Среда, 01 Ноябрь 2017 08:22

Шәмші әндері шарықтады

Ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әндері білім ордасында шырқалды.


«Рухани жаңғыру: «100 кітап, 100 ән» жобасы аясында №129 орта мектепте сазгердің әндерін оқушылар арасында насихаттауда концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. 

Шараға Әл-Фараби ауданның әкімі Бауыржан Қалжанов, ата-аналар мен қариялар қатысып, білім ордасында қолға алынған ізгі жұмыстарға сәттілік тіледі. 

shymkala-2222

– Бүгінде жас ұрпақ даңғаза, мән-мағынасыз әндерге үйірсек. Рухани жаңғыру аясындағы бұл шарада оқушыларға композитор жайында кеңірек мәлімет бердік, әндерін тыңдап өсуге үйреткіміз келеді, – дейді мектеп директоры Ғалымжан Алматов. 

Мерекелік кеште Шәмші әндерін мектеп оқушыларымен қатар облыстық филармония әншілері де орындады. Сазгердің патриоттық, туған жер, ана туралы әндерін оқушылар қосылады шырқады. 

shymkala-111111

Айта кетейік, «Сәуле» шағынауданында бой көтерген №129 мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға берілген болатын. Қазір мұнда 1400-ге жуық оқушы білім алып жатыр.

Опубликовано в Мәдениет
Среда, 25 Октябрь 2017 05:25

Туған жерге тағзым

Белгілі ақын, қоғам қайраткері
Мұхтар Шаханов – 75 жаста

22780503 296268467554513 3799465697844311263 n

Қазақ поэзиясында дара қолтаңбасымен айшықталған ақын, аудармашы, қоғам қайраткері Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов биыл мерейлі 75 жасқа толып отыр. Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ақынмен арнайы кездесу ұйымдастырып, мерейлі мерекесімен құттықтады.


Кездесу барысында өңір басшысы халық жазушысының қазақ әдебиетіне қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтті. 

– Біз сіздің өлеңдеріңізді оқып өстік. Әлі есімде, 1986 жылы Мәскеуде өткен шығармашылық кешіңізге де куә болған едім. Сол жылдары Мәскеу төрінде жеке кеш өткізуіңіз үлкен ерлік еді. Одан кейінгі жылдары Желтоқсан оқиғасына байланысты бастама көтеріп, билікке халықтың өзекті мәселелерін жеткізе білдіңіз. Бұл сіздің отансүйгіштік қасиетіңіздің айқын көрінісі. Сіз Оңтүстіктің мақтанышысыз, біз сізбен мақтанамыз. Қазақ әдебиетінің абызы ретінде ел игілігі үшін әлі де еселі еңбек ете беріңіз, – деді Жансейіт Қансейітұлы. 

22729231 296268630887830 168528546308096013 n

Мұнан кейін ақын облыстық «Отырар» кітапханасының құрметті қонағы болды. Мұнда мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан мерейтой иесі өзіне жəне белгілі қаламгерлерге арналған бұрыштарды аралап, мекеме ұжымына шынайы алғыс сезімін жеткізді. «Ақерке» балалар бөлмесінің де жай-күйін назардан тыс қалдырмай, кішкентай оқырмандарымен тілдесті.

22730592 296268260887867 8483036968537257917 nКешкісін сөз құдіретіне бас иген қауым Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында мерейтой иесінің «Әлем таныған ақын» атты шығармашылық кешіне көптеп жиналды. Театр дәлізінде Мұхтар Шахановтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Әлем таныған ақын» атты көрмесі ұйымдастырылып, ақынның кітаптары мен ол жөніндегі зерттеулер мен естелік мақалалар қойылды. Кеш Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылды. Өнерсүйер қауым мұнда ақынның берік шумақ, өрімі бөлек, бейнелі сөзге бөленген өлеңдерін айызы қанып тыңдады. Ақиық ақынға қол соғып, құрмет көрсетті.

Салтанатты кеште облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков ақынды мерейлі мерекесімен құттықтап, арнайы сый-сияпатын табыс етті. Шығармашылық кеште М. Шахановтың сөзіне жазылған Ш. Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең», «Ақ бантик», «Қайдасың» сынды бірқатар əндері орындалды. Сондай-ақ, жуырда ғана Отырар ауданы əкімдігінің арнайы тапсырысымен «САҚ» киностудиясында М. Шахановтың «Отырар дастаны» поэмасы негізінде дайындалған анимациялық фильмі көрермен назарына ұсынылды.

VIVI14P71F3 3436222F1 23641 20130403142453 HE10 20130410

Шараға арнайы келген əнші Тамара Асар ақынның сөзі мен əніне жазылған «Отан анаға тағзым», ал Хадиша Шалабаева «Отырар кітапханасы» әнін орындап, елдің ыстық ықыласына бөленді.

 

Суретті түсірген
А. ӘССАНДИ

Төрт ана

Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мәңгі астана,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана:
Туған жері – түп қазығы, айбыны,
Туған тілі – мәңгі өнеге айдыны,
Жан байлығы, салт-дәстүрі – тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі.
Және туған тарихы.
Еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болса да.
Құдірет жоқ төрт анаға тең келер
Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.
Өзге ананың ұлылығын танымас,
Төрт анасын менсінбеген пенделер.
Төрт анадан сенім таба алмаған
Тамырсыздың басы қайда қалмаған?!
Төрт анасын сыйламаған халықтың
Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.
Қасиетті бұл төрт ана – тағдырыңның тынысы,
Төрт ана үшін болған күрес – күрестердің ұлысы.

Опубликовано в Мәдениет

Қазақ өнерін әйгілеп жүрген белгілі әнші Ернар Айдар Оңтүстікке жиі келеді. Бұған дейін Шымкентте жеке концертін берген болатын. Жуырда әншіні сұхбатқа шақырғанбыз. Қашанда сабырлы қалпынан айнымайтын ақжүрек жігіт «Асықпай отырып әңгімелескеніміз дұрыс еді» деп, арнайы уақытын бөлді. Сұхбат барысында байқағанымыздай, сырбаз жігіттің сөз саптасы да салмақты екен.

shymkala-83-15

– Ернар, бүгінде сіздің өнеріңіз ел-жұртқа кеңінен танымал. Өнер саласына қалай келдіңіз? 

– Мектеп қабырғасында «Жігіт сұлтаны» байқауында, басқа да шараларда ән айтып жүрдім. Үлкен сахнаға осы Алматыға келіп, ұстазым Б.Есебаевтың «Ағаларым» деген әнімен шыққан болатынмын. Әкем Жаңабай алғашқыда заңгер мамандығына оқуға түс деп кеңес берді, әскерге барып кел деді. Бірақ өнерге келуіме қарсы болған жоқ. Кішкентайымнан әжемнің қолында өстім. Сондықтан ба, қазақ әндерін сүйсініп тыңдайтынмын. «Жігіт сұлтанына» қатысқанда таныстыру өлеңді өзім жазғам. Қазақ сатирасының белді өкілі Уәлибек Әбдірайымов ағамыз мені алғаш рет «Республика сарайына» шығарды. Ташкентте, Қырғызстан сахналарында ән айтуыма көмек берді. Қолдады. Оған алғысым шексіз.

 

– Әншілік табиғаттан берілетін қасиет пе? Жалпы осы өнер жұғысты болатындай әулеттеріңізде әнші болғандар бар ма? 

– Бұл негізі қанда болуы керек, мүмкін Құдайдан берілген шығар деп ойлаймын. Дегенмен, отбасымда анам Күлмәннің ептеп ән салатыны бар. Бұл өнердің қуанышы да бар, қуанышымен қатар қиыншылығы да бар. Өсіп-өнудің басы – еңбек деп жатамыз. Алдымызда талмай еңбектеніп жүрген аға-әпкелерімізден үлгі аламыз. Кім де болсын жетістікке еңбек пен үлкен ізденіспен жетеді. Олай болмайынша, істің бәрі бос әурешілік. Мен де осы жолда талаптанып келемін. Сол еңбектенудің арқасында мақсаттарым орындалып келеді. Еңбектенген, талпынған адамға Алла өзі жол көрсетеді.

 

– Ағаларым, ұстазым деп айтып жатырсыз. Өнердегі ұстазыңыз кім? Сізге қолдау көрсетіп жүрген кімдер?

– Өнердегі, өмірдегі ұстазым деп әкем Жаңабайды айтар едім. «Адамнан әнші жасау оңай, әншіден адам жасау қиын» деп айтып жатады, сол себептен мені өзінің баласы емес, елдің баласы ете білген әкеме рахмет, анама рахмет осы әлемнің жарығын сыйлаған. Өнер жолында қолдап-қуаттаған ұстаздарым – Бауыржан Есебаев пен Қуаныш Құрманбаев. Көпшілікке танылуыма үлкен еңбек сіңірген сол ағаларыма алғыс айтамын. Сонымен қатар менің барлық жағдайымды жасап жүретін ағам Талғатқа шексіз ризамын.

 

– «Ернардың бағын ашқан әні жоқ, оның әндерінің басым бөлігі тойдың әндері» деген пікірмен келісесіз бе?

– Бұл пікірмен келісе қоймаймын. Мен Бауыржан Есебаев ағамызға келгенге дейін де қаншама ән айттым. Көрерменнің алғысын алып жүрдім. Бір ақын ағамыздың айтқаны бар: «Әр өлеңім бір балам» деп, сол себепті мен әндерімнің арқайсысының өз тыңдарманы бар. Басым көпшілігі той өлеңі деп айта алмаймын, себебі менің ән кешіме барсаңыз бір бөлімінде қазақи әндер бар, сосын патриоттық әндер де жеткілікті.

 

– Қазіргі әншілер көшірме шоуға үйір болып барады. Бір-бірін қайталайды, еліктеу басым деген пікірлер айтылып жатады. Бұған қандай пікір айтасыз?

– Аға буынға еліктегенде тұрған не бар екен? Жақсылыққа еліктемеген, соған ұмтылмаған адам өз-өзін дамыта алмайды. Мысалы, мен Мейрамбек Бесбаевқа еліктегенімді ашық айтқым келеді. Сосын Сәкен Майғазиевтың өз-өзін ұстауы, сөйлеу мәнеріне еліктеймін. 

Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, МузАРТ-тағы ағаларымыз бар, біздің буын, соларға еліктеп өстік, солардың ізін басып келе жатырмыз. Еліктеу арқылы өз жолыңды тауып, елдің ықыласына ие болып жатқанның несі айып?

 

– Көп адам сізді Қайрат Нұртаспен салыстырып жатады...

– Қайрат – қазақ эстрадасының мақтанышы. Өте еңбекқор, талантты әнші. Өз тыңдарманы бар. Мен мұны барлық сұхбаттарымда айтып жүрмін. Қайратпен салыстырып жатқан санаулы адамдар шығар. Десе де, біреуге біреу толықтай ұқсауы мүмкін емес. Егер мен Қайратқа ұқсайтын болсам, оның даусымен ән айтып жүретін болсам концертіме халық жиналмайтын еді. Мысалы, Шымкентте жеке концертім өтті. 1500 адамдық залға көрермен көп келді. Тыңдарманым болмаса, жұрт осылайша жиналар ма еді? Бір жағынан, тыңдармандардың Қазақстандағы тамаша жұлдызға ұқсатып жатқанына қуанамын. Қайрат үлкен аренада концерттер қойып жатыр, сондай жетістіктерге жеткізсін бізді де, ізін басып келе жатқан інілеріміз ғой. Ұқсастық жағы бізде бар, біз қазақпыз, болмысымыз, тәрбиеміз де бір-бірімізге жақын. 

 

– Жаңа заман ағымымен келіп, кейіннен ұмытылып кететін әншілер санатынан болмаймын ба деген қауіп сізді мазаламай ма?

Шымкент – мен үшін сүйікті қала. «Сен маған ұнадың» деген әніме Шымкентте бейнебаян түсірдім. Мұнда жиі келем. Әр сапарымда жылы шуақты күйге бөленемін. Ауа райы қандай жылы болса, халқы да сондай жаныма жақын, әңгімешіл.

– Адам өз-өзін еңбектеніп, өз-өзін биікке шығуы үшін өзін қамшылап тұру керек. «Менің мына әнім жақсы шықты», «Мына әнім хит болып жатыр», «Менің мына жақта екі концертім, мына жақта үш концертім болып жатыр» деген нәрсені ойлай берсең, демек сен құлдырап, төмендей бастайсың. Менің қасымда ылғи ақылшы ағаларым, ұстаздарым жүреді. Егер де олардың сабырлы да салиқалы ақыл-кеңестері болмаса мен шалқып кетуім де ғажап емес еді. Әйтпесе, жаспыз, алып-ұшып тұрған көңіл бар. Менің ұстанымым мынадай – артыңда үкілеп, үміт күтіп отырған халқың бар, соған қызмет істеу керек. Сол үшін еңбектенемін.

 

– Ұсқынсыз киім киіп, құлақтарына сырға тағып, шашын бояп ән айтып жүрген жігіттердің өнерін қалай бағалайсыз? 

– Аллаға шүкір, қазақ эстрадасында өнерлі әрі үлгі болып жүрген әншілер жетерлік. Олардың қатарында Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі, Серік Ибрагимов, Қайрат Үмбетов сынды замандастарым бар. Сондай қазақи әншілер көбейе берсе, қазаққа жат қылығымен танылып жүргендер ығысып, сахнадан сырт қалады деп ойлаймын. Егер маған Дима Билан келіп, дуэт болып ән айтайық десе оған келіспес едім. Мен анау Джокер дегенді танымайды да екенмін. Ал танымаған соң, білмеген соң оны қайдан тыңдаймын? Өз басым шетелге еліктегенді аса ұната бермеймін. Болмысым да келмейді.

 

– Қолыңыз қалт еткенде немен айналысасыз? Хоббиіңіз не? 

– Менде нақты бір хобби жоқ, қолым тисе кітап оқимын, оны кейде өзіммен алып жүрем. Қазір мен «Абай жолы» романын оқып жатырмын, 2-ші томын аяқтап қалдым. Одан кейін тарихи кітаптарды оқысам ба деп жүрмін. Шыны керек, уақытымның көбін өнерге жұмсаймын, ән таңдаймын, терме жаттаймын. Қазір домбыраны да қолға алып жатырмын.

 

– Өзіңізден кейін де қаншама жас әншілер шығып жатыр. Оларға қаншалықты көңіліңіз толады? 

– Сахнаны менің алдымда да ешкім қызғанбаған, мен де ешкімнен қызғанбаймын. Халықтан асқан сыншы жоқ. Кімнің қандай әнші екенін тыңдарман өзі таңдап алады. Мағынасыз, жеңіл әуен еленбей қала береді. Ол әркімнің еңбегіне байланысты деп ойлаймын.

 

– Жалпы, өміріңіздегі арманыңыз қандай?

– Арман дейсіз бе? Әрине, кез келген әншінің арманы – халықтың ықыласына, шынайы қошеметіне бөлену. Өнерде одан өзге арманым жоқ. Өнер саласында жүргесін, еліме әлі талай жақсы әндер сыйлағым келеді. Ал елімнің қатардағы азаматы ретінде өз арманымды айтар болсам, елімнің рухы әркез көк тіресе екен деп армандаймын. Тіліміз, дініміз, жалпы айтқанда Қазақ елі мәңгілік болса екен деймін. Менің басты арманым осы.

 

– Туған жеріңіз бен отбасыңыз жайлы баяндай кетсеңіз...

– Менің туған жерім – Өзбекстан. Сондағы Науаи облысы, Кеннимех ауданы, Сұркөл ауылында 1991 жылдың 13 наурызында дүниеге келгенмін. 2001 жылы Қазақстанға қоныс аударып, содан бері Тараз қаласында тұрамын. Әкемнің аты – Жаңабай, анамның аты – Күлмән. Берік, Талғат,  Бейбіт деген үш ағам және Жазира есімді қарындасым бар. 

Жұбайымның аты Мадина. Өзі Шымкент қаласының тумасы.

 

– Енді «Шымкент келбеті» газетінің оқырмандарына деген ізгі ниетіңізді білдірсеңіз...

– Шымкент – мен үшін сүйікті қала. «Сен маған ұнадың» деген әніме Шымкентте бейнебаян түсірдім. Мұнда жиі келем. Әр сапарымда жылы шуақты күйге бөленемін. Ауа райы қандай жылы болса, халқы да сондай жаныма жақын, әңгімешіл. Оқырмандарға айтар тілегім, Қазақ елі аман болсын, осындай бейбіт өмірімізге шүкіршілік етіп, әрбіріміз өз саламызда биік жетістікке жете берейік! Істеріңіз қашанда берекеге бастасын дегім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
А. АБИБУЛЛАҚЫЗЫ

Опубликовано в Сұхбат
Пятница, 08 Сентябрь 2017 06:53

Қылқалам ұшындағы өмір

DSC 2465

Суретші-кескіндемеші, фотосуретші - Бейбіт Бертаев Шардара қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Балалық шағы Түлкібас ауданының Шақпақ баба елдімекенінде өткен ол оқушы кезінен-ақ тылсым табиғаттың сұлулығын, тау-тастың әсем көрінісін қағаз бетіне өрнектеп, сабақ үстінде мұғалімнің портреттік бейнесін салуға қызықты.

DSC 2407

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын оқи жүріп бірнеше көрмелерге қатысып, Астанада өткен Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты атанды. 2008 жылы «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығының кескіндеме саласы бойынша «Шақпақ баба өңірі» тақырыбында диплом қорғап, аталған оқу орнын аяқтады.

Одан соң Шымкенттегі Академиялық инновациялық университетінің «Өнер» кафедрасында оқытушы қызметін атқарып, осы оқу орнында «Дизайн» мамандығы бойынша магистратураны аяқтады.

DSC 2409

2015 жылы облыстық Бейнелеу өнері музейіне бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындалған талантты жас көптеген көрмелер ұйымдастырып, халық назарына ұсынып жүр. Сонымен қатар, Финляндия, Эстония сияқты шетелдерде, облыстық өнер ұяларында шеберлік кластарын өткізіп, кескіндеме өнеріндегі шеберлігін танытуда. Сұлулықты қылқаламымен өрнектеген суретші бүгінде жеке шығармашылық көрмесін өткізуге дайындалуда.

Сондай-ақ соңғы жылдары әлеуметтік желі парақшаларында оңтүстік өңірінің көрікті орындары мен киелі жерлерін насихаттауда 100-ден аса мақала жазып, фотоөнерде де өзінің белсенділігін байқатып, 5000 - нан аса фотосуреттер жариялады. Осындай бір-бірімен өзектес өнерді өн бойына тұтастырған суретші өнер әлемінен қысқа уақыттың ішінде өз орнын таба білді. Мемлекеттік қызметпен қатар өнердің де көшін өрге сүйреген суретшінің мақсат еткен маңызды жоспарлары көп.

Опубликовано в Мәдениет

20800248 1945995835643726 1749682241591288963 n 1

Облыстық бейнелеу өнері музейінде «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» аясындағы ХХ-шы TURKSOY ұйымына мүше елдер суретшілері пленэрінде салынған жұмыстардың қорытынды көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

IMG-20170822-WA0103

Пленэрге 9 шет мемлекеттерден, яғни, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Босния-Герцеговина, Украина, Болгария, Молдавия, Башқұрстан, Әзірбайжан елдерінен 15 суретші, ал еліміздің Астана, Алматы, Павлодар, Шымкент қалаларынан 13 кәсіби суретшілер және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, ҚР Көркем академиясының мүшелері мен өнер профессорлары қатысқан болатын.

Көрменің ашылу және кездесуді қорытындылау шарасына облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов және ТҮРКСОЙ ұйымы суретшілерінің ұйымдастырушысы Мехмет Санжар қатысып, суретшілерді арнайы алғыс хаттар және сыйлықтармен марапаттады. 

IMG-20170822-WA0116

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру және «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында бас қосып, шығармашылық жолы тоғысқан Түркі әлемінің қылқалам шеберлері Түркістан қаласындағы Қ. А. Яссауи кесенесінде, Сауран және Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі мен тарихи, мәдени ескерткіштерде, Хан тағы және Қаратау қорығы аумағы мен Бәйдібек ауданының Ақмешіт, Қостұра, Домалақ ана кесенелерінде, Қазығұрт ауданы мен Сайрам-Өгем тау шатқалдары және Шымкент қаласының көрікті жерлерінде этюдтік жұмыстар жасады.

IMG-20170822-WA0133

Оңтүстіктің киелі, тарихи мекендерін майлы бояумен кенеп бетіне бейнелеген суретшілер боямасыз сұлулыққа бай өлкенің табиғатына деген таңданыстарын да жасыра алмады. 

Табиғат аясында салынған 135 дана кескіндемелік жұмыстар облыстық бейнелеу өнері музейінің көрме залына орналастырылды.

Пленэрдің мақсаты – тәуелсіз еліміздің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ғасырлардан сыр шерткен қасиетті мәдени сәулеттік ескерткіштерді, тарихи орындар мен ұлттық өнерімізді насихаттау. Түркі тілдес елдердің еңбек сіңірген өнер қайраткерлері және талантты қылқалам шеберлерімен кескіндеме саласы бойынша өзара тәжірибе алмасуды жүзеге асыру. Сондай-ақ Оңтүстік өңірінің өзіндік табиғи географиялық ерекшеліктерін және көз тартарлық орындарын бейнелейтін халықаралық деңгейдегі өнер шығармаларын жасап, насихаттау, бейнелеу өнерінде жаңа көркем бағыттар мен пластикалық шешімдер және формаларды іздестіру басты назарға алынған.

Опубликовано в Мәдениет
Пятница, 18 Август 2017 04:34

Бір күнде – 28 этюд

ler-turkistan

–Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясындағы ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдер суретшілерінің ХХ-шы пленэрі киелі Түркістан қаласында өтуде. Рухани қалада қылқалам шеберлері 28 этюд жасап шықты.

9 мемлекеттің кәсіби суретшілері пленэрде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында кенеп бетінде майлы боуямен кескіндемелік шығармалар салды. Түркістан қаласындағы шығармашылық жұмыстар көрмесі 3 күнге жалғасады. Суретшілер тобы кесене аумағы мен қаланың көрікті жерлерін сырлы бояу арқылы суреттейтін болады. Арнайы кестеге сәйкес қылқалам шеберлерінің пленэрі Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі мен тарихи, мәдени ескерткіштер және Хан тағы, Қаратау қорығы аумағы, Бәйдібек ауданының Ақмешіт, Қостұра аймағы мен Қазығұрт, Сайрам-Өгем тау шатқалдары, Шымкент қаласының көрікті орындарында жалғасын таппақ. Ал, ағымдағы жылдың 22 тамызы күні облыстық Бейнелеу өнері музейінің көрме залында пленэр барысында салынған жұмыстардың қорытынды көрмесінің ашылу салтанаты мен марапаттау рәсімі өтеді деп күтілуде.

Опубликовано в Әлеумет

Биыл Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжін 125 студент бітіргелі отыр. Осыған орай колледжде студенттердің дипломдық жобасын қорғау жұмыстары басталды.

DSC 1289

Ерекше мамандық иелерінің қорытынды жұмыстары да жаңалыққа толы. Өйткені, графикалық кескіндеу, мүсіндеу, анимациялық графика, сәндік қолданбалы өнер және халықтық кәсіпшілік, дизайн, көркем сурет мамандықтары бойынша оқу орнын тәмамдайтын әрбір студент өз бетінше жұмыс істеп, туындысының мән-мағынасын тарқата отырып комиссия мүшелеріне еңбегін таныстырады.

DSC 1302

– Біздің колледждің студенттеріне білікті мамандар дәріс береді. Атап айтқанда, суретші Рауан Мейірбеков анимациялық графика мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттерді оқытады. Ол елімізге танымал «Қошқар мен Теке», «Қазақ елі» анимациялық мультфильмдеріне атсалысқан. Сондай-ақ, биыл диплом алатын студенттер Едіге Тұрлыбеков, Араншы Шаржанов, Қалтөре Атамқұлов сынды білікті мамандардан тәлім алды. Ал графикалық кескіндеу бойынша «Бал Текстиль» кілем-тоқыма фабрикасында бұдан алдын бітірген студенттеріміз жұмыс істеп жатса, қазіргілері сол фабрикада өндірістік тәжірибеден өтті, – дейді колледж директоры Дидар Асқарбекұлы.

Колледж басшысы А.Айдарбековтың айтуынша, бір ғана «Сәндік қолданбалы өнер және халықтық кәсіпшілік» мамандығы студенттердің бес түрлі салада шеберлігін арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, металдан түрлі бұйымдар жасап, ағаштан, керамикадан естелік кәдесыйлар әзірлейді. Сонымен қатар, теріден, тоқымадан дайындалған қолөнер бұйымдарын да осы мамандық иелері жасайды.

DSC 1227

Биыл Ә.Қастеев атындағы колледжді бітіретін 125 студенттің 73-і дизайнер. Дипломдық жұмысын үздік деген бағаға қорғап шыққан Аяулым Камардиннің шығармашылығымен жақын таныстық.

– Дипломдық жобамды «АLJAMAL» деп атадым. Бұл сөз араб тілінен аударғанда «белгілі сұлу» деген мағынаны білдіреді. Кешкі салтанаттарға киюге арналған киімдерге изумруд түсін таңдадым. Изумруд – байлықтың, тұрақтылық пен парасаттылықтың, ұстамдылықтың және беріктіктің символы. Костюм сәніне аздап шығыстық, яғни араб киім үлгілерінің элементтерін қостым. Ал сол сәнге қазақтың ою-өрнегін қондырдым, – дейді болашақ дизайнер.

DSC 1155

Аяулымның қолдан өрген оюлары комиссия алқасының ең жоғарғы бағасына ие болды. Ол – Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжіне 9 сыныптан кейін оқуға түсіп, 3 жыл 10 ай кәсіби білімін шыңдады. 

– Қазір студенттердің барлығы дерлік бір-бір дайын маман. Қаржылық демеушісі болса, әрқайсысы өз кәсібін ашып, оны дөңгелетіп әкетуге дайын, – дейді колледж директоры Д.Айдарбеков.

Опубликовано в Мәдениет

ktynybekovТалантты суретші, Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Қ.Тыныбеков көзі тірі болғанда 70 жасқа толар еді. Қазақ ұлттық гобелен өнерінің іргетасын қалаушы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты –  Қ.Тыныбеков 1970 жылы тұңғыш рет «Шопан» атты гобеленімен Қазақстанның 50-жылдығына арналған республикалық көрмеге қатысқан.

Оның «Дала әуені» (1970), «Аспан» (1973) атты текеметтері мен «Дала балладасы» (1973), «Көктем» (1974), «Тау мен дала аңызы» (1975), «Әлем» («Өмір дарағы»,1976), «Байқоңыр ырғақтары» (1977), «Тың шеруі» (1978), «Теңіз симфониясы» (1979), «Байқоңыр» (1980), тағы басқа гобелендері қазақтың ұлттық сән және қолөнерінің алтын қорына айналып, Қазақстан мемлекеттік Өнер мұражайында сақтаулы. 

Ол сонау ғасырлар қойнауында қалып, уақыттың елес-сағымына айналған қазақтың ұлттық дәстүрлері мен ою-өрнектік жәдігерлеріне дейін терең үңіліп, танып-білуге ыждаһатты болатын. Өткенді ұмытуға болмас, болашақты да ойлау қажет деген қағида суретші санасында әрдайым сергек тұратын. Өткенсіз болашақ жоқ екенін о бастан жүрегімен сезінген. Сондықтан да болар, Құрасбек бұл үрдісті өзінің балапан-қанат еңбегі «Шопан» гобеленінен бастап айқын танытты. Мәселен, осы шығармадағы басты кейіпкер – жас шопанның қолтығындағы жаңа туған қошақанға анықтап назар салыңызшы. Қошақанның – жартылай жануар, жартылай ою түрінде бейнеленгенін байқайсыз. Демек бұл – қазақтың «қошқар мүйіз» оюының символы екенін көрсетеді.

mangilik eskiz

Аспан төріндегі ақша бұлттар да әртүрлі бейнедегі ою болып қалқып бара жатқандай әсер береді. Гобелен бетіндегі жазықтық табиғат құбылыстарынан хабар бергендей: түнгі аспандағы жұлдыздар әлемі, біресе желдің ұйытқи соққан әуені мен теңіз толқындары тәрізді алуан-алуан қимыл-қозғалыстарды бір кеңістікке еркін сиғызып, түрлі бояулармен қанықтырып, айрықша серпін мен ширақтық танытады. Осы көріністердің бәрі де ою-өрнектік символикалар арқылы берілгеніне танданыс білдірмеске лажыңыз жоқ. Көне мен жаңаның үндесуі дегеніміз осы.

mangilik eskiz-2Қ. Тыныбекұлының суреткерлік әлемі ауқымды да, жан-жақты, сан қырлы. Қазақтың тоқыма өнерін техникалық жағынан дамытып қана қойған жоқ. Ол сонымен бірге бұл өнерді шығармашылық тұрғыдан жаңа биікке көтере білді. Жаңаша үлгілерге негізделген жоба-эскиздер, ою-өрнектер, сәндік айшықтар жасады. Бұрын болған, халықтың тұрмысында кең қолданылатын – бау, басқұр, терме алашаларды қайта жаңғыртып, дамыту жолында да көп еңбектенді. Жібек матаның бетіне өрнек салу – батик жасаумен де айналысты. Халықтық дәстүр – текемет басудың үлгісін де шебер меңгерді. Оны халқымыз тұрмыстық тұтыну бұйымы санап келсе, Құрасбек Тыныбекұлы оған өнер туындысы деп қарады. Өзі де бірнеше текемет басты. Жүнді де өзі әзірлеп, бояу түрлеріне дейін өз қолымен жасады. Оның әзірлеген екі жұмысын – «Дала әуені» (1972) және «Аспан» (1973) атты текеметтерін мемлекеттік Өнер музейі сатып алды. 

«Қазақстан шұғыласы» (44м х 2,40) атты монументальды гобелені үшін 1981 жылы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлық берілді. 

Суретшінің шығармашылық жетістіктері Қазақстаннан тыс – Ташкент (1971), Ашхабад (1972), Мәскеу (1975-1977), Вильнюс (1975), Лейпциг (1975), Нью-Йоркте (1979), тағы да басқа қалаларда өткен бүкілодақтық және халықаралық көрмелерде кең жалғасын тапты. Есімі Қазақстанның Үлкен энциклопедиясына (11 том) енгізілді.

Өзінің шығармашылыққа толы жарқ еткен қысқа ғұмырында Құрасбек Тыныбекұлы ұлттық өнерге жан-тәнімен беріле қызмет ете жүріп, қыруар қоғамдық белсенді жұмыстар да атқарды. Қазақстан Суретшілер Одағы жанындағы қолданбалы өнер секциясы төрағасының орынбасары болды. Қазақстан Суретшілерінің X съезінде Құрасбек Тыныбекұлы басқарма мүшелігіне сайланды. Бір мезгілде Казақстан Көркемөнер қорының басқарма мүшесі, Республикалық Көркемөнер кеңесі мен шетел мемлекеттерімен достық байланыстар жөніндегі Қазақ Қоғамының да мүшесі ретінде үлкен жұмыстар жасады.

Құрасбек Тыныбекұлының өмірі шығармашылығының нағыз толысқан кезінде күрт үзілді. Бірақ ол артында мәңгі өлмес туындылар қалдырды. Оның есімі еліміздің ұлттық сән және қолданбалы өнері тарихында әрқашан көшбастаушы ретінде жарқырай береді.

 

Назгүл НЫСАНБЕКОВА,
ОҚО «Бейнелеу өнері музейінің»
ғылыми қызметкері

Опубликовано в Мәдениет

Әлемдік актер, каскадёр, кинорежиссёр, кино-продюсер, сценарист, әнші, миллиондаған көрерменнің сүйіктісіне айналған аңыз адам – Джеки Чан алғаш рет Астанаға аяқ басты.

8585-2

«ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өтетін қытай кино апталығының ашылу салтанатына келген әлемдік кино өнерінің теңдессіз жұлдызын Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев әуежайдан өзі күтіп алды. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақстандағы Қытай киносы фестивалінің күндері ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 7-18 маусым аралығында өтеді. 

Журналистермен баспасөз мәслихатында Джеки Чан өзінің Қазақстан жайлы арманымен бөлісті. Актердің баспасөз мәслихатына өз елінің ұлттық киімімен келіп, тек қана қытайша сөйлеуі жұртшылықты тәнті етті.– Шынын айтқанда, осыған дейін Қазақстанға келіп, кинематографиямен айналысуды армандаған едім. Алайда уақыттың тапшылығынан, бүгінге дейін бұл арманымды жүзеге асыра алмадым. Болашақта Қазақстанға міндетті түрде келіп, осы саладағы еңбегімді іске асырмақ ойдамын. Одан кейін Қазақстанда да кунг-фу мектебі ашылып қалар деп ойлаймын, - деді Джеки Чан.

dzheki-1

Сонымен қатар, ол журналистер сауалына жауап беру кезінде 63 жастағы атақты актер жетістікке біртіндеп, сатылап жеткенін айтты.

Салтанатты шарада қонақкәде ретінде қытай тілінде «Отан» әнін шырқады. Актер бұл ән отаншылдыққа баулитынын, сондай-ақ, барлық адам өз отанын сүю керек екендігін жеткізді.

Айта кетейік, Джеки Чанның ән шашуынан кейін қазақстандық әнші Димаш Құдайберген сахнаға шығып, «Singer» байқауында шырқаған қытайша «Күзгі мұң» әнін айтып берді.

Опубликовано в Мәдениет
Среда, 07 Июнь 2017 05:43

«ON DANCE» жастарға жат емес

Шымкенттегі Әл-Фараби алаңында «ON DANCE» талантты жастарды қолдау жобасы аясында көше билерінен фестиваль өтті.

koshe bi

Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған шараға Өзбекстан, Қырғызстан елінен және Алматы, Тараз қалаларынан 7-8 жастан тұратын 11 команда қатысып, өз өнерлерін көрсетті.

Фестивальдің мақсаты – жастардың заманауи би өнерін, талантын жандандыру, дарынды жастарды қолдау, ынталандыру және жастар арасында көше билерін дамыту. Фестивальге Алматы қаласынан келген Италияда өткен «Solo Contro II Mondo», Ресей Федерациясында өткен «FunBox», Украинада өткен «Adrenalin Fest» байқаулардың жеңімпазы Бауыржан Сейфуллин төрелік етті.

Жас дарындар бақ сынаған байқауда облыс әкімінің кубогын Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан республикасы жастарынан құралған «Достық» командасы жеңіп алды. Айта кетерлігі, сайыстың жүлде қоры 1 млн теңге болатын.
Шымкент төрінде өткен бұл шараға қонақ ретінде МС және диджей Улан, «Mega Dance GK» студиясының жас бишілері қатысып, әдемі кештің әрін келтірді. Фестивальді жалпы 5 мыңға жуық жастар мен қала тұрғындары тамашалады.

Опубликовано в Әлеумет
Страница 2 из 6