«Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет»

Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы:
жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан.

Қазіргі таңда мемлекетті жаппай дамуға бастайтын, халыққа қызмет көрсету сапасын оңтайландыратын, қажетті ақпараттарға қолжетімділікті арттыратын бағдарлама – Цифрландыру. Бүгінде әлемнің озық 15 елі ғана осы жолды таңдаған. Мемлекет басшысы жуырда ел экономикасы цифрландырудың арқасында 30 пайызға өсуі тиіс деген болжам айтты.
Цифрландырудың игілігін негізінен қарапайым халық көреді десек, ал олардың басым бөлігі жүгінетін жер – Халыққа қызмет көрсету орталығы. Осыған орай, Шымкент қаласындағы №3 ХҚКО-ның маманы Нұрсұлтан Мырзаевпен сұхбаттасқан едік.

 

IMG 5048– Нұрсұлтан Серікұлы, цифрлық жүйенің ХҚКО-ғы мүмкіндіктері қандай?

– Аталған жүйенің бұл бағыттағы мүмкіндіктері өте жоғары. Мәселен, бір реттік құпия сөз арқылы үйде отырып 30 қызмет түрін пайдалануға болады. Бұл қызметтерге халық жиі қолданатын мекенжай анықтамасы, туу туралы куәлікті қайталап алуға өтініш беру, жылжымайтын мүлік обьектілеріне техникалық паспорттың телнұсқасын беру секілді құжаттар кіреді. Бұл құжаттарды үйде немесе жұмыста отырып алу үшін, алдымен жеке куәлікпен кез-келген халыққа қызмет көрсету орталығына барып, «egov.kz» порталының мобильді қосымшасына тіркеледі. Сол жерден ЖСН және телефон нөмірін енгізеді. Кейін «egov.kz» сайтына кіреді. Онда бір реттік құпия сөзді сұрағанда, ХҚКО-дан алған құпия сөзді және ЖСН нөмірді теру керек. Телефонға СМС хабарлама келеді. Сонымен сайттағы жеке кабинетке кіріп, кез-келген жерден 30 қызмет түрін пайдалана алады.

 

– Бұл ХҚКО-ғы кезек күтіп отыратын халық санының азаюына септігін тигізе ала ма?

– Әрине. Үкімет барлық мекеме қызметкерлері мобильді болуы керек деген мақсат қойып отыр. Осыған орай, халыққа цифрлы, электронды қызмет түрлерін пайдалануды үйретуде. Оны меңгерген адам кейін қажетті құжаттарын кезекте тұрмай, уақыт жоғалтпай үйінде немесе жұмыс орнында ала алады.

– Қарапайым халық бұл қызмет түрлерін пайдалануды білмеген жағдайда...

– Үкіметте халықтың цифрлық біліктілігін 83 пайызға арттыру жоспары қабылданған. Осыған орай, кез-келген ХҚКО-да «өз-өзіне қызмет көрсету секторы» бар. Ол жерге арнайы 4-5 маман бекітілген. Сол қызметкерлерге барсаңыз, барлығын тәптіштеп үйретеді.

 

– Тағы қандай мүмкіндіктері бар?

– Мәселен, перзентханада туылған баланың туу туралы куәлігін телефон арқылы алуға болады. Туған күнін, айын жазып, СМС хабарлама алып, дайын болған уақытта келіп алып кете аласыз. Қазіргі таңда ХҚКО-да барлығы 752 қызмет түрі болса, соның 547-ін электронды түрде пайдалануға болады.

 

– Ал, қазір қолданылып жүрген автомат терминалдардың күйі келешекте не болмақ?

– Болашақта олар жойылады. Яғни, «өз-өзіне қызмет көрсету секторына» өтеді. Олар арнайы кілттер арқылы белгілі бір қызметтерді ғана пайдаланады.

 

– «Барлық қызмет цифрлы технологияға өтсе, жемқорлық азаяды» деген сөз қаншалықты нанымды?

– Рас сөз. Мәселен, кейбір қызметкерлер «осынша ақша берсең үйге немесе жерге кезекке қойып беремін» деуі мүмкін. Ал, негізінде кезекке тұру тегін. Егер де, арнайы бекітілген 12 категорияның біріне кіретін болсаңыз, ешқандай кедергі де, қиындық та жоқ. Мектепте жұмыс істейтіндерге "мектепте жұмыс істейді" деген анықтама, бала-шағасының тууы туралы куәлігі, өзінің жеке куәлігі керек. Болды. Осылар арқылы-ақ тіркеп қоюға болады. Электронды кілтіңіз болса, үйде отырып-ақ тіркеле аласыз. Тіпті, үйде отырып некеге де тұруға болады. Коммуналдық және тағы басқа да төлемақыларды кассада кезекте тұрмай, электронды түрде төлеуге болады. Қазір мемлекет уақыт пен қаржыны үнемдеуге барынша жағдай жасауда. Тек үйренсеңіз болғаны.

– Рахмет!

 

Бір реттік құпия сөз бойынша берілетін 30 мемлекеттік құжаттың тізімі:

1. Мекенжай анықтамасын алу;

2. Жеке тұлғаларда жылжымайтын мүлiктiң болмауы (болуы) туралы анықтама беру;

3. ЖТ жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтарды) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама беру;

4. Жеке тұлғалар үшін жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және тоқтатылған құқықтар туралы анықтамалар беру;

5. Жылжымайтын мүлiк объектiлерiнiң техникалық паспортын беру;

6. Жылжымайтын мүлiк объектілеріне техникалық паспорттың телнұсқасын беру;

7. Жылжымайтын мүлiк объектiлерi жоспарын (схемасын) қоса алғанда, тіркеу органмен бекітілген тiркеу iсi құжаттарының көшiрмелерiн беру;

8. Жылжымайтын мүліктің меншік иесі (құқық иесі) туралы мәліметті қамтитын техникалық паспортқа қосымша беру;

9. Жылжымайтын мүлікке құқық белгiлейтiн құжаттың телнұсқасын алу;

10. Жылжымалы мүлік кепілінің тізілімінен үзінді беру;

11. Мұрағаттық анықтамалар беру;

12. Заңды тұлғаларды тіркеу, филиалдарын (өкілдіктерін) есептік тіркеу туралы анықтаманы алу;

13. Тіркелген заңды тұлға, филиал немесе өкілдік туралы анықтама беру;

14. Заңды тұлғаның филиалдары мен өкілдіктерінің бар екендігі туралы анықтама беру;

15. Заңды тұлғаның басқа заңды тұлғаларға қатысуы туралы анықтама беру;

16. Жеке тұлғаның заңды тұлғаларға, филиалдар мен өкілдіктерге қатысуы туралы анықтама алу;

17. Заңды тұлғаның барлық тіркелген әрекеттері туралы анықтама алу;

18. Көрсетілген мерзімге заңды тұлғаның тіркелгені туралы анықтама беру;

19. Құрылтай құжаттарына соңғы толықтырулар мен өзгерістердің енгізілгені туралы анықтама беру;

20. Заңды тұлғаның үлесіне салынған ауыртпалықтар (тыйым салу) туралы анықтама беру;

21. Некеге тұру туралы куәлікті қайталап алуға өтініш беру;

22. Әкелік құқықты бекіту туралы куәлікті қайталап алуға өтініш алу;

23. Атын, тегін, әкесінің атын өзгерту туралы куәлікті қайталап алуға өтініш беру;

24. Ұлды/қызды асырап алу туралы куәлікті қайталап алуға өтініш беру;

25. Некені бұзу туралы куәлікті қайталап алуға өтініш беру;

26. Туу туралы куәлікті қайталап алуға өтініш алу;

27. Аты, тегі, әкесінің атының ауысқаны туралы анықтама алу;

28. Некенің бұзылғаны туралы анықтама алу;

29. Некеге тұру туралы анықтама беру;

30. Туу туралы анықтама алу.

 

Сұхбаттасқан
Сапарғали ҚАНАТ

Ана жұрттан – «Өз жұртқа»

Среда, 31 Январь 2018 09:11

Күнделікті өмірімізде түрлі жағдайларға байланысты өзге ұлттардың тағамдарын жиі пайдаланамыз. Бірі ұйғырдың лағманын, бірі өзбектің палауын, енді бірі орыстың тұшпарасын жегенге құмар. Олардың дайындалуына қарай мейрамхана, асханаларды таңдаймыз. Соңғы кездері қытайдың лапшасы мен жапондардың сушиі де көптеген адамдардың қызығушылығын тудыруда. Мұндай асханаларды әлемнің ірі мегаполистерінен де кездестіре аласыз.
Шымкентте Астана, Алматы тұрғындарына таңсық емес «OZYURT»(Өзюрт) түрік мейрамханасы ашылған. Аз уақыттың ішінде бірқатар келушілердің қызығушылығын тудырып үлгеріпті. Осыған орай, мекеме басшысы Айдемир Гүлтекинмен сұхбаттасқан едік.

DSC 9896

– Айдемир мырза, мейрамхананың тарихына тоқталып өтсеңіз...

– 1992 жылы Қазақ елі Тәуелсіздік алғаннан кейін Түркиядан біраз азаматтар келді. Мектеп ашты, кәсіп бастады, сауда-саттық жасады. Солардың ішінде Хамза Арслан деген кісі болды. Бастапқыда аға-інілерімен азық-түлік таратып жүрді. Сосын бірінші рет Түркиядан «Дөнерді» алып келді. Алғашқыда 3-4 қана үстел қойып, кішкене дүңгіршекте сатты. Ет таусылғанша 2-3 сағат жұмыс істеп, жауып қоятын. Соның өзінде халықтың қызығушылығы тез артып, ұзын сонар кезекте тұратын. Одан кейін аядай жерді жалға алып, аумағын кеңейте түсті. Сөйтіп Алматыда ашылған асханалар, бірқатар өңірлерге қанатын жайды. Қазір 8 филиалы бар. Астанада, Ақтауда және тамыз айынан бастап Шымкент қаласында да қызмет ете бастады.

DSC 9966

– Тамақтарыңыздың басты ерекшеліктері қандай?

– Өзюрт етімен танымал. Бізде негізінен етке, мангалға арналған тамақтар дайындалады. Ал олардың ерекшелігі – маринадталуында. Олардың қалай жасалуы әрине асханалық құпия. Адамдар бізге ет жеу үшін келеді. Қазақтарда ет те көп, ет жейтіндер де көп. «Ет – етке, сорпа – бетке» дегендей.
Бұлардан бөлек «Лахмаджун», «Пиде» деген Түрік пиццасы, «Баклава», «Пахлава» тәттілері, қойдың ішек-қарын, өкпе-бауырынан, жасымықтан жасалған сорпалар және тағы басқа тағам түрлері бар.

 

– Жалпы Түрік халқының ерекше шәй ішу мәдениеті бар. Осы туралы айтып өтсеңіз... 

– Шәйді қазақтар көп ішеді (күлді). Бірақ түріктер одан да көп ішеді. Бізде шәй деген – доспен отырып әңгімелесу деген мағынаға келеді. Қонаққа барғанда тамақтан бұрын шәй әкеледі. Түріктерде қыз баласы түрік шәйін немесе кофесін жақсы демдей алса, қолынан барлық нәрсе келеді деген сөз.

DSC 9952

– Шәйді неге «Бардакпен» ішеді?

– Өйткені, ол ыдыста ыстық күйінде болады. Оны жайлап, асықпай ішесіз. Әрбір ұрттағанда бір әңгіме айтасыз. Оны тез бітірмеу керек. Тою үшін емес, ләззат алу үшін ішеді. Әрбір стақанның өзінің ерекшелігі бар. Кез-келген түрік стақанын қонаққа бере алмайсыз. Қонаққа беретін және өзіңіз ішетін стақан бөлек-бөлек болады. Бізде стақанды келіншекке ұқсатады. Стақанның белі қанша жіңішке болса, сондай ерекшелігі көп болады.

 

– «Өзюрт» деген ат қайдан шыққан?

– Өзіңіз білесіз біз Түрік халқы Қазақстанды «Ата жұрт» деп атаймыз. Яғни, өзіміз шыққан жұртымыз. Былайша айтқанда «Өзіміздің жұртымыз» деген сөз. Ал Түркияны «Ана жұрт» дейміз. Сондықтан «Өзжұрт», түрікшеде «Өзюрт» деп қойдық.

DSC 9886

– Кез-келген дәмді тағамның артында, аспаз тұратыны белгілі. Мейрамханаларыңыздың тамақтарын кім дайындайды?

– Бізде негізгі үш аспаз бар. Оның біреуі жергілікті түрік, екіншісі Түркияның түрігі. Ал үшіншісі «Өзюрт» асханаларда көп жыл тәжірибе жинаған, қазақ азаматы. Бұлардан бөлек көмекші қызметкерлері бар. Олар да түрлі ұлт өкілдері. Бізге көп ұлтты болғаны жақсы.
Қазақстанның өзі көпұлтты ғой. Кейде жиналыс жасағанда қай тілде сөйлерімді білмей қаламын. Түрікше, Өзбекше, Орысша... Бірақ, басты және ортақ тіліміз қазақша болғаннан кейін, қазақша сөйлейміз. Кейде осы ұлт өкілдері өздерінің тағамдарын да ұсынып отырады. Өзіміз тамақ ішетін кезде бірде палау, бірде қазақтың қазы-қартасын немесе түрік тағамдарын жейміз. Бірақ олар ас мәзірінде жоқ.

– Арнайы тапсырыс беретіндер бар ма?

– Иә, ондай кездер де болып тұрады. Мәселен, біздің «Өзюртта» «Гәп» өткізетіндер бар(күледі). Олар алдын ала өздері қалаған асқа тапсырыс беріп қояды. Біздің «Он саусақта, он қабілет» дегендей, кез келген тапсырысыңызды дайындап беруге әзір.

DSC 9874

– Өзіңіз Қазақстанға қашан келдіңіз?

– Алғаш рет бұл жаққа 1999 жылы келдім. Бастапқыда Түрік тағамын, анамыздың асын сағынып жүрдік. Баратын жеріміз жоқ. 1-2 жыл ауылға қайтқанша шыдаймыз. Кейіннен осындай асханалар ашыла бастады. Үйреніп те кеттік.
Жалпы мен Түркиядан келсем де, бұл жерге бөтен емеспін. Осы жерде оқыдым, жастық шағым өтті. Негізгі мамандығым тамақ жағынан болмаса да, осы кәсіпке кірісіп кеттік.

DSC 9914

– Сонда қай саланың маманысыз? 

– Жалпы менің мамандығым «Сахна өнері». Қазір де бұл бағыттағы жұмыстарымды жалғастырып жатырмын. Түркістанда «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының басшысы Нұржан Төлендиевпен, Тука(күледі), Түркістандағы драма театрындағы Нұржан Исатаевпен, мәдениет саласындағы Гүл Советқызымен бірге оқыдық. Композитор Арман Дүйсенов секілді ағаларымыз болды. Жалпы біз Райымбек Сейтметовтың шәкірттеріміз. Ол кісі Алматыдан келіп, өнер кафедрасын ашты. Оның алғашқы түрік студенті болғанмын. Қазір оның барлық ізбасарлары елімізде және шетелде қызмет етіп жүр. Ұстазымыздың маған айтқан бір сөзі есімде қалып қойыпты. Бізге «балам» дейтін, Диплом беретін кезде «Балам осы екі елдің арасында, өнер көпірін салатын сен боласың» деп айтқан еді. Мен одан кейін де бірқатар шығармалар жаздым. Ахмет Ясауи туралы спектакль жаздым, Түркияда Қазақстан туралы көптеген шараларды ұйымдастырдым, қатыстым. Енді осы жерде де бұйырса Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрында түрікше шығарманы қазақшаға аударып, сахналасақ деген ой бар. Жуырда Түркістан – Түркі дүниесінің астанасы атанды. Ол кезде де түрлі шаралардың басы-қасында болдық. Осылай тек тамақпен ғана емес, өнер жағынан да екі елдің арасындағы көпір болуға қолдан келгенше еңбек етіп жүрміз. 

 

Келешекте осы мейрамханамызда да мәдениет, өнер бағытын дамытсақ деген ой бар. Жанды дауыста ән айтып, күй шертіп дегендей. Біздің мейрамханаға келгенде тек қарын тойғызып қана емес, кітап, газет оқып, бізбен әңгімелесіп (күледі) көңіл көкжиегін кеңейтіп кетсе екен. Сондай ыңғайлы жерлердің бірі болсақ дейміз. Кейде адамдар тамақ үшін емес, әңгімелесіп, демалып отыру үшін де келеді. Есігіміз ашық. 

 

– Рахмет!

Сұхбаттасқан
Сапарғали Қанат

shymkala kz-7-4

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев биылғы Жолдауында «Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті үйрету жөніндегі жұмыстары қолдауға тұрарлық» деп, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын ерекше атап өткен болатын. Осыған орай, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Абубакировпен аталған мекеменің бизнестегі жаңалықтары мен жоспарлары туралы сұхбаттасқан едік.

– Асқар Бегдәулетұлы, «Атамекен» ҰКП-ның басым бағыттары бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Елбасы Жолдауда атап өткендей, «Атамекен» ҰКП кәсіпті енді бастап жатқан азаматтарды бизнес жүргізуге үйретеді. Негізгі мақсат – құқық қорғау, әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған. Бізде Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес белсенді жұмыс істейді. Әкімшілік кедергілерді азайту – бұл жүйелік жұмыс, біз Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасына мемлекеттік бағдарламалар бойынша ұсыныстар жасаймыз. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау нәтижесінде Палата кәсіпкердің ақшасын үнемдеуге қол жеткізген мысалдар да бар. Осылайша, кәсіпкер үнемделген қаражатты айыппұлға емес, өзінің компаниясына, халықтың жалақысына жұмсайды. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша барлығы 1471, ал 2017 жылы 514 өтініш келіп түскен. Кәсіпкерлердің қорғалған меншік құқықтарының жалпы көрсеткіш 12,4 млрд теңгені құрайды (айыппұлдар жойылды, контрагенттердің шарттық міндеттемелері орындалды, мүлік қайтарылды). 2017 жылы кәсіпкерлердің 4 млрд теңгеден астам мүліктері қорғалды. 

Мәселен, кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша «Ордабасы Құс» ЖШС-нің 580 млн. теңге қаржысы қорғалып, тәркілеу туралы сот шешімінің күші жойылды және қылмыстық сот ісін тоқтатуды жүзеге асырды. Сондай-ақ, «Мельдеева», «Шопанов Г.Б» жеке кәсіпкерлігіне және тағы басқа кәсіпорындарға қатысты сот шешімінің күші жойылып, жалпы сомасы 990 млн. теңге қорғалды.

– Әкімшілік кедергілерді азайтуға байланысты нақты мысалдар келтіре аласыз ба?

– Оңтүстік Қазақстан облысында үш жыл бұрын құрылған энергия қуаттарының электронды картасы жұмыс істейді. Жыл сайын бірыңғай терезе қағидаты бойынша шамамен 100 компанияға техникалық шарт алуына ықпал жасаймыз. Мұнда, әрбір адам онлайн тәртібінде өз кәсіпкерлігін қуаттандыруға қажетті мәліметтерді көре алады. Сондай-ақ, біз бизнеске жүргізілген тексерулерді тұрақты түрде бақылап отырамыз. Осындай тексеру нәтижелеріне талдау жасау барысы көрсеткендей, 2017 жылда алдыңғы жылмен салыстырғанда құқық бұзушылықтың азайғаны байқалады. Бізде қазір, экономикалық бөлім көп жұмыс атқарып жатқанын атап өткім келеді.

 

– Оңтүстік Қазақстан облысы шағын және орта бизнес саласы бойынша республикада көш басында келеді. Өңірдегі бизнестің артықшылықтары туралы айтып өтсеңіз...

– Оңтүстік Қазақстан облысының бұл салада артықшылықтары көп. Статистика көрсеткеніндей, шағын және орта бизнестің кең құлаш жайған жері – біздің облыс, одан соң Алматы қаласы екен. Бүгінде ОҚО-да 177 мың кәсіпкер өз ісін дөңгелетіп келеді. Халық тығыз орналасқан аймақ. Оның үстіне мұндағы халық кәсіп жүргізуге бейім. Сондықтан біз, Кәсіпкерлер палатасы ретінде, Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздің кәсіпкерлік орталығы ретінде орнықтыру үшін көптеген идеологиялық жұмыстар жүргіздік. Астана – бұл бас қаламыз, Алматы, бұл – қаржы орталығы. Ал шағын және орта бизнестің шоғырланған кәсіпкерлік орталығы – біздің облыс. Біз осы тұрғыда дамып келеміз.

Қазір біз Өзбекстанмен белсенді жұмыс жүргізудеміз. Өзбекстанға экспортталатын өнімдер шамамен 20%-ды құрайды. Біз оларға 58 млн. доллар көлемінде тауар экспорттаймыз, 46-47 млн доллардың тауарын импорттаймыз. Ұн өнімдеріне акциздік салықты төмендету туралы мәселені көтергеннен кейін (алдын 12, одан кейін 5) ұнды экспорттауды ұлғайттық. Бұдан басқа, көптеген компаниялар өз өнімдерін экспорттағысы келгенін көріп отырмыз, бірақ оларға айналымдағы капитал мен кепіл қажет.

– Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлеріне ыңғайлы болу үшін Палата қандай бастамалар жасайды?

– Біз «Yellow Pages» әлемдік тәжірибесіне негізделген жақсы деректер базасын жасадық. Оңтүстікте қандай кәсіпорындардың бар екенін білгісі келген кез-келген адам «Оңтүстік өнімдері» деп аталған каталогқа кіріп көре алады. Біз каталогты 2015 жылдан бастап шығара бастадық, алғашында 250 өндіруші, өткен жылы 500, ағымдағы жылы 1000 тауар өндіруші туралы ақпарат жинауды жоспарлап отырмыз. Ендігі міндет – нақты өндірушілердің кім екенін, ал алып сатарлардың кім екенін анықтау.

 

– «Атамекен бизнес мектебінің» жұмысына тоқталып өтсеңіз...

– «Атамекен бизнес мектебі» үш бағытта сабақ өткізеді: кәсіпкерліктің негіздері, жобалық оқыту және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлермен жұмыс. «Бизнес-мектеп» шеңберінде апталық салалық семинарлар тәжірибесі жасалды. Кәсіпкерлер сұраныстар жібереді, біз мамандарды жинап, жылыжай шаруашылығы, бухгалтерлік есеп немесе мемлекетік сатып алу бойынша салалық семинар өткіземіз. Кесте әлеуметтік желілерде және «Атамекен» сайтында орналастырылған. Алғашқы уақытта 10-12 адам келетін болса, қазір 30-ға жуық адам қатысуда.

– Кәсіпкерлер палатасының 2018 жылғы жоспарлары қандай?

– «Атамекен» орталық аппаратымен бірлесіп, аудандар бойынша терең талдау және скрининг жүргізу орайында ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Аудан деңгейіндегі қаржыландырудың 90%-ы негізінен мал шаруашылығына арналды. Басқа кәсіп түрлеріне аз көңіл бөлінеді. Сондықтан, бір бағытта ғана кетпей, кәсіпкерлер көздеген мақсатына жетуі басқа салаға да мән берген жөн. Айталық, наубайхана, тігін шеберханасын ашу керек. Жаңа кәсіпорындар қажет. Біздің барлық ақпараттарымыз әлеуметтік желілерде қол жетімді. Кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап береміз. «Тікелей эфир» жүргіземіз. Шымкентте Интернет-теледидар жасауды жоспарлап отырмыз. Қазір интернетте отыратын барлық жастар республикалық арналарды қарамайды. Жаңа шығармашылық форматта IT-да және басқа да салаларда не істей алатынымызды көрсеткіміз келеді. Облыс үшін мемлекеттік бағдарламалар бойынша көмекші құрал әзірледік. Мұнда қарапайым және түсінікті тілмен: қандай бағдарлама, қанша ақша, пайыздық мөлшерлемесі, қандай, қанша уақытқа беріледі – барлығы жазылған. Қаржылай қолдау қоры 5 бағдарламаға, аграрлық несиелендіру 6 бағдарламаға арналған. Бірақ олар туралы ешкім білмейді. Көмекші құралда «Индустриялық аймақ», «Қазақэкспорт» туралы мәліметтер анық көрсетілген. Енді біз топ құрып, ауылдар мен аудандарға барып, адамдарды хабардар етіп, оқытуды жоспарлап отырмыз.

 

– Әңгімеңізге рахмет

 

Сұхбаттасқан
Сапарғали ҚАНАТ

Өткен аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен барып, Ақ үй басшысы Дональд Трамппен, ресми және іскер топ өкілдерімен кездесті. Жалпы құны 7 милллард долларға жететін 20 келісім бекіді. Экономикалық серіктестікке бастайтын бірқатар келісімдер жасады. Бұл жайында газетіміздің өткен санында кеңінен баяндаған болатынбыз.

Қазақстан Президентінің іссапары аясында өткен тағы бір ауқымды шара – Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысы. Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен алқалы жиын әлем жұртшылығының назарын аударып, Қазақ елінің көтерген тақырыбына құлақ түрді. 

Қазақстан келіссөз алаңын ұсынуға дайын. Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына – 28 жыл. Талай адамдардың өмірін жалмаған бұл қару тажал болып көрінеді бізге. Сол себепті де Тәуелсіздік алған бойда сынақ полигонын жауып, өз еркімізбен ядролық қарудан бас тарттық. Дегенмен, 40 жыл бойы сынақ жүргізілген қырғын қарудың зардабын Семей, Қарағанды, Павлодар жұртшылығы күні бүгінге дейін көріп келеді. 

Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінде Солтүстік Кореяны біздің жолмен жүруге шақырып, өзге елдерге үлгі әрі тәжірибе тұрғысынан көмек болатынын айтып өтті. Естеріңізде болса, Иранды да осылай ядролық қарудан бас тартуға шақырған болатын. Сонымен қатар, Қазақ елі мен дүниежүзілік қоғамдастықтың арқасында Жаңа жер, Невада, Лобнор сияқты сынақ полигондарының жабылғанын атап өту керек. Салдарынан түрлі сынақтар жүргізуге шектеу қоятын, ал, жүргізілген жағдайда мораторий қолданылатын келісім қабылданды. Олардың қатарында «Ядролық клуб» державалары да бар. 

Қазақстан бүгінгі таңда бейбітшілік пен ынтымақтастықты қолдайтын және ол бағыттағы бірден-бір бастамашы ел болып отыр. Геосаяси мәселелерде әрқашан үн қосып, мемлекеттер арасындағы шиеленісті бір үстел басында шешуге шақыруда. 

– Сенім шаралары бүгінде қантөгіс болып жатқан Таяу Шығыс үшін де өте өзекті болып отыр. Сириядағы шиеленіс алыс жатқан өңірлерге де зиянын тигізуде.

Өзара сенім Астана алаңындағы диалогқа негіз болғанын ерекше атап өткен жөн. Астана процесі Женева келіссөздерін толықтырып, Сириядағы шиеленісті бейбіт жолмен реттеуге қолдан келгенше үлес қосып келеді. Астанада осындай 7 келіссөз өтті, – деді Қазақстан Президенті. 

Сонымен қатар, Елбасы Корей түбегіндегі болып жатқан оқиғалар үлкен қарама-қайшылықтың бар екенін және оған мүдделі тараптарды Солтүстік Корея мәселесін жылдам әрі конструктивті жолмен шешуге шақыратынын айтты. Бұдан бөлек, сенімділік талабы ретінде «ядролық бестіктің» Корей Халық Демократиялық Республикасының қауіпсіздігіне кепілдік беруін және Пхеньянның келіссөз үстеліне оралуын жақтайтынын сондай-ақ, бұл бағытта Қазақстан мүдделі тараптар үшін келіссөз алаңын ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.

Тиімді құрал – ядролық қарудан азат аймақтар құру

Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде жаппай қырып-жоятын қарудың таралуымен күрес жүргізудің тиімді жолын айтты. Бұл – ядролық қарудан азат аймақтар құру. Осы арқылы ұжымдық сенім білдірудің үлгісі болу. Мұндай сенім шаралары жаһандық қауіпсіздікті қолдаудың, бүкіл планета көлемінде бейбітшілікті нығайтудың аса маңызды элементі ретінде күн тәртібінен түспеуге тиіс екенін жеткізді. 

– Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құру жұмыстарын күшейте түсуді маңызды деп санаймын. Мүдделі тараптарды осыған шақырамын және кейбір елдер арасындағы түсініспеушіліктер жақын арада шешімін табады деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Жаппай қырып-жоятын қаруларға химиялық, биологиялық және радиологиялық қарулар да жатады. Және олардың деструктивті күштердің қолына түсуі қауіп тудырады. Дамыған елдер ғылыми жетістіктерін бұл бағытта пайдаланбауы керек. Мұндай бастаманы алдымен үлкен державалар қолдауы тиіс. Елбасы өз сөзінде аталған қауіптердің орын алмауы үшін 4 басымдықты атады. Бірінші, ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу процесін қиындату қажет. Екінші, Жаппай қырып-жоятын қаруды иемденуге және таратуға қатысты қатаң шара қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін әзірлеу керек. Үшінші, еш мағынасы жоқ әрі арандатушылық туғызатын әскери блоктарға бөлінуді қою керек. Төртінші, халықаралық қарым-қатынасқа саяси сенім мен жүйелі диалогты міндетті түрде қайтару керек.

 

Ортақ келісім бұзылмауы тиіс

Қазақ елі басшысының төрағалығымен өткен жиын соңында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының өңірлік деңгейде превентивті дипломатия және шиеленісті болдырмау жөніндегі мәлімдемесі қабылданды. Мұнда әлемдік қатынастар жөніндегі өзекті мәселелер және оның шешімдері ұсынылған. Маңызды мәлімдеме БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тарихында саяси міндеттемелер жүктейтін халықаралық акт ретінде тұңғыш рет қабылданғанын атап өту керек.

Сонымен қатар, Елбасы антиядролық келісімді бұзған елдерге санкция қолдануды ұсынды. Қауіпсіздік Кеңесі оны арнайы резолюциямен бекітуі тиіс екенін жеткізді.

Жиын барысында сөз алған Польша Президенті Анджей Дуда Нұрсұлтан Назарбаевқа БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне шақырғаны үшін алғысын білдіріп, күн тәртібіндегі мәселелердің бәрі өте маңызды екенін айтты. 

– Нұрсұлтан Назарбаев бірінші болып ядролық қарудан бас тартқанда, оның мұндай қадамды мемлекет үшін жасағанын мәлімдегені жадымда. Сол кезден бастап Қазақстан ұстанымына беріктігін дәлелдеуде. Қазақстанның бұл бастамалары бейбітсүйгіш мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты жақындататын, ядролық қауіпсіздікті қолдайтын маңызды қадам, – деді Анджей Дуда.

 

Кеңестен кейін...

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысынан кейін Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарына баспасөз мәслихатын өткізді. АҚШ-қа жасаған сапарын қорытындылап, Қауіпсіздік кеңесінде көтерілген мәселенің маңыздылығына тоқталды. 

– Біз АҚШ, Ресей және Қытайдан кейінгі, ал әлем бойынша 4-ші ядролық қару-жарағымыздан саналы түрде бас тарттық. Ол кезде елімізде 1100 оқ тұмсық, АҚШ-тың шекарасына дейін жететін 110 дана СС-18 зымыраны болған. Оларды қалдырып ядролық қаруға айналдырып, барлығын қорқытып үркіту идеясы болды. Дегенмен, халық менің шешім қабылдауыма көмек көрсетті. Және біз дұрыс жасадық, – деді Н.Назарбаев қазақстандық және шетелдік БАҚ-қа берген сұхбатында. 

Әділетті және қауіпсіз әлем құруда бұл кеңестің рөлі үлкен. Сонымен қатар, халықаралық қатынастағы сенімге селкеу түсіп, саяси дүрбелең белең алған уақытта жер жаһанға төрелік айтқан Қазақстан Президентінің мемлекетаралық ықпалдастықты арттырудағы еңбегі зор. Шетелдік сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдары Қазақ елінің әлем бейбітшілігін сақтауға қосып жатқан үлесін жоғары бағалауда. Осы тұста, мұндай мәртебелі қызметте Орталық Азия елдерінің ішіндегі алғашқы мемлекет болғанымызды атап өту керек. Елбасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету арқылы өзіміздің көңіліміздегіні айтып қана қоймай, сөзімізді өткізіп келе жатқанымызды жеткізді. 

– Осындай кезеңдерде менің есімде халқым тұрады. Қазақ деген халық болмаса біз қалқиып осы жерде отырмас едік. Әрине, толқисың. Қай кезде қазақтың баласы осы жерде отырып ақыл айтып еді? Дүниежүзінде 200 мемлекет бар. Олардың ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін басқарғандар көп емес. Өңірімізден біз осындай дәрежеге жеттік. Өзіміздің көңілімізді айтып қана қоймай, сөзімізді өткізіп келе жатырмыз, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

«Сайрам» тұрғын алабындағы №71 жалпы орта мектепте Қаратау ауданы әкімі Ғабит Мәуленқұловтың 2017 жылы атқарған жұмыстары бойынша аудан тұрғындарының алдында есеп беру кездесуі өтті.

DSC 2829

Жиынды қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов жүргізіп отырды. Іс-шараға жергілікті тұрғындардан бөлек Қаратау аудандық мемлекеттік мекеме басшылары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, аудан ардагерлері мен партия өкілдері қатысты. 

Ғабит Патшаханұлы күн тәртібі бойынша 2017 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтіп, аудандағы өзекті мәселелердің бірі – ауыз сумен қамтамасыз ету екенін айтты. Қаратау ауданында жалпы 47 202 жеке тұрғын үй орналасқан. Оның ішінде 35 861 (75%) тұрғын үй тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтылса, 8 010 (16%) тұрғын үй кесте бойынша, ал 4 431 (9%) тұрғын үй тасымал сумен қамтылған. 

– Ауыз сумен қамтылмаған «Асар-2», «Тұран», «Достық» шағынауданы мен «Қайнарбұлақ» тұрғын алабы (жаңақұрылыс) аумақтарының жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары 2018 жылғы І тоқсанда атқарылатын болады. Ал, Азат, Достық, Шапырашты, Исфиджаб және Өтеміс тұрғын алаптарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу 2018 жылға жоспарланған,– деді аудан әкімі. 

DSC 2783

Мұнан соң Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Мүсірәлі Тоғызбаев, Қаратау ауданы бойынша «Өзбек этномәдени орталығы» төрағасы Файзахмет Тажиметұлы, «Шапырашты» тұрғын алабының ауыл биі Нұрмахан Баймаханұлы, «Сайрам» көмекші-мектеп интернатының мұғалімі Зарибжон Сұлтанмұратұлы аудан әкімінің есебіне оң бағасын беріп, бірқатар мәселелерге тоқталды.

– Жуырда көшелеріміздің біріне тас, енді біріне асфальт төсеп бердіңіздер. Рахмет. Ендігі бір айтатын өтінішім, балаларымыздың мектепке баратын жолында аяқ жол жоқ. Соны реттеп берсеңіздер екен. Және тұрғындар дем алатын саябақ салыса, – дейді Алатау көшесінің төрайымы К.Ділбар. 

Жол мәселесі бойынша, былтыр бюджеттен 134 млн теңге қаржы қаралып, аудандағы ұзындығы 51 шақырымды құрайтын 88 топырақ көшеге шағал тас төсеу жұмыстары «Алемтрансжол» мекемесі тарапынан атқарылса, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыруымен бюджет қаражатынсыз кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 7 шақырымды құрайтын 6 көшеге шағал тас төселген. Сондай-ақ, аудан аумағындағы әлеуметтік нысандар орналасқан 32 көшеге аяқ жол салынса, 41 көшенің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп 2018 жылдың бюджетін қалыптастыру мақсатында қалалық экономика және қаржы бөліміне ұсынылды.

DSC 2813

– Біздің мәдениет үйіміздің іші суық. Жуырда мамандар керек жарақтарды есептеп, сметалық құжаттарын жасап кетті. Енді соның тез арада шешім табуын қадағаласаңыз. Екінші мәселе, қыс кезінде жолда жүру қиындап кетеді. Жолымызға тым болмаса құм төселсе екен, – дейді Сайрам мәдениет үйінің меңгерушісі А. Құдайбергенқызы.

– Менің екі өтінішім бар. Біріншісі, кәріз жүйесі. Бұл мәселе біздің жұмыс істеуімізге өте кедергі келтіреді. Осыны 2018 жылы түпкілікті шешсек. Екіншісі, ауруханамызда екі электр трансформаторы бар. Соның екіншісіне сапалы қуат күшін тартып берсеңіздер, – дейді №1 қалалық аурухананың бас дәрігері Бахыт Мырзабаев. 

Бұдан бөлек, жекеменшік электр трансформаторларының сапасы сын көтермейтіндігі және бағасы қымбат болуына байланысты тұрғындар тарапынан көптеген сауалдар жолданды. Осыған орай, аталған мәселені оңтайлы шешу мақсатында аудан әкімі аппаратының ұсынысымен «Қайтпас», «Нұртас» шағынаудандарын сапалы электр жарығымен қамтуға 2017 жылы бюджеттен 85 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылысын «ЮжКазЭнергоРемонт» мекемесі жүргізуде. Сондай-ақ, «Бозарық» саяжайын сапалы электр жарығымен қамтуға 280 млн теңге қаржы қарастырылып, оның құрылыс жұмыстарын ХМСУ мелиорация мекемесі жүргізуде.

DSC 2823

Есепті кездесу барысында аудан тұрғындары аудан басшысының есебіне жақсы бағасын берді. Сонымен қатар, ойларын ашық айтып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Қойылған сұрақтарға Ғабит Мәуленқұлов және қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Керімбекұлы жан-жақты жауап берді. Ауызша қойылған сұрақтардан бөлек, жазбаша түрде де 20-ға жуық сұрақ жіберілді. Оның 90 пайызға жуығы коммуналдық мәселелер. 

– Бүгінгі кездесу барысында айтылған барлық сұрақтар мен ұсыныстар бойынша іс-шаралар жоспары түзіліп, орындалуы бақылауға алынатын болады. Жауаптар тікелей сұрақ иелеріне жолданады немесе жергілікті БАҚ беттерінде жарияланады, – деді Б. Жанбосынов.

Клубтың бас бапкері болып болгариялық Георги Дерменджиев келді. Ол бұған дейін Болгарияның «Лудогорец» командасын жаттықтырған. 3 рет чемпион атандырып, 2 рет УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне алып шыққан.

shymkala kz-9

– Ел біріншілігінде үшінші орын алған және Европа лигасында өнер көрсететін «Ордабасы» клубының тізгінін ұстағаныма қуаныштымын. Шымкент сенімді жанкүйерлері бар, шырайлы шаһар екенін білемін. Жаңа маусымда жоғары нәтижеге жету үшін кейбір ойыншылармен қош айтыстық. Жаңа футболшылар алатын боламыз. Ең бастысы - команданы жаңа маусымға дайындау – дейді «Ордабасы» клубының бас бапкері Георги Дерменджиев.

«Ордабасы» 10 қаңтар күні Анталия қаласына оқу-жаттығу жиынына аттанды. Тізімге 18 ойыншы еніпті. Олар Мардан Төлебек, Еркебұлан Тұңғышбаев, Ұлар Жақсыбаев, Сағадат Тұрсынбай, Темірлан Ерланов, Қасымхан Таласбаев, Алтынбек Төлеев, Виталий Ли, Рамиль Нұрмұхаметов, Мұхит Жақсылық, Бекжан Абрахман, Әбілқайыр Зұлпыхаров, Пабло Фонтанелло, Кирилл Ковальчук, Никита Бочаров, Бекхан Шайзада, Самат Шәмші. Сондай-ақ, жақын күндері қатарға Абдулай Диакате де қосылады деп күтілуде.

– Жаттығу екі мезгілде өтіп жатыр. Таңертең аэробиканы, түстен кейін доппен және тактикамен машықтанамыз. Жеңіл жарақат алғаныммен, алғашқы жолдастық ойынға дейін жазылып кетемін деген үміттемін. Бас бапкер жаттығуларға өте жауапкершілікпен қарайды. Алдағы уақытта да дайындық жұмыстары қыза түседі деп ойлаймын – дейді Мардан Төлебек.

shymkala kz-11

Ал Самат Смақов, Азат Нұрғалиев, Таңат Нөсербаев, Александр Гейнрих, Оливер Петрак, Преслав Иорданов, Сергей Бойченко секілді белді ойыншылар командамен қош айтысыпты. Сонымен қатар Түркиядағы оқу-жаттығу жиынынан қалып қойған Қайрат Әшірбеков, Алмат Бекбаев, Бекзат Бейсенов, Бақдәулет Қожабаев, Мұхтар Мұхтаров, Фархадбек Ирисметов, Срджан Вуяклия секілді футболшылар да «Ордабасымен» қош айтысуы мүмкін.

Команда құрамына қосылуға ниетті ойыншылар да жоқ емес. Павлодарлық «Ертіс» клубының қорғаушысы Дамир Даутов сынақтан өтуде. 27 жастағы футболшы «Ақтөбе», «Қайсар», «Жетісу» командаларының сапында да өнер көрсеткен.

Сынақта жүрген тағы бір ойыншы - украиналық Игорь Сикорский. 1988 жылғы жартылай қорғаушы бұған дейін «Стали», «Николаев» клубында тер төккен.

Ойынға да ой керек

Пятница, 12 Январь 2018 10:59

Оңтүсік Кореялық 14 жасар Ким Сун Джин веб-камера алдында кешкі ас ішіп 1500 доллар табыс табады. Бұған әрине таңғаларсыз... Ол интернет арқылы нақтырақ айтсақ Afreeca TV платформасы арқылы күн сайын тікелей эфирге шығып тамақ ішеді. Оның осылай ас ішіп отыруы өзге көрермендердің де тәбетін ашуға септігін тигізеді екен. Бұл Корей халықтарының басым бөлігі жалғыздықта өмір сүретіндігімен байланысты. Өйткені, жалғыз өзі тамаққа зауқы соқпай отырған тұрғын онлайн арқылы Ким Сун Джиннің арнасына тіркеліп, әңгімелесіп отырып ас ішуге мүмкіндік алады.

0 42c983 3f38b0e2 XL 

Ал 6 жасар Америкалық Райан есімді балақай YouTube (Ryan ToysReview) арнасы арқылы мультимиллионер атанды. Ата-анасы оның ойыншық ойнаған видеоларын үш жасынан бастап интернетке салып отырған. Нәтижесінде 2016 жылы миллиард көрілім жинаған. Бір жылдық (2016-2017) қаржысы 11 миллион долларға жеткен. 

Дәл қазір бұл балақайлардың тапқырлығына таңдай қағып отырған боларсыз. Осындайда ХХІ ғасыр – Технология заманы дегенді еріксіз мойындайсың. Бүгінгі таңда мұндай мысалдар өзге елдерде жетіп артылады. Осы арада жоғарыдағы «Бай балалар» қарапайым ғана ойын ойнап, компьютер алдында отырып-ақ табысқа жетіп жатқанына мән бердіңіз бе? Ойындар, ойыншықтар балаларды ойнатады, ойлантады. Келісесіз бе? Ал қазақтың «Аз ойна, көп ойла», «Ойынға ойсыз құмар», «Ойнамасаң ойын бақ, Қойшыбайдың қойын бақ», ойын ойнаған азады, тозады деген мақал сөздерін қайда қоясыз? 

shymkala 3-12

БАҚ беттерінде, интернетте компьютер ойындарының зияндығы туралы жиі жазылады. Әрине оны жоққа шығара алмаймыз. Денсаулықты нашарлататынына, уақыттың көп бөлігін алатынына күмән жоқ. Атыс-шабыс ойындардың балалар психикасына қауіп төндіретіні де аз жазылмайды. Ал ата-аналар мен мұғалімдер оқушылардың компьютер алдында көп отыруы, сабақ үлгеріміне де теріс әсерін тигізетінін айтады. Дегенмен, компьютерлік ойындардың пайдалы жақтары да бар екенін естен шығармаған жөн.

First Monday басылымында америкалық зерттеушілер компьютерлік ойын ойнайтын адамдардың тұрмыстық жағдайда, жаһандық қаржы дағдарысы, климаттың өзгеруі кезінде және тағы басқа күрделі мәселелердің шешімін табуға көмектесетінін жазған. 

Ресейлік зерттеуші Евгения Петрова «Балалар және компьютер» атты еңбегінде компьютерлік ойындар балалардың кейбір дағдыларын дамытуға көмектесетінін жазған. Нақтырақ айтсақ тіл үйренуге, есте сақтау қабілетін жақсартуға, төтенше жағдайларда жедел шешім қабылдауға, байқампаз болуға септігін тигізген. 

Сондай-ақ, ойыншылардың ұйқысы тыныш болады және түрлі ойындар балалардың қиялына қанат бітіріп, ой-өресін дамытады. 

IMG 9406

Пәкістандық Саид Самаил Хассан (лақап аты-SumaiL) бүгінде «Dota 2» ойыны арқылы бүкіл әлемге танымал болды. Оның ойын ойнап ұтқан табысы – 2 419 513 доллар. 17 жасар Самаил Хассан TIME журналының ең танымал 30 жасөспірм тізіміне енген. Бүгінгі таңда америкалық «Evil Geniuses» командасында ойнайды. 

 

Киберспорт – арнайы дайындықты қажет ететін, басқарушысы бар, ережесі белгіленген, жеке адамдармен немесе топпен ойналатын ойын түрі. Кейде компьютерлік спорт, электронды спорт деп те аталады. 2001 жылы 25 шілдеде Ресей киберспортты ресми спорт түрі ретінде қабылдаған. 1997 жылы АҚШ-та киберспортшылардың Cyberathlete Professional League деп аталатын алғашқы лигасы пайда болды. Жыл сайын әлем бойынша түрлі компьютерлік ойындар бойынша жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Қаржылық сыйақылары қомақты. Мәселен, «Dota 2» ойынының «The International» турниріндегі ақшалай сыйақы мөлшері 2017 жылы — 24,79 млн долларға жеткен. Аталған ойындар интернетте тікелей эфирден көрсетіліп, миллиондаған аудитория жинайды. 2015 жылы дүниежүзілік финалды 4,6 млн адам көрген.

 

Қазақстанда да киберспортқа қызығушылар саны артып келеді. Жетістікке жеткендер де аз емес. Мәселен, еліміздегі танымал киберспортшылардың бірі – Дәурен Қыстаубаев. Ол CSGO ойыны бойынша әлемдік рейтинге 39 орында. Қоржынында 11 – алтын, 5 – күміс, 9 – қола бар. Халықаралық UNiTED, Virtus.pro командаларында өнер көрсеткен. Қазіргі таңда ресейлік Gambit-тің намысын қорғайды. Жеке табысы – 197 335 АҚШ долллары. 

IMG 9405

Шымкенттік Наурыз Әбдікерім де бір уақыттары әлемдік деңгейге көтерілген киберспортшы. 11 сыныпта Украинаға шақырту алған жасөспірім ұлттық бірңғай тест тапсырамын деп қалып қойған. Одан кейін ЖОО-ға түсіп, бірқатар уақыт қол үзіп алды. Қазір IT-маманы. Шымкенттегі бірқатар ауқымды турнирлерді ұйымдастырды. Оның айтуынша, елімізде киберспорт қарынды болмаса да, дамып келеді. 

– Қазақстан атынан әлемдік жарыстарға қатысатын 2-3 команда бар. Бірақ, еліміздегі интернет нашар. Пинкте айырмашылық болады. Мәселен, Қазақстанда компьютерлік ойындарды халықаралық дәрежеде ойнау үшін 80 пинкпен кірсе, ресейліктер 15 пинкпен кіреді. Бұл бізде ғаламтор әлсіздеу деген сөз. Сол үшін Мұрат Жұматұлы (Арбалет) деген меценат компьютер ойнайтын жақсы ойыншыларды Киевке алып барып, үй жалдап, өте жылдам интернетпен қамтамасыз етіп, ақшасын төлеп жағдай жасауда. Олардың да кәдімгі спортшылар секілді жаттығу уақыты, жалақысы бар, – дейді Наурыз Әбдікерім. 

Енді олар сайт ашып, ойындарды тікелей эфирден көрсетіп, комментаторлық жасамақ. Бұл коммерциялық жағынан өте тиімді көрінеді. Мәселен, «Реал Мадрид» пен «Барселона» секілді командалардың ойыны, ұлттық баскетбол лигасы 80-90 миллион халық жинаса, ал Dota ойынының финалын 120 миллион көрермен тамашалаған екен. 

Компьютердің алдында отырудан қорқудың қажеті жоқ. Онымен жақсы дос болуға болады. Жақсы игерсеңіз түрлі бағдарламалар жасап, жылдам ақпараттар алып, тіпті ойын ойнап та ақша табуға болады. Тек, қолданған кезде санитарлық-гигиеналық және жалпы ережелерді сақтасаңыз болғаны.

 

Қала қардан тазартылуда

Пятница, 12 Январь 2018 06:16

Шымкентте қар тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Коммуналдық қызметкерлер күшейтілген жұмыс тәртібіне кіріскен. Ол үшін арнайы құрылғылармен жабдықталған 101 техника тартылған. Сонымен қатар, 545 қызметші көшелер мен аяқжолдарды тазартуда.

DSC 5875

Ауа райына байланысты қала тұрғындары мен қонақтарын қозғалыс бағдарын алдын ала жоспарлап алуға, жол ережелерін сақтауға және жолда абай болуға шақырамыз.

Шымкентте қар тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Коммуналдық қызметкерлер күшейтілген жұмыс тәртібіне кіріскен. Ол үшін арнайы құрылғылармен жабдықталған 101 техника тартылған. Сонымен қатар, 545 қызметші көшелер мен аяқжолдарды тазартуда. 

DSC 2634

Ауа райына байланысты қала тұрғындары мен қонақтарын қозғалыс бағдарын алдын ала жоспарлап алуға, жол ережелерін сақтауға және жолда абай болуға шақырамыз.

Страница 1 из 14