Жол белгілері орнатылуда

Пятница, 19 Май 2017 04:20

Шымкент көшелерінің бойындағы жол белгілері жаңартылуда. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар Қазыбек би көшесіне қойылды.

11111

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиевтің мәлімдеуінше, арнайы белгі бүгінде іске қосылған. 

– Көшеге арналған жолақ қою жұмыстары аяқталды. Жоспар бойынша біз уақытылы бітірдік, – дейді Н. Сүгірәлиев. 

Айта кетейік, жол қауіпсіздігі қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың басты назарында. Бүгінге дейін қаламыздағы барлық 126 мектепке жол белгілері қойылған. Сондай-ақ мұндай белгілер «Сайрам» тұрғын алабында, «Асар» шағындаудандарында бар. Биыл жалпы 300 метрге жол жолақтары сызылады.

20150205180616

Биыл «Shymkent BUS» компаниясы 100 жаңа автобуспен толығады деп жоспарлануда. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қала тұрғындары үшін маршруттар қолайлы болу үшін бірқатар шараларды атқаруда.

Миллионға таяу халқы бар Шымкентте көліктер қатары артқан сайын, жол тақырыбы  өзекті мәселенің бірі. Бөлім басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаевтың айтуынша, автобус тапшылығын болдырмау үшін жаңа автобустар қоғамдық көліктер қатарына қосылады. Яғни 10 әлеуметтік маңызы бар  маршруттар енгізіліп, бекітілді. Жаңа қоғамдық көліктер бағыты қала іші мен шалғай шағынаудандарды қамтиды.

Шымкентте көпке таныс қолөнер серіктестігінің бірі – «Шапағат». Мұнда ұлттық нақыштағы көрпе, жастық бұйымдары тігіледі. Кәсіпкер Гүлбахыт Ахметованың өнімдері сұранысқа ие. Жаз маусымы басталысымен, тігін цехында жұмыс қызады. Серіктестегі қыз-келіншектер түскен тапсырыстарға білек сыбана кіріседі. Қазір қыз жасауы әзірленіп жатыр. Түрлі ою-өрнектермен бұйымды көмкерудің шебер үшін қиындығы жоқ. Алдымен материалын өлшейді. Кейін, оны түрлі өрнектермен сәндейді.

18096647 820155148135320 2494513389154336768 n

Гүлбахыттың негізгі мамандығы – экономист. Бірақ жастайынан анасынан тігін тігуді үйреніп, қолөнермен айналысып келеді. Оның алғашқы еңбегі тұрмыстағы көрпешелер болды. Бірақ кәсіп ашамын деп ойламайды. Анасы Зәуре апайдың қолынан шыққан заттар үнемі сұранысқа ие болады. Кейін анасына осы жұмысты жандандырсақ деген ой келеді. Бірақ көпке дейін өз жоспарын жасауға батылы бармайды. Уақыт өте келе апайдың бұйымдарын тұтынушылардың қатары көбейіп, тапсырыс саны артады. Сөйтіп бұл бастаманы шағын бизнеске айналдырады. Алдымен Гүлбахыт ұзатылатын сіңлісіне жасауды анасымен бірге дайындайды. Сөйтіп қызығушылықпен басталған іс сүйікті жұмысына айналады. Көп ұзамай шеберлердің жұмысы алға басып, мақсаттары орындалды. Қазақтың ұлттық ою-өрнегі Гүлбахыттың еңбегінің арқасында жаңа форматқа ие болды. Қазір кәсіпкер келіншек сан алуан ою-өрнек және құрақпен жұмыс істеп келеді. 

17267598 294956884256843 8432601689315344384 n 1

– Екінің бірі ою-өрнектің мәніне терең үңіліп жатқан жоқ, сондықтан білмейді. «Бастысы, ұлттық нақыш қой» деген ой басым. Дегенмен қолөнер – адамның ерекше ықыласын қажет етеді. Алайда сапасы мен өрнегіне қарап, қолдың жұмысы емес деп ренжітетіндер де бар. Қазір оюларға назар аударсам, олардың дені қазақтың оюларына келе бермейді. Көбісі ойдан құрастырылып шығарылады. Ал біздің ұлттық ою-өрнек салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың көрінісі емес пе? Содан оюлардың үлгілерін, құрақтың түрлерін пайдалануды қолға алдым. Біз оюларды сақтауымыз керек. Себебі, қазақтың ертеден келе жатқан оюларында терең мағына жатыр. Олардың әр элементі, өрнек-нақышы ұлттық ерекшеліктерді бедерлеп, бейнелейді. Ізденісім, өзім қалаған кәсібімді жетілдіруге себеп болды. Қазір бұйымдарымыз халық арасында кеңінен танылуда. Еңбегіміздің жанғанына қуанамыз. Қазақтың ою-өрнегі ұлттық бренд болуы тиіс, – дейді Гүлбахыт Ахметова. 

18013388 1267354946717428 3107841157179113472 nШынында да қол еңбегі нағыз еңбекті талап етеді. Көбіміз «Қошқар мүйізден» басқа оюларды біле бермейміз. Шындығында қазақ оюларының түрлері көп. Балаларға, ерлер мен әйелдерге арналған оюлар бар. Бас киімге, камзолға, шапанға салынатын ою түрлері қаншама?! Серіктестікте көз жауын алатын ою-өрнектер бар болғаны қайшымен пішіліп, машинамен тігіледі. Әйтсе де, сан түрлі ұлттық нақыштағы оюлар шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді. 

18011685 130419444168497 1194912205858930688 n

Әуелде, осы жұмысты бастағанда күнкөріс үшін арзан өнімдерді пайдаланатын Гүлбахыт қазір сапасы жоғары, құны қымбат, өңі әдемі бұйымдарды қолданатынын айтады. Бүгінде шебердің қолынан шыққан бұйымын шымкенттік жұртшылық көп тұтынады. Тіпті ұлттық өнерден ескерткіш болсын деп арнайы іздеп келеді екен. Ол кәсіппен айналысу үшін бағыт-бағдарды анықтап алу керектігін айтады. Кез келген істі бастау үшін қаражат, нақты жоспар керек. Ал оны қалай бастауға болады? 

17333011 189672104855592 483467271461666816 n 1

– Не қызықтырады, сол саланы таңда. Сонда өзің күткен нәтижеге қол жеткізесің. Менен жақсы экономист те шығатын еді, оған қабілетім де, білімім де жетеді. Бірақ мені мамандығым қызықтырған жоқ. Менің кәсіпте еңбегім жанды. Нені жасасам да, сапалы дүниені ұнатамын. Өйткені шеберлерге ешкім ешнәрсе үйретпейді, – дейді кәсіпкер келіншек. 

Он саусағынан өнері тамған Гүлбахыт 10 жылдан бері талай бойжеткеннің жасауын әзірледі. Ол ұлттық нақыштағы ою-өрнектеріміз арқылы халқымыздың өркениеті мен мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттап жүр. Биыл шебер «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының көмегімен тігін цехын одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отыр. Енді ол көпшілікке қыз жасауының қайталанбас түрлерін жасағысы келеді.

Тісім сау болсын десеңіз...

Пятница, 12 Май 2017 07:01

Биылғы ақпан айынан бастап, облыстық тіс емдеу емханасы тәулік бойы жұмыс істейтін болды. Бұл – халыққа медициналық қызмет көрсетудің тиімді бір үлгісі болса керек. Өйткені басқа ауру түрлері мазалаған кезде кез келген уақытта «жедел жәрдем» көлігіне сүйенуге болады. Ал тісіңіз түнде шыдатпай ауыратын болса тек стоматолог дәрігер ғана көмек бере алады. Біз жуырда аталған тіс емханасының жұмысымен танысып қайтқан едік.

DSC 8711

Бүгінде мұнда 4 бригада, 4 дәрігер, 4 медбике және 4 санитар түнгі мезгілде науқастарды қабылдауда. Шамамен күн сайын 350 адам тіс емдеу орталығының қызметіне жүгінеді. Жалпы мұнда 68 дәрігер келушілерге қызмет көрсетеді. Барлығы да тәжірибелі, білікті. 

Облыстық тіс емдеу емханасының бас дәрігері Ерғали Ормановтың айтуынша, ауыз қуысының қабынуын елемеген жағдайда флегмонаға айналып кетуі мүмкін. Бұл адам өміріне қауіпті. «Сондықтан аурудың алдын алу үшін жылына екі рет медициналық тексерулерден өтіп тұрған абзал» дейді дәрігер. 

DSC 8646Ерғали КЕРІМБЕКҰЛЫ:

– Қазір балалар арасында тіс жегіден зардап шегетіндер көбейген. Мұның басты себебі, тіс тазалау гигиенасының сақталмауы. Өйткені олар тісін қалай тазалау керектігін, түрлі қауіп-қатерден сақтану жолдарын білмейді. Негізінде тісті тәулігіне екі рет, таңертең және ұйықтар алдында міндетті түрде жуу қажет. Жасыратыны жоқ, көпшілік тісті таңертең тазалағанымен, кешкі тазалыққа мән бермейді. Ал кешке жатар алдында тісті тазалау өте маңызды. Өйткені кешкі астан ауыз қуысында қалған тағамның қалдықтары таң атқанға дейін тіске жабысып, содан тіс жегі пайда болады. Ол жан-жағын зақымдап, тісті жарамсыз күйге түсіреді. Сондықтан тісті дер кезінде дәрігерге тексертіп, тұрған жөн.

DSC 8734Стоматологтар арасында “Адамның тісі кішкене түтікше секілді. Бір шеті ауыз қуысында тұрса, екінші ұшы жүрекпен жалғасады” деген теңеу бар. Демек, адамға стоматологиялық көмекті дер кезінде көрсетудің маңызы зор. Осы орайда емханада 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге, әлеуметтік топ мүшелеріне (мүгедектер, зейнеткерлер, тұрмысы төмен отбасылары) тегін медициналық қызмет көрсетіледі. Жалпы емханада тіс емдеу, жұлу, алдын алу шараларына қажетті 47 заманауи медициналық құрал жабдық бар. Жапония мен АҚШ-та шығарылған заманауи қондырғылармен жабдықталған 12 емдеу кабинеті жұмыс істейді. Атап айтқанда, пародонтологиялық кабинетте тіс еттерін емдеуге арналған «Вектор», эндодонтиялық кабинетте «Дендопорт» қондырғысы жарамсыз тістерді емдеп, қалпына келтіреді. Ал ортопаномограф аппаратына түсіру арқылы жақ тістерінің, сонымен қатар танау бөліктерінің рентген түсірілімін алуға болады. Сондай-ақ хирургиялық кабинетте тіс емдеуге қажетті құрал-саймандарды әрі залалсыздандырып, әрі таза сақтайтын «панмендтер» деп аталатын шкафтар пайдаланылады. 

DSC 8670

Яғни тіс ауруының алдын алуға, ауру сипатын дер кезінде анықтауға рентген түсірілімінің маңызы зор. Тіпті тісті тұтастай жақ сүйегімен түсіретін компьютер де бар. Ол арқылы қай тістің сау, қайсысы тіс жегіден зардап шеккенін, қайсысын емдеп, жұлу керектігін нақты білуге болады. Мұнда дәрігер Зульфия Дүйсенова оқушы Әлижан Нөкетке медициналық көмек көрсетті. Тістерін рентген аппаратына түсіріп, ем қабылдауға жолдама берді. Кейіпкеріміз Әлижанның тістері қисық біткен. Егер дер кезінде емделмесе, тіс жегіге айналуы мүмкін. Стоматолог Зульфия Дүйсенова күн сайын 50-60-қа жуық баланы қабылдайды. Сондай-ақ тіс өзектерінің асқынуларын емдеу кабинетінде де кезекте тұрған балалар мен жасөспірімдер көп. 1санатты дәрігер-стоматолог Айнұр Абжалова 12 жастағы Аружан Әріпбайдың тісін емдеуде. Түн аурудың асқынатын кезі емес пе?! Бүлдіршін қыздың тісі түні бойы ауырады. Дер кезінде емделмегендіктен, тісжегі асқынып кетіпті. Дәрігер сырқаттың тістерін тазалап, пломба салуға дайындап жатыр. 

Тіс емханасында алдын ала байқау кабинетінде де кезекте тұрған адамдар көп. Мұнда аурудың бастапқы диагнозы анықталады. Сонан соң сырқатына қарай, бөлімдерге жіберіледі. Тісін емдеу керек болса, дәрігер терапевтке, жұлдыру қажет болса, хирург дәрігерге жолдама беріледі. 7 сыныпта оқитын Рауан Нұржанды дәрігер-стоматолог Жазира Кенжибаева қабылдап жатыр. Жасөспірім созылмалы пульпитпен ауыратын болып шықты. Соның салдарынан жүйке талшықтары зақымданған. Дәрігер Рауанға жолдама жазып берді. 

DSC 8656

Бас дәрігердің орынбасары Сәуле Кәрібаеваның айтуынша, бұрын тіс жегі белгісімен ауыратындар аз болса, қазір тіс кеселінің бұл түрі жас талғамай көбейіп барады. Сондықтан бала кезден тіс гигиенасын сақтау қажеттігін айтады. 

– Кез келген тіс ауруы тамақты жеткілікті шайнамаудан басталады. Себебі ауыз қуысында қалған қалдықтар микробқа айналып, эмальды бұзады. Дұрыс шайналмаған тамақ асқазан жұмысын ауырлатады. Ауру асқынған кезде жүрекке жетеді. Бүйрек, бауырдың қызметін бүлдіреді. Сөйтіп тіс жегі пайда болады – дейді Сәуле Кәрібаева. 

Балалардың негізгі тістерінің тамырлары толық қалыптаспағандықтан ересектердің тістерінен өзгеше болады. Өте сезімтал. Егер тіс жегінін уақытылы емдемесе тамырдың өсуі жойылады. Тәулік бойы демалыссыз жұмыс істеуге көшкен облыстық тіс емханасы стоматологиялық кеселдің кез келген түріне бүгінгі медицина жетістіктерінің көмегімен емдейтін бірден бір орталық болып отыр.

Суреттерді түсірген
Данияр ҚОЖАБЕК

ОҢТҮСТІКҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖАУЫНГЕРДІҢ СҮЙЕГІ ТУҒАН ЖЕРГЕ ЖЕТКІЗІЛДІ

Оңтүстікқазақстандық үшінші майдангердің сүйегі туған жерге жеткізілді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ерлікпен қаза тапқан Сайрам ауданының тумасы Пірәлі Ахмамбековтің сүйегі Ресейдің Курск облысынан табылды.

suiek

Қаза тапқан белгісіз батыр жайлы мәлімет «Айғақ» телеарнасына келіп түскен. Өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен телеарна журналистері шұғыл зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ресей жерінен табылған майдангер Пірәлі Ахмамбековтың Сайрам ауданынан туыстары табылып, оларға хабар жіберілді.

Мамыр айының 1-5 күндері Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіш «Айғақ» телеарнасының шығармашылық тобымен Ресейдің Курск облысы, Поныри ауданына аттанды. Онда батыр сүйегін табыстау қаралы митингісі өтті.

18199310 712997612195364 4826278768462161866 n

Шара барысында, соғысқа аттанып, қапыда көз жұмған аға сержанттың медальоны қазақстандық делегацияға салтанатты түрде табысталды.

Осындай игі іске қолдау танытқандардың қатарында ҚР Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елші Иманғали Тасмағамбетов те бар. Елші Ресейге барған делегация мүшелерін арнайы қабылдап, елге сәлемін жолдады. 

18275044 712997855528673 2161124975871656094 n

ҰОС-да хабарсыз кеткен майдангер Сайрам ауданы, Шапырашты ауылының тумасы. Жауынгер туған жеріне жерленіп, бұдан кейінгі шара «Даңқ» мемориалында жалғасты. Оңтүстік жұртшылығы батырды бір минут үнсіздікпен еске алып, құрмет көрсетті. 

– Отанын қорғау үшін қолына қару алған майдангерлердің тағдыры әрқилы. Олар туралы тарих ұл-қыздарымызды батылдыққа, батырлыққа баулуға тиіс. Жыл өткен сайын батыр бабаларға деген сый-құрмет артпаса, кеміген емес. Сүйегі елге жеткізілген ағамыздың жаны жәннатта, топырағы торқа болсын. Іс-шараға атсалысып, белсенділік танытып жүрген облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіш ағамызға облыс әкімдігі атынан алғысымызды білдіреміз, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болатбек Төлеген. 

18268670 712997688862023 8438407776154445562 n

Сондай-ақ делегация мүшелері сұрапыл соғыста жер қойнауында қалған батырдың естеліктерін ертеңгі ұрпағына тапсырды. Өзіндік тарихы бар мұра білім ордасында таныстырылып, мектеп мұражайына қойылды. 

– Кешегі қиын-қыстау, Отан қорғау кезінде қазақстандықтар да қаһармандықтың ерен үлгісін көрсетті. Сондай ерлеріміздің бірі – Пірәлі Ахмамбетовтің сүйегі елге алып келінді – деді ОҚО Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Батырбек Жалмұрзаев. 

Естелік – ертеңгі күнге жарқын үлгі. Ердің ерлігін насихаттау парыз бен міндет. Осылайша жауынгер атамекен топырағымен қайта қауышты. 

– Дулат Әбіш мырза бастаған топ жауынгердің жәдігерлерін әкеліп тапсырды. Ол кісінің аты мектеп тақтасына жазылған. Әкелінген заттардың барлығы музейге қойылды. Бұл жас ұрпаққа үлкен тәрбие болары сөзсіз, – дейді №71 Қаратай батыр орта мектебінінің директоры Бекжігіт Абуканиев. 

Батыр бабалардың қанымен, жанкешті ерлігімен келген Жеңістің құнын жас ұрпаққа ұғындырудың жарқын мысалындай осынау өнегелі іске бастамашы болған Дулат Әбіштің азаматтық әрекетіне жерлестері дән риза.

Кинолог мамандардың жұмысы – ит асырап, қызметке үйрету. Қарлы-боран, жауын-шашында итті ізге салып, жоғалғанды табу оңай емес. Әрі күн-түн демей, азаматтардың қауіпсіздігін, тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етуде кинологтардың біз білмейтін қырлары көп. ОҚО төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының құтқарушы кинологы Рахымжан Сатылхановтан осы кәсіптің қызығы мен қиындығына қанықтық.

DSC 0845

Рахымжанды жедел құтқару жасағынан жолықтырдым. Ол: «Менің нағыз досым – Қайсар» – дейді, итін тордан босатып жатып. Кинолог жігіттің мұнда қызметке келгеніне көп болмапты. Оның итке қызығушылығы Ақтауда әскерде жүргенде-ақ байқалады. Рахымжан шекара қызметінде итпен жұмыс істейді. Кейін келісім-шартпен Шығыс Қазақстандағы Курчатов қаласында 35/14 әскери бөлімінде қызмет етіп жүргенінде овчарканы асырапты. 

Рахымжан күшігіне Қайсар деп ат қояды. Сөйтіп итпен бірге әскери бөлімде екі жыл қызмет атқарады. Кейін Алматыда ІІМ-нің кинология орталығындағы із кесу бағыты бойынша білімін жетілдіреді. Қайсар күшік кезінен алғырлығын байқатады. Курчатов қаласында овчарка пәтер тонаған ұрыны ұстап береді. Апат кезінде үйінді астында қалған адамды құтқарады. Өткен жылы Шығыс Қазақстан бойынша өңірлік кинологтар арасында өткен сайыста Қайсар үздік атанады. 

DSC 0876

Ит Рахымжанға қарап, құйрығын бұлғаңдатып қояды. Иесі досының басынан еркелете сипады. Неміс овчаркасының жасы 3-те. Өте зерек, батыл, әрі шыдамды ит. Бұл овчарка қазақша үйретілген. Рахымжан онымен адаммен сөйлескендей қазақша тіл қатса, Қайсар оның айтқанын мүлтіксіз орындайды.

Бұл мамандықты өзім таңдадым. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін қызмет ететініме қуанамын. Мен үшін Отаннан ыстық ұғым жоқ. Өйткені Қазақстанның әрбір ер азаматы елінің тірегі, – дейді кинолог жігіт. 

DSC 0864Биыл ҚР Қарулы Күштеріне – 25 жыл. Осыдан ширек ғасыр бұрын, яғни 1992 жылы 7 мамырда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылды.

Құтқарушылар жасағында 3 кинолог жұмыс істейді. Қазір жасақта неміс овчаркасынан бөлек, лавродор Рой мен Жасмин бар. Үш ит те епті. Олар – үйіндінің арасынан адам іздегенде немесе елсіз жерде кісі жоғалып кеткенде таптырмас көмекші. 

Рахымжан кинологтармен бірге жаттығуларға жиі шығады. Күн сайын иттердің қызметке дайындығын пысықтайды. Жуырда иттер сынақ тапсырады. Бұл ең алдымен олардың дағдыларын мықтап қалыптастыруы, апаттық жағдайда жақсы жұмыс істеуі үшін қажет.

Шымкентте «Ерлік» мұражайында «Ата-бабалар аманаты – елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ» жобасы аясында іс-шара өтті. Кездесу Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналды.

DSC 0084

Игі шарада өткеннен сыр шертіліп, ұрпақтар сабақтастығы әңгімеге арқау болды. Сырласу сағатында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов пен соғыс ардагері Қаратай Төребеков және зиялы қауым арасында сыр-сұхбат өрбіді. 

– Соғыста ерлермен қатар ұрысқа түскен қазақтың қаһарман қыздары Әлия мен Мәншүк майдандағы жанқиярлық ерлігі талайды сүйсінтті. Өзге қаруластар оларды көріп рухтанды. Ерліктің тамаша үлгісін көрсетіп, Кеңес Одағының батыры атанды, – деді Қ. Төребеков. 

DSC 0054

Сырласу сағатында қазақтың біртуар ұлдарының жеңіс пен жетістікке жету жолындағы еселі еңбектері айтылып, мектеп оқушылары мен арнайы әскери азаматтардың шеруі мерекенің көркін кіргізді.

Бүгінде Шымкентте Ұлы Отан соғысына қатысқан 105 майдангер, 5186 тыл еңбеккері бар. 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагерлеріне 226 мың теңге қаржылай көмек көрсетіледі.

«Таза қала» акциясы басталды

Пятница, 05 Май 2017 04:47

Шымкентте «Таза қала» акциясы бастау алды. Осы ретте атқарылатын іс-шаралар қала әкімдігінде өткен брифингте мәлім болды.

DSC 0830

Биыл қала әкімдігі мен «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығы қолға алған «Таза қала» акциясы бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жоба ең таза аула мен үздік көшені анықтауға, сондай-ақ қала тазалағын сақтауға бағытталған. 

– Акцияның басты мақсаты – тұрғындардың қала мен ауласын таза ұстауға біріктіру. Айта кетейін, жылдан жылға байқауға қатысушылардың саны артып отыр. Жобаның нәтижесі де жоқ емес. Шымкентте таза аула мен көшелер саны артып келеді. Дегенмен маңызды шараға тұрғындарды белсене қатысуға шақырамын, – деді қала әкімінің орынбасары Қ. Нұртай.

Сондай-ақ «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті Ш. Жамалбек акция туралы парақшалар тұрғын үйлерге ілінетінін, онда мәліметтер толық қамтылғанын атап өтті. Жұмысшы топ 15 күн сайын қатысушыларға сараптама жасап отырады. Сондай-ақ ұйымдастырушы топ мектеп мұғалімдері мен оқушыларды да игі іске жұмылдырмақ.

Акция 3 мамыр мен 1 қыркүйек аралығына дейін жалғасады. Байқауға қатысушылар өтінімдерін 1 маусымға дейін Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандары жанынан құрылған жұмысшы топқа өткізуіне болады.

Жеңімпаздар қала күніне орай марапатталады. Байқаудың жалпы жүлде қоры – 4 млн теңге.

Страница 8 из 37