21687954 1719164708093534 6602708431726105083 nПейілі кең, көңілі шалқар қазақ халқыныңтойсыз күні жоқ. Сондықтан болар, тойды қазына санаймыз. Қазақ шаңырағында нәресте өмірге келген күннен ұлан-асыр той басталады. Сосын бесік той, сүндет той, үйлену, қызұзату, алтын, гауһар той... Иә, қазақты тойдан айырмасын дейміз. Тек соңғы уақытта алтын қазынамыздың қадірі қашты, өз болмысынан ажырап, құндылығы төмендеп барады. Бұл қазақ рухына, мәдениетіне, өнеріне жаны ашыған азаматтарды ойландырмай қалмауы тиіс жағдай-тын. Қазір әлеуметтік желіде нақ осы той тақырыбында Оңтүстікте «ONtoi жұлдыздары» атты байқау басталып кетті. «NAR-TV» телеарнасының директоры Ерсұлтан Әмірбектің ұйымдастыруымен қолға алынған байқау жайында біраз жайтқа қанық болдық.

– Ерсұлтан аға, идеяның авторы кім? Байқауды ұйымдастыруға не түрткі болды?

– Қазақтың біте қайнасыпжатқан жері – той. Ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, өмірін көрсетін де осы – той. Біле білсек той – қазақтың ең үлкен сахнасы. Соңғы уақытта қазақтың сахнасында бейәдеп әрекеттер мен әндер, билер, ұятсыз ойындар көрінісі жиі орын алуда. Тойдың төңірегінде жүргендер, асабалар бүгінде ақша табуды ғана мақсат тұтады. Күлдіремін деп бүлдіреді. Келін мен қайынатасын билетеді, той қонақтарының әдепсіз қылықтарынан жүзімізді алып қашатын болдық. Тойдағы осы жағдайлар көптен бері мазалап жүрген-ді. Әлеуметтік желі арқылы қоғамға ой салу мақсатында «ONtoi жұлдыздары» атты байқау ұйымдастыруды жөн санадым. «ON» біздің оңтүстіктің бренді, «toi» ол белгілі дүние. Той мәдениетін қалыптастыруға арналған әлеуметтік желі қолданушылар арасындағы үздік жазбалар бойынша жарияланған байқауға облыстық «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан Журналистер одағы ОҚО филиалы, облыстық Мәдениет және Ішкі саясат басқармасы, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармалары, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы қолдау білдіріп отыр. 

22222034 1727901940553144 1481929502559974885 n

Тағы бір айта кетерлігі, бұл мәселелер байқауда ғана емес, «NAR-TV» телеарнасында ашылған «ONtoi жұлдыздары» атты бағдарламада көтеріледі.

– Той мәдениетін қалыптастыру мақсатында дедіңіз, сонда қатысушылар тек тойлардағы кемшіліктерді көрсету қажет пе?

– Ата салтымызға жат бейәдеп қылық көрсетушілерді сын тезіне салу, кейбір тойдағы кезігетін дарақылықтар мен ысырапшылдықты жою секілді мәселелер міндетті түрде қозғалады. Дегенмен, байқаудың мақсаты кемшіліктерді айтып, сынап-мінеу емес. Мұндағы тағы бір мақсат– тасада қалып жатқан таланттарды жарыққа шығару. Ауыл-аймақтарда шын таланттар көп. Өнер иелерін дәріптеп, ерекше дарындылығын жария етуге болады. Ауылдың тойында жанды дауыспен ән шырқаған әншіні, не болмаса жас бала жарқ етіп шығып өлең айтып, елдің ықыласына бөленгенін видео арқылы жеткізсін. Жас өнерпаздың «ONtoi жұлдыздары» арқылы елге танылып, бағы жанып кетуі де ғажап емес. Сол себепті, байқауға қатысушылар осы жағына басымдылық берсе дұрыс болар еді.

Қазір қариялардың өзі тойда дұрыс бата бере алмай соңында «сол үшін» деп айтып қалып жатады. Егер тойда ақсақалдар керемет бата берсе, өсиет айтса, жариялауға мүмкіндігі бар. Құдалық, той жасап жатқан үлгілі отбасының ерекше қасиеттерін паш етсе, тіптен жақсы. Яғни, ауқымы кең байқау.

22196193 435036526892149 3280357289865125885 n

– Жеңімпаздарды қандай жүлде күтіп тұр?

– Байқаудың жалпы жүлде қоры – 500 000 теңге. Байқауға қатысқан өзге де үміткерлерге ынталандыру сыйақысы тағайындалады. Фейзбуктегі ашылған топтағы жазбаларға жақсы пікір қалдырып, белсенді атсалысқан жандардың өзі сыйлықсыз қалмайды.

– Қатысушылардың белсенділігі қалай?

– Той мәдениетін көтеруге атсалысып, пікір білдіріп жатқандар саны күннен күнге артуда. Қазақ руханиятына жаны ашитын адамдардың бұл мәселеге келгенде бейжай қалмайтындығы қуантады. Оларға алғысымды білдіргім келеді. Байқау желтоқсан айында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қорытындыланады. Әлі де болса әлеуметтік желі қолданушыларын белсендірек болуға шақырамын. Байқауға тек журналистер мен блогерлер ғана емес, той төңірегінде жүрген асабалар, өнер адамдары қатыса алады.

– Қазір тойдың науқаны қызып тұр. Жаңа бастамаңыздан қандай нәтиже шығып жатқандығын байқадыңыз ба?

– Адамдар видеожазба арқылы келеңсіз жағдайларды көрсе, оғаш екендігін түсінеді. Қоғамның талқысына түсіп қалмаймыз ба деп аңдап басып, аяқ тартатынына сенімдімін. Бірден «революция» жасай алмайтынымыз белгілі.

– Ттойдың түрі көп. Күн сайын тойланатын той-домалақтардан қазынамыз қасиетін жоғалтып алды деп ойламайсыз ба?

– Қазір тойды ысырап деп санайтындар бар. Дастарханға аста-төк тамақ қояды дейді. Дастарханымыз ысырап болып, қоқысқа кетіп жатқан жоқ. Мейлінше қонақтың ырысымен кетіп жатады. Тек бізде тойдың дәрежесіне қарай ықшамдап, ортасына қарай лайықты етіп жасау қажет. Қазыналы жиынға ниеттес, араласымы бар ағайын-туысты, дос-жарандар төңірегіндегілерді топтастыру керек. «Ассалаумағалейкум» деп амандасып, «құтты болсын» деп айтқанның бәрін шақыру – дарақылық.

– Әмірбектер әулетінде тойды өткізудің ерекшелігі бар шығар...

– Той алдында алдымен үлкендер мәслихатта ақылдасады. Жаттанды асабаны шақырмаймыз. Жартылай жалаңаш ән айтатын «қуыршақ» әншілер емес, дәстүрлі ән айтып, тойды «жандыратын» әншілеріміз қонағымыз. Тойдың жақсы өтуі – шаңырақ иесіне байланысты. Мәнді, сәні өтсін десе тойдың сценарийін өзі жасауы қажет.

– Байқаудың басталғанына біршама уақыт болды. Үлесін қосам деушілерге кеш емес пе?

– Жоқ, желтоқсанға дейін уақыт бар. Фейсбук әлеуметтік желісінде «ONtoi жұлдыздары» тобына тіркеліп, #ontoi хештегімен, байқау атауын, логотипін қолданады. Сосын ой-пікірін, жазбасын, видеосын қалдырады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Опубликовано в Сұхбат