Жасыл желекке қамқорлық үзілмесін...

Пятница, 18 Сентябрь 2020 04:50

 DSC7398

Күздің келуімен бірге ағаш жапырақтарының сарғайып, жерге түсе бастауы – табиғат заңдылығы. Бұл – талдардың жойылуының емес, жаңаруының белгісі.

Осылайша жасыл желектің келесі жылға дайындығы жүреді. Алайда шаһарда биыл Абай саябағындағы қарағаштар күзде емес, шілде айында-ақ қурай бастады. Аса күтім мен ылғалды қажет етпейтін қарағаштар жапырағынан неге ерте айрылды? Қала тұрғындарын бейжай қалдырмаған мәселені зерделеп көрдік.
Қазақ үшін қарағаш қарағай мен еменнен, қайың мен теректен қымбат. Басты қасиеті – жер таңдамайтын төзімділігімен ерекше. Тұқымы топыраққа түссе, өсе береді. Ауа райының қолайсыздығына да бейімделген. Алай-дүлей желге де иілмейді. Сондықтан табиғат жанашыры Қайрат Кәрібаев бұл ағаштың «ерте қартаю» себебін індетпен байланыстырады.
– Ағаштар ауруға шалдыққан сияқты. Әйтпесе, мұншалықты қурамайтын еді. Саябақтың бір жерінде талдар қураса, екінші жерінде сондай ағаштар жасыл күйінде тұр. Бұл күтіп-баптаусыз қалғанның нәтижесі секілді, - дейді табиғат жанашыры.
Ал саябақ басшылығы ауру зиянкестерден келгенін алға тартып отыр. Өйткені көшеттерді суарудың кемдігі жоқ. Қалалық саябақтардың күтіміне жауапты «Шымкент
Жасыл қала» ЖШС директорының орынбасары
Назира Ибрагимқызының айтуынша, қарағаштар шілденің аптап ыстығында қурай бастаған. Тосын құбылысты байқаған ол мән-жайды агроинспекция мамандарына хабарлапты. Агроинженерлер ағаштарға құрт түскенін, зиянкестердің өсімдіктерді 100 пайыз зақымдағанын анықтаған. Содан төрт рет бақтағы жасыл желектерге химиялық өңдеу жүргізілген. «Ерте көктем мен күз айларына дейін демалыс орны 30 рет химиялық өңдеу ден өткен. Бақтың күтіміне салғырт қарау болған емес» – дейді Назира Ибрагимқызы.
Зиянкестер қайдан пайда болғанын республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының Шымкент қаласы бойынша агрономы Талғат
Жанбаевқа қойған едік. Оның мәлімдеуінше, Шымкентте бұл зиянкестер 2003-2004 жылдары пайда болған. Ең алғаш рет 11 шағынаудандағы үйлердің ауласындағы қарағаштардың жапырағын зақымдаған.
Негізі қарағаш жемірі Еуропа елдерінде, ТМД-ның Орта Азия мемлекеттерінде түгел кездеседі екен. Қатты қанаттылар тобына жататын зиянкестер ағаш жарықтарында, тесіктерінде, топырақтың жоғары қабатында қыстайды. Денесі 5-8 мм болатын қоңыз сарғыш түсті, қара дақтары мен жолақты қанаттары бар. Біреуі орта есеппен 400-700 жұмыртқа салып, жапырақтарда өсіп-жетіледі. Жылына 3 ұрпаққа дейін дамитын қатты қанаттылар ағаш жапырақтары сарғайған уақытта қыстауға кететін көрінеді. Демек, бір қоңыздың 700 жұмыртқа салатынын ескерсек, зиянкестердің оңайлықпен көзі жойылмайтыны анық. Бұл өңдеу жұмыстарын көптеп жүргізіп, қураған жансыз ағаштардың көзін жою керектігін көрсетеді.
– Қазір ауырған ағаштар тірі. Барлығы көктемде қалпына келеді. Мамандар енді басқа саябақтардағы талдардың жағдайын анықтап жатыр. Ал бақтың күтімі үнемі басшылық назарында. Жылдың барлық мезгілінде өсімдіктерді суару да, тыңайтқыш беру де тоқтаған емес - дейді
Назира Ибрагимқызы.
Абай саябағы – шаһардағы аумағы үлкен демалыс орындарының бірі. Бүгінде 52 гектардың 38,95 гектары күтіп ұсталады. Оның 60 пайызына газон төселген. Көркіне көз тоймайтын
демалыс орнында 20750 ағаштың саналуан түрі бар. Десе де, биологтар бақты суару, шөбін жұлу жұмыстарының аздық екенін айтады. Қалай болғанда да мәселе ағаштарға келген зиянкестерде болып тұр. Шөлге шыдамды, топырақ талғамайтын талдардың ауруға шалдығуы қолдағы барды көздің қарашығындай сақтау керек екенін байқатады.
Биологиялық белсенді заттарды бөліп шығаратын, қаланың микроклиматын реттейтін жасыл желекке қамқорлық үзілмеуі қажет.Әйтпесе, Шымкент Молдова елінің күйін кешуі мүмкін. Өйткені аталған мемлекет емен мен талшынды егуден мүлде бас тартқан. Осылайша табиғаты зиянкестерге төзімсіз ағаштар түгі қалмай жойылған...

Шымкенттен – Абай еліне

Среда, 16 Сентябрь 2020 06:17

qwerty789

Шымкенттік делегация Ұлы Абай елі – Семейге аттанды. Арнайы делегацияны Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан сәт-сапар тілеп, шығарып салды.

Делегация құрамында Шымкент қаласы және Түркістан облысынан ақындар, жазушылар, мәдениет саласының қызметкерлері, Рухани жаңғыру жобалық кеңсесінің өкілдері, журналистер мен блогерлер бар.
Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған сапар 15-17 қыркүйек аралығын қамтиды. Шараның бастамашысы және ұйымдастырушысы –«Серпіліс» қоғамдық қоры.
Саяхат сапарда түрлі сала өкілдері ұлы ақын Абай Құнабайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, тарихи орындар және құнды жәдігерлермен терең танысып, тұлғалардың рухына тағзым етеді.

Екінші толқынға дайынбыз ба?

Пятница, 11 Сентябрь 2020 05:22

1360430.580xp

Елімізде қауіпті дерттің таралу деңгейі төмендеді. Эпидемиологиялық ахуал жақсарып келеді. Бұған қала көлеміндегі аурудың статистикалық көрсеткіші дәлел.

Мәселен, өткен аптада Шымкентте коронавируспен ауырғандар тіркелген жоқ. Науқастар жатқан реанимациялық төсек-орын қажеттілігі – 67, жедел жәрдем шақыртушылар саны – 80 пайызға төмендеген. Әйтсе де, мамандар ауру басылды деп арқаны кеңге салуға болмайтынын айтады. Төрткүл дүниені дүрліктірген жұқпалы індет маусымдық тұмаумен қайта күшеюі мүмкін.
Иә, елді елеңдеткен екінші толқын жөнінде болжам көп. Пікірлер әралуан. Біреулер «болуы ықтимал» десе, біреулері «болмайды» деп көптің күпті көңілін жұбатады. Денсаулық сақтау министрлігінің пневмониямен 1000-ға жуық адамның тіркелгені туралы ресми ақпараты көпшілікті бейжай қалдырған жоқ. Өлім-жітім азайғанымен кез келген уақытта көрсеткіш күрт артуы мүмкін. Әзірге күмәні көп қауіпті дерт қашан тоқтайтыны белгісіз. Күзде қайталануы ықтимал екінші толқынға қаншалықты дайынбыз? Жұрт әдепкідей дәрі іздеп, әуреге түспей ме?
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустың жаңа толқыны қазан айында болатынын айтып отыр. Күз айларында тұмаудың белең алатыны тағы бар. Оған қоса коронавирус инфекциясы күшейсе, эпидемиологиялық жағдайдың ауыр болатынын аңғару қиын емес. Сондықтан аурудың алдын алу шараларының маңызы артпақ.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы алдағы күз-қыс маусымына дайындалып жатыр. Дәрі тапшылығы болмайды деп сендіріп отыр. Бүгінге дейін үшінші мегаполистегі медициналық ұйымдар препараттардың 150541620,92 мың теңгеге екі айлық көлемімен қамтылған. Яғни дәрі-дәрмек қоры науқастарды емдеуге жеткілікті.
Рас, жаз маусымында бірінші толқынның соққысы ауыр болды. Үшінші мегаполисте наурыз айынан бүгінге дейін 5182 жағдай тіркеліп, коронавирустан 4498 адам жазылып шыққан. Қазіргі таңда 622 науқас ем алып жатыр. Өкінішке қарай, 105 науқас жұқпалы дерттің құрбаны болды. Елімізде 2000 мыңға жуық адам індеттің ілмегінен қайтыс болғанын ескерсек, ес жиятын кез келді. Биыл елімізде тұмауға қарсы екпе 15 қыркүйектен басталмақшы. Бұл мерзімнен екі апта ертерек.
Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Бақтығали Аюбайұлының айтуынша, екінші толқынға аурухана дайын. Бұрын жасанды тыныс алу аппаратының саны 15 дана болған. Оған қосымша тағы 88 данасы алынған. Жансақтау орны 100 орынға көбейтілген. Қазір мұнда инфекциялық аурға шалдыққан науқастар қабылдануда. Модульдік ауруханада бүгінде 70 науқас ем қабылдауда.
–Ауру көрсеткіші төмендеп еді, көпшілік қауіпсіздік шараларын ұмытты. Ел маусым мен шілдедегі эпидемиялық жағдайды естен шығармауы тиіс. Көпшіліктің арасында әлі де індеттің барына сенбейтіндері бар. Дерттен сақтанудың жолдары қарапайым ғана. Бетперде, антисептик, арақашықтықты сақтау, көпшілік ортаға бармау. Әйтсе де, қалалықтардың аурудан сақтану деген ұғымының әлі толық жетпегені қынжылтады, - дейді Бақтығали Ережепов.
Дәрігердің сөзінің жаны бар. Анығы, дерт тоқтады деп босаңсуға болмайды. Мамандар алдымызда індеттің үлкен толқыны келе жатқанын айтып, дабыл қағуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауда пандемияның екі жылға созылатынын айтып, қауіпсіздік шараларын барынша сақтау қажеттігін ескертті.
Коронавирустың болжамды екінші толқыны балаларға ауыр тиюі мүмкін. Статистикаға сүйенсек, осы уақытқа дейін Шымкентте 300 бала індеттің ілмегін жеңіл түрде өткеріп, жазылып шыққан.
Тамыздан бері емханалар жаппай жұмысын бастады. Медицина ұйымдарына дертіне дауа іздеген адамдар күн сайын ағылады. Маусымдық тұмау басталса, көпшіліктің індетті жұқтыру мен таратуға себепкер болатыны айтпаса да түсінікті. Қазақстанның қай өңірін алсаңыз да, қауіпті аурудан аманы жоқ. Оған қоғамдық көлік, дәмхана, мейрамхана, саябақ, демалыс және тамақтану орындарында сақтық шараларына салғырт қарап, бетпердесіз жүрген үлкен-кішіні қосыңыз. Үшінші мегаполисте 400-ге жуық тұрғын айыппұл арқаласа да, карантин талаптары сақталмай келеді. Оған қоса, сенбі, жексенбі күндері жасырын жұмыс істейтін дәмханалар мен мейрамханалар және сұлулық салондарына тыйым болар емес. Жасырын тойлар да тоқтамай тұр. Дәмханалар мен мейрамханаларға жиналатын адамдарды көріп, қауіпсіздік ережесінің аяқсыз қалғанын пайымдауға болады. Қалада мониторингтік топтар құрылғанымен олардың бекітілген санитарлық талаптарды қаншалықты орындағанын бақылауға қауқары жетпейді.
Бәрін айт та, бірін айт, пандемия елімізге ауыр сынақ болды. Алдыңғы шепте жұмыс істеп жүрген денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін жоққа шығара алмаймыз. Әйтсе де, сын сәттердегі кезең белсенді әрекет пен қарқынды талап етеді. Мұнан әрбір азаматтың денсаулығына жауапкершілігі алдыңғы орында тұрғанын айтқымыз келеміз. Анығында әлемді әбігерге салған дерт адам таңдамайды. Сақтанғанды ғана сақтайды.

Шымкент қаласында өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1 науқас тіркелді. Ал, емханалар жанынан құрылған мобильді топ тәулік ішінде 100-ге жуық тұрғынның үйіне барып, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсеткен. Сондықтан медицина мамандары босаңсуға болмайтынын қатаң ескертуде. Сақтық шараларын мейлінше күшейтіп, карантин талаптарын ұстануға шақырады.

 

Карантин талаптары жеңілдетілгеннен кейін қала тұрғындары қайта жаңарған саябақтар мен гүлзарларда еркін серуендеуде. Жағымды жаңалықты Шымкент қалалық энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының мамандары хабарлады.

300

Қазақ жерінде елді ортақ мақсат-мүддеге жұмылдыруда Дала парламенті заң шығарушы орган ретінде жұмыс істеді. Онда елдік мәселелер хандар мен билер жиналып, бас қосатын орында дала демократиясының құжаты реттеліп, заңдық кодекстер шешімін тапқан. Сондай-ақ ел ішіндегі даулы әңгімелер де билер талқысына салынып, солардың байламымен дауласқан тараптар мәмілеге келіп отырды. Дала даналарының тамаша дәстүрі бүгінге дейін құндылығын жойған жоқ.
Айталық, кешегi биiңiз – бүгiнгi судья. Ол азаматардың тағдыры мен дауын шешеді. Құқығы мен бостандығын қорғайды. Десе де, судья қандай болуы керек? Сот процесінде не маңызды? Оған Әл-Фараби аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы, судья Ғани Байарыстанмен болған сұхбаттан қаныға аласыздар.

610

Талап сақталмаса, ашылмайды...

Среда, 19 Август 2020 06:37

базарды аралады

Елімізде 17 тамыздан бастап шектеу шаралары кезең-кезеңімен жеңілдетілді. Жұмысын бастайтын кәсіпкерлік нысандар карантин талабын қатаң сақтауы тиіс.

Осыған орай, қала әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев қалалық кәсіпкерлік басқармасы, Атамекен ҰП, тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің Абай, Еңбекші аудандарының мамандарынан құрылған комиссиямен базарларды аралап көрді.
«Самал», «Айна», «Мега планет», «Шымкент плаза» сауда орталықтары мен «ЦУМ» СҮ-нің жай-күйімен танысты. Алайда, «Самал», «Айна» базарларында карантиндік ережелердің сақталмағаны анықталды. Қол өңдейтін санитайзер жоқ. Дезинфекциялық туннельдер саны аз. Сауда қатарларында 2 метр арақашықтық сақталмаған. Залалсыздандыру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Мұндай жағдайда талапқа сай келмейтін сауда орындарына жұмыс істеуге рұқсат берілмейді. Арнайы топ өкілдері базар басшылығына жіберілген кемшіліктерді жоюды, карантин талаптарын қатаң сақтауды тапсырды.
Ал ашылатын нысандарда жұмыс істейтін кәсіпкерлер жұмысын бастау үшін «Info Kazakstan» сайтына тіркелуі қажет. Ұйымды электронды цифрлық қолтаңба арқылы тіркеп, кәсібіне қойылатын талаптармен танысады. Нысанды талапқа сай дайындаған соң, электронды өтінім беру арқылы растай алады. Санитарлық эпидемиологиялық қызметке сай болса, жұмысын жалғастырады.
–Нысандардың барлығы «Info Kazakstan» сайты арқылы тіркеліп, жұмысын бастауға рұқсат алуы керек. Шымкент қаласындағы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандары бойынша 20 мониторинг топ құрылды. Бұл топтар сайт арқылы тіркелген нысандарға тексеру жұмыстарын жүргізеді. Егер талапқа сай болса, 17 тамыздан бастап, сауда орталықтары қызметін бастайды. Сонымен қатар, фитнес залдары, бассейнсіз моншалар, балабақшалар карантин талабын дұрыс орындаса жұмысын жалғастырады, - деді қала әкімінің орынбасары Айбек Берікұлы.
Ал тұтынушылар аталмыш сайт арқылы сақталмаған талап шағымдарын суретке түсіріп, жолдауына болады. Індет қаупі сейілмейінше, сауда орталықтары мен базарлар карантин талабын қатаң сақтауы тиіс. Ал бекітілген ережені ескермеген нысандар қайта жабылуы мүмкін.

Қауын-қарбыздан қауіп жоқ

Вторник, 14 Июль 2020 18:46

190813170104352e

Шілде басталмай, сауда орындары мен базарларда бау-бақша өнімдерінің саудасы қызды. Тіпті көшелердің бойында да қауын-қарбызды көлікке тиеп сатып жатқандар аз емес. Қай-қайсысының да бағасы былтырғымен салыстырғанда қымбаттау. Қарбыздың келісі базарларда 50-55 теңге, қауын - 90 теңгеден сатылуда. Бірақ көпшілік бағамен санасып жатқан жоқ. Індеттің өршіп тұрғанына қарамастан, шөл басатын әуес асқа тәбеті тартқандар одан дәм татуға асығуда.

Негізі оңтүстікте бақша өнімдері маусымның ортасына қарай піседі. Шілдеден бастап, олар жергілікті сауда орындарына шығарылады. Қазір жеміс-жидек пен көкөністің саудасы қызып тұрған кез. Десе де, бау-бақша өнімдерінің сапасына алаңдаушылық білдіретіндер де жоқ емес. Сатылып жатқан қауын-қарбыз нитраттан қаншалықты таза? Адам денсаулығына зиянды әсері жоқ па деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Базар және баға

Шымкенттегі көпшілік-тің аяғы басылмайтын «Қазыбек би» әмбебап базарына келдік. Шілденің күні күйіп тұр. Бірақ базардағы сауда аптап ыстықтан бетер қызып жатыр. Көліктерімен қаз-қатар тізіліп, қауын-қарбыз сатып тұрғандардың дені бұл өнімдердің негізінен Түркістан, Жетісай, Шардара жақтан әкелінгенін айтады.
– Шымкенттің тұрғынымын. Қауын-қарбызды Түркістаннан әкелемін. Биыл да нарықтағы бағасы адамдарға қолжетімді. Әйткенмен қауынның бағасы жылдағыдан сәл қымбаттау. Алғашқы сатылым кезінде көпшілік сапасына күдікпен қарады. Бірақ қазіргі кезде пісіп жатқан өнімдердің денсаулыққа зияны жоқ. Тұтынған адамдар алғыс айтпаса, шағым түсірмейді, - дейді сатушы Руслан Жарылқасын.
Көтерме базар болғандықтан бау-бақша өнімдерін саудалаушылардың қатары аз емес. Олардың кейбірімен тілдесіп көрдік. Алайда біраз тұтынушы қауын-қарбыздың сапасына көңілі толмайтынын да айтты.
– Бала кезіміздегі қауын-қарбыз жоқ қой қазір. Тәттілігі таңдайыңнан кетпейтін, қарбыздың бір тілімін жесең, шөлің басылатын. Қауындар да шекер татып тұратын еді. Қазіргі қарбыздың дәмі жоқ. Себебі құрамында тыңайтқышы көп, - дейді қала тұрғыны Әбдіразақ Жүсіпұлы.
Ал зейнеткер Маржан Бейсенова сатылымдағы қауын-қарбыздар денсаулыққа қауіпті деп санайды. Өзі бұл өнімдердің ешқайсысын әзірге алмайтынын, немерелеріне де жегізбейтінін айтады.
Десек те сатушылар бақша өнімдерінің сәуір-мамыр айларында тыңайтқыштың күшімен пісетінін жасырмады. Ал жаз мезгілінде оның сапасынан қорқудың қажеті жоқ дейді.

Өнім сапаға сай ма?

Базарлардағы сапаны бақылаушы мамандар көкөніс өнімдерін саудаға шығармас бұрын зертханаларда сынама алынатынын айтады. Сондай сынаманың нәтижесінде Айна базарында екі жүк көлігіндегі қарбыздан нитрат мөлшері шамадан көп екендігі анықталып, сатуға тыйым салыныпты. Ал «Қазыбек» әмбебап базарында осындай себеппен үш жүк көлігіндегі қауын-қарбыздың «көзі жойылған».
Еңбекші ауданы бойынша Тауарлардың сапасын сақтау басқармасының маманы Азамат Әбдікәрімұлының айтуынша, департамент мамандарының тарапынан бұрынғыдай сауда орындары мен базарлардағы өнімдер жоспарлы түрде тексерілмейді. Себебі, 2018 жылдың маусым айынан бастап, кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жарияланған. Тек тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағым ескеріледі. Алайда бүгінге дейін түскен шағым болмапты.

 

top 0afc35a1689c61ffc66ff325d43e6082

 

Мамандар не дейді?

Қауын-қарбызды сатып аларда нені ескеру керек?
Бау-бақша өнімдерін тұтынғанда гигиеналық тазалықты қатаң сақтаған жөн. Мысалы, сатып аларда дақылдың сыртын мұқият тексеріп, үйге әкелген соң, жақсылап жуу керек. Қабықтарында артық сызат, жарық болмауы тиіс. Тілінгені де керек емес. Себебі, онда нитраттар жиналуы мүмкін. Мұндайда әсіресе, сәбилер улануға бейім келеді.
Қауын-қарбыз көлеңкелі орындарда, жерден 20 сантиметр биіктікте сақталуы қажет. Сондықтан көше бойындағы өнімдерді алуға құмартпаңыз. Оның үстіне, көліктен шығатын газ сіңіп қалуы мүмкін. Ал тоңазытқышта қауынды бір күннен артық сақтауға болмайды, дейді мамандар.
Әрине, уақытымен пісіп, дәмі тіл үйіретін қауын, қарбыздың адам ағзасына пайдасы көп. Ми белсенділігін арттырады. Артық салмақтан арылтады. Холестеринді түсіреді. Қуық пен бүйректің қабынуын басады. Бауырды тазалайды. Күніне екі келі қарбыз жеу қаназдықтан құтқарады екен. Алайда бақшалық бұл өнімдерді сатып аларда оның сапасы мен дәміне мән берген жөн.

WhatsApp Image 2020-07-10 at 11.04.21

Соңғы екі аптада індет қатты асқынды. Күрделі жағдай Шымкентте ғана емес, еліміздің түпкір-түпкірінде ушықты.

Алғашқыда төтенше жағдай жарияланып, карантин шектеулері енгізілген кезде тұрғындар азық-түлік дүкендерінде ұзынсонар кезекке тұрды. Қазір ахуал басқаша өзгерді. Енді дәріханалардың алды адам қарасы азаймайтын жағдайға жетті. Ең қиыны, көпшілік іздеген дәрісін таппай жүр.
Рас, күні кешеге дейін дәрі-дәрмекке бақылау болмады. Аса қажетті дәрі-дәрмектің қолжетімсіздігі көпшіліктің наразылығын туғызды. Мемлекет басшысы Қасым-
Жомарт Тоқаев негізсіз қымбаттауға байланысты шағымды орынды деп қабылдады. Пандемия кезінде бұндай заңсыздықтарға жол беруге болмайтынын айтып, мәселені Үкімет пен құқық қорғау органдарына тапсырды. Сөйтіп жаппай дәріханаларға тексеру жүргізілді. Сол екен, медициналық препараттарды қымбат бағаға сатқан алыпсатарлардың жолы кесілді. Заңсыз дәрі қоймалары әшкере болып, медициналық препараттар тәркіленді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің жанынан құрылған арнайы мониторинг тобы да қаламыздағы «Зерде», «Фарм лайн», «120-80» дәріханаларындағы жағдайды бақылады. «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі және БАҚ өкілдерінен құрылған топ аса қажетті дәрілердің бар-жоғын, бағаларының қолжетімділігін анықтады. Сондай-ақ медициналық препараттардың тапшылық туындауының себеп-салдарын анықтады.
«Зерде» ЖШС дәріханалар желісінің меңгерушісі Жанар Шалдарбекқызының сөзінше, Шымкентке күн сайын дәрі-дәрмек тонналап келіп жатыр. Бірақ алушылардың шектен тыс көбеюі дәрі тапшылығын туындатып отыр.
Өкініштісі, бақыланған дәріханаларда «Парацетамол», «Аскорбин қышқылы», «Цефтриаксон», «Ингавирин», «Азитрамицин», «Немисил» жоқ. Сосын сатып алушыларға талап күшейтілген. Дәрілер дәрігерлердің нұсқауынсыз берілмейтін болған. Оған кезекте тұрған тұрғынның пікірі дәлел.
– Бір апта қатты тұмауратып ауырдым. Дәм-иіс сезбедім. Ауруым асқынғанда тыныс алуым қиындады. Кеселдің өкпеме қарап өтіп жатқанын білдім. Мен тіркелген №1 емханада күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Дәрігерден қажетті дәрілерді жаздырып алып, дәріхананың процедурасынан ем қабылдадым.
Қазір әлеуметтік желілерде ем-домдар туралы кеңестер көп. Бірі укол, система алу керек десе, бірі алуға болмайды дейді. Алғашқыда өз бетімше қорап-қорап дәрі іштім. Уақытша ғана басылғандай болды. Кейін сырқатым бұрынғыдан бетер өршіп кетті. Бұл аурудың алдын алмаса қиын екен. Жұрттың көбі өз бетінше емделіп жатыр. Менің ойымша, дәрігердің нұсқауынсыз ем алуға болмайды, - дейді қала тұрғыны Бибайша Ибраева.

 

WhatsApp Image 2020-07-10 at 11.04.29


Мәліметтерге сүйенсек, мегаполисте 740 дәріхана бар. Олардың 300-і қала басшылығының бақылауында. Қалғандары жекеменшік болғандықтан өз қалауынша сауда істейді.
– Үш дәріханаға кіріп, қажетті антибиотиктерді сатып алдым. Атап айтсақ, «Фарм лайнда» балаларға арналған «Анаферон» - 1445, «Генферон» - 4160 теңге. Ал «Зердеде» бағалар төмендеу. Мұнда «Анаферон» - 1260, «Аскорбин қышқылының» таблеткасы - 325, «Анальгин» - 180 теңге екен. Үшінші дәріхана Ерімбетов көшесі бойындағы «Зердеде» балаларға арналған «Парацетамолдың» әр қорабы 30 теңгеден сатылуда. Оны ересек адамдарға екі таблеткадан тұтынуға болады. Байқағанымыздай, дәріханалар арасында бәсекелестік бар. Бірақ бәрінде бірдей баға болуын қамтамасыз ету қиын. Меже мақсаты – белгіленген бағадан аспау, - дейді арнайы мониторинг топ мүшесі Әсет Әссанди.
Қысқасы, рейд кезінде бетперде, антисептик сияқты вирусқа, микробқа қарсы медициналық заттар мен дәрі-дәрмектің тапшылығы анықталды. Көпшіліктің иммунитет көтеріп, күш-қуатты арттыратын дәрумендерді аяғынан тозып іздеп жүргені жасырын емес. Мұнан бөлек, дертімен айқасып жатқандар да, кеселден көз жұмғандардың қатары да азаймай тұр. Өкініштісі тұмаумен басталған дерт қатты асқынып, өкпеге өтіп жатыр. Десе де, провизорлар ең қажетті антибиотиктер мен препараттар осы аптада барлық дәріханаларға түгел жеткізілетінін айтып, көптің күпті көңілін орнына түсірді.

 

Страница 1 из 39