Жүрегi жомарт, пейiлi кең

Пятница, 02 Сентябрь 2016 09:25

БАЙДУЛЛА ҚОНЫСБЕКТІҢ «ДАРАБОЗДАР» КІТАБЫ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

Оңтүстіктің руханиятына зор үлес қосқан, 50 жылдан бері қолынан қаламы түспеген белгілі журналист Байдулла Қонысбек биыл – 75 жаста. Осы айтулы мерекеге орай облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында әдемі кездесу кеші өтіп, «Дарабоздар» кітабының тұсауы кесілді. Қарымды қаламгер бұл кітабында ел дамуына, өсіп-өркендеуіне үлес қосқан атпал азаматтар жайлы ой қозғайды, олардың жан-жақты қырын ашып көрсетеді.

 MG 1048

Байдулла аға қолына қалам мен микрофон ұстаған талай жасқа қанат бітірді, тәрбиеледі, жол нұсқады, қазақ журналистикасының дамуына үлес қосты. Еткен еңбек еш кеткен жоқ. Бүгінде тәлім алған тілшілер «ағалап» тұрады, ұстаз тұтады. Қазақстанның Құрметті журналисі, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» тағы басқа төсбелгілердің иегері. Осындай парасат-пайымы мол ел ағасымен өткізілген кездесу кешіне ақын-жазушылар, Оңтүстіктің зиялылары түгелдей дерлік жиналды. Бірінен кейін бірі сөз алып, Байдулла ағаның азаматтық, журналистік қырына тоқталды.
– Байдулла – алақанда өсірген, ізімізден ерткен ініміздің бірі. Табиғатында, жаратылысында сондай сыпайы, қарапайым, өзінің әр қадамын ойланып басады. Достарға, айналасындағы адамдарға бауырмал, қамқор. Басшылық қызметті атқарғанда да ол өзгерген жоқ. Әлі күнге дейін осы мінез, осы қасиет бойынан табылады, – дейді жазушы Еркінбек Тұрысов. Ал «Шымкент келбеті» газетінің директор-бас редакторы, Қазақстан Журналистер Одағы ОҚО филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова телеарнадағы жетістіктерін сөз етті.
– Ел Тәуелсіздікке қол жеткізіп, елең-алаң тұста, кім, қайда бағыт аларын білмей, тосырқап жүргенде «Қазақстан-Шымкент» телеарнасын қайта құрып, журналистерді жасақтады. Біздерге өзінің талапшылдығымен, ізденімпаздығымен үлгі болды. «Бетпе-бет» авторлық хабарын ашып, сол тұста халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін атқарды. Тікелей эфир барысында талай әлеуметтік мәселенің шешілуіне күш салды, – деді А. Қапбарова.
«Жаны жайсаң, жүрегі кең азамат» тақырыбындағы кездесу кеште бұдан бөлек Нармахан Бегалыұлы, Мархабат Байғұт, Үрзада Айтөреева, Талғат Орман, Көпен Әмірбек, тағы басқа, елге сыйлы ақын-жазушылар, журналистер мен оқырмандар жылы лебіздерін білдірді.

Жаңа оқу жылында – жаңа мектеп

Пятница, 02 Сентябрь 2016 05:42

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ 25 
БІЛІМ ШАҢЫРАҒЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Көзді ашып-жұмғанша үш айлық жазғы демалыс та өте шықты. Қолдарына гүл алып, жүздері бал-бұл жанған оқушылар алтын ұяларына асықты.
Білім күні Оңтүстік Қазақстан облысында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 жаңа мектеп ғимараттары шәкірттерге есігін айқара ашты. Соның бірі – Шымкентте бой көтерген №54 жалпы орта мектебі. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов  ашылу салтанатына қатысып, жаңа мектептің лентасын қиды.

 MG 1389

«Ынтымақ» шағынауданында орын тепкен бұл мектептің қабырғасы 50 жыл бұрын қаланған. Енді міне, жаңа оқу жылында оқушылар үшқабатты еңселі ғимараттың табалдырығынан аттады. Салтанатты рәсімде сөз алған облыс əкімі Бейбіт Атамқұлов мектеп ұжымына сәттілік тілеп, білім ошағының кілтін жаңа мектептің директоры Ұлған Мамешоваға тапсырды.

– Жаңа оқу жылымен барша шəкірттерді, ата-аналарды, ұстаздарды шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн жаңа оқу жылында жаңа жетістіктер мен белестерге бастайтын күн. Биыл біздің өңірімізде 74 мыңнан астам бүлдіршін 1-сыныпқа барады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 мыңға жуық астам балаға артып отыр, – деді өңір басшысы.

 MG 1677

Алғашқы қоңырау салтанатынан кейін облыс, қала басшылары алтын ұяның ішін аралап көрді.

Екі ауысымда 1300 шəкіртке арналған мектепте балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, 56 бейнебақылау оқушылардың қауіпсіздігін, тәртібін қадағалайтын болады. 

14203279 1781562995423393 3409374786696459532 nАл «Сайрам» тұрғын алабында салынған №111 М. Мәметова атындағы жалпы орта мектебінің ашылу салтанатына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. 1966 жылы салынған бұл мектепте соңғы жылдары оқушы саны артып, олар үш ауысымда білім алуға мәжбүр еді. Енді бұл мәселе шешімін тауып, жаңа оқу ордасы пайдалануға берілді. 300 балаға лайықталған мектепте 23 оқу сыныбы бар. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін қала әкімі мектептің сынып бөлмелері, спортзал мен асханасын аралап көрді. 

  

 

– Қазір біз мектептің құрылысына ерекше назар аударып жатырмыз. Биылдан бастап, құрылыс жұмыстарына қажетті материалдарды, басқа керек-жарақтарды қатаң сүзгіден өткізіледі. Ал мына мектептің сапасын өте жақсы деп айтсақ болады, – деді Ғабидолла Әбдірахымов. 

Айта кетейік, жаңа білім ошағының физика, химия, мультимедиялық-лингафонды, компьютер кабинеттері соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Оқушылардың қолөнермен, тігін тігумен айналысуына, түрлі өнер үйірмелері мен спорттық шараларға қатысуына мүмкіндігі бар. 

 MG 1611

– Мектебімізде 680 оқушы бар. Ал бірінші сыныптың табалдырығын 78 оқушы аттап отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 482 миллион 700 мың теңге қаржы бөлініп, бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде жаңа мектеп бой көтерді. Бұл жаңалық осы аумақтағы тұрғындарды шексіз қуанышқа бөлеп отыр, – дейді мектеп директоры Ахматвай Ниязов.

Айта кетейік, Білім күнінде өңірдегі 1022 мектепте алғашқы қоңырау сыңғыры естілді. Енді оларда 611 мыңнан астам оқушы білім нәрімен сусындайтын болады.

infograph

Ата заңымыз – жарқын iстер бастауы

Пятница, 02 Сентябрь 2016 05:17

Шымкентте Қазақстан Республикасының Конституция күніне арналған «Айбары мықты – Ата заң» атты салтанатты іс-шара өтті. Оған облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, мәслихат депутаттары мен қала тұрғындары қатысты.

 MG 1171     MG 1209

Салтанатты шара Ата заң туралы бейнероликтен басталды. Облыс халқын осы айтулы күнмен облыс басшысы арнайы құттықтады.

– Еліміздің Ата заңы – Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын. Халқымыздың сан ғасырлар бойғы асыл арманы орындалды. Осыдан 21 жыл бұрын әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан тарихи, тағдырлы шешім қабылдады. Жасампаз, жаңа дәуірге қадам басты. Сол күннен бастап Ата заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Конституциямыз жаңа дәуірдегі еліміздің қуатты мемлекетке айналуына кепіл болады деп сенемін, – деді облыс әкімі.

 MG 1187

Сондай-ақ, өңір басшысы ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай, облысымызда 25 мектеп, 25 спорт алаңшасы пайдалануға берілетінін, 25 елдімекен тұрғындары ауызсу, көгілдір отын, жарықпен қамтылатынын, 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылатынын мәлімдеді. 

Салтанатты шарада Бейбіт Бәкірұлы өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан әр саладағы үздік қызметкерлерді «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапаттады. 

Шара соңы жергілікті өнерпаздар дайындаған мерекелік концертке ұласты.

«Оңтүстiк өнiмдерi» халыққа ұсынылды

Пятница, 02 Сентябрь 2016 04:44

«Көрме» орталығында орын тепкен сөрелерден азық-түлік пен тәтті тағамдардың сан түрін, киім-кешек, аяқ киім, зергерлік бұйымдар, музыкалық аспаптар, қолөнер шеберлерінің туындыларын, құрылысқа қажетті заттар, үй жиһаздары, дәрі-дәрмек, не керек, адамға қажеттінің бәрін табасыз, самсап тұр. Мұның бәрі Оңтүстік өнімдері, яғни, отандық өнім. ОҚО Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Ontustik-2016» көрмесінде 135-ке жуық кәсіпорын қала тұрғындарына өз тауарларын ұсынды.

 MG 0801

– Шараның басты мақсаты – Оңтүстік өңірінде шығарылатын тауарларды халыққа таныту, кәсіпкерлерді ынталандыру, орта және шағын бизнесті дамыту. Мұндай көрмелер кәсіпкерлерге өз ісін әрі қарай дамытуға инвесторлар тартуда зор көмек болмақ, – дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Абубакиров.

 MG 0786

Көрмеге өңірімізге ғана емес, елімізге және шетелдерге танымал болып үлгерген «Бал-текстиль», «Назар текстиль», «Ордабасы құс», «Алтын адам», «Қазмедприбор» тағы басқа белгілі кәсіпорындармен қатар 15 жаңа компания қатысты.

«ИП Софи» – солардың қатарында. Ер азаматтарға арнап жаздық сүйретпе, қысқы аяқ киім мен туфли тігеді. Бүгінгі көрме-жәрмеңкеде олардың өніміне сұраныс мол болды. 

 

 MG 0745

– Аяқ киім өндірісін жолға қойғанымызға бір жылдан асты. 10 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде бізде әр күн сайын 15-20 жұп аяқ киім тігіледі. Сапасы өте жақсы. Сұраныс та артып келеді. Алдағы уақытта ісімізді кеңейтіп, қыз-келіншектерге арналған аяқ киім тігуді қолға алуды жоспарлап отырмыз, – дейді директордың орынбасары Әзиз Мареймов.
Көрмеде Отырар ауданындағы «Гүлмайра» шаруа қожалығының шұбатын, «Әлем БТ» ЖШС-нің шұлығын, «Амангелді» ЖШС-нің жеміс-жидегін, «Хамит» балық өсіріп, өңдеу зауытының өнімдерін де келушілер жиі сұрап жатты.

Сапарбек Тұяқбаев,
облыс әкімнің орынбасары:

– Жыл өткен сайын Оңтүстікте шығарылатын тауар түрі көбейіп, олардың сапасы да артып келеді. Биыл 40-тан астам жаңа жобаны қолға алып отырмыз. Мұнай өңдеу зауыты, автобильдерге арналған май өңдеу зауытының құрылысы басталды. Сондай-ақ, тоқыма саласында да төрт жаңа жобаны бастаймыз. Бұдан бөлек Дубай, Мысыр және Ресей компанияларымен бірлесе отырып, фармацевтика саласын дамытпақпыз, үш компания ашу жоспарымызда бар.

Шара соңында сараптау комиссиясы мен жиналғандар көрмеге қатысушы компаниялар арасынан ең үздіктерін таңдады. «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша «Азала Текстиль» ЖШС үздік атанды. Компания жылына 2800 тоннадан астам иірілген жіп, 13 млн шаршы метр мата, 2 млн төсек-орын тысы жиынтығы мен 7 млн түкті өнім шығарады. Ал ІІ орын шұлық шығаратын «Әлем БТ» ЖШС-не, ал ІІІ орын кілемдерімен әйгілі «Назар текстиль» ЖШС-не бұйырды. 

 MG 0826

«Карлс Крона» сорғыш шығаратын зауыты «Өндірістік бағыттағы үздік тауар» номинациясы бойынша марапатталды. Осы номинация бойынша ІІ орын терезе және витраждарға арналған ПВХ-профильдер шығаратын «Триумф ММС» зауыты ие болды. ІІІ орын «Батсу Водоканал» кәсіпорын лайық деп танылды. «Үздік азық-түлік тауары» номинациясында макарон өнімдерімен әйгілі «Барыс-2007», «Амангелді», «Ладушки» кондитерлік дүкендер желісіне берілді.
Сондай-ақ, «Халық таңдауы», «Жыл серпіні», «Жыл бренді», «Әлеуметтік маңызы бар стартап» номинациясы бойынша да үздіктер анықталды. Бұл сатыда химиялық қоспасыз табиғи емдік шөптермен және солардан жасалған жақпаларды даярлайтын «Асыл арман», «Еврокристалл» шыны зауыты, және химиялық тазартқыш өнімдерімен танылған «Көркем дос», сондай-ақ, фитошайларды әзірлейтін «Фитофарм» компанияларының басшылары алғыс хаттармен марапатталды.

Жәрмеңке жалғасын тапты

Пятница, 26 Август 2016 09:43

Шымкентте өткен бос жұмыс орындары жәрмеңесіне 232 мекеме 2 мыңнан астам жұмыс орны ұсынылды. Оған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов, тағы басқа азаматтар қатысты.

 MG 0412

Жәрмеңкеде білім саласы бойынша – 348, денсаулық сақтау саласы бойынша – 109, қызмет көрсету саласы бойынша – 606, өнеркәсіп саласы бойынша – 344, құрылыс саласы бойынша – 557, мәдениет және спорт саласы бойынша 36 маман қажет екені белгілі болды.

Ал биыл «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 4443 азаматты тұрақты жұмысқа орналастыру көзделген. Бұдан бөлек 1160 азаматты әлеуметтік жұмыс орындарына, 2070 жас түлекті жастар практикасына, 160 адамды кәсіби оқытуға, 500 азаматты қоғамдық жұмысқа тарту жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі осы жылы үшінші мәрте ұйымдастырылуда. Бірінші жәрмеңкеде 821 азамат жұмысқа орналасса, ал екінші жәрмеңкеде мүмкіндігі шектеулі 125 жан «екі қолға бір күрек» тапқан.

«Түркістан» сарайында «Білімді ел – мәңгі ел» тақырыбында өткен білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесінде облыс педагогтары бас қосты. Алқалы жиынға облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары Талғат Ешенқұлов, облыстық білім басқармасының басшысы Қуандық Құлажанов, аудан-қала әкімдері мен білім саласының қызметкерлері қатысты.
Тамыз кеңесінде алдымен сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Қуандық Құлажанов облысымызда жыл басынан бері 67 білім нысанының құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Оның 30-ы пайдалануға берілсе, тағы 9-ы жыл соңына дейін оқушыларды қабылдауға сақадай-сай болмақ. Ал қалған нысандардың құрылысы келер жылы аяқталады, – дейді облыстың бас педагогы.

25 ЖЫЛДЫҚҚА – 25 ЖАҢА МЕКТЕП

 MG 0521

Былтыр облысымыздағы 1022 мектепте 584 мыңнан астам оқушы білім алса, олардың қатары биыл 27 мыңға артқалы отыр. Оның 164 мыңы Шымкент қаласының оқушылары. Жыл өткен сайын бала санының еселеп артуына, демографиялық өсімнің көбеюіне байланысты орын тапшылығы да туындап жатқаны жасырын емес. Тамыз кеңесінде баяндама жасаған облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашатынын мәлімдеп, қуанышты жаңалықпен бөлісті. Бұл білім ордаларында 10 мыңға жуық оқушы білім нәрімен сусындамақ. Ал қала аумағында «Қаратөбе» шағынауданында 600 орынды, «Ынтымақ» шағынауданында 900 орынды жаңа білім ұясы пайдалануға беріледі.
– Облысымызда халықтың демографиялық өсімі жылдан-жылға жоғарылап келеді. Сол мақсатта өңірдегі үш ауысымға өту қаупі бар, тар ғимараттардың орнына 2017-2020 жылдар аралығында 205 мектеп салынуы керек, – деді облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов.

69 МЫҢ БҮЛДIРШIН БАЛАБАҚША КЕЗЕГIНДЕ ТҰР

 MG 0443

Өңірде балабақша мәселесі де өзекті болып тұр. 1500-ден астам мектепке дейінгі ұйымда 1 мен 6 жас аралығындағы 168 мың бала тәрбиеленуде. Балаларды балабақшамен қамту 82,3 пайызды құрап, республикалық көрсеткіштен 0,3 пайызға артса да, әлі 69 мың бала кезегін күтіп жүр. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов 2020 жылға дейін 177 балабақша ашылатынын жеткізді. 

– Бұл мәселені шешу үшін біз жаңа қадамдарға баруымыз қажет. Күні кеше ғана облысымызға жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен алқалы жиын өтті. Сол жиында мектепке дейінгі ұйымдар мен білім мекемелерін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесіне көшіру мәселесі көтерілді. Айта кетейін, біздің облыс бірінші болып балабақша жүйесін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде кеңейтуді қолға алды. Былтыр осындай қолдаудың нәтижесінде 70 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Жүйелі жұмыс ары қарай да өз жалғасын табатын болады, - деді облыс әкімі.
Ал Шымкентте 2015 жылы 4 мемлекеттік, 39 жекеменшік балабақша ашылған. Бұл сандардың қатары осы жылы да артары анық.

ПСИХОЛОГТАРҒА БІЛІКТІЛІК ЖЕТІСПЕЙДІ

Тамыз кеңесінде тек жетістіктер ғана жіпке тізілген жоқ, кемшіліктер де ортаға салынды. Соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында суицид оқиғалары жиілеген. Осы жылдың 7 айында 49 оқиға тіркеліп, 22 жасөспірім өмірмен қоштасқан. Бүгінде өңірдің түкпір-түкпіріндегі білім ордаларында жұмыс істеп жатқан психологтардың 66 пайызға жуығы жоғары оқу орнын сырттай бітірген мамандар екен.
– Сырттай оқып, қолына диплом алған психологтардың басым бөлігінің біліктілігі жоғары емес. Біздің психологтар суицидке бейіл балаларға алдын ала диагнозды дұрыс қоя алмайды. Әр баланың өз мінез-құлқын, табиғи болмысын, отбасылық жағдайын жете зерделемейді. Бұдан бөлек біздің облысымызда жұмыс істеп жүрген екі ғана суицидолог бар. Бұл өте аз. Егер өзіне-өзі қол жұмсау фактілері көбейіп кетсе, сол мектепке психологты жұмысқа алған директор да жауапты болуға тиіс. Әр баламен жеке дара, сондай-ақ, олардың ата-аналарымен бірлесе жұмыс атқару керек. Біз бүгін орын алып отырған кемшіліктерді де айтып өтуге тиіспіз, – деді Бейбіт Атамқұлов.

ҮШ ҰСТАЗҒА ПӘТЕР КIЛТIН ТАПСЫРДЫ

 MG 0540

Білім беру саласы қызметкерлерінің облыстық тамыз педагогикалық кеңесінде облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов үш мұғалімге пәтер кілтін тапсырды. №66 «Қазығұрт» жалпы орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Бағлан Баймаханов 3 бөлмелі пәтердің кілтін алса, №23 мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі Жанар Мұстафаева мен №55 жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Муккарам Тұрғынова 2 бөлмелі пәтердің кілтіне ие болды. Енді олар «Нұрсәт» шағынауданындағы жаңадан салынған көпқабатты үйдің тұрғындары атанбақ.

Бұл қуанышты сәт бар уақытын сарп етіп, ел ертеңі саналатын ұл-қыздарды тәрбиелеп, аянбай тер төгіп жүрген ұстаздар қауымын бір серпілтіп тастады.
– Шынымды айтсам, ерекше толқып тұрмын. Мен үшін ерекше есте қалатын тарихи сәт. Ұстаздық атты ұлы жолды таңдағаныма өкінбеймін. Алты жылдан бері сабақ беріп келемін. Барлық мұғалімдер осындай бақытқа кенелсін деп тілеймін, – дейді Бағлан Баймаханов.
Бұдан бөлек, үздік нәтижеге қол жеткізіп, біліктілігімен көзге түскен ұстаздар Білім және ғылым министрлігінің, облыс әкімінің Алғыс хатымен, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапатталды.
Екі сағаттан астам уақыт ішінде баяндама жасаған, жарыссөзге шыққан азаматтар дарынды, білімді ұл-қыздарды тәрбиелеу әдістерімен бөлісіп, орта білімнің жаңартылған мазмұнына көшу, ұстаздың қоғамдағы рөлін көтеру жайын талқылады. Ұстаз ұлы есім, әрбір жанның өміріне жол сілтейтін шамшырақ, жарық жұлдыз секілді. Әріп танытып, өмір сүруге баулыған мұғалімге бас имейтін жан жоқ шығар, сірә. Ендеше, сөз соңын ұлағатты ұстаздарға толағай табыс тілеп, түйіндейміз.

Шымкенттегі «Ontustik» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жанындағы Кәсіпкерлік мектебі талай жанға қанат бітірді. Кәсіп ашып, істі дөңгелетіп алып кетуге барлық жағдайды жасап, қолдан келгенше көмек қолын созуда. 2013 жылдан бастап, 27 мыңнан астам адам оқудан өтіп, сертификат алған. Кәсіпкерлік мектебінің басшысы Нұғман Жұлдызбаевпен болған әңгімеде атқарған жұмыстары бойынша сұхбаттасқан едік.

DSC02341– Нұғман Есболғанұлы, Кәсіпкерлік мектебінен биыл қанша түлек қанат қақты? Жетістік қандай?

– Кәсіпкерлік мектебінің басты мақсаты – өңір тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру, кәсіп бастауына түрткі болу, қолдау, көмек көрсету. Осы жылдың алғашқы алты айында біздің мектепте кәсіпкерлік негіздері, салалық шеберлік сыныбы, тақырыптық тренинг бойынша жалпы саны 4376 адам дәріс тыңдады. Дәріс 32 сағатқа бөлінген. 10 күн арнайы білім алған оларға арнайы сертификат тапсырылады. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша екі жақты келісім-шарт арқылы кәсіпкерлік негіздеріне жұмыссыз азаматтар жоспар бойынша 514 адамға білім берудеміз. Біз сұранысқа сәйкес 529 адамды оқытып шығардық.

– Қандай жобалар бар? Олар қаншалықты жүзеге асырылып жатыр?

– Бізде бірнеше жоба жүзеге асуда. Оның біріншісі – «Сәтті бастама». Бұл жоба аясында біз кәсіп ашып, жұмысымды жандандырамын деген азаматтарды кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытамыз. Екінші - «Өрлеу» бағдарламасы. Бұл белсенді кәсіпкерлерге арналған. Яғни, оларға тек кәсіпкерлік негіздерін ғана емес, мемлекеттік сатып алу, салық есептілігі, маркетинг және сату тағы басқа тақырыптық тренинг өткіземіз. Ал үшінші жоба «Өркен» деп аталады. 18 бен 29 жас аралығындағы жастарға арналған. Былтыр облысымыздағы барлық жоғары және арнаулы оқу орындары басшыларымен меморандум түзіп, таныстыру презентациясын өткізгенбіз. Сол кезде 5 мыңға жуық жас қамтылған. Ал биыл 761 адамды оқыттық. Бұдан бөлек, әлеуметтік жобаларымыз бар. Яғни, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс жасап жатырмыз. Көзі әлсіз көретін жандарға арналған кітапханаға арнайы барып, біздің тренерлер дәріс жүргізеді. Сондай-ақ, гендерлік саясат бойынша әйелдер кәсіпкерлігін де дамыту бағытын қолға алып отырмыз. Ал «Табыс формуласы» жобасы аясында ірі жетістікке жеткен, кәсіпкерлік саласында өзінің орны, бағыт-бағдары бар кәсіпкер азаматтарды шақырып, арнайы лекцияларын, тренингтерін өткізіп тұрамыз.

9M8B6370

– Дәріске қатысушылардың сұраныстары, талап-тілектері қандай? Көбіне оларды қандай сұрақ толғандырады?

– Тыңдаушылардың болсын, кәсіп жүргізіп жатқан жандардың болсын, негізгі сұранысы маркетинг және өнімді сатуға қатысты. Біздегі жеке кәсіпкер боп тіркелгендердің 80 пайызы көп өтпей өзінің жеке кәсібін жабады екен. Өйткені, бизнес сауаттылығы төмен. Маркетингтік зерттеу жасамаған. Бұдан бөлек, әкімшілік кедергілерді қосыңыз. Кепілзат пен алғашқы капиталдың болмауы да адамның ойын тығырыққа тіреп, алға қадам бастырмайды. Осындай түйінді мәселені шешу үшін тақырыптық тренингтер ұйымдастырамыз. Тағы бізде көп талқыланатын нәрсе салық мәселесі. Кәсібін ашқанмен, салық төлеуді білмейтіндер бар. Электронды үкіметті пайдалана алмайды. Сол себепті кіріс департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, семинар-тренингтер өткіземіз. Салық кодексіндегі өзгертулер мен толықтырулар жайлы айтамыз. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуларға байланысты да сауалдар жиі қойылады. Барлық сауалды елеп-екшеп, жинақтап, маңызды мәлімет беруге тырысамыз. Біздің басты мақсатымыз – тәуекелшіл жандардың қаржылық сауаттылығын көтеру, оларды шағын орта бизнеске баулу.

– Нәтижесін білсек, дәріс тыңдаушылар өз кәсібін ашуға келгенде қаншалықты белсенді?

– Кәсіпкерлік мектебінен 2016 жылдың осы кезеңіне дейін білім алғандардың 10 пайызы өз кәсіптерін ашты. Әрі қарай межеміз көтеруді, яғни 15-20 пайызға арттыруды мақсат тұтып отырмыз. Бізде жастар белсенді. Олардан көп идея шығады. Қиындықтардан қорықпайды. Тек тәжірибесі мен ақшасы жоқ. Қалтасында қаржысы бар, жасы үлкен кісілер бізге келеді. «Зейнеткермін, ақшам бар, тек іс бастайын десем, идеям жоқ» деп. Біз сол кезде жастар мен олардың арасындағы көпір болуға тырысамыз. Бірлесіп жұмыс жасауға қолдау көрсетеміз. Бүгінде бізден білім алған жастар қызмет көрсету бойынша түрлі кәсіпті қолға алып отыр. Клинингтік компания ашқан жастар бар. Қазіргі заманға сай 3 Д принтер бойынша бизнес бастаған жастар да жоқ емес. Ертең олардың ірі компания құрып, табысты кәсіпкерге айналатынына сенемін.

9M8B6396

– Шыны керек, бізде көп адамдардың жеке кәсіп бастауға тәуекелі жете бермейді. Қорқыныштан қалай арылуға болады?

– Психологиялық тұрғыда «комфорт аймағы» деген бар. Өзінің үйренісіп қалған ортасынан алысқа ұзағысы келмейді. Басқа жұмысқа ауысайын десе, қолынан келмейтін сияқты болып көрінеді. Жаңа деңгейге, жаңа белеске көтерілгісі келетін әр адам комфорт аймағынан шығу керек. Ол үшін өзгеріс қажет. Өзгеріс шабыттан және қиындықтан туындайды.
Содан кейін адам өзін өзгелермен салыстырмау қажет. Керісінше, «мен қандай болдым?», «қазір қай деңгейдемін?», «алдағы уақытта қандай болуым керек?» деген сауалға жауап іздесе, әлдеқайда табысқа қол жеткізері анық. Мақсатың анық, бағытың айқын болса, кез келген қиындықтан жол табуға болады.

– Кәсіпкерлік мектебі Шымкенттен бөлек, 14 аудан-қалада ашылғанын білеміз? Қай аудан мектебі озық тұр?

– Иә, біздің Кәсіпкерлік мектебі 14 аудан-қалада ашылған. Әрқайсысында бір теориялық, бір салалық тренерміз бар. Әр айда, әр маусымда олардың көшбасшылығы өзгеріп отырады. Қазір Ордабасы, Сарыағаш, Сайрам ауданының кәсіпкерлері белсенді.

– Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Біз «Кәсіпкерлік мектебінде» тегін оқытып жатырмыз. Алдағы уақытта ақылы негізде тренингтер ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, тренерлердің беделін көтеру, біліктілігін арттыру - басты мақсат. Олар алыс-жақын шетелдерге, Алматы мен Астана қалаларына барып біліктілігін арттырып келіп жатыр. Тек қала мен аудан орталығы тұрғындарына ғана емес, шалғайдағы ауылдарға да барып, ол жақтың адамдарына кәсіпкерліктің қыр-сырын жеткізсек дейміз. Сондай-ақ, уақыт тығыздығына, заман талабына сай, онлайн негізде вебинар өткізуді ойластырып отырмыз. Бұдан бөлек жастарға арналған «Үш айда миллион теңгені қалай табуға болады?» деген сынды пилоттық жобалар ұйымдастырып жатырмыз. Жас кәсіпкерлер клубын, агрономдар клубын құрмақпыз. Басқа да жобалар, атқаратын жұмыстар көп. Және де кәсіпкерлік саласының қыр-сырына бойлағысы келетін, кәсіп ашуды көздейтін жандарды тегін білім алуға шақырамыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

150 оқушыға қамқорлық көрсеттi

Среда, 24 Август 2016 05:33

 MG 0238

Республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында Қаратау ауданына жаңадан тағайындалған әкім Ғабит Мәуленқұлов әлеуметтік жағынан аз қамтылған 150 отбасы балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтар тарту етті.

 MG 0262

Үй-үйді аралаған әкім «Қайнарбұлақ» пен «Бозарық» шағынауданында тұрып жатқан олардың отбасылық жағдайымен танысып, жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.

 MG 0243

– Аудан әкімдігі қызметкерлері мен кәсіпкерлер осы істің бастамашысы болып отыр. «Мектепке жол» акциясы аясында сауапты істен шет қалмауды жөн санадық. Мақсатымыз – титтей болса да оларға қуанышты көңіл күй сыйлау. Бала – біздің болашағымыз, ертеңіміз. Сондықтан әр ата-ана ұл-қызының тәрбиесіне, біліміне көбірек көңіл бөлсе екен деймін, – деді аудан әкімі Ғ. Мәуленқұлов.

Страница 3 из 15