айналдыру бойынша қолға алынған ерекше жоба. Қалашықтың құрылысы 2020 жылға таман толық аяқталған жағдайда, бұл мекен барша қала тұрғындарының мақтанышына айналатыны даусыз.

 

Тұрғын үй құрылысы қарқынды

Шымкентте тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі де жүйелі түрде жүргізілуде. «Миллионды қала» атанудың аз-ақ алдында тұрған Шымкент қаласында қазір мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспана кезегіне тұрғандар саны 30 мыңға жуық. Осы ретте қазіргі таңда мегаполисте бірқатар көпқабатты тұрғын үй құрылысы бой көтеріп үлгерді. 

Шымкенттегі әкімшілік-іскерлік орталығын Астананың сол жағалауына ұқсататындар аз емес. Оның да қисыны бар. Себебі, жанарды суыра тартатын көрікті ғимараттардың келбеті алыстан менмұндалайды. Жаңа шағынаудан жарқырап, жайнап-ақ келе жатыр. Мұнда құрылыс нысандарының жұмысы қарқын алған. Бұлардың көбі – тұрғын үйлер. Онда қазір 1200 орындық мектептің құрылысы басталған. 

DSC 0909

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» үлестіретін 11 көпқабатты тұрғын үй кешені де осы аумақта орналасқан. Биыл әкімшілік-іскерлік орталықта жалпы 13 көпқабатты үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған. Онда құрылысы жүріп жатқан көпқабатты үйлердегі барлық пәтер саны – 622. Жоба бойынша 9 қабатты нысандардың 1-ші қабаты сауда-саттық орындарына және басқа да қызметтерге арналмақ.

 

Ирригация мәселесі шешімін табуда

«Жол жақсарса, ел жақсарады» дейді бұрынғылар. Бұл ретте қала әкімдігі тарапынан қаладағы шағынаудан көшелерін жөндеуге ерекше көңіл бөлінуде. Шаһар басшысы биылғы халыққа есеп беру кездесуінде былтыр қала көшелерінде аяқжол салуға 1 млрд теңге жұмсалғанын айтқан болатын. Шын мәнінде, бұған дейін мұндай қомақты қолдау болған емес.

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, биыл да бұл жұмыстар жоспарға сай жүзеге асуда. Ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 14 шақырым 11 көшеде аяқжол құрылысы салынбақ. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген мәліметіне көз салсақ, бүгінде Шымкентте Айдарқұл («Жаңаталап» тұрғын алабы), 8 наурыз («Қарасу» шағынауданы), Бабашұлы («Таскен» шағынауданы), Құртаев («Қызылжар» шағынауданы), Игілік («Самал 3» шағынауданы), Шымқорған («Шаңырақ» тұрғын алабы), Сәтбаев («Тұрлан» шағынауданы), Бекболатов көшесінде («Құрсай» шағынауданы), «Қайнарбұлақ» саяжайында аяқжолдар салынып жатыр.

DSC 7962

Жалпы жыл басынан бері қалада 71 көшеде орташа жөндеу аяқталды. Таяуда мердігер анықталып, тағы 12 көшеде қайнаған құрылыс басталып кетті. Ал аяқжол құрылысы 11 көшеде жүріп жатыр. Бүгінде 12 көшеде орташа жөндеу жұмыстары кестеге сай атқарылуда. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарының берген мәліметінше, жұмыстар қазан айының соңына дейін аяқталмақ.

Жасырары жоқ, Шымкент қаласының көшелерінде әсіресе, көктем, жаз мезгілдерінде толассыз жауған жауын-шашын салдарынан түрлі қиындықтар орын алып жатады. Бұл мәселе де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Қазіргі таңда қаламызда тозығы жеткен ирригациялық жүйелерді толығымен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, орталық санатындағы Желтоқсан, Қалдаяқов, Түркістан, Темірлан тас жолы, Жангельдин, Иляев, Рысқұлбеков, Момышұлы және Бейбітшілік көшелерінде күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандарының айтуынша, орталық көшелерден жиналған жауын суы Қошқар ата мен Қарасу өзендеріне, ал Қорғасын зауыты мен «Самал» шағынауданында жиналған су Бадам өзеніне жіберіледі. Ал «Нұрсәт» пен әкімшілік-іскерлік орталығынан келген су Дендросаябақ маңындағы арықпен бойлай келіп, «Самал» шатқалына бұрылмақ.

DSC 8713

Жол мәселесінде қаламыздағы Алматы бағытындағы айналма жол мен «Бекжан» базары маңындағы жолайырығын да айта кеткен жөн. Бұл тасжолдар таяу болашақта облыс орталығындағы көлік нөпірін азайтуға септігін тигізбек. Айта кетейік, биылғы жоспар бойынша Астана даңғылындағы құрылыстың бірінші тармағы аяқталады. Яғни, Астана даңғылы Арғынбеков көшесіне дейін жетеді. Ал келесі жылы құрылыстың екінші кезеңі жүзеге асырылады. Астана даңғылы Өтегенов көшесіне дейін созылады.

 

Шымкентте алғаш рет ашылды

Адамға қызмет ету, қоғам үшін игілікті іс жасау – биік азаматтықтың үлгісі болса керек. Осы орайда шаһар басшысының зор қолдауымен таяуда ғана Шымкентте алғаш рет халыққа әлеуметтік-педагогикалық қызмет көрсетудің бірегей орталығы ашылды. Бұл – қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен мүгедектерге және жалғызілікті зейнеткерлерге деген жоғары деңгейдегі қолдауды білдірсе керек. 

DSC 9494

Қазір онда орталық қызметін 700 адам пайдаланады. Олардың қатарында жүйке жүйесі-неврологиялық ауытқуы бар, тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мүгедек балалар, жүйке жүйесі-неврологиялық ауруы бар, жасы 18-ден асқан мүгедек жандар, І және ІІ топтағы мүгедектер, жасы толуына байланысты өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын жандар бар. Міне, бұл жарымжан жүректерге деген шынайы қамқорлық.

Қаладағы оңды өзгерістердің бірі – шаһардағы көше атаулары жазылған жаңа тақтайшалар. Көзі қарақты, көңілі ояу көпшілік мұны байқаса керек. Көрікті көшелерге көз салсаңыз, арнайы бағыттаушы белгілер тайға таңба басқандай жарқырап-ақ тұр. Ал шалғай елдімекендер мен шағынаудандарда ескертпе тақтайшалар орнатылуда. Іздеген көшеңізді қиналмай табасыз. 

Көше демекші, шаһар басшысы биылғы халыққа есеп беру жиынында көшелерге көпке белгісіз азаматтардың емес, халқымызға еңбегі сіңген тарихи ұлы тұлғаларымыздың есімін беру керектігін айтқан болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар да нәтижесіз емес. Енді алдағы уақытта Шымкенттегі 300-ден астам көшеге тарихи атаулар берілмек. Қалада қазір 2129 көше бар екенін ескерсек, соның ішінде идеологиялық тұрғыдан ескірген 39 және нөмірленген 79 көшенің атауы ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен алмастырылмақ. Бүгінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, көше тұрғындарының келісімі алынған. 

DSC 8652

Шымкент – тіршілігі қайнаған алып шаһар. Уақыт өткен сайын қалада халық игілігіне беріліп жатқан әлеуметтік нысандар саны артуда. Президенттің бұқаралық спортты дамыту тапсырмасына сәйкес, Шымкентте ашық аспан астында жаттығумен айналысатын «Street workout» спорт алаңдары көбеюде. Мұның бәрі қала тұрғындарының жайлы өмір сүруіне мүмкіндік береді. 

Бір сөзбен айтсақ, бүгінде қалада шешімін тапқан шаруа көп. Әрине, алып мегаполистің алдында тұрған міндеттер де аз емес. Елбасының қолдауымен қала бюджетінің еселенгенін ескерсек, Шымкенттің одан әрі қарқынды дамуына үлкен мүмкіндігі бар, оны тек ортақ күш-жігермен жүзеге асыруымыз керек.

15

Тобықтай түйін:

Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың осы лауазымға тағайындалғанына екі жыл толды. Әрине, әкімнің жұмысын таразылайтын, оған баға беретін ең алдымен – халық, яғни қала тұрғындары. Екі жыл соншалықты көп уақыт та емес шығар. Десе де, осы уақыт аралығында шаһар басшысы халықпен жиі жүздесіп, қандай мәселе туындаса да, тұрғындардың жағдайын назардан тыс қалдырған емес. Мұны сөзімен де, ісімен байқатып келеді. Ендеше, игілікті істер жалғасын таба берсін демекпіз!

Опубликовано в Қала
Среда, 14 Июнь 2017 06:28

16 жаңа су қоймасы салынбақ

Оңтүстікте 16 жаңа су қоймасы салынатын болды. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың  төрағалығымен өткен кезекті мәжілісте айтылды.

c4296db9-3625-469c-8deb-952a3e24caff

Жиында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрболат Дербісов пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов Оңтүстікте жаңадан жобалық сыйымдылығы 320,5 млн. шаршы текше метрді құрайтын 16 сақтау орнын салуға болатынын айтты. Аталған нысандар іске қосылғанда облыста 17 мың га суармалы жер жаңадан айналымға қосылады екен. 

Облыс әкімі жаңадан салуға болатын 16 су қоймасының 3 млн халқы бар өңір үшін тым аз екенін айтып, жалпы жұмысты сынға алды. Бұл ретте, аймақ басшысы көршілес Жамбыл облысында 141 су қоймасының бар екенін алға тартты. Сондықтан әкімдікке қосымша 40-50 жоба дайындауды тапсырды. 

Айта кету керек, облыс аумағында 43 су қоймасы орналасқан.

Опубликовано в Қоғам

20150205180616

Биыл «Shymkent BUS» компаниясы 100 жаңа автобуспен толығады деп жоспарлануда. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қала тұрғындары үшін маршруттар қолайлы болу үшін бірқатар шараларды атқаруда.

Миллионға таяу халқы бар Шымкентте көліктер қатары артқан сайын, жол тақырыбы  өзекті мәселенің бірі. Бөлім басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаевтың айтуынша, автобус тапшылығын болдырмау үшін жаңа автобустар қоғамдық көліктер қатарына қосылады. Яғни 10 әлеуметтік маңызы бар  маршруттар енгізіліп, бекітілді. Жаңа қоғамдық көліктер бағыты қала іші мен шалғай шағынаудандарды қамтиды.

Опубликовано в Қала
Пятница, 19 Май 2017 03:52

23 көшеге жарық беріледі

osveshenie

Биыл Шымкентте 4 көшедегі жарық желісі қайта қалпына келтіріліп, қажет жерінде бағаналар мен желілер ауыстырылмақ. Жалпы ағымдағы жылы қалада 23 көше жарықпен қамтылады.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, алдағы уақытта қала бойынша жаңа 1713 шам мен 250 торшер орнатылады. 

Сонымен қатар, темір және темір-бетон бағандардың орнына жеңіл, тот баспайтын тіреулер орнату жоспарлануда. Олар қала көркін аша түседі, әрі ұзақ мерзімге жарамды. Мамандар әр бағана мықтап бекітіліп, қатты дауыл мен жер сілкінісіне шыдас беретінін айтады.

Опубликовано в Қала
Пятница, 21 Апрель 2017 05:58

Темірлан тас жолы жөнделеді

Өңірімізде биыл облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында 16 көпір жөнделуде. Қосымша 9 көпірде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Яғни, ағымдағы жыл ішінде 25 көпірде құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға тапсырылады.

 

Айта кетсек, күрделі жөндеу көретін көпірлердің дені Бәйдібек (1), Мақтаарал (3), Отырар (1), Сарыағаш (1), Түлкібас (2) аудандары мен Түркістан (1) қаласына тиесілі. Оған қоса, 22 көпірде құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиісті құжаттар әзірленіп жатқанын ескерсек, алдағы уақытта жөндеуді қажет ететін көпірлер саны едәуір азаятын болады. Мұндай ұсыныстар, таяуда, облыстық мәслихаттың кезектен тыс он бірінші сессиясында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тарапынан айтылып, халық қалаулыларымен қолдау тапты.

Сонымен қатар, Сарыағаш ауданындағы Дарбаза стансасына кіреберісте 1,2 шқ., Түлкібас ауданындағы «Әсел» демалыс орнына кіреберістегі 5,7 шқ. және Арыс қаласына кіреберістегі 8 шқ. жол орташа жөндеуден өткізілетін болады. Мақтаралдағы Жаңа дала, Иіржар және Өркениет елдімекендерінің үш көшесінде орташа жөндеу жұмыстары басталса, Шымкент қаласының Темірлан тас жолында да орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Опубликовано в Қала
Пятница, 21 Апрель 2017 05:52

Екі жерасты өткелі салынуда

Алдағы аптада қаланың  63 көшесіне жөндеу жұмыстары басталмақ

Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, автомобиль жолдары секторының жетекші маманы Парида Құрбанова жұмысты бастауға сақадай сай екенін айтты. 


– Қожанов, Момышұлы, Әл-Фараби көшелері мен «Ынтымақ», «Солтүстік Батыс», «Шұғыла» шағынаудандарының бірнеше көшесінде қайта құру жұмыстары жүргізіледі. «Самал-1,2,3» шағынаудандарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамыту жұмыстары жалғасып, магистральды және қалаішілік көшелер салына бастайды, – дейді жетекші маман.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі берген мәліметтерге сүйенсек, Темірлан тас жолы мен Мангельдин көшесінің қиылысындағы және «Самал» базары маңындағы жерасты өткелдерінің құрылысы жалғасады. Жол құрылысы, ағымдағы жөндеу, жаңа жол салу жұмыстары «Құрсай», «Қазығұрт», «Ынтымақ» елдімекендері мен «Тельман» бөлімшесінде де қолға алынбақ. 

Осы орайда қалалық мәслихаттың депутаты Марат Тамабаев жол құрылысына бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына тұрғындар да жауапты бола алатынын айтады.

– Құрылыс жұмыстарына бөлінген қаражаттың дер кезінде игеріліп, жолдардың сапалы әрі уақытылы пайдалануға берілуіне ең әуелі сол аймақтан сайланған депутат қызығушылық танытуы тиіс. Депутат күнде сол жерден табылмаса да, жергілікті тұрғындар арасынан көше билері мен ауыл ақсақалдарын бұл жауапкершілікке қатыстыра алады. Ал халық арызданса, «Нұр Отан» партиясы да арнайы комиссия құрып, тексеру жүргізеді, – дейді депутат.

Опубликовано в Қала
Страница 2 из 7