Учаскелік инспекторды танисыз ба?

Пятница, 16 Сентябрь 2016 09:17

Әрбір адам өзінің тұрғылықты мекен-жайы бойынша бекітілген учаске инспекторын тануы тиіс. Сондай-ақ, учаскелік полицейлер де өзіне бекітілген әкімшілік аумағындағы тұрғындарды жақсы біліп, олардың әрқайсысы туралы мағлұматтардан хабардар болуы міндетті. Елбасы Н.Назарбаевтың Ұлт Жоспары – «100 нақты қадамында» халықтың қауіпсіздігіне баса назар аударған. Онда барлық құқық қорғау органдарының және бәрінен бұрын полицияның адамдардың мүддесі мен құқықтық тәртіпті нығайту қызметінде тұруына қол жеткізу қажеттігі айтылған. Қазір «Учаске» атты алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Оның аясында әрбір учаске инспекторы өз аумағына қарасты тұрғындармен танысып шығуы тиіс. Осы ретте тәртіп сақшыларының бір күндік жұмысы қандай екенін білмек болып, «Нұрсәт» шағынауданына арнайы барған едік.

«СӘЛЕМЕТСIЗ БЕ? МЕН УЧАСКЕЛIК ИНСПЕКТОРМЫН!»

DSC 0032

Учаске инспекторы Ердәулет Маткаримовке «Нұрсәт» шағынауданындағы 21 бес қабатты тұрғын үй бекітілген. Ол өзіне тиесілі әкімшілік аумағын күн сайын аралап, жергілікті халықпен танысады. Бұл жолғы жұмысы да солай жалғасын тапты. №155 үйге арнайы кіріп, пәтер иелері туралы толық мәлімет алды. Мәселен, тұрғындардың аты-жөні, неше баласы бар, пәтер кімнің атына жазылған, қай жерде жұмыс істейтіні секілді мәліметтерді учаскелік инспектор жіті сұрады. Сонымен қатар, ол қай пәтердің жалға берілетінін де білуі тиіс. Жұмыс барысымен қалаға келіп, уақытша пәтер жалдап тұратын Айдана Қауашова полицейдің барлық сауалдарына жауап берді. Тұрғындар Ердәулет Маткаримовты танитынын айтты. Ал №202 көпқабатты үйдің тұрғыны Нұрниса Жолдасова учаскелік инспектордың жиі келуі нәтижесінде аулада тәртіп орнағанын жеткізді.

Ердәулет Маткаримовтың айтуынша, жеке қоғамдық орында отырып шемішке шағу және темекі шегіп, оның тұқылын лақтырып тастау жайттары жиі кездеседі. 

– Мәселен, оқушылар аулада шемішке шағып, ластайды. Сол үшін күн сайын өзіміздің аумағымызда жүріп, оларға түсіндіреміз. Ал темекі шегіп отырған жерінде анықтасақ, 3 АЕК көлемінде айыппұл саламыз. Ол – 6363 теңге. Бір апта ішінде айыппұлдың 50 пайызын төлеуге мүмкіндігі бар. Айта кетерлігі, «Нұрсәтте» тәулікке жалға берілетін пәтерлер жоқ. Сондықтан, күндізгі немесе түнгі уақытта тұрғындардың мазасын алатындай оқиға жоқ, – дейді учаске инспекторы.

DSC 0121

Тіпті бұл туралы Facebook әлеуметтік желісін пайдаланушы, Шымкент қаласының тұрғыны – Айжан Ергешова өзінің парақшасында учаске инспекторларының үйіне бір емес, үш рет келіп, арнайы танысқанын жазған. Ол тәртіп сақшыларымен бірге суретке түсе алмағанына қынжыла отырып, форма киген азаматтарға сәттілік тілеген. Осыдан соң учаске инспекторларының беделі артқанын да жасырмады.

3,5 МЫҢНАН АСТАМ ӘКIМШIЛIК ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ

Қазір Шымкентте «Учаске» атты жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде. Оның аясында көпқабатты үйлердің әрбір пәтерін, аулаларды, жеке үйлерді аралап, онда тұрып жатқан адамдар жайлы ақпарат алу және қару иелерін, ІІО-да есепте тұратын тұлғаларды тексеріп, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Бұл іс-шараға ішкі істер органдарының барлық қызметтері және «Ұлттық ұлан» әскерилері қатыстырылып, кешенді тексерулер жүріп жатыр. Алғашқы күндері-ақ, 3,5 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық, оның ішінде «мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша 468 құқықбұзушылық анықталды. Сонымен қатар, 37 азамат профилактикалық есепке алынды. Іс-шара желтоқсан айына дейін жалғасады.

«НҰРСӘТТЕ» 9 УЧАСКЕЛIК ИНСПЕКТОР БАР

DSC 9915

«Нұрсәт» шағынауданында 32 мың халық тұрады. Оларға 9 учаскелік инспектор бекітілген. Статистика бойынша, әр полицейге 3400-3500 тұрғыннан келеді екен. №61 округтің жауапты учаскелік инспекторы Бекзат Асқаровтың айтуынша, отбасылық жанжалға қатысты шақыртулар көп.
– Отбасылық дау-жанжал аз деп айта алмаймын. Кейде учаскелік инспектор барғанша ерлі-зайыптылар бір-бірін кешіріп, татуласып отырады. Көп жағдайда отбасылық жанжалдар отағасының спиртті ішімдік ішіп келуі салдарынан орын алады. Ондай азаматтар 5 күнге арнайы қабылдау-тарату орнына қамалады. Мен өз тәжірибемде ішкілікке салынған екі азаматты 6 ай мерзімге арнайы емдеуге жібердім. Бұдан бөлек, көшеде тәртіпсіздік жасаған, мас күйінде жүрген, қоқыс тастаған тұрғындарға айыппұл салынып, әкімшілік шара қолданылады. Учаске инспекторлары өз аумағына барып, тұрғындар туралы мәліметтерді қайтадан жинауда. Өйткені, бұрын олар туралы мәліметтер журналда жазулы тұрса, қазір компьютерге енгізіп жатырмыз. Шағынаудандағы дүкен иелерімен де тығыз жұмыс істеудеміз. Қазір 48 дүкен бар болса, соның 37-де бейнекамералар бар. Бұл құрылғылар тәртіп бұзушылық пен қылмысты ашуға зор септігін тигізуде. Сондықтан, коммерциялық нысандарға дабыл түймесін, күзет қою және есік-терезелерге тор орнату қажеттігін түсіндіріп айтып жатырмыз, – дейді Б.Асқаров.

Қоғамдық орындарда мас күйде жүргендерге – 5 АЕК
айыппұл салынады. Ол – 10 мың 605 теңге.
Ал шемішке шағып, темекі шексеңіз – 10 АЕК. Ол – 21 210 теңге.

СОҢҒЫ 7 АЙДА 228 ҚЫЛМЫС ТIРКЕЛГЕН

«Нұрсәт» шағынауданында қаңтар-шілде айларында «нөлдік төзімділік» қағидасы бойынша 424 хаттама толтырылып, 1 миллион 343 мың теңге айыппұл салынды. Оның 560 мың 494 теңгесі өндірілген. Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің УПИБ-нің инспекторы, полиция капитаны Сапархан Апашев шағынауданда соңғы уақытта қылмыс саны азайып отырғанын мәлімдеді.
– Бұрын «Нұрсәтте» қылмыс пен тәртіп бұзушылықтар көп орын алушы еді. Мәселен, автокөлік ұрлығы жиі тіркелетін. Осыдан 1,5 ай бұрын аулада тұрған автокөлік ұрланған еді. Тәртіп сақшыларының шұғыл қимылдауы нәтижесінде жоғалған автокөлік табылып, иесіне қайтарылды. Өткен жылы пәтер ұрлығы жиілеп кетсе, соңғы 3 айда тіркелген жоқ. Соңғы 7 айда 228 қылмыс тіркеліп, оның 147-сі ашылды. Ал бүгін түске дейін екі азамат әмиянын ұрлатып алғанын айтып хабарласты. Жалпы, шағынауданда учаскелік инспекторлар мен «Ұлттық ұлан» қызметінің белсенді жұмыс атқаруының арқасында халық тыныштықта өмір сүруде. Учаскелік инспекторлар күн сайын таңғы сағат 8.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істейді. Мұнан соң полк қызметкерлері тәртіпті қадағалайды, – дейді С.Апашев.

ХАЛЫҚ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРЕДI

Қазір әрбір учаске инспекторына ай сайын өзінің әкімшілік аумағына барып, халық алдында атқарған жұмыс туралы есеп беру міндеттелген. Сол кезде тұрғындар учаске инспекторымен танысуға тағы бір мүмкіндік алады. Сонымен қатар, есеп барысында халық тарапынан көкейтесті мәселелер де ортаға салынады. Бұдан бөлек, мектеп оқушылары үшін де арнайы лекциялар оқылады. Ол өз кезегінде – жас өрендер арасындағы тәртіп бұзушылықтың алдын алады дейді полицейлер. Бұл жолы да №80 мектептің аумағында сабақтан шыққан бір топ балаларға қоқысты бей-берекет тастауға болмайтынын және тәртіпке бой алдыру қажеттігін түсіндірді.
Қазір Шымкент қаласында 400-ден астам учаскелік инспектор жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы өздеріне тиесілі міндеттерді атқаруда. Тәртіп сақшылары алдағы уақытта шағынауданға бейнекамералар орнатылса екен деген ұсынысын жеткізді.

«Шаңырақтың» шаттығы артып келеді

Пятница, 16 Сентябрь 2016 08:45

Шымкентке жақын маңда орналасқан бұрынғы Тұрдыабат тұрғын алабының жаңа құрылыс аумағы қалаға қосылып, бүгінде «Шаңырақ» деген әдемі атауға ие болды. Қала мәртебесін алғалы бері онда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар қолға алынды. Әсіресе, тұрғындар үшін маңызды саналатын жарық, су, газбен қамтамасыз етіліп, жолдарға тас пен асфальт төселді.

DSC 0216

КӨГІЛДІР ОТЫН, ЖАРЫҚ ПЕН СУДАН ТАПШЫЛЫҚ ЖОҚ

Шағынауданның іргесі 2006 жылы қаланған. Қазір онда 1,5 мыңнан астам халық өмір сүріп жатыр. Солардың бірі – Бегалы Гүлманов. Ақсақал «Шаңырақта» 2007 жылдан бері тұрады.
– Қазір бізде 300-ден астам тұрғын үй бар. Алғаш көшіп келген жылдары ауылымызда ауызсу болмады. Өздігімізше құдық қазып, су шығардық. Жарық мәселесі де өзекті еді. Өз қаржымызға трансформатор сатып алып, шамамыздың келгенінше бағанасын да орнатып, үйімізге электр энергиясын кіргіздік. Жаңбыр жауып немесе жел тұрғанда жарық сөніп, әбден қиналушы едік. Ал қала құрамына енгелі бері жағдайымыз бұрынғыға қарағанда дұрысталды. Мәселен, инфрақұрылым жағы біртіндеп шешімін таба бастады. Қазір шағынауданға 3 трансформатор қойылды. Заманауи бағаналар орнатылды. 2013 жылы ауызсу мәселесі де шешімін тауып, әр үйге су кіргізілді. Тәулік бойы су ағып тұр. Осы уақытқа дейін көмір жағып үйімізді жылытсақ, өткен жылы газ берілді, – дейді ақсақал.

DSC 0246

ЖОЛДАРҒА АСФАЛЬТ ТӨСЕЛДІ

DSC 0270

Жаңа құрылыс болғандықтан, шағынаудан көшелері күз, қыс және көктем айларында жергілікті халықты әбден әбігерге салатын. Қазір көшелерге тас және асфальт төселген. Еңбекші ауданы әкімдігінің Қаратөбе аумағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің инспекторы Захид Аташиков биыл шағынаудан көшелерінің 1,5 шақырымына тас, ал 3,5 шақырымына асфальт төселгенін айтты. Ал орталық көшелерге аяқжол салу жоспарлануда. Сондай-ақ, шағынауданға қаладан кіреберіс жерде тас жол салынуда. Жол құрылысы аяқталған соң, үлкен жүк көліктері шағынаудан ішімен емес, керісінше оның сыртын айналып өтпек.
«Шаңырақта» қазір 12 көше бар. Әзірге ешқайсысының атауы жоқ. Соның салдарынан шағынауданға келетін жедел жәрдем көлігі адасып, әрең табады екен. Пошташылар үшін де оңай тимейтін көрінеді. Ал қоғамдық көлік жағынан мәселе жоқ. Тұрғындар №116 бағыттағы шағын автобустың жиі жүретінін айтты.

КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ЖАҢА МЕКТЕП БОЙ КӨТЕРМЕК

DSC 0277

Шағынаудандағы жалғыз балабақшаны осыдан 3 жыл бұрын жеке кәсіпкер ашқан. Қазір онда 75 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі мекемеге арнайы бас сұққанымызда, әр топта тәрбиешілер бағдарлама бойынша дәрістерін өтіп жатыр екен. Әр топта 15-20 бүлдіршін бар. Тәрбиеші Назым Ахметованың айтуынша, балақайлардың ой-өрісін дамытатын сабақтар жиі өткізіледі.
Тұрғындар үшін мектеп мәселесі өзекті. Өйткені, балалар көрші Базарқақпа ауылындағы №98 мектепке арнайы автобуспен 300-ге жуық оқушыны тасымалдайды. Қазір шағынауданда жаңа мектеп салу үшін жобалау-сметалық құжаттар дайындалуда. Құжат бойынша келесі жылы «Шаңырақта» 600 орындық 3 қабатты оқу ордасы бой көтермек. Ал 2018 жылы «балаларымыз жаңа әрі өзімізге жақын мектепке баратын болды» деп қуанып отыр.

КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫНДА БЕРЕКЕ БАР

DSC 0307

Шағынауданда тұрмысы төмен отбасыларға әр мереке сайын қайырымды жандар қол ұшын береді екен. Мұнда көпбалалы аналар да жоқ емес. Мәселен, Айгүл Дүйсебаеваның 6 баласы бар. Жуырда «Күміс алқа» иегері атанбақ. Балаларының үлкені – 12 жаста болса, кішісі – 1 жастан асқан. «Қандай қиындықтар бар?» деген сұрағымызға, «Ешқандай қиындық жоқ. Балаларымның несібесі жаман емес. Жолдасымның тапқаны жетеді» деп жауап берді. Расында да, Айгүлдің үйінде береке бар. Балаларының киімдері таза, ал дастарханы дәмге толы.

Шағынауданның негізі 2006 жылы қаланған. Қазір онда 1,5 мыңнан астам халық бар.
№116 бағыттағы шағын автобус қатынайды.

ШАҒЫНАУДАН ХАЛҚЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАН

Бүгінгі таңда жергілікті халық үшін емхана мәселесі өзекті. Басы ауырып, балтыры сыздағанда көрші Тұрдыабат ауылындағы медициналық пунктке барады. Сондай-ақ, полиция бекеті де жоқ. Үлкен орталық көшелерге жасанды жол кедергісі қойылса екен деген тілегін де жеткізді. Ауласына азын-аулақ егін егетіндер ағынсу жағы да шешімін тапса екен деп қалды. Жалпы айтқанда шағынаудан халқы көрші ауылдардағы мектепте, жақын маңдағы шұжық, консерві цехтарында, наубайханаларда және басқа да шағын серіктестіктерде жұмыс істейді. Қалаға келіп нәпақасын тауып жүргендер де жоқ емес.

Сұрақ: Аида Іздібекова, қала тұрғыны.

«Пахтакор-2» аумағындағы 194 орам тұрғындары үшін автобус бағытын бөліп беруді сұраймыз. Қазір қала орталығынан біздің ауданға дейін Жібек жолы даңғылымен тек бір ғана №65 автобус жүреді. Оның іші әрқашан жолаушыға толы. Бізге Қарабура әулие және Кеме қалған көшелерімен жүретін автобус қажет».

Жауап:
Жібек жолы даңғылымен №44 және №65 бағыттағы автобустар жүреді. Сонымен қатар, «Ақсукент-Шымкент» ауданаралық бағыты да өтеді. Бұдан бөлек, №55 бағыттағы автобус 194 орам тұрғындарына қызмет көрсетеді. Алайда, жолаушылар саны аз болуына қарай, ол бағыттың жұмысы тоқтатылды. Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар бағыттар сараланып, 194 орам тұрғындарына қызмет көрсету үшін Жібек жолы даңғылы мен Арғынбеков көшесі арқылы өткізу жоспарлануда. Әлеуметтік маңызы бар бағыт бойынша жаңадан қайта құрылған көлік компаниясы – «Шымкент bus» ЖШС қызмет көрсетеді.

Сұрақ: Ольга Умарова, қала тұрғыны.
«Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша Шымкентте жыл соңына дейін қай ауданда және неше пәтер беріледі?».

Жауап:
Қазір ӘІО-да 7 көпқабатты тұрғын үйдің (882 пәтер) және бір жатақхананың (35) құрылысы жүріп жатыр. Биыл 306 пәтерлік үш үй мен жатақхана пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, ӘІО-да 1134 пәтерден тұратын 15 көпқабатты үйдің құрылысына мемлекеттік сатып алу бойынша байқау жарияланған. 528 пәтерлік 11 үй ТҚЖБ арқылы берілсе, ал төртеуі коммуналдық баспаналар.
Сонымен қатар, «Тұран» шағынауданында да 5 көпқабатты үй салынуда. Оның біреуі биыл, ал қалғандары келесі жылы пайдалануға беріледі.

Сұрақ: Жалғасбаев Әділбек, қала тұрғыны.
«Шығыс» шағынауданындағы №25 және №28 мектептердің арасындағы қоршау қаншалықты заңды? Жаяу жүргіншілер үшін өтуге қолайсыз».

Жауап:
Шымкенттің инфрақұрылымын дамыту мақсатында құрылыс- монтаждау және демонтаж жұмыстары жүргізілуде. Қауіпсіздікті сақтап, апатты жағдайларды болдырмас үшін ол аумақ қоршалған. Бүгінде қаланың солтүстігіндегі ішкі орам жылу жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізу үшін жалпы 20 шақырым құбырды жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінді. Құрылыс биылғы жылдың 15 қазанында, ал «Шығыс» ықшамауданындағы жұмыстар 17 қыркүйекте аяқталады.

Сұрақ: Қайрат Мыңтай, қала тұрғыны.
«Тұран» шағынауданына газ, су және электр энергиясы қашан беріледі?».

Жауап:
Шымкент қаласы ТҮКШ бөлімі қызметкерлері инженерлік инфрақұрылым құрылысы үшін жобалау-сметалық құжат жасауда. Құжат бойынша, «Тұран» шағынауданын (Бәйдібек би даңғылының оң жақ бөлігі) ауызсумен қамту, электр желісін тарту, кәріз құбырын, байланыс және автожолдар салу қарастырылады. «Әсем Құрылыс» ЖШС жобалаумен айналысуда. Жобалау жұмыстарын 2017 жылдың ақпан айында аяқтау жоспарланып отыр. Ал келесі жылдың наурыз айында құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін бюджетке ұсыныс беру көзделген.

Сұрақ: Талиба Бурковецкая, қала тұрғыны.
«Мен «Тоғыс» тұрғын алабының Мұнайбарлаушылар көшесінің тұрғынымын. Көшеге бейнетіркегіш немесе жасанды жол кедергісін орнатуға болады ма? Леңгір-Шымкент тасжолы бойы жарықтандырылмаған. Кәріз құбырлары ескірген. Қыста сымдардың ескіруі салдарынан трансформатор жанып кетті. Ал асфальт су құбырларын жүргізу мақсатында қиратылды ма? Асфальт қайтадан төселеді ме?».

Жауап:
Сіз айтқан жолға жасанды кедергілер қойылмайды. Өйткені, ол облыстық маңызы бар тас жол санатында. Осыған орай, барлық жол белгілері мен жол қозғалысын реттейтін құралдарды ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан қойылады.
Бұдан бөлек, биыл Мұнайбарлаушылар көшесін орташа жөндеуден өткізу үшін сметалық құжатын әзірлеуге тапсырма берілді. Сметалық құжат жасалған соң, бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қаралатын болады.
Шымкент қаласының ТҮКШ бөлімі тарапынан «Тоғыс» тұрғын алабында кәріз жүйесі мен тазарту қондырғыларын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттар жасауда. Жобалау мекемесі – «АДТ Сервис» ЖШС. Бүгінгі таңда барлық жобалау жұмыстары аяқталды. 2017 жылдың қаңтар айында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, сапалы әрі үздіксіз электр энергиясымен қамту жұмыстарын жүргізуде. Жобалық жұмыстарға қаржы қаралған. Қазір жобалаушы мекемені анықтау үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүруде. Жобалау жұмыстары 2017 жылы аяқталады.

Сұрақ: Оразов Батыр, қала тұрғыны.
«194 орамға қарасты Пахтакор-2» ауылында жаңа жол салынды. Алайда, жаңа оқу жылы басталғалы бері балалардың жолдан өтуі қауіпті болып барады. Жібек жолы көшесіндегі №85 мектептің жанына бағдаршам қойып берсеңіздер»..

Жауап:
Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес, көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында Жібек жолы даңғылында қайта құру жұмыстары жүргізілуде. (Пазиков көшесінен кіші айналма жолына дейінгі аралықта). Жобалау-сметалық құжатта №85 мектепке қарама-қарсы жерде бағдаршам орнату көзделген. Бағдаршам биыл қазан айында қойылады.

Дайындаған
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесіне пробация қызметінің енгізілгеніне көп болған жоқ. Оның Қазақстанда заңды түрде жүзеге аса бастағанына – 1 жыл. Сонымен, пробация қызметі деген не? Оның мақсаты мен міндеті қандай? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық №1 пробация қызметі бөлімінің инспекторы, әділет аға лейтенанты Нәзипа Қыдыровамен сұхбаттасқан едік.

IMG-20160914-WA0008– Нәзипа Болатқызы, пробация қызметіне кеңірек тоқтала кетсеңіз. Ол қандай жүйе?

– Н.Назарбаевтың «Бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» атты Ұлт жоспарындағы басты тапсырмаларының бірі – бас бостандығынан айыру орнынан босатылған әрбір сотталған адамға қоғамда өз орнын табуға көмектесу. Сонымен қатар, ҚР-ның 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында бас бостандығынан айырумен байланысты емес қылмыстық жазаларды орындауға жауап беретін пробация қызметін құру туралы міндет қойылған болатын. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау мақсатында көптеген шаралар қолға алынуда. «Пробация» – латын тілінен аударғанда «сынау» деген мағынаны білдіреді. Бостандығынан айырмайтын жазаға кесілген немесе мерзімінен бұрын шартты жазаға босаған сотталушыны бақылап және тексеріп қана қоймай, оған еркін өмірге бейімделуге, жұмысқа орналасуына, білім алуына көмектесу – пробация қызметкерлерінің міндеті. Адамның қылмыс жасағанына қарамастан, оның түрмеге отырмауына мүмкіндік беру. Ол үшін қылмысқа барған адам сот міндеттеген шарттардың барлығын орындауы керек. Осылайша, байқаусызда сүрінген жандар болса, оларды түзеу мекемесіне отырғызбай, қайта тәрбиеленуіне мүмкіндік беріп, әлеуметтік мәселелері болса шешуге ықпал жасайды.

– Пробациялық бақылаудың мақсаты қандай?

– Пробациялық бақылаудың мақсаты – заңмен немесе сотпен белгіленген міндеттерін орындауларын бақылау арқылы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталғандарды түзелу жолына түсіру, қайта қылмыс жасаудың алдын алу, шартты түрде сотталғандардың жалпыға ортақ әлеуметтік, моральдік және құқықтық нормаларды сақтауы болып табылады. Шартты түрде сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің негізгі бағыттары – білім алуына, кәсіп түрлерін игеруіне, жұмысқа орналасуына, емделуіне және құқықтық кеңестермен қамтамасыз етілуіне көмек көрсету. Себебі – қылмыс жасап, өзін қоғамға қажетсіз сезініп, алдағы өмірінен үміт үзгендер аз емес.

– Пробация қызметі қалай жүзеге асады?

– Бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу мерзімі – пробация қызметі заңды күшіне енген сот үкімін, қаулысын орындауға қабылдаған күннен бастап, олардың тұрғылықты жері бойынша жүзеге асады. Пробациялық бақылау мерзімі шартты түрде сотталған адамды пробация қызметінің есебіне қойған кезден бастап есептеледі. Сотталған азаматты есепке қою кезінде оның тұрғылықты жерін, денсаулық жағдайын, білім деңгейін және еңбекпен қамтылғандығын, сондай-ақ, оған ұсынылатын әлеуметтік-құқықтық көмектің көлемін айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтерді анықтайды. Сотталғанға әлеуметтік-құқықтық көмек беру, оған қатысты пробациялық бақылауды жүзеге асыру және тоқтату тәртібін түсіндіреді. Тіркелуі үшін Пробация қызметіне келу күндерін белгілейді. Сотталған адамға сот жүктеген міндеттерді орындау тәртібін және мәжбүрлі еңбекті орындау немесе орындамағаны және пробациялық бақылау шарттары мен тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту тәртібін түсіндіреді.

– Ал сотталған азамат осы қызметтің өзіне жүктеген міндеттерін орындамаған жағдайда қандай шара қарастырылады?

– Шартты түрде сотталған адам өзіне сот жүктеген міндеттерді орындамаған не тәртіп бұзушылықтарды қайталап жасаған жағдайда, сондай-ақ, пробациялық бақылаудан жасырынса, пробация қызметі сотқа шартты түрде соттаудың күшін жою және сот үкімімен тағайындалған жазаны орындау туралы, ал кәмелетке толмаған сотты болғанға қатысты пробациялық бақылау мерзімін бір жылдан аспайтын уақытқа ұзарту туралы ұсыныс енгізеді.

Пробация қызметкерлерінің міндеті – бостандығынан айырмайтын жазаға кесілген немесе мерзімінен бұрын шартты жазаға босаған сотталушыны бақылап және тексеріп қана қоймай, оған еркін өмірге бейімделуге, жұмысқа орналасуына, білім алуына көмектесу.

– Пробациялық бақылаудан соң қайта сотталғандар бар ма?

– Қазіргі таңда Еңбекші ауданы бойынша, 531 азамат пробациялық бақылауға алынған. Шартты түрде сотталғандар мен бақылаудан бөлек бас бостандығынан айырылғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге ықпал етудің маңызы зор. Осыған орай, Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық №1 пробация қызметінің мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, қайта қылмыс жасамауға және құқықбұзушылықтарды болдырмау үшін жұмыс жасаймыз. Олардың жүріс-тұрысын бақылап қана қоймай, әлеуметтік-құқықтық, заңгерлік, медициналық, психологиялық және тағы да басқа көмектер көрсетіледі. Пробациялық бақылаудан соң қайта сотты болғандар жоқ. Олар өздерін қоғамға қажет екенін түсініп, тура жолмен жүруге тырысады.

– Әлемде пробацияның неше түрі жұмыс істейді?

– Пробацияның төрт түрі бар. Сол себепті сотқа дейінгі, шартты-үкімдік, пенитенциарлық және постпенитенциарлық пробация түрлері кеңінен қолданылады. Оның біріншісі – еліміздегі құрылғалы жатқан институт – балалар омбудсмені. Бұл құрылым жұмыс істей бастаса, ақ пен қараны ажырата алмай, қылмысқа барған жеткіншектердің құқығын қорғау барысында маңызды болмақ. Екіншіден, «Нельсон Манделла ережелері». Мандела ережелері қабылданғаннан кейін түрмелерде соңғы 60 жыл бойы қалыптасып қалған «тәртіптің» 80 пайызы қайта қаралған. Жаңартылған Ереже сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеудің тәсілдерін өзгерткен. Үшіншіден, әйелдер колониясының қызметкерлерін және колонияда жазасын өтеушілер арасында оқу-дәрістер өткізу. Төртіншісі – жасөспірімдерге арналған пробация қызметі. Әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын бұл қызмет шетелдерде бірнеше бағыттан тұратын үлкен жүйеге айналған.

– Демек, пробация қызметі сотталғандарды айыптаушы емес, керісінше, оларды тәрбиелеуші қызмет қой...

– Дәл солай. Әрине, пробация қызметінің құрылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Дегенмен, қоғамнан оқшауламай-ақ, қылмыстық жазаларды барынша кеңінен қолдануға жағдайлар туғызып отыр. Бұл – тура жолдан адасып, жазалы болған азаматтарға деген ізгілікке толы қамқорлық. Олардың түзеліп, қоғамның бір бөлшегіне айналады деген берік сенім бар.
Сотталушының кінәсі қанша жерден ауыр болса да, ол мемлекетіміздің азаматы деген аттан айырылмайды. Пробациялық бақылау – істі болғандардан өш алу мақсатында емес, керісінше оларды тәрбиелеу үшін қолданылатын қызмет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Э. МАҚСАТ

Бүлдіршінге қоларба сыйлады

Пятница, 16 Сентябрь 2016 05:44

Әл-Фараби ауданы әкімдігі қызметкерлері Құрбан айт мерекесіне орай, тұрмысы төмен 10 отбасыға азық-түлік таратып, сал ауруымен науқастанған 7 жасар бүлдіршінге қоларба тарту етті.

Көмекке мұқтаж жандар алғыстарын айтып, әкімдік тарапынан жиі қолдау көрсетілетінін айтты. Мәселен, осыған дейін ол отбасыларға «Мектепке жол» акциясы бойынша да көмек берілген. 

Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары М.Тәжібаев туғаннан сал ауруына шалдыққан Саян Бекбердиевтің отбасына арнайы барып, қоларба сыйға тартты. Саянның ата-анасы қайтыс болған. Қазір ол нағашы әжесі Әтіркүл Бекбердиеваның қолында тәрбиеленуде. 

Әл-Фараби ауданы әкімдігі тарапынан қайырымдылық іс-шаралары бұдан әрі де жалғасын таппақ.

521 егіз, 4 үшем

Пятница, 16 Сентябрь 2016 05:20

Биыл оңтүстікте 8 айдың ішінде 521 егіз бен 4 үшем дүниеге келген. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр. Айта кету керек, еліміздегі әрбір бесінші нәресте Оңтүстік Қазақстанда жарық дүние есігін ашады.

DSC 0100

Жылдың алғашқы айында туылған үшемдерге пәтер берілді. Жалпы алғанда, Оңтүстікте 53 мың 51 сәби туылған. Мәселен, өткен жылы 52 мың 636 бала дүниеге келген екен. ОҚО-да жыл өткен сайын сәбилердің көптеп туылуына денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың артуы және жаңа медициналық мекемелердің көптеп салынуы, сонымен қатар, ауруханалар мен емханалардың материалдық-техникалық базасының нығаюы – басты себеп болып отыр. Соның нәтижесінде ана мен бала өлімі де азайған.

Кері діни ағымдар әлеуметтік желілер арқылы өз қатарына діннен бейхабар жастарды көптеп тартуға тырысады. Осылайша, олардың санасын улау және дінді бұрмалап үйретіп, өз мақсаттары үшін пайдалану оңайға түседі.

Бұл туралы Әл-Фараби ауданы әкімдігі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Г. Титов атындағы №20 мектеп-гимназиясында өткен іс-шарада айтылды. Оған облыстық наркологиялық диспансерінің нарколог дәрігері Л.Маджуга, облыстық Дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының теологы Ұ.Әлиақпаров және «Сана-Сезім» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Ш.Юсупжанова қатысып, қазіргі таңдағы көкейтесті мәселелерді талқылады. 

Облыстық Дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының теологы Ұ.Әлиақпаров ғаламдану заманындағы басты қатер – ғаламтор екенін айтты. 

– Теріс ағымды ұстанғандар ұлтымызға жақын ислам діні атын жамылып кез келген бағыт бойынша, соның ішінде ғаламтор арқылы да жастарымыздың санасын улап, қоғамымызға іріткі салуда. Олар өздерінің қатарын толықтыру үшін әлеуметтік желі арқылы әсіресе, орыс тілді жастарды көптеп тартуға барын салатынын айтты. Сондықтан, әлеуметтік желіде дін тақырыбында әңгіме қозғалған сәтте-ақ, қарым-қатынасты тоқтату керек, – деді Ұ.Әлиақпаров.

Шара барысында оқушылар көптеген сауалдар қойып, тұщымды жауаптарын алды.

Жедел жәрдем стансасы ашылды

Среда, 14 Сентябрь 2016 05:04

Сайрам тұрғын алабында ашылған жаңа жедел жәрдем стансасы 67 мың жергілікті тұрғынға қызмет көрсетеді. Онда төрт бригадаға жасақталған дәрігерлер заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ, мамандар тәулігіне жүз қоңырауға дейін шақырту қабылдай алады.

skori-2

Жедел жәрдем стансасындағы әрбір арнайы көліктің іші қажетті жабдықтармен жарақталған. Мәселен, дәрігерлер арнайы шақыртумен барған кезде небулайзер, кардиометр, глюкометр секілді апараттардың көмегімен науқастарға медициналық көмек көрсете алады. Жедел жәрдем көліктеріндегі жаңа қондырғылар арқылы фельдшер онлайн режимде науқастың жүрегін аппаратпен тексеріп, оның суретін скайп арқылы кардиолог маманға жібере алады. Осылайша, жедел жәрдем көліктеріне орнатылған кардиометр аппараттары науқастың жүрегіндегі сырқатты шапшаң түрде анықтап, науқасқа нақты диагноз қоюға мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар, жаңа бекет навигация жүйесімен де жабдықталған. Оның көмегімен шұғыл жәрдем қызметінің мамандары шақыртуға уақытылы бара алады.
Айта кетейік, қазір Шымкент қаласының аумағында жедел түскен қоңырауларға 79 бригада қызмет көрсетеді. Мамандар күніне 1500-ден аса қоңырау қабылдайды.

Страница 1 из 27