1

«БалТекстиль» фабрикасын құруға жол ашты

Еліміз егемендік алып, Тәуелсіздігін әлемге паш еткен тұстағы әлеуметтік-экономикалық қиындықтар әлі есте. Дегенмен, кәсіпкерлікке кең жол ашылып, бизнес бастаймын деген азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау бәсеңдеген емес. Әсіресе, еңбектенген адамның еңбегі еш кетпейтініне сенімдімін. Өз басымнан мысал келтірер болсам, бүгінде әлемдік нарықта «Қазақ кiлемi» атауымен танылып жүрген біздің кәсіпорын тоқып жатқан кілемдерді брендке айналдыру оңай болған жоқ. Өз бизнесімді осы салада қалыптастыру үшін талай ұйқысыз түндерді артта қалдырдым. Бәрі де кеше ғана сияқты еді.

Бал-текстиль фото41Өміртарихыммен таныс азаматтар жақсы біледі, мен ауылдың баласымын. Бәйдiбек ауданы Жүзiмдiк ауылында туып-өстім. Шымкенттегi сол кездегi М.Әуезов атындағы педагогика институтында сырттай оқи жүрiп, ауыл мектебiнде мұғалiм болдым. Үйленіп, балаларымыздың алды дүниеге келе бастағанда бизнеске бетбұру, отбасының ғана емес, елдің экономикасын дамыту, ауылдастарыма жұмыс көзі болатын кәсіпорын ашу мәселесін армандай бастадым. Арманға жету үшін аянбай тер төгу қажеттігін жақсы түсінгендіктен, тәуекелге бел буып, жұмыссыздық жайлаған тоқсаныншы жылдардың басында бала-шағаның сүт-қатығына жарап отырған жалғыз сиырымды өткен бағасына сатып, оның ақшасына Кентаудан шығатын су қайнатқыш құрылғыны (кипятильник) Алматы базарына апарып саттым. Саудаға біртіндеп үйрене бастағанда кілем сататын нағашымның шақыруымен кілем саудасына ойыстым.
Ол кезде барлық тауар Қытайдан тасымалданатын. Бұл сауданың да қыр-сырын меңгеруге тура келді. Қытайдан тасымалданған кілемдер саудасы біртіндеп түркиялық кілемдерге ойысып жатты. Түркиялық кілемдерге деген сұраныс арта бастады. Сапасы тәуір тауарға қызыға жүріп, неге өзімізде де осындай кілем тоқу фабрикасын ашпасқа деген ой көп мазалайтын. Оның үстіне кілем тоқу қазақтың меншікті қолөнері ғой. Апа-әжелеріміз, әпке-қарындастарымыз қолдан кілем тоқитын. Ауыл-ауылда кілем тоқумен айналыспайтын отбасы ілгеріде кем болатын. Осы кәсіпті неге жандандырмасқа?! Заманауи техникаларды қолданып, тоқымашылар тобын жасақтау қажеттігі туралы ой санамда пісіп жетілді.
Кәсіпкерлікке ден қойған азаматқа адал еңбек ете білсе нәсіпке бастар жол да ашылатынына көзім жетті. Түркиялық кәсiпкерлерге өз елімде кілем тоқитын кәсіпорын ашу идеясын айтып көрдім. Әрекет етсем қолдайтындықтарын білдірді. Тағы да нартәуекелге бел буып, жиған-тергенімді, осы бизнеске салуға тура келді. Бұл қадамымды бауырларым да қолдап, өз көмектерін ұсынып жатты.
Осылайша Қазақстанда кілем өндірісінің нақты жоспары түзілді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес өңірлерді арнайы экономикалық аймақ құрылып жатқан тұста біздің кәсіпорын үшін де өндірістік аймақтан жер беріліп, жергілікті әкімдік тарапынан қолдау жасалды. Сол аймаққа біз өз фабрикамызды салдық.
Осылайша бүгінде жалпақ жұртқа танымал болып отырған кілем фабрикасы «БалТекстильдiң» алғашқы өнiмi базарға 2013 жылы шыға бастады. Ішкі нарықта біз тоқыған кілемнің сапасына қызығушылар саны артты.
Бұған дейін «Белгияның кілемін көрсетші...», «түркиялық кілем алғым келеді» деген тұтынушылар тарапынан «Өзіміздің кілем бар ма?», «БалТекстильдің кілемдерін ғана көрсет...» дейтін сұраныс жиі айтыла бастады. Сапаға құрылған кәсіпкерлік әрекетіміз біртіндеп танымал тауар өндіруші ірі кәсіпорынға айналуымызға жол ашты.

 

Kazakhstan-carpets-gain-market


Шымкентке іс-сапармен келгенде Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев фабрика жұмысымен арнайы танысып, жоғары бағасын берді. Әсіресе, кілемдерімізге қазақтың неше түрлі ою-өрнегі салынғанын байқағанда Елбасы «Мыналарың дұрыс екен. Менiң бала күнiмдi еске түсiрдiңдер. Әжелерiмiз бен шешелерiмiз кiлем тоқығанда осындай өрнек салушы едi. Осы қалыптарыңнан айнымаңдар. Отандық өнiмге әркез үлкен қолдау жасалады. «Қазақстанда жасалған» деген белгiсі бар тауар ең сапалы, ең өтiмдi болатынына сенемiн» деп жiгер бердi.
Сенім мен қолдау барда аянып қалу ерге сын. Еңбекқорлық – ердің сәні. Ердің атын еңбек шығаратыны бесенеден белгілі. Елбасы сенімі жауапкершілікті еселей түсуге, «Қазақ кілемі» әлемдік нарықты жаулап алатындай күнге жетуге жігерімізді қамшылай түсті.
Кезінде жобалық құны 8,450 млрд. теңгенi құраған өндiрiс орны осылай біртіндеп өрісін кеңге жайып келеді. Еуропа елдерiне танымал, түркиялық «Kartal Carpets» компаниясымен бiрлескен жоба өз нәтижесін беруде. Күнiне 10-12 мың шаршы метр кiлем тоқып, сауда нүктелерiнен бөлек, 350 адамды жұмыспен қамтып отырған фабрикамыздың алар асуы алда. Жер-жерде өзіміздің сауда нүктелеріміз ашылып, онда мыңдаған азамат еңбек етуде.
Жылына 4 млн. шаршы метр кiлем тоқып, 4 мың тонна жiп иiрiп отырған БалТекстильдің танымал кілемдеріне арнайы тапсырыс беретіндер аз емес.
Тұтынушылар біздің кілемдерді ASTER, Elegant, KUMSAL, EFSUN, EFSAI, VENETTA, Oskar, Indigo, Bursa, Palmira, Mareno тағы басқа маркаларымен танып жатады. «Бал Текстиль» кiлем тоқып қана қоймай, кiлем тоқуға қажеттi Heat Set, BCF, Freeze полипропилендi жiптер иiрiп отыр. Жiп иiру, текстуралды созу, орау машиналарының бәрi де әлемдiк өндiрушiлерден, Германиядан, Бельгиядан сатып алынған қондырғылар. Себебi, негізгі мақсатымыз о бастан сапаға құрылған. Шведтiк IKEA компаниясы өз тұтынушыларына үйге қажеттi барша тауардың басын бiрiктiрiп, брендтiк үлгiдегi тұрмыстық заттардың iшiнен «Бал Текстильдiң» кiлемдерiн ұсынып отыруы да сол сапаның арқасында қол жеткізген табысымыз.
Ал мұның бәрі де еліміздің өз саясаты, өз экономикасы қалыптасуына негіз болған Тәуелсіздіктің арқасы дер едім. Кәсіп ашамын деушілерге мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау, қамқорлық аз емес. Олай болса бүгінгі жастарға «Еңбекқор болыңдар, жетістікке жетудің басты негізі аянбай еңбек етуде жатыр» дер едім.

 


Талғат ЫСҚАҚОВ,
«БалТекстиль»
ЖШС-ның
директоры, кәсіпкер

«Тудан қасиетті нышан жоқ»

Вторник, 15 Декабрь 2020 05:06

Б. Қонысбек

Қазақстанның тар жол, тайғақ кешуден өтіп, қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткергені ақиқат. 1991 жылдан бері Қазақ елі дамудың даңғыл жолынан өтті. Биік асуларды бағындырып, орасан жетістіктерге жеткені де шындық. Бірақ мұның бәрі оңайға түскен жоқ. Талай рет тағдырлы шешімдер мен айтулы оқиғалардың, игілікті істердің куәсі болдым. 

Тәуелсіздік мерекесі жақындағанда инаугурация рәсімі есіме түседі. 1991 жылы Оңтүстік Қазақстаннан бірнеше азамат Алматыға аттандық. Осылайша Қазақстанның Тұңғыш Президентін сайлаған соң біз бірінші рет инаугурацияны өткіздік.
Не керек, рәсім көпшіліктің көңілінен шыққандай. Нұрсұлтан Әбішұлы ант беріп, еңкейіп Мемлекеттік Туды сүйді. Сөйтіп орнына қайтып бара жатқанда... Сол сәт есіме түссе, жүрегім атқақтай соғады. Көз алдымызда сахна төріндегі көк байрағымыз қисайып, құлап бара жатты. Мұны күтпеген жұрт шу ете қалды. Қобалжыған, демін ішіне тартқан көптің эмоциясы ешкімді бей-жай қалдырмады. Кенет Елбасы туды қолымен қағып алып, тұғырына орнатты. Ту сыртындағы мемлекеттік рәміздің құлап бара жатқанын қалай сезіп, ұстап қалғанына зал толы адам қатты таңырқады. Сүйсінгенімен қатар «уһ» деп қобалжыған көңіл орнына түсті. Маған сол оқиғаның символдық мәні бар сияқты болады да тұрады. Шындығында, Нұрсұлтан Әбішұлы – қазақтың жығыла жаздаған Туын қайта тіктеген азамат. Ал Қазақ үшін көгінде желбіреген көк байрақтан қасиетті нышан жоқ.
Тәуелсіздік күні ресми бекітілген мерекелік дата ғана емес. 16 желтоқсанды тәуелсіздік жолындағы күрестің нүктесін қоюмен бірге, оның басталған күні де болды. Әр қазақстандық оны өзінің жеке тәуелсіздігі мен табысты күні ретінде мерекелей алады.
Бүгінгі ұрпақ бақытты. Өйткені, тәуелсіздіктен қымбат ештеңе жоқ. Біз мәңгілік ел болудың даңғыл жолына түстік. Алла осы жолдан тайдырмасын деп тілеймін!

 

Байдулла Қонысбек,
Қазақстанның Құрметті
журналисі

Сара жолға – сенімді тірек

Вторник, 15 Декабрь 2020 05:05

Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 29 жылында ғасырға бергісіз даму жолынан өтті. Еліміз халықаралық қауымдастықта лайықты орын алып, әлем елдерімен терезесі тең қарым-қатынас орнатты. Экономикамыз дамып, халықтың әл-ауқаты жақсарды. 

судьяТарихи дамудың осы кезеңінде қазақ мемлекеттілігін нығайта түсу үшін не істеуіміз керек? Тәуелсіздікті тұғырлы ету, мемлекеттілікті нығайта түсу үшін атқарылуы тиіс шаруаның ең маңыздысы — әділ де ашық сот жүйесін құру.
«Менің тағдырым да, балаларымның болашағы да осы елмен байланысты. Мемлекет менің денсаулығымды, мал-мүлкімді қорғап, құқығым мен ар-ожданымды аяққа таптатпайды» деген сенім азаматтардың көңіліне берік орныққанда ғана олар ел алдындағы жауапкершілікті сезінбек. Олай болса, азаматтардың мемлекетке деген сенімі — Тәуелсіздіктің негізгі тіректерінің бірі.
Міне, мәселеге осы тұрғыдан қарағанда сот жүйесінің дамуы айрықша маңызға ие. Себебі, азаматтардың мемлекетке деген сенімінің негізінде сотқа деген сенім жатады. Бүгінде Елбасының 100 нақты қадамнан тұратын Ұлт Жоспары аясында сот саласы жедел реформаланып жатыр. Атап айтқанда, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру, яғни, бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшіру бағытында атқарылған істер үлкен мәнге ие. Сондай-ақ, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту бойынша нақты істер атқарылды.
Отандық сот жүйесін одан әрі қарай жетілдіру, жергілікті соттардың рөлін арттыру, судьялардың тәуелсіздігін жоғарылату – басты назарда. Жүргізіліп жатқан реформалар адал, әділ, өз ісіне қалтықсыз берілген, заңдылықты сақтаудың озық үлгісін көрсеткен судьяларды қорғау жағдайларын қарастырады. Сонымен қатар, өз ісіне немқұрайлы қарайтын, Судьялар әдебі кодексін, заң талаптарын бұзуға жол беретін судьяларға жауапкершілікті қатаңдатады.

 

Ә.ШАХИДИНОВ,
Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған
ауданаралық сотының
төрағасы

ТӘУЕЛСІЗДІК: ЖЕМІСТЕР МЕН ЖЕҢІСТЕР

Вторник, 15 Декабрь 2020 05:01

14

Тәуелсіздік жылдарында:

Жаңадан 104 кәсіпорын іске қосылды, 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны ашылды. Оның 7,5 мыңы жаңа кәсіпорындардың үлесінде.

2001 жылы Шымкентте жұмыссыздық деңгейі 17,2 пайыз болған еді. Қазір 5,2 пайызды құрап отыр.

Түрлі салаларға құйылған инвестицияның жалпы көлемі 1,2 триллион теңгеден асты.

Балабақшалардың саны 129-дан 500-ге дейін көбейді. Нәтижесінде бүгінде бүлдіршіндердің 99,1 пайызы балабақшада асыр салып жүр.

1991 жылы Шымкентте 72 мектеп болса, бүгінде 169 (142-сі мемлекеттік) білім ұясы жұмыс істейді. Онда 214 мың 236 оқушы білім мен тәрбие алуда.

Қалада өмірдің күтілетін орташа ұзақтығы 73,6-дан 74,6 жасқа дейін ұзарды. Ана өлімі 63 пайызға, яғни, әрбір мың жағдайдағы 19,6-дан 7,3-ке дейін қысқарды

Орташа жалақы 2000 жылы 11 882 теңге болған. 2020 жылы бұл көрсеткіш 152,5 мың теңгеге жетті.

Психикалық сауықтыру, кардиология, перинаталды, қан, «Мейірім», «Ана мен бала» сауықтыру орталықтары пайдалануға берілді. 3 емхана мен кардиологиялық орталықтың жаңа корпусы ашылды.

Пайдалануға берілген баспананың көлемі 2,4 есе көбейді. 1991 жылы 212 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, бұл көрсеткіш 2019 жылы 560 мың шаршы метрге жетті. Тәуелсіздік жылдарында жалпы 80 мың пәтер салынды.

Қала тұрғындарының 94,7 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесін пайдаланып отыр.

 

Тәуелсіздік – көзіміздің қарашығы

Вторник, 15 Декабрь 2020 04:53

45-009

Тәуелсіздік – көзіміздің қарашығы. Ұлт рухының көрінісі. Ол өте қымбат нәрсе. Бағасы жоқ. Ол баяғы біз айдың, күннің аманында айырылған Алтын Орда империясының елесі.

Ертіс, Еділ, Сырдария орнында қалған. Сол бұрынғыдай арнасында ағып жатқан. Қаратау мен Ұлытаудың да басын бұлт шалудан танбаған. Сексеуіл мен құлқайыр жайқалып өсіп тұрған. Бірақ елдік ұғымына сызат түскен. Станның сыны кетіп тек сыры қалған. Рәміздердің бояуы оңып, дулығалы бас жалаңбас қалып, қайқы қылыштың жүзін тот басқан. Хан тағы болыстың кәкір-шүкір кеңсесіне айналды. Ел есінен, жұрт жадынан айырылды. Сарыарқада сайран құрған жұрттың бар місе тұтары қол қусыру мен сары уайым ғана боп қалды.

Артынан екі басты самұрық шеңгелі қызыл бесжұлдыздың бейберекетіне ұласты. Айтуға ауыз бармайды. Жүрек ауырады. Осы бір кезді. Мәңгүрттіктің марсельезасы миымызды торлады. Көкбөрі цирктің қолға үйретілген көнбіс аңына айналды. Көйлегіміз көк, қарнымыз тоқ болды. Рас. Бірақ жүрек аш болды. Іштен бірдеңе үнемі ұлып отыратын. Бір зар бар еді. Бітпейтін. Жаныңды жегі құрттай жейтін. Елдік зары еді ол. Онсыз қара бастың қамын қанша күйттесең де, көңіл күй хошың бір болмас.
Осындай бір алмағайып заманда бұлдыр арман анық ақиқат бейнеге енген. Фото негатив позитивке айналып, Алтын Орда елесі қайтадан анық сурет боп, қалқып су бетіне шыққан. 1459 жылы солғын тартып, 1731 жылы сөнуге айналған нұр 1991 жылы қайтадан мол жарығы бар бедерлі жұлдызға айналды. Қарайған жүрекке жарық сәуле кірді. Ол иман сәулесі. Ол сәуле миымыздағы микробтарды өртеді-ай! Маймылды ата-тегімізге балаған Дарвиннің данышпандығы құр әшейін пұш дән боп шықты. Мавзолейдің мәйіт тұрғыны қолдан тоқыған саяси ертегі Ер Төстіктің жанында жіп есуге де жарамсыз өрмекшінің торы боп шықты әншейін. Тамырымызға қатты зардап келген. Қанша кеуіп, қураса да мерт болмаған тағы. Нәр бар екен, сөл бар екен әйтеуір. Қураған томар боп қалудан Тәңіріміз сақтапты. Құдайға шүкір. Өлгеніміз тірілді. Өшкеніміз жанды. Енді сол жарықты сөндіріп алмау жағы – біздің басты уайымымыз болмағы ләзім. Бар қауқар соның төңірегінде сарп етілуі керек. Ананың ақ сүтін сол үшін емген боп, атаның қажыр қайраты сол үшін шығын болмағы жөн. Егін сол үшін егіліп, мұнай сол үшін өндірілмегі мақұл. Ми сол үшін ашып, жүректің сол үшін жыбырлағаны керек. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалуды қаласаң, әні істейтін ісің сол. Онан өзге татырлық не іс бар? Не қызық бар басқа?! Мынау аумалы-төкпелі дүниеде. Ұлттық кодыңды тауып ал әуелі. Ол бес нәрсе: дін, тіл, тарих, салт-дәстүр һәм атамекен жер. Өркениеттің іргетасы бұл бесеуі. Іргетассыз өркениет – қара тасқа ұрық шашқанмен тең нәрсе. Ұлттық код – іргетас. Рух – мазмұн. Өркениет – форма. Осы формула жөн. Елдік сұлбасын соғайық солай. Серттестік, осыған ағайын. Тәуелсіздік – сондай ірі істі атқару үшін берілген мүмкіндік қой. Ұлы мүмкіндік. Одан қапы қалуға, құр қалуға болмайды. Қапы қалсаң, құр қалсаң өзек өртер өкініш тек көрерің. Ол өзек өртер өкініштің ғасырларға созылып кетуі әбден кәдік. Ондайды біз көрдік. Бетін әрі қылсын, енді оның бізден. Қайта дерттенгіміз келмейді. Көсегеміз көгеру үшін күнкөрістік күйбеңді мұрат тұтуды қою керек. Ұлы Құт еліне айналуды ұран етіп, сол іс үшін шын шарттасып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару қажет бізге. Ел-жұртқа. Әуелі ой, идея бірлігі. Рух бірлігі. Ми бірлігі. Кейін күш-қайрат дене бірлігі. Қазақ кредо осы!

 

Ақжол ҚАЛШАБЕК,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың Мұхтартану ғылыми зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, доцент. ф.ғ.к.

"Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер тұлғаларға аттестаттау жүргізу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына 28.05.2020 ж. № 62 Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. бұйрығымен бекітілген Нотариаттық қызмет мәселелері бойынша мемлекеттiк көрсетілетін қызметтің қағидаларына сәйкес өткізіледі.

Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер тұлғаларды аттестаттауды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың әділет департаменттері (бұдан әрі-көрсетілетін қызметті беруші) болып табылады.

Нотариаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияға www.egov.kz; www.elicense.kz (бұдан әрі - портал)

арқылы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құжаттарды қоса бере отырып, өзін аттестаттауға жіберу туралы өтініш жібереді.

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет тегін көрсетіледі

Жұмыс кестесі көрсетілетін қызметті беруші - демалыс және мереке күндерінен басқа, дүйсенбі-жұма аралығында, сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін; портал - жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде, өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелері келесі жұмыс күні жүзеге асырылады)

Аттестаттау қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына бір реттен кем емес өткізіледі.

Нотариаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарға қойылатын негізгі талаптар: жиырма бес жасқа толған, жоғары заң білімі бар, заңгер мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар, нотариуста кемінде бір жыл мерзімде тағылымдамадан өткен Қазақстан Республикасының азаматы бола алады.

Заңда белгіленген тәртіппен соттылығы өтелмеген немесе алынбаған, белгiленген тәртіппен іс-әрекет жасауға қабiлетсіз не iс-әрекет жасауға қабілеттілігі шектеулi деп танылған адам нотариус бола алмайды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтары немесе 36-бабы негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылған адам осындай оқиғалар басталғаннан кейін үш жыл бойы, теріс себептер бойынша мемлекеттік, әскери қызметтен, прокуратура органдарынан, өзге де құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан шығарылған, сондай-ақ судья лауазымынан босатылған адам шығарылған (босатылған) күннен бастап бір жыл бойы, әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адам осындай оқиғалар басталғаннан кейін үш жыл бойы, нотариаттық әрекет жасау кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына жол бергені үшін мемлекеттік нотариус лауазымынан шығарылған адам, нотариаттық қызметпен айналысу құқығына арналған лицензиядан айырылған адам, егер шығарылған күнінен бастап үш жылдан аз уақыт өтсе, теріс себептер бойынша заң консультанттары палатасының тізілімінен шығарылған адам да нотариус бола алмайды.

Нотариаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияға www.egov.kz; www.elicense.kz (бұдан әрі - портал)

арқылы төмендегідей қажетті құжаттар тізбесін ұсынады:

1) өтініш,

2) нотариаттық қызметпен айналысу құқығына аттестаттаудан өту үшін мәліметтер нысаны;

3) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі.

Құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаған жағдайда, өтініш "электрондық үкіметтің" веб-порталына келіп түскен күнінен бастап 2 (екі жұмыс) күнінен кешіктірілмейтін мерзімде оларды қарамастан, қайтару себебі туралы хабарламамен бірге үміткерге қайтарады.

Нотариаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссия, ұсынылған құжаттардың заңдылығын 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қарап, қарау қорытындылары бойынша үміткерді аттестаттауға жіберу не жіберуден бас тарту туралы шешім шығарады.

Аттестаттауға жіберілген үміткер адамдарды көрсетілетін қызметті беруші аттестаттаудың өтетін орны, күні, уақыты, тәртібі туралы ұялы телефонға смс-хабарлама беру арқылы немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" оны өткізгенге дейін күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей хабарлайды.

Аттестаттау екі кезеңнен тұрады:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге компьютерлік тест тапсыру;

2) емтихан билеттері бойынша ауызша тапсырманы орындау.

Нотариаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдар аттестаттау тілді (қазақ немесе орыс) өз өтініштері бойынша айқындады.

Тестілер мен емтихан билеттеріне енгізілуге жататын сұрақтардың тізбесін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі қалыптастырады және бекітеді. Үміткерлер Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі, «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу туралы» ҚР Заңы, «Тұрғын үй қатынстары туралы» ҚР Заңы, «Нотариат туралы» ҚР Заңы, Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы, Қазақстан Республикасының Жер кодексі, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңдарын білуі тиіс.

Тестілеу компьютер техникасын пайдалана отырып өткізіледі. Тестілеуге бөлінген уақыт тоқсан минутты құрайды.

Аттестаттаудан өту үшін ұсынылған сұрақтардың жалпы саны 100 (жүз) сұрақты құрайды.

Тестілеудің дұрыс жауаптарын есептеу қолданылатын компьютерлік бағдарламаның көмегімен автоматты түрде жүргізіледі. Егер дұрыс жауаптар саны ұсынылған сұрақтардың жалпы санынан 70 (жетпіс) және одан жоғары болса, үміткер тестілеуден өтті деп саналады және екінші кезеңге жіберіледі.

Емтихан билеттері нотариаттық қызметті жүзеге асыру үшін білуі қажет құқықтық пәндердің тақырыбына сәйкес болуы тиіс үш сұрақтан тұрады.

Үміткердің емтихан билеттерінің сұрақтарына ауызша жауаптарының дұрыстығын комиссия мүшелері балдық жүйе бойынша бағалайды.

Егер жалпы орташа балл 4 (төрт) және одан жоғары балл болса, үміткер аттестаттаудан өтті деп есептеледі.

 

 

Шымкент қаласының Әділет

департаментінің құқықтық түсіндіру

және халыққа заңгерлік қызмет көрсету

бөлімінің бас маманы

М.А.Темірхан

ҚАУЛЫ

Шымкент қаласы

11.12.2020ж.

 

ПОСТАНОВЛЕНИЕ

город Шымкент

 №45

 

Мен, Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Абдиманап Кошкарович Тулебаев, Қазақстан Республикасының 2020 жылдың 7 шілдедегі № 360-VI ҚРЗ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 104 бабына, «Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 23 қазандағы №57 қаулысына (бұдан әрі - ҚР БМСДҚ №57), «Карантиндік шектеу шаралары және оларды кезең-кезеңмен жеңілдету туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 23 қазандағы №58 қаулысына (бұдан әрі - ҚР БМСДҚ №58), «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 23 қазандағы №59 қаулысына (бұдан әрі - ҚР БМСДҚ №59), «Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 23 қазандағы №59 қаулысына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 27 казандағы №61 қаулысына (бұдан әрі - ҚР БМСДҚ №61), «Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 02 қарашадағы №62 қаулысына (бұдан әрі - ҚР БМСДҚ №62), «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №239 бұйрығына сәйкес, COVID-19 аурушаңдығының тіркелуінің жалғасуына байланысты, вирусты пневмония ауруының өсуіне орай және халық арасында коронавирустық инфекцияның таралуын алдын алу мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 6 қарашадағы №42 қаулысына келесі өзгерістер және толықтырулар енгізілсін:

1) 3 тармақтың 3.5. тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«3.5. азық-түлік базарларымен, азық-түлік емес базарлардың (мамандандырылған, киім-кешек, мал және автокөлік базарлары), жәрмеңкелердің қызметі, сыйымдылығы 30% аспайтын және 1 келушіге 4 шаршы метр арақашықтықты сақтаумен жұмыс күндері сағат 06:00-ден 18:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері 09:00-ден 17:00-ге дейін шектеліп, жабық емес базарлар қалыпты жағдайда жұмыс істейді. Бұл ретте, санитариялық-дезинфекциялық жұмыс жүргізуге аптаның бір күні белгіленсін. Жәрмеңкелердің жұмысын санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып ұйымдастыру, оның ішінде дезинфекциялық тоннельдерді және санитайзерлерді орнатуын қамтамасыз етілсін»;

2) 3 тармақтың 3.6. тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«3.6. орналасқан орнына қарамастан барлық азық-түлік гипермаркеттерінің, супермаркеттерінің, шағын маркеттері мен үй жанындағы дүкендерінің жұмыс, демалыс және мереке күндері сағат 09:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс уақыты шектелсін»;

3) 3 тармақтың 3.7. тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«3.7. көше форматында ашық алаңда жұмыс жасайтын қоғамдық тамақтану нысандарының және 50 орынға дейін арналған үстелдер орналастырылған үй-жайдағы қоғамдық тамақтану нысандарының (кафе, мейрамханалар, лаундж-барлар, фудкорттар, спорт-барлар, барлар, асханалар, кофейнялар және кулинариялар), сонымен қатар сауда-ойын-сауық кешендерінің ішінде орналасқан нысандардың қызметі (келушелірге қызмет көрсету) жұмыс, демалыс және мереке күндері сағат 07:00-ден 23:00-ге дейін шектелсін. Қоғамдық тамақтану нысандарында азық-түліктерден дайындық жасау, жинау-дезинфекциялау іс-шаралары қалыпты режимде жүргізілсін. Салтанатты, естелік іс-шараларын өткізуге (корпоративтер, банкет, той, еске алу, туылған күн, мерейтой, шығарып салу, құдалық, беташар және тағы басқа), қоғамдық тамақтану орындарында банкеттердің өткізілуіне және кальянды пайдалануға тыйым салынсын»;

4) 3 тармақтың 3.12. тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«3.12. көрермендердің қатысуынсыз бір мезгілде шоғырлану 100 адамнан аспайтын, ҚР БМСДҚ №57 қаулысының талаптарын және тиісті аумақтық Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің келісімі бойынша күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтаған жағдайда, Қазақстан Республикасының чемпионаттарын және (республикалық бірыңғай күнтізбе бойынша) республикалық жарыстарды қоспағанда, көрмелерді өткізуге, спорттық, отбасылық, салтанатты, еске алу іс-шараларын, жаппай жаңа жылдық іс-шараларды (оның ішінде мектепке дейінгі ұйымдарында бөгде адамдарсыз және көрермендердің қатысуынсыз әр топта бөлек өткізілетін таңертеңгіліктерді қоспағанда, балалардың таңертеңгіліктерін ұйымдастыруды, жаңа жылдық мерекелік тойлауларды), форумдарды, конференцияларды, семинарларды және адамдардың көп жиналуына қатысты іс-шараларды, оның ішінде үйлерде іс-шараларды өткізуге тыйым салынсын»;

5) 3 тармақтың 3.25. тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«3.25. сауда-ойын сауық орталықтарының, сауда үйлерінің (дүңгіршіктердің), сауда желілерінің сыйымдылығы 30% аспайтын, бір келушіге 4 шаршы метрден кем емес арақашықтықты сақтаумен жұмыс күндері сағат 09:00-ден 23:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері 09:00-ден 22:00-ге шектелсін»;

6) 3 тармақтың 3.26. тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«3.26.   цирк, көңіл көтеру мекемелерінің (караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, балалардың ойын алаңдары және жабық бөлмелердегі аттракциондар, батуттар және тағы басқалар), букмекерлік конторлар, сауда-ойын-сауық кешендеріндегі, сауда орталықтарындағы, сауда үйлеріндегі мұз алаңдарының жұмысына тыйым салынсын. Кинотеатрлардың (сыйымдылығы 50% аспайтын, «InfoKazakhstan.kz», порталда тіркелуін, бетперде кию режимін, әлеуметтік қашықтық сақтаумен, шахматтық ретпен отыруын және ҚР БМСДҚ №57 қаулысының талаптары сақталған жағдайда) жұмыс күндері сағат 09:00-ден 23:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері 09:00-ден 22:00-ге дейін жұмысын шектеумен рұқсат етілсін. Ашық алаңдағы кинотеатрлардың жұмысы бетперде кию режимі, әлеуметтік қашықтық сақталған жағдайда жұмысына қалыпты режимде рұқсат етілсін»;

7) 4 тармақтың 4.1. тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«4.1. жұмыс, демалыс және мереке күндері қоғамдық көлік қозғалысының уақыты сағат 07:00-ден 23:00-ге дейін рұқсат етілсін. Бетперделердің киілуі, толымдылығы отыратын орын санынан аспауы қадағалансын».

2. Қаулының талаптарын, нысанның меншік иесіне қарамастан, барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауы міндетті.

3. Осы Қаулы бұқаралық ақпарат құралдарда жариялансын, барлық мүдделі ведомстволар мен ұйымдардың назарына жеткізілсін және әлеуметтік желілер арқылы таратылсын.

4. Осы Қаулының орындалуын бақылауды өз құзырымда қалдырамын.

5. Осы Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

 

 

Шымкент қаласының

Бас мемлекеттік

санитариялық дәрігері

А.Тулебаев

Сұлу сөз емес, мазмұны бай іс керек

Пятница, 11 Декабрь 2020 04:22

55666

Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізді

Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында мемлекеттік жоспарлау жүйесін қайта құру әдістері қарастырылып, макроэкономикалық саясат, әлеуметтік саланы дамыту, экономиканы әртараптандыру және бизнесті реттеу, сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау, мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі консультативтік комитеттердің жетекшілері баяндама жасады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі бағдарламалар мен реформалардың дәйектілігін және өзара сабақтастығын қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті.
– Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі догматизм мен көзбояушылықтан толық ада болуы қажет. Сұлу сөз қаншалықты аз болса, мазмұны соншалық бай болады. Ол атқарушыларға іс-қимыл еркіндігін беру үшін өте прагматикалық болуы тиіс. Атқарушыларға қосымша жұмыс жүктемеу аса маңызды. Яғни, басқа нақты істерге нұқсан келтірмеу үшін бұл бағыттағы жұмыстарға күш түсірмеу керек. Үкімет сарапшылардың қоғамдастығымен және жұртшылықпен тығыз ықпалдастықта жұмыс істеуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мемлекеттік жоспарлау реформасы жүйесінде цифрландыруды жеделдету мәселесіне баса мән беруді тапсырды. Сонымен қатар мемлекеттік органдар жүзеге асырып жатқан құжаттар мен бағдарламалардың барлық сатысына талдау жасау қажет.
– Тәуелсіздік жылдарында көптеген бағдарлама жасалды. Оның біразы күшін жойды, жаңа бағдарламалар мен құжаттар пайда болуда. Олардың бәрін сатылы түрде жүйелеп, қажет еместерінен арылу керек. Жоспарлаудың атқарушыларға және халыққа мейлінше түсінікті әрі ашық жүйесін жасаған жөн, – деді Президент.
Мемлекет басшысы консультативтік комитеттер жұмысының маңыздылығына назар аударып, бірінші кезектегі реформалардың тізімін анықтауға және оларды жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарға байланысты нақты міндет жүктеді. Сондай-ақ Президент Әлеуметтік кодекс, «Цифрлық Қазақстан», «АӨК-2025» сияқты ірі реформалардың әзірленуіне ерекше назар аударуды тапсырды. Барлық тараптар үшін ашық әрі бірыңғай тәртіп орнатудың мәні зор. Әділ бәсекелестік қалыптастыру, әкімшілік қысымдарды болдырмау – экономикалық өсімнің жүйелі шарты.
Президент сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау мәселесіне де назар аударды. Оның пікірінше, сот және құқық қорғау қызметіне озық IT-технологияны енгізу және цифрландыру жұмыстарын жалғастыру керек. Судьялар корпусы мен құқық қорғау органдарындағы жеке құрамның кәсіби біліктілігін арттыруға баса мән беру қажет.
– Бізге жүйелі, соның ішінде, кадрлық сипаттағы шаралар қабылдау керек. Жоғарғы Соттың судьясы немесе облыстық соттардың төрағасы болсын судья лауазымына тағайындаған кезде, ең алдымен, судьялар корпусының өзінде үлкен мәселе туындайды. Олар бір-бірін кәсіби біліксіз, жеке және басқа да байланыстарын пайдаланады деп кінәлайды. Осы тиімсіз тенденцияларды біржола жою қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде реформалар жүргізу барысында барлық заңнамалық өзгерістер мұқият әрі егжей-тегжейлі пысықталуы керек екенін айтты.
– Бұл жерде мынадай мәселелерді түсіну маңызды: Қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнаманың жиі өзгеруі құқық қолдану тәжірибесінің тұрақтылығына нұқсан келтіреді. Қателесу қаупін арттырады. Бұл азаматтарымыздың тағдырына әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл бағыттағы қадамымыз дұрыс. Келесі жылы осы саладағы реформалар жақсы қарқын алып, нақты нәтижелер көрсетуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары мемлекеттік басқарудың барлық жүйесі Қазақстан халқына адал, шынайы қызмет етуі керек екенін айтты. Мемлекеттік басқарудың барлық жүйесін – мемлекеттік қызметтен жергілікті өзін-өзі басқару деңгейіне дейін іс жүзінде қайта құру қажет.
Жиын қорытындысы бойынша ҚР Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің 2021 жылға арналған жұмыс жоспары және консультативтік комитеттердің құрамы бекітілді.

Страница 10 из 445