Кілем сату ісін бүге-шігесіне дейін меңгерген «Назар-Текстиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Аятулла Айымбетов уақыт өте келе кілем сату ғана емес, оны Қазақстанда тоқып шығару өндірісіне де көңіл бөле бастайды. Бұл ойы 2014 жылы нәтиже беріп, 24 желтоқсан күні Шымкент қаласының «Оңтүстік» экономикалық аймағынан «Назар-Текстиль» кілем тоқу фабрикасын ашады.

Шикiзат тәуелдiлiгiнен арылуды көздейдi

DSC 3462

Әу баста 300 адамды жұмыспен қамтуды көздеген фабрикада бүгінде 120 адам қызмет етуде. Жылына 3 миллион шаршы метр кілем өндіруді жоспарлаған жобада 12 станок жұмыс істеуі тиіс болса, бүгінгі таңда соның 4-еуі іске қосылған. Ал қалғанына тапсырыс берілген.

DSC 3428– Кілем тоқу станоктарын Бельгияның «VanDeWiele» компаниясынан алуға тапсырыс бердік. Өйткені, «VanDeWiele» компаниясының техникасы сапа жағынан әлемдік көрсеткіште көш бастап тұр. Олар техниканы 100% өздері жасайды, – дейді «Назар-Текстиль» кілем тоқыма фабрикасының заңгері Мақсат Бақытжанұлы. – Тіпті, станокты іске қосу тетігіне орнатылатын түймені де Бельгияда өндіреді. Мұның артықшылығы көп. Ертеңгі күні техниканы пайдалану әдісін меңгеру кезінде түрлі сұрақтар туындаса немесе техникалық ахаулықтар орын алса, уақыт өте келе бұзылса, қосалқы бөлшектерін жаңартуға тура келсе, әр елге байланысқа шығып әуре болмаймыз. Бір ғана Бельгияның көмегімен бұл мәселенің шешімін табуға болады.

Бельгиядан келетін техникаға қарап отырған ұжым жоқ. 3 ауысыммен жұмыс істейтін мекеме ай сайын 105 мың шаршы метр шамасында кілем тоқып шығарады. Станоктар толық іске қосылмағанның өзінде жылына 2 млн м2 кілем тоқылуда. Осы орайда «жұмысшылар жаңа технологияны қалай меңгерді?» деген сұрақтың туындауы заңды. «Назар-Текстиль» тәжірибе алмасу ісін ұйымдастыруда да үздік шығыпты. Шетелге санаулы маманды оқуға жіберуден фабрика жұмысын толық меңгерген маманды Қазақстанға алдыртып, жұмысшыларға техниканың басында жүріп үйрету әлдеқайда тиімді екенін ескеріпті. Түркияның 30 жылдық тарихы бар «Kaplan Kardesler» кілем тоқу фабрикасымен тығыз байланыс орнатқан «Назар-Текстиль» тәжірибе алмасу үшін білікті мамандарды Түркиядан шақырады. Үш ай бойы жергілікті жұмысшылармен білгенін бөлісіп, біліктілігін арттырған маманның орнына келесі үш айда одан жоғары дәрежелі маман келеді. Осылайша тәжірибе алмасу, кілем тоқу ісін меңгеру жұмысы жүйеге қойылған.
– Мамандығым – экономист. Бірақ, кілем тоқу саласында жұмыс істеп жүрмін. Бір ауысымда 12 адам жұмысқа түседі, әрқайсысының өз міндеті бар. Мен станоктарды бақылаймын. Үйде өткізген уақытымнан жұмыстағы жаңа техниканың мүмкіндіктерін тамашалағанды артық көремін. Қызығамын. Жұмысқа асығып жетемін десем де болады, – деген Қанат Еркінбеков ауысым басшысы екен. Жұмысына деген қызығушылығы жоғары екені оның техникаға асыға жөнелгенінен көрініп тұр.

DSC 3456

«Назар-Текстиль» ұжымында айлық жалақыға сыйақы, жұмыс сапасы мен белсенділігіне қарай үстеме ақы да қосылады. Қызметкерлерге барлық жағдай жасалған. Таңертең және кешкі уақытта жұмысшыларды тасымалдау үшін транспорт мәселесі қаралған. Түскі ас тегін. Тынығу бөлмесі бар. Жуыну бөлмесі де жұмыс істейді.

Техника мен жұмыс күші қамтылған. Бірақ, фабрика кілем тоқитын жіпті шетелден алады. Қазақстанда аталмыш шикізатты өндіру ісі қолға алынбаған. Фабриканың Бельгия, Бангладеш, Түркия сынды елдің шикізатына тәуелді болып отырғаны жасырын емес. Есесіне, фабрика басшылығы 2018 жылға қарай жіп иіру кәсібін игеруді жоспарлап отыр. Тіпті, кілем тоқыма зауытының жанынан жіп иіру цехына арналған ғимараттың құрылыс жұмыстары басталған.

«Оңтүстік» экономикалық аймаққа енген «Назар-Текстиль» кілем тоқу фабрикасына мемлекет тарапынан салық төлеу, шетелден шикізатты жеткізу, коммуналдық қызмет ақысын төлеу бойынша түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Кілем бағалары қолжетімді. Ендігі мақсат – кілем тоқу ісін күн сайын жандандырып, дамыта түсу. Сұранысты арттыру және қанағаттандыру қажет.

Қазақ оюларын брендке айналдырған

DSC 3431

Кілем тоқу – ең әуелі дизайн дайындаудан басталады. Ұлданай Отыншиева бастаған бөлімде қазақша оюды өрнектеген бірнеше кілем үлгілері бар. Қазақы нақышта тоқылған кілемдерге қай кезде де сұраныс бар көрінеді. Отандық өнімді қолдаушылардан бөлек, оюлы кілемге шетелден де тапсырыс көптеп түскен. Елдің мерейін асырып, қазақы оюды брендке айналдырған дизайнерлер
Ұлданай Отыншиева, Назира Аблазова, Махаббат Бегалиева, Жұлдыз Жұмабек есімді қазақтың қаракөз қыздары екенін біреу білсе, біреу білмес. Ертегі кейіпкерлері бейнелеген кілемдерге де сұраныс көп. Сатып алушылардың көбі балалар бөлмесіне ілу үшін алса, балабақшадан тапсырыс түскен кездер де болды. Соңғы кездері мерейлі жасқа толған туған күн иесіне, үйлену, алтын той, күміс той иелеріне кілемнен тоқылған портрет сыйлау да үрдіске айналды. Дизайн таңдалғаннан кейін кілемнің сапасын анықтау қажет. Тоқыма жібі – мұнайдан өңделіп алынған полипропилен заманауи синтетикалық өнім. Тұтас әрі жұмсақ. Бұл шикізаттың түсі өзгермейді, бояуы ұзақ уақытқа сақталады. Сыртқы лас, қоқыс атаулы кілемнің жібіне сіңбейді, жуғанда тез тазарады. «Назар-Текстиль» кілемдері төрт түрлі сапамен сатылымға шығады. «Түркістан», «Авангард», «Омега» және «Бейбарыс». «Омега» мен «Бейбарыс» сериясының сапасы жоғары, қалың әрі сатылымда сұраныс зор. Көлеміне келсек, орындыққа төсейтін кішкентай көрпеше тәрізді кілемшеден үйдің кіре берісіне, дәлізге, асүйге, жатын бөлмеге арналған және тапсырысқа қарай басқа да көлемде дайындау мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда ені 5 метрге дейін ал ұзындығын 100 метрге дейін тоқуға болады. Бірақ, кілем ауырлап, көтеру қиындап кететін болғандықтан 35-20 метрден бөліп тоқу ұсынылады. Мұндай ұзындықтағы кілемдерге көбіне мейрамхана, қонақүй, балабақша сияқты мекемелер тапсырыс береді.

«Бiз – бәсекелес емес, әрiптеспiз!»

DSC 3513

«Шымкент келбеті» газетінен арнайы барған шығармашылық топқа «Назар-Текстиль» кілем тоқу фабрикасының тыныс-тіршілігін таныстырған Мақсат Имашевтан «Бал Текстиль» кілем тоқыма фабрикасымен әріптестік қарым-қатынасы жайлы сұрадық.
– Қазақстанда кілем шығаратын фабрика екеу-ақ. Оның біріншісі – «Бал Текстиль» болса, екіншісі – «Назар-Текстиль». Сондықтан біз бәсекелес емеспіз, әріптеспіз. Бірге жұмыс жасаймыз. Осы салада білмеген сұрақтарымызды бір-бірімізден сұраймыз. Бізде техника саласына қатысты сұрақтар болса, «Бал Текстиль» мамандарынан көмек сұраймыз. Олар да аянып қалмайды. Бір ауыз сөзбен айтсам, біз – ауыр жүкті иық тіресе арқалап келе жатқан ағайынды екі жігіт сияқты жұмыс жасаймыз. Бұл қарым-қатынас алдағы уақытта да бізді зор жетістіктерге жеткізеді деген ойдамын, – деп ағынан жарылды.
Әрине, сала мамандары арасындағы әріптестік ұстаным бізді де қуантты. Отандық өнімге деген сүйіспеншілігімізді арттырды.

«Назар-Текстиль» фабрикасының кілемдерін сату желісі Қазақстанның барлық облысында орналасқан. Сондай-ақ, көтерме бағамен алып-сатушылар да бар. Екі жылдан бері кілемнің сапасына сын айтушылар болмаған. «Назар-Текстильге» халық көбіне кілемнің бағасы мен тұтынушыны қызықтырған дизайндағы кілемдердің бар-жоғын білу үшін және портретке тапсырыс беру, жеке ұсыныстарын айту үшін хабарласады екен.

Опубликовано в Қала
Пятница, 20 Май 2016 04:22

Агломерация асуы

Шымкент халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталығына айналуда

Өркениеттің көшіне ілескен ел тұрғындары бүгінде қолайлы өмірді қаладан іздейтіні аян. Осы мақсатта «қалалық» атануға ниетті азаматтардың қатары көп. Енді бірер жылда Шымкент қаласының халық саны 1 миллион адамға жетпек. Бұл тұрғыдан алғанда, экономикалық һәм әлеуметтік әлеуеті тұрғысында ел аумағындағы үшінші қала атануға қабілетті Шымкент қазіргі таңда урбанизация үдерісінің тап ортасында тұр.


Өңiрдi дамытудың өрiстi қадамы

shymkent-2

Ресми деректерге сүйенсек, Шымкентте жыл сайын орта есеппен 18 мың сәби дүниеге келеді. Бұдан бөлек, орта есеппен алғанда, 6,5 мың адам қалаға қоныс аударады. Осылардың есебінен, қаланың орташа демографиялық өсімі жыл сайын 3 пайызды немесе 15,3 мың адамды құрап отыр.
Әлеуметтік даму барысын зерттеушілердің болжамы бойынша, 20-30 жылдан кейін Қазақстандағы ауыл мен қала тұрғындарының арасалмағы 65-35 пайызды құрауы тиіс. Қазір бұл көрсеткіш Ресейде – 72, Беларусь, Украина, Арменияда – 70, АҚШ-та – 90 пайызға тең. Осы орайда, еліміздегі бірқатар ірі қалаларды агломерациялық орталыққа айналдыру міндетін белгілеген ҚР Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында келешегі зор қалалар қатарына Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент шаһарларын жатқыза отырып, Үкіметке елді мекендер шоғырын (агломерация) дамыту жөнінде арнайы бағдарлама қабылдау жайын тапсырған болатын.
Агломерация – экономикалық, мәдени және тұрмыстық жағынан бiр-бiрiмен тығыз байланысты қалалар мен елдi мекендердiң шағын аумаққа топталуы, шоғырлануы деген ұғымды бiлдiредi. Бұл негiзiнен индустриалды дамуы қарқын алған аймақтарға қолданылатын тәсiл. Iрi қалалардың төңiрегiне топтастырылған елдi мекендерде бiрiншi кезекте өнеркәсiп орындары, яғни еңбек ресурстарын дамытумен қатар бiлiм, мәдениет, әлеуметтiк мәселелердiң қат-қабат дамуына үлкен мән берiледi.
Тарихқа көз жүгіртіп қарасақ, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ірі шаһарлар маңында алып агломерациялар пайда болды. Қазіргі кезде бүкіл Жапонияның жалпы жер көлемінің оннан бір бөлігі, ал халқының үштен бір бөлігінен тұратын Токио қаласының бүгінгі тынысы талайларға таңдай қақтырады. Токиодан Осакаға дейін 700 шақырымға созылып жатқан «Үлкен Токио» мегаполисі әлемдегі ең алып қала құрылысы саналады. Аумағы 70 мың шаршы шақырым, маңайында 60 миллионнан астам тұрғыны бар Токайдо мегаполисіне 8 префектура мен 87 қала кіреді.
Еуропадағы аумағы 11 мың шаршы шақырымды, халқы 13 миллион адамды құрайтын «Үлкен Лондон» мегаполисінде 34 серік-қала бар. «Үлкен Париждің» де аумағы 12 мың шаршы шақырымға, ал тұрғыны 12 миллион адамға жетеді. Одан кейінгі орындарда Рейн-Рур конгломераты (аумағы 7110 шаршы шақырым, халқы 11 миллион), «Үлкен Нью-Йорк» (7272 шаршы шақырым, халқы 19 миллион), «Үлкен Лос-Анджелес» (аумағы 88 мың шаршы шақырым, халқы 17 миллион) агломерациялары түзілген. Құрамына 50-ден астам қала енетін, аумағы 13 мың шаршы шақырым, халқы 14 миллион адамды құрайтын Мәскеу агломерациясы да аумағын жыл сайын ұлғайта түсуде.


Шымкент агломерациясының әлеуетi зор

shymkent-1

Елiмiз бойынша Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Ақтау қалаларында агломерацияларды дамыту арқылы өңiрлiк және әлемдiк нарықтармен ықпалдастырылған ұзақ мерзiмдi экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру мiндетi тұр. Бұл өз кезегiнде ауылдарды дамытуға, бәсекеге қабiлеттiлiгiн және халықтың экономикалық әлеуетi мен қоныстандыруды ұтымды ұйымдастыруға, өңiрлердi қаржылық қолдауға септiгiн тигiзетiнi сөзсiз.
Агломерация аумағы өңiрдiң негiзiн құраушы орталықтан көлiкпен қатынағанда 1,5 сағаттық қашықтықта орналасқан елдi мекендер мен қалалардың шекарасын есептеу негiзiнде қалыптасады. Яғни, Шымкент агломерациясының ықпал ету аймағына Арыс қаласы, Бәйдiбек, Түлкiбас, Қазығұрт, Төлеби, Ордабасы және Сайрам аудандары да ене алады.
Бүгінде Шымкентті еліміздегі үшінші қалаға айналдыру бағытында бірқатар жобалар қолға алынуда. Бас жоспарға сәйкес, қаланың шекарасы 40 мың гектардан 117 мың гектарға дейін ұлғайды. Яғни 2,9 есеге өсті. Өз кезегінде, Шымкент агломерациясы төңірегіндегі аймақтың экономикалық және әлеуметтік жағынан өркендеуіне үлкен ықпалын тигізді. Бұл бағытқа «Шымкент-Арыс», «Шымкент-Бәйдібек», «Шымкент-Қазығұрт», «Шымкент-Ордабасы», «Шымкент-Сайрам», «Шымкент-Төлеби», «Шымкент-Түлкібас» аумағы еніп отыр. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистральды көлiк дәлiзiнiң «Шымкент – Ташкент» тас жолы бағытын iске қосу жоспарына орай, Шымкент агломерациясына қосымша Сарыағаш ауданын да қосу жоспарлануда.
Күні кеше облыс басшысы Бейбіт Атамқұловтың алдында Қазақстан үкіметінің «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жоспарланған жұмыстар туралы баяндама жасаған Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қала агломерациясының тиімді факторларын да атап көрсетті. Нақты айтқанда, ауыл шаруашылығы, сауда-саттық саласы жүйелі жолға қойылған Сайрам, Төле би, Ордабасы аудандарының қалаға жақын орналасуы бірінші тиімділік болып саналмақ. Бүгінгі күннің қажеттілігіне сай, әуе, теміржол, автомобиль жолдары, шағын және орта кәсіпкерлік, сауда саласының маңызды нүктелерін қалыптастыру, қайта құрылымдау жұмыстары жоспарланған. Қала әкімінің айтуынша, Шымкенттегі агломерациялық процесті реттеу үшін әуелі қалада халықтың өмір сүруіне қажетті инженерлік жүйелерді дамыту басты назарда болмақ. Осы мақсатта биыл алғашқы қадамда 8 елді мекенге ауызсу, 8 елді мекенге кәріз жүйесі, 8 елдімекенге электр жарығы, ал 5 елді мекенге табиғи газ тартылады.
Агломерацияның жүйелі жүзеге асуы үшін транспорт саласының да маңызы зор. Кез келген тұрғынның уақытын үнемдеу үшін ең бастысы іркіліссіз жолдың болуы шарт. Осыны ескерген қала әкімдігі қаладағы айналма жолдарды және аудандарға баратын облыстық маңызы бар жолдарды қайта құру, қалаға кіреберіс жердегі көлік жүрісін жеңілдету үшін жүйелі жоспар әзірлеуде.


Қазынадан 730 миллиард теңге жұмсалмақ

Шымкент – күн энергиясы ұзақ және мол болатын қала. Сондықтан баламалы энергия көзін пайдаланудың да мол мүмкіндігі бар. Қысқасы, Шымқала агломерацияның қарқынды дамуына жол ашатын қолжетімді әрі құнарлы азық-түлік және жеңіл өнеркәсіптің отанына айналуы тиіс. Ауқымды жобалар аясында бүгінде «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі экономикалық-әлеуметтік даму Тұжырымдамасы» әзірленіп, бір миллион тұрғыны бар мегаполис қаланың әлеуетін арттыру міндеті нақтыланды. Бұл ретте, Шымкенттің өзіндік ерекшелігі сол – мұнда бизнес жасау мәдениеті айтарлықтай дамыған. Сонымен қатар, оңтүстік өңір еліміздегі жасыл аймақтардың бірі және туристік мінәжат ету орындарымен де қасиетті өлке саналады. Осындай құндылықтарды ескере келе, стратегиялық құжатта шикізат ресурстарын барынша пайдалана отырып, өндірістік саланы әртараптандыру және жаңғырту жолымен қаланы дамытуға айрықша мән беріліп отыр. Осы арқылы келешекте Шымкент қаласын ірі өндірістік-инновациялық және көліктік-логистикалық, білім беру, ғылым, мәдени әрі туристік орталық ретінде дамыту басты назарда тұр.
Қала территориясының кеңеюі өз кезегінде, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму қарқынын арттыруға өз септігін тигізуде. Жаңа жерлерді игеру арқылы қала құрылысын, оның ішінде тұрғын үй құрылысын дамытуға мүмкіндік туындады. Мемлекеттік «Қолжетімді тұрғын үй – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламаларын тиімді іске асыра отырып, азаматтарды баспанамен қамту көлемі ұлғайды. Сондай-ақ, шағын және орта бизнестің дамуына лайықты серпін жасалып, қала экономикасына мемлекеттік бюджеттен және жеке инвесторлардың есебінен ауқымды инвестициялар тартылды. Жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік ашылды. Осының барлығы сайып келгенде, қала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартып, табыстарын молайтуға жағдай жасауда.
Шымкенттің атына сай, ел аумағындағы «жасыл қала» мәртебесін иеленуге де мүмкіндігі жоғары. Бұл мақсатта облыс орталығында аумағы 1 мың гектар жерге жасыл аймақ құрылған. Өз кезегінде, жасыл аймақ қаланың көркіне көрік қосуда. Тұрғындардың демалуына жағдай жасау үшін қаланың орталық бөлігі арқылы ағып өтетін «Қошқар ата» өзені, қаланың оң жақ бөлігіндегі «Бадам» өзендерінің арналары да әсем келбетке бөленді.
Иә, әлемдік өркениеттің көшіне ілесе білген Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларын агломерациялау iсiне бүгінде ел қазынасынан 730 миллиард теңге қаржы бағытталып отыр. Кең ауқымды жобалардың нәтижесінде, аталмыш қалалардың экономикалық-әлеуметтiк әлеуетi жақсарып, дамуына даңғыл жол ашылмақ.

Опубликовано в Қала

Қалада жаяу жүргіншілер мәселесін шешуде бірқатар жұмыстар қолға алынып жатыр. Әсіресе, тұрғындардың жолдан алаңсыз өтулері үшін жерасты және жерүсті өткелдері салынды. Ендігі кезекте тұрғындар да өткелдердің тазалығына салғырт қарамаса дейміз. Бүгінде мұндай нысандардың тазалығы қандай? Қаланың қай жеріне өткелдердің қажеттілігі туындап тұр? Осы мәселелерді анықтап көрдік.

DSC 0446

Жалпы, Шымкентте 9 жерасты өткелі бар. Оның ішінде «Колос» аялдамасы мен «Дендросаябақ» маңындағы жерасты өткелдері былтыр пайдалануға берілген.

Тұрғындардың тазалыққа немқұрайлы қарайтындары аз айтылып жүрген жоқ. Бұл мәселе қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тікелей бақылауында екені белгілі. Маңызды нысандарды күтіп ұстау, тазалық жұмыстарын жүргізу өзекті мәселе. Жалпы, жерасты өткелдерінің бәрі базар маңында орналасқан. Әзірге, жерүсті өткелі – екеу. 18 шағынаудандағы соңғы пайдалануға берілген өткелді қала әкімінің өзі ашып берген.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Асылбек Баймырзаевтың айтуынша, негізгі базарлардың бәрінің тұсында өткелдер салынған. «Автонұр» базарын айтар болсақ, ондағы жағдайды бағдаршам реттеп тұр. 

DSC 1272

Былтыр Мангельдин көшесі мен Темірлан даңғылы қиылысында жерүсті өткелінің құрылысы басталған. Бүгінде нысанның іргетасы ғана құйылып, құрылысының тоқтап тұруының өзіндік себебі бар. А. Баймырзаев қазіргі уақытта әкімдік тарапынан қайта жобалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Мердігер компания – «Алаш Оңтүстік» ЖШС-і 20-шы мамырдан бастап, қайта жұмысты жалғастырмақ. Басты мақсат – құрылысты биыл аяқтау.

Келешекте «Самал» базары маңынан да жерүсті өткелін салу жоспарланып отыр. 
Жерасты өткелдерінің қазіргі жай-күйімен танысу үшін «Колос», «Қырғы базар» маңындағы жер асты өткелін бақылап қайтқан едік.

Мұнда негізінен сауда қатарлары орналасқандықтан, тазалық жұмыстары ұдайы жүргізіледі. 
– Қызметкерлер осы жерден нәпақасын тауып отырғандықтан таза ұстайды. Өтіп бара жатқандардың кейбірі қоқыс қалдырып кетеді. Бейнебақылау қойып еді. Тәртіп біршама түзелді. Өткелдің үстінде бейнебақылау бар. Ал ішінде жоқ, – дейді сатушы Мархабат Сүттібаева. Қала тұрғыны бізге тұрғындардың тазалық мәдениетіне назар аударып, тазалыққа қатысты үгіт-насихат жұмыстарын күшейту керектігін айтты. 

Расында, қазір бұрынғыдай емес, тәртіп біраз түзелген. Темекі тұқылын тастайтындар да азайыпты. Алайда «Қырғы базар» аялдамасындағы жер асты өткелінің маңындағы заңсыз сауда қатарлары әлі тыйылмай тұрғанын байқадық. Полицейлер кеткеннен кейін қайта бұрынғы әрекетіне кірісетін пысықайлар әлі де баршылық.

Осыдан бір апта бұрын «Колос» аялдамасындағы жер асты өткелінде сауда нүктелері бой түзепті. Азық-түлік өнімдерін сатып жатыр. Күзетшісі бар. «Іші лас болып жататын. Қазір біршама реттелген. Дегенмен, әлі де жөнге келтіретін жұмыстар баршылық. Сынған қабырғаларды, сызылғандардың орнын бүтіндеп берсе», – дейді дүкенді жалға алушы Бақыт Нысанов.
18 шағынаудандағы жаңадан пайдалануға берілген жерүсті өткелі кәдеге жарап тұр. Түнде өтсеңіз шамдары жарқырайды. Тұрғындар жолды өткелден өтуге дағдыланыпты. Алайда тұрғындардың айтар уәжі бар: шағынаудан тұрғындарының бәрі биік нысанға қауіпсіз қоршау істеп берсе дейді. 
Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ерубай Құралбаевтың айтуынша, 9 жерасты өткелінің 5-і жеке меншікке пайдалануға берілген. Олар – «Қырғы базар», «Көктем», «Колос» аялдамасы, «Бекжан» базары және 16 шағынаудандағы жерасты өткелі. Жеке кәсіпкерлер санитарлық тазалық жұмыстарын өз тарапынан атқарады. Ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуі тиіс. 
– Жерасты өткелдерінің тазалық жұмыстары қолға алынып жатыр. Ішкі қасбеттеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланып отыр. Бүгінде Төлеметов көшесіндегі жерасты өткеліне жарық шам орнату жұмыстары жүргізілді. Төлеби көшесіндегі «Қызғалдақ» сауда орны маңындағы жерасты өткеліне ағымдағы жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде, – дейді бөлімнің бас маманы. 
Қаланы таза ұстау тұрғындардың өздеріне байланысты. Жерасты өткелдері де, жерүсті өткелдері де қала тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау мақсатында жүзеге асып жатыр. Соған сәйкес, қала тұрғындары енді мемлекеттік нысандардың тазалығына дұрыс көзқарас танытса құба-құп.

Опубликовано в Қала

Әрбір күні жылға азық болар көктемгі егіс-дала жұмыстарын жүргізуде биыл қалалық шаруа қожалық иелерінің де жоғары белсенділігі байқалады. Қала аумағында ауыл шаруашылығы саласын түлетуге ден қойған шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін сан-салалы қолдаулар да айтарлықтай сеп болуда. «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасына» сәйкес, ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында белгіленген нақты міндеттер ауқымы да жаңа жобаларды түлетуге лайықты бетбұрыс жасап отыр.

teplitsa

Айта кетерлік жайт, жаңа қосылған елді мекендердің есебінен қаладағы агроқұрылымдардың саны 3,5 мыңға артқан. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғани Құрманбайдың айтуынша, «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасына» сәйкес, бүгінде жалпы көлемі 1221 гектарды құрайтын арнайы жер аумағы белгіленіп отыр. Бұл қатарда, мал сою алаңдары, индустриалдық тамақ өнеркәсібі, жылыжай кешені, көкөніс пен бақша егуге және мал шаруашылығын дамытуға беріледі. Сондай-ақ, 300 гектар аумақта қарқынды бау егілсе, 100 гектар жерге гүл және ағаш питомнигі құрылмақ. Мұндағы басты мақсат – шаруаларға қолдау көрсете отырып, сапалы өнім алуды көбейту. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде интенсивті бау егу, жылыжайда тамшылатып суару секілді жаңа технологияларды қолданған, ауыспалы егісті жүзеге асыру мен асыл тұқымды мал басын көбейтуге қызығушылық танытқан шаруаларға лайықты қолдау жасалады. Дегенмен, өнім алуда шаруалардың мейлінше озық технологияларды қолданғандығы ескеріледі.

Жалпы, Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері 62 219 гектарды, оның ішінде, егістік жерлер 41 33, жайылым 19 523, шабындық 244, көпжылдық екпелер 1023 және басқа да мақсаттағы жерлер 396 гектарды құрайды. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдаланып, озық үлгідегі жаңа технологияларды тәжірибеге енгізудің нәтижесінде, биыл жалпы көлемі 17 250 тонна өнімді жинап алу жоспарлануда. Тек, ағымдағы жылдың 4 айында 4 мың тоннаға жуық өнім алынған. Мемлекеттің нақты қолдауын сезінген шаруалардың белсенді қимылының нәтижесінде, биыл қаладағы жылыжайлар алаңы 10 гектарға ұлғайғалы отыр. Ол үшін қажетті 69 ауыл шаруашылығы техникасы жаңаланбақ. Тамшылатып суару технологиясын 200, терең қопсыту технологиясын қолдану аясын 4200 гектарға ұлғайту жоспарда тұр.

– Шаруашылықтардың жер жырту және пар айдау жұмыстарын ұдайы жүргізу үшін жеңілдетілген бағада қажетті жанар-жағармай дер уақытында жеткізілуде, – дейді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғани Құрманбай. – Мемлекеттің субсидия есебінен берген мол көлемді тыңайтқыштары да өз кезегінде, шаруалардың жоғары өнім алуына септігін тигізуде.
Бөлім басшысының айтуынша, биылғы көктемгі дала жұмыстарына 1470 тонна жанар-жағармай бөлінген. Сондай-ақ, 1523 тонна аммиак селитрасының игерілу көрсеткіші 67 пайызға орындалды. Күні бүгінге дейін таратылған 800 тонна минералды тыңайтқыштарға 27 миллион теңге субсидия беріліп отыр. Қазіргі таңда агроқұрылымдар мақсары, көкөніс сынды дақылдарға тыңайтқыш алуда. Өз кезегінде, мамандар жауын-шашынның мол түсуінің нәтижесінде, бидайдың өсу қарқыны өте жақсы екенін айтады. Күздік бидайға арнайы ұшақ және делтафландар арқылы тыңайтқыш шашу жұмыстары ұйымдастырылуда.

Мемлекеттің шаруалар үшін ұсынып отырған тағы бір игілікті қолдауының бірі – жылыжай құрылысына кеткен шығындардың бір бөлігін өтеу болып отыр. Аталған инвестициялық жоба аясында «Абдураимов» шаруа қожалығы «Қызылжар» шағынауданында жылыжай кешенін салуды қолға алған. Қожалық иесі Убайдулла Абдураимовтың айтуынша, тиімділігін көрсеткен аталмыш жоба шаруаны өрістетуге айтарлықтай қол болып отыр. Бүгінде шаруа бидайдың күзгі және жаздық түрі бойынша 10 мың гектар жерді игеруде. Бұдан бөлек, арпа, жүгері, мақсары, картоп, көкөніс, бақша өнімдері де қазіргі күні алғашқы жемісін беруде.
Ауыл шаруашылығын дамытудың тың жолдарын қолға алып, шынайы қамқорлықты сезінген шаруалар шын мәнінде, Шымкенттің аграрлық саладағы мүмкіндігі жоғары екенін айтады.

Опубликовано в Қала
Среда, 04 Май 2016 06:37

Туризм орталығы ашылды

«Ontustik Invest-2016» халықаралық форумы аясында Шымкентте «Ontustik Tourism Center» туризм орталығы салтанатты түрде ашылды. Шараға қатыстқан облыс әкімі Б. Атамқұлов өңіріміздің туристік әлеуетінің зор екендігін айтып, аталған орталықтың аймақтағы туризм саласын дамытуға тың серпін беретінін айтты.

Орталықта туристер үшін ақпарттық көмек беріледі. Сондай-ақ, туризм әлеуетін маркетингтік алға жылжыту, туризм саласына әрдайым сараптама жүргізіп отыру, түрлі туристік және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру мен тарту жұмыстары жүргізіледі. Мемлекеттік коммуналдық мекеме тұрғындар мен қонақтарға алты бағыт бойынша қызмет көрсететін болады. Онда «Бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетіле отырып, мекеме ғимаратында туроператорлар, гид-аудармашы, көші-қон қызметі мен транспорттық мекемелер және ұлттық парк өкілдері шоғырландырылған. Бұл өз кезегінде туристерге туристік қызметті кешенді түрде алуға мүмкіндік береді.

Тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталықтың да атқарар қызметі зор. Яғни, туристер өңіріміздің кез келген жеріне қалай жету керектігі туралы ақпаратты оңай әрі жылдам алатын болады. Мекеме директоры Жасұлан Төлебеков дәл осындай принциппен жұмыс істейтін орталық республикада жоқ екенін және конвеншн бюро мен ақпараттық бюро біріктірілгенін айтты. Бүгінгі таңда орталық жетекшілігімен бұл бағытта еріктілерді дайындау, ақпараттық қол жетімділікті, қызмет көрсету сервисін арттыру және туристік бағыттарды әзірлеп, жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізу жоспарлануда.

Опубликовано в Қала

Қаладағы әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан 32 көпқабатты тұрғын үй осы аптада ыстық сумен толықтай қамтылады. Жергілікті БАҚ өкілдері үшін арнайы пресс-тур ұйымдастырған қала әкімдігі бұл бағытта қызметіне белсенді түрде кіріскен «Қуат жылу орталық» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің жұмыс барысымен таныстырды.

IMG 06821025

Құрылысы 2014 жылдың мамыр айынан басталған жылу өнімділігі 160 Гкалл/сағатты құрайтын жылу қазандығы өткен жылдың қараша айында пайдалануға берілген болатын. Әкімшілік-іскерлік орталығында 32 көпқабатты тұрғын үйді жылу жүйелерімен қамтыған аталмыш қазандықтың құрылысын «Электромонтаж» АҚ жүргізген. Бұл ретте мамандар Германияның «LOOS UT-HZ» маркалы 5 қазандығы толық қуатында іске қосылар болса, қаланың 60 пайызын жылу жүйелерімен қамтуға болатынын айтады.
– Шағынауданның көпқабатты тұрғын үйлерін жылу жүйелерімен қамту үшін 2 қазандықтың қызметі де жеткілікті. Қазіргі таңда тұрғын үйлерге есептегіш құралдары орнатылып, сығымдау жұмыстары жүргізілді. Енді бірер күнде қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында ыстық су жүйесі іске қосылады, – дейді «Қуат жылу орталық» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің бас инженері Айбек Қожабеков.

IMG 06591004

Айта кетейік, жылу қазандығының сапалы қызметі үшін мердігер мекеме тарапынан 5 жыл мерзімге кепілдік беріліп отыр. Құрылысқа бөлінген қаржының жалпы көлемі 3 миллиард 312 миллион теңгені құрайды. Ал тұрғындар пайдаланылған әрбір текше метр ыстық су үшін 300 теңге төлейтін болады.

Опубликовано в Қоғам
Страница 7 из 7