Шымкент қаласы – биылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы жылы аясында жоспарланған іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге дайындық үстінде.

IMG 20200225 161718

Осы мәселеге орай қаланың бизнес өкілдерімен өткен басқосуда қала әкімінің орынбасарлары Мақсұт Исахов, Алмасбек Мамытбеков, қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев қонақ үйлердің, мейрамханалардың, туристік агенттіктердің, хостелдердің өкілдерін серіктес болуға шақырды.

Мерейлі мереке аясында халықаралық деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылу жоспарланып отыр. Қажымұқан атындағы Орталық стадионда өтетін Мәдени астана жылының ашылуына қызу дайындық жүргізілуде.

Халықаралық ұйым басшылары келеді.

– Қазақ елінің қонақжайлылығын көрсететін сәт бұл. Сондықтан ауқымды да маңызды іс-шараны абыроймен атқаруымыз керек. Осы орайда серіктес болып, көмектесетіндеріңізге сенеміз, – деді Мақсұт Пернебайұлы.

Кәсіпкерлер мен Шымкент қаласы әкімдігі арасында жасалған әріптестік келісім іс-шаралардың тиімділігін арттырады. Жалпы қаладағы 17 мейрамхана, 15 қонақүй басшылары мен қала әкімдігі арасында өзара келісім-шарт жасалды. Яғни кәсіпкерлерге қонақжайлылық таныту, бағаны көтермеу міндеттеліп отыр.

Шымкентте «Nur Otan» партиясы Саяси менеджмент мектебінің семинар тренингі өтті.

саяси менеджмент

«Саяси коммуникациялар» тақырыбындағы семинарға бастауыш партия ұйымы жетекшілері, белсенді мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары қатысты. Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облысынан да тыңдаушылар келген басқосуға жалпы 100-ге жуық адам жиналды.

Саяси менеджмент мектебінің директоры Шыңғыс Нұрланұлының айтуынша, биыл еліміз бойынша 1700 белсенді азаматты оқыту жоспарланып отыр. Негізгі мақсат – көпшіліктің алдында дұрыс сөйлеу, партиялық бағдарламаларды жеткізу бойынша әдіс, тәжірибелерін дамыту.

Шымкентке жұмыс сапарымен келген Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек дәріс тыңдаушылармен кездесті.

– Бастауыш партия ұйымдары өкілдерінің дәріс тыңдауына барлық жағдайды жасадық. Білім алу, бірлесе тәжірибе алмасудың берері мол. Біз адамдардың санасын дамытуға жұмыс істеуіміз керек. Халықпен дұрыс диалог орнатуға мән берейік. Ең басты мақсат – қарапайым азаматтардың сенімі, – деді Бауыржан Қыдырғалиұлы.

Партия Төрағасының Бірінші орынбасары жұмыс сапары барысында партиялық бақылауға алынған өтініштердің орындалуын тексерумен қатар, Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, зиялы қауыммен, жастармен және қаланың басқа да белсенді тұрғындарымен кездесуді жоспарлап отыр.

Шымкент қаласындағы Әл-Фараби, Абай, Еңбекшi және Қаратау аудандарында «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында 2019 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланды.

4 аудан

Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов, Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов, Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов және Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Бекназаров бағдарламалық мақаладағы алты бағыт бойынша жүзеге асқан жұмыстарды баяндап, 2020 жылғы жоспарларын таныстырды.

Былтыр төрт аудан бойынша да қайырымдылық көрсету, абаттандыру, шағын кәсіпкерлікті дамыту, ұлы тұлғалар есімін ұлықтау, ұлттық бірегейлікті сақтау бойынша бірқатар жұмыс атқарылған.
Ғабит Мәуленқұловтың айтуынша, 2019 жылы ауданда көп қабатты үйлердің аулалары мен елдімекендерге 14600 көшет отырғызылды. Бүгінде тарихи маңызы зор
Шымкент қалашығын (Цитадель) қалпына келтіру, Қажымұқан атындағы Орталық стадионды жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде.

– 2019 жылы атаулы әлеуметтік көмекті алған 2249 отбасы жанұялық кәсібін ашты. 10200 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 11 мерекелік, 25 қайырымдылық іс-шара ұйымдастырылды. Бағдарламалық мақаланы халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында аудандық ақпараттық-насихаттық топ 35 рет кездесу өткізіп, оған 55000-ға жуық аудан тұрғыны қатысты. 50-ден аса спорттық іс-шара өткізіліп, оған 42 мыңнан аса адам қамтылды. Жалпы 31 млн теңге қаржы қайырымдылық іс-шараларына жұмсалды, – деді аудан әкімі.

Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Молдабайұлы жомарт азаматтардан 12 млн теңге қаржы жиналып, қайырымдылық көрсетілгенін атап өтті.
Сондай-ақ, Абай ауданының әкімі Б.Парманов, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Е. Бекназаров та негізгі жұмыстарды баяндап берді.
Биыл төрт аудан бойынша да Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы және «Шымкент – мәдени астана» мерекесіне орай көптеген іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.

«Адам бұл өмірде бәріне дайын болу керек. Түрлі сынақтарға қарсы тұра білген адам ғана түптің түбінде жетістікке жетеді. Соңғы Олимпиадалық циклде қиын сәттерді бастан кештік. Бірақ жігерім сынбады. Өз-өзімді жігерлендіріп, тек алға қарай жүрдім. Әрдайым ізденіс үстінде болдым. Спортпен қоштасатын уақыт та жақындады. Алда басқа таңдаулар тұр». Ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин М. Әуезов атындағы ОҚМУ жастарымен кездесуде осылай деді.

86500929 1803160726485748 3454751725875888128 o

«Волонтерлер жылына» орай ұйымдастырылған жиында әйгілі спортшы ерікті жастар, жас спортшылар және студенттермен ашық сұқбат құрды. Іс-шараны ОҚМУ-дың бірінші проректоры Қайрат Нұрманбетов жүргізіп отырды.

Ильиннің таяуда ғана Ташкентте өткен халықаралық ынтымақтастық чемпионатынан жеңімпаз болып оралған беті осы. Соңғы рет 2014 жылы өз елімізде өткен әлем чемпинатында жанкүйерлеріне жарқын жеңіс сыйлаған. Одан кейін допинг дауының кесірінен Рио ойындарына да қатысқан жоқ. Міне, содан бері ешбір жарыста тұғырдан көріне алмады. Үлкен толқыныс үстінде жүрген спортшы көпшілікпен сырласып, іштегі бұлқынысын бір ақтарып алды.

Өмір алма кезек, деген осы. Ташкенттегі турнирде алтын жүлдені бұрынғы қарсыласы, бүгінгі досы Руслан Нурудинов тапсырды.
– Ұзақ үзілістен кейінгі бірінші рет жеңімпаз атандым. Нәтиже соншалықты керемет болмаса да, ең бастысы алтын медаль. Соған қуандым. Алтын жүлдені Руслан Нурудинов марапаттады. Кезінде екеуміз қарсылас болдық. Риода ол жеңімпаз атанды. Қанша жылдан бері спортта жүрмін. Спорттағы достық ең басты құндылық екенін түсінгендеймін. Иә, қиын жағдайларды бастан кештік. Осындай сәтте қолдау көрсеткен өз жанкүйерлеріме, халқыма ризашылығымды айтамын, – деді Илья көпшілікке рақметін жеткізіп.

Ильин Шымкентке келіп, студенттермен жүздесуді бұған дейін жоспарлаған. Сәті енді түскен. 4 дүркін әлем чемпионы, 2 дүркін Азия ойындарының чемпионы жақын уақытта спорттық мансабын аяқтауды жоспарлап отыр. 25 жыл бойы спорт залда жүру аз уақыт емес. Студенттер, оқытушылармен ашық әңгіме барысында әйгілі спортшы жетістікке жету сырларын, алдағы арман-мақсаттарын жайып салды.

86787688 1803161153152372 9019366884205658112 o

– Таяуда 32 жасқа толамын. Өмірімді жаңадан бастайтын тамаша кезең. Өзімді басқа салада танытқым келеді. Спорт менеджер ретінде бақ сынап көру ойымда бар. Ойда жүрген көптеген идея, бағыттардың біріне тоқталуым керек. Өкінішке қарай, мансабымды керемет жағдайда аяқтау мүмкін болмады. Қазір де жаттығуды үзгенім жоқ. Ауыр жарақаттардан аманмын. Азия чемпионатына дейін 2 ай қалды. Міне, қазір соған дайындалып жатырмын. Егер нәтиже ойдағыдай болса, қатысып жеңімпаз атануды көздеймін. Егер нәтиже көңілдегідей болмаса, жанкүйерлермен қоштасамын. Иә, мансабымды аяқтау нәтижеге байланысты болып тұр.

Бейжіңде алтын медаль алғанымда, 2020 жылғы Олимпиадаға дейін ғана спортта жүретінімді айтқанмын. Міне, сол сәтке де келіп жеткен секілдіміз, – дейді спортшы.
Университет басшылығы атынан Қайрат Еңбекшіұлы әйгілі спортшының еңбегін атап өтіп, оқу орнының «Құрметті профессор» куәлігін табыс етті.
Өз кезегінде И. Ильин де әріптестік орнатуға, білімі мен тәжірибесімен бөлісуге әрдайым дайын екенін атап өтті.

Біріккен ұлттар ұйымы 2020 жылы жол апаттарынан қайтыс болатындардың саны артатынын болжап отыр. Яғни, жол-көлік оқиғаларының салдарынан болатын адам шығынының үлесі 67 пайызға жетпек.

IMG 20200217 125504

БҰҰ-ның Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы да бар. Міне, мамандар апаттың алдын алуда дабыл қағып отыр.
М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Агроөнеркәсіп кешені мен су қоры мәселелері» ғылыми-зерттеу институтының директоры, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Мұсатіллә Тоқанов та бұл жайға алаңдаулы. Көптен бері геомагнитті толқындар және магнитті дауылдардың жол апаттарына әсерін ғылыми тұрғыда зерттеп жүрген ғалым редакциямызға келді.

Қала әкімі «Түркістан» сарайында есеп беру кездесуінен кейін, «Көрме» орталығында өзекті мәселелер бойынша азаматтарды қабылдады.
М. Тоқанов қала әкіміне сол кездесуде де осы мәселесін көтерген.

– Ең болмағанда адам өлімінің үлесін бір пайызға азайта алсақ, үлкен іс тындырған болар едік. Бұл жобаны шаһар басшысы М. Әйтеновтің өзі құптап отыр, – деп бастады әңгімесін ағамыз.
Тоқановтың бұл мәселені көтеріп жүргеніне біршама уақыт болды. Сөзден іске көшетін уақыт жеткендей. Негізінен, көлік апаттары көп болатын жерлер қазақшалап айтқанда «қанды жерлер» екенін дәлелдеп, ғылыми тұжырымдар жазып келеді. Ғалымның айтуынша, геомагнитті толқындар күшейген кезде жүргізуші қас-қағым уақытта сезімінен айырылып қалады: не бағдаршамды көрмей, не келе жатқан адамды байқамай, есінен адасады. Сол кезде жол апаттары болып, адам өлімі көбейеді.

Былтыр қыркүйек айында С. Бәйтереков көшесі мен Н.Назарбаев даңғылы қиылысында үлкен жол апаты болды. Автобус пен «Тойото» көлігі соқтығысып, салдарынан он үш адам жарақаттанған. Кондуктор әйел тілтартпай кеткен.

Осыдан үш жыл бұрын Алматы айналма жолында да үлкен жол апаты тіркелді. Тараздан Шымкентке келе жатқан «Мерседес» көлігі үлкен Хова көлігімен соқтығысқан еді. Спринтер көлігіндегі он сегіз адам бірден жантәсілім еткен.

Міне, Тоқанов сол көшелерді тексерсе, екеуі де толық геомагнитті толқында жатқандығын анықтаған. Сол кездерде магнитті дауыл болған болса керек.
– Бұл – менің ғылыми гипотезам. Қайтыс болған кондуктор жүргізушінің қалыңдығы екен. Қазан айында үйлену тойын жасамақшы болып жүрген. Соған жетпей осындай оқиға болды. Міне, осы жағдайларды тексергенде, гипотезам дәл келді. Жалпы, Шымкенттегі және Түркістан облысындағы «қанды жерлерді» жүйелі зерттеп келемін.

Айтып отырған ғылыми гипотезамның бәрі тура келді.Қаладағы ірі жол апаттары болатын жерлердің картасын да жасадық. Бәрі ғылыми дәлелденген тұжырымдар. Алайда айтылған мәселеге әлі ешкім назар аударар емес. Жыл сайын қаншама адам жол апатының құрбаны болып жатыр. Бұл әлі де зерттеуді қажет ететін сала, – дейді ғалым ағамыз.
Иә, адамның өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Ғалым ретінде тас жолда дәм-тұзы таусылып жатқандардың санын азайтуға үлесімді қоссам деген ой күні-түні мазалайды. Естір құлақ болса дейсің. Тым болмағанда, осындай апаттардан бір адамның болса да өмірін сақтап қалуды азаматтық міндетім деп біледі.

Енді не істемек керек? Тұжырымға келген кезде жол апатынан сақтандыратын ереже енгізуіміз керек. Мемлекеттік стандартқа сәйкес, геомагнитті толқынды аймақтардың картасын сызып, жол белгілерін енгізуіміз керек. «Өте қауіпті жол аймақ, сақ болыңыздар» деген секілді ескертулер ілген жөн.

Сондай-ақ, радиодан магнитті дауылдардың болатыны хабарланып отырса. Түптің түбінде институт ашу қажет екенін бұған дейін де айтып келеді.
Ғалымның алдына қойған ендігі мақсаты – Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізін тексеру. Сондағы геомагнитті толқынды аймақтың бәріне жол белгілерін орнатуды көздеп отыр. Бұл – әр өңірде қолға алынуы тиіс шаруа.

Ендеше, сөзден іске көшетін сәт жеткендей. Адамзат өмірін сақтайтын маңызды жобаны қала әкімінің өзі қолдап отыр.

Шымкент қаласының спортшылары өткен жылғы Жазғы Спартакиада ойындарында екінші орын алған болатын. Жалпыкомандалық есепте Алматы қаласынан кейінгі орынды иелендік. Алда – Олимпиада ойындары. Кімге үміт артамыз? Жолдама һәм жүлде алар споршылар бар ма? Бұл – ойлантарлық мәселе. Бір айта кетерлігі, жыл басынан Олимпиада жолдамалары сарапқа салынуда.

1580460657

Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарының алауы жағылуына санаулы уақыт қалды. Төртжылдықтың басты бәсекесі 24 шілде мен 9 тамыз аралығына жоспарланған. Қазірдің өзінде ел қоржынында спорттың 14 түрі бойынша 27 олимпиада лицензиясы бар. Екі жолдама Шымкент қаласы спортшыларына тиесілі.
Таяуда ғана Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшысы Тимур Құлыбаев XXXII жазғы Олимпиада ойындарына қатысты жиналыс өткізді.

– Токиодағы Олимпиада ойындарының басталуына аз уақыт қалды. Олимпиада лицензиясына таласып жатқан спортшылардың ғана емес, құрама команда дайындығын қадағалайтын топтың да жауапкершілігі артатын кезең келді. Ұйымдастыруға қатысты сұрақтардың барлығы ҰОК-те жұмыс істейтіндерге тікелей байланысты. Оның ішінде, спорттық бағыт, халықаралық бағыт, антидопинг мәселесі – барлығы да бар. Олар біздің күн сайынғы бақылауымызды талап етеді. Біздің бірлескен жұмысымызға спортшылардың табысы да байланысты екенін ұмытпау керек, – деді Тимур Құлыбаев.
Биыл отандық спортшылар екі лицензиялық әлем чемпионаты, 12 әлемдік іріктеу турнирі, 22 әлем кубогінің кезеңі, 30 Гран-При кезеңі мен халықаралық рейтингілік турнирлерге қатысады.

Басты мақсат – 10-ға жуық жолдама алу

Шымкент қаласының қоржынындағы екі жолдаманың иесі – Юрий Юрков пен Сәрсенкүл Рысбекова. Былтыр қарашада Дохада (Катар) өткен Азия чемпионатында оқ атудан Ю. Юрков және стенд атудан С. Рысбекова Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алған еді.

Қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаевтың айтуынша, лицензия алуда жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша іс-шаралар жоспарланған. Аға жаттықтырушылармен үміткер спортшыларға арнайы жеке жоспары түзілген.

– Токио Олимпиадасы және Паралимпиада ойындарына 17 спорт түрінен 55 үміткер спортшымыздың дайындығын әрдайым бақылауда ұстап отырмыз. Басқарма тарапынан оқу-жаттығу жиындарына, халықаралық, рейтингілік жарыстарға қатысу үшін барлық жағдай қарастырылуда. Қазіргі таңда үміткер спортшыларымыз Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде бірлескен оқу-жаттығу жиындарында қызу дайындықта. Жалпы, байдарка және каноэде есу, оқ ату, бокс, күрес, каратэ, таэквондо, семсерлесу, дзюдо және т.б., спорт түрлерінен жолдама алу мақсаты тұр.

ҚР бесінші Жазғы Спартакиадасы қорытындысы бойынша өте жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Бүгінде өңірімізден 500 ге жуық спортшы еліміздің ұлттық құрама сапында Олимпиадаға үміткер ретінде тіркелген. Оңтүстік өңірі бұған дейін 20-ға жуық жолдамаға иелік етіп жүретін. Енді дербес команда ретінде екі өңірге бөлінгендіктен, біз 10-ға жуық жолдама алу мақсатын қойып отырмыз. Әрине, әр Олимпиада ойындары жаңа жұлдызды шығаратынын білеміз. Токио ойындарында бұйырса, медальдан үміттіміз. Жақсы нәтиже көрсету үшін барлық мүмкіндік бар, – дейді басқарма басшысы.

Асаділов – әлем үздігі!

012420 karate1paris 01

Жалпы 10 жолдама алуға мүмкіндігіміз қалай? Оқ ату және стенд атудан алғашқы жолдамалар уысымызда. Әр спорт түріндегі мүмкіндіктерімізді саралап көрейік.
Ең алдымен карате спортындағы елеулі жетістікті атап өткенді жөн көрдік. Олимпиада ойындарына тұңғыш рет енгізілген каратеден Шымкент қаласының атағы аспандап тұр. Бүгінде қалалық №1 спорт мектебінің шәкірті Дархан Асаділов әлемдік және Олимпиадалық рейтингте бірінші орында тұр. Таяуда ғана Париждегі Премьер-Лига бәсекесінде 60 келі салмақ дәрежесінде Дархан Асаділов күміс жүлде жеңіп алды. Асаділов осы турнирден кейін де Олимпиадалық рейтингтегі көшбасшылық орнын сақтап қалды.

Аталған жарыста жинаған ұпай сандары оған қарсыластарынан көш ілгерілеп кетуге мүмкіндік берді. Осы жарыс барысында WKF (Дүниежүзілік карате федерациясы) басшылары өткен жылғы әлем үздіктерін марпаттады. Отандасымыз Дархан Асаділов 60 келіде 2019 жылғы әлемнің ең үздік татами шебері болып танылды. Бұл марапатты Дүниежүзілік федерация президенті Антонио Еспиноздың өзі табыс етті.

Бірінші орында тұрған Д. Асаділовтың рейтингтегі жинаған ұпайы – 10 365. Екінші орында тұрған түркиялық Эрай Самдан 9217.50 ұпайға ие. Үшінші орындағы бразилиялық Дуглас Броуздың 5355.00 ұпайы бар. Енді жағдайды ойша сараптай беріңіз.

Тағы бір шымкенттік ару София Берульцева + 68 келіде әлемдік рейтингте 7 орында келеді. 4665 ұпаймен. Аталған каратешілеріміз алда лиценизиялық Мадрид, Рабат, Токио Премьер-Лига жарыстарына қатысып, ұпайларын молайта түспек.

Дзюдо спортында да жағдайымыз тәп-тәуір. Рио ойындарының қола жүлдегері Отгонцэцэг Галбадрах ең жеңіл салмақта олимпиадалық рейтингте 9 сатыда тұр. 3193 ұпаймен. Яғни, тәжірибелі балуан әзірге жолдама иегері. 33 орынға жайғасқан Севара Нышанбаева (57 келі) да лицензияға жақын тұр. Ол құрлықтық квотаны алуға мүмкіндігі бар. Егер алдағы рейтингілік турнирлерде жақсы нәтиже көрсетсе. Олимпиадалық рейтинг 30 мамыр күні жаңарады. Міне, сол кезде қатысушылар тізімі ресми түрде анықталады.

Келесі үміткер – таеквондо тарланы Смайыл Дүйсебай. Қазір бұл спортшы (аса ауыр салмақ) әлемдік рейтингте 234,5 ұпаймен 10 орында. Дүниежүзілік Универсиада ойындарының күміс жүлдегері С. Дүйсебай да жолдамаға жақындап келеді. Лицензияға ресми түрде қол жеткізу үшін рейтингілік турнирлерде жүлделі орындардан көрінуі тиіс.

Боксшыларға артар сенім зор. 2019 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Закир Сафиуллин (63 келі), әлем чемпинатының күміс жүлдегері Жайна Шекербекова (51 келі), халықаралық турнирлердің жеңімпазы Ангелина Лукас (51 келі) ұлттық құрама сапында тер төгуде. Бапкерлер сенім артса, олардың да жолдаманы қоржынға салар әлеуеттері бар.

Сондай-ақ, байдарка және каноеде есу спортында Сергей, Тимофей Емельяновтар, Александр Емельянов, Ирина Подойникова, Стелла Суханова Токиоға баруға бар күшін салуда. Олар наурыз айының 22-30 аралығында Таиландтың Паттайя қаласында өтетін лицензиялық турнирге қатысады.

7017955

Көркем гимнастикадан жеңісті жолымыз жалғасын табуы тиіс. Азия ойындарының чемпионы Алина Әділханова сәуір айында өтетін Гран-При турнирінедайындық жүргізуде. Осы сында үздік үштіктің қатарына ілінсе, лицензияға қол жеткізеді. Одан бөлек, Әділханова үшін 08-10 мамыр аралығында Токиода өтетін Азия чемпионаты бар.

Оқ атудан Юрий Юрковтан бөлек, Рашид Юнусметов, Елизавета Король, Александр Ермаков, Зәуреш Байбосынова да лицензияға таласып көрмек. Стенд атудан Мария Дмитриенко, Анастасия Давыдова да өз бақтарын сынап көрмек.
Сондай-ақ, садақ ату, семсерлесу, ауыр атлетика, грек-рим күресі, жеңіл атлетика, батутта секіру спортынан да жолдама алу мүмкіндігі бар. Яғни, басқарма басшысының айтқан межеден шығуға мүмкіндігіміз жетерлік.

Жаңа жұлдыздың есімі кім?

Еселі еңбектің қайтарымы – нәтиже. Ел спортшыларының, қала берді Шымкент қаласы спортшыларының 2020 жылдағы басты мақсаты – Олимпиада ойындарына жолдама алып, табысты нәтиже көрсету. Әлем спортшылары қаңтар айынан бастап жолдама жолында тер төгуде.

Айта кетсек, қала спортшылары 2019 жылы Азия чемпионаттары мен кубоктарында 62 алтын, 34 күміс және 43 қола медальге қол жеткізсе, Әлем чемпионаттары мен кубоктарында 20 алтын, 13 күміс және 22 қола медальге ие болды. 1 ҚР Еңбегі сіңген спорт шебері, 25 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 121 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 391 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды. Бұл – былтырғы нәтиже. Биылғы басты меже – Олимпиада ойындары. Мақсат – оған қатысып қана қоймай, жүлде алу.
Токио ойындары қыр астында тұр. Басқарма басшысының, спорт жанкүйерлерінің пайымынша, жаңа жұлдызды споршыны шығаруға әлеуетіміз жетеді. Ол кім болмақ? Ол – уақыт еншісінде.

ҚР Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, энергетика және коммуналдық-шаруашылық басқармасы өкілдері 2020 жылға коммуналдық қызметтердің тарифтері бойынша баспасөз брифингін өткізді.

 DSC8052

Департамент басшысының міндетін атқарушы Сәлима Бопова, табиғи монополияларды және бағаларды реттеу бөлімінің басшысы Айгүл Шолпанова, қалалық энергетика және коммуналдық-шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөз атқарылған жұмыстардан хабардар етті.

Сәлима Бақытжанқызының айтуынша, 2020 жылға сумен жабдықтау, сарқынды суларды бұру, жылумен жабдықтау қызметтерінің тарифтері өзгеріссіз, 2019 жылдың деңгейінде қалдырылды.

– 2020 жылдың 1 қаңтарынан коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуі жоспарланған еді. Бірақ департамент Шымкент қаласы әкімдігімен және табиғи монополиялар субъектілерімен бірлесіп тұрғындар үшін тарифтер өсімін тежеу бойынша ауқымды жұмыстар атқарды.

Атап айтқанда, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС, «Қуатжылуорталық-3» МКК, «3-Энергоорталық» АҚ, «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК, «Сайрам су» ӨК, «Тасқұдық БАҚ» ЖШС, «Родник-2004» ЖШС, «Нұр Арыстан» ЖШС, «Женис-Т» ЖШС» табиғи монополия субъектілері тұрғындар үшін тарифтерді төмендетуге және 2019 жылдың деңгейінде қалдыруға шешім қабылдады. 2020 жылы тұтынушылармен тарифтердің көтерілуіне жол берілмеудің нәтижесінде 2,32 млрд-қа жуық теңге үнемделеді, – деді С. Бопова.

Биыл газбен жабдықтау бойынша 1 текше метр газдың тарифі 32,47 теңгеден 31,59 теңгеге немесе 2,7%-ға төмендеді.
Департаменттің бөлім басшысы Айгүл Манапқызының айтуынша, 2019 жылы 585 арыз-шағым түскен. 212 шағым бойынша 32 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. 53 әкімшілік айыппұл салынып, 32 нұсқама берілген.

Қоғамдық санаға серпіліс қажет

Пятница, 31 Январь 2020 04:14

Жемқорлықпен күресудің жолы – парасатты қоғам қалыптастыру. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі жанынан құрылған республикалық ақпараттық-ағарту штабының мүшелері қала активімен кездесуде осылай деді.

ақпараттық штаб

Сындарлы диалог пен кеңейтілген ақпараттық іс-шаралар арқылы парасаттылық қағидаттарын дамытуды және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды мақсат еткен штабтың жұмысы қарқын алып келеді.
Жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов, республикалық үгіт-насихат штабының басшысы Ы.Тұрсынзада, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің өкілі Арман Бердалин, Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы А.Жұмағали, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен арнайы мониторингтік топтың мүшелері қатысты.

Агенттіктің өкілі Арман Бердалин штаб құрудың қоғам алдындағы маңызын түсіндіріп, сыбайластықтың алдын алуда қоғамдық санаға серпіліс жасау қажеттігін атап өтті.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру керек. Штабтың құрамында бірде-бір мемлекеттік қызметші жоқ. Бәрі де мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұрпақты тәрбиелеу жолында еселі еңбек етіп жүрген азаматтар. Жалпы 30-дан астам адам бар. Штабқа мүше боламын, жемқорлыққа бей-жай қарамаймын, адалдық принципіне үлес қоссам деген азаматтар болса, бәріне есігіміз ашық. Қоғам бізге қолдау көрсетуде, – деді Агенттіктің ресми өкілі А.Бердалин.

Агенттіктен парасаттылық департаменті ашылған. Бүгінде еліміздің ЖОО-да парасаттылық мектептері жұмыс істейді.
Штаб жетекшісі Ырза Тұрсынзада ұрпақ тәрбиесі жөнінде салмақты ойларын айтып, штаб жұмысын қоғам болып жандандыру қажеттігін жеткізді. Ұлттың бойындағы асыл қасиеттерді оятуға шақырды.

Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті жанынан құрылған ақпараттық-ағарту штабы жұмысын өткен жылдың соңында бастап, қазіргі таңда бірқатар ұжымдармен, жастармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Страница 3 из 53