Шымкент жыл сайын қарқынды дамығанымен, көңіл аударатын экологиялық мәселелері аз емес. Әсіресе, көше бойындағы қоқыс жәшіктерінің айналасында бей-берекет шашылып, үйіліп жататын тұрмыстық қалдық, тозығы жеткен кәріз жүйелерінің проблемасы тұрғындар тарапынан көп реніш туғызып жатады. Мұның бәрі, түптеп келгенде, шаһардың көркі мен санитарлық жағдайына үлкен сын.

DSC 6553

Мәселен, Республика даңғылы, Қарасу шағынауданындағы көп қабатты үйлердің аулалары төңірегіндегі қоқыс жәшіктері аузы-мұрнынан шығып, қалдық шашылып жатады. Тұрғындардың айтуынша, жағымсыз иіс аулаларға тарап, иісі қолқа қабады. Қазір қыс маусымы. Ал күн жылынған мезгілде жәшіктер қойылған орынды ызыңдаған шыбын-шіркей басатыны белгілі. Осындай жағымсыз көрініске қаланың екінші жағындағы Қаратау ауданына қарасты Асар-2 шағынауданының тұрғындары жиі шағым айтады.

– Лас ауамен, мүңкіген иіспен тыныстап, өмір сүріп жатырмыз. Мердігер мекеме дұрыс жұмыс істемейді. Қоқысты әр аптаның бейсенбі күндері түс қайта алып кететін. Кейін түнгі 23:00-24:00-де келетін болды. Үлгере алмайтын болар деп, тұрғындар қоқысты қаптап, көшеге шығарып, тіпті ит-құстан қоруға мәжбүр. Кейін мекеме жұмысшылары айлап төбе көрсетпеді. Cонан әлеуметтік желіде мәселе көтердік. Өткен аптада ғана қоқысты алып кетуге келді,– дейді Асар-2 шағынауданының тұрғыны Серікбай Камалов.

Қалай десек те, бүгінде біз қоқысты іріктеуді игере алмай отырмыз. Мұның бірінші себебі – тұрмыстық қалдықты өңдейтін технологияның жолға қойылмауы. Күнделікті жинақталатын қоқыстың көлемі экологияға айтарлықтай залал келтіретіні, әрине, айтпаса да түсінікті.

ҚАУІПТІ ҚАЛДЫҚТАР КӨБЕЙДІ

Шымкентте тұрмыстық қалдықты тасумен айналысатын «Спецавтотранспорт» ЖШС-нің өкілі 

Салтанат Жораева Экологиялық кодекстің тұрмыстық және өндірістік қалдыққа байланысты тұсы орындалмайтынын айтады. Қауіпті заттар қоқыспен араласып жатыр.

Аталмыш мердігер компанияның қызметін Абай ауданы бойынша 150 мыңнан аса, Еңбекші ауданынан 124 972 адам пайдаланады. Көп қабатты үйлердегі қоқыс күніне екі рет, жеке секторларда аптасына бір рет тасымалданады.

– Санитарлық тазалық мәселесінде тұрғындардың мәдениеті төмен екенін айтуымыз керек. 2018 жылдан бастап қоқыс жәшіктерінің жанынан сусын ыдыстарын жинайтын орын ашылды. Бірақ оны бөлек тастауды көпшілік ескере бермейді. Біздің жұмысшылар сусын ыдыстарын қапқа өздері жинап салады. Себебі, қоқыспен бірге тасталса, көлемді алады. Қоқыс алдымен үйде сұрыпталуы керек. Тамақ өнімдері, сусын ыдыстары бөлек жиналуы тиіс. Шындығын айтқанда, тұрмыстық қалдық көлемі шамадан тыс артып барады, – дейді 

Салтанат Жораева.

 Иә, тасымалдаушылардың сөзінің жаны бар. Олар тұрмыстық қатты қалдықты кез келген жерге апарып тастай алмайды. Сондықтан уақыт талабына сай, қоқысты алдын ала сұрыптайтын зауыттың қажеттілігі әлдеқашан-ақ туындаған.

ҚАЛДЫҚ ҚАШАН СҰРЫПТАЛАДЫ?

vlcsnap-2015-03-30-15h09m00s111

Экологиялық кодекске сәйкес, 2016 жылдан бастап Қазақстанда құрамында сынабы бар шамдар мен құрылғыларды, түсті және қара металл сынықтарын, қалдық май, электрондық қалдықтарды полигондарда көмуге тыйым салынды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап көмуге болмайтын тұрмыстық қалдық қатарына пластмасса, полиэтилен мен қағаз қалдықтары, картон мен шыны енгізіліп отыр. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бұл тізімге құрылыс және тамақ қалдығы енеді. Барлық дамыған елде қалдықты сұрыптау жүйесі енгізілген.

Шымкентте тұрмыстық қатты қалдықты тасымалдайтын «Спецавтотранспорт» ЖШС, «ОрионНовТех» ЖШС, «Бек-Асыл-Сервис» ЖШС, «ЭкоспецТранс» ЖШС, «Шымкент спецкомплекс» ЖШС, «Эко-Тазалық-Шымкент» ЖШС, ЖК «Чистый город», ЖК «Нұр-Олжа» сынды 10 компания бар. Алайда аталған кейбір кәсіпорындардың жұмысшылары нұсқауларға қарамастан, жұмысты экологиялық талапқа сай дұрыс атқармай отыр. Қалдықты материалдық ресурс ретінде қабылдап жатқан жан жоқ.

Қалалық коммуналды шаруашылық бөлімі өкілдерінің мәліметтеріне сүйенсек, «МПЗ Грин Лайн» ЖШС-нің қоқыс полигоны 2015 жылы Ақтас-1 елдімекенінде ашылған. Аумағы 29 гектарды құрайды. Күн сайын полигон 700 тонна қоқыс қабылдайды. Яғни, жылына Шымкенттен 200 мың тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдық жиналады. Оның 45,6 тоннасы өңделеді. Пайыздық үлесі – 23. Кәсіпорын директорының орынбасары Нұрлан Ахметовтің айтуынша, полигонға келген қоқыс сұрыпталады. Аққағаз, картон, целофан қалдықтары бөлек жиналып, шымкенттік өндіріс орындарына өткізіледі. Ал өздері пласмасса, пластмасса бутылкаларды өңдейді.

Міне, осыған қарап-ақ қоқыс қалдығына қатысты жұмысты жүйелеп, қолға алмаса болмайтынын аңғаруға болады. Эколог Азамат Жандар: «Зиянды қалдықты азайтатын «сиқырлы дәрі» жоқ. Бұл – көп жылға созылатын жұмыс. Сондықтан оны заң деңгейінде шешу керек. Жағдай неліктен мұншалықты мүшкіл? Өйткені әдетте бөлінген зиянды қалдық нормадан асып кетеді. Бұл арада коммуналды шаруашылық мекемелеріне, яғни, қоқыс тасымалдайтын серіктестіктерге салынатын айыппұлдан еш нәтиже шықпаса, талаптарды қайта қарап, ондай кәсіпорындардың жұмысын уақытша тоқтатып қоятын шара қолдану керек», – дейді.

 ҚОҚЫСТАН ДА ПАЙДА БАР

Дамыған елдердің көбінде қалдық – әжептәуір табыс көзі. Тіпті, біреудің бизнесі. Қоқысты қайта өңдеуден түскен ақша қалта мен қоршаған ортаға бірдей пайда әкеледі. Тұрмыстық қалдықты қайта өндеудің негізгі бағыттары – қағаз өнімдері, әйнек сынықтары, бөтелкелер, полимерлер, пластик өнімдері, ағаш және темір заттары болып тармақталады. Тіпті, борситын тамақ қалдығынан биогаз өндіретін мемлекеттер де бар. Мәселен, өмір сүрудің өзіне жер таппай отырған жапондықтар қоқысты іріктеу, реттеу жұмыстарына аса үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Токио мен басқа да ірі қалаларда қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жанбайтын, қайта өндірілетін деп іріктеледі. Әр қалдықтың өзіне тиесілі түсті пакеттері болады. Егер қоқыстарды шатастырып, әлде аралас тасталса, сол үшін «шатасқан» тұрғын қомақты айыппұл төлейді. Ал Түркияда қалай? Онда қоқыс тазалаушысы беделді әрі жалақысы жоғары мамандық иесі болып саналады. Қоқыс тазалаушы орта буынды банк менеджеріне қарағанда жақсы табыс табады.

Тазалыққа жауапты қызметкерлер үшін әлеуметтік қолдау жолға қойылған, атап айтқанда, медициналық сақтандыру, жоғары зейнетақы, қолжетімді баспана алуға мүмкіндіктері зор. Осыған қарап біздің мәселеге терең мән бермей отырғанымызды айтуға болады. Өйткені, қоқысты әу бастан сұрыптап тастау жүйесі бір жолға қойылмаған. Дәл осы жерден кеткен қателік бүгінгі айтып отырған бүкіл қателігіміздің бастауы болып отыр. Ал оны кәдеге жаратып, табыс тауып, алтынға айналдырып отырған елдер өте көп.

ТҮЙІН

Түптеп келгенде, тұрмыстық қатты қалдықтың экологиялық проблемаға айналуының себебі тұрғындар мен жекеменшік компаниялардың салғырттығынан болып отыр. Ал қаладағы қоқыс жәшіктері мен шашылып жатқан тұрмыстық қатты қалдықты күнделікті тіршіліктің ұсақ-түйек мәселесі деп емес, экологиялық, экономикалық, оған қоса мәдени өміріміздің үлкен бір проблемасы деп мән берсек, мәселе әлгі айтқан шетелдегідей шешімі дұрыс деңгейге жетер еді.

Биыл Шымкент мәдени астана атанып отырғанда мұндай көріністердің қаланың көркіне де, мәртебесіне де мейлінше ұят келтіретіні айтпаса да түсінікті.«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтуға тілі жоқ» деген сөз бар. Расында, табиғаттың тілі болса, біз қарсы дау айта алмайтын шындықты шыжғырып, бетімізге басар еді-ау!

Табиғаттың тілі болса,

Шымкентте «Балапан» бағдарламасы аясында үш тілде білім беретін 175 орынға арналған балабақша ашылды. Жаңа үлгіде салынған «4 Kids» мектепке дейінгі жекеменшік мекеменің ашылу салтанатына Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев қатысты.

 DSC1427

– Ауданымызда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балабақшалар саны артуда. Бұл тұрғыдан кәсіпкерлеріміздің белсенділіктерін атап өткіміз келеді. Бүгінде ауданымызда 68 мектепке дейінгі жеке балабақша жұмыс істейді. Бұл бағыт бойынша жұмыстар әрі қарай жалғасын табады, –деді Досалы Жайлауұлы.

Жаңа үлгіде салынған балабақшаға 80-ге жуық бала қабылданған. Бүлдіршіндердің таным көкжиегін кеңейтіп, зерделі болып өсуіне барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, ойын бөлмесі, асхана, музыка залы, спорт залы, әр топқа арналған ойын алаңшалары, денсаулықты қадағалайтын медбике және логопед бөлмелері бар.

Қай кезде де халық тұлғаларға арқа сүйейді. Ел алдындағы азаматтардан парасатты пайым, ойлы сөз күтеді. Поэзия әлемінде дара қолтаңбасымен айшықталған ақын Мұхтар Шахановтың кеші Шымкентте дүркіреп өтті. Сөз құдіретіне бас иген қауым Қазақстанның Халық жазушысының кешіне қаламыздағы Отырар кітапханасына жиналды. Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен әдеби кеш ақынның шығармашылығы мен «Жалын» журналының 50 жылдығына арналды. Басқосуда қаламгердің «Өркениеттің адасуы» кітабының тұсауы кесілді.

 DSC 3703

Оқырман өрнегі ерекше, өрімі бөлек «Төрт ана», «Отырардың күйреуі», «Желтоқсан желі» және «Әйелдер балладасы сынды өлеңдері мен поэмаларын ұйып тыңдады. Тарлан ақынның жігерлі, патриоттық жырларымен сусындады. 

Сондай-ақ, қаламгердің «Рух пен тіл», «Ерлерді ерлікке шақыру» сынды әндері орындалды. 

Қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың қазақ халқы үшін еңбегі ерен. Қоғамдық-саяси мәселелерге сергек көзбен қарады. Әлем назарын тартылған Арал теңізіне аударды. Дүниежүзілік деңгейге көтерді. Желтоқсан оқиғасын зерттеу жөнінде комиссия құрылып, соның мүшесі болды. Наурыз мейрамының халықпен қауышуына мұрындық болды.

– Биыл «Жалын» журналының жарыққа шыққанына 50 жыл толды. Қалың оқырман журналды жақсы біледі. Өзім басылымның алғашқы авторларының бірімін. «Жалын» мен «Жұлдыз» қазақтың рухы. Қабырғалы қаламгерлерді тәрбиеледі. Қаламын ұштады. Журналды мерейтойымен құттықтаймын. Руханияттың айнасына айналсын, жалыны бәсеңдемесін! – деді жазушы Мархаббат Байғұт.

Қаламгер Мұхтар Шахановтың «Бөдене таланттар мен Қажымұқандар» атты шығармашылық ән-жыр кеші Түркістан сарайында жалғасты. Рухани-мәдени шараға Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысты. Әдеби шараның шымылдығы «САҚ» киностудиясының тарлан ақынның өлеңіне жазылған «Отырар дастаны» анимациялық фильмімен ашылды.

Мұнан соң, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, эстрада әншісі Хадиша Шалабаева және әнші Сандуғаш Стамғазиева ақынның авторлық әндерін шырқап, қазақ рухын асқақтатты. Халық жазушысының көрерменін сағындырған «Туған күн кешінде», «Ерлікке шақыру», «Қазақ дастарханы», «Жұбайлар жыры», «Гүлдәурен» әндері орындалды.

Өнерсүйер қауым халық жазушысының патриоттық рухқа толы өлеңдерін зейін қойып, ұйып тыңдады.

DSC 3761

– Әр кезеңдегі әндер шырқалды. Ішінде күрделісі «Туған күн кешінде» болатын. Сол әуеннің шығу тарихы әлі есімде. Мен әнді тез шығарамын. Ал сөзін жазу қиын. Анам ұршық иіріп отырып, жаңа әнімді тыңдады. Сөзін жазуды таңертеңге қалдырғанмын. Ертеңіне әнді ұмытып қалдым. Әрі-бері ойланып, таппадым. Сол күйі есіме түспеді. Арада бір ай өтті. Әдеттегідей үйде отырғанмын.

Анам өткендегі ұмытқан әуенді ыңылмен айтып отыр. Қуанып кеттім. Риза болғанымнан анамды құшақтап, бетінен сүйдім. Кейін «Туған күн кешіне» сөз жаздым. Ұмсын анамның арқасында ұмытылған ән осылай шығарылды. Менің байлығым атақ-даңқ емес, өлеңдерім, – деген Қазақстанның Халық жазушысы, драматруг Мұхтар Шаханов шығармашылық кешіне қолдау білдірген қала әкімдігіне алғысын білдірді.
Кеш соңында қала әкімі Ерлан Айтаханов ақынды құттықтады. Қазақ әдебиетінің абызы ретінде сіңірген еңбегін атап өтті.

– «Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық жаңғыру ұғымы – ұлттық сананың кемелденуін білдіретінін айтып, қазір ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейту керектігіне тоқталған болатын. Көкжиекті кеңейтетін ақын-жазушылар екені айтпаса да түсінікті. Олар халықты рухани сусындатып, саналарына ұлттық кодты сіңіруге тырысады. Ал Мұхтар Шахановтың поэзиясын әлем мойындады. Семсердей өткір сөзі, найзағайдай отты өлеңдері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, алтын қордан орын алатыны сөзсіз.

Ағамыз тек ақын, жазушы, композитор ғана емес, қоғам қайраткерлігі тағы бар. Екі кітабының тұсаукесері және Жалын журналының 50 жылдығы аталып өтті. Мерекелеріңіз құтты болсын! – деді қала басшысы. Сондай-ақ, Ерлан Қуанышұлы «Жалын» журналының қызметкерлерін арнайы Алғыс хатпен марапаттады.

Халық құрметіне бөленген жазушы, драматругтың ерекше сыр мен жарқын толғанысқа толған өміршең жырлары оқырманға рухани кеш сыйлады. Жойқын кесек туындылар оқырманның санасын сілкінтті. Жүректегі ұлттық рухты оятты.

Шымкентте баспана кезегінде тұрған азаматтарға пәтер берілді

WhatsApp Image 2019-12-24 at 15.49.27

Қуаныш иелеріне пәтер кілтін қала әкімі Ерлан Айтаханов салтанатты түрде табыс етті. Жаңа тұрғын үйге жастар мен көпбалалы аналар ие болды.

– Президент Қ.Тоқаев көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін алға қойған еді. Осы орайда, биыл Шымкентте 450 көпбалалы ана мен 904 жасты баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған болатын. Бүгін жастар мен көпбалалы аналар жаңа үйге қол жеткізді. Қаламыздағы қарқынды құрылыс жалғасады. Жаңа қоныс құтты болсын! - деді қала әкімі Ерлан Қуанышұлы.

Айта кетейік, биыл үшінші мегаполисте 1554 пәтерлі 27 көп қабатты үйді пайдалануға беру жоспарланған.

Оның ішінде 656 пәтерлі 11 несиелік тұрғын үй, 898 пәтерлі 16 арендалық тұрғын үй. Сондай-ақ, Шымкент Сити» қалашығында 558 пәтерлі 9 көпқабатты арендалық тұрғын үй және Әкімшілік іскерлік орталығында 336 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үй, қаланың Еңбекші және Абай аудандарында 70 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Алдағы кезеңде 88 үйдің құрылысы басталады. Бүгінгі таңда 134 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр.

Тәуелсіздік таңының атуына түрткі болған Желтоқсан оқиғасына қатысқан куәгерлердің бірі ретінде сол бір мұз жастанған, мұң арқалаған күндер есімнен кетпейді.

Фото Слам

Мереке жақындағанда көңілім құлазиды. Тарихи оқиғаның үзік бейнелері көз алдыма келеді. Жiгiттердi былай қойғанда, қазақ қыздарының өжеттiгi мен қайсарлығы жұртшылықты таңқалдырды. Жастардың алаңға шығуына ешкім ықпал еткен жоқ.

Ол кезде «Оңтүстік Қазақстан» газетi партия тұрмысы бөлiмiнiң меңгерушiсi болып iстейтiнмiн. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң ұйғарымы бойынша 15 күндік оқуға шақырылған облыстың бiрқатар партия, Кеңес қызметкерлерi қатарында әрiптесiм «Южный Казахстан» газетi партия тұрмысы бөлiмiнiң меңгерушiсi Степан Григорьевич Катвицов екеумiз сол күнi - 1986 жылдың 16 желтоқсанында таңертең Алматы жоғары партия мектебiне келiп жатақханада алдын-ала дайындалған бөлмемiзге жайғастық.

Түске таяу Республика Орталық партия комитетiнiң Пленумы өтiп жатыр, Қонаевты орнынан алады екен деген қауесет сөз тарады. Пленумның құпия болғаны соншалық, орнына кiмнiң тағайындалатынын ешкiм бiлген жоқ. Ақыры Мәскеуден жеткен хабар төбемізден жай түсіргендей болды. Бізге беймәлім Геннадий Колбин бiрiншi хатшы болып бекітіліпті. Бұл шешімге орыс ұлтының азаматтары ғана қуана келісетінін көз жанарларынан байқатты.

Ертеңіне 17 желтоқсанда таңертең партия мектебiнiң үлкен мәжiлiсханасында алғашқы сабақ басталды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң екiншi хатшысы Мирошниченко әлеуметтiк және экономикалық саланы дамытудағы партиялық ықпалды арттыру туралы лекциясының ортасына жеткенде президиумда отырғандар өзара сыбырласып кетті. Сонан соң, бiр-бiрлеп сыртқа шыға бастады.

Ақырында мектептiң ректоры ғана қалды. Япыр-ай, Шымкентке келсе жұрт құрмет көрсететін үлкен тұлға – Республика екiншi хатшысының мұнда абыройы шамалы екен деп таңырқадық. Сол сәтте алаңға жастардың жинала бастағанын, тысқа шыққандар жайсыз хабарды естiген соң кеткенін қайдан бiлейiк?! Лекция бiткенде мектеп ректоры «Бүгiнгi сабақты осымен аяқтаймыз. Алыстан шаршап келген шығарсыздар, алаңсыз демала берiңiздер», деп жиналғандарды тарқатып жiбердi.

Бөлмеде газет-журнал қарап, теледидар көрiп отырғанмын. Газетіміздің мәдениет, әдебиет және өнер бөлiмiнiң меңгерушiсi болып жүрiп, жоғары партия мектебiне оқуға алынған Төрехан Рәмбердиев суыт кiрiп келді. Ай-шай жоқ:

- Ешнәрсе естіген жоқсың ба?-дедi.

- Не есітуiм керек?

- Студент жастар кешегi Пленум шешiмiне наразылық бiлдiрiп, демонстрацияға шығып жатыр. Алаңды қоршап алған, – дедi.

– Не тұрыс, сонда барайық, – дедiм сөзге келмей киiнуге ыңғайланып.

– Алаңға келсек қарақұрым халық. Дені жастар. Алғашқыда наразылық бейбіт басталған. Кейін басудың күштеу, қорқыту сияқты өрескел шараларынан соң, жағдай ушығыпты. Әр жерде көліктер жанып жатыр. Өрт сөндiргiш алып машиналар аударылып қалған. Милиция, солдаттар қолдарындағы қалқан, сойылмен Алаңды қоршай қорғауға алған. Ішке ешкімді өткізбейді. Ал жастар тас-түйін бекініп алыпты. Ашулы, ызалы беттерінен қайтар емес.

Полковник шенiндегi егде тартқан қазақ кiсi топтың арасында жайлап жүріп келеді. Жастар оны қоршап өз пiкiрлер мен наразылықтарын айтып жатты. Ол жауап таппады ма, әлде риза болды ма, белгісіз...Басын изеп, күле берді. Алайда алаңдағы қыз-жiгiттердiң ой-өрiсi, парасат-пайымы жоғары еді. Олар туған жер, Отан туралы ән шырқады. «Әр ұлттың өз көсемi болсын!» , «Еш бiр ұлтқа артықшылық берiлмесiн!» деген ұрандар алып жүрдi.

Ертеңіне тағы да сабақ болмады. Оқуға келген сәтте өзге ұлт өкiлдерiне рұқсат берiп, қазақ жастарға басу айтып, алаңнан тарқауына ықпал ету ұсынылды.
Алаңға Төрехан екеумiз бiрге келдiк. Кешегiдей емес, алаңның алды түгелдей тазартылып, ашылып қалыпты. Қоршау жасап тұрған солдаттар мен милициядан құрылған жасақ анағұрлым көп көрінді. Жастар тобы алаңға кiреберiстегi көше бойында ұрандар мен плакаттар көтерiп, патриоттық ән айтып тұрды.

Түске таяу автобус келді. Адамдарға қарамастан алаң ортасына баса-көктеп кірді. Мұны біз Орталықтың нұсқауымен жiберiлген iшкi әскерлердiң арнаулы жасағы екенін кейін білдік. Олар көп кiдiрмеді. «Ура!» деп атойлап, шеруге қарсы шабуылға шықты. Қарулы жасаққа төтеп бере алмаған бейбiт топ кейiн серпiлдi. Сол екен, жантүршігерлік оқиға басталды. Қатыгез жауынгерлер қыздарды аяған жоқ. Бұрымынан сүйреп, жігіттердің қолын қайырып, тасада алдын ала дайындалған автобустарға қойша тоғытты.

Сол дүрмектiң ортасына дендей енiп, шығарға тесiк таба алмай, шеттеу жерге ығысқанмын. Алдымнан үш бiрдей солдат шыға келді. Олар менен бас киiмімдi шешудi бұйырды. Түкке түсiнбей қалпағымды қолыма ала бергенімде, басыма сарт етіп сойыл тиді. Екiншiсi де ұруға ыңғайлана беріп, сойылын көтерді. Мен қулыққа көштім. Қарсыласқаныммен пайда таппайтынымды ұқтым.

Есеңгiреген адамның кейпiнде жерге жамбастай құладым. Бетiме жылы қан ағып, басым айналып бара жатты... Осы сәтте қыздың бірі «өлтiрдi-ау!» деп жанұшыра айғайлап, басындағы түйе жүнінен тоқылған қалпағын жұлып алды. Басымның қанаған тұсына басып, кетіп қалды. (Бейтаныс қыздың сол қалпағы менде әлі сақтаулы).

Таса-тасадағы жолдармен жүрiп, жатақханаға әрең жеттім. Мені Төрехан күтiп отыр екен. Ол да солдаттардың қоршауына түсiп қалып, партия билетiн көрсетiп құтылыпты.
Партия мектебiнiң арнайы емханасы бар екен. Сонда басымның жарылған жерiн тiктiрдім. Жарақатымнан оқудың соңына дейін сабаққа қатыспадым.

Тәуелсіздік тәңір сыйы, киелі ұғым. Бостандықтан артық қандай бақыт бар?! Тәуелсіз елдің тарихы мәңгі өзгермейтін тарих. Сол тарихтың бастауында желтоқсандықтардың тұрғаны ақиқат.

Шымкенттегі Жол-көлік колледжінде республикалық семинар-практикум  өтті. Маңызды жиында еліміздің 14 өңірінен келген техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің  оқытушылары бас қосты.

«Менің туым – менің Отаным»

Пятница, 29 Ноябрь 2019 04:07

Шымкентте 1-желтоқсан ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай, осындай тақырыппен патриоттық акция өтті.

ne

Мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеуге шақырған іс-шара Әл-Фараби алаңындағы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ғимараты алдында ұйымдастырылды. Республикалық маңызы бар шараның өтуіне Nur Otan партиясының Шымкент қалалық филиалы ұйытқы болды.

Салтанатты жиында қала әкімі Ерлан Айтаханов мерекемен құттықтап, ұлттық рухымыздың айғағы рәміздерімізге құрметтің ерекше сақталу қажет екенін жеткізді.

– Елбасымыз атап өткендей, ерекше құнды белгілер ел тәуелсіздігін күллі әлемге танытты. Халқымыздың рухын, бастан кешкен тарихын, бүтіндей мәдениетін көрсетті. Ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, арман-тілегін жеткізді. Сондықтан әрбір азамат көк байрақ туымызды, әнұранымызды, елтаңбамызды қастерлеп, ардақ тұтуы тиіс, – деді қала басшысы.

Сондай-ақ, Е.Қуанышұлы белсенді жастарға партия билетін табыс етті. Акцияның өтуіне қаламыздағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының жастары қолдау білдірді. Ал қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары мерекелік концерттік бағдарламасын ұсынды.

Қазақтың Ханбибісі – 70 жаста

Среда, 27 Ноябрь 2019 04:12

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызының 70 жасқа толған мерейтойына орай Шымқалада «Мен – анамын, ақынмын, әлемді ойлар» атты шығармашылық кеш өтті.

DSC 2581

Поэзия әлемінде қайсарлық пен ақиқаттың алдаспанындай жарқыраған қаламгердің кеші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясынан басталды. Мұнан соң көпшілік кеш иесіне арналған кітап көрмесін тамашалады. Мерейтойлық іс-шара барысында Ханбибі Есенқарақызының 10 томдық кітабының тұсауы кесілді.

Жаңа топтамаға қаламгердің саяси қуғын-сүргін құрбандары мен мәдениет қайраткерлеріне арналған шығармалары еніпті.

Мерейтой иесін құттықтауға елімізден бөлек Өзбекстан, Қырғызстанның және басқа да түркітілдес елдердің зиялы қауым өкілдері де келді. Мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Амангелді Айталы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен Ханбибі Есенқарақызының еңбектеріне тоқталып, жылы лебіздерін білдірді. Мұнан соң ілтипатқа бөленген ақынның мерейтой кеші Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратының залында жалғасты.

Кешке жиналған қауымның назарына алдымен қаламгердің өмірі мен еңбек жолынан «Сыр шертемін ешкімге айтылмаған...» атты бейнефильм ұсынылды.
Шығармашылық жиында қала әкімі Ерлан Айтаханов ақынды мерейлі жасымен құттықтады.

– Сіздің өлеңдеріңізден нәзік иірімдермен қатар отансүйгіш қасиетіңізді де байқаймыз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып қалыптасуына қосқан үлесіңіз де ерен. Поэзия мен прозаның жүгін бірге көтеріп келесіз. Әдебиет әлемі арқылы еліміздің руханиятына баға жетпес еңбек сіңірдіңіз, - деді Ерлан Қуанышұлы.

Х.Есенқарақызының шығармашылығы жөнінде ақын Әселхан Қалыбекова мен филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақыптан бастап бірқатар ақын-жазушы, әдебиеттанушы ғалымдар жүрекжарды пікірлерін айтты.

DSC 2327

Мемлекет қайраткері Әлихан Бәймен: «Хан-апамыздың шығармалары жүректен шығып, жүрекке жетеді. Сөзі қарулы, ойы қайратты. Шумақтарынан адам жанын түсінесің. Сезімін сезесің. Өрелі ойын ұғынасың. Поэзиямен қатар, ғалым ретінде еңбек етіп келесіз. Қайраткерлігіңіз тағы бар», - деді.

Ханбибі Есенқарақызының мерейтой кешінде көрерменнің жаны жырмен әлдиленді. Ақынның өлеңдеріне жазылған «Алтынай», «Нурикамал», «Дос іздедім» сынды әндері жиынды айшықтай түсті. Жырға шөліркеген жандар бір сәт поэзия әлеміне саяхаттап қайтты.

Кеш иесі әсерлі өткен салтанатты іс-шара соңында жиналған көпшілікке алғысын білдіріп, көрсетілген құрметке ешқандай марапаттың тең келмесін жеткізді.

Страница 4 из 37